Адами капиталдың өсуі ел өркенденуінің маңызды факторы

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында маңызды он міндеттің ішінде адам капиталының сапалы өсуіне, ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау бағыттарына аса зор мән берілген. Білім беру жүйесін жаңғыртудың нақты жолдары көрсетілген. Медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, салауатты өмір салтын алға бастыру адами әлеуеттің деңгейін арттырудың маңызды бағыты екендігі туралы баса айтылып, нақты іс-шараларды жүзеге асыруды талап еткен [1]. Осыған орай адами капиталдың өсуіне не себепті осыншама көп мән берілген деген сауал тууы мүмкін: Мәселенің бұлайша қойылып, шешілуінің астарында не жатыр? Әрине, бұл міндет халық туралы қамқорлықтан туған, оны орындау қазақстандықтардың әл-ауқатын, өмір деңгейін елеулі түрде көтеруге әкелетіні сөзсіз. Сонымен қатар, бұл мәселеге әлемдік тұрғыдан салыстыра қараған орынды: Қазақстан әлеуеті қазіргі дамыған елдердің қатарында болуына толық мүмкіншіліктері бар ел, сол мүмкіншіліктердің бірі елдің адам капиталын өсіру, соның негізінде экономиканы дамыту. Бүгінгі күні экономикалық дамудың қозғаушы күші адаммен байланысты өндіріс факторы ретіндегі – еңбекпен ғана шектелмейді. Қазір жұмыс күшінің сапалық параметрлері адами капитал деген түсінікпен біріктіріліп (ол бірқатар ерекшеліктерімен белгіленеді, оның ішінде білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі, айрықша жұмыс дағдылары және т.б.), оның рөлі барған сайын күшейе түсуде. Адами капиталдың жинақталуы білім экономикасын қалыптастырады, ұлттық экономиканың халықаралық бәсекелестіктегі қабілетін жоғарылатады. Халықаралық нарықта елеулі өзгерістер болып жатқанына барлығымыз куә болып отырмыз, дағдарыстан кейінгі әлемдік экономиканың даму барысы әлі толық айқындала қойған жоқ. Мемлекет тарапынан жасалған елеулі шығындарға қарамастан, экономикасы дамыған елдердің өзі ұзаққа созылған жұмыссыздықтан айыға алмай отыр. Жиынтық сұраныстың төмен болуынан жоғарғы қарқынды өсім байқалмайды. Экономикасы дамыған елдерде ЖІӨ 2011 жылы 3,8%-ы ғана өскен. Бұрынғы болжам бойынша өсім 4,0% болады деп күтілген еді. Ал ХВҚ болжамы бойынша ағымдағы жылы әлем экономикасының өсімі 3,3%-дан аспайды. Оған қарағанда нарық қалыптасып және дамып жатқан елдерде өсу қарқыны жоғарырақ болуда: бұл жерде біздің елдегі аталған көрсеткіш өткен жылы 7,5% болғанын келтіруімізге болады. Сонымен қатар, қазіргі кезде жаңа стратегия жасау қажеттілігі айқындалуда, соған байланысты алдыңғы қатарлы экономикалық дамудың іргелі факторларын анықтау мәселесі шығып тұр. Осы мәселенің шешілуіне қарай ұлттық экономиканың көркеюі немесе артта қалуы анықталады. Сонымен бірге ұлттық экономиканың халықаралық бәсекелестік қабілетін жоғарғы деңгейге жеткізу мемлекеттің экономикалық саясатының түпкі мақсаты емес екенін айта кету керек. Бұл тек қана елдегі жалпы өмір деңгейін және әр адамның әл-ауқатын көтеретін маңызды жол. Елдің бәсекелестік күшті позициясы ұлттық әл-ауқат деңгейінің жоғары болуын қамтамасыз етеді. Әдетте оның көрсеткіші ретінде ЖІӨ-нің бір жан басына шаққандағы өлшемі қолданады. Қазақстанда бұл көрсеткіш бүгінде 11 мың АҚШ долларынан артық болуда. Бұл көрсеткішке аз уақыт ішінде жеткенімізді мақтан етуге тұрарлық. Халықаралық бәсекелестік қабілетінің жоғарылауы нақты адамның өмір сапасының жақсаруына, адами капиталдың жинақталуына әсер етеді. Адами капитал өз кезегінде ұлттық бәсекелестік позициясын күшейтуде маңызды фактор болып табылады. Сөйтіп, «ұлттық экономика – адам» жүйесі «екі жақты көше жүрісі» сияқты болып келеді. Әлемдік нарықта 132 Вестник КазНУ. Серия экономическая, №2 (90). 