Адамгершілік метафизикасының негіздері

Ерік автәномиясы, еріктің қасиеті, осы қасиетінің арқасында ерік (ерік жұмсалатын нәрсенің қандай да болмасын қасиеттеріне қарамастан) өзі үшін заң болады. Сонымен, автәномия принципі, мына төмендегіге саяды: бірдеңені таңдаған кезде, біздің таңдауымызды бағыттайтын мак¬сималар біздің еркімізде баршаға ортақ заң ретінде болуы қажет. Бұл практикалық ереженің императив екендігін, яғни шарт болып табылатын осы императивпен кез келген саналы тіршілік иесінің еркі қажетті түрде байланысты екендігін, оған кіретін ұғымдарды ажырату арқылы дәлелдеу мүмкін емес, себебі ол синтетикалық ұғым; [дәлелдеу үшін] объектілерді танудың шегінен шығып субъектіні, яғни, таза практикалық зердені сынауға бару қажет болар еді, өйткені бұл бұлтартпайтындай бұйыратын синтетикалық ережені толық a priori тану қажет; бірақ мұндай мақсат бұл тарауға жатпайды. Алайда аталған автәномия принципінің моралдың бірден бір принципі екендігін — адамгершілік ұғымын мүшелеу арқылы ғана толық көрсетуге болады. Осылайша адамгершілік принципінің қажетті түрде бұл ­ тартпайтын императив болуға тиіс екендігі шын мәнінде байқалады, ал ол болса басқаның емес осы автәномияның болуын талап етеді. Ерік гетерономиясы барлық жалған адамгершілік принциптерінің бастауы ретінде Егер ерік өзі бағынатын заңды өзінің максималарының жеке өзінің баршаға ортақ заңы болуға жарамды екендігінен іздемей, басқа бір нәрседен іздесе, демек, егер ерік, өзінің шегінен шығып, осы заңды өзінің объектілерінің кез келгенінің табиғатынан іздейтін болса, — онда, осыдан келіп гетерономия пайда болады. Ерік бұл жағдайда заңды өзіне өзі бермейді, оны ерікке өзінің оған қатынасы арқылы объект береді. Бұл қатынас, құмарлыққа негізделсе де не зерде түсініктеріне негізделсе де, ол тек гипотетикалық императивтердің болуын мүмкін етеді: менің басқа бір нәрсені қалауым себепті, мен бірдеңе істеуге тиістімін. Моральдық, демек, бұлтартпайтын императив болса: мен басқа ештеңені қаламасам да, мен не былай не олай істеуім керек, дейді. Мысалы, біреу мен өз атыма кір келтіргім келмесе, өтірік айтпауға тиістімін дейді; екінші біреу: өтірік маған титтей де ұят келтірмесе де, мен өтірік айтпауға тиістімін деп ойлайды. Сөйтіп, соңғы, адамның кез келген нысанға (предмет) көңіл аудармайтындығы соншалықты, нысанның ерікке ешқандай әсері болмайды, практикалық зерде (ерік) жат мүдделерді басқармай, жоғары заңнама ретінде тек өзінің бұйыру қызметін ғана көрсетеді. Осылайша мен, мысалы, біреудің бақытына септігімді тигізуге, оның бақытты болғаны мен үшін маңызды нәрсе екендігінен емес (өзімнің бейімділігім себепті ме немесе зерденің арқасында жанама түрде [қол жеткізілетін] қандай да бір қанағаттану сезімінің әсерінен бе) тек баршаға ортақ заң болып табылатын бір ерікте басқаның бақытын ескермейтін максиманың болмайтындығы себепті тырысуым керек.

