Адайлардың ата жұрты

Ғалымдардың пікірінше, ерте заманда бұл өңірде суы тайыздау, ұлы Тетис мұхиты болған. Кейін Альпі, Гималай таулары пайда болғанда мұхит бірте­бірте қайта бастап, өзінің артына бірнеше «көлшіктер» ­ Жерорта, Қара, Каспий теңіздерін қалдырған. Тетис мұхитының бұрынғы табаны құрғаған,осының бір бөлігі, бірақ ең қатаң климатты бөлігі, Маңғыстау түбегі де, Үстірт алқабы да осы судың астында болғанға ұқсайды. Содан талай геологиялық өзгерістерге ұшырап, таулар, сай­салалар, алқаптар, өзендер пайда болған. Бұл өлкенің ауа райы, климаты өте ауыр, қысы өте салқын, жазы ыстық, су тапшылығы оның үстіне, өзендер мен көлдер бұрын мол болғанмен де кейіннен олардың барлығы да жойылған. Судың, ылғалдың тапшылығынан бұл өлкеде жөнді шөп шықпайды. Тек қана ауа райына өте төзімді жусан, бұйрығын, баялыш, изен тағы басқа түйе мен қой малдары жейтін шөптер ғана өседі. Қыста қар өте аз түседі және тез еріп кетеді. Жаңбыр жылына бір­екі рет қана жауады, жүз­ жүз елу миллиметрден аспайтын ылғалдық береді. Осындай өте қатаң климат жер өңірін де өзгертті. Көп жерлер сорлар, құмдар, сазды төбелер болып келеді. Алла тағаланың рахымынан тыс қалған жердің сиқы, міне ежелден­ақ осындай. Бұл өңірде өмір сүру үшін тіршіліктің қамын тек қана ерінбеген еңбеккер ғана жүзеге асыра алады, жергілікті халық сол тіршілік үшін өмір бойы күресіп келеді. Судың тапшылығы егін шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік бермейді, халық Қаратау, Ақтау аймақтарында бұрын бұлақ суларын пайдаланып, азғантай бау­бақша өсірген болса, қазір судың тартылуына байланысты мұндай мүмкіншілік те болмай қалған. Бұл маңның жергілікті халқы малдың жайымен көшіп­қонып өмір сүрген. Қазақ жерінде төрт түлік мал болса, бұлар үш түлік мал ғана ұстайды, сиыр малын өсіруге климат жағдайҒалымдардың пікірінше, ерте заманда бұл өңірде суы тайыздау, ұлы Тетис мұхиты болған. Кейін Альпі, Гималай таулары пайда болғанда мұхит бірте­бірте қайта бастап, өзінің артына ы, жем­ шөптің аздығы мүмкіндік бермеген. Дегенмен, мал жайылымына, көшіп қонуға бұл өлкеде жер көлемі жетерлік. Маңғыстау ­ Грузия, Армения және Әзербайжан сияқты Кавказ сырты елдері түгелімен сыйып кететін сегіз миллион гектар жерді алып жатқан кең аймақ. Немесе жер көлемі жөнінен Маңғыстау Балтық жағалауындағы үш мемлекет ­ Литва, Латвия және Эстониямен пара­пар. Осындай ұлан­ғайыр жерде Кіші жүздің Адай руының көпшілігі мекендеген. Бұл өңірде қазақтың басқа жеріндей тарихтың талай мезгілдерінің қалдырып кеткен адамды таң қалдыратындай іздері көптеп кездеседі. Егер өткен аңыздар мен үлкендердің айтып кеткен әңгімелеріне, естеліктеріне көз жүгіртсек Адайлар Кіші жүздің басқа рулары сияқты ерте заманда Алатау аймағын мекендеген екен дейді. Қай мезгілде екені белгісіз, жаугершілік кезі болса керек, Адайдың екі баласы Құдайке және Келімберді ауылдары жазғытұрым Шу дариясынан мұз үстінен өтіп жатқанда Құдайкенің көші, үй­ішімен мұз астына кеткен, тек өзі ғана аман