1916 жылғы ұлт-­азаттық көтеріліс

Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт­азаттық көтерілістің түрлі өңірлеріндегі ошақтарына қатысты түрлі мазмұндағы айтылған тарих материалдары дерек ретінде әлі күнге дейін кең түрде ғылыми айналымға тартылған жоқ. Ал көтеріліске қатысқан, оны көзімен көріп куә болған адамдардың айтқан естелік­әңгімелері мәселеге жаңа көзқарас тұрғысынан қарауға қажет тың мәліметтер береді. Бұл деректерді талдай отырып, көтерілістің шығу себептері, басталуы, барысы, оның басшылары, отарлық жүйенің көтерілісті басуға қатысты жүргізген жазалау шаралары, көтерілістің жеңілу себептері, нәтижесі мен салдары жөнінде басқа дерек көздерінде жоқ мәліметтерді алуға болады. 1916 жылғы көтеріліс туралы айтылған тарих деректері көтеріліске тікелей қатысқан және оны көзімен көрген куәгерлердің естелік­әңгімелерінде берілген. Көтеріліс туралы естелік­әңгімелер мен өлең­жырларды жинақтау барысында оны жазып алған зиялылар қазіргі кездегі айтылған тарих бағытында ғылыми ұйымдастырылған сұхбаттарға қойылатын талаптарға ұқсас ақпарат беруші туралы мүмкін болғанша толық мағлұматтар береді. Сонымен қатар олар жинақталған материалдарды мұрағаттандыру ісін де ұмытпаған. Өйткені ол жиналған материалдардың біршамасы еліміздің мұрағаттарында жақсы сақталған. Мысалы, Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекттік мұрағатының № 427 коллекциялық қорында, № 639 «Қазақстанды зерттеу қоғамы» деп аталатын қорында, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының № 811 коллекциялық қорларында ел арасындағы заман куәгерлерінен жазып алған естелік­деректер молынан кездеседі.

Сондай­ақ еліміздің түрлі кітапханалары мен мұрағаттарының, академиялық институттардың қозжазба қорларында халқымыздың ресми емес тарихынан сыр шертетін бірталай деректер қатталған. Ал ол деректерді ғылыми тұрғыдан талдау арқылы жазба деректерде кездесе бермейтін тың ақпараттар алып көтеріліс тарихын жаңа мазмұн мен сипатта баяндауға болады. Көтерілістің алғышарттарын, басталуы мен барысын, салдарын түсіндіру жеке адамдардың естелік­әңгімелерінде, сондай­ақ сол тұста айтылған қанатты сөздер мен өлең­жырларға, дастандарға негізделген үлгілерінде кездеседі. Аталған дерек түрлерінің маңыздылығы өте зор. Мұндай деректік топтамалар қалыптасқан тарихи жағдайларды баяндауға бағытталған. Сонымен қатар көтеріліске қатысты айтылған тарих материалдарында көтерілістің басшылары, олардың бітім­ болмысы, сол кезеңдегі халықтың тұрмыс­тіршілігі, орыс өкіметінің өлкеде жүргізген саясаты жөнінде де құнды деректерден хабардар етеді. Сондықтан, 1916 жылғы ұлт­азаттық көтеріліс тарихын айтылған тарих материалдары негізінде зерттеу – бұл мәселені бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарау ісін жеңілдетеді. Көтерілістің шығуына негіз болған алғышартарына байланысты да айтылған тарих материалдары жақсы мәліметтер береді. 1916 жылғы көтерілістің негізгі шығу себептерінің бірі жер мәселесі болатын. Көтеріліс қарсаңында патша үкіметі ұзақ жылдар бойы жүзеге асырған отарлық саясатының барысында орыс шаруалары мен казак­ орыстар үшін қазақ жерлерін зорлықпен тартып алып, құнарлы егіндігінен, шұрайлы шабындығынан айырып мал шаруашылығымен айнылысатын көшпелі халықты тау­тасты және шөлейтті жерлерге ығыстырды. Тек 1906­1914 жылдар аралығында Жетісудағы қазақтар мен қырғыздардан өңдеуге пайдалы, ең құнарлы 2 миллион 703 мың десятина, ал 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы үш жылында Жетісу өңіріндегі қазақтардан 1800 мың десятина жер тартып алынған.

1916 жылғы көтерілістің шығуына себеп болған мәселелердің қатарында алым­салықтың көбеюі, соғысқа қажет халықтан алынған түрлі соғыс салықтары еді. 1914 жылы Ресейдің қатысуымен басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс ішкі Ресей халқының да, шет аймақтардағы «бұратана» халықтың да жағдайына қатты әсер еткен. Шаруашылық күйзеліп, егіс көлемі азайып, оның өнімі күрт төмендеді, мал саны кеміді. Соғыс қисапсыз көп шикізатты, азық­ түлікті, малды, тағы сол сияқты материалдық игілікті қажет етті. Өлкеде жергілікті өнімдер арзан бағада қала отырып, сырттан тасымалданатын өнім қымбаттап халықтың шаруашылығы күйзеліп, әл­ауқаты нашарлай түсті. Соғыстың алғашқы үш жылында Түркістан өлкесінен өте көп мөлшерде мақта мен мақта майы, 474 мың балық, 299 мың пұт сабын, 70 мың жылқы, 13 мыңға жуық түйе, 38 пұт мың шаршы кез киіз, 441 киіз үй соғыс қажетіне жинап алынған. Соғысқа қажетті деп саналған мұндай материалдық игіліктер халықтың еркінен тыс, күштеп алынған болатын. Халықтың мойнына ауыртпалық түсіріп жиналған бұл жағдайлар көтеріліске байланысты айтылған тарих естеліктерінде де кездеседі. Ол жайында 1885 жылы туылған, Кеген ауданы Қызылту колхозының мүшесі Алдаберген Қойшыбеков өзінің 1916 жылғы көтеріліс туралы айтқан естелігінде: «Мен болсам Жәйшібек Бектеновтың атын, су жұмысын істейтін малайы, інім Батырхан қойын жайған малайы. Сонда «31 жас, 19 жастағы балаларды солдатқа алады» дегенді естідім. Алдабергеннің жасы 31 де, Батырхан жасы 19­да болып шықтық.

Сонда естуім көтеріліс алдында еріксіз, халықтың аттарын ала бастаған. Оның артынан кешікпей солдат аламыз деген хабар естілді» – дейді. Ал келесі бір естелік айтушы Жазылбек Серібайұлы (Алматы облысы, Кеген ауданы, Өкірген селолық советі, Жаңа Тоған колхозының мүшесі) өз естелік­әңгімесін былай деп тарқатады: «Патшаның герман тартысы басталғаннан қалың бұқарадан алған алымы: 1) 15­жылдың қысында әскерге деп түтінге бірден байпақ алды. 2) Кассіге құйма ақша құямыз деп болыс басына мың сомнан ақша жидырып алды. 3) Ағашты жерге тұяқты мал ұстатпаймыз деп тұяқ басына 25 тиыннан ақша жидырып алды. 4) 16­жыл апрель, май айларында герман фронтындағы әскерге керек деп киізі жаңа, ағашы жаңа, болыс басына 9­дан үй салып, болыстар арқылы Жалаңашқа жидырып алды. 5) Осы жылы ел егін айдап болған соң ел Қарқара, Ақ бейіт жайлауына барып отырған соң Қарқара жәрмеңкесіне ру; руға әскерге ат алушы кәмесие­төрелер келіп, пристоп арқылы барлық болыстарға бұйрық беріп Албан руының барлық жылқыларын Қарқараға айдатып алып кел деп, ат, айғыр, бие демей, кезге толғанын алдына 150, артына 100 сомнан ақша беріп, ол аттарды болыс басына мал айдаушы жігіт алып, тиісті жеріне айдатып тұрды». Көтерілістің шығуына түрткі болған 1916 жылғы 25 маусымында Ресей империясына қарасты «бұратана» халықтардан соғыс жүріп жатқан аудандардағы тылдың қара жұмыстарына адам алу туралы шыққан жарлығы еді. Патша жарлығы бойынша Орта Азия мен Қазақстаннан 19 бен 43 жастың аралығындағы азаматтар алынуға тиісті болды. Бұл өлкелерден 400 мың адам, сол сияқты оның ішінде Жетісу облысынан 87 мың адам майданның қара жұмысына алу жоспарланған. Патша жарлығына қарсы көтеріліс Орта Азия мен Қазақстанның барлық аудандарында бір мезгілде 1916 жылғы шілде айының алғашқы күндерінде басталды. Бұл қарсылық өлкенің әртүрлі аудандарында стихиялық бас көтерулерден ұйымдасқан қарулы көтеріліске барып ұласты. Көтерілістің негізгі себебі отаршылдық езгінің күшеюі, қазақтың шаруаларының жерлерін тартып алу әрекетінің кең өрістеуі, алым­салықтың еселеп көбеюі, ұлттық, рухани езгінің шектен тыс дәрежеге жетуі болды.

Көтерілістің басталуы мен барысына қатысты, тылдың қара жұмысына алынатын жас жігіттердің тізімінің жасалуына байланысты да естеліктерде жақсы тарихи фактілер айтылады. Ол жөнінде Алдаберген Қойшыбековтың әңгімесінде былай баяндалады: «Сол хабармен Албан Ұзақ батырдың ауылына жиналып, ақ боз бие сойып, Сұлтанәлі Кекіловты хан көтеріп, июнь айының ішінде Қарқара жәрменкесінің күн шығыс жағындағы жуан төбеге жиналды. Барлық Албан болып, тірі адамнан бір адам қалмай жиналған. Сонда Албан жақсылары: Ұзақ батыр, Тұрлықожа, Серікбай, Айтбай т.т. сондай жақсылары болып жиналған «Баланы біз жараттық, баланы солдатқа берейік, балалар үшін мал­бастан айырылып, қырылмайық» деген сөзді жаңағы болыс, билер, байлар болып айтқанда, артта тұрған кедей, қара шаруалар болып шулаған: «егер баланы береміз десең, біз біріміз қалғанша қырылып, хәм берем деген кісіні де өлтіріп өлеміз» деп шу ете түсті. Сонда әлгі айтып отырған жақсылар қайта сөйлеп, халықтың қаны бұзылғанын біліп, халыққа «енді не қыламыз» дегенде, халық: – түк бала бермейміз! – деп шулап, ұлыққа қарай жүріп берді. Сонда әлгі жақсылар отырып қалып, артынан атқа мінген. Сонда халықтың алдынан ұлықтың 2­3 жасауылы шығып, халықты: «орталарынан 3­4 кісіні ұлыққа жіберіп хабар аласыз деп тоқтатқан». Сонда халық ортасынан Дәркенбайұлы Айтбай, Жансерікұлы Тұрлықожа, Қанайұлы Серікбайлар ұлыққа жауап берген. Көпшілік халық қандай жауап береді екен деп Ковлев ұлықтың кеңсесіне барған. Сонда ұлық жасауылын шығарып, халықты қайтадан қуып, тоқатып, өңкей болыстарды ғана алып қалған. Әр болыстың бұқаралары өз кеңсесіне барып, болыс не жауап айтып келеді екен де тосып отырған. Сонда мен, Алдаберген, Ауғанбай болыстың кеңсесіндегі жиналып отырған кісінің ішінде отырғанымда, болыс Ауғанбай мені 19 жас 31 жастағы солдатқа аламын деп жазған іспескесін алып кел деген. Сонда мен барып песірден іспескені бер десем, былдырап ұрысып, іспескені маған ұстата берген.

Читайте также:  «Айтылған тарих» Еуропа елдерінде

Сонда мен іспескені бір айырып, песірді бетке ұрып, қалғанын далаға алып шығып, быт­шыт қылып айырып тастадым. Сонда халық шулап: «Құдай құтқарса, құтылдық!» деп атқа мініп, ауыл­ауылға сүйіншілеп кете берген»­деп көрсетеді. Одан кейін өрбіген оқиғалар жайында былай деп әңгімелейді: «Содан мен өзім жүн сауда қылып жүрген едім. Біраз күннен кейін Албанның жақсыларын ұстап Қарақолға айдап кеткен екен. Шалкөдеден аздап жүн алып ауылға келсем, «сені ұлық шақырып жатыр» дегенді естідім. Сонан бір­екі күн кейін «болыс Ауғанбай іздеп жүр» дегенді естідім. Сонда мен ең кедейдің балалары, солдат жасындағы 12 бала болып ұйымдасып, «не болысты өлтірейік!» деп уәде қылсақ, соны естіп Ауғанбай маған солдат шығарып, ұстап апарып, ұлығына сұрақ қылды. Сонда ұлық: іспескені неге жырттың? – деді. Мен: – жыртқаным жоқ, – деп тандым. Мен іспескені жыртқанда жоғарғы ұйымдасқан жолдастарымен барып жыртқан едім. Сондықтан шынымды айтпадым. Сонда бір­бір пышақ қонышқа тығып жүргенбіз. Ұлық: «сен жасырасың, – деп мені қамады. Мені қамап барғанда Әбдіхалық, Серікбай қамауда отырған екен. Абақтыда 4­5 күн жаттым. Сонда бір күні күн шығыс, күн батыс жақтан таң ертең ту көтеріп Қарқараны қамауға алған. Сол күні Қарқараға солдат келген. Сонда Албан Қарқараға ұлықты, солдатты аламыз деп күн шығыс жақтан Райымбек батырдың туы деп Қызыл ту көтеріп шыққан. Сондай тағы бір неше жерден белбеуін ту қылып көтеріп шыққан».

Ал көтеріліске шыққан халықтың қару­жарағы жөнінде ол кісі «Сондағы халықтың құралдары: орақтан ағашқа саптаған найза, айбалта, аздаған пестон мылтық т.т. уақ құралдар…» – дейді. 25 маусымдағы жарлық елге тарағанда Жетісудағы Қарқара өңірінің халқы игі­жақсыларының басшылығымен Қарқара жәрмеңкесінің күн шығыс жағындағы Ереуіл төбеге жиналып 1916 жылғы 25 маусым жарлығына қатысты мәселені талқыға салған болатын. Бұл туралы жиынға қатысқан көтерілісшілердің бірі Жазылбек Серікбайұлы өз естелігінде: – «…. Бас бастаушы адамдар мына төмендегілер: Тұз көл болысынан: Саза Топылұлы; Ұзақ Саурықұлы, Кәрібоз Қаңтарұлы, Сыбанқұл Арғынұлы; Баянқол болысынан: Қазыбек Шорманұлы, Құдиярбек Шотаманұлы; Иванов болысынан: Жәмеңке Мәмбетұлы; Албан болысынан: Нүке Істібайұлы, Біләл Разақұлы; Кеген болысынан: Әбдіхалық Байсеңгірұлы, Жайшыбек Бектенұлы, Құрман Әділбекұлы, Жанпейіс Отыншыұлы, Нұрбек Әйкенұлы; Меркі болысынан: Әубәкір Сұлтанбекұлы, Досжан Тұрсынбекұлы, Оразай Қожагелдіұлы, Бекбен Боранбайұлы; Шелек елінен: Серікбай Қанайұлы; Қоңырбөрік болысынан: Жаңабай Құдайбергенұлы, Молдабай Қонақбайұлы, Сарбас Байарыстанұлы, Алмабек Сәрсенбекұлы, Әмір Тайбағарұлы; Қожмамбет елінен: Айтбай Дәркембайұлы, Мергенбай Ерденұлы; Бөдендіден: Тұрғынбай Әймембетұлы; Сары Тоғайдан: Сауранбай Беренұлы, Бірімтайұлы болып бастатқан үш мың шамалы адамдар бас қосып, кеңес қылынды. Сол жиналыста барлық болыстар да болды. Жиналған сол жиналыстағы көпшілікке болыс Рақымбай Сұлтанқұлұлы сөз бастады: Ұлық болыстарға бұйырған еді. Бүгінгі күні Албан руының барлық бастықтарымен қара бұқараларының басын қосып, патшаның сұраған адамдары жөнінде жауап бересіздер деген еді. Бұған көпшілік не айтасыздар, – деді.

Сол жерде Ұзақ Саурықұлы жауап айтты: Біз бала бере алмаймыз. Сен не дейсің – деді ? Жоғарыдағы аталғандар бір дауыспен «біз бала бермейміз» – деп шу ете түсті….» – деп көрсетеді. Естелікте айтылған мәліметтерге қарағанда осы талқылаудан кейін жиынның шешімімен бірнеше адам жәрмеңкеде орналасқан патша әкімшілінің өңірдегі кеңсесіне барып, ондағы отаршыл жүйенің өкілі ел ішінде «Ақжелке» аталып кеткен ұлықпен кездеседі. Кездесу барысында ұлықтың қойған талабына кездесуге барған беделді тұлғалардың бірі Серікбай Қанайұлы былай деген: – «….Сонда Серікбай Қанайұлы жауап айтты: Көпшілік кеңесті, көпшіліктің жауабы мынау – біздер ақ патшаға қарағалы 50 – 55 жыл шамасында болған екен. Содан бері патша оқу; өнер үйретпеді. Не әскер қызметіне алып, әскер білімін үйретпеді. Қараңғы, білімсіз болдық. Құр қол ұрысқа тас сына ма? Патшаның сұраған рабочиын бере алмаймыз – деді. Патша біздерді тәрбиелейді дейсің, біздер үшін салдырған мектебі, әртүрлі өнер – білім орындары қайсы?…». Қарқара көтерілісінің басшылары Ұзақ Саурықұлы, Серікбай Қанайұлы, Жәмеңке Мәмбетұлы, т.б., өз пікірлерін ашық айтып, наразылық білдіріп, халықты патша жарлығын орындамауға шақырып, көтеріліске шығуға үндеген еді. Жәмеңке Мәмбетұлы: – «…Берсек бала өледі, бермесек шал өледі. Бала өлгенше шал өлсін, патша жарлығын орындамаймыз….» – деп ел мүддесі үшін ерлікпен жауына қасқайып қарсы тұрды. Енді осы Жәмеңке батырға біршама тоқтала кетсек. Жәмеңке Мәмбетұлы 1838 жылы Жетісу облысы Верный уезінің Сегіз Сары (кейінгі деректерде Шонжы болысы) болыстығында дүниеге келген. Жетісудағы 1916 жылғы Қарқара өңіріндегі көтеріліс жетекшілірінің бірі. Жастайынын өткірлігімен, сөзге шешендігімен көзге түседі. Жәмеңке Қарқара қазақтары мен Ыстықкөл қырғыздарының арасында ақылгөй ел ағасы атанған.

Туысқан екі елдің татулығы мен достығын, бірлігі мен бейбітшілігін сақтап, нығайтуға көп еңбек сіңірген тарихи тұлға. Осындай тұлғаны отаршыл жүйенің жазалаушы жендеттері түрмеге түскен жерінде «у» беріп, ал онымен бірге түрмеде болған басқа адамдарды түрменің терезесінен оқ атып өлтірген. Ол туралы Жазылбек Серікбайұлының айтқан естелігінде: «Аз күннен кейін Қарақол абақтысында «Жәмеңке Мәмбетұлы қаза болды» – десті. Оның артында 2 күннен кейін Қарақол қамау үйіндегі Албанның басты адамдарын қамау үйдің терезесінен атып, қырып тастапты. Қарқара қамау үйіндегі: Байсүгүрұлы, Қанайұлы, Қойшыбек ұлдарын Жаркентке айдап бара жатып Ақшоқының қайқысындағы жазықта бұл үшеуін де атып тастапты»­деп баяндалады. Түрмеде болған аласапыран кезінде Ұзақ Саурықұлы, Әубәкір Сұлтанбекұлы, Жайшыбек Бектенұлы, Тұрлығожа Жансеркеұлы қашып құтылып кетеді. Қатты жаралы болған Ұзақ Саурықов жендеттердің қолына қайта түсіп, дүниемен қош айтысады. Атылғандардың ішінен Қойшыбеков Алдаберген жаралы болып өлмей қалады. Кейіннен есін жиып, жаяу жүріп елге жетіп, өзгелердің қаза болғанын естіртеді. Жоғарыда ол кісінің естеліктерінен де мәліметтер келтірілді. Жәмеңке Мәмбетұлының тамағына патша жендеттері у қосып бергендіктен, 10 тамыз күні жау қолынын қайтыс болады. Ал осы көтеріліске жетекшілік жасаған белсенділердің бірі, Жәмеңкенің жолдастарының бірі Ұзақ батыр Саурықұлы қайтыс болған Жәмеңкені құшақтап отырып: «Жан жолдасым Жәмеңке» – деп басталатын жоқтау айтады. Осы жағдай Жетісудағы 1916 жылғы көтеріліске қатысып, көтерілісті басуға келген жазалаушы әскердің қысымына шыдамай көрші Қытай жеріне ауа көшіп босқыншылыққа ұшыраған елмен бірге қиын­қыстау кезеңді басынан кешкен молда Қойшыбай Қосалыұлының сол заман жайында өлең сипатында айтқан естелік «Мұң зарында» – «…. Қырылды Қарақолдың түрмесінде Бастығы Жәмеңке, Ұзақ кемеңгерім.

Читайте также:  Адами капиталдың өсуі ел өркенденуінің маңызды факторы

Далада көр киімсіз, бекер қалды Маңдайын күн шалмаған өңкей ерім» – деген болған жағдайларға қатысты өз ұстанымын білдіреді. Сондай­ақ осы молда Қойшыбай Қосалыұлы естелік­өлеңінде көтеріліс тұсында қалыптасқан ауыр жағдай, болашаққа үміт артқан арман­тілегі былай баяндалған: «Біздің жұрт баяғыдай болар ма екен? Бірігіп Қарақараға қонар ма екен? Ұрық туған бір жерге басын қосып, Көңіліміз раушан боп толар ма екен?». 1916 көтеріліске байланысты Досболов Қасқабас деген кісінің айтқан естелігі де назар аударарлық. Ол кісі 1889 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Қарабұлақ ауылында туылған. 1958 жылы маусым айында қайтыс болған. Қайтыс боларының қарсаңында 1958 жылы қаңтар айында естелігін туған немересі Әлсейітов Манарбекке өз аузымен әңгімелеу арқылы оқушының дәптеріне жаздырып қалдырған. Немересі қазіргі уақытта Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңа тұрмыс ауылында тұрады. Ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығында бас зоотехник болып қызмет атқарған. Бұл естелікті осы жолдардың авторы 1995 жылы Әлсейітов Манарбектің жеке мұрағатынан алып, 1996 жылы «Ақиқат» журналында жариялаған. Естеліктен қазақ қоғамындағы белгілі бір тақырыпқа, тарихи оқиғаға байланысты айтылған тарихтың өзіндік үлгісін көруге болады. Аталған естелікте 1916 жылғы көтерілістің басталуы, сол кезде ел арасында қалыптасқан жағдай жайында тың мәліметтер беріледі. Ол кісі 1916 жылдың оқиғаларын естен кетпейтін оқиғалар қатарына жатқызып, өзіндік ой­тұжырымдар жасап былай деп бастайды: – «Оқиға. Оқиға деп адамзаттың ес біліп, етек жапқаннан кейінгі көргенінің барлығын ойлаймын өзімше. Сол оқиғаның ішінде естен кетпейтіні 1916 жылғы көрген оқиға. Естен кетпейді деген себебім мынау: Асы деген жайлау болады. Асыны­Бақай, Түрген, Қызыл­бөрік, Сөгеті – деген төрт болыс ел жайлайтын. Жайлауға келген соң бие байлап, қымыз ішіп, жігіттер бестен­оннан атқа мініп ел қыдырып, ойын­күлкіменен күннің батқанын білмей кешке үйлеріне келіп дамылдайды. Той­думан, ат шабыс, сайыс, күрес – бұл тамашалар күніне әр жерде басталады. Қайсысына барарын білмей бай­кедейдің көңілдері бірдей. Жазды осындай қызықпен өткізетін.

Осы қызықтың тамаша кезінде патшадан бұйрық бұрқ ете түсті. Бұл бұйрық болыстарға келеді. Сонда Қызылбөрік елінің болысы Нұрбай Боқыев деген кісі еді. Болыстар бұйрықты старшындарға таратын. Ол кезде Қызылбөрік елі 10 старшынға қарайтын. 10 старшын ел ауылдарға бөлінетін. Соның бірін 4­ші ауыл дейтін, старшыны Әділбеков Момынбек деген кісі. Старшынның барлығын болыс шақырып бұйрық таратады. Сол той­томалақтан 10­15 жігіт кешкілікте ауылға келсек жылап­сықтап жүрген ауыл адамдарын көрдік. Не болды?­деп сұрастырсақ, патшаның қазақ балаларынан солдат алу туралы бұйрығы екен. Бұған ел не істерін білмей састы. Ауыл адамдары жиналып, «солдатқа бала бермейміз» деп қарсы тұрды. Ақылдаса келгенде байлар жағы беремізге шығып, кедейлер жағы бермейміз деп ел арасына іріткі туа бастады. Осымен дағдарып тұрғанда Шелекте тұратын пристав 5­6 жасауылмен Асыға келді. Ол үй тіктірді, ел жиып осы бұйрықты түсіндірді. Сонда кедейлер жағы бермеймізге, байлар жағы береміз, патшаға қарсы тұрмаймыз дегенге келді. 4 болыс ел жиналып екі жақ болды. Содан елдің бермейміз деген жағы көбейді. Сонда пристав Шелекке түсіп солдат алып шығамын деп ашуланып елден ат міне бастады» – дей келіп болған оқиғаларды ары қарай өрбітіп, патша чиновниктері мен халықтың арасында болған, т.б. жағдайларды былайша сипаттайды: «4­ші ауылда Құттықсейіт деген жігіттің аты бар еді. Солдатқа жігіт бермейміз деген жағын басқарғанның бірі Құттықсейіт болатын. Пристав сылтаумен «астыңа мінген атыңды бер» – деді. «Атты бермеймін» деп атын алып келе жатқан жасауылды сабап­сабап атын тартып алып мінді. Сонша болыстың ішінде приставта қуып артына ерген елді ертіп 4­ші ауылға кетті. Төрт болыс елдің бас қосып үй тіккен жері Жамбас деп аталатын. Пристав Шелекке барып, одан Алматыдағы оязға барып 20 солдат алып, ояздың көмекшісі 12 жасауылымен 8 күнде Асыға қайтып келді. Жанбастың аузына он шақты үй тіккізіп орналасты. 4­ ші ауылдың старшыны Момынбек пен Құттықсейітті шақырып алып қамап қойды. Содан кейін 4 болыс елді шақырды.

Барлығымыз бір жағында боламыз деген ел ыдырады». Естелікте жазалаушы әскермен болған қақтығыс жайлы, олардың істеген қатыгездігі туралы: «Мақсұттың ауылына барып, жігіттерін ертіп, солдатқа «пленге» түскен адамдарды ажыратып аламыз деді. Мақсұттың ауылына келсек еркек біткеннің барлығы Жалаңаштың орысын қыруға кетіпті. Кеше сол орыстардың малын алып келді деп, ауылда қалған әйелдер айтты. Ешкімді таба алмай келген жағымызға қайта қайттық. Ондағы ойымыз орыстар қырған жерде ел барма деген еді. Қайтадан Құдырғыдағы Жасыбайдың үйіне қайтып оралдық. Келсек 4­ші ауылдың адамдарының бірсыпырасы жаралы екен, менің ағам Молдабайда солардың ішінде. Олар орыстармен шайқаста күштері жетпей барлығы қашыпты, өлсем біреуін жастана өлейін деп, бір солдаттың белінен ұстап алып аудара бастағанда солдат қылышпен қолын шаба берген екен, сүйектен түк жоқ, қарнын оқ тесіп кетіпті. Әрең дегенде келіп отырғаны екен. Сол кісілердің ішіндегі Сейдімхан дегеннің 7 жерінен найза тесіпті. Келгеннің барлығы жаралылар, олардың айтысына қарағанда бір шайқаста 47 адам қаза болыпты. Солдат кетіпті дегенді естіп, қайтадан Қарақұрсаққа бардық. 4­ші ауылдан қалған тамтығы Қарақұрсақта екен. Болған жайдың хабарын естісек біраз адам қаза болыпты, қасына 15 кісідей ертіп Ибақ солдаттың артынан қуып, қапыда оққа ұшады, қалғандары атысады. Ішінен сол атысқа қатысқан Байсейітті шешесімен бірге басын таспен мыжып кетіпті» – деп өзі қатысқан, көзімен көріп куәсі болған тарихи оқиғаларды баяндайды. Мұндай естеліктер 1916 жылғы көтеріліс туралы құжаттық деректерде кездесе бермейтін тың тарихи фактілер береді және ол тақырыпты бүгінгі таңдағы қоғамдық сұраныстарға сай зерттеуге септігін тигізері хақ. 1916 жылғы көтеріліс қазан айының аяғында, қараша айының басында қатаң түрде басып­жаншылды. Көтеріліс кезінде қажып­ қалжырап, қиналып біткен халық, енді туған өлкелерінде “барар жер, басар тауы” қалмаған соң Батыс Қытай жеріне кетуге мәжбүр болды. Әрине, ол жақта оларды “құшақ жая” қарсы алған ешкім жоқ. Керісінше “тозған қазды, топтанған қарға жейді” дегендей олардың патша жендеттерімен қалған мал­мүлкі жергілікті халықтың өкілдері, Қытай үкімет орындары тарапынан тонауға түсіп, тартып алынған болатын. Қытай жеріне үрке қашып кетуге себепші болған патша үкіметінің жазалаушы әскерінің көтеріліс басылғаннан кейінгі іс­ әрекеттері де әсер еткен­ді.

