Абсолюттік соғыс және нақты соғыстар

Осы анықтамаға сүйене отырып, Клаузевиц: соғыс әдеттен тыс шұғыл түрлерді қолдануға тырысады деген қорытынды шығарады. Бұл ойдың терең мағынасы күрестің диалектикасы деген ұғымға барып тіреледі: «Соғыс дегеніміз зорлықтың актысы болып табылады, ал бұл зорлықтың көрінісінде шек болмайды. Қарсыластардың әрқайсысы басқаға қолданатын өз заңын ойлап шығарады, ­осыдан келіп оларда өзара қимыл­әрекеттер пайда болады да, ақырында берік тұжырым түріндегі әсіре шұғыл шараларға апарып соғады». Қатыгездіктің кейбір түрінен бас тартқан жағы ар­ұят атаулыдан безіп шыққан қарсыластар басым түсіп кетер ­ ау деген ойдан бейқам болмауға тиіс. Өркениятты елдер арасындағы соғыстың қаталдығы жабайы ұлыстардың соғысынан гөрі пәстеу болуы тіпті де шарт емес; өйткені соғысты туғызатын себептің өзі дұшпандық сезімге байланысты емес, дұшпандық ниетке байланысты болады. Сол дұшпандық ниет екі жаққа бірдей ортақ болған жағдайда қызбалық, өшпенділік соғысушы жақтарды тіпті лезде билеп әкетеді; алайда ірі көлемдегі соғыстар теория жүзінде өшпенділік сезімінсіз ­ ақ туа беруі мүмкін. Ал енді өркениятты халықтарға келетін болсақ, былай деуге болады: «олардың соғыс қимылдарын жүргізуінде зерделі ой барған сайын кең орын ала бастады да, соның арқасында ол соқыр сенімнің дөрекі көрінісіне қарағанда күшті неғұрлым тиімді түрде пайдаланудың әдістерін үйретті».

Соғыстың тұжырымдамасына тән қарсы жақты құрту талабын өркенияттың ілгері дамуы тежеген де жоқ, жойып жібере де алған жоқ, ­ ол ешбір дау туғызбайтын ақиқат күйінде қалып отыр. Ой жүзіндегі жоспар бойынша соғыс әрекеттерінің мақсаты қарсыластарды қарусыздандыру болып табылады. Ал бірақ «біз әскери қимылдар арқылы қарсы жақты өз ырқымызға көндіргіміз келетін болғандықтың не оны шын мәнісінде қарусыздандыру қажет болады, не болмаса жау жағын осы мүмкіндікті айқын сезінетіндей жағдайға қою керек». Алайда жау деген «жансыз жатқан дене емес». Соғыс дегеніміз екі жақтағы жанды күштердің қақтығысы. «Мен жауды біржола жеңіп алмайынша, ол жеңіп кетеді­ау деген қауіптен құтыла алмаймын. Менің өз еркім өзімде емес, өйткені жау маған өзінің күшін көрсеткісі келеді, ал мен де оны өз ырқыма көндіргім келеді». Жау біздің ырқымызға көнген кезде ғана соғыста жеңдік деп есептеуге болады. Басқаны былай қойғанда, жаудың қолында қандай қару бар екенін есептеп, өз мүмкіндіктеріңмен салыстырып көруге мүмкіндік туады. Бірақ жаудың қарсылық көрсету қауқарын өлшеп білу мүмкін емес. Жау жағы да дәл осыны білгісі келеді; демек, екі жақ та жаудың қарсылық көрсету қауқарын аңғарып, қайткенде де содан асып түсуге ұмтылатын болғандықтан, осы бақастық соғысты шамадан тыс шиеленістіре түсуге ықпал етеді. Күрестің бұл диалектикасы тек ой жүзінде ғана, оны тарихта орын алатын соғыстарға қолдануға болмайды; ол тек қана бірін­бірі жек көретін, сол себептен де бірін­бірі жеңгісі келетін қарсыластар арасында тұтқиылдан басталған жекпе­жекте қандай жағдайлар болуы ықтимал екенін анықтай алады. Сонымен бірге ой жүзіндегі бұл диалектика қызулықтың немесе нақты жағдайдың салдарынан тарихи күресті арманды күрестің үлгісіне және сонымен бірге абсолюттік соғысқа жақындата түскенде, оның нәтижесі қандай болатынын еске салады.

Нақты дүниеде «соғыс дегеніміз мемлекеттің ілкідегі өмірімен байланыссыз, кенеттен туа қалатын кездейсоқ оқиға емес». Соғыс дегеніміз «бірден­бір шешім немесе бірімен ­ бірі қатар пайда болатын бірнеше шешім», ол «өздігінен жан­жақты түгел қамтитын бірыңғай шешімге жеткізе алмайды». Қарсыластар бірін­бірі бұрыннан біледі, бір­бірінде қандай күш бар екенінен және өздерінің қандай мақсат көздейтінінен де шамамен бірдей хабардар. Қарсыластардың әрқайсысының да күштері еш уақытта толық жұмылдырыла алмайды. Ұлттар тағдыры бір сәтте тәуекелге тігілмейді. Бір жақ жеңіске жеткен күнде де жеңілген екінші жақ қайтып түзелмес күйге ұшырамайды. Нақты қарсыластардың орнына жау атты «жалпы» идеяның пайда болуы, соғыс қимылдарының ұзаққа созылуы, жауласқан жақтардың өзге бір ниеттерінің пайда болуы сияқты әр алуан ой­пікірлер іске қосыла келе, соғыс қимылдарының сипаты өзгере бастайды: Олар бұдан әрі барлық күш ­мүмкіндікті жұмылдырып жеңіске пайдалану, қарсы жақты қарусыздандыру тәрізді таза техникалық іс­қимылдар болудан қалады, олардың бәрі арандату әрекеттері болып көрінеді, қарсылас жақтардың саяси ойында қолданатын ақпарат түрлеріне қарай пайда болатын ықтимал нұсқалардың есебіне айналып кетеді. Соғыс дегеніміз жай бір ойын ғана. Ол батылдықпен қатар есепқорлықты талап етеді; ал есепқорлық тәуекелсіз болмайды, барлық деңгейдегі қауіп­қатерден әрдайым сақтық пен батылдық қатарласа жарысып отырады. «Сол екі арада бұған неше түрлі мүмкіндіктер мен ықтималдық, сәттілік пен сәтсіздік жәйттер келіп қосылады да, арқаудан тарайтын жуанды­жіңішкелі тіндер тәрізді, шырмалып ­ ширатылып барып, жаңағы соғыс атты адамзат қарекетін қарғаның ойыны сияқты бірдеңеге айналдырып жібереді». «Қалай дегенмен де соғыс елеулі мақсатқа жетудің елеулі құрамы болып қала береді.

Читайте также:  "Айқап" журналы мен "Қазақ" газеті туралы

Аңда да, адамда да алғашқы қадам, бірінші элемент өшпенділіктен басталады, оны бойға біткен табиғи қасиет деп қарастырған жөн. Ал соғыс қимылдарының өзі екінші қадамға, екінші элементке жатады; ол неше түрлі ықтималдық пен кездейсоқтықтан тұрады: Клаузевицтің пікірі бойынша, барлық мәселелерді біржола шешіп беретін соғысқа бірден кірісіп кетуге дайындық абсолюттік соғысқа әкеліп соқтырар еді. Қазіргі заманның қару­жарағы XX ғасырда осындай жағдайға ұрындыруы мүмкін деген қауіп бар. Әзірге ондай жағдай бола қойған жоқ. Сонда, 65­бет адамның жанын емін­еркін самғататын» солар. Енді осыған келіп үшінші элемент қосылады; сайып келгенде, алғашқы екі элементті сол басқарады: соғыс дегеніміз саяси акт, ол саяси жағдайдан туады да, саяси себептердің нәтижесі болып табылады. Өзінің табиғаты жағынан соғыс таза ақылдың ісіне жатады, себебі ­ ол саясаттың құралы болып табылады. Сезімдік элемент көбінесе халықты қызықтырады, кездейсоқтық элементі қолбасшы мен оның әскерін қызықтырады, ал ақылдың элементі үкіметті қызықтырады және осы соңғы элемент ең шешушісі болып табылады да, бүкіл комплекске сол жетекшілік етеді. Клаузевицтің атышулы тұжырымы мынадай: «соғыс дегеніміз саясаттың актысы ғана емес, сонымен бірге саясаттың нақты құралы, саяси қатынастардың жалғасы, солардың басқа бір әдістер арқылы жүзеге асырылуы болып табылады». Бұл тұжырым айдан анық мынадай ақиқаттың жай ғана мазмұны деп есептеледі: соғыс өзіндік мақсат емес, соғыстағы жеңіс те өзіндік мақсат емес. Ұлттар арасындағы ықпалдастық зеңбіректің гүрсілі басталған күні тоқтап қалмайды, белгі бір ұжымдық құрылымдардың басқа бір сондай құрылымдар жөніндегі ой­ниеттеріне әскери сөз саптаулар дөп келіп отырады.