қалыпты­мыс. Құдайке сол кезде біраз жасқа келіп қалған болса керек, інісі Келімбердінің үйінде тұрады. Келімбердінің әйелінің айтуымен Құдайкеге інісі жау елінен қолға түскен бір жетім қызды алып береді. Сол кісіден екі бала ­ Тәзіке, Қосай туады. Келімбердінің алты баласын, Құдайкенің екі баласын қосын, адайлар сегіз арыспыз дейді. Жоғарыда айтылғандай, бір кезде қазақ жеріне жау келіп, қиыншылық болғанда Кіші жүз рулары, соның ішінде он екі ата Байұлы Алатау өңірінен Сыр бойын жағалап, Арал теңізінің солтүстік бетімен батысқа беттеген мұны Адайлар: «Сауран айналған кездер» дейді. Тағы бір аңызда он екі ата Байұлының бір баласы Жаппас Арал мен Ырғыз жеріне келгенде дүние салған дейді. Ол кісінің бәйбішесі Алтынның төркіні сол жерлерде тұрған болуы керек, Жаппас дәулетті болған екен, жастау кезінде қайтыс болғанға ұқсайды, жастай. жесір қалған Алтын төркіндерін сағалап, сол жерде қалып қойған. Қазір Жаппастардың көпшілігі осы маңда. Жаппастардың азғантай бөлігі ағайындарымен әрі қарай кеткен, олардың тұқымдарының бір қатары Астрахан маңына дейін барған. Кейбір қағаз бетіне түсіп жүрген шежірелерде он екі ата Байұлын он үш ата деп, оған Алтынды қосады. Бұл дұрыс айтылмаған мәлімет екені ертеден келе жатқан естеліктермен дәлелденеді. Он үш ата Байұлы болмағаны анық. Он екі ата Байұлы­рулары Ырғыз, Ор, Жем, Сағыз, Ойыл өзендері бойына, Үстірттің солтүстігінде қалмақтармен соғысып, ата мекенін қайтып алу жолында айқас салған. Бұны да тарих деректері анықтайды. Осы жерлер үшін күрескен, қан төккен ерлер мен батырлардың аттары осы күнге дейін ел аузында, тарихта өздерінің қадірлі орындарын алады. Он екі ата Байұлы рулары, оның ішінде Адайдың Құдайке балаларының бірқатары Жайық бетіне, одан әрі Еділ жағасына дейін барған, олардың тұқымдары осы күнде Астрахан, Саратов, Волгоград, Орынбор маңдарында баршылық. Көпшілік Адайлар Жем, Сағыз, Қайнар, Ойыл өзендерінің бойын Сам аймағын, Үстірттің терістік бетін мекен еткен. Ел қорғаған батырлардың есімімен аталатын мекендердің біреуі Жем бойының сол Жем бетіндегі «Құлшан әулие», Бекеттің салған мешіті деп те аталады, содан 20 шақырымдай жердегі бір дөңнің басынан бұлақ ағып жатқан жерді Есекжал деп атайды, Есек батыр Адайдың Қосай ұрпағынан, Алатау жағынан көшкеннен кейін осы 7жерге қоныстанған. Бұл кісінің батырлығын сипаттайтын неше түрлі аңыздар ел арасында ертегі сияқты айтылып жүреді. Оны «жезтырнақпен», «тау тайлақпен» алысқан деп те айтады. Екінші бір жер Жем өзенінің оң жақ бетінде, Құлсарының 50 шақырымдай терістігінде, Мақат өндірісінің оңтүстігінде Бек Бике деген өндіріс орны бар. Қосайдың Тіней бөлімінен шыққан Тәңірберген батыр осы жерді мекен еткен. Ол бір соғыста қалмақтардан қолға түскен бір сұлуды «ақ биенің сүтіне жуып», некелескен соң атын Бек Бике қойған екен дейді, ол жер де қазір Бек Бике аталып қалған. Дегенмен, жоғарыда айтылған жерлерде адайлардың қанша тұрғаны белгісіз. Мал­жаны өскен олар қоныс іздеп, Үстірт үстімен Маңғыстау түбегіне қарай бет алады. Түбекте ол кезде Егдір, Шәудір, Бозашы, Абдал, тағы басқа түрікмен тайпаларымен көршілес тұрады. Кейіннен бұлардың арасынан жанжал шығып, жер, судың жетпеуінен көптеген түрікмендер, түстікке, қазіргі Қарабұғаздан әрі, кейбір тайпалары Ставрополь жеріне өтіп кетеді. Ел арасындағы Адайлар түрікмендерді қонысынан қуып шығып, жерін тартып алыпты деген аңыз шындыққа үйлесіңкіремейді. Әрине, бұл екі ел арасында келіспеушілік болған. Көп түрікмен тайпалары өздері кеткен, бірқатары кейін XIX ғасырдың аяғына дейін теңіз жағасын қоныстанып, қазақтармен көршілес тұрған. Шындығында түрікмендер мен қазақтарды араздастырып, біріне бірін айдап салып, ел араздығын қоздырып отырған ­ Хиуа хандығының саясаты еді. Бір кездерде түрікмендер де, адайлар да Хиуа хандығына тәуелді болып, салық төлеп отырған. Екі елдің басын қоспау, біріктірмеу үшін жасаған саясат түрікмендерге де, адайларға да оңай тимеген, көп қиыншылыққа, жоқшылыққа, қырғынға дейін әкеп соқтырған. Осы екі ел арасындағы достықты дәлелдейтін мысалдардың бірі жазушы Әбіш Кекілбаевтың арғы атасы Қожаназар жөнінде айта кетсек артық болмайды. Қожаназар өзі бай, өзі батыр Маңғыстауда, теңіз жағасында, қазіргі форт­Шевченко маңын жайлап, қыстаған түрікмен байы Әжнияз Бек деген кісімен дос болатын. Бұлардың балаларының, тұқымдарының достығы бес атаға дейін жалғасқан дейді. Әжнияз Бек өзінің досы, тамыры Қожаназарға қазіргі Оңды маңын жайлауға, қыстауға бөліп береді. Бір жылы Қожаназар қыстаудан ертерек көшіп баласы Тағанды жылқымен досының аулында қалдыра тұрады. (Қожаназардан ­ Таған, Тағаннан ­ Көпжасар, Көпжасардан ­ Өтек, Өтектен ­ Жаманқұл, Жаманқұлдан ­ Қоқым, Қоқымнан ­ Кекілбай тарайды). Тағанның сол кезде айттырып қойған қалыңдығы Сырым батырдың атасы Шоланның қызы екен. Бірақ Таған, Әжнияз Бектің сұлу қызымен көңіл қосып, қызды алып қашады. Қыз өте сұлу, қажырлы, қайратты болған. Жол бойында тас арасына кептеліп қалған бір еркек қойды көріп, Таған ат үстінен көтеріп алайын десе шамасы келмейді, сонда қыз ат үстінен қойды өзі көтеріп алады. Бұл қыздан бес ұл туады, ел оларды «бес қалмақ» деп атап кеткен дейді. Бәрі де қарулы, батыр болады. Қыздың аты Сұқсұр екен, бұл қалмақша сұлу деген сөз. Неге түрікмен қызының атын қалмақша қойғаны белгісіз. Күзге қарай Қожаназар Әжниязға елші жіберіп, кешірім сұрап, не айтса да көнемін, шешімін айтсын дейді. Әжнияз қызым мен күйеуін жіберсін, өзім тойын жасап, ұзатамын дейді. Бек сөзіне тұрып, қызын 100 қарамен ұзатыпты. Сонымен, Қожаназар Шоланның қызын келін ғып түсіріп, екі келінінің тойын бірге жасапты. Әжнияз Бек өлгеннен кейін, баласы Жәналы бек жарлы болады. Үйленуге, қалыңмал төлеуге малы болмайды. Жәналы Бек шешесінің ақылымен әкесінің досы Қожаназардан көмек сұрайды. Ол 40 еркек қой, 40 өре киіз беріп, сауынға түйе береді. Қалыңмалды да төлейді. Міне түрікмендер мен қазақтардың достығының бір көрінісін ел арасында осылай дәріптейді. Маңғыстау өлкесінің ауа райы өте қатаң болғанмен бұл жерде ерте заманнан бері қарай тіршілік біріне бірі жалғасып отырған ежелгі мекен. Жер көлемі қанша кең болғанмен оны мекендеген халық онша көп болмаған. Халықтың нақтылы есебін алып, саны қанша болды деген сұраққа толып жауап беретін құжаттар жоқтың қасы. Жыл он екі ай көшіп жүретін елдің тиянақты есебін жүргізу де оңай болмаса керек. Дегенмен, осы сұраққа жауап беретін мәліметтер жөнінде әңгімелеп көрейік. 1925­1927 жылдарда КСРО Ғылым академиясының төтенше комитеті Одақ көлемінде келелі зерттеулер жүргізген. Осы төтенше комитет үшін жазылған «Адай уезінің казактары» деген Ә.Н.Бөкейхан еңбегінде: «Адай уезі Каспий теңізі мен Арал теңізінің аралығында 42 және 50 параллелінде орналасқан. Жер көлемі 303325 шаршы километр (1928 жылғы мәлімет бойынша 345200 шаршы километр). 1925 жылдың мәліметі бойынша Адай уезінде 27 болыс, 21611 шаруашылық, 127798 адам, (1928 жылғы мәлімет бойынша 170 мыңнан астам) оның 66015­і ер, 61183­і әйел кісілер. Осы 27 болыстың Ойыл және Қазыбек болыстары Таздар мен Ысық рулары. Олар Ойыл маңын қоныстанған. Үш болыс Шөмішті Табын, Адай руларынан құралған. Бұлар уездің шығыс бетінде орналасқан. Қалған 22 болыс Адай рулары 1», деп жазады. Ә.Н.Бөкейханның осы еңбегінде 27 болыстың қай жерлерде орналасқанының, қандай шаруашылықпен айналысқанын, ауылдардың қай рулардан тұратынын толық көрсеткен. Соның ішінде: «№ 19 Түпқараған болысы (Мұқал руы) Кетік түбегінде (форт­Александровск). № 8, 9, 10 жөне 11 Жеменей және Жарылар Бозашы түбегінде. № 8 болыстың Олжашы руының екі ауылы Қойғалы және Бабахан жерлері мекендеген (Үстірт ­ 24 меридиан). № 10 болыстың бір ауылы Пұсырман және Ырысалы (Жетімектер) бөлімшілері Жем өзенінің оңтүстік сағасындағы Қарақұм бойын мекендеген, осы жерлерде көшіп қонған. № 11 болыстың екі ауылы Кенже руының Қойсары бөлімшесі жазда Кенжалы өзенінің бойын (Ойыл өзенінің бір саласы), Қонай бөлімшесі Сағыз өзенінің бойын жайлаған. № 4 болыстың ауылдары Қаратүлей мен Сам бойында көшіп қонған, осы болыстың бір ауылы Темір (Қарақамыс) елді мекенінің солтүстік бетін жайлаған. № 5 және № 6 болыстардың Қосай (Түрікмен Адай) қыста Қарабұғаздың терістік батыс бойынан жазда Сағыз өзеніне дейін көшіп қонған. № 5 болыстың екі ауылы Нұрбай және Есек (Қосай руының бөлімшесі) Сағыз өзенінің солтүстігін Темір мен Ойылдың (Көкжар) араларын жайлаған. № 1, 2 және № 3 болыстардың ауылдары Шерқала мен Мұғалжар (Қарақамыс) маңайын жайлаған. № 14 болыстың бір ауылы Кетік маңында көшіп қонған, екі ауылы Өтес пен Қаратүлей аралығында (22­24 долготы, 44­46 широты; автордың пайдаланған кей сөздерін әдейі сол қалпында қалдырдық). болған, бір ауылы Тобыш руының Қараш бөлімшесі Қобдаға дейін (параллел Ақтөбе қаласы) көшіп, қыста Қарабұғазға дейін келген. № 13 болыстың Жеменейлері ­ Бегімбет, Кедей, Ақша Кедей, Қара Кедей, Қарақұм: мекендеген (Жем өзенінің оңтүстік сағасы), бір ауылы Шолақ бөлімшесі жатақтар Бозашы түбегінің оңтүстік батысында егін шаруашылығымен айналысқан. № 20 болыстың Қосай руының Тәңірберген бөлімшесінің бір ауылы Кетіктен 140 шақырымдай жерде Торыш төңірегінде (Ақтау мен Қаратау арасында) егін шаруашылығымен айналысқан, бір’ауылы Шалбар бөлімшесі жатақтар Кетікте, үш ауылы Таңғат (дұрысында Таңат), Құдайберген, Есембай бөлімшелері қыста Үстірт үстін қыстап, жазда Ойылдың солтүстігіндегі Жәкеңді өзенінің бойын жайлаған. Бес ауылдан құралған № 21 болыстың, бір ауылы Ысық, Жарболдардан құралған. № 14 болыстың екі ауылы (Өтептер) Тұзбайыр, Сеңгірқұм, Аққуыс бойы (Маңғыстау ойы) Мангистауский котлован (44 параллел) қыстаған (жатақтар), бір ауылы (Есберді бөлімшесі) Ырғызбай құдыққа (долгота 26 и широта 46) дейін көшіп қонған. № 22 болысы Тайсойған, Сағыз бойының жатақтары. № 24 болыстың ауылдары Сағыз өзенінің терістік бойының жатақтары. № 25 болысы Жылой ­ Қосаның жатақтары. № 7 болыс алты ауылдан құралған, оның бір ауылы Мамыртай, Жақай (жатақтар) Бөрібас маңында (долгота 24 и широта 44) қоныстанған, үш ауылы, Әли, Жанғозы, Жантақ қыс кезінде Бөрібас, жазда Темір маңын жайлаған, Жапақ бөлімшесі де қыста Бөрібасты мекендеген, жазда Ойылдың шығыс бетін жайлаған. Адай уезінің, Тайсойған­Сағыз, Шилі­Сағыз, Жем­Сағыз, Ойыл және Қазыбек барлығы бес болыс жатақтар 2». Ә.Н.Бөкейханның Адай өлкесін, оның халқын зерттеу еңбегі ғылым саласында бұрын­ соңды болмаған сияқты.: Бұл еңбекте қай жерде қандай ұжымдар болғанын, оны қандай рулар қыстағанын, жайлағанын барлығын да біршама дұрыс көрсеткен. Ру, жер аттарында жіберілген бірен­саран қателер бұл еңбектің құнын кемітпейді. Қателер еңбек орыс тілінде жазылғаннан болар деп те есептеуге болады. Маңғыстауды қоныстанған қазақтар жөнінде бұдан бұрын да көптеген ғалымдардың топшыламалары болған. Бірақ Ә.Н.Бөкейханның еңбегі олардан өзгеше бөлек дүние. С.П.Толстов, А.Аристов, В.В.Бартольд, С.Аманжодов, В.В.Востров, Я.Г.Гуламов, Ә.Әбдірахманов, С.Омарбеков, А.Медоевтердің шығармаларында, зерттеулерінде әр түрлі пікірлер айтылады. Бірақ қазақтардың бұл ауыр климатты өлкені қай мезгілде, қай жақтан келіп мекендегенін ашық айта алмаған, тек қана ғылыми жорамалдар жасаған. Қысқаша айтқанда, бұл өңірде ерте заманнан бері қарай болған, өмір сүрген тайпалардың қайсысы болса да өздерінің әдет­ғұрпы мен сана­сезімін, өнер шеберлігін бейнелеп, айқындайтын тарихи құнды ескерткіштерің қалдырып кеткен. Көне мұралар мен тарихи деректерге көз жіберсек, Маңғыстау өңірін бірқатар елдер мен тайпалар мекендеген. Қазақ жерінен Днепрге дейінгі ұлан байтақ территорияны қоныс еткен сақтар, соңғы кезде түрік аталып, төрт түлік мал бағып, сол малдың етімен, сүтімен, жүнімен күн көрген, тарихта бұлар да өздерінің мәдени іздерін қалдырған. Тарихтың арғы түкпіріне бармай­ақ қазақтардың мекендеп, өніп­өсіп, өмір сүрген қазіргі қазақ жерінің өзі ­ өткен тарихи деректерімен, ерлік пен батырлықтармен, дастандарымен, жырларымен, алуан түрлі ескерткіштерімен, естеліктерімен бай екені белгілі. Ал Маңғыстау өлкесі де бұған толы деп айтуға болады. Соңғы кездерде