Абай Құнанбайұлының ән шығармашылығы

Абай Құнанбайұлы (1845-­1904) ­ сөз, ой және рух алыптарының бірі, оның туындылары қазақ халқының рухани байлығы мен мақтанышы ретінде қабылданып, бүкіл адамзаттың мәдени құндылықтарының қазынасында мәңгілікке ие болды. Оның поэзиясында халықтың және өзінің өткен өмірі, тұрмысы, дүниетанымы туралы түсініктер көрініс тапты. Абайдың ұлылығының бір қыры ­ оның поэзиясында, проза мен аудармаларындағы құрылым мен мазмұнның үйлесімділікке жетуінде. Осындай гармонияға ұдайы талпыну жолында ол замандастары мен келешек ұрпақтар оны түсінсін деп өзінің поэтикалық тілін жетілдіріп, ойшы ретінде философиялық абстракцияның шыңына, құбылыстардың түп­ түйінін ашатын. Өзінің ақсүйек тегіне қарамастан ол барлық жанымен халықтың күнделікті өмірімен тығыз байланысты болған. Отаны мен туған халқына және жеке адамға бар жүрегінен шыққан сүйіспеншілігінде оның адамгершілігі сезіледі, сондықтан ол ақындар мен келесі дәуірлердің ойшыларына үлгі әрі олардың рухани ұстазы болып табылады. Оның шығармашылық жұмысы көпқырлы: ақын, ойшыл, ағартушы, рухани ұстаз және композитор. Ол әлі күнге дейін халықтың санасын оятып, қазақтарды рухани жетілуге жетелейді. Сондықтан Абайдың 160­жылдығын тойлау халықтың тарихы, мәдениеті мен тұрмысын тануда тағы бір қадам болып табылады. Академик М.О.Әуезов айтқандай: Абай біз үшін тек өткен заман емес. Ол халықпен бірге алдыға ұмтылған, бұндай ақын үшін ажал жоқ, өйткені оның туындыларының уақыты шексіз («Абай для нас не только прошлое. Он шел вместе с народом в его неуклонном стремлении вперед, а для такого поэта нет смерти, ибо время не ставит предела его творениям») [1, 414]. Абай туралы, оның сан қырлы және қарқынды (үдемелі, интенсивтік) поэтикалық және қоғамдық іс­әрекеті туралы әдебиет қазіргі кезде көп. XX ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы зерттеулерде оның шығармаларын жаңа тәсілдермен талдау жолдары табылып, ақынның өмірі мен заманының зерттелмеген салаларына түсініктемелер беріліп, бұрын белгісіз мәліметтер айқындалды.

Оның бірі ­ Абайдың энциклопедиялық білімдарлығы. Бала кезінде қазақтың шексіз даласы, халықтың рухани Меккесіне айналған Семейдің медресесі мен орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиетін, шығыс тілдері мен философиясын шындап оқиды. Әкесі медреседен алғаннан кейін Абай дала өмірін, байлардың бір­бірімен қарым­қатынасын, олардың арасындағы қайшылық, ұрыс, сатқындық атмосферасын көреді. Бірақ мұндай ойшыл адам үшін драмалы (қиын) жағдайларда да білімдарлыққа ұмтылады. Ол өзінің ағайындарының ортасын, тұрмысын, әдет­ғұрпы мен салттарын байқайды. Абыройлы би, оратор, аралық сот төресі, қазақтардың ақылы, ұяты мен намысы болады. Абайдың көркемдік шығармашылығы да универсалдылығымен ерекшеленеді. Оның шабытының диапазонының өзі қандай. Ол екі жүзден астам көлемді және кішігірім өлеңдер жазған, оның ішінде үш нәзира поэмасы, Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын аударып, басқа орыс ақындарын да білген, шығыс поэзиясы жайлы хабардар болған. Оның поэтикалық білімдері тарих, этнография, философия, мәдениеттану, кітаптану сияқты бір­бірімен шектес пәндермен қатар жүретін. Мұндай білімі әлем құбылыстары жайлы әдеттегі ұғымдарды кеңейтіп, тереңдететін. Олар арқылы Абай қазақ өлеңінің дәстүрлі поэтикасын жетілдіріп, оны байытуға жол ашты (Абай бұрын белгісіз болған он бестен астам өлең құрылымдарын әзірлеген). Ақын сол кездегі әдебиетте кездеспеген жаңа жанрларды енгізді, оның ішінде ­ философиялық поэма, сықақ памфлет, философиялық және азаматтық лирика, философиялық ой­толғаулардың, пайымдаулардың, публицистика, өсиет және афоризмдердің синтезін құрайтын ғақлия (өсиет). Осындай көпқырлылық білімдарлықтың бір қыры болып табылады. Абайдың қоғамдық жұмысы да әмбебапты әрі білімдарлықты болған. Ол шын жүрегінен қарапайым қазақтарға жаны ашып, Қоңыр Көкше өңірінің болысы ретінде өмірінің соңына дейін соттарда халықтың қорғаушысы болып, жас ғашықтарды құтқарып, тек өзінің ағайындарының ғана емес, сонымен қатар қорланған, үлестен құр қалған кедейлерді де айыптайтын. Абай тұлғасының маңызды, бірақ аз зерттелген жағы ­ оның таңқаларлық музыкалдылығы. Ол туралы оның замандастары, жақын туыстары, шәкірттері ақындық және музыкалық шабытының тууының куәгерлері мәлімдейді. Абайдың музыкалық дарындылығын оның поэзиясы дәлелдейді.

