Ахмет Жұбанов — ұлттық музыка өнерінің негізін салушы

2006 жылдың көктемінде Республика жұртшылығы және Юнеско көлемінде Қазақ КСР­ нің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ахмет Жұбановтың туғанына 100 жыл толуын атап өтті. Танымал ғалым, дарынды композитор, өнегелі ұстаз, белсенді ұйымдастырушы, туған халқының қадірменді ұлы А.Жұбанов есімі сонау 30­шы жылдардан бастап жаңа мәдениет, әдебиет пен ғылым негіздерін салуда ұлы Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәкен Сейфуллин, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және өнер өкілдері Евгений Брусиловский, Күләш және Қанабек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков есімдерімен бірге ерекше құрметпен аталады. Көрнекті өнер қайраткері ғылым докторы, профессор деген атақтарға ие болумен қатар, ол ұлттық операның негізін қалады. Ақаңның көпқырлы талантының жан­жақты дамуына ықпал еткен біріншіден өзінің туып­өскен отбасы ­ әкесі Қуан кезінде сол өңірдің сауатты, ел сыйлайтын азаматы болған екен, ал ағасы Құдайберген, ұлтымыздың тарихына тұңғыш тіл зерттеуші ­ профессор ретінде кірді. Екіншіден ­Ақаңның кәсіби маман ретінде қалыптасуына, сол өңірдің байырғы кеңінен дамыған халық өнері еді. Ақаң жас кезінен туған халқын ұшан­теңіз поэтикалық, прозалық, музыкалық фольклорын бойына сіңіріп, ел арасында тұрақты орын алған ақындық, жыраулық, әншілік, күйшілік дәстүрлерді тереңінен қабылдады. Бұл сан түрлі фольклорлық орта оның көпқырлы қабілеттерінің қалыптасуына ерекше әсер етті. Сондықтан да Ақаңның табиғи музыкалық дарыны өте ерте оянды. Деректер бойынша, ол бала кезінен­ақ қолына домбыра ұстап, аса сезімталдықпен бір естіген ән­күйлерін бұлжытпай қайталайды екен. Өмірге деген құштарлығы, білімге деген зеректігінің арқасында ол алдына қойған биік мақсаттарына жете алды. Ақаңның музыкалық қабілеттерінің қалыптасуына тағы да бір үлкен ықпал еткен жағдай ол орыс мәдениетінің алтын бесігі Ленинград консерваториясында дәріс алуы. Мұнда Ахмет Қуанұлы көрнекті совет педагог­ғалымдары Б.В.Асафьев, Ю.Н.Тюлин, Р.И.Грубер және Х.С.Кушнаревтерден лекцияларын тыңдады. Бұл оқу орны болашақ ғалым­композитордың профессионалдық білімін, өмірге деген көзқарасын, жан­ жақты мәдениетін көтеріп, ой­өрісін дамыта түсті. Ленинград консерваториясын бітірген соң академик Ғабит Мүсірепов айтқандай: «Қажырлы да қайратты, ойлы да білімді жас Ахмет қазақ халқының рухани мәдениетінің көтерілмеген тыңын игеруге, қазақ халқының үні қосылмай келген музыкалық аспаптарының басын қосып, жаңадан жан бітіруге, музыкалық мәдениетін мәңгі өркендету жолдарын іздестіруге бірден­ақ кірісіп кетті», ­ деген екен. Сол кезден бастап А.Жұбанов өзіне уақыт жүктеген азаматтық борышын бүкіл шығармашылық саналы өмірімен ақтады, өнеріміздің әр даму кезеңдерінде айрықша белсенділікпен қызмет етті.

Бұл тұрғыдан А.Жұбановтың ұлттық музыкада кәсіби жанрлардың қалыптасуына, оның өркендеуіне сіңірген еңбегін ерекше айту керек. Ол өзінің өмірлік, творчестволық досы Латиф Хамидимен бірігіп жазған қазақ халқының ұлы перзенті, жаңа жазба әдебиетіміздің негізін салушы, прогресшіл­ойшыл Абай Құнанбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған күрделі музыкалық шығармасын жазды. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Мұхтар Әуезовтің либреттосына негізделген бұл туынды өзінің терең мазмұнымен, кәсіби шеберлігімен және өзіндік ұлттық өрнегімен сәтті шығып, қазақ музыкасының даму тарихында ең маңызды кезеңді анықтады. Сонымен «Абай» операсы қазақ операларының ішіндегі көркемдік және мазмұндық сапасы жағынан шоқтығы биік туынды болды. Ахмет Қуанұлы нағыз шеберге лайық өз творчествосына жауапкершілікпен қарайтын, әрбір туындысын дүниеге әкелер алдында мың ойланып, жүз толғанғаннан кейін ғана жазуға отыратын. Сондықтан да оның шығармалары өзіндік сипатымен, мазмұны жағынан бай, тақырыбы жағынан өзекті болып келеді. Батыс ­ еуропа елдерінде қалыптасып, кеңінен дамыған опера жанрының қазақ сахнасында лайықты орын алып, оған ұлттық колорит, халықтық рух беріп, өркендеген мәдениеттің көрсеткіші болу үшін, Ақаң көптеген творчестволық ізденістер жасады. Бұл қиын және абыройлы бастамаларында композитор орыс классиктерінің мол тәжірибесіне де сүйенді. Осы тұрғыдан соғыс жылдары Л. Хамидимен бірігіп жазған Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровқа арнаған операсын келтіруге болады. Бұл музыкалық­сахналық туындының либреттосын жазған Мұхтар Әуезов еді. Сюжеттің өзегінде Талғар полкінің барлаушысы ­ автоматчик Төлеген Тоқтаровтың сұрапыл соғыс жылдарындағы жасаған батырлық ерлігі. Жазушы сол кездегі деректі мәліметтерге сүйене отырып, шынайы және шиеленіс уақиғаларға толы қазақ жауынгерінің өмірі мен қаһарманды бейнесін сомдады. Оған сәйкес болған отаншыл, патриоттық үнге бай Жұбанов пен Хамидидің музыкасы еді. Шығармада негізгі кейіпкерден басқа соғыс кезінде кең тараған «Жас қазақ» өлеңінің авторы санитар Рамазан Елебаевтың да образы тартымды суреттелген. Онда ­ фронт көріністері қазақ аулының бейбіт өмірімен қарама­қарсы салыстырылып келтірілген. Ал музыкалық драматургиясының желісінде негізгі сарын (лейтмотив) ретінде композиторлар «Жас қазақ» әнімен соғыс жылдары халықтың арасында кең тараған «Москва» деген әнді шебер пайдаланған. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Төлеген Тоқтаров» операсының сұрапыл жылдары халықты патриоттық рухта тәрбиелеуде маңызы зор болды. Ақаңның творчестволық мұрасында ұлт музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлының тұлғасы ерекше орын алады.