Олар көтеріліс басылғаннан кейін, оған қатысушыларды, сонымен қатар бейбіт халықты да жекелеп де, топтап та қырып­жойған еді. Жазалаушы жендеттердің көтерілісші халықты айуандықпен қырғынға ұшыратып, тонағанын сол оқиғаларды көзімен көрген куәгер Іргебай Дәлденбайұлының естеліктерінен көруге болады: «… орыстар қазақтарды өлтіріп Тәте деген асудағы шанышқан ағашқа байлаған, ер адамдардың астын кесіп, аузына тығып кеткен. Қарқарадан Нарынқолға келе жатқан әйелдерді өлтіріп, балаларын құшақтатып кеткен. Сол тәріздес шабуыл жасаушы казак­орыстар малды талап, үйлерді өртеп, киім­кешекті алғаннан басқаны білмеді. Өз білгендерімен іс істеді. Сонымен ел Қытай шекарасы Текес­ Байынқол өзенінің бойындағы “ Абылайша” жаппа үйлер тігіп, қытаймен сөйлесе бастады. Қытай ұлықтары тоғыз қара жорға, тоғыз арғымақ, он екі жамбы барсең жол беремін дейді. Бір жағынан патшаның әскері келіп қалама деп болыс – болыстан кісі келіп, Тоғай­ Толағай деген. Байынқолдың Текеске құйған жерінде, қос деңнің астында сөйлетті». Осындай ел әбігерге түскен, екі ортада не істерін білмей сергелдең болған шақта патша жазалаушылары елге “арғы бетке” өтпеу туралы талап қояды. Ол жөнінде жоғарыда айтылған кісі былай деп еске алады: «… Сарыжазға мың казак­орыспен, зеңбірек құрамымен Кравченко деген пристав орыс келді. “Ел қашпасын, қашқанымен Қытай өткізбейді. Ішіндегі айыпты кісілерді ғана аламыз … Басқасына тимейміз. Өз жерлеріне барып отыра берсін. Егерде екі күннен қалса әскерге алмау жағына ерік беріледі” деген, бір­бір жапырақ қағаз алып келіп, елге таратты. Елдің тұқымы құрып қалса да тоқтайтын болмады». Бұл патша жендеттерінің жасаған айла­шарғысы еді. Өйткені қашқан елмен біраз дүние мүлік ары өтіп кететінін біліп қайткен күнде оны алып қалуға тырыспақ болды, сонымен бірге, бері жақта қалса “сендер көтеріліске қатысқан кінәлісіңдер” деп одан әрі қанауға салуды көздеген саясат болды.

Читайте также:  Марксизмнің негізгі мәселелері

Осылай шекараға жақын жерде ұйлығып тұрған албан елінің үстіне Қарақол уезінің қырғызының бұғы руы келіп қосылады. Осы кезде алдыңғы қойған шартқа көнбеген халықты күшпен қалдыруға тырысқан жазалаушы әскерде келіп жетеді. Екі арада тағы да қақтығыс болып қарусыз, қорғансыз халық қырғынға ұшырайды. Бұл оқиға жөнінде куәгер Жазылбек Серікбайұлы: «Бірнеше күн өткеннен кейін үш­төрт жүз әскері және әскер басшыларымен Кравченко келді Албан, Бұғының бірнеше көтерілісшілері Құрқақпақтың аузы, Текес суының жағасында патша әскеріне қарсы ұрыс болдыртты. Әскер зеңбіректі күпілдеткен соң көтерілісшілер шен­маңайларына бара алмайды. Күн кеш кіріп, түн болған соң Кравченко әскері Қақпаққа келіп қонады. Қолында жабдығы жоқ албан, бұғы қатын­бала мүліктерімен түнде жасырынып қашып, шекараға барады. Алдарынан Қытай әскері тосып, өткізбейді. Үріккен ел таң атқанша ат үстінде болады. Таң атқан соң Кравченко әскері Қақпақтан шығып, зеңбіректі күпілдетіп Нарынқолға келеді. Қазақ­қырғыздан көп адам шығын болады. Зеңбіректің жалындаған оғын көрген соң қытай әскерін тыңдамай, албан, бұғы қытай шекарасынан өте шығады. Үріккен ел жолшыбай қалмаққа малын аяусыз талатып алады» – деп еске түсіреді. 1916 жылғы ұлт­азаттық көтеріліс тарихы басқа да әртүрлі әлеуметтік­саяси құбылыстармен байланысты болған және соған қатысты айтылған тарих материалдары түрлі мазмұнда болып келеді. Олардың барлығы айтылған тарихи деректердің ерекше сипаты болып табылады. Әсіресе, айтылған әңгіме­естеліктердің тарихи факті ретінде тарих айтушының тарапынан оқиғаның баяндалуы, тіркеуші тарапынан оны тіркеп рәсімдеу үрдісі жүргізілгені байқалады. Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт­азаттық көтеріліске қатысты тарих айту дәстүрінде берілген мәліметтерді баяндау процесінде тарих айтушылар өзіндік тәсілдерді пайдаланған. Мысалы, болған оқиғаны қара өлеңге, дастан немесе естеліктерге айналдырып баяндау тәсілін қолданады.

