Қабылан хан туралы

Мен бұл аңызды 1953 жылы 93 жастағы «Қосай шежіреші», «Қосай шешен», «Қосай барымташы» деген ел ішінде үш лақап аты бар, сол кезде бойы екі кез, батыр тұлғалы Қосай деген қариядан он үш жасымда естіген едім. Кейін Алматыға келіп, КазГУ­де оқып жүргенде университеттің газетінде топтама өлеңім жарық көрді. Сондағы Қосайға арнаған өлеңімнен бір шумақ ұсынайын: Ей, заманның зерделі зерек түлегі, Бұл Қосайдың елім деп соққан жүрегі. Тарихты шежіре қылып шертетін Қазына көңіл қариялардың бірі еді. Бұл өлеңді жазуыма себеп болған жай сол кезде Жалаулы ауылында тұратын Қосайды іздеп, Алматы облысы қазіргі Райымбек, бұрынғы Кеген ауданында алғаш асыл тұқымды архар меринос қойды өсірген Қызыл ту колхозының төрағасы, Еңбек Ері Молдақымет Мүсрәлиев, аудандық кеңестің төрағасының орынбасары Бидайбеков Иманбек, Райымбек батыр жайлы ел ішіндегі деректі ең алғаш жинап, Мемлекеттік мұрағатқа, Ғылым Акедемиясына тапсырған орманшы Қабылбек Сауранбаев, Ленин колхозының төрағасы Қосымбаев Есенаман деген азаматтар келер еді. Ат төбеліндей ауыл емес пе, олар келгенде «Қосай шежірешінің» қоржын бас, шатырсыз соқпа тоқал тамына бүкіл балалар да жиналатын. Солардың бірі мен едім. Тік маңлайлы, ат жақты, ер мұрынды қарияның қатпа қара кемпірі барын дастарханына қойып, шәй беретін. Имекеңнен басқасы тең­тұс. Әр атаның бетке шығары. Әр атаның өзіне тән әжуа, әзіл­қалжыңы бар. Әуелде сол күлкілі жай әңгімеге тамызық болатын. Шай ішіліп, бой жылытып, көңіл көншіген кезде Қосай бұл шақырмаған қонақтарының неге келетінін жақсы біледі емес пе, еңсесін көтеріп, қапсағай кең кеудесін керіп, қонақтарын шолып шығып, әңгімесін бастайтын: –Мен өзім көрген, білетінімнің бәрін сендерге айттым, ендігісі өздеріңдей кезімде ақсақалдардан естіген әңгіме. Анықтығына кепілдік бере алмаймын. Аңыз болса да ақиқат екеніне өзім сенемін. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып зердеде сақталғанына қарап, осы аңыздың ақырғы нүктесі шындық деп білемін. Қазақ халқының тарихы Шыңғыс ханның әулетінен шыққан хандармен сабақтасса, үлкен қателік деп есептеймін. Шыңғыс хан кім? – Ол осы сауалды айтып, бір сәт демін ішіне тартып отырар еді. Сонан соң сауалға жауап қайырмай: – Қазақ Шыңғыс ханнан, тіпті оның моңғолынан бұрынғы халық… Арғысын өздерің іздеңдер, берісі Керей­Найман, Үйсін­Қаңлы секілді мемлекет өмірден өткен. Демек, тарихымыздың тамыры терең. Қыпшақ, Арғын, Қоңырат, Керей, Найман, Жалайыр, Үйсін, Қаңлы бір ата­ ананың баласы. Бір тілде, бір тәлім­тәрбиеде, салт­дәстүрде өсіп өнген емеспіз бе, сондықтан да осындай ұлан­байтақ жердің иесіміз. Тәңірден басқаға табынбаған табиғаттың ұрпағымыз. Дін халықтың негізгі діңі емес. Мұсылман болсақ, кейін болдық. Әлгі Шыңғысты хан көтерген кім?.. Қоңырат, Керей, Найман, Жалайыр, Қаңлы секілді ағайындар. Бұны айтып отырғаным, тарихымызды тарылтпай қазақтың өз хандарынан бастау керек. Олар кімдер? Менің білуімде Қабыл, Қарақан, Қараш, Найман ханы Тиаң, Тұғрыл қазақ халқының тарихының бастауы. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деген атау кейін шыққан. Сырттан келген келімсектер біртұтас болып кетсе күн көруіміз қиындап кетеді деді ме, жүзге бөлуді шығарды. Бірте­бірте қалыптасты. Ұлы жүздің өз ішінен шыққан ең соңғы ханы Шапырашты Нұрабай хан. Тегі Үйсіндер көршілерінің ешқайсысымен араз­құраз болмаған. Алым­салығын, қайыр­ садақасын берсе берген болар, бірақ кімі хан болса да, ешқайсысына бас иіп құлдық ұрып бағынған да емес. Кейін тарихтан білерсіңдер. Біздің нағашымыз Қият Қабылан хан, – деп бір тоқтар еді Қосай. Сол сәттегі оның жан дүниесіндегі аласапыран ойды арнайы ат терлетіп іздеп келгендер түсінген шығар. Түйсінген шығар. Өз басым ертегі үзіліп қалғандай сезінетінмін де, әңгімесін жалғаса екен деп асыға күтетін едім. Сөйтіп отырғанда қария тамағын кенеп алып, бастап кетер еді: –Қазақта нағашы жұрты жиенге қырық бір қарала тай береді деген дәстүр бар. Ол дәстүр сол Ұлы Қабылан ханнан қалған екен. Ол заманды мен көрген жоқпын. Естуімде біздің атамыз жас екен, жанына қырық нөкерін ертіп нағашысы Қабылан ханның еліне барады. Сол жылы ұлы таудың етегіне көктем ерте келіпті. Қият тайпасы көктеуіне көршілес ағайындарынан бұрын көтеріліпті. Қабылан ханның ақордасы «Қыраншатқалының» алдындағы бетеге­жусаны қаулаған жасыл жазыққа ерекше сән­салтанат сыйлапты. Екі қапталына қатарласа қоныстанған шоқ жұлдыздай топтасқан ақбоз үйлердің етек­жеңі кең­ақ. Төрт түлік малдың түйесі боталап, қойы қозылап, сиырлары бұзаулап, биелері құлындап, тіршілік тынысы кеңіп, бүкіл дүние жаңарған табиғаттың уыз мейірімі иіп тұрған шағы болса керек. Бейқуат бай елде емін­еркін сауық­сайран құрған жиені күндердің күнінде еліне қайтатынын айтқанда Қабылан хан бұйымтайын сұрапты. Сонда жиені, біздің атамыз ханның жан пендеге көрсетпей үйірге салып күн тигізбей сүтпен суарып баққан құла тұлпарына қолқа салыпты. Жиеннен мал аяй ма, беріпті. Бірақ, құла тұлпарды ұстау қиынға түсіпті. Ешкімнің шамасы келмеген соң Қабылан хан тұлпарды өзі жүгендеуге кіріседі. Асау тұлпар аспанға шапшығанда жалынан ұстап тартқанда, жалы айрылып кетеді. «Содан бастап Қабылан ханның есімі Жалайыр атанған» дейді бізден бұрын өткендер. Тұп­тұнық көксеңгір аспандағы бозторғайдың шырылына қозы­лақтың қоңыраулата маңырағаны қосылып, аспан асты тілмен айтып жеткізу қиын әсем күйге толғандай сәт болса керек. Тіршілігі табиғаттың болмысымен үндескен Қият тайпасының ұл­қызы жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыға ежелден ерекше көңіл бөлетін. Қабылан ханның жиеніне құла тұлпарды беріп, еріп келген қырық жігітке ат мінгізсе де ханда жылқы жететін еді, әдейі айырықша айтылып, есте қалсын деді ме екен, қырық қарала тай жетелетіп қайырыпты. Ханның жомарттығы, бұрын­соңды қатынаста болмаған жаңа хабар айналадағы руларға түгел жайылады. Содан бастап қаншама жыл, нешеме дәуір өтті, оны бір Алла біледі, бұл жақсы дәстүр осы күнге дейін жалғасып келеді. Құла тұлпардың жарық дүниеге келуі Қабылан хан мен оның сенімді сарбазы Ордабай үшін ерекше бір құбылыс еді. Айта кетейін. Малдың төлдейтін мезгілі үлкен жауапкершілікпен өтетін. Тайпаның бас жылқышысы Ордабай буаз биелерді тегіне қарап табын­табынға бөліп, әр биенің құлындауын бақылап, бүкіл қосынды ат терлетіп аралап шығатын. Қашанда, қай уақытта да тақымынан жүйрік аты кетпейтін, бес қаруы сай Қияттықтардың бұл бейқуат бір шағы болатын. «Қият! Қият!» деп ұрандағанда мамадағы тұлпарына мініп, қылышын тісіне басып, ат үстінде садағына жебе салып кезене шабатын батыр әулетінің қанына сіңген әдеті. Сол қасиетті дәстүрдің жанкүйері Ордабай ақ қанат қара қыран ұя басатын «Қыраншатқалының» күнбатыс қапталындағы биік шыңның түбінен өте бере, қарсыдағы оқыс көрініске жалт қарап тізгінін тартып қалт тұра қалды. Он екі қанат боз үйді тіксе кеңінен сыятын, жан­жағын мүк торлай көмкеріп, бетін қына жапқан «Хантағы» деген жалпақ жалтыр қара тастың ортасында төрт тағандап тұрған боз бие сол жылы үшінші құлындайтын еді. «Япыр­ай, ыстық тастың үстінде бұл неге төрттағандап тұр? Қабылан ханның әкесінен қалған жылқының ең соңғы тұқымы. Екі жыл қатарынан екі қанжирен ұрғашы құлын туды. Биыл еркек құлын туса жақсы­ақ болар еді. Үйірге салар едік», – деп тіксіне қадалды. Ордабай жылқышының әрі­сәрі болатын жөні бар. Бұл әулеттің тұқым­тұғианы іштей боз биеге айырықша ықылас аударатынын жақсы біледі. Астындағы жаясы кемедей кең, құйрық­жалы төгілген күрең жорғаны қапталға қарай жүргізіп биіктен көз тастады. Үй орнындай жалпақ тас дәл төбесінен төнген күннің аптабынан қайнап жатқандай еді. «Құлындайтын уақыты болды ма, жо…жоқ әлі ерте» деп Ордабай боз биенің үйірден шыққан мезгілін ойша бір шолып өтті. Тізгінді ердің басына бос тастап, табынның жылқышыларын іздеп айналаға көз жүгіртті. Бұл бір талма түс­ті. Қапталдай жайылған қалың жылқы үйездеуге ыңғайланып шатқалдан тұлай шыққан сай табанындағы суға қарай жылжып барады екен. «Жігіттер қайда екен» деген алаң көңілмен боз биеге қарады. Ойлап үлгермеді, боз бие тұрған жерінде артқы тірсектерін талтайта ашып, ыстық тасқа бауырымен жармаса жататындай жаясын жайып жіберіп, тау­тасты күңіренте кісінеп құлынын тастап жіберді. Жатқан жарғағын жарып шыққан алтын түстес құла құлын ыстық тасқа түсті. Ордабайдың көзіне алтын құлын туғандай көрінді. Боз бие алтын құлын тудым деген жоқ, сол талтайған бойы сәл тұрып, шуын сүйретіп артына бір қарамай жүрді де кетті. Ел шетіне жау келгенде көк сүңгі найзасын безеніп, алмас қылышын ала ұмтылатын Қият тайпасының айтулы батырының бірі, тыныштықта он мың жылқыны бағатын жігіттердің көшбасшысы, он мың түменнің көсемі Ордабай сарбаз бүкіл ғұмырында дәл осындай қатыгездікті көрмепті. Мал емес бөрі де бөлтірігінің шаранасын жалап, көзін ашқанша демейді. Ал талай­талай тарлан сайгүліктің ұлы анасы саналатын боз бие артына бұрылып та қарамай, ақырын басып, «сенен құтылдым ба, жоқ па» дегендей аналық сезімнен баз кешіп батысты бетке алып кетіп барады. Ордабай батыр шыдамады. Күрең жорғаны тебініп өзекке құлдилады. Биік өрге шығу оңай да, еңіске құлау қиын екен. Тура бара алмайды. Өзеннің арғы беткейіндегі «Мырзашоқы» аталатын үкілі құндыз бөрікке ұқсас, баурайы ит тұмсығы батпайтын қалың жыныс: қарағай, шетен, тал ораған, ұшар басы ақ жалтыр тас шоқыны айналғанда ғана дүниеге тірі жан әкелдім деп жүрегі шым етпей кеткен боз биеден қалған алтын құлын жатқан жалпақ тасқа табан тірейді. Басқа жол жоқ. Әлгінде боз биенің құлындағанын көрген «Найза тастың» түбі көлеңке екен. Күннің аптап ыстық екенін байқамапты. Дәл төбесінен шақырая шаншыла төніп терлетіп жіберді. Ат жүзіп жүретін жасыл шалғынның гүл бәйшешегі, қызыл құрайы, уқорғасыны, атқұлағы қаулаған қапталды теңіздей кешіп, ақ бұйра көбігі бұрқыраған өзеннен жалдап өтіп «Мырзашоқының» желкесіне қарай асыға ұмтылды. Күрең жорғаның бұлшық еттері өрге қарай бар күшін салғанда бұлт­бұлт ойнап, кең танауы желпілдеп ытқырынып келеді. «Мырзашоқының» етегін орай жүріп құла құлын жатқан жалпақ тастың дәл төбесінен шықты. Боз қынаға ғасырлар бойы мал тұяғы тимегендіктен болар кілемдей түрленеді. Үстіндегі шашылған шарананың ортасындағы құла құлын әлі қозғалмапты. «Япыр­ ай, тірі болса екен» деп тіледі… Қарала тай дүниеге осылай келген болатын…

Читайте также:  Адам генетикасы туралы презентация (Слайд)

Оставить комментарий