Читайте также:  Киелі билеу және орталық билік

Ғалымның өз сөзімен айтқанда Құрманғазының күйлері «өмірі мен күш­қайратын сарп еткен» өзінің, азаматтық ерлігінің арқасында қазіргі ұрпақтардың рухани қазынасына айналды. А.Жұбанов ғылымдағы алғашқы қадамынан бастап, өмірінің ақырғы күндеріне дейін Құрманғазының өнердегі орнын ұлттық мәдениетіміздің үлгісіндей бағалап, өмірі мен шығармашылығын толық жинап, сұрыптап, тұтас бір жүйеге келтірді. Жазушы Сәбит Мұқанов кезінде М.Әуезовтің көркем әдебиетте ұлы Абай бейнесін шығару шеберлігін А.Жұбановтың музыкада күйші Құрманғазының тұлғасын жан­ жақты ашуымен салыстыруы да, осындай үлкен еңбекті бағалаудан болса керек. Кезінде өнертану ғылымдарының докторы атағы да А.Жұбановқа Құрманғазы туралы жазған еңбегі үшін берілген­ді. Ақаң халық композиторының атақты күйлерін жинап, нотаға түсіріп, алғашқы болып ұлт оркестріне көп дауысты аспаптарға бейімдеді. Құрманғазының тек өз бейнесін ғана зерттемей, оның жолын, ізін қуған шәкірттерінің өмірбаянын да жазды. Ақаң өмірінің соңғы жылдарында халық ақыны Хамит Ерғалиевтің либреттосы бойынша Құрманғазы туралы опералық шығарма жазуға жоспарлаған еді. Оның негізгі сахналық көріністері, басты музыкалық арқауы белгіленген болатын. Бірақ кенеттен келген ауыр науқас 1968 жылдың 30 мамырында Ақаңның өмірін үзді… Бұл ой­ арманын қызы Ғазиза жүзеге асырды, алғашында қазақтың тұңғыш радио­операсы ретінде, ал кейінірек күрделі сахналық туынды «Құрманғазы» жұртшылыққа көрсетілді. Бұл күрделі және кәсіби деңгейі биік операда ұлы халық композиторының өмірі мен шығармашылық жолы оның автобиографиялық күйлері арқылы баяндалады. Операда вокальдық, оркестрлік тәсілдер арқылы, Құрманғазының туындылары жан­жақты көркемдік, мәнерлік, стильдік өзгерістерге түсіп, жаңашыл творчестволық өмірін тапты. А.Жұбановтың қазақ музыка зерттеу ғылымы саласында қалдырған мұрасы 300­ден астам еңбекті қамтиды. Олардың арасынан оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленген «Замана бұлбұлдары», «Ғасырлар пернесі», «Құрманғазы», «Ән­ күй сапары», «Өскен өркен» және басқа күрделі кітаптарды атап өткен жөн. Аталмыш монографияларда А.Жұбанов ел арасынан шыққан асқан талант иелері ­ халық композиторларының өмірін, олардың музыкалық мұрасын аса ұқыпты жауапкершілікпен іздене зерттеп, біртұтас жүйеге келтіріп, құнды деректер қалдырды.

Читайте также:  Общественные отношения у кочевников (казак, киргиз и туркмен)

А.Жұбановтың бүгінгі ұрпаққа өнер иелерінің шығармаларын жинап, оларды інжу­маржандай тізіп, халыққа жеткізіп, насихаттауы таңғаларлық қасиеттерінің бірі. Ақаңның ғылыми мұрасы өзінше сипаттылығымен ерекшеленеді. Мұнда автор тіл шеберлігі арқасында халқымыздың рухани дүниесін өзіндік жолдармен ашады ­ туған елінің рухын әдет­ғұрпын, наным­сенімін, психикасын, діни үғымдарын жете біле, ол музыка өнерін зерттегенде оның көркемдік және тарихи кұндылықтарын баяндағанда, әрқашан мақал­мәтел, өсиет­нақыл, дана сөздерді, Махамбет, Абай, Ильяс поэзиясынан үзінділерді орынды келтіріп отырады. Кәсіби театр, бейне өнері даму үшін белгілі жағдайларды керек ететін болса ­ дейді Ақаң, халқымыз ғасырлар бойы музыкалық өнерді «ат жалында, түйе қомында» сақтап қалған. Ән­күйдің қазақ даласында биік орнын айта келе, ғалым халық мақалы арқылы былай келтіреді: «Жігітке өнер де өнер, өлең де өнер». Ақаңның еңбектерінің арқасында ұлы Даланың өлең мен күйді пір ұстаған, оған өз өмірін арнаған талай дарынды күйші, атақты әнші, Алладан келген керемет табиғи қабілеттерімен аттары аңызға айналды. Есімдері мәңгілік тарихқа енген Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Тәттімбет, Балуан Шолақ, Қазанғап, Байсерке, Абыл, Ықылас, Сармалай, Ыбырай, Мұхит, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Әсет, Естай және тағы да көптеген басқалары. Ахмет Жұбанов халық композиторлардың өмірі мен шығармаларын жинап, зерттегенде мәселелерді жан­жақты қарастырып, өткен дәуірдің саяси­әлеуметтік, тарихи жағдайларымен тығыз байланыстырып отырған. Ән болса әннің, күй болса күйдің шығу себептерін аңызын, тарихын қағазға мұқиятпен түсіріп, уақытында сол өнер өкілдерін көрген ауыл ақсақалдарымен әңгімелесіп, өзінің ерекше кішіпейілдігімен, білгірлігімен олармен тіл таба білген. Сөйтіп, өте құнды, маңызды және керекті мәліметтер қалдырды. Бұл туралы Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылығы туралы елеулі еңбек етіп, мақалалар мен кітаптар жазған зерттеуші­ғалым Бисенғали Ғизатов былай дейді: Ақаң «араб әрпімен жазбаларды еркін оқып, араб, парсы сөздерін, түрік­шағатай тілдерін татар тіліне араластырып жазған ресми қағаздардың бәрін де талдай білетін еді» [6, 6]. Сондықтан өз жұмыстарында ол сан­ алуан жазылымдарды орынды түрде пайдаланған. Ғалым­композитордың әндері, романстары, хор мен оркестрге арналған шығармалары, драмалық пьесаға, киноға жазған музыкалары өз алдына бір төбе. Бұл тұрғыдан халық арасына көп тараған сүйкімді «Қарлығашын», шалықтаған «Би күйін», көтеріңкі «Ақ көгершінін» ерекше айту қажет.