Гетерономияның қабылданған негізгі ұғымынан шығуы мүмкін барлық принциптерді бөлу Адам зердесі, әзірше оған сын жетіспегендіктен, бұл жерде, өзі таза қолданылатын барлық жердегідей, бірден бір дұрыс жолды тапқанша, болуы мүмкін барлық бұрыс жолдарды байқап көрді. Бұл тұрғыдан қабылдауға болатын барлық принциптер не эмпирикалық, не рационалдық принциптер болып табылады. Бақыт принципіне негізделетін біріншілері тән сезіміне немесе моральдық сезімге; мінсіздік принципіне негізделетін екіншілері не болуы мүмкін нәтиже ретіндегі мінсіздік туралы зерде ұғымына, не біздің ерігіміздің анықтаушы себебі ретіндегі дербес мінсіздік ұғымына (құдай ерігіне) сүйенеді. Эмпирикалық принциптер моральдық заңдарға негіз болу үшін мүлде жарамсыз. Шындығында, баршаға ортақ болғандықтан олардың, барлық зерделі тіршілік иелері үшін күші болады, осы баршаға ортақтық, ол арқылы моральдық заңдарға телінетін сөзсіз практикалық қажеттілік, егер олардың негізі адам табиғатының ерекше құрылысынан немесе адам табиғаты тап болған кездейсоқ жағдайлардан алынса жоққа шығарылады. Жеке басының бақыты принципіне келетін болсақ, ол тіптен де ойға қонбайтын нәрсе, бұл оның жалғандығынан және жақсы көңіл күйі ылғида да істелген жақсы істерге қатысты ғана болады деген пікірге тәжірибенің қайшы келуінен ғана емес; және де ол принцип адамгершіліктің қалыптасуына ешқандай да ықпал етпейтіндігінен де емес, себебі адамды бақытты ету немесе оны жақсы адам ету, жақсы адамды ақылды әрі өз пайдасын білетін адам ету немесе оны ізгілікті ету — бір нәрсе емес. Бұл принцип ізгілікке түрткі болатын нәрселер мен жамандыққа түрткі болатын нәрселерді бір топқа қоса отырып және тек бір нәрсеге — қалай есебін табу керек екендігіне үйрете отырып, адамгершіліктің қадірін кетіріп, оның бар асқақ сипатын жоятын, ізгілікпен жамандықтың айырмашылықтарын ұмыттыратын себептерді адамгершіліктің негізіне әкелетіндіктен де жарамсыз болады. Моральдық сезім болса, бұл — ерекше сезіну деп аталатын нәрсе (мәселе жалпы заңдарға ғана қатысты жерлерде де ойға шорқақ адамдар, өздеріне сезімдермен көмектесуді ойлайтындықтан, оған жасалған сілтеме үстірт болса да; ізгілік пен жамандықтың маңызын бағалауда екеуіне бірдей қарауға табиғаты жағынан бір­бірінен айырмашылықтары зор сезімдер көп нәрсеге қабілетті бола қоймаса да, және жеке адамның өз сезіміне сүйеніп басқалар үшін міндетті пікір айтуы тіпті мүмкін емес болса да), сонда да болса, ол ізгілікке деген ықыласын және зор құрметін оған тікелей білдіріп, бізді ізгілікке оның асқақтығы емес, тек одан келер пайда ғана қызықтыратынын тура бетіне айтпауының — оған құрмет көрсетуінің арқасында адамгершілік пен оның қадір­қасиетіне жақын болып қала береді.

Читайте также:  Жалпы алғанда саясат туралы

Адамгершіліктің рационалды, немесе зердеге сай негіздерінің ішінен мінсіздіктің онтологиялық ұғымы (оның мазмұнсыз, нақты емес екендігіне, демек, болуы мүмкін шындықтың өлшеусіз өрісінде бізге лайықты максимумды табуға жарамсыз екендігіне қарамастан; осы жерде әңгіме болып отырған шындықты кез келген басқа шындықтан өзіне ғана тең қасиеттері бойынша ажыратуға әрекет еткенде, оның тұйыққа тіреліп, шыға алмай, айналшақтай беруге бейімдігіне және оны өзі әлі түсіндіруі тиіс болатын адамгершілікті бүркемелеп болса да есепке алудан құтыла алмағандығына қарамастан), сонда да болса, адамгершілікті құдіретті, шексіз жетілген мінсіз еріктен шығаратын теологиялық ұғымнан артық; және де бұның себебі осы еріктің мінсіздігін біздің сезіне алмайтындығымыздан ғана емес, тек біздің оны іштеріндегі ең маңызды ұғым адамгершілік ұғымы болып табылатын ұғымдарымыздан шығара алатындығымыздан ғана және де, егер біз олай етпесек (себебі олай етпегенде, бұл түсіндіру барысындағы анық тұйыққа тірелу болар еді), атаққұмарлық пен билік құмарлық қасиеттерінен келіп шығатын және үрей тудыратын құдіреттілік пен кекшілдік түсініктерімен байланысты, бізде әлі де сақталып қалған құдіретті ерік ұғымы моральдылыққа қарама­қарсы болатын адамгершілік жүйесіне негіз жасар еді. Бірақ менің моральдық сезіну ұғымы мен жалпы мінсіздік ұғымының біреуін таңдауым қажет болса (бұлардың екеуі де адамгершілікті негіз болып қолдауға мүлде жарамсыз болса да, әйтеуір оған зиян келтірмейді), онда мен соңғысын қалаған болар едім, өйткені, қалай болғанда да мәселенің мінін сөзділік аясынан таза зерде өрісіне ауыстыра отырып, ол бұл жерде де ештеңе шешпесе де, дегенмен анық емес идеяны (өзінше ізгілікті еріктің) дәлірек анықтау үшін бұрмалаусыз сақтайды. Дегенмен де, мен осы жүйелердің бәрін тиянақты түрде теріске шығарудан бастартқанды жөн деп санаймын. Оларды теріске шығару соншалықты күрделі емес және, шындығында, тіпті қызмет бабы олардың осы теориялардың бірін жақтап пікір айтуын (өйткені, тыңдаушылар, әрине, үкімнің кейінге қалдырылуына көнбес еді), талап ететін қызметкерлерге де түсінікті екендігі соншалықты бұл орайда менің еңбегім артық болған болар еді. Бірақ бұл жерде бізді бәрінен бұрын қызықтыратыны: біз бұл принциптер шын мәнінде басқа нәрсені емес тек ерік гетерономиясын ғана адамгершіліктің бірінші негізі ретінде ала ма, және осы себептен де міндетті түрде көздегендеріне жетпеуге тиіс пе екендігін білгіміз келеді. Ерікке оны бағыттайтын ережені беру үшін негізіне ерік объектісі қойылуы тиіс жердің бәрінде ереже дегеніміз — гетерономиядан басқа түк те емес; императивке шарт қойылған, ал дәлірек айтқанда: егер біз осы объектіні қалайтын болсақ немесе қаламайтындықтан, біз осылай немесе былай істеуіміз керек; демек, бұл императив ешқашан моральдық тұрғыдан, яғни, бұлтартпайтындай бұйыра алмайды.

