«АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ» КЕЗЕҢІНДЕГІ САЯСИ ТОП

ХVІІІ ғасыр. Оның алғашқы жартысы қазақ халқының тарихында терең із қалдырған, қайшылыққа толы кезең болды. Ғасырдың бастапқы кезеңі феодалдық қазақ қоғамының саяси тұтастығымен, шаруашылығының біршама өсуімен сипатталса, көп ұзамай оны «Ақтабан шұбырынды» аталған саяси және экономикалық дағдарысқа, рухани күйзеліске толы жылдар ауыстырды. «Ақтабан шұбырынды» заманы халық санасына мысқалдап еніп, терең сіңіп, енді қайтып іргесі шайқалмастай көрінген ортағасырлық рулық, жүздік сананы уақыт тезіне салып, оны жаңа жалпыхалықтық, ұлттық сана және мүддемен алмастыру қажеттігін қойды, халықты еркіндік пен теңдікке бастаған, жігері мәңгі мұқалмас Бөгенбай, Тайлақ, Саңырық сияқты батырларды, халықтың рухани терең тебіренісі мен кемелдікке ұмтылысын танытқан «Елім­ай» сияқты әнді, Бұқар, Үмбетей, Ақтамберді сияқты ақын­жырауларды берді. Міне, осындай қазақ қоғамы үшін аса ауыр кезеңнің ірі тұлғаларының бірі ­ Әлібекұлы Төле би. Төле бидің қазақ елінің рухани жетілуіне, саяси тәуелсіздігі үшін жанкешті күресіне қосқан үлесін кейінгі ұрпақ құрметпен еске алуға әбден лайық. Соған қарамастан би туралы, оның атқарған қызметін көрсетуге арналған ғылыми еңбектер өте аз. Төле би туралы бізге жеткен жазба деректер көп емес, бірақ олар бар. Бұл ретте ауызға алдымен А.Левшиннің белгілі еңбегіндегі бірнеше жолдар, Ресей мұражайларында сақталған құжаттық материалдар оралады. Бұл деректердің маңызын мойындай отырып, дегенмен би қызметі туралы ең негізгі және көлемді материалдың халық жадында сақталғандығын айту абзал. Халық жады бізге Төле бидің өмірі мен сіңірген еңбегі туралы толық мәлімет бермесе де, біршама жүйелі, дәлелді түсінік жеткізген. Бұл орайда ел арасында сақталып келген деректердің негізінде «Төле бидің тарихы» сияқты ғылыми тұрғыдан құнды тарихи жырды кейінгі ұрпаққа жеткізген жырау Қазанғап Байболұлының еңбегі аса зор. Қазанғап қалдырған жыр жыраулар жырлаған шығармалардан мүлдем ерекше. Жырау өз шығармасында Әбдірайым — Жақыпбек, Әлімқұл, Әлдеке, Астай, Шалабек, Арғынбай, Мәуітбек, Тоспанар, Ботпай, Торта, Естай, Бекасыл, Қарамолда, Хасан, Ергөбек, Айқымбай, Жетібай, Батырбек, Әмір Сәмбет, Байтоқ, Ақмырза сияқты кәрі құлақ кісілердің деректерін пайдаланғанын баяндау барысында тиесілі жерінде көрсетіп отырды. Ал ол шежіре – тарихтардың біразы, жыраудың айтуына қарағанда, халық арасында жазба түрінде тараған. Бұл жағдай «Төле би тарихын» аса құнды тарихи дерек ретінде қарауға негіз береді. Сонымен бірге біз мақаламызда жазушы Мамытбек Қалдыбаевтың қолында сақтаулы ақын, шежіреші Ахат Құдайбердіұлы, Әбілбай Садықбаев, Рүстембек Керімбеков, Тұрсынәлі Оспанов, Тәліп Анарұлының материалдарын да пайдаландық. Төле би Әлібекұлы, халық арасында кең тараған аңыз­әңгімелердің көрсетуі бойынша, 1663 жылы Шу өзенінің бойы Жайсан жайлауында орта шаруалы Әлібек бидің отбасында дүниеге келеді. Әлібек тоғыз ағайынды, бауырлары малды, соның ішінде, әсіресе, Тоқпан атты інісі әжептәуір бай болған