Клаузевицтің тұжырымында астарланған емеурін соғыстың саясатқа бағындырылуын құралдың негізгі мақсатқа бағындырылуы ретінде түсіндіріледі де, абсолюттік соғыс пен нақты соғыстардың арасындағы айырмашылықты негіздеп береді. Ақтық шараларға көшу қауіпті күшейте түседі, ол нақты соғыстар абсолюттік соғысты жақындата түсетіні де белгілі, өйткені мемлекет басшысы зорлыққа бақылау жасау ісін қолдан шығарып алады. Жаудың әскерін жою саясаттың бірден­бір мақсатына айналған кезде ол саясат болудан қалатын сияқты болып көрінеді. Бірақ соның өзінде де соғыс саяси мақсаттан туатын салдардың бір түріне айналады. Әскери қимылдардың астарынан саясат көрініп тұра ма, жоқ па, бірақ қалай болғанда да, саясат, «адам дәстүріндегі мемлекеттің ақыл­ойы» ретінде бейнеленген жағдайда, жаңағы соғыс қимылдары саясатқа бағынышты болады. Кейінгі мақсаттары қандай болатынын еске алмастан, жеңістің өзінің ықтимал салдарлары қандай болады деп ойланып жатпастан, жаудың қарулы күштерін жойып жіберуді бірден­ бір мақсат ретінде белгілеп, шешім қабылдайтын, яғни дұрыс болса да, бұрыс болса да, мемлекет қайраткерлері тарапынан барлық жағдаяттарды ғаламдық аумақта есепке алып отыратын ­ нақ сол саясат. Клаузевиц жаппай соғыстың немесе милитаризмнің уағызшысы емес, абсолюттік соғыстың теоретигі болып табылады, дәл сол сияқты, Вальрас та либерализмнің уағызшысы емес, тепе­теңдіктің теоретигі болатын. Адамның іс­әрекеттерінің жиынтығын анықтауға бағытталған тұжырымдамалық талдау жаңылыстан міндетті анықтаумен шатастырылған.

Читайте также:  Орта ғасырлардың эсхатологиялық мифологиясы

Рас, кейде Клаузевицтің соғыс десе жанығып кететін сияқты болып көрінетіні бар, өйткені соғыс кезінде оның барлық болмысы жүзеге асырылады, сол себептен де ол айлакерлік амалдар мен келіссөз арқылы соғыс қимылдарын, шайқастың қаталдығын жоққа шығарғандай болатын XVLII ғасырдың әлсіз соғыстарын мүлде жақтырмайтын. Бірақ ол ылғи да сондай ойда бола бермейді, онысы көбінесе сезімі ғана болатын. Соғыс керемет бір төтенше жағдайға айналған кезде Клаузевиц те бейне бір ғарыштық апат болып жатқандай ғаламат, жұмбақты қорқыныш сезіміне берілетін. Қарсыластар жанталасып өлермендік танытқан жау жағының сағын сындыру үшін адам айтқысыз қаталдық көрсетіп жатса, ондай соғысты Клаузевиц әрі сұрапыл, әрі сұмдық деп санайтын. Ірі мүдделердің қақтығысынан туған соғыс қай уақытта да өзінің абсолюттік түріне жақындай бастайды. Философ ретінде ол бұған қуанбайды да, қынжылмайды да. Ақылды іс­қимылдың теоретигі ретінде ол соғыс пен бітімгерліктің басшылығында тұрған адамдарға саясат бірінші орында деген ұстанымды ғана ескертеді: өйткені соғыс саясаттан туындайтын мақсаттарға қызмет ететін құрал ғана болып табылады; мемлекеттердің арасындағы қатынастардың бір көрінісі ғана немесе бір қыры ғана болып табылады; демек, әрбір мемлекет саясатқа, яғни ұжымдық құрылымның тұрақты мүдделерінің қисынды логикасына бағынуға тиіс.

