Аламан бәйге туралы

Құрекемнің, Құрманғазының әйгілі «Адай» күйіндегі елдік пен ерлікті, жасампаздықтың сарынына кілең бір кекілін шоқтап құйрық­жалын шарт түйген, құтырынып бәйге алаңына шыға келген сәйгүліктер тұяғының дүбірі, мың сан көрерменнің кеудесін соққылап, атойлай жөнелген жүректердің дүрсілі қосылып кеп кеткенде Бекет Атамыздан бастап, Маңғыстаудың маң даласындағы құлыптастар мен күмбездер астында тығылып жатқан бабалардың бір аунап түспегені жоқ шығар сірә! Шабыс тілеген тұлпарларды тықыршытып күттіріп қою да — қиянат; жарыс төрешілері жалауды жалп еткізіп, белгі беруімен аламанға түскен тоқсан алты жүйрік заулай жөнелісті. Талайдан мұншалықты қылаң тұяқтың қытығын сезінбей дүбір аңсаған дала да, ат бауырына жабысып жарыса дөңгеленіп барады. Қашықтық — 45 шақырым тоғыз айналымнан тұрады. Қазір тобымен аттанған жүйріктер, үш­төрт айналымнан соң іркес­тіркес тізбектеліп, ол тізбекті түрікмен елінен ат қосқан ағайындардың сәйгүліктері бастауы — көз көріп жүрген жәйт. Нағыз дода соңғы айналымдарда басталады сондықтан, бәйге аттарын айдап салып, астың өзге қызығын тамашалайтын бағзы бабаларымызша енді, әр айналымнан қай аттың алда келе жатқанын шотқа салып, алаңдамастан еліміздің сейістік ат жарату өнеріне атақты атбегілері мен жүйріктері жайынан аз­кем әңгіме қозғайық. Ас пен тойдың хабары жеткеннен бастап, сейістер алдымен жүйрігін баптауға кіріскен ғой. Қазақтың бәйгеге ат қосуға маңыз беретіні соншалық, өзіндегі жүйрікке көңілі толмаса ел аралап, жүйрік ат іздеу көңіліне ұнағанды иесінің сұрағанын беріп, сатып не айырбастап алу, сыйлас кісісінен қалап алып жаратып бәйгеге қосу ар саналмаған. Ас артында қалатын аңыз бен ақиқат та, осы ат бәйгесі төңірегінде өрбіп қанша аттың қосылғаны кімнің атының келгені, кімнің атының қалғаны сейістің қалай баптағаны «әттеген­ай бір тері алынбай қалғанына» дейін әңгімеге өзек болған. Аттың даңқы астың даңқынан асып кеткендігінің бір мысалы — Сағынайдың асында Батыраштың балтасына ілігіп, пендешілік күншілдіктің құрбанына айналған Құлагер, Ақан серінің Құлагер тұлпары. Батыраш балтасынан өмірі қиылғанымен Құлагер тұлпардың аттық жүйріктік даңқы сағынайлар мен батыраштардан озып, заманынан озып дәуірінен асып, қара үзіп кетті. Қазақ санасында жел жетпес жүйріктіктің, ер қанатының мәңгілік нышаны ретінде қалып бірге жасасып келеді. Құлагер атымен өмірге ән төресі әдемі дастан келді. Жалпы төрт түлік малдың ішінде соншалықты көп ән­жыр, күй арналғаны жылқы баласы екендігіне таңдануға болмайды. Бұрындары «Тайында озбаған, бестісінде бәйге алмайды» дейтін атамыз қазақ жылқының жүйріктігін сынауды тай күнінен­ақ бастаған. Қозы өрісіндей қашықтықтағы жарыста жүйріктігін байқатқан тай жасы өсе келе құнан бәйге, дөнен бәйгелерге бапталып жіберілген. Сөйтіп, аламан бәйгеге салынар жүйріктер сұрыпталған. Аламан бәйге — атының өзі айтып тұрғандай ұзақ шабыс. Тұлпардың тұлпарының тұяғы тозбай, жүйріктің жүйрігінің өкпесі күймей алатын асуы. Шабыс қашықтығы әдетте, күншілік түстік, талтүстік деген өлшемдермен белгіленген. Мұның мәнісі — мәреден жарық түсе жіберілген аттар, көмбеге кеш түсе түс мезетінде, ия тал түсте келді яғни, соншалық шапты деген сөз. Оған әрине, «Ат шаппайды бақ шабады» деп кез келген тұғырды қоса бермейді. Тірсегінің қуат серпініне лыпыған жеңілдігі, тынысының кеңдігі сай тұлпар арғымақ, текті сәйгүліктер ғана жіберілсе керек­ті. Ұзаққа шапқанда ғана тұяғы қызып, тынысы ашылып қанат бітетін Адай тұқымды жылқының бағын ашатын да, міне, осындай ұзақ қашықтық. Бұл өзгеше тұқымның сұрыпталып, сақталып қалу тарихының өзі жеке кітапқа жүк болардай. …Қазіргі Өтес сайы темір жол бекетінің батысындағы шағын түбекті ел «Толыбай түбегі» дейді Толыбай — атақты Құлыбек батырдың әкесі. Заманының жылқылы байы болған. Және жылқысы — шетінен сәйгүлік. Малының сол қадірін білетін шал өзгеге айғыр бермейді екен. Тұқым алғалы барған талайлардың сағы сынып қайтыпты. Ақыры көршілес Ақбота ауылының атқұмар сейіс бір адамы қалай да