Ел дзю-досының болашағы

Дзюдо спорты елімізде соңғы уақытта жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Өткен жылы ғана елордамыз Астана қаласында дзюдодан әлем чемпионатының ұйымдастырылуы осының дәлелі. Астана төрінде өткен әлем чемпионатының финалында екі қазақ балуандары Елдос Сметов пен Рүстем Ыбыраев кездесіп, қазақ дзюдосының бүгінгі әлеуетін әлемге танытты. Соңғы рет 1975 жылы Венада өткен (Австрия) әлем біріншілігінен кейін финалда бір елден екі балуан татамиде белдеспеген. Осы жетістікті қырық жылдан кейін қазақстандық дзюдошылар қайталады.

Елдос Сметов – ел дзюдосының тарихындағы ең титулды спортшы. Ол жастар арасындағы тұңғыш әлем чемпионы, ересектер арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ баласы. 2014 жылы Ичхонда өткен Азия ойындарын жеңген тұңғышымыз.

Елдос 2016 жылы екі бірдей турнирге қатысып, екеуінде де жүлдеге ілікті. Дюссельдорфте өткен Гран-при ойындарында күміс жүлдеге іліксе, Ташкентте өткен Азия чемпионатының ақтық сынында өзбек спортшысы Диорбек Оразбаевты жеңіп, алтыннан алқа тақты. Бұл жетістіктердің бәрі Елдостың олимпиада жеңісіне деген сенімді қадамдар еді. Дзюдо ережесі бойынша ұпайы көп спортшы олимпиада жолдамасына иелік етеді. Біздің балуанымыз әлемдік рейтингте корей және жапон балуандарынан кейін үшінші орында тұр. Елдос Сметов олимпиада жолдамасына жақын деген сөз.

Елдос Сметов қазіргі таңда еліміздегі іргелі жоғары оқу орны Әл-фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінде «құқықтану» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алуда. Оның әрбір жетістіктеріне университет мұғалімдері мен студенттері қуанып, жанкүйерлік етіп отырады. Биылғы жылы Рио олимпиадасы 5-21 тамыз аралығында Бразилияның Рио де Жанейро қаласында өтеді. Бұл додада дзюдодан 60 келіге дейінгі салмақта ел намысын Елдос Сметов қорғауы мүмкін. Рио төрінде алтыннан алқа тағып, 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасындағы Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіровтің жетістігін қайталайды деп сенеміз. Елдосқа олимпиадада сәттілік тілейміз!

Гулнур ХУДАЙБЕРДИНА

Нұрсұлтан ОРАЗГЕЛДІ

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar