Қазақ осы күнде қалың орманға кіріп адасқан адам сияқты. Қалай жүрсе де жөн боларын білмей, дағдарған кезі. Олай-бұлай жүріп еді жол табылмады. Енді тоқтап тыңдаптыңдап, қайдан қандай дыбыс шығар деп құлағын салып тұрған кезде әркім шама қадірінше айқайлап дыбыс берген сықылды үнін шығарып, ойын айту міндет. «Айқап» басқарушы мырза өз ойын жұрт алдына салды. Мақұлдағандар нешік мақұлдап, мақұлдамағандар не жөніменен мақұлдамайды, ашып айту тиіс. Қазірде аяулы жерді алып қалудың айласы жалғызақ — сол жақсы жерге қала салу. Бұл қала салу деген сөз қазақтың бәріне айтқан сөз емес, егін салып, күн көрерлік жері бар қазақтарға айтылған сөз. Мұны мақұлдамайтұғын адам аз шығар. Талас болатұғын «сұрап салалық» деген сөз. Сұрап салғанды қолайлайтындар да бар, қолайламайтұғындар да бар. Сондықтан сұрамай салғанда қандай зарар бар, сұрап салғанда қандай пайда бар, осыны тексеріп, қарастырып екеуінің біріне сөз байлансын. Әуелі сұрап салу жайын қарастыралық. Осы күнде екі түрлі сұрау болып жатыр: біреулер баяғыдан бері қыстау салып отырған жерлерін алып бара жатқан соң мужикпенен қатар жан басына 15 десятинадан жер кесіп беріп орнымнан қозғама деп сұрап жатыр. Біреулер өзгелердің жерін алып жатқанда біздің жеріміз де аман қалмас деп алдын ойлап, қала салу сұрап жатыр. Бұларға жер қарастыратұғын мекемелердің айтатұғын жауабы: «Жерлерің алуға кесіп жатқан жерлердің жанында болса, жер кесушілер сендерге де жер кесіп береді. Жанында болмаса, сендер үшін жер кесуші шықпайды. Жер өлшейтұғын, кесетұғын адамды өздерің жалдап апарып істетіңдер» деді. Солай болған соң мужикке кесетұғын жерге жақын қазақтар жерін кескізіп алып жатыр, жақын еместерінің берген арыздары үйіліп босқа жатыр. Пәлен жерде пәленше пәлен еткен дегенге сырттың құр дауысына құмарланбай, жанына жақын барып қарап, көзіменен көріп қызығарлық іс болса, құмарлансақ екен. Әуелгі істің қатесі көп болатұғын, қатесін көріп кейінгілер істемес үшін. «Оренбургская газета»ның биылғы 30ншы номерінде біреу жазыпты: «Орал менен Торғай облыстарында мужикке жер алып беруге істелген жұмыстар зор қолайлы іс болып байқалып тұр. Мұның қолайлы болған себебі — қазақтар мал шаруасының қалып мөлшеріменен орындасқан жоқ, мужик ретіменен орындасты (ердің басына 15 десятина). Қазақтар көшкін қалыптан тұрғын қалыпқа шығуға бек ықыласты болды. Мал шаруасының мөлшері мына жер алудан мужикпенен қатар жер алуды артығырақ ұнатты. Тұрғын болған қазақтың ішіндегі малы көп байлардың шаруасын шайқалтпас үшін, қалаларының маңайындағы оброчный статия ретіндегі жерлер қазірге ақысыз беріліп тұр. Осы реттің қолайлы болғандығынан, неше мың көшкін қазақ мал шаруасынан қол үзбей, тұрғын егіншінің қалыбына кірді. Қазақты риза қылып орындастырғаннан кейінгі артық қалған жерге екі жүз мың мужик келіп орындасты. Бұл сан қазақтар тұрған қалыпқа шақпағанда орналасқан мужик санынан талай мәрте артық. Бұл істің әсіресе қанағаттандыратұғын жері — қазақтар осыған бек риза болып жатыр һәм хәлауқаты артыла бастағанын көзіміз көріп тұр» депті. Орынбор газетінде жазылған сөз осы. Бұл сөздің қаншасы расын, қаншасы өтірік, әуелі, құдай, екінші, ризалық тауып мәз болып жатқан қазақтар біледі. Бізге расынан өтірігі көп көрінеді. Сұрап қала салудың осындай өтірік сөзді қуаттауға керегі болмаса, өзге пәлендей қажеті бар деп өз басым айта алмаймын. Степной положениенің 120-ншы статиясы бойынша жердің басы патшалық болғанменен шөбі суы қазақтікі. Қазақ жерді патшалықтан сроксіз арендаға алған есебінде жалдап алған жеріңе үй сал, қора сал, егін сал, мал жай, ықтияр өзіңде емес пе? Өз қолыңда тұрған жерге қала саламын деп өзгеден сұраудың не жөні барын ұқпаймын. Қазақ ісін нық істейтұғын халық болса, қазақ қолындағы жерге қала салуға рұқсатты өзгелер сұрар еді. Қазірде қазақтан жерді рұқсатсыз алып жатса, жолменен жолсызды араластырып, жол сықылды көрсетіп алып жатыр. Әуелі үлкен ауылдағы бар күшті ауыл жеріне келіп, басып қойғанда, нашар ауыл оған не істейді? Малмүлкі түгіл жан жамағатына ие бола алмайтұғын жамандар дүниеде аз ба? Екінші, жоғарыда айтылмыш 120ншы статияның примечаниясында қазақ жерінің артығы болса, қазына керегіне алынады деген. Осыған сидырып артық жер деп алып жатыр. Жеріміз артық деп көрсетіп отырған қазақтың өзі. Қазақтың жер жал дауы жеріміз артық дегені емес пе? Мужиктерге қарасақ, олар жерін мал жаюға жалдаса да, егін салуға жалдамайды. Егін салатұғын жерді, өз жері бар болса да, қазақтан жалдайды. Неге олар жерін мал жаюға жалдайды да, егін салуға жерді өзгеден жалдайды? Әуелі өз жерін тың сақтау үшін: «Жер өзгеден табылып тұрғанда өз жерім тың жатсын» дейді. Екінші, мал жайылған жер тозған жер болса, жаңарады. Жаңа жер болса, семіреді. Мұжықтардың ісі ақылға да, есепке де тура келеді. Қазақ жалдағанда не ой, не есеппенен жалдайды, ұғып боларлық емес. Жалдау жайын сөйлеп, сөзді көбейтпейін. «Айқаптың» орны тығыз, сөзі санаулы бұларға керек жоғарғы айтылған сөздерді қорытып шығынына айтайын. Егінге жайлы жерді алып қаламын дегендер қала салу керек. Қала салуға бел байлағандар сұрап әуре болмасқа керек. Жақсы жерге жиылып қала салсаң «сен неге салып жатырсың» дейтұғын ешкім жоқ. Қазақ қалаған жеріне қала болып отырса, мешітмедресе салса, қаланың маңайындағы егіндік жерлерді өлшетіп планға түсірсе, өлшеген жер артылмастан көп болып жиылып отырса, қалаңды бұзып, мешітіңді қиратып, жерінді ала қоймас. Аламын десе сонда ізден. Қала салуға қазақ мойын қойса, баяғы тіленгіш әдетін істемегенде басы ауырмайтұғын болса, қала саламын деп сұраудың орны жоқ. Қазақтың жерін алғанда жалғызақ шығарып алып отыр. Қандай өлшеуменен, қалай өлшеп артық дейді, ол бек қараңғы нәрсе. Аларман жағы аларлық артық бар дейді, алдырман жағы сен өлшесең, мен де өлшедім, артығым жоқ деп көрсетерлік қолында дәлелді нәрсесі жоқ. Сондықтан артық болсын, болмасын, артық болып шығып жатыр. Бұл — қазақтың баяғы қай ісінде болсын бос ұстайтұғын әдеті. Жаманды ретін тауып кім жем қылмайды?