Читайте также:  Графика өнерінің қалыптасуы мен дамуы

А.Жұбанов өзінің творчестволық және ұйымдастырушылық жігерін ұлттық өнер кадрларын тәрбиелеуге жұмсады. 1945 жылы Қазақ Ғылымдар академиясының құрамында Ақаңның ықпалымен өнер зерттеу секторы ашылды. Қазір мұнда театр, музыка, бейнелеу атты бөлімдерде өнертану ғылымдарының докторлары мен көптеген ғылым кандидаттары Ақаңның игілікті бастамаларын одан әрі жалғастыруда. Қазір ол сектор М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының үш үлкен бөліміне айналды. Ақаң сол кездерде туған мәдениетіміздің болашағын ойлап, оны зерттейтін тұңғыш ғылым кандидаттарын дайындап шығарған еді. Академик Ахмет Жұбановтың саналы және сапалы өміріндегі тағы бір айта кететін елеулі еңбегі ­ ол ұстаздық және музыкалық білім беру саласындағы атқарған күрделі шаралары. Сонау 30­жылдарда Ақаң ана тілінде тұңғыш музыка теориясының оқулығын жазды. Өзінің бір естелігінде ол былай депті: «31­жылдың мамыр айының аяғында Ленинградтан жазғы демалысқа қайтар сапарымда Москвада тоқтап, А.В.Затаевичке жолықтым. Ол мені көрмесе де Жұбанов екенімді бірден танып, ыстық лебізбен қарсы алды, мені құшағына алып, қатты қысты. Александр Викторовичке мен «Музыка әліппесінің» қолжазбасын көрсеткенде, қатты қуанып, бірнеше рет менің бетімнен сүйді» ­ дейді Ақаң. Бұл жеңілдетіп қазақ оқырманына сәйкестіріп жазылған оқу құралынан көптеген өнер саңлақтары алғашқы музыкалық білімдерін алып, сауаттарын ашқан еді. Олар ­ халық аспаптар оркестрінің және әншілік өнердің алғашқы өкілдері. Ахмет Қуанұлы жаңа мәдениеттің негіздерін қалаушының бірі. Ол рухани өміріміздің әр саласында бірінші, тұңғыш, жаңашыл азамат ­ консерваторияның тұңғыш ректоры, ұлттық оркестрдің бірінші көркемдік жетекшісі, тұңғыш дирижеры. Кезінде ұлт аспаптар оркестрі туралы академик Fабит Мүсірепов нақтылы түрде Ахмет Жұбановтың «кіндік перзенті» деп айтқан екен. Ақаң құрған бүл ұжым қазір біздің ұлттық мақтанышымыз, рухани байлығымыз, шет елдерде ұлт бастамасы бұл оркестр арқылы өз дәстүрін жаңа ғасырда көркейе түсуде. Бүкіл сапалы және саналы өмірін туған халқының болашағына арнаған академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың бастамалары Тәуелсіз еліміздің игілігіне қызмет етуде.

Оставить комментарий