2012 елдің жоғары бәсекелестік қабілетін қамтамасыз етеміз десек, оны қалыптастыруда адами капиталдың ролі аса зор екеніне назар аударуымыз керек. Ашық халықаралық бәсекелестік адам капиталының құнын қалыптастырады, оның жылжу бағытын белгілейді, сан көрсеткіштеріне ықпал жасайды. Бір кездері нақты білікті еңбек әр кәсіпорынды және тұтас елді орнықты ұзақмерзімді бәсекелестік артықшылықтармен қамтамасыз етеді. Білім экономикасы қалыптасқан сайын бұл фактордың рөлі тұрақты түрде ұлғая түседі. Өткенге көз жүгіртсек, мысалы, XX ғасырда материалдық капиталға және инфрақұрылымға инвестиция құю әлемдік нарықта күшті позицияға ие болудың шарты ретінде саналған. Алайда, көптеген дамып жатқан елдерде ауқымды инвестицияны инфрақұрылымға қанша бағыттаса да, олар ойдағы экономикалық өсімге жете алмаған. Сөйтіп, жоғары ұлттық әлауқат деңгейіне жету үшін материалдық капиталға қаражат салынса да, ол жеткіліксіз екені айқындалды. Экономикалық өсімді ынталандыратын басқа механизмдер іздестіріле бастады, нәтижесінде мынандай қорытындыға келді: білім беру және кәсіби даярлық (адами капиталдың элементтері болып келетінін жоғарыда айттық), технологиялық прогресс, макроэкономикалық тұрақтылық, институттардың ашықтығы, сыбайлас жемқорлықтың жоқтығы, тиімді басқару және т.б. параметрлер жиынтығы елдің халықаралық бәсекелестік қабілетін жоғарылатудағы қозғаушы күші ретінде қарастырылу керек. Соңғы онжылдықтар ішінде білім мен адам капиталының ролі орасан өсті. 1979 жылдан бастап, халықаралық бәсекелестік қабілеті туралы жыл сайын жарияланатын баяндамаларда орнықты экономикалық өсім мен ұзақ уақыт бойы өркендеуге себепші болатын факторлар талданады. Бүгінде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі Бүкіл әлемдік экономикалық форумы (ӘЭФ) жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (ЖБИ) арқылы бағалайды. Аталған индекстің компоненттері 12 топқа бөлінеді: институттар, инфрақұрылымдар, макроэкономикалық тұрақтылық, денсаулық және бастауыш білім беру, жоғары білім және кәсіби даярлау, тауар нарқының тиімділігі, еңбек нарқының тиімділігі, қаржы нарқының дамуы, технологиялық деңгейі, ішкі нарық өлшемі, компаниялардың бәсекелестік қабілеті, инновациялық әлеуеті. ЖБИ-дің әр құрамасы әртүрлі шамада адам капиталын ескереді, ал үшеуі – денсаулықты қорғау және бастауыш білім беру, жоғарғы білім және кәсіби даярлау, еңбек нарқының тиімділігі – тікелей онымен байланысты. Елдегі жоғары өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін дені сау қызметкерлер қажет (олардың ауруы бизнеске ауыр тиетіні айдан анық, өйткені қосымша шығындарға ұшыратады). Алайда заманауи экономика үшін тек қана денсаулығы емес, қызметкердің даярлану деңгейі маңызды. Бастауыш білімнің болуы жеке қызметкердің тиімділігін арттырады, ал біліктілігі төмен жұмыс күші орналасқан компаниялар күрделі ғылыми сыйымды өнімді шығаруға шамасы келмейді. Егерде экономика өте қарапайым өндірістік үдерістен және өнімнен кетіп, құндылықтар жасау сатысымен жоғары көтерілетін ниеті болса, онда қызметкерлері жоғары білімге ие болуы керек. ӘЭФ 2011-2012 жылдарына арналған жаңа жарияланған баяндамасында ЖБИ көрсеткіші бойынша Қазақстан өткендегідей 142 мемлекеттің ішінде 72 орында. Ал баяндама деректеріне көз жүгіртсек, кейбір бағытта Қазақстанның позициялары өте тәуір, мысалы, макроэкономикалық тұрақтылық бойынша 18 орында, еңбек нарығы тиімділігі – 21, ішкі нарық өлшемі – 55, жоғары білім және кәсіби даярлау – 65 орында. Бұлар Қазақстанның алған жалпы орнынан жоғары. Сонымен қатар біраз көрсеткіштер кейін тартуда, оның ішінде денсаулықты қорғау мен бастауыш білім беру бойынша 85 орында болуымыз ерекше қынжылтады, жоғарыда айтылғандай, бұлардың адам капиталына тікелей қатысы бар. Мысалы, бастауыш біліммен қамту бойынша 90 орындамыз, ал туберкулезбен ауырған адамдар саны 100 мың адамға шаққанда 166,3 болып келеді, бұл көрсеткіш бойынша 102 орындамыз. Сондай-ақ халықтың қатерлі ісікпен ауыруы да жоғары деңгейде болып отыр – 100 мың адамға 881,3 ауру болуда [2]. Жаһандану заманында болып жатқан өзгерістерге тез бейімделетін жоғары білімді қызметкерлерге деген қажеттілік өсе түсуде. Белгілі ғалым М.Портердің пікірі бойынша, тек толық орта білім алған немесе колледж бітірген қызметкерлер қазіргі халықаралық деңгейдегі бәсекелестікте ұйымға артықшылықтар әкеле қоймайды. Бәсекелестік артықшыларды қолдау факторы берілген саланың нақты мұқтаждығына орай жоғары мамандандырылған болуы керек. Осы айтылған ой мемлекет пен компаниялардың денсаулық қорғауға және білім беруге, яғни адам капиталына инвестиция құю қажеттілігін дәлелдейді. Тек осындай модель ұзақмерзімді бәсекелестікке қабілеттілікті қамтамасыз ете алады. ҚазақҚазҰУ хабаршысы. Экономика сериясы, №2 (90). 2012 133 станда жоғары білікті мамандарды даярлауда әртүрлі қиыншылықтардың орын тепкенін көруге болады, мысалы, шамадан тыс менеджерлерді, заңгерлерді, психологтарды шығарудамыз. Ал сонымен бірге инженерлер, жоғары білікті жұмысшыларға деген сұраныс тиісті деңгейде қанағаттанбай жатыр. ӘЭФ баяндамасына қарасақ, еңбек нарығының тиімділігі бойынша Қазақстанда біраз жетістіктер бар: жұмыс күшін қысқарту, жалақы мен өнімділік және еңбек нарығында әйелдерді жұмыспен қамту көрсеткіштері бойынша 16, 18 және 19 орындарда. Еңбек нарығының тиімділігі мен икемділігі жұмыс күшінің оңтайлы бөлінуіне және әр қызметкердің өз жұмысын ең жақсы жолмен орындауына кепіл болады. Қалыпты еңбек нарығы еңбеккерлерді бір қызмет түрінен екіншісіне тез және арзан көшуін, қоғамда толқыныс тудырмай, жалақылардың орынды өзгеруін қамтамасыз ету керек. Сонымен, Қазақстан үшін адам капиталымен байланысты біраз параметрлер ұлттық бәсекелестікте қабілеттілігінің күшті жағына жатады деуге болады, елдің бұл позициясы жалпы рейтингтен жоғары болып келгенін көрдік. Бірақ әлі де ЖБИ бойынша жоғары көтерілу үшін адам капиталын одан әрі дамыту қажет. ӘЭФ жаһандық бәсекеде қабілеттігі рейтингінің көшбасындағы елдердің денсаулық, бастауыш және жоғары білім көрсеткіштері өте күшті, осы елдердің аталған салаға ерекше көңіл бөлгенінен туған нәтиже. Нақты білікті жұмыс күші елеулі шамада осы елдердің инновация мен байыпты технологиялық салада алға озып шығуларына негіз болған. Мамандар бәсекеге қабілеттілікке апаратын екі жол туралы айтады. Бірінші жол – ол бәсекеге қабілеттілікке және экономикалық өсімге әлемдегі ең жаңа білім мен технологияны жедел игеру арқылы және өзінің ғылымизерттеу және сынақ-конструкторлық жұмыстары мен өзінің