көрінеді. Сырттан келгендер «ауыл кімдікі?» десе, «Тоқпандікі» дегенді есіткен. Әлібек би қараша үй тігіп, аз ғана ешкі сауып, бөлектеу бір жотада тіршілік кешкен. Көп тыңдап, аз сөйлеген, бірақ бұрмай турасын айтқан адам болған. Төленің арғы атасы Құдайберді Есім хан заманында төбе би есебінде хан сыртта жүргенде ел басқарған. «Өнер алды ­ қызыл тіл» деп білген қоғамда әділ билік айту сыншылдық, шешендік қайсыбір шаңырақтарда ата кәсіпке айналған. Зерделі бала кәмелетке толмай­ақ қаршадайынан билік естіп, сөз астарын қуып, ата кәсіпке машықтана бастаған. Белгілі би Қаздауысты Қазыбектің ұлы Бекболат та бүкіл қазақ жұртына белгілі би болған. Қырғыз бен қазаққа бірдей мәлім аңызда Төлебай (қырғызда Толыбай) сыншының ұлы да сыншы. Жау қолында кіріптарлыққа ұшыраған бала тұлпардың қураған бас сүйегін бітімінен танып, «Осы қиын­қыстау заманда Төлебай сыншының баласы деп мені кім айтады», — деп еңірейді. Құдайбердіден соң Әлібек елдің қалауы бойынша би болады да, оның үйі күнделікті ел арасында туып отырған дау­жанжал мен зорлыққа үкім айтып, панасыздыққа қорған болар жерге айналады. Бала Төле жәбірлінің аққан көз жасын, шерлінің айтқан мұңы мен зарын естіп, малшылармен бірге мал бағып, бейнеттің не екенін көріп өседі. Дегенмен, әр мамандықты терең игеру үшін табиғи кабілеттілік керек десек, ол бейімділікті Төле өте ерте танытып, жастайынан билікке араласып, «Қойшы би», «Бала би»атанады. Төленің би ретінде қалыптасуы, белгілі дәрежеде, билерге қолайлы әлеуметтік­саяси жағдайда өтеді. Бұл кезең, яғни ХVІІ ғасырдың соңғы ширегі — ХVІІІ ғасырдың басы қазақ қоғамында билердің әлеуметтік­құқықтық салмағы арта түскен кезең еді. Оның негізгі екі себебі бар­тын. Біріншісі, таптық қанаудың күшеюі, соған байланысты феодалдық таптық қатынастардың одан ары шиеленісе түсуіне сай қоғамда сот қызметін атқарған билердің саяси рөлі жаңа сапаға көтерілген болса, екіншісі, ірі феодалдық топтардың, әсіресе, сұлтандардың билік үшін өзара күрес барысында хандық биліктің билерді өзінің әлеуметтік тірегіне айналдыруға ұмтылуы еді. Бұл екі бағытта да билердің әлеуметтік рөлінің бұрын болмаған дәрежеге көтерілуі Тәуке хан заманына тұс келеді. Билер феодалдық мемлекеттің құқықтық қатынасын бір жүйеге келтіруге тікелей атсалысып, ірі сұлтандар мен би шонжарлардың жікшілдік әрекетіне аз уақытқа болса да шек қоя білді. Соған байланысты қазақ қоғамын Тәуке хан билеген жылдар (1680­1718) халық жадына үш би (Төле, Қазыбек және Әйтеке), бір хан басқарған тарихи кезең болып енді. Көшпелі феодалдық қоғамдағы, әсіресе оның ерте және орта даму кезеңдеріндегі би қызметін бір жақты қарауға болмайды. Билер институты, әрине, алдымен феодалдық тәртіпке қызмет еткендігі даусыз. Сонымен бірге билеуші топ билер ықпалының қуатты болуы үшін билік орынға аракідік төменгі әлеуметтік топтардан шыққан, халық мойындаған адамдарды да тартуға мәжбүр болған. «Қой асығы деме, қолыңа жақса, сақа қой; кіші үйдің ұлы деме, жұртқа жақса, аға қой» деген мақал соған меңзейді. Еріксіз еңбекке негізделген қоғамға әділ би, әділ билік табу өте қиын іс болғандығы түсінікті, ал қалың ел ішінен олар кездесе қалған күнде оны халық жоғары бағалаған. Ол туралы Әйтеке би «Әділет ­ бізден, төрелік ­ көптің ақы» деген. Қазақ тарихында, халық жадында терең із қалдырған үш би бар. Олар — Әлібекұлы Төле би, Келдібекұлы Қазыбек би (1667­1763), Байбекұлы Әйтеке би (1682­1766). Бұл билерді халық, әрине, Тәуке ханның «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын жасағаны үшін емес, қиын­қыстау заманда ел басына халық ретінде жойылып кету қаупі төнгенде бар билік қуаты мен талантын ел бірлігі мен тәуелсіздігіне сарқа жұмсағаны үшін жадында қалдырды. Бұл билердің қайсысы болмасын өз заманының адамы еді. Сондықтан да олардың түсінігі, көзқарасы, өмірлік позициясы да сол заман контекісінде қаралуға тиіс. Олардың, белгілі дәрежеде, билеуші топтардың еңбекші халықты басқару құралы болғандығы, өздерінің әлеуметтік жағдайы жағынан сол қанаушы топқа жататындығы да даусыз. Бірақ олардың қызметіндегі ең негізгі өзек — билеуші топ ортасынан шыға отырып, халықтың мүддесі мен мақсатын түсіну дәрежесіне көтерілгендігі, өз өмірін осындай мәртебелі іске арнағандығы. 1718 жылы жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес барысында қазақ, қырғыз және қарақалпақ елдерін өз билігіне біріктіре алған Тәуке хан өлген соң сұлтандар арасында тақ үшін жүрген күрестің барысында қазақ қоғамында саяси бытыраңқылық қайтадан үстемдік ала бастайды. Қазақ хандығының саяси жағдайын бағып отырған қалмақ ханы Қалдан Серен Цин империясымен уақытша болса да бітімге келіп, қазақтарға қарсы жорыққа даярланады. 1723 жылдың қысы қазақ еліне бұрын болмаған жұт ала келді. Жұттың ізін ала қазақ жеріне қалмақтар басып кірді. Сөйтіп, қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды» атанған тарихи кезең басталды. «Ақтабан шұбырынды» тарихының әлі ашылмаған беттері көп. Егер оларды халықтың өзі жадында сақтап келген деректер арқылы жүйелі түрде ақтара түссек, халықтың, оның әртүрлі әлеуметтік топтарының болашақ үшін азапты күресін көрсететін, сондай­ақ бүгінгі келер ұрпақтың назарына лайық көптеген жайларды кезіктіруге болады. Мысалы, «Ақтабан шұбырындының» алғашқы жылдары ел билеуші сұлтандардың өз жерінен басқа жұртқа ауа көшкен елдің тұрмыс­тіршілігін, басқыншыларға қарсы күресін ұйымдастыруда дәрменсіздік көрсетуіне байланысты, бұл жұмыстар түгелімен халықтың қалың ортасынан шыққан, ауыртпалықты терең түсініп, басқару жұмысын өз мойнына алған ел ақсақалдары мен билердің үлесіне тиеді. Олардың сол жылдары рухани күйзеліске ұшыраған халыққа бағыт беріп, бытыраңқылықты болдырмау мақсатында елге қайырылған үндеулері кең тарап, бұқара арасынан қолдау тауып отырған. Солардың бірі ­ ақын Топыштың айтқан сөзі: Ұғып ал мына сөзді ақыл барың: Жаратқан алла болсын сыйынарың. Қатшылық неше күндік қонақ шығар, Көре жүр күйсізіңді күйі барың. …Төресі тұрған жерден тойып алып, Ұмытпас тұрған жерін саңлақтысы. Боларсың бірің артық, бірің кем де, Біріңді бірің сүйе сүрінгенде. Ынтымақ, ауызбірлік қып жүрсеңдер, Арзисың