Ғабит Мүсірепов және қазақ операсы

Өткен ғасырдағы ұлттық музыка мәдениетінің тарихы дарынды жазушы­драматург, Социалистік Еңбек Ері, академик Ғабит Мүсіреповтің атымен тығыз байланысты. Ол жаңа мәдениет бастауларында тұрған шағын топтың өкілі, оның негізін салушылардың бірі. Қазақ әдебиеті классигінің рухани қызметінің барлық салаларына ­ драмалық және музыкалық театрлардың қалыптасуына, кино өнерінің дамуына қосқан үлесі зор. Ғ.Мүсірепов, әсіресе, ұлттық опера жанрына көп еңбек сіңірді. Опера өнерін адамзат өркениетінің ең жоғары мәдениет жетістігі деп түсініп, оның өзіндік ерекшелігін терең түсінді. Бұл өнердің көркемдік мүмкіндіктерінің молдығын бағалай отырып, Мүсірепов өз шығармашылығында үнемі музыкалық театрмен байланыста болды. «Қыз Жібек» (1936), «Амангелді» (1945), «Ақан сері ­ Ақтоқты» (1982) операларының либреттосын жазды, музыкалық өнер қайраткерлері (К.Байсейітова, А.Жұбанов, Е.Брусиловский, т.б.) жайлы мақалалар жариялады. Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш ­ Баян сұлу» (1966) балетінің сюжеті де Ғ.Мүсіреповтің қаламынан шыққан. Жазушының опералық жанрға қызығушылығы терең де тұрақты болды. Мүсіреповтің шығармашылық стилі жайында айтқанда оның опералық ойлау феноменін атап өту керек. Бұл оның бейнелік­тілдік баяндауынан, шығармаларының архитектоникасы мен композициялық құрылымынан, тақырыптарының әдемілігі мен маңыздылығынан, музыкалық­сахналық драма заңдылықтарын білуі мен терең сезінуінен жан­жақты көрінеді. Оның шығармашылық қолтаңбасының жоғарыда аталған қасиеттерін жазушының күнделіктеріндегі ойлары дәлелдей түседі. Онда бір кезде драматургті египет билеушісі Нефертити сұлу жайлы сюжет қызықтырғаны жайында айтылады. Осы сюжеттің опералық нұсқасының жазбаларындағы Мүсірепов ремаркасында болашақ операның прологы мен финалында хор болуы керек делінген. Жазушының опералық ойлауының тағы бір айқын мысалы оның «Қайран Майра» (музыкасы Е.Рахмадиевтікі) музыкалық драмасымен жұмысы.

Өз күнделіктерінде Майраның өмірбаянына қатысты деректерді мұқият түсіріп, әншінің қызық та қайғылы тағдырының кейбір кезеңдеріне көп рет қайта оралып отырады, егер бұл сюжетті опералық либреттоға айналдырса, Майраға Тәттімбет күйлері сәйкес келеді дейді. Бұл тұрғыда бізге жазушы күнделігіндегі тағы бір жазбасы қызық: «Қазақ солдаты» операға да ыңғайлауға келетін сияқты екен. Қайрош, Ақбота, екеуінің шешелері, Семен, Толстов Самед, Шеген, т.т. соғыс тұсындағы халық, майдан­еңбек… Жайық, Каспий жағасы, Қырым. Новороссийск. Лирика бар, ерлік бар, күйректік жоқ. Сахнада көл… бұрқ­бұрқ тиіп жатқан оқтар». Бұл жазбаларға қарағанда Ғ.Мүсірепов опера либреттосының мазмұнын тек қана қысқаша баяндап шықпаған, оның маңызды драмалық түйіндерін, театрлық сипатын атап көрсетеді, кейіпкерлердің аттарын беріп, сюжеттік коллизиялардың қиылысуларын, сахналық суреттердің ауысуларын жайып салады. Драматург­суреткер «Қазақ солдатынан» сюжеттік желінің эскиздерін ғана жасап қоймайды, жобаланбақ операның концепциясын анықтап, ауқымды және сахналық сипаты айқын ойлар айтады. Ғ.Мүсіреповтің профессионалды музыкалық өнердің күрделі жанрларына жақындығы оның белгілі тұлғалардың атын драмалық және музыкалық театрлардың сахнасында, кейінірек кино экрандарында қалдыру үшін еткен қажырлы еңбегімен де көрінеді. Біз бұл жерде халықтық тума дарын иесі Ақан сері Қорамсаұлы және даңқты батыр Амангелді Имановты айтып отырмыз. Олардың күреспен өткен драмалық тағдырлары жазушының көңілін өздеріне аударды. Әртүрлі өнер салаларының өзіндік ерекшеліктерін пайдалана отырып, өзінің шығармашылық дарыны мен қажыр­қайратын салып, Ғ.Мүсірепов олардың көркем бейнелерін драма, опера мен кинода беруге қайта оралып Бұл тұрғыда өткен ғасырдың 80­жылдарында қойылған «Ақан сері ­ Ақтоқты» операсы (композиторы КСРО Халық артисі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сыдық Мұхамеджанов) айқын мысал бола алады. Либреттошының соңғы опералық туындысында «Ақан сері» музыка авторындағы сияқты жалынды ақын, шебер әнші, дарынды сазгер ретінде көрінеді. Оның толқынды тағдыры ұлттық бояулы музыкамен, көркем, бейнелі тілмен беріледі. Дарынды «сөз зергерінің» (М.Қаратаев бағасы) көркемдік таланты, либреттошылық хас шеберлігі жаңа шығармасында көп қырынан көрінеді ­ жазушының әртүрлі әлеуметтік топтарды қайшылықты сипаттарымен алуында, негізгі кейіпкерлердің бейнесін жан­жақты дәл суреттеуінде, әлеуметтік мотивтерді терең ашуында, сюжеттік желіні динамикалы дамытуында, осы айтылғандарды дәл, өткір тілмен (шешендік өнер, ұтқыр тіл) беруінде.

