АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОЙ-ПІКІРЛЕР

Өткенге ой жүгіртіп, ұлы тұлғаларымыздың шығармаларына көз жүгірткендегі мақсат олардың еңбектеріндегі бағалы ой-пікірлерді бүгінгі күннің керегіне жарату. Осыны ескере отырып, ұлы Абай шығармаларындағы экономикалық мәселелердің мағынасын ашуға тырысалық. 113 Абай Құнанбаевтың өмір сүрген және шығармашылықпен айналысқан кезеңі Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуымен және патриархалдық-феодалдық құрылыс дағдарысының тереңдеуімен сәйкес келеді. Бұл процестердің жеделдеуіне қазақ ауылдарына тауар-ақша қатынастарының енуі, капитализмнің дамуы, аймақты отарлаудың және еңбекші бұқараны жергілікті байлар мен патша шенеуніктері қанауының күшеюі айтарлықтай әсер етті. Осындай кезеңде өмір сүрген Абай өзі өмір сүріп отырған қоғамды сынап өткен және де жай сынап қана қоймай, оның түпкі негізі – көшпелі мал шаруашылығы екендігін, мұның біржақтылығын, қол еңбегінің шектен тыс ауыр азабын ашына көрсетеді. Қоғамдық өмірге би-болыс ретінде жиі араласқан ол жыл мезгіліне қарай көшіп-қонып жүретін қазақ халқының ауыл шаруашылық экономикасын жетік білген. Оның әйгілі «Ғақылиясы» мен «Қара сөздері» негізінен экономикалық сипатта жазылуы осыған дәлел. Абай шығармаларында көп кездесетін сөз «мал» сөзі. Осы сөздің Абай шығармаларындағы мазмұнына назар аударалық. Қазақтың ауызекі тілінде малды көбінесе тікелей мағынасында қолданып жүрміз. Ал Абай өлеңдерінде, қара сөздерінде мал тек тікелей мәнде ғана емес, ұғым ретінде қолданылған. Мысалы, ақын «Аш қарын жұбана ма, майлы ас жемей» деген өлеңінде «мал» туралы былай дейді: «жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, малың болса, сыйламай тұра алмас ел» [2; 214]. Бұл жерде Абай «мал тап» дегенде нақпа-нақ жылқы, сиыр т. б. айтып отырған жоқ, жалпылама байлықты, меншікті айтып отыр. «Мал» сөзін байлықтың жалпылама көрсеткіші капитал ретінде қолданып отыр. Мына келесі шумақта да «мал»-ды байлық, капитал мағынасында қолданған: Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас, Еңбек қылмас еріншек адам болмас. Есек к…н жусаң да мал тауып кел, Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас [2; 214]. Абай «малды» экономикалық ұғым ретінде бейнелеген. «Мал» ақын шығармаларында «байлық» және «капитал» сияқты ұғымдармен мәндес болып отыр. Өз шығармаларында Абай қазақ халқын отырықшылыққа шақыра отырып, шаруашылықты жүргізудің озық түрлері – егіншілікпен, өнеркәсіппен, саудамен айналысуды батыл уағыздайды. «Қара сөздерінің» «Үшінші сөзінде» бұл жөнінде былай деп жазады: «Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан; өзге егін, сауда, өнер, ғылым секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді» [1; 11]. Өмірі өткен ескі феодалдық қатынастардың сауданы дамытуға кедергі жасайтынына да назар аударған: «Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр, Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр» [2; 31],- десе, «Он алтыншы сөзінде»: «Саудагер несиесін жия келгенде, «тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазамын ба?» дейтұғыны болушы еді ғой»,-дейді. «Алтыншы сөзінде» ол мынадай пікір айтады: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік — ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» [1;19]. Бұдан әрі Абай мұндай психологиямен: «Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың» [1;20], — деп жазады. Ол бұл жерде ең түбегейлі экономикалық мәселе – меншік қатынастарына көшу қажеттігін меңзеп отыр. Ақын жеке меншікті жақтайды, өйткені ол шаруашылықты тиімді жүргізуге ықпал етеді. Ұлы ойшылдың осындай экономикалық көзқарасы қазақ халқы өмір сүріп отырған сол кездегі қоғам қойнауында пайда бола бастаған жаңа тауар – ақша қатынастары мен шаруашылықтың ұсақ тауарлы капиталистік түрін бейнелейді. Абай шығармаларының мазмұндық арқауы – адал еңбек. «Қырық екінші сөзінде»: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір 114 жылқының майын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма?» [1; 112] – деп адал еңбекті дәріптейді. Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек, Ұрлық, қулық қылдым деп қағар елбек. Арамдықтан жамандық көрмей қалмас, Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек. Адамзат тірілікті дәулет білмек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек. Екеуінің бірі жоқ ауыл кезіп, Не қорлық құр қалжыңмен күн өткізбек [2;20]? Бұл жыр өз заманында жазылса да ескіретін емес, қайта өзектілігі арта түскен. Дәл бүгінгі нарық заманына арнап айтылғандай: уақытпен жарысып, қай кезең болса да сай келетін жыр. «Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек», — деп Абай біздің бүгінгі алаяқтар мен аламандарды, ұрлық, қулық-сұмдықпен елді алдап-арбап, тонап байып жатқандарды сынап отыр емес пе? Адал еңбекпен емес, арам «еңбекпен» байып, адал еңбеккерлерге шекесінен қарап жүргендердің