аз да болса рулы елге. …Алаштың адал жүрмек ­ ата жолы, Тіліне нәпсі, шайтан ере көрме… 1 Кез келген тарихи оқиғалардың негізгі қозғаушы күші халықпен бірге, сол оқиғалардың даму барысына тікелей ықпал жасап отыратын жеке тарихи тұлғалар екендігі белгілі. «Ақтабан шұбырынды» кезеңінде қазақ халқының дағдарысқа ұшыраған шаруашылығын, тұрмыс­тіршілігін, жоңғар басқыншылығына қарсы күресін ұйымдастыруда, жаңа көршілерімен қарым­ қатынасын қалыптастыруда Төле би өзінің қайраткерлік қабілетімен ерекше көзге түседі. Жаңа қоныс, жаңа елде күнделікті туып отырған мәселелерді шешіп отыру үшін қазақ тайпа жүз басшыларының кеңесі өткізіліп тұрған. Ол туралы тарихи жырда: «Содан үш жүз болып жиылып, күнде кеңес құрылып» ­ делінеді 2 . Қазанғап жыраудың аталған шығармасында сол кеңестерде сөйлеген Төле ойлары мен ұсыныстарының негізгі желісі берілген. Төле би өз сөздерінде қазақтарды түрікмен, қарақалпақ, өзбек сияқты туыс халықтармен бейбіт, жылы қатынас жасауға, азын­аулақ болып отырған келісімсіз жайларға жол бермеуге, кешірімділік пен кеңдікке шақырады. Ал ол елдермен арадағы дау­жанжалға әділ билігімен араласып, сол үшін қарақалпақ, өзбек, түркімен халықтары арасында да жылы қабылданады. Төле бидің, әсіресе, қырғыз және қазақтардың өзара достық қатынаста болуына да қосқан елеулі үлесі бар. Тарихи жырда қырғыз биі Телегеймен достық, құдалық (өзі Телегейдің туысына үйленген) қатынаста болғаны айтылады. Төле өлгенге дейінгі кезеңде екі ел өте жақын араласқан, кейінірек болған кірбіңдерге жол берілмеген. Төле би жоңғар басқыншылармен күресте Ресей сияқты қуатты мемлекетпен одақ құру қажеттігін тура түсінген қазақ қоғамынан шыққан алғашқы қайраткерлердің қатарына жатады. 1733 жылы Төле бидің Ұлы жүздің көрнекті адамдары Қодар би, Сатай, Қангелді және Бөлек батырлармен бірігіп жазған хатын елшілер Аралбай мен Оразгелді Ресей патшасына тапсырады. Ол хатта Ұлы жүз қазақтарының басқа да қазақ жүздерімен бірге Ресей құрамына енуге әзір екендігі, ұлы орыс халқымен жан­жақты достық қатынаста болуды көздеп отырғандығы айтылады 3 . Белгілі тарихшы А.Левшиннің көрсетуі бойынша, ол бұл өтінішін 1749 жылы тағы да қайталаған. Шығыстан төнген қауіп жағдайында өз халқының болашағы үшін Ресеймен достық қатынастың маңызын өте жақсы түсінген Төле би өмірінің соңына дейін Орынбордағы жергілікті орыс әкімшілігімен байланысын үзбеген. Ол туралы Сенат мұрағатынан мынадай фактіні көруге болады. 1740 жылы 29 шілде күні Орынбор комиссиясының сол кездегі бастығы, генерал­лейтенант князь В.А.Урусов Сенат отырысында жасаған баяндамасында былай деп хабарлайды: «… из Ташкента от Толебия прислан некоторый ташкенец, называемый Катай, с письмами к Барак Салтану, а оный де Барак Салтан послал его к Джанабек батырю с письмом, акибь под Ташкент прикочевали от Галдан Чирина два Зайсанга калмыцкие и слышно де, что оные Зайсанги имеют намерение на них Барак Салтана и на Джанабека батыря, и на других со своими людьми нападете чинить, и ежели то правда, то какия ему в том меры принять, требуете указа». Одан ары Сенат секретары А.