Читайте также:  КƏСІПТІК ОҚЫТУ БАКАЛАВРЛАРЫН ДАЯРЛАУ ЖҮЙЕСІНДЕ ТЕХНОЛОГИЯ ТҮРЛЕРІН ПАЙДАЛАНУ

Осылайша опера либреттосында жазушы қолтаңбасына тән стильдік ерекшеліктер ­ өткен ғасырдың 40­жылдарының басында академик Мұхтар Әуезов атап өткен «стиль әуенділігі, көркем бейнелердің поэтикалық, психологиялық тереңдігі» айқын көрінеді. Музыкалық театрдың заңдылықтарын білу опера жанрының өзіндік ерекшеліктерін өткір сезіну, бай профессионалдық тәжірибе мен жазушылық шеберлік мұнда аттас драмалық пьесаға қарағанда жетекші мотивтер ретінде әлеуметтік, лиро­романтикалық бастауларды алға шығарды. Драматург либреттомен жұмыс үстінде бұл екі басты бастауларды ашу үшін сахналық драматургияны музыкалық драматургиямен үйлестірді. Ақан сері өмірінің жарқын, қызулы сәттерімен қатар опера сюжетінде тамаша әндер авторының поэтикалық жан дүниесі, таза, биік өнерімен туған халқына рухани қызмет етуге деген ыстық ықыласы беріледі. Халқына қуаныш пен сұлулық сыйлап, оның ауыр тағдырын көтеріңкі көңілмен, жанды сезіммен аялау талабы көрсетілген. Ақан сері Қорамсаұлы өзінің музыкалық­поэтикалық туындыларында: «Маған өмірдің қаншама соққы бергенін, не үшін қатал болғанын ғалым адам ғана түсінеді. Маған данагөй тап болса екен ­ ол менің атымды да, ісімді де сақтайды», ­ деп жазды. Шынында да сазгер­ ақынның атын мәңгілікке қалдырған данагөй ­ либретто авторы Ғабит Мүсірепов пен музыка авторы Сыдық Мұхамеджанов болды. Опера жанрының жаңа мәдениетті қалыптастырудағы қызметін терең ұғынып (осындай жағдай 40­шы және бұдан кейінгі жылдары әдебиетте роман жанрының дамуында байқалды), Ғабит Мүсірепов ұлттық музыка театрын құрудағы барлық қиындықтар мен күрделі жағдайды иығымен көтерді» деп жазды қазақ операсының ірі тұлғасы Қанабек Байсейітов. «Айман­Шолпан» музыкалық комедиясының сәтті премьерасынан кейін Ғабит Мүсірепов қазақ операсының болашағы жайлы сенімсіздігін жасыра алмай, Қ.Байсейітовтың айтуынша: «Сын мақалалардың шығуы әбден мүмкін. Өздерің білесіңдер, музыкалық театрға күдікпен қарайтын адамдар бар. Міні, сол адамдар баспасөз беттерінде өз ойларын айтуы мүмкін», ­ деген. Бұл жерде Ғабит Мүсірепов өмірінің тағы бір оқиғасын келтіру де қызықты. Музыкалық мәдениет тарихындағы ерекше оқиға ­ «Қыз Жібек» (1968) операсының мыңыншы қойылымында либретто авторы болды. Төлеген партиясының орындаушысы Қанабек Байсейітов жазғандай оны риза болған көрермендер қоршап алды. Барлығы көтеріңкі көңіл күйде. Не жайлы сөйлескендерін, неге күлгендерін өздері де білмейді, естерінде де жоқ.

