АБАЙ ҚАРАСӨЗДЕРІ МЕН «ҚАБУСНАМА» ҮНДЕСТІГІ

ХІ ғасырдағы шығыс педагогикасы тарихындағы тәлімі терең, тәрбиелік мәні аса құнды рухани байлықтың бірі – 1082- 1083 жылдар шамасында жазылған “Қабуснама” туындысы. Ұрпақ тәрбиесіне, имандылық пен ізгілікке аса мән берген шығыс халқының тәрбие мектебінің оқулығындай бұл еңбек – бүкіл адамзат мәдениетін байытқан мың жылдық тарихы бар, мәңгілік шығармалар қатарынан табылады. “Қабуснаманың” авторы Қайқаус өзінің ұлы Гиланшахқа (ол арқылы бүкіл адамзат баласына — Г.М.) арнап жазады. Қабус ұлы Қайқаус өз перзентіне аталық, мейір махаббаты арқасында үгіт насихатын жазып, өмірлік тәжірибесінен сыр бөліседі. Перзентін “Замана тұрмыс- тауқыметінің құрықты қолы жетпей тұрған шақта өсиетінен үлгі алуға, сол үгіттерді ұғып іске асыруға шақырады: “Менің дүниедегі жиған асыл заттарым – осы сөздерім. … бар асылымды өзіңе тапсырдым, сен оны дұрыс пайдаланып, қисық жолға қадам баспағайсың. …Мен сенен жақсылықтың нышанын аңлайтын едім. Солай болса да саған бұл сөздерді ұқтыруды өзімнің міндетім деп түсіндім” (2,10). Қайқаус “Қабуснаманы” жазар алдында өзінен бұрын өткен ғалымдар мен зиялылардың шығармаларымен кеңінен танысады, өз дәуіріндегі мәдени орталығы бар мемлекеттерді аралап, ғалымдармен сұхбаттасады” (2,6). Ол өз заманының көп жағдайынан хабары бар зиялысы, өз дәуірінің ілімдісі еді, әр ғылым саласынан хабары мол екендігін шығармалары мазмұнынан аңғару қиын емес. Қайқаустың атасы Шамсал Маолий Қабус та аса білімдар, әдебиетші, ақпа ақын, классикалық араб тілінде жазылған “Намалардың” авторы болды. …Ол өз қол астына белгілі ғылым, әдебиет, мәдениет қайраткерлерін топтастырады, өз мекені Жүржанииді ірі мәдениет орталығына айналдырады” (2, 6). Бұл мәліметтер “Қабуснаманың” қайнар көзі қайда жатқанына нұсқайтыны анық. Еңбекті өзбек тіліне тұңғыш рет өзбек халқының белгілі тарихшысы әрі ақыны, аудармашы Мұхаммед Риза Ерниязбекұлы Агаки аударған. Ескі өзбек тілінде жазылған Агаки нұсқасы мен (1860 ж) белгілі шығыстанушы Е.Э.Бертельс (1953 ж) орыс тіліне аударған нұсқасын 1973 жылы С.Далимов өзбек тіліне аударады. Сол еңбекті татар тіліндегі (1898 ж) нұсқаларымен толықтырып, қазақ тіліне тәржімалаған зерттеуші ғалым Т.Айнабеков (2, 147). Еңбек қырық төрт тарауға жинақталған. Әр тараудың мазмұнына сәйкес аты берілген. Ол – “Алла тағаланы тану туралы”, “Пайғамбарлардың қасиеті туралы”, “Ата-ананы құрметтеу туралыдан” бастап, өнер, қарттық, жігіттік, нәпсіні тыю, қонақ күту, дүние-мал жию, саятшылық, соғыс өнері, дем алу, дос таңдау, бала тәрбиесі, жаза беру, кешірім жасау, дәрігерлік емдеу, жұлдыздар ғылымы, падишаға қызмет ету, жомарттық туралы т.б. қарапайым тіршілік тынысынан бастап, ел билеу биігіне дейінгі аралықтағы өмір- тәжірибесін, тәлім-тәрбиесін ұрпағына өсиет еткен атаның ұлына арнаған ғибрат Сөздер жинағы. “Еуропа мен Азиядағы озық ойлы ағартушы ойшылдардың бәрі де “Қабуснаманы” жоғары бағалап, орта ғасырдағы педагогика, тәлім-тәрбие, өсиет-өнеге жөніндегі танымның энциклопедиялық жиынтығы ретінде аударған” . Белгілі абайтанушы ғалым М.Мырзахметов Абай мұрасы ішіндегі ең аз зерттелген саласы – Қарасөздері екеніне баса назар аудартады (3,172). Абай дүниетанымын тереңірек танытудағы рөлі зор әрі қазақ әдебиетіндегі жаңа құбылыс, “бұрын- соңды болмаған” (М.Мырзахметов), қайталанбас туынды — Қарасөздері дәл өлеңдеріндей өз дәрежесінде таныла алмай жатқаны, өз биігіне шыға қоймағаны шындық. “Ұлы ақынның ой түбіне терең шомудан, өз заманының шындығы тудырып отырған түйінді мәселелерін сарапқа салудан туған ғақлия сөздері – Абайдың дүниетанымы мен ішкі сырын танып білуде мәні бар құбылыс” (3,173) болуымен ғана құнды емес, әлемдік дәрежедегі ой алыптарымен иық теңестіріп, ой салыстыра алар қасиеті, сапасымен де бағалы. Ал белгілі әдебиеттанушы ғалым Ш.Елеукенов те Абай Сөздері Батыс пен Шығыс мәдениетінің мәйегін сіңірген құнарлы дүние екеніне нұсқайды (4,5-6). Зерттеуші ғалым “Қарасөздерді жаңа жанр тума стиль” деп бағалай отырып, оның болмысы мен келу төркінін Абай нәр алған Шығыстың рухани қайнар көздерімен байланыстырады (4,175). Абай Қарасөздерінің жанрлық стильдік ерекшелігіне ұқсас деректерді Шығыс әлеміне мәшһүр болған “Қабуснамадан” табуға бағыт сілтейді. Біздің бағдарлауымызша, “Қабуснама” мен Қарасөздердегі ой толғаулар кей тұсында бірі екіншісінің жалғасы, тіпті бір адам айтып отырғандай әсер қалдырды. Оған төмендегі микромәтіндегі логикалық жалғастық арқылы да көз жеткізуге болады: “Әруақта дос-жаранды болуға әдеттен. Өйткені кімнің досы көп болса, оның айыбы ашылмайды, бір-бірімен сыйласуы күшейеді” (2). Алғашқы сөйлемдегі әдеттен деген етістікке “қалай, әдеттену керек немесе ол үшін не істеу керек?” деген сұрақты ойша қойсақ, ол үшін “сырласу, сыйласу керек” деген жауапты екінші сөйлемнен аламыз (үнемі сырласа, сыйласа жүрсең, ол жақсы әдетке айналмай ма?). Ендігі кезекте досы көппен сыйласудан, бұл “әдеттен” “түсер пайда не?” десек, “кімнің досы көп болса, бір-біріне қорған болып, сыйласуы күшейе түседі екен”. Қайқаус: “Дос болуға лайықты адамды екі қасиетінен білуге болады: біріншісі – дәулетті кезінде малын аямайды, ал кедей кезінде одан сырт айналмайды” (2, 28 тарау, 83) – деп жақсы, лайықты достың бейнесін ұсынады, оның әрекетін көрсетеді (“малын аямайды”, “сырт айналмайды”). Абай: “Жаман дос – көлеңке: Басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың; Басыңды бұлт алса, Іздеп таба алмайсың” (1, 37-Сөз, 184) – дей келе, Қайқаустың “досына” қарама-қарсы антипод достың образын береді (“оны қиын кезде іздесең, таба алмайсың”). Мәтіндер мазмұнын салғастырғанда, ойдың мазмұн жоспары мен (план выражения) берілу жоспары (форма выражения) дөп түсіп жатқаны аңғарылады. Ортақ ойлар бірдей формада көрініс тапқан, дәлірек айтқанда, олардың жалпы мазмұны ұқсас, өзектес, мәндес қана емес, ойдың “сыртқы қабығы” – сөздің түрі де ұқсас. 1) Әдеттен – сырлас, сыйлас – императив етістіктер, бұйрық райдың ІІ жағы. 2) Сырт айналмайды – іздеп таба алмайсың контекстік антонимдер, антонимия құбылысына бағынған. Дәл осы ой-түйін “Қабуснамада” былайша беріледі: “Әрдайым падишалықтың шарабына мас болмағын падишалық шарабымен мастанған падиша падишалықтан да, мастықтан да ажырайды” (144). Ұлылар үндестігі! Ол осы тұста да байқалады. Екі ойшыл өз дәуірінің “тілімен” сөйлеп тұр. Басқа айырма жоқ. Абайда: барымта мен партияға (ел билеуге) мастану, ал Қайқауста: падишалыққа (патшалық, ханзадалыққа) мастану болып алынған. Қайқаустың: … “Ырыс, дәулетке ие болған соң, халыққа пайдаң тисін. Қайырымдылықты халықтан аяма” (37- тарау, 124) деген ізгілікке толы ұстанымын Абай: “…Өзің үшін еңбек қылсаң, өзің үшін оттаған хайуанның бірі боласың…” (37-Қарасөз) деп одан әрі тереңдеп, батырып айтады. Халыққа пайдасы тимегеннің өзінің жемсауын ойлаған хайуаннан айырмашылығын көре алмайды. “Қайырымдылықты халықтан аяма” деген Қайқаустың ойын Абай дана одан әрі нақтылай түсіп, былайша жалғастырады: … “адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың” (Алла Тағаланың 99 құрметті есімінің бірі – “Қайырым”, “Мейірім” екені ізгілік, имандылық жолындағы әр пенденің есінде болары хақ). Қайқаус “қайырымдылық” десе, Абай “ол – алланың сүйген құлының біріне айналудың жолы” – деп нұсқайды. Келесі мәнмәтіндердегі ойлардың да өзектесіп жатқандығы бірден байқалады. Ол мәтіндерде мынандай жарыспалы ойлар түзілген: Жақсылықты