ҚАБУСНАМА ТУРАЛЫ

Парсы-тәжік әдебиеті ежелден — ақ өзінің жұмбақтығымен, тереңдігімен, сыршылдығымен ерекшеленіп, қаншама адамдардың, елдердің жүрек төрлерінен орын алған, алып келеді де және келешекте де қанша жастардың рухани азығына айналатыныны хақ. Парсы-тәжік әдебиетінің ең басты ерекшелігі — нәзіктік. Оның сыры кез келген жүрекке ауыр, тіпті шымшитын ойларды астарлап, жұмбақтап, ойға батыратындай қылып жазылуында. Кез келген мәселеге үңіле, терең, фәлсафалық тұрғыдан қарауында. Жай әдемі, жылтырақ, бос сөз емес, терең ой мен оюлана-өрнектелген сөздің ұштасып, астарласу нәтижесі. «Иран әдебиетінде атам заманнан белгілі бір дәстүрлер қалыптасқан. Сол дәстүрлер бойынша қайсыбір үлкен шығарма болсын, прозалық немесе поэзиялық туынды болсын белгілі бір адресатқа, яғни шахқа, әкімге, сұлтанға арналып отырған. Мысалы, иран поэзиясының атақты шығармасы — Фирдоусидің «Шахнамасы» Иран жерін билеген Сұлтан Махмұдқа бағышталған еді» /1/. Сол сияқты иран прозасының озық үлгілерінің бірі – «Қабуснама» кітабы да, әкесінің баласына мұра, өсиет ретінде қалдырған аманаты еді. Ол заманда тікелей кодекстер, идеологиялар болмағаны анық. Бұл барлығы 44 баптан тұратын кітаптың сонау 11 ғасырда дүниеге келіп, біздің XXI ғасырға жетіп отырғаны, кітаптағы айтылған сөздердің өшпейтіндігін, өміршендігін көрсетеді. «Осы «Қабуснамада» адам шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ғұмырының ақырына дейін не істесе абзал болатыны, яғни дұрыс өмір сүру жолы жазылған. Шахтың жай ғана баласына арнаған тілектері емес, оның әр бөлімінде, әр тарауында терең фәлсәфалы ойлар жатыр. Жақсылық пен жамандық, махаббат пен зұлымдық, ащы мен тұщы, ізгілік пен имандылық, адамгершілік, іскерлік мәселелері қамтылады» /1/. Сондықтан да «Қабуснама» біздің заманымызбен, уақытымызбен әдемі үндесіп отыр. «Қабуснаманың» авторы – Қайқаус, Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында мекендейтін Гилан ру- тайпасының ұсақ феодал отбасында (1021-1022 жылдарда) дүниеге келеді. «Қайқаус 63 жасында «Қабуснаманы» өзінің ұлы Гиланшахқа арнап жазады. Өзінің қартайғанын баяндай келіп: «Менің дүниедегі жиып-терген ең қымбат асыл затым – саған арнап жазған осы үгіт- насихат кітабым», — дейді» /2/ . Өмірі өлмейтін шығармалар болады, ондай шығармалардың даңқы ғасырларға кетеді. Әкесінің баласына жазған өсиеті кейін бұқым жас ұрпақ үшін қазыналы сөзге айналды. Пайғамбар жасына келіп, «Қабуснама» атты айтулы еңбек жазып, оны ұлы Гиланшаһқа арнап кеткен Қайқаус осы өсиетін халықтар есінде ғасырлар бойы қалатынын білді ме екен. «Пайғамбар хадистерінің бірінде: «Жақсы ісіңді қанағат тұтып, қуаныш ет. Жаман ісіңе қамығып, қайғыр. Бұл имандылықтың белгісі, абыройың артады», дейді екен. Айтқандай, әкесі жақсы жаман істерді баяндау арқылы ұлын көп нәрсеге ұмтылдырып, бірқатар жайсыздықтардан сақтандырады. Саясат құрмаса, қоғамда әділетсіздіктің үстемдік жүргізетінін ескертеді. Білімсіздер қатарына қосылып кетіп, бірдемені бүлдіріп алып жүрме, патшаның патшалығы әділдігінде, байлардың байлығы кедейлердің қадірін бағалай білуде, өйтпесе олар Алла тағаланың қаһарына ұшырайды дейді» /1/. «Қабуснама» барлық өнерден сөз өнерін биік қояды. Орынды сөз айта білуді, адамның асыл қасиетіне жатқызады. Орынсыз айтылған сөз жақсы болса да жалаң көрінеді /3/ . «Орыс және Батыс педагог ғалымдары бала тәрбиесіне, оның мінез- құлық, этика мәселелеріне қаншалықты көңіл бөлсе, Шығыс ғалымдары да бала тәрбиесіне соншалықты үлкен мән беріп отырғаны осыдан-ақ хақ» /3/. «Кабуснама» — 1082-1083 жылдар ішінде жазылған аса бағалы педагогикалық мәні бар туынды. «Шамсол Маолии Қабус қатал, зұлым болғанымен, өз заманындағы феодал үстемдігіне қажетті барлық ілімдерді үйренді. Ол әрі әдебиетші, әрі ақпа ақын еді. Парсы, араб тілдерінде өлеңдер жазатын. Классикалық араб тілінде жазылған «Намалардың» авторы болды. Сонымен ол өз қол астында белгілі ғылым, мәдениет, әдебиет қайраткерлерін топтастырды және Жүржаниді ірі мәдениет орталығына айналдырды» /2/ . «Қабустың немересі Қайқаус та, өз заманының көп жағадайынан хабары бар зиялылардан еді, өз дәуірінің ілімділерінің қатарында болып, табиғаттану мен музыкаға зор құштарлықпен қараған. Оның көптеген ғылымдардан хабардар екені, осы «Қабуснама» шығармасынан мәлім. Қайқаус осы шығармасын жазар алдында, алдыңғы буын ғалымдар мен зиялылардың шығармаларымен кеңінен танысқан. Өткен дәуірде жазылған педагогикалық шығармаларды оқып шығады, өз дәуіріндегі мәдени орталығы бар мемлекеттермен танысады. Бұхара, Хорезм, Самарқанд өлкелерінде болып, сол жердегі ғалымдармен сұхбаттасып, олардың ғылыми-тәрбиелік пікірлерінің жиынтық айнасындай «Саходатнама», «Рушнойнама» шығармаларына назарын ерекше аударады» /2/ . «Кабуснама» ислам өркениетінің құлпыра түсуіне өз үлесін қосты десек болады. «Өйткені Қабуснаманың бірінші тарауы Алла тағаланы тану туралы. Онда автор: Біріншіден, Алланың бірлігін, барлығын мойындауға ықылас-сенімің берік болсын. Өйткені, көп адамдар оны мойындамау салдарынан көңілі қараңғыланып азғындайды. Ал көңілі пәк, таза адамдар адаспайды» /4/ және «Алла тағаланы танығың келсе, алдымен өзіңді- өзің таны…. Әрбір жан өзін-өзі тани білсе, Алла тағаланы да таниды» /4/ деген жерлерінен ақ ой, ақыл тереңдігін байқауға болады. Сондықтан да «Қабуснама» тәлім- тәрбиелік мәні жағынан XI ғасырдағы шығыс педагогикасы тарихында аса құнды шығармалар қатарынан орын алады. «Қабуснама ұйғыр, неміс, татар, қазақ, өзбек, француз, орыс, ағылшын тілдеріне тәржімаланды» /2/. Бұл шығарманың қаншама тілдерге аударылғандығы бұған дәлел. Осы шығармадан, біздің ойымызша, кез келген адам өзіне керектіні, өзін толғандыратын тақырыптарға байланысты көп жаңалық ашады. Өйткені мұнда қамтылған тақырыптар өміршең, қарапайым өмірде кез-келген адамның басында кездесетін мәселелер. Қабуснама- сарқылмас даналық көзі, өйткені заман өзгереді, адам өзгереді, бірақ кей бір мәселелер мәңгі өзектілігін жоғалтпайды, мысалы: достық, имандылық, адамгершілік мәселелері. Қаншама жүз жыл бұрын болған мәселелер атадан балаға ауысып, алмасып әлі келеді, сондықтан да болар «Қабуснама» өз оқырмандарын әлі күнге дейін жоғалтпаған.

Читайте также:  Көз алдына келтіру және шығармашылық қабілеттер

Оставить комментарий