Читайте также:  Комплекс дегеніміз не?

Өйткені, ресей академигі Борис Асафьев айтқандай, поэт немесе жазушы музыка туралы еш нәрсе айтпаса да, оның өлеңін оқу кезінің өзі музыкалық болуы мүмкін («может вовсе не упоминать ничего о музыке, и все­таки действо поэтическое (процесс звучания стихов) будет у него музыкальным») [2, 12]. Абайда дәл солай болды. Абайдың бірде бір замандасы өз туындыларында қазіргі кезең адамының жанын, махаббатын, өмір және табиғи құбылыстарына таңдандыруды жеткізе алмаған. Сондықтан оның кез келген өлеңі өзімен бірге туған әуенмен біртұтас болып қабылданады. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Абайдың ән шығаруы біртұтас шығармашылық процесс болған: өлең әуенмен бір кезде шығарылатын, олар бір­біріне әсер етіп, бір­бірін туғызатын. Бұның себебі тек Абайдың өз әндерін халыққа таныту мақсатынан ғана емес, сонымен қатар оның ішкі қажеттілігінен, оның музыкалық дарындылығынан шығатын. «Мынау салқын лебі айықпай ескен күншуақты көктем күнінде Абай жүрегі өзгеше бір еміреніп келеді. Кеудеде талай ыстық толқын сезімдер сыя алмай сығылысқандай… Өлең әнге оралып, еркеленіп келеді… Үзіле алмай ырғалады. Абай байқамапты. Бұның бар өлеңін Мәкіш тыңдап отыр екен. Бөтен біреудің өлеңі емес, інісінің өз өлеңі екенін де біліп отырыпты» [3, 296], ­ деп М.Әуезов Абайдың шығармашылық процесін аттас роман­ эпопеясында поэтикалық түрде келтіреді. Абай қазақ даласындағы әрқашан дүниені түсінетін жалғыз амал ретінде музыканы түсініп, ән дүниесімен тығыз байланысты болған. Әнге деген сүйіспеншілігі Абайда жас кезінен оянған. Әжесі Зере мен шешесі Ұлжанның жылы жүрек атмосферасында өсіп, олардан әнге, ертегіге, аңыздар мен дастандарға құмарлықпен қарауды үйренген. Абайдың поэтикалық дарындылығы халықтың мәтінді­музыкалық көркемдік шығармашылығы, қазақтың көне, ғасырлар бойы қалыптасқан фольклоры, шығыстың араб, парсы, түрік тілдеріндегі бай әдебиеті мен игілікті әсер еткен классикалық орыс әдебиеті негіздерінде дамып, өскен. Абай өз кезіндегі көптеген басқа ағартушылар сияқты өз сөзін эмоционалды, түсінікті етіп халыққа жеткізуге тырысқан, сондықтан әуен мен музыкалық форманы қолданған. Оның өлеңдерінің барлығы дерлік жас кезінде шығарған сықақ және кейбір экспромттардан басқа, домбырада сүйемелдеуімен тартылып, өз әуендеріне айтылады деген пікірдің негізі бар. Бірақ сөз бен музыканы біртұтас қосу талпынысында Абай жалғыз болған жоқ.

