АБАЙ МЕН НИЗАМИ ПОЭМАЛАРЫНДАҒЫ ЕСКЕНДІР БЕЙНЕСІ

М.Әуезов Абайдың Шығыс әдебиеттері классиктерімен байланысының екінші кезеңі 1886-1890 жылдар аралығы, яғни есейген шағындағы шығармашылық бай- ланысы деген пікірді ұстанады. Зерттеушілердің пікірі бойынша, Абай “Ескендір” поэмасын 1900-1902 жылдары /1, 263/, әбден ақындық кемеліне келіп, тәжірибесі молыққан шағында жазған. Абайдың “Ескендір” поэмасы абайтану ғылымының негізін қалаған М.Әуезов зерттеулерінен басталып, осы күнге дейін ғалымдардың зерттеу нысанасының өзекті тақырыбына айналып келеді. Поэманың тақырыбын, сюжетін, идеясының түп-төркінін, қайнар көзінің қайдан бастау алғанын зерттеп, тану мақсатында көптеген ғылыми мақа- лалардың жарияланып, алымды зерттеу еңбектердің жазылғанын айту шарт. Осы ретте отандық әдебиеттану ғылымы сала- сында С.Қасқабасов, М.Мырзахмет-ұлы, Р.Бердібаев, М.Мағауин, Ө.Күмісбаев, Ш.Сәтбаева, Н.Келімбетов, А.Машанов сынды ғалымдардың еңбектерін ерекше атау қажет. Сол сияқты жалпы Александр Маке- донский тақырыбын зерттеген ғалым- дардың есімдерін де атап өткен лазым. Осы ретте Е.Э.Бертельс, А.Н.Самойлович, Ф.Шахермайр, Б.Г.Гафуров, В.М.Жирмун- ский, Е.А.Костюхин, Ф.А.Бойназаров сияқты кеңестік және шетелдік ғалымдардың еңбектері зор, соның ішінде Александр Македонский тақырыбын зерттеудегі жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Тарихи деректерге жүгінсек, есімі әлемге әйгілі қолбасшы А.Македонский б.д.д. 356 жылы Македонияның астанасы Пелледе дүниеге келген. Оның өмірбаянын Б.Г.Гафуров пен Д.И.Цибукидустың “А.Македонский и Восток” атты көлемді зерттеу еңбегінен көреміз: “Его отец, Фи- липп II, потомок древнемакедонского царя Карана, выводил свое происхождение от мифического героя Геракла, а его мать, Олимпиада, была дочерью молосского ца- ря Эпира, ведущего род от другого героя эллинской мифологии – Ахилла” /2, 16/. А.Македонскийдің бейнесінің ғасырлар тезіне шыдап, бүгінгі күнге дейін жаңғырып, жаңарып жетуіне қолбасшының өзі көп күш салған. Алек- сандр әрбір жорыққа шыққан сайын қасына сол күнгі шайқасты, шайқастағы өзінің ерлігін хатқа түсіріп, деректеп, рәсімдейтін жылнамашы-жазушыларды ертіп жүрген. Бұл жөнінде австриялық ғалым Ф.Шахермайрдың зерттеу еңбегінде жазылған: “Благодаря заботам Александра количество писателей – участников похода было значительно большим, чем обычно во время войн. Таким образом, были соз- даны все условия для выполнения желания Александра достойно освещать его подви- ги. Никакой другой поход не получал еще столь полного отражения в литературе ни по количеству написанного, ни по разно- образию сочинений” /3, 93/. Сондай жазушылардың бірі – оның жорықтарының куәгері Каллиссфен. Кал- лисфен Аристотельдің туысы, әрі шәкірті болғанға ұқсайды. Ф.