Біз мынаған келісіп алайық: соғыс қимылдарының жиынтығын стратегия деп, ал басқа саяси құрылымдармен арадағы қарым­ қатынастарды дипломатия деп атайтын болайық. Стратегия мен дипломатия саясатқа, яғни ұжым мен оның басшылары «ұлттық мүдделерді» көздейді деген тұжырымға бағынады. Бейбітшілік уақытында саясат дипломатиялық құралдарды пайдаланады, бірақ сәл­пәл қауіп төнген кезде қару қолдануды да жоққа шығармайды. Ал соғыс кезінде саясат дипломатиядан да бас тартпайды, өйткені ол одақтастармен және бейтарап мемлекеттермен қатынас жүргізеді де, не сендерді құртып жібереміз, не болмаса алдарыңнан бейбітшілікке жол ашамыз деген желеумен қарсы жаққа жасырын түрде ықпал ететін болады. Бұл жерде біз «саяси құрылымда» ақыл­есі бар, өз еркімен әрекет жасайтын белгілі бір қимыл иесі жоқ деп қараймыз. Әрбір мемлекет басқа мемлекеттермен қатынас жасайды: мемлекеттер бейбітшілік жағдайда қайткен күнде де бір ­ бірімен қатар өмір сүруге тиіс: қай істе болса да ешқандай зорлыққа бармай, бір­бірін сендіруге тырысады. Ал енді олар өзара шайқасып жатқан кезде, олар бірін­бірі көндіруге тырысады. Мұндай жағдайда күш қолданбай­ақ сендіру өнерін дипломатия деп, ал азғантай шығынмен жеңу өнерін стратегия деп атауға болады. Алайда зорлап көндіру де сендірудің бір құралы болып табылады. Күш көрсету де қарсы жақты берілуге мұқтаж етеді, өйткені оның ар жағында зорлаудың ықтималдығы бар, бірақ ол әлі шын зорлау емес. Бейбітшілік уақытында кімнің қару­жарағы артық болса, сол одақтасын, бақталасын немесе қарсыласын қару қолданбай ­ ақ сендіре алады. Және бұған керісінше, әділ және саябыр деген жақсы атаққа ие болған мемлекет соғысып жеңбей­ақ көздеген мақсатына жете алады.

Читайте также:  ҚАЗІРГІ ИРАН ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР РӨЛІ

Ондай мемлекет соғыс кезінде де зорлыққа бармай­ақ оңай сендіре алады. Дипломатия мен стратегияның арасындағы айырмашылық өте шартты түрде ғана. Бұл екі термин саясаттың бір ғана өнеріне ­ мемлекеттер арасындағы қатынастарды «ұлттық мүдделер» мақсатына сай етіп ең қолайлы түрде басқара білу өнеріне қосымша ретінде ғана қаралады. Егер соғыс операцияларын жүргізу дейтін мағынадағы стратегия сол соғыс операциялары жүргізілмейтін уақытта қолданылмайтын болса да, соғыс құралдары дипломатияда қолданылатын құралдардың құрамдас ­ бөлігі болып табылады. Керісінше, сөз, нота, уәде, кепілдік, қоқан­лоққы сияқты нәрселер соғысты жүргізіп отырған мемлекет басшысының одақтастар, бейтарап мемлекеттер және тіпті бүгін жау болғанмен, күні кеше одақтас болған немесе күні ертең одақтас болып шығатын мемлекеттер жөнінде қолданатын құралдарына жатады. Сендіру өнері мен көндіру өнерінің бұл сияқты қосымша екі ұштылығы одан гөрі зорырақ басқа бір екі ұштылықтың салдары болып табылады. Ол екі ұштылық Клаузевицтің: соғыс дегеніміз жауласқан жақтардың ерік­жігеріне сын дейтін алғашқы анықтамасынан туындайды. Сол ерік­жігердің сыны тұрғысынан алғандағы адамгершілік сипатты соғыстың табиғатында мынадай психологиялық элемент бар: оның мәнісі ­ жеңілдім деп мойындаған жақ қана шын жеңілген болып табылады. Наполеонның жеңіске жетуі үшін бір ғана шарт бар еді ­ ол Мәскеуді алғаннан кейін Александр өзінің жеңілгенін мойындауы керек еді; Ал бірақ Александр соншалықты ез болмағандықтан, Наполеон Мәскеуде жеңімпаз болдым деп тұрғанның өзінде жеңіліс тапқан болатын.

Наполеонның соғыс науқанында жалғыз­ақ ықтималдық бар еді: ол бәс тігіскендей тәуекел болатын. Александр табандылық көрсетті де, француздардың императоры ұтылып қалды. 1940 жылдың шілде айында Гитлер: ағылшындар жеңілді, бірақ мұны түсіну үшін олар тым ақымақ деп даурықты. Бірақ ағылшындар оған сенетіндей ақымақ емес­ті. Расында да, ағылшындардың жеңілдік деп мойындамауы ақтық жеңіске жетудің ең бірінші шарты болып шықты. Бұл батырлық па, әлде ақкөздік пе ­ онда тұрған түк те жоқ: мәселе ағылшындардың қарсылық көрсетуге деген ерік­жігерінде еді. Абсолюттік соғыста зорлық діттеген жеріне жеткізіледі де, қарсылас екі жақтың бірі қарусыздандырылады немесе біржола құртылады, сондықтан онда психология элементі деген болмайды. Ондағы істің түрі осындай тәуекел. Нақты соғыстардың барлығы да ұжымдық құрылымдарды қақтығысқа апарып соғады, олардың әрқайсысы тастүйін ерік ­жігерді білдіреді. Осы мағынада алып қарағанда, олардың барлығы да психологиялық соғыс болып шығады.

Оставить комментарий