білмейтін – татымсыз (кісі), жақсылық істеу – болыстық қылу, зая кетеді – адамды бұзады Осы лексемалық бірліктер бір- бірімен мәндес қатар түзе отырып, жақсы ісіңді бағалай білмейтін парықсыз адамның образын ашатын концептуалды мәнге ие жасалымға айналған. Қараңыз: “Қабуснамада”: Жақсылықты білмейтін кісіге жақсылық істеу сортаң жерге сепкен ұрық сияқты зая кетеді (6 тарау, 21). “Қарасөзде”: Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады (37-Қарасөз, 184). Мәтіндердегі курсивпен берілген тілдік бірліктер – жоғарыда талданғанындай, ой қазығын ұстауға бірлесе қызмет етіп, мәтін түзіміндегі негізгі элементтер ретінде алынған. Келесі мәтіндердегі үндестік табиғатын жазбай тануға “Қабуснамада”: Наданмен әңгімелес болма, әсіресе, сенің ақылдылығыңа күдіктенген наданмен әңгімелесуші болма (6 тарау, 26). “Қарасөзде”: Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады (37-Қарасөз, 183). Мәтінде ойлар бір-бірін толықтыруымен ерекшеленеді. Тілдік бірліктер семантикасы жағынан тең түсіп жатпағанымен, синтаксистік тұтастықтай қабылданып, бірі себебі екіншісі оның салдары сияқты қабылданады. “Қабуснамада”: Әрқашанда ашық рай білдіріп, көңілді болып жүргін. Бірақ босқа күлуші болма, күле беру – есалаңдық, диуаналық, аз күлу – сабыр, саясат көрсетудің белгісі. Босқа, беймезгіл, орынсыз күлкі уайым-қайғы қасіретінен пайда болады (12-тарау, 50). “Қарасөзде”: …Күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек… …Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкімен азайтпа қайғыны, орынды харекетпен азайт! (Төртінші Сөз, 134). Екі мәтіндегі курсивпен берілген синтагмаларды шартты түрде алғанда бір синтаксистік тұтастықтық компоненттері деп алсақ, мәнмәтінмен мынадай “жалғастықты” табамыз. Қайқаустың ұрпағына өсиет еткен әр сөзінің жалғасы, немесе ол қойған сұраққа жауапты Абай ғұламаның кейінгі толқынға табыстар ғақлия сөзінен адаспай табасыз. Сөзіміз дәлелді болу үшін екі мәтіндегі сөйлемдерді (коммуникативтік бірліктерді) бір абзацқа сыйдырып, бір тұтас компонент ретінде қарастырып көрелік. Жоғарыдағы мәтін үзігінен бөлініп алған, сөйлемдер жымдаса бірігіп кетеді. Қараңыз: “босқа күлуші болма!” (Қайқаус) – өйткені “күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан құр қалады” (Абай); …“Орынсыз күлкі уайым-қайғы қасіретінен пайда болады” (Қайқаус), сондықтан “орынсыз күлкімен азайтпа қайғыны, орынды харекетпен азайт!” (Абай). Міне, екі басқа сөйлемдегі лоикалық жүйе осылайша бір-бірімен орайласып, бір автордың қолданысындай қабылданады. Ал сөйлем аралығындағы сөздер “босқа қалмайды”, олар басы артық сөздер емес, дәнекерлеуші, “ой ұстаушы” қажетті тілдік бірліктер, яғни талдау мақсатына сәйкес, мақсатты түрде кейінге қатарға шегерілген коммуникативтік бірліктер. Төмендегі сөздердің де (ойлардың) өзегі ортақ, танымы тамыр жайған тереңдік те бар, бір арнаға тоғысқан үйлесім де бар. Заманы мен “заңы” алшақ болғандықтан өзіндік бағыт болуы да ықтимал, әйтсе де, ой мен пікір жарастығы (жарыстығы да!) басым түсіп жатқанына көз жеткіземіз. Бұл, әрине, ой қайталау емес, “даналардың өмір тәжірибесі арқылы қорытқан тұжырымдарының тоғысы” (5, 378). Келесі мәнмәтіндегі “ұғынысқан” ұғымдардың астарына зер сала үңіліп, даналардың айтпақ ойына, меңзеген бағытына бағдар түзеп көрелік… Әрқайсысын салыстыра оқығанда жоғарыда айтқандай, үндесімді аңғарамыз. Қайқаус: “Ей, перзентім, қалайда дүние заңдылықтарына немқұрайды бейтарап қарауға болмайды. Оның оңы мен терісінен, өңі мен астарынан хабарың болсын. Мысалы, тұқымның өніп шығуына топырақ пен су себепші. Егер жерге сепкен ұрығың уақытылы бөртіп шықпаса, ол тек қана жердің кінәсы деп түсінбе” (Екінші тарау, 13). Абай: “Жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ” (Жиырма сегізінші Қарасөз, 171). Абай: Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көркемдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің… (167). Қайқаус: Дүние түзілгенде ұлы даналықпен түзіліп, оған көркемдік пен сұлулықты үйлестірді… (14). Абай: …Өлшеуіне ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып, һәм бір-біріне себеппен байланыстырылып, пенденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законге қаратылып жаратылды… (167-168). Қайқаус: Алла тағалам дүниені жаратумен бірге, ризық-несібені қоса жаратты. Алла тағала адамзатты жаратты, оған қажетті заттық игіліктердің алуан түрін пайда қылды… (14). Абай: …Хайуанға берген денеге қара, адамға берен денеге қара. Адам екі аяғын тік басып тұрып, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты. …Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма? (169) Қайқаус: Адамның қасиеті басқа түрлі жан-жануардан әлдеқайда жоғары дәрежеде. Сондықтан адам баласы өзін тура жолға салушыларды танып-білуге міндетті (14). “Қабуснамада”: “Ұят иманға тән” десе (26), “Ғақлияда” “Ұят кімде болса, иман сонда, кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген Пайғамбарымыз” (181). Қайқаус: Көп жағдайда шамадан тыс ұяңдық өзіңе зиян келтіреді. Әдеттен тыс ұялшақ болмағын. Ұялшақтық әр кез қателесуе себепкер болып, бастаған ісіңе нұқсан келтіреді (6 тарау, 26). Абай: Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, ұялмас нәрседен ұялу – ақымақтық, жамандық (36-Қарасөз, 181). Қайқаус: Жаман істерден, өтіріктен, қанағатсыздықтан ұял: тура сөз, ізгі тілек, жақсы бастамадан ұялма … қай жерде ұялып, қай жерде ұялмауды біленің жөн (6-тарау, 26). Абай: …Шын ұят шариғатқа теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады… (Отыз алтыншы Қарасөз, 181). Абай Он екінші, Он үшінші Сөзде “Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайтынын”, “иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керектігін” ескерте келіп, әуелі, не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, якини иман десе керек” – деп нақтылай түседі. Жиырма сегізінші Сөзде … “Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен” – деп еске салады. Ал “Қабуснама” “ұят – иманның жемісі” (26) деп қорытады. Абай Қарасөздерінде қолданылған стильдік амал-тәсілдер “Қабуснамадағы” сыртқы формалық ерекшелігімен, немесе көріктеуіш құралдарды қолдануымен ғана сәйкеспейді, танымның ішкі мазмұнының ортақ болуымен үйлеседі, яғни белгілі бір құбылыстың ерекше белгілеріне логикалық екпін түсіру керек болса, екі автор дүниеге “бірдей” көзбен қарайды. Нақты бір құбылыс, іс-әрекетті сипаттауда, оның ерекшелігін бөліп көрсету үшін немесе аксиологиялық бағасын беруде екі автордың образды ойлау тәсілі сәйкес келіп, талғам таразысы тең түсіп жатады. Талдау нысаны ортақ бейне, мәндес, ауыспалы, семантикамен астасады. Мысалы, Абай Қарасөздеріндегі және “Малға достың мұңы жоқ малдан басқа” өлеңіндегі негізгі кейіпкер малға дос (адам) пен “Қабуснамадағы” нан досы деген (“жейтін наны үшін достасатын адам” семасында) образдар бірдей әрекет етеді. Бұл қолданыстардағы (малға дос, нан досы) достың сапалық белгісі, аксиологиялық бағасы “пайдакүнем, күні үшін жүру” семасы арқылы актуальданып, бейнелі экспрессияға ие болған. Абайдағы мақтанға мастану, партияға мастану, байлыққа (қымызға) мастану, өтірік ұялу… Қайқаустың: падишахқа мастану т.б. когнитивтік, коммуникативтік бірліктерде дүние-таным сәйкестігі, таным ортақтығы кездеседі. Олардың мазмұны заман, дәуір алшақтығына қарамай үндесіп, ұласып жатқанына көз жеткіземіз.

Читайте также:  Сейіт би туралы

Оставить комментарий