инновациялық өндірісін дамыту арқылы жету. Бұл стратегияға қарсы қойылатын жол – өнеркәсіптік нарыққа шетел инвесторларын тарту арқылы, оларға арзан еңбек күші мен табиғи ресурстарын қарамағына ұсыну арқылы жету. Осы екі көзқарастың шешуші сипаттарына еңбек шығыны, адам капиталының ағыны, қызметкерлердің білімі мен біліктілігі жатады. Екінші жолды таңдау бәсекелестік артықшылықтардың өндірістің төменгі шығындарында, төмен жалақының болуы, ал ол білікті ғалымдар мен мамандардың сыртқа кетіп қалуына, инновациялық әлеуетті түсіруге алып келеді. Дамыған экономика және соларға қосылуға ұмтылған елдер бірінші жолды таңдауда, бұл жағдайда экономиканың негізгі жылжушы күші ең жаңа технологияны жасау, оларды бейімдеу және енгізу болып табылады. Еңбекақының өсуі адами капиталдың жинақталуына және білікті мамандарды өзіне тартуға алып келеді. Жоғары еңбекақы алатын білікті жұмыс күші жаңа білім мен озық технологияны тудыратын жетекші топ болып, елдің басты бәсекелестік артықшылығы ретінде бағаланады. Білім мен технологияға сүйенген заманауи экономика орнықты бәсекелестік артықшылығын тудыратын адам капиталының сапасы мен ерекшелігін жақсы сезінеді, олардың халықаралық бәсекелестік күресте шешуші роль атқаратынын жақсы түсінген. Орнықты экономикалық өсімді ең жоғарғы деңгейдегі адам капиталын дені сау, білімді, ертеңгі күніне сенімді қарайтын қызметкерлер қалыптастырады. Сонымен бірге нақ елдің ұлттық бәсекелестікке қабілеттігі халықтың табысы мен өмір сапасын тұрақты көтеруге мүмкіндік береді, сөйтіп адам капиталын жаңартуды және толтыруды тек сан жағынан емес, ең алдымен, сапалық сипаттарын жақсарту арқылы қамтамасыз етеді. Білімді адамның жалақысы білімі төмен немесе білімі жоқ адамның жалақысынан, көбінесе, едәуір артық болып келеді, оны отандық тәжірибеден көруге болады. Экономика ғылымының әйгілі жетістіктерінің бірі адам капиталына инвестиция бағыттау теориясы болып келеді. Әр елдің бүкіл байлығы адами және материалдық капиталдан құралады. Өркендеген елдердің ұлттық байлығының 75% астамы адами капиталынан тұрады: неғұрлым адам капиталының үлесі көп болса, соғұрлым елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жоғары болып келеді [3]. Адами капиталға жұмсалған қаражат кейінде жалақының жоғарылуына әкеледі, жұмыстан қанағаттану сезімге бөлену өседі, адам рухани байиды. Білім алуға және кәсіби даярлауға қажетті уақыт шығыны мен ақша қаржыларын адами капиталына жұмсалған инвестиция ретінде қарауға болады. Өкінішке қарай бұл көзқарас бізде әлі де кең таралмай жатыр. Соның бір салдары: көп адамдар аңғырт болжамдарға сүйеніп кең танылған мамандар бойынша білім алуға ұмтылады да, төрт-бес жыл білім алып маман болып шыққан кезде, алған мамандығына сұраныс қатты кемиді. Нәтижесінде жұмыс орнын табу өте қиынға соғады. 134 Вестник КазНУ. Серия экономическая, №2 (90). 2012 Бұл құбылыс білім саласындағы нарыққа тән бір кемістікті айқын көрсетеді. Сол себепті мемлекет грантты, білім алуға бағытталған несиелерді реттеу арқылы белсенді қатысуда. Алайда мамандарды даярлауда белгілі кемшіліктер бұрынғыша елеулі орын алуда. Осы жерде білім алуға жұмсалған инвестиция қаншалықты тиімді, қаншалықты жеке адам басына және қоғамға пайдалы болып келеді деген сауалдар туындайды. Көп зерттеушілердің пікірінше, адами капиталына бағытталған инвестиция акция, облигация мен жылжымайтын мүлікті сатып алумен