Өлеңмен өрілген тарихи мәтіндер арасында қара сөз сақталса да, оны мүмкіндігінше қарапайым сөз үлгісіне немесе белгілі нұсқадағы айтылған факті түріне айналдырады. Мәселен, көтеріліс тарихы өлең ретінде берілген айтылған тарих материалдарындағы мына бір ерекшеліктерге назар аударайық. «Елге хат» деген өлеңде: «Бақтыбайға жазып берген Нұғман хаты. Екеуі де Қапал уезі, Сарытау болысынан майданға алынған жігіттер»­делінген. Бұл өлең тіркелген жинақтың мазмұнында «Нұғман Сартайға жазып берген хаты (1916 жыл туралы)» деп көрсетілген. Сол кезде тылдың қара жұмысына аттанған жігіттердің көңіл­күйі хатта былайша сипатталған: Ағамыз сәлем айттым Зәкірбайға, Бұрынғы Жетісуың бізге қайда? Алысқа сапар тартып біздер кеттік, Құлдилап түскендей боп терең сайға. Тағы да сәлем жаздым Есембайға, Кез болдым заманымда мұндай жайға. Осы кеткен боз баланы ойлап тұрсам, Бағасы жетпей кетті жалғыз тайға, – деп, одан әрі қара жұмыстан алып қала алмағаны үшін туыстарына өкпесін білдіре баяндағаны байқалады. Сондай­ақ, «1916 жылы окопке алынған жігіт жыры» деген өлеңінде: Күшті ағайын алалап, Шығарып бердің бір бізді, Сыртымнан тіркеп өштікпен, Іспескіге кіргізді. Аталасым ағайын Туғандығын ұмытып, Сары солдатқа ұрғызды. Мойынға бұғау салдырып, Туған елді шулатып, Туған елді қалдырды…, – деп қара жұмысқа алынатындардың тізімін жасауда жол берілген әділетсіздіктерді, ауқатты топ өкілдерінің өз жақындарын қара жұмысқа жібермей алып қалып, қарапайым адамдардың, кедей­кепшіктің балаларын тізімге кіргізіп жібергеніне өкінішін білдіріп былай дейді: Есебін тапқан ауқатты, Бай баласы мырзалар Күлгендей болды табалап, Момынның жасы­кәрісі Тізімге түскен алалап Ар­ұятын ұмытып Ауылнай, болыс, билердің Бұзылған діні қарасы, Қыршын жасты қолынан Қосақтап ұстап бергенде, Кеңейді ме жеріңіз? Алды­артыңа қарашы?… Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт­азаттық көтеріліске қатысты айтылған тарих материалдары арасында осы мазмұндас өлеңдер көптеп кездеседі.

Барлығында патша жарлығын жүзеге асыру барысында қазақ ауылдарында орын алған әділетсіздіктер, малы бар ауқатты адамдар балаларын, аға­інісін пара беріп алып қалып, ондай мүмкіндігі жоқ адамдар тізімге ілініп, соғыс тылындағы қара жұмысқа жіберілгені баяндалған. 1916 жылғы ұлт­азаттық көтеріліс туралы айтқан естелік­ әңгімелерді жазып алып жинауға қатысқан зиялыларымыз туралы да құнды тарихи деректерді кездестіреміз. Мысалы, Мұхтар Әуезовтың 1916 жылғы көтеріліс мәселелеріне арналған «Қилы заман» повесінің жазылуы жөнінде қоғам қайраткері Ыдырыс Көшкіновтің інісі Әуезхан Көшкінов көтерілістің 10 жылдығына орай 1926 жылы болған жағдайларды өз көзімен көрген куәгер ретінде былай суреттейді: «Сол жылы ел Қарқара жазығына жиналды. Жиынға Ыдырыспен бірге Ораз Жандосов келді. Ереуілтөбені үйгенде мен он төрттемін. Төбеге үйілетін тастарды көпшілікпен бірге Ораз бен Ыдырыстың өздері де тасыған еді… Ораз бен Ыдырыс біздің ауылда, Шырғанақтың бойындағы ақбоз үйде жатты. Ыдырысқа жеке үй тігілген еді. Мен сол үйге қымыз тасып беріп жүрдім. Әртістер, өнерлі адамдар қатарында Әміре Қашаубаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Иса Байзақов жүрді. Ал Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов бұлардан кейінірек келді. Жергілікті азамат Сәрсенбай Бейсембетов келген қонақтармен бірге жүрді. Сол кезде Әубәкір Солтанбекұлы 1916 жылғы көтеріліс жөнінде Мұхаңа бірталай әңгіме айтып берген болатын. Ал, сол әңгімелер заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» повесінің жазылуына арқау болды» – деп көрсетеді. Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт­азаттық көтеріліске қатысты айтылған тарих материалдарын пәнаралық тұрғыдан кешенді түрде қарастыру әдебиеттану, мәдениеттану, психология салаларының мамандары үшін де маңызды болып табылады. Қорыта айтқанда, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт­азаттық көтеріліске қатысты айтылған тарих материалдарын дәйекті түрде зерттеу ісі сол кездегі қазақ халқының әлеуметтік­мәдени өміріндегі күнделікті экономикалық, діни, саяси әрекеттерді, әлеуметтік­ тұрмыстық, т.б. жағдайларды дұрыс түсініп, ғылыми объективті баға беруге қызмет етеді.

Оставить комментарий