Красовскийге осы мағынадағы хабардың үкіметтік кабинетке түскен­түспегендігін анықтауды және ондай хабар түскен күнде оны князь Урусовтың мәліметімен бірге Міністірлер Кабинетінің қарауына жеткізуді тапсырады 4 . Бұл деректен Төле бидің орыс әкімшілігімен тұрақты байланыста болып, оған өлкедегі саяси жағдайды баяндап және ойрат басқыншыларына қарсы әскери көмек сұрап отырғандығын байқауға болады. 1741 жылы сұлтан Абылай Қалдан Сереннің арнайы жіберген адамдарының қолына түседі де, екі жылға жуық мерзім ойрат ханының тұтқынында болады. Сол кезеңдегі ойрат басқыншылырына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ басқарушы топтары арасында үлкен абыржу туғызады. Міне, осы тұста Төле би мен Әбілқайыр ханның өтініші бойынша Орынбор әкімшілігі Абылайды босатып алу мақсатында Жоңғар хандығына орыс­қазақ елшілігін ұйымдастырады 5 . Бұл келтірген фактілер Төле бидің сол кездері үлкен өріс ала бастаған орыс­қазақ қатынасының басында тұрған саяси тұлғалардың бірі екендігін көрсетсе керек. 1740 жылы Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлгеннен кейін, Ташкенттегі билік 1749 жылға дейін толығымен Төле бидің қолына көшеді. Қазақ халқының Жетісу мен Сыр бойын өзінен қуатты жаудан біржола азат етуге әлі де даяр емес екендігін түсінген Төле би ойраттықтармен күш жинап алғанға дейін бейбіт қатынаста болуға тырысып, олардың талап еткен салығын өтеп отырады, сондай­ақ ойрат билеушісіне өз ұлы Жоланды аманатқа жібереді. Халық арасында жазба түрінде тараған Әбдірайым шежіресі бойынша, Жолан қалмақ ханы қолында екі мәрте, барлығы он төрт жылға жуық уақыт болған, ал Төленің тағы бір ұлы Қожабек қалмақтарға тұтқынға түсіп, оралмаған 6 . Шамамен 1744­1745 жылдары Қойгелді батыр, ру басшылары Тоқсанбай, Мәлік, Кетендердің басшылығымен наразы халық Қалдан Сереннің Шымкент жанында орда тіккен өкілі Баршаханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Бұл жағдай қалмақ ханының Ұлы жүз қазақтарына жазалау мақсатында шабуыл жасау қаупін туғызады. Бірақ ханның көп ұзамай (1745 ж.) қайтыс болуы, оның артын ала қалмақ хандығында басталған бұлғақ кезең бұл жоспарды іске асырмай тастайды. Тәуелсіздік үшін күрес, шаруашылық дағдарысынан құтылу қажеттілігі ХVІІІ ғасырдың 20­30 жылдары қазақ қоғамы алдына саяси тұтастық мәселесін қайта­қайта қоюмен болды. Осы мәселеге байланысты аталған мерзімде қоғамның саяси өмірінде өзара қайшы екі ағымның қалыптасқаны анық байқалды. Олардың бірі, яғни Әбілмәмбет хан, Нияз батыр, Дәулетбай бай бастаған топ жоңғар қалмақтарына өз ұлдарын аманатқа жіберіп, жалпыұлттық қарсылық мүмкіндігін тарылта түсті. Екінші, яғни Әбілқайыр хан, Жәнібек батыр бастаған топ Ресей әкімшілігімен жылы қатынасқа қуат бере отырып, ұлттық тәуелсіздікке жетуден үміттенді. Міне, қоғамдық пікірдегі осы жарылыс жөнінде жоғарыда аталған майор К.