бірдей. Нобель сыйлығының лауреаты Г. Беккер білім алудың экономикалық қайтарымын жылдық пайданың 12-14% деңгейінде бағалады. Ал қоғамға тиетін пайдасына келсек, әлеуметтік инвестиция арқасында білім алған қоғам мүшелері бір-бірімен «ортақ тіл» табады, қоғам құндылықтарын бірдей ұғады. Оқыған, білімді қызметкердің еңбегі өнімді, бесекелес қабілеті мен жалақы деңгейі жоғары болып келеді. Сайып келгенде, мұның барлығы қоғамның әлеуметтік аман-есендігіне әкеледі. АҚШ-ты алсақ әртүрлі деректер бойынша адами капиталына бағытталатын инвестиция жалпы ұлттық өнімнің 10%-на дейін жететін көрінеді. Ал бұл елдің ЖІӨ-нің алып ауқымын ескерсек, әсер ететіндей қаржы көлемі жұмсалғанын көреміз. Қазақстанда өтпелі экономика кезеңінде білім беру мен денсаулық сақтау саласына бөлінген шығын үлесі күрт азайғаны белгілі. Қазіргі таңда Қазақстанда 146 жоғары оқу орны қызмет етеді, оның ішінде тек 53-і мемлекеттік, қалғандары жеке меншікте. Студенттер саны 629507 адамға жеткен, оның 49,5% мемлекеттік ЖОО-да оқиды. Бірақ жоғары білім алам деп талаптанғандардың ішінде 76,9%-ы өз қаржысына білім алуда. Сөйтіп, жоғары білім алу саласында нарықтық қатынастар кең етек жаюда. Мемлекеттік бюджет елеулі қаржылық жүктен босатылды, осыған қарамай қоғам өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қосымша адами капиталына ие болып отыр. Біздің пікірімізше, мемлекет адами капиталын өсіруге белсенді кірісу керек. Мысалы, 2010 жылы мемлекет бюджетінен білім беру саласына 755 млрд. теңгеден (бюджеттің 16,9%) аса қаражат бөлінді, денсаулық сақтауға – 551 млрд. теңге (12,4%) бөлінді. Ал осы сомалардың жалпы ішкі өнімге қатысын есептесек, 3,46% және 2,5% болады [4]. Бұл әрине жеткіліксіз, халықаралық ұйымдардың пікірінше, аталған әр көрсеткіштердің деңгейі 5%-дан төмен болмауы керек. Қазіргі уақытта білім беру сапасын және кадр даярлау деңгейін жоғары көтеру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет жағынан бөлінетін қаражат көлемі өсуде, оны тиімді жұмсау көкейкесті мәселелердің бірі болмақ. Біздің пікірімізше, қосымша шығынды талап ететін жоғарғы сыныпта оқитын оқушылар: олар үшін еңбек нарығында болып жатқан үдерістерге дұрыс бейімделуге арнайы даярлау және оқыту қажет, өйткені оларды мектеп шеңберінде мамандықты дұрыс таңдауға арнайы көмектесетін мұғалімдер болса көптеген қателіктерге бой алдырмауға болады. Орта білімді арнаулы кәсіби мамандарды дайындауда Президенттің жолдауында аталған жобаларды іс жүзіне асыруға қажет кадрлардың тізімі, саны мен пішіндері толық есептелуі керек, оны бүкіл халыққа жария етіп және әр адамға жеке түсіндірілсе, сонда ол шын мәнінде осы оқу орындарын дамытудың негізін құрар еді. Жоғары оқу орындарында білікті мамандардың түрлерін көбейту қажет, бұл жерде еңбек нарығының сұранысын алдын ала айқындап даярлау керек, ол үшін жетекші университеттерге өз бетімен жаңа мамандықты енгізуге толық құқы берілу керек. Тек сонда ғана өмір талабын алдын ала болжап, керекті мамандарды өз уақытында даярлап тұруға қам жасалар еді. Өзекті мәселелер қатарында – ұйымдар мен кәсіпорындармен тығыз қатынасты, оқытушыларға өз біліктілігін үзбей жоғарылату жүйесін байыпты негізде құру. Осы аталған және басқа шаралар тәжірибеге енгізілсе, адами капиталына жұмсалған инвестицияның әлеуметтік және экономикалық қайтарымы өсе түсер еді.

Читайте также:  Дәстүр (традиция) туралы

Оставить комментарий