Оның дәуірінде қазақ музыканттарының орындаушылық шеберлігі өркендеу шыңына жеткен. Сол кезде аспапты музыканың көрнекті өкілдері өмір сүрген. Оның ішінде ­ Құрманғазы Сағырбайұлы (1823­1898), Тәттімбет Қазанғапұлы (1815­1862), Ықылас Дүкенұлы (1843­1916), Байсерке Құлышұлы (1832­1885), Дәулеткерей Шығайұлы (1820­1887), Дина Нұрпейісқызы (1861­ 1955), белгілі әнші­композиторлар Біржан Қожағұлұлы (1832­1916), Мұхит Мералиұлы (1841­ 1918), Ақан сері Қорамсаұлы (1843­1913), Әсет Найманбайұлы (1856­1923) және т.б. Олардың шығармашылығында уақыттың рухани ерекшелігі мен қоғамның эстетикалық қажеттіліктері көрініс тапқан. Олардың көпшілігі білімді болғандықтан жазу білген, орыс, араб тілдерін жетік меңгерген, соның барлығын өз шығармашылығында қазақтың халық музыкасының тұрақты дәстүрлерімен үйлесімді түрде байланыстырған. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасының дәстүрлерімен тығыз байланысымен қатар, ерекшелігімен де сипатталады. Абайдың музыкалық дарындылығының осы қасиеттері Жидебайда ерекше музыкалық ортаның, ерекше ән әлемі мен Абай басшылығымен өзгеше музыкалық мектептің қалыптасуына әсер еткен. Абай ауылында қазақ музыкасының ұлттық дәстүрлері уақыттың жаңашылдық бағыттарымен жағымды үйлескен. Оның шәкірттерінің арасында туыстармен бірге жақын және алыс болыстардан келген дарынды жастар болған. Абай олардың рухани жетекшісі, ұстазы ретінде халықтың музыка өнерінің құпияларын ашуға жетелейтін. Сол шәкірттерден кейін домбырашы, қобызшы, сырнайшы, скрипкашылардан тұратын өзгеше ансамбльдер құрастырылып, олар әндерді тек жеке емес, дуэтпен, хормен қосылып орындайтын болды. Бұл құбылыс музыканттардың орындаушылық өнерінде жаңалық болған. Сол өзіндік музыкалық топта орыс тілінде білім алған, Петербордың Михайлов артиллериялық училищесін бітірген, неміс тілі, орыс мәдениеті мен әдебиетін жетік білген Абайдың ұлы Абдрахманның (1869­1895) рөлі бағалы болған. Абай мен оның айналасындағы адамдар оның арқасында Еуропаның философиясы, әдебиеті мен музыкасымен танысқан. Ол скрипкада ойнаған, оған қоса кейбір мемуаршылардың мәлімдемелері бойынша нотаны да таныған. Абай солтүстік астанада айтылып жүрген сол кездегі орыс музыкасын, әсіресе М.Глинканың, А.Рубинштейннің, А.Варламовтың, А.Алябьевтің, А.Гурилевтің романстарын тұңғыш рет Жидебайда Абдрахманның орындауында естігені мүмкін. Осы музыкант­шәкірттердің саңлақтар тобында Абайдың үлкен ұлы Ақылбай (1861­1904) ерекше орын алған. Ол көп уақыт әкесінің ықпалынан тыс өскен (оны Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным асырап алған).

Читайте также:  Шәкәрімнің поэтикалық тілі

Бала кезінен музыкаға бейімі білінген ол өскенде халықтың арасында сері­мырза атанып, домбырада шебер ойнап, ән салып, ойын­сауықта уақытын өткізген. Кейін әкесінің ең үздік шәкіртінің бірі болып, тамаша ақын ретінде суырып салмалық өнерде, ән салуда көрініп, скрипкада да ойнаған. Ақ көңілді мінезімен ол кез келген ортаға музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен ән орындап, үйлесімді кіріп кететін. Ақылбай қазақ әндерін тек скрипкада орындаумен қатар, өзі де ән шығарған. Оның «Шыт кидім бұлғыннан кәмшат жаға», «Матай да алыс бірталай жер дегеннен соң» әндері әлі күнге дейін халық арасында орындалып жүр. Олардың соңғысы Матайға келе жатқанда әнші Әлмағамбеттің өтініші бойынша бір демде шығарылған. Абайдың басқа да балалары мен туған туыстары ерекше музыкалық қабілетті болған. Мысалы, Мағауя (1870­1904), Абайдың ең білімді шәкірттерінің бірі, денсаулығы нашарлағаннан кейін Семейдегі орыс тілінде оқуын тоқтатуға мәжбүр болды. Мағауя өзі орыс тілін үйреніп, Петербордан Абдрахман жіберген кітаптарды әкесімен бірге оқитын. Оның лирикалық әндерін, романтикалық «Ледгар­Қасым», «Еңлік­Кебек» поэмаларын ауылдың жастары әндетіп жүретін. Ол өз әкесінің әндерін дарынды орындаушылардың бірі болған, олардың кең таралуына себепкер болған, өз өлеңдеріне музыка шығармаса да, сол кездегі музыка мәдениетіне қомақты үлес қосқан. Абай мектебінің өкілдерінің арасында өзінің кең білімдарлығымен, жан­жақты дарындылығымен Шәкәрім Құдайбердіұлы (1859­1931) ерекше көзге түседі. Абайдың тікелей тәрбиесінің ықпалын көріп, ол бірнеше тілдерді меңгеріп, орыс және батыс еуропа әдебиетін білген, Меккеге қажыға барған жолында Стамбул мен Париждің кітапханаларында дайындалған (осындай версия бар), Шығыстың ірі ойшы­философтарының бірі болған. Оның композиторлық дарындылығы жайлы мәліметтер көп емес, бірақ Шәкәрімнің музыкалық мұрасының бір бөлігін 1987­1989 жылдары Т.Бекхожина алғаш рет жинап, ноталық жазбаға түсірген. Мысалы, 1879 жылы шығарған «Жастық туралы» туындысының сәйкес романтикалық әуені болғаны белгілі. Бұл туралы ақынның туған баласы Ахат әңгімелеген. Сондай­ақ, оның «Жылым ­ қой, жұлдызым ­ шөл» (1919) және «Тура жолда қайғы тұрмас» (1924) өлеңдерінің музыкалық сүйемелдеуі бар.

Шәкәрімнің ән мұрасында Абай әуенділігінің ықпалын сезуге болады. Оның ішінде Мұстафа Турабайұлының орындауында А.Бимбоэс жазып алған Шәкәрімнің екі әнінде, біріншісінің «тақпақты» түрі мен екіншісінің романсқа ұқсағанына қарамастан Абайдың ән шығармашылығының интонациялық және ырғақтық деңгейінен үндестігі байқалады. Абайдың айналасында құрылған музыкалық ортада неғұрлым дарынды өнерге ұмтылған жастар жиналған. Олар Жидебайдағы кештерге қазақ даласының жан­жағынан келетін. Осы атмосфераға кіргеннің әрқайсысы мағыналы және шебер орындаушы болған. Олардың арасынан Жұртыбайқызы соқыр Ажар (1865­ө.ж.б.) белгілі орын алатын. Жеті жасында шешектен соқыр болып, өз тағдыры туралы ән шығару өнерінде көбінен озып кетті. Абаймен кездескеннен кейін ол оның шәкірті болып, композитордың әндерінің барлығын дерлік жатқа білетін. Жапар, Уахит ақындарымен айтыстарда ол Абайды өзінің ұстазы деп атайтын. Жидебайдағы музыкалық атмосфераның құрылуына Мұқа (Мұхаммед­Қанапия) Әділханұлы (1857­1927) үлкен әсер етті. Әдемі дауысты әнші қазақтың музыкалық аспаптарымен қатар, скрипкада да тамаша ойнаған. Мұқа Абайды өзінің қорғаушысы, ұстазы, досы ретінде санап, Абайдың балаларын скрипкаға үйретіп, өзі де өлеңдерді әуенге салатын. Мысалы, И.Штраустың «На голубом Дунай» вальсының әсерінен ол «Дунай толқындары» атты автобиографиялық ән шығарып, оны скрипкада орындайтын. Мұқа Абай әндері мен өлеңдерінің ең берілген, жауапкершіл, дәл жеткізген шәкірттерінің бірі. Мұқамен қатар Семей мен Жидебай музыканттарының тамаша ансамбліне Әсет Найманбайұлы, Әлмағамбет, Мұхаметжан, Уайс, Шашубай, Исмаил, Тайыр, Зейнеп, Жүнісхан, Көкбай, Әріп, Бейсенбай Жақыпбекұлы, Қали Байжанов сияқты ақындар кірген. Ансамбльдің жетекшілігімен Жидебайда домбыра, сырнай, скрипка, сыбызғы, қобыз аспаптарында Тұрағұл, Күлбадан, Кәкітай, Рахима, Зиқаил, Әубәкір (Ақылбайдың баласы) Абайдың балалары мен туыстары ойнаған. Олардың ортасынан Абайды өзінің ұстазы ретінде санаған атақты ақындар шыққан. Оның бірі Әсет Найманбайұлы (1867­1922) Қарқаралы уезінде дүниеге келген, жеті жасынан бастап Абайға жақын Көкталда тұратын шешесінің туысқандарында тәрбиеленген. Көптеген айтыстардың үнемі жеңімпазы, көптеген қисса, дастандардың авторы, аудармашы, композитор және әнші ол Абайдан аударудың, өлең мен әуен шығару техникасын үйренген.

Читайте также:  Хиджаб киген әйелдің ұстанымдары мен күнделікті тәжірибесі

Абай ортасынан шыққан тағы бір әнші Әлмағамбет Қапсәлемұлы (1870­1932) өмір бойы Абайдың Ақылбай, Мағауя, Тұрағұл ұлдарымен бірге жүріп оқыған, скрипка мен домбырада ойнаған, Абай әндерін ең жақсы орындаушылардың бірі болып, ол қайтыс болғаннан кейін Абайды еске алу концерттеріне жиі шығатын. Абайдың ауылы өнерге, музыкаға берілген адамдарды ғана емес, байлардан қорлық көргендерді қорғайтын орын болған. Мысалы, Құнанбайдың ағасының баласы белгілі әнші Мұхамеджан Майбасарұлын (1854­1921), Абай алыс жерлерден шақырып алған. Мұхамеджан бала кезінен музыкаға әуестене сал­сері болып, уақытының барлығын ойын, сауық, тойларда өткізгендіктен, Құнанбайдан сөгіс естіп, туған жерінен алысқа жіберілген. Абай Мұхамеджанның дарындылығын, оның әдемі дауысы мен Абайдың, Ақылбайдың, Мағауяның поэмалары мен дастандарын айта алатынын жоғары бағалаған. Мұхамеджан өзінің де өлеңдеріне әуендерді қосып шығаратын. Оның «Бес қарагер, қайран жастық», «Сары бел» лирикалы әндерінің әуендік иірімдері де тек Абайдың ғана емес, Біржансал мен Ақан сері сияқты XIX ғасырдың атақты әнші­композиторларының дәстүрлері байқалады. Абай мен оның жастарының музыкалық­эстетикалық талғамдарының қалыптасуына орыс әндерінің де әсері тиген. Олардың кең таралуы Семей жұртшылығына мағыналы болған. Абайдың уақытында ол уез қаласы, сауда мен мәдениет орталығы ретінде мұнда бірнеше завод пен атақты жәрмеңкесі болған. Сонымен қатар, мұнда Н.В.Гоголь атындағы көпшілік кітапхана, облыстық статикалық комитет болған, Орыс География Қоғамының Батыс­Сібір бөлімшесінің «Жыл сайынғы хаттары» мен «Дала уәлаятының газеті» шығатын. Семейде Абай Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов, С.С.Гросс, А.А.Леонтьевтермен танысқан, олар да Абайдың жаңа формациядағы музыкант болуына әсер еткен. Орыс лирикасының поэтикалық стилін жақсы білгеніне, орыс мәдениетіне неғұрлым толық жақындағанына Абайдың өзінің көркемдік дарындылығымен қатар, аталған орыс достарының да үлесі тиген. Сонымен, 1870­1890­жылдардағы Шыңғыстау мен Семейдегі музыкалық өмір қызықты, толықты және жан­жақты болған. Осындай жағдайда ақын Абайдың әншілік, орындаушылық және композиторлық дарындылығының қалыптасуы сол кездегі қазақ қоғамының рухани дамуында заңдылықты құбылыс ретінде қабылданады. Абайдың бұл көркемдік дарындылығы өмір мен өнердегі әсемділікті ізденістерінің негізінде, адам өміріндегі музыканың мәселесінің шешілуінде қалыптасты. Абай үшін музыка әрқашан жоғары дәрежедегі өнер болып қабылданатын, Б.Г.Ерзаковичтің пікірінше әрі үнемі оны қоршаған, айналасында болған, халықтың музыкалық тілі Абайдың әуендік стилінің қалыптасуына үлкен әсер еткен [4, 20]. Яғни, музыкалылық Абай поэтикасының ажыратылмайтын бөлігі. М.Әуезов айтқандай, Абайға дейін музыканы түсінгенін ешкім осылай шын жүректен әрі терең жеткізбеген («до Абая так искренне и глубоко никто не выражал свое понимание музыки») [1, 130]. Музыка оның лирикасының жанрлық ерекшеліктеріне, поэтикалық интонациясына да әсер еткен, өйткені ол сөзге бейнелеу тәсіл ретінде және музыкалық элемент ретінде қарайтын.

Оставить комментарий