баршылығы — бүгінгі өмір шындығы. Мынаны да атап өткен жөн. Қазіргі нарықтық экономика құру кезеңінің дәйексіздігінен болашағынан үміт күтуге болатын бірқатар жас мамандар ақша табудың жеңіл жолына түсіп кетті. Даярланып жатқан мамандардың сапасы да, олар, әсіресе сырттай оқу бөлімінің, қалай оқып, тәрбиеленіп жатқаны да бәрімізге белгілі. Бұл жөнінде Абай былай дейді: «Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты халал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол» [1;27]. Осындай жайға кезінде күйінген, мұңайған және мұның кейін де қайталануы мүмкін екенін сезінген ұлы Абай бұл жөнінде де былай деп қайғырған: Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, Шошимын кейінгі жас балалардан. Терін сатпай, телміріп көзін сатып, Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман [2;23]. Баюды мақсат еткендер ішінде ар-намысын аяқ асты еткендерді Абай былай деп сынайды: Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап, Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап. Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп, Елдің байын еліртіп «жау мұндалап». Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап, Бұларды керек қылмас ешкім қалап. Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап [2;77]. Абайдың осы пікірлері мына нарық легіне ілінген бүгінгі кейбір қазақтарға да тура келіп отыр. Аптығып-ұптығып қалай болса да байимын деушілер адамдық пен арамдықтың арасын ажырата алмауы ғажап емес. Ондайлар туралы Абай: Амалдап қарағайды талға жалғап, Әркім жүр алар жердің ебін қамдап. Мақтан қуған мал құмар нені ұға алсын, 115 Шықпаса мыңнан біреу талғап-талғап [2;77]. Ақын мал табудың өзін ақыл нәтижесі деп білген. Сондықтан мал тапқан адам ақыл тапқан, керісінше, ақыл тапқан адам мал да табады. Бұл адамдық, адалдық жолы. Көкірегі ояу, саналы жұрт осы жолмен жүрмек керек. Бұдан өзге құдайдың атқан жолы бар: Бір-ақ секіріп шығам деп, Бір-ақ қарғып түсем деп, Мертігеді, жатады. Ұрлықпен мал табам деп, Егессе ауыл шабам деп, Сүйтіп құдай атады [2;64]. Абай мал табуды тек еңбек қана деп қарастырмай, оны адамгершілікке, адамның еркіндігіне бастайтын жол, мүмкіндік ретінде қарастырады: Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас, Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас. Зиян шекпей қалмайсың ондай істен, Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас [2;214]. Абай шығармаларынан нарық экономикасының маңызды белгілерінің бірі – экономикалық прагматизмді де байқаймыз: Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа, Ас берер ауылды іздеп жүрсің босқа. Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа [2;213]. Бұл өлеңімен Абай: малың болмаса, басыңда еркің жоқ, қолбаласың. Малың болмаса, өзіңді-өзің сыйлаудан қаласың, асаған, ұрттағанға мәз болып ез атанасың. Басыңда ерік болсын десең, мал табудан арланба, қандай еңбек болмасын қолыңа жұғып қалмайды, — деген ойды сіңіреді санамызға. Абай меңзеген осы экономикалық прагматизм бізге керек-ақ. Өйткені, бізде жұмыс таңдау, жоқ нәрседен арлану бар. Шет елдерде қандай жұмыс болмасын құрметті, тек ақысы болсын. Абай айтқан «есектің артын жусақ та мал табуға» арланамыз, одан да аз-паз билігі бар таққа отыруды қалаймыз. Сондықтан да экономикалық прагматизмнің ұлтымыздың санасына орнауы әрі заман қажеттігі, әрі маңызды проблема. Сонымен бірге Абай әр істің ебін біліп, сауда-саттықтың тегін біліп, қарекеттену қажеттігін де ескертеді: Егіннің ебін, Сауданың тегін Үйреніп, ойлап, мал ізде; Адал бол – бай тап, Адам бол – мал тап, Қуансаң, қуан сол кезде; Біріңді, қазақ, бірің дос Көрмесең істің бәрі бос [2;104]. Абай шығармаларында кеңінен насихатталған экономикалық мәселелердің бірі – қолөнермен айналысу. Ол мұны егіншілікпен және саудамен бір қатарға қояды. «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» [1;71], — деп қорытындылайды ақын өз ойын «Отыз үшінші сөзінде». Ол қолөнершілерді жалқаулыққа салынбай, кәсіптік шеберліктерін одан әрі жетілдіре түсуге, басқа халықтардан, орыстардан үйренуге, өзінің еңбегін әділ бағалап, өнімді айырбастау кезінде құнын дұрыс алуға, алданбауға шақырады [1;9,10,71,72]. Бұл жерде Абай құн заңының талабы болып табылатын баламалы айырбастың қажеттігіне назар аударады. Тағы бір өлеңінде Абай: Адалдан тапқан тиынды Сал да сақта қапшыққа. 116 Қолдағыңды қорғап бақ, Мал арзан деп аптықпа, — деп кәсіпкерлік белгісі – үнемшілікке, тапқан пайданы ақылмен жұмсауға үгіттейді. Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, Абай шығармаларындағы экономикалық ой- пікірлер қазіргі нарық заманының өзекті мәселелерін дөп басатын, бүгінгі күннің талабына сай терең ғибратты қағидалар деп толық негізде айта аламыз. Әдебиеттер: 1. Абай. Қара сөз. Поэмалар. Алматы, «Ел», 1993. 2. Абай. Шығармалар. Алматы, «Мөр», 1994.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar