Адай руы туралы

Адай руы – ерте кезде кіші жүздің басқа рулары сияқты Алатауды мекендеген ел. Кіші жүздің басқа руларына қарағанда Адайлар көптеу болып келеді. Бұл шежіредегі Адайлар туралы нұсқа Маңғыстау облысындағы халық қазынасын жинаушы ділмар қартымыз Шоңай Алшын Меңдалиевтің айтқандары негізінде жазылды. Адайдан екі бала – Құдайке, Келімберді. Ел арасында мынадай аңыз әңгіме бар: Құдайкенің ауылы жазғытұрым мұз түспей тұрғанда үдере көшеді. Көш дарияның (қай өзен екені белгісіз, Алатаудағы өзендердің бірі болар) ортасына келгенде мұз ойылып кетіп, көш түгелдей суға кетеді. Бүкіл көштен жалғыз Құдайке тірі қалады. Бұл Құдайкенің жасы ұлғайған кезі болу керек, жалғыз басты ол інісі Келімбердінің үйіне келіл паналайды. Арада айлар­жылдар өтеді. Інісінің үйіндегі келіні аңды адам екен, күйеуіне ағаңның әлі қуаты бар, көңілі бөлініп, еңсесін көтерсін. Әйел алып бер дейді. Келімберді ағасына әйел іздейді. Әйелі тұрып, қарт адамға жұрт қызын бере қоймас, көрші ауылда жаудан келген соқыр әйел бар соны алып бер дейді. Келімберді ағасы Құдайкеге осы әйелді алып береді. Ол әйел Түрікпен қызы екен. Құдайкенің осы әйелінен – Тәзіке, Қосай. Тәзікеден – Қабақай, Өтей, Сәрке. Тәзіке балалары және кіші жүздің басқа рулары қалмақтарды Жем, Сағыз өзендерінен, Тайсойғаннан қуып, Еділ мен Жайықтан асырып, босатқан жері – Нарынды барып қоныстанады. Қабақайдан – Мамақ, Пысық, Есен, Құлымпи. Сәркеден – Байқара, Шаңқара, Орыс, Кесе, Шеге, Тас, Тоқпанбет, Жезбике. Өтейден – Есім, Төлен, Құлшара, Ебеке, Сеңгіл, Сары. Қосайдан – Байбол, Тіней, Бәли, Сүйіндік немесе Жаманадай деп те атайды, Өтей, Бегей. Байболдан 4 бала: Есенқұл, Мәмбетқұл, Есенбет, Жұлдыз (Қадір). Есенқұлдан 5 бала: Есек батыр, Нұрбай, Қоңыр, Еміл, Өрезек. Мәмбетқұлдан – (Шалбарадай) Тоқтамыс, Тоқпамбет, Арыстан. Тінейден ­ Арық, Таңат. Арықтан – Тәңірберген батыр, Құдайберген. Тәңірбергеннің таңдап алған Бекбике сұлудан 3­4 бала. Бәйбішесінен – Сейтімбет, Қылыш. Тоқалынан – Бұйрабас, Түгелбай. Жылой ауданындағы Бекбике мұнай өндірісі батырдың ақ биенің сүтіне шомылдырып алған әйелі Бекбикенің атына байланысты қойылған. Кіші жүздің батырлары Жайық бойындағы Сарайшықты шапқанда қолға түскен Тәңірберген батырдың әйелі қалмақ қызы Шепжентен тарайтын ұрпақтар – Маңғыстау ауданындағы Амандықов Шоқай. Арықтың екінші баласы Құдайбергеннен – Қосболат, Бекболат, Байдәулет (кейінде Маябас деп атанып кеткен). Тінейдің екінші баласы Таңаттан – Өтеміс, Қасқа, Қоныс. Қоныстан – Есенбай, Жаулыбай. Қосайдың үшінші баласы Бәлиден – Есберді, Есқара. Есқарадан – Жарылғап, Жарбол. Жарылғаптан – Есен, Өтеп. Есеннен – Байбақты, Асан, Үсен, Бөпеқара, Боқан, Қуаш. Байбақтыдан – Жабағы. Асаннан – Жақай (одан тұқым жоқ). Үсеннен – Ақыл, Дәулетбай, оның балалары – Шорабек, Мейір, Орақтар. Боқанның бәйбішесінен – Қонақ, Жәніке, Бөніке, Тініке. Тоқалынан – Айдаралы. Жарылғаптың екінші баласы Өтептен – Төлби, Жаншуақ, Мырзатай, Мырзагелді. Төлбиден – Шыңбай. Жаншуақтан – Шопақ. Қосайдың төртінші баласы Сүйіндік немесе оларды Жаманадай деп те атайды. Ел арасындағы әңгімелерге қарағанда Сүйіндіктер жарлы болған, басқа адайлар жайлауға әрі­ бері көшіп жүргенде, бұлар орнында отыра берген. Көшкен ел үстіне келіп, бұлар кімдер дегенде, ой бұлар көше алмай отырған Жаманадайлар ғой дегеннен шыққан секілді. Сүйіндіктен (Жаманадайдан) – Бегәлі, Мырза, Құрманқұл. Бегәліден ­ Құдайназар, Қарамеңде, Құл, Бұқар, Тоқа. Құдайназардан – Алтай, Қарпық, Ақсары, Шақшақ. Қарпықтан – Қожабек, Қашқын. Қожабектен – Байғабыл, Жанғабыл, Маңдай, Жарқымбай, Жұлдыз. Қарамендеден ­ Шектібай, Сөйтім. Сүйіндіктің Құрманқұл деген баласын біреулер Ауғанстанға ауып кеткен десе, екінші біреулер кіші жүз Алатаудан көшкенде Адайдың мал бағып жүрген 7 баласы көшкен елден адасып қалың ұлы жүзде «Құрама» деген ел болып қалып қойған дейді. Ұлы жүзде «Құрама» деген елдің барлығы рас. Сүйіндіктің Қараменде мен Құдайназардан басқа балаларының тұқымдары туралы аңыз мәлімет болмағандықтан, шежіреге енгізілген жоқ. Қосайдың қалған балалары Әйтей мен Бөгей, олар әкесінен теріс бата алғандықтан өспей қалған деген болжамдар бар. Бұрынғы Гурьев облысының солтүстік аймағында аз да болса, Әйтей мен Бегейлер кездеседі. Қосайдан тараған ұрпақтар көбіне әкесінің атын айтпай Түрікпенадаймыз дейді. Бұл жөнінде ел арасында 2 түрлі аңыз бар: Біріншісі шешесі Түрікпен қызы болғандықтан Түрікпенадай атанған дейді. Екіншісі Қосайдың ұрпақтарының көбі ер, батыр болған. Қосай балдары Тәңірберген, Есек, Тоқтамыс, Тоқпанбет батырлар кіші жүздің басқа руларымен бірлесе отырып Түрікпендерге жиі шабуыл жасап көп олжа, мал­мүлік түсіріп отырған. Сондықтан Түрікпенадай аталды деседі. Шындығында Қосай әулетінен ел намысын қорғаған батырлар көп болғаны рас. Осы күні де Қосаймыз десе, «о көк найзалы Қосай батыр екенсің ғой» деген әңгіме ел арасында жиі айтылады. Меніңше осы екі аңыздың алдыңғысы шындыққа келіңкірейді. Бес шеркештің бір тармағы шешесінің атымен «Қаракемпір» аталғанындай, қазақ арасында шешесіне байланысты қосымша аттар жиі кездеседі. Мәмбетқұл әулетінен тараған Тоқтамыс, Тоқпанбет, Арыстан, Балтай өздерін көбіне Мәмбетқұлмыз демей Шалбарадаймыз дейді. Бұл туралы ел арасында мынадай аңыз бар: Ертеде Сарайшық шаһарын шапқанда кіші жүздің батырлары Адайларға олжадан аз береміз, олар аз үлес қосты деп дау шығарғанда Тоқтамыс пен Тоқпамбет батырлар жарғақ шалбарының ішіне көрсетпей алтын, күміс, асыл тастарды сала берген. Олардың алып шыққан асыл бұйымдары басқалардың алған олжасынан әлдеқайда көп болған. Осыдан бастап Мәмбетқұл әулеті Шалбарадай атанған дейді. Бұл сөз рас болу керек. Үйткені адамға, түрліше мекен­жайға берілетін қосымша аттар олардың жасаған ісіне не олардың қасиетіне байланысты екені халқымыздың өз тарихынан белгілі. Қосай балаларына берілген Түрікпенадай, Жаманадай, шалбар деген сөздердің кейіннен шыққан атақ екенін Адай туралы шежіре растайды. Адайдың екінші баласы Келімбердіден тарайтын ұрпақ – Құнанорыс, Ақпан, Балықшы, Бұзау, Тобыш, Мұңал. Құнанорыстан – Жанбай, Жантуған. Жанбай жауға аттанып кеткенде әйелі екікабат қалып ер бала табады, оның атын Жортыс қояды. Жортыстан – Тегембай, Түгелбай, Қайым. Төгембайдан – Өтен, Қайдауыл, Боғай. Боғайдан – Еспенбет, Өтеғұл. Түгелбайдан – Шортан. Шортаннан – Сарыт, Сауран, Ес, Жайық, Кішкентай. Қайымнан – Жетіқара. Жантуғанның бәйбішесінен – Сүйіндік. Жанбай өлгесін жеңгесін Жантуған алады. Одан – Жүнді, Қайыпназар, Қасбақай туады. Сүйіндіктен – Қожамжар. Қожамжардан – Жиенқұл, одан – Шабай батыр, Әлдеке, Мес, Қатпа, Кенжебай. Бұлар өздерін бес Қожамжармыз дейді. Құнанорыс бір мың үй шамасындағы аз ауыл Совет дәуірінде оқыған азаматтары: Қондыбаев Тұрар, Құлшарап А, Мыңбасов Ж, Қызылбаев Ж, Бозжигитов Абдрахман, т.б. Келімбердінің екінші баласы Ақпан еспеген ауыл, әкесінен қарғыс алғандықтан деген аңыз бар. Келімбердінің үшінші баласы Балықшы оның әуелдегі аты Шыбынтай. Жарлы болып, өзеннен балық аулап күнелткендіктен, Балықшы атанып кеткен. Қазіргі Балықшы адайдың негізгі табаны Ақтөбе облысында. Балықшыдан – Қосай, Есберді, Жүйрік. Жүйріктен Адайдың атақты Қармыс батыры шыққан. Жүйріктен – Қожан, Бабай, Қармыс, Жетіқара. Қостайдан – Қалдыман, Қожағұл, Мәмбет, Жұмат. Қалдыманнан – Балуанияз батыр. Бұлардың қонысы Ақтөбе облысының Темір ауданында, соған байланысты бұларды Жоғарғы адай деп те атайды. Келімбердінің төртінші баласы Бұзаудан – Айтумас, Жеменей. Айтумастан – Шылым жалғыз. Жеменейден – Жомарт, Нұрмағанбет немесе Кедей деп те аталады. Алдасай. Жомарттың бәйбішесі Қалаулыдан туған Қожамсүгірдің қолына оқ тиіп, бір қолы шолақ болған. Содан тараған ұрпақтар кейде шолақпыз деп аталынып кеткен. Жомарт батыр елге де, ханға да сыйлы болған адам. Жомарт ханға барғанда одан бұйымын сұрағанда, тайсалмастан «уа, хан ием» шынымен бұйым сұрасаңыз: Ақсұқсырды құшпай бер, Ақберенді атпай бер, Ақсауытты кимей бер, – деген екен. Ел аузындағы аңызға қарағанда хан сұрағандарының бәрін берген екен дейді. Ақсұқсыр Қалмақтан түскен жесір ханға тарту еткен. Сол Ақсұқсұрдан Жомарт бір бала көреді, оның аты Қожағұл. Жомарттың үшінші әйелінен Сұлтанкелді. Жомарт өлгенде оның артында 3 әйелден 3 бала қалады. «Аға өлсе, жеңге мұра» деген қазақтың салты бойынша Ақсұқсырды Алдаспайға қосады. Алдаспай жарлы, аң аулан күн көрген. Бір күні таң алдында үйіне келсе ашық жатқан Ақсұқсырды аяқ жағына көзі түсіп, «пай мына тоқалдың таңының аппағын­ай» депті. Сонда Ақсұқсыр тұрып, «иә, бұл таңға талайлар қызыққан» депті. Сонда Алдаспай «ойпырмай сенің ниетің бөлек екен» деп талақ еткен. Ол кездегі елдің заңы бойынша талақ деп 3 рет айтса неке бұзылатын болған. Жеменейдің екінші баласы Нұрмағанбеттен (Кедейден) – Ақша Тілеу. Ақшаның әулеті Ақша Кедей деп те аталады. Бұлар 150 үй шамасындағы аз ғана ауыл. Тілеуден – Көбетай. Көбетайдан – Азнабай, Жақсыбай, Мыңжасар, Даттыбай. Кедейден де білімді азаматтар Сейітмағамбетовтар, Сарин О, Тұмақбаев Қ, Қапашев Ә, Ақсүйеуов Л., т.б. Олар өсе келе іргелі ел болып, Қара Кедей атанып кеткен. Алдаспайдан екіқабат қалған Ақсұқсыр босанып, ер бала табады. Оның атын Зерең қояды. Зереңнен тараған ұрпақ 100 қаралы үй. Шылым өте бай болған адам. Осы бай Шылым Ақсұқсырға үйленеді. Шылымға шыққаннан кейін Ақсұқсыр 3 бала табады. Олар Ақбота, Көшке, Өрдек. Шылымның күң әйелінен бір бала, аты Қаратоқа. Әбілғазы, Өтеміс батырлар осы Қаратоқа әулетінен. Шылымның бәйбішесінен ұл бала туады. Сол бала ер жетіп, бірінші немересі Жақұлдан Төке, Түгел туады. Бұлардан тараған ұрпақтар Жақұлмыз, Текеміз, Түгелміз демей, Бәйбішеміз дейді. Бәйбішеден де білімді азаматтар: А.Жаңбыршин, Н.Нұрғалиев, Аралбаев, Шәкіратовтар, тағы басқа елге сыйлы азаматтар шықты. Медицина ғылымының докторы Естөре Оразақов осы бәйбіше руынан. Көшкеден тараған ұрпақ көп емес, 150­200 үйдің шамасындай. Атақты Доспанбет би осы Көшкеден шыққан. Адай мен Сұлтансиық арасындағы асқынып кеткен бір дау Доспанбет бидің бір ауыз сөзімен біткен деседі. Әрі би, әрі батыр Сырымға Доспанбет би кісі жіберіп «осы су басынан тұна ма, әлде аяғынан тұна ма? Осыған Сырым жауабын айтсын» дейді. Бұл сөзді естіген Сырым батыр, «ойпырмай, Доспанбеттің өзі келді ме, әлде сөзі келді ме? Ат төбеліндей Байұлы едік, бір жағымызды орыстың алпауыттары, екінші жағымызды Хиуаның ханы сорып жатқанда бұл сөзді айтатын адам тек қана Доспанбет» – деген екен. Доспанбет бидің осы бір ауыз сөзімен асқынған дау бітіп, екі ел ала жіп кесіп татуласып тыныштық орнаған. Шылымның екінші баласы Ақботадан – Аман, Байгелді, Қангелді. Ақбота іргелі өскен ел. Тек Аманның өзінен 500­600 үй болды. Қозыбайдың Ерназар деген баласынан – Алшынбек, Қашқынбек, Мұса. Жазушы Қабиболла Сыдиықов Мұсадан тарайды. Ақсұқсырдың Шылымнан тапқан үшінші баласы Өрдектен – Олжашы,Есен, Кенже, Бекен, Мамыр. Бұл бес Өрдек жайылса, жонға сыймаған, жабылса, көлге сыймаған іргелі ата. Тек Олжашының өзінен 500 үй шамасы бар Керек Аллақұлы ханға барып: «Хан ием, басымды кессең де, тілімді кеспессің. Әділ хан болсаң, жерімді, қонысымды кеңейт. Арқаға барсам, орыс Жемнен өткізбейді, саған келіп мұқтажымды айтайын десем, уәзірлерің басыңды аламыз дейді. Алдияр тақсыр хан ием, кессең – бас мынау, ішсең – қан мынау, ұшыр мен зекеттен бастап түтінге неше түрлі алым­салық аласың, азайт осыларыңды» – дейді. Хан ұзақ ойланып отырып, «жас екенсің, бір сапар кештім қаныңды, екіншілей елге ауа салатын сөз айтпа» депті­мыс. Бұл ел аузындағы әңгіме. Өрнектің екінші баласы Есеннен – Сейтімбет, Сейіт би. Оның қалмақ әйелінен туған бала – Өтебай. Есен үлкейген шағында жаудың қолында қалыпты. Қысылшаң кезде інісі Кенженің баласы Қонай батырға былай деген: «Жау күшті, екеуміз бірдей мерт болмайық, мына әйел екіқабат қой, ұл туса, атын Өтебай қойыңдар, менің атымды жоқтатпас» деген екен. Әйелі ұл тауып, атын Өтебай қойған. Өтебайдан – Мұрат, Жаналы, Бабалы, Тінәлі, Мінәлі. Есеннің бір баласы атақты Сейіт би. Сейіт би айтты деген халық арасында мынадай нақыл сөз бар: «Жарлығымды сұрасаң, жалғыз қара бурамен елмен бірге кешіп жүрдім. Мырзалығымды сұрасаң, сол жалғыз бурамды жегжатқа беріп, ел көшкенде жұртта қалдым. Ерлігімді сұрасаң, Есек батырды жау қамалағанда ту ұстап, қапыда жаудың қолына түстім. Билігімді сұрасаң, жауды тіліммен балқытып, өлімнен құтылдым. Байлығымды сұрасаң, күндердің күні болғанда бес балам бес ауыл болып жиынға (өлген адамға берілетін ас) бес отау, бес асау, бес саба әкелдім. Бар малым жалғыз бура болғанда жарлық бұдан өтіп не болсын. Сол бураны жегжатқа беріп жұртта қалғанда, мырзалық бұдан өтіп не болсын. Ту ұстап жауға қарсы шаптым, батырлық бұдан өтіп не болсын. Қызыл тілдің жүйріктігімен ажалдан аман құтылдым, билік бұдан өтіп не болсын. Жиынға бес отау, бес асау, бес саба әкелдім, байлық бұдан өтіп не болсын» – деген екен. Сейіт биден – Нұрымбет, Бейден, Берден, Қилан, Тастемір. Тастемірден – Жұбатыр, Тұр. Тұрдан – Ермембет би. 1870 жылдар шамасында Адайлар патша үкіметіне бағыну туралы келіссөз жүргізеді. Шамамен бұл келісім туралы мәслихат Бозашы түбегінде жүргізілген секілді. Осы келісім кезінде 200­ден астам қазақ орысты алдап, жаяу тастаған адамның бірі осы Ермембет Тұрұлы, екіншісі Жарының Дәулеталысы Самалық Томпыұлы. Олар Бозашығы шыққан қазақтардың аттарын, ер­тұрмандарын және олардың қаруларын алып кеткен. Олар Кетікке жаяулап әзер жеткен. Бұдан кейін Орынбордағы шекаралық комиссия Адайларды бағындыру үшін әскер шығарады. Бұл әскердің бір бөлігін Рукин деген басқарған. Олар Бозашыға қарай жүргенде жолда Үшауыз­Түйесу деген жерде адайлардың жасағына кездесіп жазалау отрядының 40­50 солдаты қаза табады. Осыдан кейін ел ауа көшу қамына кіріседі. Мая ұлы Бисембет би кіші жүз түгел орысқа көнді. Құралсыз бытыраңқы жатқан сауатсыз ел не қарсылық көрсете алады? Сондықтан тиісті салығын төлеп, тыныш отыруға шақырады. «Мені өздерің Оралдағы патшаның өкілімен сөйлесуге жібердіңдер. Олар 40 жыл бойына бізден солдат алмайды, кең қоныс береді, мектеп ашып балаларыңды оқытады» дейді. Сол кезде Төлек батырдың бел баласы Мәмбетнияз деген кісі «Теңіздің ар жағынан астаумен келіп, Маңғыстауды орыс алады деген де сөз бе екен» – депті. Адайлар осы сөзді «табылған ақыл» деп, Бименбетті өлтіріп, ауа көшу қамына кіріседі. Бағыты Хиуа хандығына қарай. Бұдан кейін патша үкіметі Хиуа хандығына қарсы әскер шығарып, оны бағындырғасын, Адайлардың барар жері, басар тауы қалмай, амалсыз Патша үкіметіне бағынуға мәжбүр болады. Бұзаудан – Жеменей, одан тараған ұрпақтар: Шолақтаң – Өтеген, Сейтқұл, Қара. Жомарттың тоқалынан – Бегимбет, Сұлтанәлі, Сары, Өмірзақ. Өмірзақ кейінде Қалша атанып кетеді. Бейімбеттен кезінде атақты Қаракісі, Жолболды деген адамдар болған. Сарыдан – Мырзакелді, Қожантай. Қожантайдан – Ақайдар, Бекайдар, Төбет. Сұлтанәлі атасынан тарағандар шаруа момын адамдар. Бұлардан алтын мен күміске жан бітірген атақты шеберлер көп болған. Өмірзақтан (Қалшадан) тараған ұрпақ көп емес. Олардың көпшілігі отырықшы. Бұлардан Бәйтілеп батыр шыққан. Жомарттың Аксұқсырдан туған баласы Қожағұлдан – Сары, Өтеміс. Өтеміс жаудан өледі. Сарыдан – Қалатбек, Сұлтан, Жетіқара, Шортан. Қалатбек өскен ауыл, одан – Сатыбалды, Байтөле. Байтөледен – ғылым докторы Мекерия Атымов. Бұзаудан – Жеменей, Айтумас. Бұл екеуінен тараған ұрпақтар Жеменейміз дейді. Олардың ұрпағы 4000­5000 үй шамасында. Жомарттың әкесінен туғанда қойған аты Аталық. Ол мырза болғандықтан Жомарт аталып кеткен.

Читайте также:  Қытайға көшпелілердің шабуылының басталуы

1 comment

  • Салеметсызбе. Адай Жеменей Кара кедей Мынжасар Арыкбай Жаулыбай Жарыкбас Наужан Бокен8 туралы малемет барма? Болса почтама жазып жыберынызшы. Быздын туыстарымыз жогалып кеткен ашашылыкта. Соларда ыздедым.