Шахермайр еңбегіне сүйенсек, Каллисфенге бұл міндетті жүктеп, ресми тапсырма берген Александрдың өзі екен. Әскери есептер, жылнамалар мен панэллинистік дүниетанымға негіздеп, Александрдың батырлығы мен айбындылығын әсірелей сипаттайтын “Александр жайлы романын” Каллисфен грек тілінде жазған. Бұл автор саяси мақсатты ұстанған. Александрдың дәрігері Каллисфен есіміне таңылған шығармада Александрдың таңғажайып жағдайда дүниеге келуі, оның Аристо- тельден дәріс алуы, Египетке, Сирияға, Персияға жасаған жорықтары мен ша- буылдары, Дарий патшаны жеңуі, Дарийдің қызы Роушанакка үйленуі бәрі- бәрі қамтылып жазылған еді. Александр бейнесін сомдамақ болған кейінгі авторлар Каллисфен жазбаларына сүйенетін болғандықтан осы шығарма кейінірек жазылған шығармаларға арқау болып, Александрдың өмірбаянының бұрмалануына себепкер болған сияқты. Александр дүние салған соң оның бүкіл өмірбаянын қамтыған теңізші, фило- соф Онесикриттің толымды философиялық еңбегі жарық көреді. Келесі жазушы Кли- тарх. Ол еңбегінің бірінші бөлімінде Кал- лисфен деректері мен жазбаларына сүйенсе, екінші бөлімде ауызша материалдарға иық артып, өзінің қалауынша еркін жазғандықтан әдеби шығарма дүниеге келеді. Тарихи тұлға – А.Македонский тура- лы ежелгі дәуірлерде жазылған тағы да басқа шығармалар болған: Б.д.д I ғасырда Юлий Цезарь билігі тұсында Александр жорықтарының тарихы жайлы жазылған Диодор Сицилийскийдің “Тарихи кітапхана” шығармасы. Оның Александры – жауынгер, қалаларды қиратушы және адамдар жүрегіне қорқыныш ұялатушы. Александр туралы жазған келесі антикалық автор – Плутарх. Плутарх “Бақыт немесе Александрдың айбындылығы туралы” атты еңбегін б.д. I – II ғасырларда жазған. Квинт Курций Руф “А.Македонский тарихы” шығармасын б.д. I ғасырында жазса, Помпей Трога 44 кітаптан тұратын “Historiae Filipiace” еңбегін б.д.д I – б.д. I ғасырларда жазған. Рим тарихшысы Флавия Аррианның “Александр жорығы” тарихи дерек- тілігімен құнды. Александр Македонский мен Ескендір Зұлқарнайын тұрғысында жазылған Шығыс халықтары шығармаларының батыс европа халықтарының шығарма-ларынан айырмашылықтары өте көп. Шығыс халықтарының әдеби шығарма-ларында Ескендірдің халық көксеген ел билеуші бейнесі сомдалды. Белгілі шығыстанушы Е.Э.Бертельс тарихи Александр – Ескендір бейнесінің Шығыс әдебиетінде қай кезеңнен бастап өңі айналған түрде пайда бола бастағаны жайлы былай дейді: “… на Востоке начали складываться первые версии своеобразно- го романа, менявшего весь облик истори- ческого Александра. Зародился он уже около I в. н. э., но особенно пополнился в первых десятилетиях IV в” /4, 286/. Ал Шығыс әдебиетінде Ескендір бейнесіне көптеген ақындар қалам тартып, нәтижесінде соны шығармалардың туындағаны мәлім. Солардың арасындағы “Динкард”, “Бандахшан”, “Құдайнаме”, “Ардашир Бабаканның ісі” “Тонсер хаты” сияқты шығыстық шығармаларда Ескендір – тари- хи Ескендір бейнесіне сай, қатал, қанішер патша, салт-дәстүрді құртқан жағымсыз бейнеде көрініс тепкен. Кейінірек жазылған шығармалар арасынан ұлы туындылары арқылы әлемдік әдебиет деңгейіне көтерілген парсы ақындары Әбілқасым Фирдаусидің (936-1027) “Шаһнаме” еңбегіндегі Ескендір жайлы тарауын, Ганжелік Низамидің (1141-1213) “Ескендірнамесін”, Деһлевидің (1253- 1325) “Ескендірдің айнасын”, Әбдіррахман Жәмидің (1414-1492) “Ескендірдің даналық кітабы” атты поэмаларын ерекше атаған жөн. Аталған шығармалардың негізгі кейіпкері бір болғанымен, әрқайсының идеясы, сюжеті мен композициялық құрылымы әрқилы. Тарихи деректер бойынша, А.