газет­журналдарда жазылып жүргеніндей Қазақстан аймағында жиырма мыңнан астам тарихи, мәдени ескерткіштер тіркеліпті десек, соның жартысы (57 процент) осы Маңғыстау жерінде екен. Халықтың іскерлік, шеберлік өнерінің ең бір таңғажайып түрлері осы Маңғыстау өңірінде қалыпты десек, өтірікші бола алмаймыз. Тастан тұрғызылған сәулеттілік ғимараттар, ағаштан, алтын, күмістен, темірден жасалған жиһаздар, зергерлік, бұйымдар, өрмек тоқу, ши орау, киіз басу өнерінің айырықша түрлері осы жерден кездеседі. Киіз үйдің жасалуы, оның ішіндегі жасауы мен жабдығы өз алдына. Мұның бір айғағы 1993 жылы өткен ел жиынында күллі республика халқын таң қалдырған Маңғыстаудан әкеліп тігілген киіз үйлер. Мұны өкелік форт­Шевченко қаласының тұрғыны Бозжанұлы Бақыт деген азамат. Кейбір басшылар: «Бұл киіз үйді астанаға қалдырыңыз, шет жердей келген қонақтарға көрсетіп, мақтан етейік», дегенде: «Шаңырағын тастап кету ел салтыңа, дәстүріне жатпайды. Керек болса астанаға лайықты үйді жасап беруге болады», ­ деген уәдесіне тұрып, 1993 жылдың қазан айында сол бұрынғы үйінен артық болмаса кем емес екі киіз үй жасап, өкшет басшыларына табыс еткен. Ол үйлерді ендігі жерде астанадан тамашалауға толық мүмкіндік бар. Осы сияқты қарапайым тұрмыстық мәні бар жабдықтар болашақты тәрбиелеуге, өнерге үйретуге үлкен әсер етіп, ғасырлар бойы жалғасып, өзінің қадірлі қасиетін жойған жоқ. Осының бір жалғасы 1960 жылдары Түрікменстаннан көшіп келіп, Алматы облысына қоныстанған бұрынғы Маңғыстау қазақтарының ұлттық киім киюуі, киіз үйлерді жабдықтау өзгешеліктері айырықша болғаны белгілі. Үстірт үстінде, Маңғыстаудың ойында, Жем, Сағыз, Қайнар өзендерінің бойында, Сам құмдарының арасында бұдан жүздеген жылдар бұрын тұрғызған ескерткіштер, қорымдар, мазарлар осы күнге дейін сақталған. Атақты ел азаматтарына, батырлар мен билерге қойылған ескерткіштердің неше бір әдемісі мыңдап саналады. Осы тұрғыдан алса идея сол халық қолөнерінің үлгісі осы күнге дейін жалғасып келеді және Қазақстанның алыс аймақтарында да көріне бастады. Отан мысал әйгілі ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлына салған мазар. Қазіргі Абай және оның әулетіне арнап жүргізіліп жатқан күрделі құрлыстар да осы Адай мазарлары үлгісінен алынды. Ежелгі тарихи мұраларды насихаттау мен қалпына келтіру мақсатында ерінбей еңбек етіп жүрген сәулетшілер, шеберлер Маңғыстауда көптеп саналады, олардың аттарын мақтаныш ретінде атауға тұрады. Маңғыстау өңірінде ауыз судың жетіспеушілігі ежелден келе жатқан мұқтаждық. Күн көрістің қиындығынан болу керек жер астынан су тарту, шыңырау құдық қазу бұл елде ерте заманнан келе жатқан шежіре ескерткіштерінің, көне өнерінің бір түрі, себебі шыңырау құдық қазудың Маңғыстаудағыдай шеберлікпен жасалған үлгісі басқа еш жерде болмаса керек. Маңғыстау елінде шыңырау қазу жөнінде, су кемшілігі жөнінде, ел арасында тараған аңыздар өте көп. «Төбелеске табылған суды, әншейін демейсің бе» ­ деген мақал да бар. Осыған қарағанда судың тапшылығынан