Читайте также:  БОЛОНДЫҚ ҮДЕРІС ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ АҚШ-тың ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ҚАҒИДАЛАРЫ

Объект ерікті жеке басының бақыты принципіндегідей құмарлық жолымен бағыттай ма, немесе мінсіздік принципіндегідей, жалпы біздің ерік жұмсауымыз мүмкін нысандарға бет алған зерденің көмегімен бағыттай ма, екі жағдайда да ерік өзін­өзі әрекет туралы тікелей түсінігімен емес, тек мен басқа нәрсені қалайтындықтан да, мен бірдеңе істеуім керек дегендіктен етілген әрекетінің болжауға болатын нәтижесінің өзіне тигізетін әсерімен (Triebfeder) анықтайды; және бұл жерде менің субъектімде менің осы басқаны қалауымды қажетті ететін тағы да бір заң негізге алынуы керек, ал бұл заң болса, осы максиманы шектейтін императивті тағы да қажет етеді. Шындығында, субъекттің табиғи қасиеттеріне сәйкес, оның ерігінде біздің көмегімізбен пайда болуы мүмкін объект туралы түсінік арқылы пайда болатын талпыныс, ол сезімділік (бейімділік және талғам) қасиеті болсын немесе жаратылыстарының ерекше құрылуына орай қандай да бір объект олардың қанағаттанушылық сезімін тудыратын, пайым мен зерде қасиеті болсын, субъекттің табиғатына жатады. Сол себепті де, шынын айтқанда, заңды табиғат береді; осындай болғандықтан бұл заң тек танып ­ білінуі және тәжірибемен дәлелденуі тиіс емес, демек, ол өзі кездейсоқ және сондықтан да моральдық ереже болуы тиіс бұлтартпайтын практикалық ереже ретінде жарамсыз; және де, ол әрқашан тек ерік ветераномиясы болып қала береді; ерік өзі үшін өзі заң бермейді, осы заң ерікке бөтен талпынысты қабылдауға бейім субъект қасиетінің көмегімен бөтен талпыныс береді. Осылайша, принципі бұлтартпайтын императив болуы тиіс, барлық объектілерге қатысты анықталмаған сөзсіз ізгілікті ерікте, тек жалпы ерік жұмсау формасы ғана болады, және де автәномия түрінде болады, яғни, кез келген ізгілікті еріктің максимасының өзін­өзі баршаға ортақ заң етуге жарамдылығы, кез келген саналы тіршілік иесі еркінің, негіз ретінде қандай да бір себепті немесе мүддені алмастан, өзіне өзі телитін бірден бір заң болып табылады. Осындай априорлы синтетикалық практикалық тұжырымның қалайша болуы мүмкін және ол неліктен қажетті — бұл шешімі енді адамгершілік метафизикасы аясына жатпайтын міндет; біз бұл жерде оны ақиқат деп те айтқан жоқпыз, әрі оны дәлелдеу біздің қолымыздан келеді деп жариялау ойымызда да болған жоқ. Біз тек қана көпшілік мақұлдаған адамгершілік ұғымының мазмұнын аша отырып, оған ерік автәномиясы тән екендігін немесе, дәлірек айтқанда, оның негізінде жатқанын көрсеттік. Осылайша, кім үшін адамгершілік маңызды болса, кім оны бос қиял, ақиқаттан жұрдай идея деп санамаса, ол, сонымен бірге, оның көрсетілген принципін де мойындауы тиіс. Демек, бұл бөлім, бірінші бөлім сияқты, тек аналитикалық болды. Адамгершілік бос қиял емес деген тұжырымға келетін болсақ, бұлтартпайтын императив және онымен бірге ерік автәномиясы ақиқат және априорлы принцип ретінде сөзсіз қажет болған жағдайда ол, негізді болар еді. Бұл үшін таза практикалық зердені синтетикалық қолдану мүмкіндігі қажет; алайда, біз зерденің осы қабілетінің өзін сынға алмай, бұндай қолдануға тәуекел ете алмаймыз; осы сынның біздің мақсатымыз үшін жеткілікті негізгі ерекшеліктерін біз соңғы тарауда сөз етеміз.

Читайте также:  Кене ханның серігі Бұқарбай батыр

Оставить комментарий