Миллердің күнделік жұрналында Ұлы жүздің ықпалды биі Байтбайдың айтқан мынадай пікірі берілген: «Наши ­ де кайсаки …ныне к калмыкам послали детей своих, а именно: Абулмаметхан ­ сына, Нияз батыр ­ сына, Давлетбай ­ сына, и другие старшины. Им бы­де надлежало милости ожидать от российской великой государыни, а то­де видно, что наши кайсаки разделилися надвое. А майор ему на то сказал, что время покажет, которым в подданстве российских монархов, и которым под ладением калмыкским быть, прибыльнее» 7 . Шамамен 20­30 жылдардың аралығында Сайрамға жақын маңдағы Састөбеде өткен үш жүз билеушілерінің кеңесі алғашқы бағыттың үстемдік құруымен аяқталды. Ел арасында кең тараған Еркөбік қарияның шежіресі бойынша, бұл кеңесте үш жүздің әрқайсысына тиесілі «енші жері» анықталады. Сонымен, қазақ тарихының Ұлы Октябрь революциясына дейінгі аралықты қамтыған феодалдық бытыраңқылық кезеңі басталды. Тарихта Састөбе кеңесі Есім хан заманынан бері, әсіресе, Тәуке хан тұсында дәстүрге айналған «Ақтабан шұбырындыға» дейін жыл сайын, ал оның тұсында және одан кейінгі жылдары аса маңызды мәселелерді қарау қажеттігіне байланысты шақырылып тұрған үш жүз билеушілерінің бас қосқан ең соңғы кеңесі ретінде қаралуға тиіс. Састөбе кеңесі ­ елдің саяси өмірінде бір кезеңнің аяқталып, өз ерекшілігі бар жаңа тарихи кезеңнің басталғанын білдіретін аса маңызды саяси оқиға. Төле би Састөбе кеңесіне қатынаспаған. Оған даярлық барысында Әбілқайыр, Әбілмәмбет сияқты хан, сұлтандармен негізгі мәселелер төңірегінде ортақ шешімге келе алмайтындығын түсінген би денсаулығы жоқтығын сылтауратып бармай, өз орнына Тастемір би бастаған Ұлы жүз өкілдігін жібереді. Ата қоныс Жетісу, Сыр бойының жау қолында қалуы, ал оны азат ету үшін жалпыхалықтық саяси бірлікке қолдың жетпеуі сол кездегі бүкіл Ұлы жүз тайпаларының ұйытқысы есебінде болған Төле биге жеңіл тиген жоқ еді. Осы тұста дәрменсіздікке жол берген Төле би Өтеген сияқты батырды жаңа қоныс іздеуге аттандырады. Састөбедегі кеңестен кейінгі Ұлы жүз билеушілерінің бас қосқан мәжілісінде сөйлеген сөзінде ол елдегі саяси жағдайға баға бере келіп, елдің бытыраңқылыққа ұшырауына кінәлі хандар екендігін айтады: «Кешегі Бұқара мен Хиуадан ата қонысқа әрең жетіп, енді етек­жеңімізді жиып ел боламыз ба деп бет түзегенде, Састөбеде өткен кеңес елге құт емес, жұт болып тиді. Үш жүзге бірігіп тұтас халыққа айнала алмадық. Кешегі кесапат «Ақтабан шұбырынды» заманы бізге сабақ болмады. Кіші жүз бен Орта жүз ұзап, бірі Еділ­Жайық, бірі Арқа асты. Әрқайсысының басында өз күйі мен тағының қамын ойлаған хандар тұр. Әбілқайыр түлкі сипат кісі еді, қайтып ол Кіші жүзді қоспас, ұрпағы да әке жолын қуар­ды. Абылай елді елге қосар еді, бірақ басқаларының шылбыры оның қолына түсер ме екен, ал оның ұрпағы да хан түбіне тартпай қоймас. Енді қазақ ымыраға келіп ел бола алады ма, сол қинайды жанымды» 8 , ­ дейді. Бұл арада қарап отырған тарихи кезеңде қазақ қоғамында бір орталыққа бағынған мемлекеттің қалыптасуына қажет шарттардың түзілген, түзілмегендігін талдау біздің міндетімізге кірмейді. Тек реті келгенде бұл жылдары жоңғар шапқыншылығына дейінгі мемлекеттік бірлікті қалпына келтіру үшін күрес нақты іс­әрекеттерден де өз көрінісін тапқандығына