жанжалдар да болмай қалмағанға ұқсайды. Ақсақалдардың айтуынша, бұл елде Қараш. Бегей руларынан шыққан көптеген атақты құдықшылар болған, Құдықшылар жазғытұрым дәулетті адамдардың тапсырмасы бойынша, еңбек ақысын, сауын малын алып, елсіз далада Үстірт үстінде, Маңғыстау ойында, күзде ел қыстаққа қайтып келгенше құдықты әзірлеп қояды екен. Құдықтардың тереңдігі 30­80 метрден кем болмаған. Маңғыстау жерінде «Жүз сажын» деген құдықтың бар екені белгілі, сонда бұның тереңдігі жүз қадамдай болғанға ұқсайды. Шыңыраулардың суы тұщы, мол болады екен, «Мың суалмас» деген шыңырау да осы өңірде болған, соған қарағанда, мың бас малды суаруға жететін суы мол болған. Осылай құдықтарды қазу үлкен білімпаздықты, шеберлікті керек еткен. Жер астының мол, тұщы суы қай жерде жатыр? Оны білу ғылыми тұрғыдан да мәні бар шаруа. Ол құдықтар ел жайлайтын, ел қыстайтын аймақтарда, керуен жолдарында болған. Бір өкініштісі шыңыраулардың саны қанша болғаны, қай жерлерде болғаны жазылып, хатталып қалмаған, көбі кешегі мал азайып, ел қоныс аударғаннан кейін қаңырап бос қалып, көміліп, су көзі бітіп қалған. 1925­1927 жылдары Маңғыстау өңірінде екі миллионға жуық мал болған дейді, сол көп малды жазда, күзде құдықтан суарған. Қазір ондай мал жоқ, кеңшарлардың малдарына суды автомашинамен тасиды. Құдықтарды пайдалану ұмытылған, сондықтан да жылдан жылға мал басы кеміп келе жатқаны тағы анық. Су тапшылығы жөнінде тағы бір болған жайды еске алсақ, Маңғыстау өңірінде өмір сүріп, Кеңес үкіметін құруға еңбек еткен, көргені көп, шежірені Алшын Меңдөліұлының айтқан бір әңгімесін еске салып кетуге болады. «Жиырмасыншы жылдары атақты заңгер, кезінде Ресейдің дума мүшесі болған, ел қамын жеген Қаратайұлы Бақытжан Маңғыстау уезінен кеңеске мүшелікке сайланбақшы болып, Маңғыстауға жолға шыққан. Жол үстінде көшіп келе жатқан елге кездеседі. Көш басшысы сусыз жерде кездескеніне қарамай көшті қондырып, айдап келе жатқан биелерді байлатып, бір тайды сойып, жылқының сүтіне ет пісіріп берген» дейді. Осы жайды Алматы тұрғындары Сейдалы балалары Рүстем мен Асқардың анасы, Бақытжанның қызы Зиада апай да әкесінің «жылқының етін жылқының сүтіне пісіргенде өте дәмді болады екен» ­ деп әкесінің айтып отыратынын әлде неше рет естігенін есіне алып отыратын. Маңғыстаудың тарихи мұраларының ең бір қасиеттісі діни ескерткіштер, халықтың айтуынша, әулиелер ­ Бекет­Ата, Шақпақ­Ата, Шопан­Ата, Масат­Ата, Сұлтан­Ене, Кеней­ Баба, Қараман­Ата, Дүлдүл­Ата, тағысын тағылар жүздеп саналады. Бүкіл қазақ еліне әйгілі 362 әулиенің мекені де осы жерде. Жоғарыда айтылғандай тарихи, мәдени, рухани мұраларын қалуы ­ халықтың салтымен кірігіп, тұрмыс­салтымен, тіршілігімен біте қайнасып, жалғасып қала беруінде болса керек. Неше бір қиындық тауқыметін басынан кешірген елде, адам таңқаларлық ескерткіштерді, шеберлікті ұмытпай есте қалдырғаны және осы күнге дейін жалғастырып келе жатқаны таңдандырарлық құбылыс.

Читайте также:  Клетканың тітіркенгіштігі

Оставить комментарий