Ғабит Мүсіреповтің ұлттық опера өнері саласындағы көркемдік эстетикасының сөлі «Қыз Жібек» операсы (1981) клавирінің кіріспесінде басылған «Халық қазынасы» атты көлемді мақаласы. Онда жазушы негізін ұлы тұлғалар Абай, Махамбет, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Мұхит, Ыбырай, Дәулеткерей, Тәттімбет, бейнелеу өнерінде ­ Шоқан қалаған мәдениет жалғастығын ерекше атайды. Мақала авторының ойынша жаңа мәдениет дамуының көрсеткіші ­ Ахмет Жұбанов құрған халық аспаптары оркестрі. Ғабит Мүсірепов жаңа шығармашылық табыстарға жету үшін алған білімі сүйемелдейтін талант керек деп жазды. Мүсірепов жұмыстарында опера жанрына ерекше орын берілген. Ол: «бұрын тыңдаушы домбырашы ойыны мен әншіні ғана тыңдаса, оның қазіргі рухани сұранысы анағұрлым жоғары. Біздің замандасымыз әлемдік опера өнері үлгілерін білуі және күрделі жанрлар мен әлемдік мәдениет түрлерін игеруі керек». Ғабит Мүсірепов «Айман­Шолпан», «Қыз­Жібек», «Шұға», «Ер Тарғын», «Терең көл», «Бекет» операларының қысқа уақытта дайындалғанын еске салып, ұлттық опера либреттоларының жазылуына қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы қайраткерлері Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Қажым, Қамал, т.б. қатыстырылғанын айтады. Ғ.Мүсірепов ұлттық музыкалық театрдың құрылуын өздерінің азаматтық парызы, тарихи қызметі деп қабылдағанын еске алады. Және де шығармашылықтың басты шарты ретінде дилетанттық немесе көркемөнерпаздықты емес өнерге берілген, жан­жақты дарынды, туған халқының фольклорын терең білетін адамдарды тартуды айтты. «Халық қазынасы» мақаласының үлкен бөлігі Е.Г.Брусиловскийге арналған. Композитордың ұлттық музыка мәдениетіне қосқан үлесін жоғары бағалай келіп Мүсірепов оны сынау қажет емес, керісінше алғыс айту керек дейді. Өз пікірлерін дәлелдеу үшін жазушы бірнеше объективті және шынайы себептерді атайды. Ең алдымен Брусиловский Қазақстанның кең байтақ территориясындағы музыкалық фольклор үлгілерін жүйелеп, классификация жасап көркемдік тұрғыда пайдаланды, осының нәтижесінде бізге қазақ музыкасының локальдық­аймақтық ерекшеліктерін ажырату мүмкіндігі туды.