көңіл аударсақ дейміз. Бұл тарихи кезеңде Орта және Кіші жүз жерінде бір­біріне тәуелсіз өзара байланысы әлсіз хандықтар қалыптасқанымен, кеше ғана орталығы Түркістан болған тұтас саяси бірліктің өмір сүргендігі халық есінде әлі ізі суи қойған жоқ еді. Қаралы 1723 жылға дейін қазақ хандығы Ұлы жүз жерінде орналасып келді. Ал хандық жойылғаннан кейінгі кезеңде халық арасында Төле би босағасының «үлкен үй», «орда» атануы да кездейсоқтық емес­тін. Егер бұл ұғымдарды сол тарихи уақыттағы қоғамдық қатынастар контексінде түсінуге тырыссақ, олардың астарында Ұлы жүздің жолына меңзеу ғана емес, сонымен бірге Тәуке хан заманындағы төбе билік орнына нұсқау, ал жаңа саяси кезеңде оны ескі орталық хандық биліктің символдық көрінісі ретінде қабылдау жатқандығын байқаймыз. Бұл идеологиялық фактор қазақ хандары мен сұлтандарының жоғары билік үшін өзара күресіне кішкене болса да әсерін тигізбей қойған жоқ. Осы ғасырдың шамамен 40­жылдарының алғашқы жартысында Көкшетаудан Жәнібек батыр, Бұқар жырау, Қаздауысты Қазыбек сияқты көрнекті қайраткерлердің бастамасы бойынша Түркістанға қазақ билерінің ағасы Төлеге Абылай сұлтан бастаған делегацияның аттануын 9 осы фактордың ықпалы есебінде қарауға негіз бар. Тарихи жыр делегацияның мақсаты бұдан былайғы «қазақ хандығының тұрағын» анықтау деп білдіреді. Қазақ саяси өмірінің ең белсенді саяси қайраткерлерінің кездесуіндегі ортақ негізгі тақырып ойрат езгісіне қарсы бүкіл халықтың бірлік мәселесі болғандығы күмән тудырмайды. Сұлтан мен бидің арақатынасының жылылығын, сондай­ақ осы негізгі мәселеге келгенде пікірлес екендігін айта келіп, тарихи жыр екі арада болған келіссөздің негізгі қорытындыларын ғана береді. Төле би саяси тәуелсіздік үшін қазақ қоғамының бірлігі қажет екендігін айтып, ойраттардан оңтүстік қазақ жерлерін біржола азат еткен уақытқа дейін хандық биліктің Көкшетауда болғандығын қолдайды. Абылай сұлтанның бұл келісінде алдына тағы да қандай мақсаттар қойғанын біз, әрине, білмейміз, бірақ Орта жүз қазақтарының шын мәніндегі билеушісіне айнала бастаған сұлтанның басқа хан, сұлтандармен күресте аса ықпалды Төле би де ішкі және жазба түрінде сақталып келген бұл дерек Абылай мен Төле бидің бір орталыққа бағынған мемлекет құру жолындағы әрекеті есебінде қабылдануы орынды сияқты. Сөз мемлекеттік бірлік туралы болғандықтан, Төле бидің мемлекеттік билік туралы бірер пікіріне тоқтала кетейік. Төле би феодалдық­патриархалдық қоғамдық қатынастар жағдайында өмір сүрген үстем тап өкілі. Сондықтан оның саяси билік туралы пікірі сол үстемдік құрушы феодалдар тобының таптық көзқарасын білдіреді. Төле би билік туралы: «Ежелден елдің бетін бір кісі билеуге ауыр, екі кісі билеуге аз. Дау­таластың себебі осыдан туындайды…» ­ дейді. Өкінішке орай, бізге бидің ойы толық күйінде жетпеген. Сонымен бірге бұл деректі ауыстыра алатындай үстем тап өкілінің аузынан шыққан басқа фактілік материалдың болмауы осы үзіндінің өзін талдауға итермелейтіндігі түсінікті.

Читайте также:  Дербес Қазақстанның алғашқы Конституция жобасы

Оставить комментарий