АБАЙ ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚ ЛИРИКАСЫ

Академик Серік Қирабаев «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» кітабында: «Ұлттың рухани мәдениетінің ең үлкен бір саласы – көркем әдебиет. Оны халық тарихының бейнелеу жолымен жасалған көркем шежіресі деуге болады», – деп жазды. Ғалым «Абайдың шығармашылық өмірі – қазақ әдебиеті тарихының кіндік тұтқасы» екенін айтса, «Абай және фольклор» кітабында академик Сейіт Қасқабасов: «Қазақ өміріне сын көзбен қараған Абай шығармашылығы, ой­пікірлері ренессанстық сипатта болғандығын, ол Адамды, оның рухани азаттығын, білімділігін барлық мәселелерден биік қойғандығын, қоғамдағы Адам рөліне айрықша мән бергендігін» ғылыми дәлелдеді. Академик Зейнолла Қабдолов: «Сөз өнеріндегі сыр мен сымбаттың үлгісі қандай? Мұның жауабын да Абайдан табамыз. Ол үшін Абайдың лирикасын пайымдап байқау шарт. Абайдың лирикасы – кең көлемді мол қазына; биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра», – деп жазса, академик Зәки Ахметов: «Басты мәселе – Абай халықтың түбегейлі мүддесін қаншалықты терең ұғып түсініп, қандай ойшылдық деңгейде, қандай көркемдік қуаттылықпен айтып жеткізе алғандығында» деп түйіндеді. Француз тіліндегі идеал, грек тіліндегі идея – мақсат туралы ұғым, түп­негізі мұрат­ мақсатқа келіп тіреледі. Біздің бүгінгі идеалымыз – Тәуелсіздік. Дұрысында ол бір бүгінгі ғана емес, халқымыздың сан ғасырлар көкейінде әлдилеген арманы болады. Ол өзі философиялық ұғым. Адам ойының практикаға қарай бет алуы, білімнің іске асуын қамтамасыз ететін үдеріс – идея десек, сол идеямыздың түп­төркіні де – Тәуелсіздік! Әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіретін қоғамдық сана, саяси, праволық, философиялық, моральдық, эстетикалық және діни көзқарастар мен теориялық идеялардың жиынтығы бір идеологиядан көрінеді десек, сол идеологияның шынар шыңында да, қайнар көзінде де Тәуелсіздік рухы өз туын желбіретуге тиіс. Тәуелсіздік рухын қанымен енгізіп, жанымен жеткізетін, жеткізгенде адамның ойлау жүйесінің басты қазығы – бастағы мыйдан бастап, жан­жүйеңді елжіретіп, жүрекке жеткізетін – әдебиет және өнер. Әдебиет пен өнердің ішінде шығармашылықтың анасы – поэзия. Біз топыраққа көмілген, жеті қат жер астында қалған тарихымызды – «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» «Жеті ғасыр жырлайды» атты поэзия қазынасынан іздеп таптық. Ол құдірет­күш қаламмен жазылып, қағазға түспей­ақ, қазақ жыршы­жырауларының басында жатталған. Жадында сақталған. Содан аман­сау жетіп, Тәуелсіздігіміздің төріне енді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жолдауларында көрсетілген Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолының басты саласының бірі – рухани дамудың қазіргі кездегі жетістіктері мен мүмкіндіктерін айқын зерделеп, гуманитарлық құндылықтардың, оның ішінде әдебиет пен өнердің тәуелсіздік жылдарындағы сипатын зерттеп саралау – бүгінгі әдебиет сыны мен ғылымының басты мақсаты, негізгі бағыт­бағдары болмақ. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімізді орнықтырғанына он бес жылдан асты. Осы мерзімде Қазақстан түбегейлі өзгеріп, Тәуелсіздік дариясының кең арнасына түсіп, теңіз­ тағдырына бағыт алды. Ұлттық әдебиет пен өнердің жаңа сипатты дәстүрлері, бостандық пен адамзаттық құндылықтарға негізделген жаңашылдық рухы қалыптасты. Сондай жаңашылдық рух қазақ поэзиясында бар. Басында абдырап­дабдырап қалған қаламгерлер не жазамыз емес, не үшін жазамыз деген сауалдарға жауап іздеді. Бұрын айтылуға тиіс емес нәрсені айту батылдыққа баланатын еді. Енді бәрі ашық, не айтсаң да, нені жырласаң да қол байлау, аяқ тұсау тауқыметінен арылды. Мақсатымыз – осындай тұста Қазақстан Тәуелсіздік алған жағдайда туған мүмкіндіктерді толық пайдаланып, соңғы он бес жылда жарияланған әдеби шығармалардың, оның ішінде қазіргі қазақ лирикасының тарихи­әдеби үдерісін жүйелі түрде жан­жақты зерттеп, талдап­ баяндау, тәуелсіздік кезеңде туған қазақ лирикасына біршама баға беру. «Қазақстан – 2030» бағдарламасының шарттарына, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жылына халыққа арнаған жолдауларында көрсетілген Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолының бағыттарына сәйкес қазіргі көркем әдебиеттің қыр­сырын зерттеу – парызымыз болса, рухани жаңғыруды тереңдете байыптау – басты мақсатымыз болмақ.

Читайте также:  Үміт.

Оставить комментарий