Читайте также:  Мұхтар Әуезов және қазақтың музыкалық­-поэтикалық фольклоры

Операға келген әрбір тыңдаушы жаңа халық әнімен танысып туған халқының мәдениеті жайлы түсінігін байытып, театрдан жаңа ән естіп қайтты (Ғ.Мүсірепов сол кездегі жас композитор Мұқан Төлебаевтың, Брусиловскийдің тұңғыш операсы «Қыз Жібектің» оның шығармашылығына игі ықпал еткені жайындағы айтқанын келтіреді). Екіншіден, Ғабит Мүсіреповтің атап көрсетуінше, өнерді сүйетін адам жалпы драматургияны білумен қатар музыкалық драматургия жайын да білуі керек. Брусиловский бұл тұрғыда бұрыннан бар халық әндері мен күйлерін құрастырып, жүйеге келтірді, музыкалық драматургия заңдылықтары бойынша шеберлікпен интерпретациялады. Ғ.Мүсірепов ойларын ары қарай дамыта келіп кіріккен, логикалық ой елегінен өткізілген драматургиялық материал дайын болғанда Е.Г.Брусиловский өзінің опера­балеттік шығармаларында олардың әртүрін, қазақ фольклорының табиғатына бейнелік, жанрлық, мазмұндық жағынан ең үйлесетіндерін шеберлікпен қолданған. Бұл тұрғыда қазақтың халықтық өнері құнарлы топырақ болып, халық шығармашылығы үлгілерінің бай қорын ұсынды. Ұлттық музыка театрының қалыптасуындағы тағы бір маңызды мәселе жайында оның негізін қалаушылардың бірі Ғ.Мүсірепов бағалы ой айтты. Бұл ­ халықтың музыка­ поэтикалық мұрасын опера жанрына кіргізу мәселесі. Бұл тұрғыдағы Е.Брусиловский еңбегінің маңыздылығын табиғи таланты мен шығармашылық өнімділігін атай келіп, драматург оның алғашқы опералары «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғында» қолданылған фольклорды кеңінен пайдалану әдісін тарихи заңды әдіс деп есептейді. Композитор фольклор, қазақ халқының көпғасырлық рухани қазынасы арқылы өз дәуірінің түбегейлі процесстерінің «сұрақтарына» жауап беріп, тыңдаушылардың қалың тобын жалпыәлемдік көркемдік құндылықтарымен, оның ішінде опера жанрымен табыстырды. Бұл мақаладағы Ғ.Мүсіреповтің тағы бір идеясы көңіл аударарлық. Мұнда қазақ әдебиетінің классигі халықтың көркемдік даналығының ерекше ескерткіші «Қыз Жібек» лиро­эпосының заңды түрде Қазақстанның профессионалды өнерінің ірі жанрының көшбасшысы болғанын айтады. Драматург осыған байланысты моральдық себептерді де атайды. Мақала авторы, біріншіден, опера Москвада көрсетіліп, жоғары бағаланды (1936), екіншіден, халықтың сүйікті спектаклі мың рет қойылды (1968), үшіншіден, «Қыз Жібек» ­ Күләш, ал Күләш ­ «Қыз Жібек».

Бірінші опералық туындысын Ғ.Мүсірепов өмір бойы жақсы көрді, либреттоны бірнеше рет қайта редакциялады, шеберлікпен өңдеп, мінсіз мәтін жасады, жаңа музыкалық­ сахналық және орындаушылық интерпретацияларын жібермей көріп тұрды. Ол өз күнделігінде (12.02.1984): «Қыз Жібектің жаңа қойылымын екі рет көрдім, жаман емес. Әсіресе Күләштің орынбасар сіңлісінің шыққанына қуандым (бұл Б.Төлегенова ­ С.К.). Әлібек (Дінішев) ­ бұл күнге дейін табылмай жүрген Төлеген. Талант!» ­ деп жазды. Академик Ғ.Мүсірепов фольклорлық шедевр «Қыз Жібек» лиро­эпосын жатқа біле тұрып, көптеген нұсқаларын қайта оқи жүріп оның сұлулығы мен эпикалық баяндауының байлығына, шебер құрылған композициялық құрылымына, биік те таза романтикалық махаббаттың берілуіне үнемі таңданумен болды. Либреттошыны эпоста суреттелген оқиғалардың театрлық сипаты, көркем бейнелердің айқындығы, жарқын ұлттық колориті де қызықтырды. «Тілді дәл және шешендікпен игерген» (М.О.Әуезов), «сөздің күшін көркемдігінен іздеген» (Ғ.Мүсірепов) суреткер өзінің қайталанбас дарынын «Қыз Жібек» операсының либреттосында барлық қырынан жарқырата көрсетті. Мұнда туған халқының фольклорын (прозалық, поэтикалық, музыкалық), дәстүрлі мәдениетті, оның әртүрлі формалары мен жанрларын, өте бай эпикалық өнерді, шешендік өнерді жан­жақты білуі толыққанды түрде бар күшімен көрінді. Операның сюжеттік­музыкалық желісінде халықтың көркемдік ойлауының өзіндік ерекшеліктері берілген, халықтың музыкалық­поэтикалық тұрмысының эмоционалды­ поэтикалы суреттері (опера прологындағы «Көш керуен» сахнасы), жастардың спорттық ойындары («Садақ биі»), үйлену салтының әдемі суреттері (Жібектің түсі ­ «Шашу»), тұрмыстық­салттық фольклордың аса бай жанрлары (Жібектің Төлегенді жоқтауы, өлім сахнасындағы Төлегеннің қоштасуы, Жібектің Бекежанды қарғауы), бата сөз жанры (Төлегеннің анасының батасы), т.б. көрсетілген. Осылайша шеберлікпен қиюластырылған фольклорлық жанрлармен түрлер «Қыз Жібекте» музыка мен сөз үйлесіп кеткен жоғары деңгейдегі көркемдік бейнелеудің бүтін жүйесін жасады. Қ.Байсейітов дөп басып айтқандай: «Либретто жазудағы Мүсірепов еңбегі аса зор. Ол қазақ халқы өмірінің жарқын, колоритті, өзіндік суретін салды».

Читайте также:  Кеңес одағының батыры Мәди Бегенов

Е.Брусиловский (1904­1981) мен Ғ.Мүсіреповтің (1902— 1085) «Қыз Жібек» лиро­ эпикалық операсы өткен жүз­ жылдықтағы ұлттық мәдениеті үзінділерінің алтын қорына қосылады. Бірінші қазақ операсының тарихи мәні зор, өйткені онымен халық таланттарының бүтін бір ұрпағының (Күләш, Қанабек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Шара Жиенқұлова, Үрия Тұрдықұлова, Тоқан Үсенова, т.б.) шығармашылық тағдырлары үзілмес байланыста. Бұл ойы бір, жасампаз арман мен биік мақсат біріктірген ұжым болатын. Бұл ұжымның жаны Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсірепов болатын. Композитор мен драматург шығармашылық әріптестік жылдарында қалыптасқан жылы, достық сезімдерін өмір бойы сақтады. Жазушының күнделіктерінен олардың отбасыларымен араласып, бірге демалғандарын, шығармашылық жоспарларымен бөліскендерін көреміз. Брусиловский үшін қиын жылдарда, өткір айтыстар мен шабуылдар болып жатқанда Ғ.Мүсірепов композиторды қорғау жағына шықты. Музыкалық театрдың екі корифейінің көп жылдық достығының куәлігі ретінде Ғ.Мүсіреповтің Брусиловскийдің Москваға көшуіне орай жазылған хатын келтірейік: «Евгений! Сенің бізден біржола кетіп бара жатқаныңды қазір ғана ұқтым. Азын­аулақ дерлік адал адамдардың бірі кетіп бара жатыр деп, пернелердің бәрі бірінен кейін бірі бырт­ бырт үзілуде. Ағынан жарыла және адал көңілмен сөйлесуге болар кісім жалғыз Мұхтар мен сен едің. Осы жолдарды менің саған «Хош!» ­ деп айтқан сөзімдей қабыл ал, сүйікті, адал менің, досым! Жан­жарың Аняға және бір сәлем! Бақытты жайда көріскенше. Тұла бойы тұтас өзіңнің Ғабитің». Біз кейбір қырларын ғана көтеріп отырған «Ғабит Мүсірепов және қазақ операсы» мәселесі күрделі және актуалды мәселе. Жазушының жеке мұрағатында, Абай атындағы Опера және балет театрының архивінде, мәдениет министрлігінің көркемдік кеңесінің құжаттарында, жазушы драматургтың, академиктің жан­жақты қызметіне қатысты басқа мекемелерде тереңдете зерттеу оның өмірбаянында, шығармашылық лабораториясы мен стилінде жаңа беттер ашар еді. Ғабит Мүсіреповтің көпқырлы шығармашылық мұрасы қазақ халқының рухани қазынасының сүбелі бөлігі, ұлттық құндылығы. Қазақ операсын жасаушылардың бірі Ғабит Мүсірепов тірі кезінде оның қалыптасуының, дамуының, гүлденуінің куәгері болды. Қазақ әдебиетінің классигі «Абай», «Біржан­Сара», «Дударай», «Алпамыс», «Еңлік­Кебек» операларын жоғары көркемдік жетістіктердің көрсеткіші деп есептеді.

Оставить комментарий