Македонский парсы жұртының жеріне баса-көктеп кіріп, жаулап алған кезеңде Персия гүлденген, бай өлке, өркениеті мен мәдениеті жоғары дамыған ел болатын. Тарихи деректерден А.Македонскийдің үш жылдың көлемінде Шығыс Персияны толығымен өзіне бағындырғаны белгілі. Даңқты қолбасшы сол кездегі Персияның астанасы Тахт-е Джамшидті басып алып, барлық қазына-мүлікті талан-таражға салған. Осындай басқыншының қандықол әрекеттерін айыптап, сынау орнына орта ғасырдағы парсы ақындарының бәріне көз жұмбайлықпен қарап, қарақшыны дәріптеп, даңқын көтере жырлауының мәнісі неде екен? Өйткені, өздерін сол кездегі мықты мемлекеттер қатарына қосатын парсы жұрты үшін мұндай жеңіліс бетке жағылған күйе, сүйекке басылған таңбамен пара-пар еді. Сол себепті де, пар- сылар елдің намысын ақтап алмақ ниетте әртүрлі аңыз-әңгімелер мен жалған қауесет таратып, А.Македонскийдің, яғни Ескендірдің шыққан тегін парсылық етіп шығаруға тырысып, тарихты қолдан жа- сап, бұрмалауға көшкен. Сөйтіп, даңқты қолбасшы Александр Македонский мен Ескендір Зұлқарнайын бейнесі Шығыс пен Батыстың көптеген елдерінде кең танымал болды. Оның есімімен әртүрлі аңыз-әпсаналар байланы- стырылды. Шығыс халықтарының шығармаларында жырланатын Ескендірді ақылды ел билеуші, жолы болғыш қолбасшы, ақылгөй, дана адам етіп бейне- леу дәстүрге айналды. Александр Македонскийдің жер-жаһанды жаулап алушылық, басқыншылық әрекеттері, азат адамдарды еркінен айырып құлдық бұғауына салған озбырлық істері жайлы тіс жарып ештеңе айтылмады. Зерттеуші Ф.Бойназаров өзінің зер- ттеу еңбегінде әлем әдебиетінде Алек- сандр-Ескендірді дана патша бейнесінде ғана көрсететін шығармалармен қатар та- рихи оқиғаларға негізделініп жазылған шығармалардың да бар екендігін жазады: “В некоторых источниках подчеркиваются жестокость и властность Искандера. И то- гда он предстает перед нами уже не в виде царя-мудреца, а как завоеватель” /5, 8/. Ф.Бойназаровтың бұл тұжырымына қазақ әдебиетіндегі Абайдың “Ескендір” поэма- сы да көрнекі мысал бола алады. Академик С.Қасқабасов: “…зерттелу- ге тиісті нәрсенің бірі – Абайдың Ескендір бейнесін Шығыс классиктерінен басқаша бейнелеуі. Мәселен, Фердоуси, Низами, Науаи, Жәмилерде Ескендір Иран елінің жеті атасынан бері патша болып келе жатқан ұлы әрі әділ әміршісі болып суреттеледі” /6, 236/ деген пікір білдіреді. Сондықтан Абай поэмасының кейіпкері Ескендір бейнесін парсы ақындарының кейіпкерлерімен салыстыра зерттеу абай- тану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Абай ең алдымен оқырманынан Ескендірді біле ме екен деп сұрап алып, оның жайын өзі баяндауға кіріседі. Бұл Абайдың жұртқа олар білетін, халық ара- сында ауыз әдебиеті үлгілері арқылы “Қос мүйізді Зұлқарнайын” деген атаумен кең тараған Ескендірден басқа кейіпкер жайын жыр ететінін аңғарту үшін ұстанған әдісі болса керек. Абай заманындағы туындаған шығарманың оқырманынан тыңдарманы көп болғаны белгілі. Сол себепті кейіпкерінің атын сол кездегі тыңдаушы құлағына ауырлау тиетін Александр деп алғаннан гөрі құлақ естіп, ауыз айтып үйренген Ескендір деп таңдауы да түсінікті жағдай. Абай тарихи шындыққа сай