Бақдаулет пен Кәмшаттың отау тігіп, шаңырақ көтергендеріне небәрі екі жыл болды. Алайда, тағдырдың жазуы болар, міне, бүгін сот залында екеуінің заңды түрде ажырасқандары жайында шешім қабылданды. Олар бірін-бірі шын сүйіп қосылған. Екі ғашықтың шешімін ата-аналары қуана қабыл алып, оларға ақ баталарын берген-ді. Араларынан не болғанын кім білсін, осылайша көңіл жарастырмадық, арамызда енді махаббат жоқ деген желеумен ажырасып бірақ тынды. Орталарында екеуінің ақ некесінен туылған кішкентай ұлдары, отбасы жылуын сезінбестен, әке қамқорлығынан тірідей айырылып, анасының қолында қала берді. Әкесі енді оны тек демалыс күндері ғана көріп тұруға құқылы. Отбасының толық бақытынан айырылған бүлдіршіннің болашағы не болмақ, ол жағы беймәлім еді…
Бұл бүгінгі қоғамда болып жатқан мәселелердің бір ғана көрінісі. Ал жыл сайын осындай қаншама оқиғалардың куәсі болып жатамыз. Бұған бүгінде ести-ести құлақ тұнып, көре-көре көз үйренген. Ажырасу деген мүлдем болмаған қазақ отбасыларына батыстанудың әсері де желдей есіп тұр. Соның салдарынан 25-40 жас аралығындағы некелесудің соңы ажырасумен аяқталып жатыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық Экономика Министрлігі Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылы елімізде ажырасушылар саны 2%-ға көбейген. Яғни, 83,7 мың отбасы некелесуге өтініш білдірсе, ажырасушы отбасы саны 30,3 мыңға жетті. Ал, биылғы жылдың басында 4147 жұптың некесі бұзылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 390 отбасыға артық. Әрбір 100 некеге 31 ажырасудан келіп отыр. 2014 жылғы көрсеткіштерге сүйенсек ажырасу бойынша ең жоғарғы көрсеткіш Қостанай, Павлодар облыстарында тіркелсе, ең төменгі көрсеткіш Оңтүстік пен Батыста. Көбіне жұптардың 27%-ы 5-9 жыл, ал 15,1%-ы 20 жыл бірге тұрғаннан кейін ажырасады. Ауыл тұрғындарының арасында ажырасу, қала тұрғындарымен салыстырғанда 2-3 есе төмен.
Әлемдік статистика
Ажырасу санының күрт өсуі батыстан келген үрдіс. Тіпті, батыстың өзінде ажырасу өзекті мәселеге айналған. Соңғы жылдары ажырасу фактісі ең көп тіркелген ел ретінде Португалия көш бастап отыр. Ол елде ажырасу көрсеткіші 67%, яғни әрбір 100 некеге 67 ажырасудан келіп тұр. Португалиядан кейін 62-65% көрсеткішпен Чехия, Испания алда тұр. Солтүстік Еуропада бұл көрсеткіш шамалы төмен. Атап айтсақ, Нидерланды, Норвегия, Германия 48%, Финляндия 45%. Алпауыт Америкада 53%, Ресейде 51%, Жапонияда 36%, Қазақстанда 27%, Қытайда 22%, Түркияда 20%. Ажырасу көрсеткіші ең төмен елдер – Египет 17%, Ирландия 15%, Иран 14%, Сирия 9%, Ямайка 9%, Өзбекстан 8%, Тәжікстан 6%. Ажырасу өте сирек кездесетін елдер де бар. Олар Вьетнам 4%, Чили 3%.
Cыныққа сылтау табылар
Ажырасуға мінездерінің сәйкессіздігі, басқа адамға көз салу, маскүнемдік, ұзақ уақыт бір-бірінен бөлек тұру, өзара сенімсіздік, қатыгездік, ата-аналардың және басқа туысқандардың араласуы, бас бостандығынан 3 жыл және одан да көп жылға айырылуы, жұмыс, баспана, ерлі-зайыптылардың біреуінің психикалық ауруға шалдығуы, ортақ балаларының болмауы себеп болып отыр. Сыныққа сылтау іздегендерге ажырасудың жолы көп. Осы себептерге байланысты болған күйзелісті әйелдер мен жасөспірімдер көп сезінеді. Отбасылық өмірді сақтап қалу үшін психологтардың көмегіне көбіне әйел адамдар жүгінеді. Отбасы болған соң ыдыс-аяқтың сылдырламай тұрмауы заңдылық. «Текті адам кемшілікті өзінен іздейді, ақылсыз өзгеден іздейді» демекші, бұл жағдайда екі тараптан да қателіктер кететінін ескерген жөн. Ажырасудың ең басты үлкен себебі жұмыссыздық пен материалдық жағдайдың төмендігі. ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше 459,8 мың адам жұмыссыз. Отбасы болғаннан кейін материалдық шығынның арта түсетіні тағы бар. Осы тұрғыдан бағамдасақ, ер адамның жұмыссыздығы мен әйел адамның қанағатсыздығы шаңырақтың шайқалуына әкеліп соқтырады. Бұған қоса көңіл жарастырмау, өзге жанды жолықтыру деген себептері тағы бар. Өйткені, бүгінгідей технологияның жоғарғы деңгейде дамып, ғылыми техникалық жаңалықтардың күн сайын артуы да шаңырақтың шырқын бұзып, отбасының жолын екіге айыруға ықпал етіп отыр. Түрлі әлеуметтік желілердің салдарынан желіккендер отбасы құндылығын ұмытып, тұрақсыздыққа бой алдыртып жатқаны қынжылтады. 1580 жылы Нидерландыда ең алғаш рет пайда болған «Азаматтық неке» бүгінде әлемді жайлап отыр. Тағы бір салдары осы азаматтық некенің 80% ажырасумен аяқталады. Ал бұл некеден қаншама некесіз сәбилер дүниеге келеді. Жұбайлардың ақ некесі ресми түрде және шариғат жолымен қиылмаса, үлкен күнә болып саналатынын ұмытпаған жөн шығар.
P.S.Жаратушы жер бетіндегі әрбір тіршілік иесін жұп-жұбымен жаратып, өмірінің соңына дейін бірге болуды нәсіп еткен. Отбасынан басталатын Отанның болашақ тірегі де тәрбилі ұрпақ, саналы азамат. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үметтің алдында мақтаныш етемін», – деген. Ер мен әйел шаңырақ көтергеннен кейін олардың әрқайсысына белгілі бір міндет жүктелген. Ер адам – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі. Әйел – үйдің берекесін сақтаушы, түтінін түтетіп, ұрпағын өрбітуші. Алайда, айрандай ұйыған отбасының шаңырағының шайқалуының залалы көп. Мәселен демографиялық өсім төмендейді, бала тәрбиесі нашарлайды, ажырасудан кейін психикалық ауруға душар болады, ең арты суицидке апарып соқтырады. Бұл жағдайды болдырмас үшін қазақы тәрбиеге жат қылықтан бойымызды аулақ ұстау керек шығар. Біз айтқанмен, қандай жағдай болмасын ең алдымен адамның өзінің санасына байланысты өрбиді. Отбасы тыныштығын сақтау ерге де, әйелге де жүктелетін міндет. Үйленіп, үй болу үшін де асқан жауапкершілік керек. Ендеше өмірлік серігімізді таңдаған кезде ертеңгі күні опық жемейтіндей таңдау жасағанымыз жөн.
Маржан СӘБЕТ
Бақдаулет пен Кәмшаттың отау тігіп, шаңырақ көтергендеріне небәрі екі жыл болды. Алайда, тағдырдың жазуы болар, міне, бүгін сот залында екеуінің заңды түрде ажырасқандары жайында шешім қабылданды. Олар бірін-бірі шын сүйіп қосылған. Екі ғашықтың шешімін ата-аналары қуана қабыл алып, оларға ақ баталарын берген-ді. Араларынан не болғанын кім білсін, осылайша көңіл жарастырмадық, арамызда енді махаббат жоқ деген желеумен ажырасып бірақ тынды. Орталарында екеуінің ақ некесінен туылған кішкентай ұлдары, отбасы жылуын сезінбестен, әке қамқорлығынан тірідей айырылып, анасының қолында қала берді. Әкесі енді оны тек демалыс күндері ғана көріп тұруға құқылы. Отбасының толық бақытынан айырылған бүлдіршіннің болашағы не болмақ, ол жағы беймәлім еді…
Бұл бүгінгі қоғамда болып жатқан мәселелердің бір ғана көрінісі. Ал жыл сайын осындай қаншама оқиғалардың куәсі болып жатамыз. Бұған бүгінде ести-ести құлақ тұнып, көре-көре көз үйренген. Ажырасу деген мүлдем болмаған қазақ отбасыларына батыстанудың ә..
Оставить комментарий