АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МӘСЕЛЕСІ

Қазақ халқының ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынов еліне лингвист-ғалым, әдебиет зерттеушісі, ақын-аудармашы, публицист ретінде танылғаны баршаға мәлім. Сталиндік репрессияның құрбаны болып, шығармалары ұзақ уақыт қапаста ұсталған ғалымның ардақты есімі ақталып, асыл мұрасы халқымен қайта қауышқан кезде оның қай салада да ұлтымыздың көшбастаушысы бола білгенін көрдік. Ол қазақ ұлтының келешегі кемел болуын көздеп, бағаты-бағдар сілтеу мақсатымен көптеген мақалаларын жазған. Бұл мақалалардың біразы өзі негізін қалап, үзбей шығарып тұрған әйгілі «Қазақ» газетінің бетінде жарияланған. Қай салаға да бейім, теңдессіз қабілет иесі Ахмет Байтұрсыновтың ерекше танылған бір қыры — оның публицистігі. Ол ел мүддесін көздеген, өте терең, келешекті көрегендікпен болжаған кең тынысты мақалалар жазып, елдің санасын оятты. «Ахмет Байтұрсынұлының ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері, санатында жасалған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы — баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған 553 № 3 (76) 2010 халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалқысыз қызмет етуге арналған» [1, 14], — деп академик Рымғали Нұрғали айтқандай, ұлы ғұлама баспасөзде жарияланған мақалалары арқылы халықтың санасына сәуле құйып, ертеңгі күнге деген сенім ұялатты. Оның «Қазақ» газетінде жарық көрген мақалалары қазақ ұлтын біріктіруші күшке айналды. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқының мұң-мұқтажы жеткілікті болды. Сол тұста ұлт лидерлері алдағы күндерді жобалап, елдің бағыт-бағдарын айқындап отырды. Солардың бірі әрі бірегейі Ахмет Байтұрсынов та халықтың осал тұсына көңіл аударып, ұлт болашағына үнемі алаңдаумен болды. Алаш зиялыларының мұрасын зерттеуші Дихан Қамзабекұлы осыған орай былай дейді: «Ал енді осы қиындықтан халықты қалай алып шығуға болады деп ізденген азаматтарға елдің құлақ аспай жатқаны, бұйығы тірлігін, аңқау қалпын салтқа айналдырып жібергені А.Байтұрсынұлын аз қамықтырмаған» [2, 141]. Ахмет Байтұрсынов ұлттың ең өзекті саналған зәру мәселелері жөнінде үзбей мақалалар жазып тұрды. Сол арқылы оқырманға ой салды, елдің санасын оятты, ағартушылық идеяларын сіңірді, қазақты тындырымды тірлік жасауға үндеді. «Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, бұл үшеуінің қай-қайсысының да «Қазаққа» қосқан үлестері қомақты, сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Олардың бұл қызметтерінің бірін жоғары, бірін төмен қоя қарастыруға болмайды» [3, 61], — деп зерттеуші Қайрат Сақ айтқандай, Ахаң аталған газетке және одан кейінгі кезеңдегі басылымдарға мақалалар жазып, ұлттың намысын жаныды. Ол ең алдымен халыққа мәселенің мән-жайын жайып салды, себеп-салдарын анықтады, содан соң кемшіліктерді жойып, тығырықтан шығудың жолдарын көрсетті. Ұлы ағартушы білім, заң, жер, дін, тіл мәселелері жайында байыпты мақалалар жазып, жұртшылыққа темірқазық тәрізді бағыт- бағдар сілтеді. Ахаңның қалам тартқан тақырыбының бірі — денсаулық сақтау жайы. Өйткені, аталған кезеңде ұлтты ілгері көшке ұмтылдыру үшін халықтың денсаулығының жайын терең ойластыру өте маңызды болатын. Осыған орай оның «Ауру жайынан» және «Тәні саудың — жаны сау» атты мақалаларына арнайы тоқталғанды жөн көрдік. 1913 жылы жазылған «Ауру жайынан» атты мақаласы елдегі ем-дом шараларының ахуалын айқындауға арналған. Автор алдымен бұл мақаланың кілті қайдан алынғанын, яғни, оны жазуға не себепші болғанын айтып өтеді. «Басқармаға келген кейбір хаттарда: пәлен адам, пәлен жылдан бері ауру, жақындағы докторлар жаза алмады, алыстағы докторлардың жақсысын қайдан табуға болады дейді. Ауру адамның түрлі жеріне жабысады. Олай болған соң, олардың емі де түрлі болмақшы. Неше түрлі аурудың түрінің бәрін тегіс жақсы білетін докторлар сирек болады. Көбі азының емін ғана жақсы біліп, көбінікін нашар біледі» [4, 239]. Мәселенің қойылысы қазіргі күннен еш айырмасы жоқ. Мұндай жәйттердің қазір де орын алып отырғаны жасырын емес. Жиырмасыншы ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов тарапынан көтерілген мәселе жиырма бірінші ғасырдың басындағы ахуалмен де үйлестік табады. Бүгінгі күнгі жағдайды сараласақ, дәрігерлердің оқу бітіре сала алыс ауылдарға аттана бермейтіні, ең білікті дегендерінің ірі қалаларда шоғырланатыны рас. Ауылдық жерлерде дәрігерлер жетіспейді. Жұмыс таппай сенделіп жүрген біреулер болмаса, шалғай ауылдарға мамандардың көп тұрақтай бермейтіні белгілі. Тура осындай ахуал өткен ғасырдың басында қазақ ауылдарының басында да орнығыпты. Осыған орай ұлы ғұлама: «Шет жерлерде, кішкене қалаларда аурудың әр түрін жақсы білетін докторлар болмайды. Ондай жерлерге орын таба алмаған оңбаған, қай-қайдағы жаман барады. Үлкен шаһарларда жақсы докторлармен қатар, дәрігерлік ете алмайтын нашарлары тайып шетке шығып кетеді. Сол себепті жақсы доктор іздейтіндер зор шаһарлардан іздеу керек» [4, 239], — деп тұжырымдайды. Алаш арысы қазақты дұрыс бағыт ұстанып, жөнімен, тәртіп сақтап емделуге баулиды. Ол алдымен аурудың қандай ауру екенін анықтап алуды міндеттейді. Ахаң дерт денеге әбден сіңгенше дәрігерге көрінбей жүре беретін, жеңіл жолмен тезірек емделгісі келетін қазақы психологияны да сынап өтеді: «Ауру жабысқанына көп жыл болып ескірсе, оны емдеуге де көп уақыт керек. Көп емдетуге қазақтың көбі төзбейді. Тәуір бола бастаса, жазылғандай көріп, емдетуден қаша бастайды. Емдеу тоқтаған соң жеңіліп, әлсіреп келе жатқан ауру қайтадан күшейе бастайды. Қазақтың көбі неше жылдан бері орнығып, бойға сіңген ауруға бірер сауыт дәрі алып тұтынып, сонымен ауру жазыла қоймады дейді» [4, 239]. Сонымен қатар ол дәрігерлердің де дүмбілездігін тілге тиек етіп, олардың кейбірінің біліксіздігін айтады: «Қазақ дәрігерлері ауруды бірден жоямыз деп күшті дәрі береді. Онысы ауру мен дене арасында не хикмет бар екенін білмейтіні» [4, 239]. Ахмет Байтұрсынов тек ел арасындағы осындағы әлеуметтік ахуалды ғана баяндап қоймайды, дерттің қалай пайда болатыны жөнінде ғылыми байыптама жасайды. Жалпы, жиырмасыншы 554 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы ғасырдың басындағы Алаш арыстарының бәрі де елдің қамы үшін сан-салалы ғылым туралы зерттеу мақалаларын жазып, халыққа дұрыс бағыт сілтеген. Ахаң да ауруды туындататын себеп- салдарларды өзінің білім-білігіне салып, терең зерделейді: «Ауру — денеге зарарлы нәрселерден болатын бүліншілік. Ол заралы нәрселерді микроб дейді. Микроб денеге орнап, көбейе бастаса, тәнге зарар келтіре бастайды. Тәннің қалыпты істеп тұрған істерін бұзып, бүлдіріп, денеге зарарлы улар жая бастайды. Қысқасы, заралы микробтар — дененің дұшпаны, жауы. Микробтар көп, олар дем алатын ауамызда да, ішетін суымызда да, жейтін тамағымызда да болады. Өздері көбейгіш, өсімтал келеді» [4, 239], — деп себептерін түсіндіріп алады да, енді одан құтылудың, оған қарсы күресудің жолдарын көрсетеді. «Жайлы орын тапса, тез өсіп-өнеді, олардан құтылу қиын, күтініп, қарсы қару жұмсап, жеңдірмес қана шарасы бар. Жау тиерін білгенде қандай күтінеді, бұнан да сондай күтіну керек. Жаудан күтінгенде жолына кедергі болатындай қорғандар тұрғызады, қарсы қару қылғандай мықты әскерлер қояды. Ауруға да соны істеу керек» [4, 239], — дейді А.Байтұрсынов. Ахаң мақаласының соңында әдеттегіше өзінің қорытындыларын айтып, кеңестерін ұсынады. Елге толық мәлімет беруді, дәрігері жоқ жерде тәуір емшілерге қаралуды, дәрігерлердің ұқыпты, өз шаруасына тиянақты болуын, халық арасына ахуалды түсіндіретін шағын кітапшалар таратуды міндеттейді. Ал Ахмет Байтұрсыновтың «Тәні саудың — жаны сау» деген 1922 жылы жазылған мақаласының сипаты әдепкі мақаладан сәл бөлектеу. Мұнда адам ағзасының жай-күйі, тазалық және гигиена мәселелері қамтылған. Алғашқы мақала әлеуметтік ахуалды талдауға арналса, соңғысының философиялық реңкі басымдау. Алдыңғысы нақты әрекетке, кейінгісі ойланып, тұжырым жасауға жетелейді. «Ауру құрттары адам тәніне дем алғанда ауамен кірмек я жеген тамақ, ішкен сумен кірмек, яки тән тән жараланып, тері жалаңаштанған жерінен кірмек. Ауру құрттарының өсіп- өніп, көбейетін, күшейетін жерлері күн жарығы кем түсетін қараңғы я қаракөлеңке орындар, нас, лас жерлер, иіс-қоңыс сасығы мол, салақ қатын ұстаған үйлер» [4, 321], — деп ұлы ғұлама тағы да өзіндік ұстанымын аңғартады. Осы шағын мақаланың өзінде Ахаңның аузынан шыққан сәтті тіркестер көптеп ұшырасады. Мысалы, «Аурулы тәннің әлі жоқ», «Тәнсіз жан жоқ, жансыз тән тұра алмайды», «Күнелту үшін ас керек, ас істеуге күш керек, күш жұмсауға ес керек», «Тән саулығының тамыры — тазалықта» деген секілді тіркестер мақалада көтерілген мәселені ашып көрсетуге де, оны жаппай оқытуға да қызмет етіп тұр. «Ауру адамның шаруасы азып, қарны тоя ас іше алмай, тіленшілік етіп телміріп, итшілеумен күнелтсе, ауру қаптаған халықтың да көретін күні сондай болады. Аурулы адам бір аяғы жерде, бір аяғы көрде болып, өлімге жақын тұрса, ауру қаптаған халықтың да халі сол сияқты» [4, 322], — деп Ахмет Байтұрсынов жалқыдан жалпыға қарай ойысады. Сол арқылы жеке адамдардың емес, бүкіл елдің тағдырын, ұлттың денсаулығын ойлап отырғанын аңғартады. Мақаланың идеясы қазақ ұлтын қайткенде сақтап қалу, ұрпақты аздырмау, елді тоздырмау екені белгілі. Ғалымның барлық мақалалары осындай ағартушылық идеяны елдің санасына терең орнықтыру мақсатын көздейді. Айтарының бәрін де жалпыға бірдей ұғынықты тілмен жеткізеді. Жазғандарының бәрі қызықты оқылады. Осыған орай «Ахмет Байтұрсынов қазақ зиялыларының арасындағы күрескерлік бағытты ұстанған саяси топтың көрнекті жетекшілерінің бірі болуымен қатар өз шығармаларында өршіл рух, өзгеше сарын танытқан қаламгер болды. Азаттық пен бостандыққа бастайтын өткір қаруы — әрбір қазақ оқырманына түсінікті өлеңдері мен мән- мағынасы терең көсемсөздік еңбектері» [5, 4], — дейді ахметтанушы ғалым Өмірхан Әбдіманов. Сол тұрғыдан алғанда Ахмет Байтұрсыновтың денсаулық ісі туралы мақалаларының да қазақ жұртын аман сақтап, ұлтты жаңа сапаға көтеру жолында үлкен роль атқарғанын айтуға тиіспіз.

Оставить комментарий