Ескендірдің Филипп патшаның перзенті екенін, оның Македонияны мекен еткенін, қызғаншақ адам болғанын жазады: Осы жұрт Ескендірді біле ме екен? Македония шаһары оған мекен. Филипп патша баласы, ер көңілді, Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен /7, 64/. Ескендір тақырыбына қалам тартқан алғашқы парсы шайыры Фердоуси (936- 1027) болғанмен, парсы әдебиетінде Ескендір тақырыбына жазылған шығар- маларға Ганжелік Низамидің “Ескендір- наме” шығармасының негіз болғаны талас тудырмайды. Низамидің Ескендірнамесі осы тақырыпта жазылған барлық шығармалардан қай тұрғыдан алып қарасақ та, көлемі жағынан болсын, мазмұны жағынан болсын, шоқтығы биік туынды. Шығарма өте биік ақындық деңгейде жазылған. Жақсы нәрсенің қашанда жалғасын тауып жататыны мәлім. Кейінгі ақындардың еліктеп, сол тақырыпты жырлауына түрткі болуына Низамидің ақындық қабілетінің биіктігі, талантының сонылығы әсер етсе керек. Сондықтан да өзінен кейінгі ақындар осы шығармаға еліктеп, тіпті сол тақырыпты қайталап жырлап, жауап ретінде нәзира үлгісін дамытып, шығыстық Ескендірлер бейнесін қалыптастырды. Парсы әдебие- тінде “Бестік” – “Хамса” шығармаларын жазу үрдісі де Низамидің “Хамсесінен” кейін пайда болып, өз жалғасын тапты. Нәзира – Шығыс әдебиетінде ықылым заманда қалыптасып, бертінге дейін өзінің жалғасын жақсы тапқан әдеби шығармашылық дәстүр. Бір ақынның үлгілі шығармасының тақырыбына еліктеп, жауап ретінде сол шығарманың өлең өлшемін сақтап, басқа бір ақынның дүниеге әкелген туындысы нәзиралық үлгідегі туынды деп саналады. Кейбір кез- дерде шығарманың өзінің алдыңдағы туындыдай ұқсас жазылуы соншалық, оқырман аударма оқып отырғандай әсерде болады. Ескендір жайлы үлгі боларлық дәрежеде жыр жазған, кейін ол жырлаған шығарма басқа ақындардың еліктеу үрдісіне айналған Низамидің “Ескендір- намесі” (اسکندرنامه” – (Хамсеге” енген соңғы бесінші поэма. Көлемі жағынан бұл поэма Низамидің алдыңғы поэмаларының бәрінен де қомақты. Шығарма 10500 бәйітті қамтиды, екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім: Шарафнаме – Даңқ кітабы, екінші бөлім: Иқбалнаме – Бақыт кітабы немесе Хераднаме – Даналық кітабы. Ша- рафнаме бөлімі 63 тараудан, ал Иқбалнаме бөлімі 42 тараудан тұрады. Низами әр та- рауды жеке-жеке бөліп, олардың атауын қойып отырады. Ақын “Шарафнамеде” шарапшыға, ал “Иқбалнамеде” әншіге қаратып лирикалық шегіністер жасайды: Кел, сақи, анау райхан мінезді шарапты, Маған бер, пейішті есіме түсірсін /8, 946/. Ганжелік Низами Ескендірнаме шығармасының “Иқбалнаме” бөлімінің 9 тарауында шебер жылнамашының ауызы- нан Ескендірді бірнеше себептен Зұлқарнайын деп атайтынына тоқталады: Бірінші, Шығыс пен Батысты түгел шарлап шыққандығына орай; “ғерн” араб тілінде шығыс және батыс деген мағынада жұмсалған. Екінші, желкесінде өрілген екі тұлымы болғанына орай; “ғерн” бұрым, тұлым деген мағынаны да береді. Үшінші, түсінде Батыс пен Шығысты күннен алған көрінеді; Төртінші, екі “ғерн” өмір сүрген, “ғерн” арабша ауыз екі сөйлеу тілінен отыз жылдық кезең деп те аударылады /9, 1331-1467/.

Читайте также:  Ұлттық байлықтың бірдей бөленбейтіні туралы

Оставить комментарий