тұқымдық бір айғыр алуды мақсат тұтып, Толыбайдың қызына құда түсіп, баласына айттырады. Екі жақ құда болысып, айы­күні жеткенде жас келін шекесі торсықтай ұл табады. Немересін ертіп келінін төркіндетуге жіберерде атасы: «Қалай да әкеңнің торы төбел айғырын алуға тырыс»­деп мұқият тапсырып жібереді. Қазақта төркіндей келген қыздың жөні бөлек, балаңа еншіге қимаған нәрсеңді қызың қалап тұрса бетін қайтара алмайсың, оның үстіне «жиен назары» деген тағы бар. Мұны түсінбейтін Толыбай емес қиналса да, қимаса да қылқұйрығын қызына жетектетеді’ бірақ, торы төбел айғырдан ешкімге тұқым бермеуді әбден аманаттайды. Сол торы төбел бұл ауылға құт болады да шығады, аяқ жетер жердің бәйгесінің бәрі — соныкі. Жүйрік шығар, құлыны көп болмайды әрі атасынан аумайтын торы төбел болып туады. Жылдардан жылдар өтеді «қарағай басын шортан шалған» заман туады. Төңкеріс одан соң — тәркілеу. Бұл кезде торы төбел жүйрік иесі Аймұрат деген кісі екен. Ауылдары қазіргі Жаманайрақты төңірегінде Тәркілеуге асқан бай болмаса да, көбең күйі бар Аймұрат та ілігеді. Белсенділер ауылдағы бар малды айдап әкеткенде Аймұрат торы төбел құнанын қамыс арасына тығып, аман алып қалады. Ақыры сол атын қолынан шығармай ұстап қалады ғой. Күнкөрістік малдан айрылған соң, шаруа баққан елдің жайы белгілі жан жаққа бытырап көше бастайды. Айрақтыны мекендеген алпыс үйдің арты болып, Аймұрат та өкше көтереді. Сол кеткеннен ол Жем бойына қоныстанады колхозға мүше болады. Иесі колхоз мүшесі болған соң торы төбел де ортақтың малына айналып, колхоздың жұмысына жегіледі. Отызыншы жылдардың аласапыраны есін алған елдің ас беру не теңі, бәйге шапқан не сәні?.. бәрі де қалған. Бәйгеге түсетін дүбір жоқ торы төбелдің де даңқы семе береді. Одан әрі — соғыс… 1947 жылдың жазында қазіргі Ақшымырау ауылының Ақбота, Зақаң, Сейтахмет тағы басқа естияр азаматтарының Жылойға жолдары түседі. Жолшыбай бір ауылға ат басын бұрса, құдық басында сүйегі арса­арса арық жылқы тұр. Үстінде — қойшының ер тоқымы. Сол жерде Зақаң: «Дүния­ай, мынау Аймұрат ағамның торы төбелінің өзі болмағанымен көзі ғой» — деп жылап жіберді дейді. Жолаушылардың бәрі көзі қарақты ат танитын кісілер. Тұра қалып айналдыра қараса, расында да мынау баяғы торы төбелдің тұқымы өзі айғыр. Сол жерде ортақ бәтуаға келген ағалар мал иесіне астарындағы семіз айғырды беріп, торы төбелді айырбастап алады. Өзен бойының өлең шөбіне жайып қондандырып Ақшымырауға әкеліп үйірге салады. Ақшымырау, Қызан ауылдарында атбегілік басқа жерлермен салыстырғанда, өрелі жоралғысы әлі күнге дейін сақталған. 60­ыншы жылдардың бас шенінде Нәдір, Зәкос, Жетпіс, Бекқожа, Мұқырбай сияқты сейістері жаратып жүрген жүйріктердің тегін, түп­тұқымынан бері таратып, «анау Аймұраттың торы төбелінің» «мынау — баяғы Солдат торының» «ал мынау — Қосжанның бурылының тұқымы» деп отырар­ды. «Солдат торының» мәнісі — 1920 жылы атаман Толстов армиясы босқанда, Шетпенің басында бір офицердің аты тұралап қалады. Сол жерде офицер атқа сұқтана қарап тұрған қазақтың біріне: «Мынау — асыл тұқымды мал алты жыл бірге соғысқан серігім еді. Жеткен жеткізген жері осы болды. Өлтіріп ала көрме»— деп атымен жылап қоштасып беріп кеткен дейді көнекөздер. Атты алған кісі де атбегінің сойы екен. Солдат­торының күтімін келістіріп, төрт аяғынан тік тұрғызып, бәйгеге де қосады, үйірге салып тұқым да алады. Сейістердің айтуына қарағанда, «Солдат торы» кабардин жылқысының тұқымы болса керек. Адай жылқысымен буданынан тұрқы биік, омыраулы желісті ұзаққа шабатын кең тынысты тұқым алыныпты. Ал, Қосжан — Адайдың атақты сейісі жары Қосжан. «Аламан бәйгеден құнанды да келтірген қу Қосжан» дейді екен өнеріне сүйсінгендер. Арқадағы үш жүздің басы құралған бір асқа жолай кездейсоқ ұшырасқан шығырға жегулі кәрі мәстекті жеткенше жаратып алып барып, бәйгеге қосқан бас бәйгені алып тұрып, бұл Қошекеңнің соңғы бәйгесі екен «Әттең жануарым­ай сенің құнан дәуренің мен менің жиырма бесім оралып келмейді ғой» деп кемсең дейтін Қосжаныңыз бұл. Сол бәйгеде: «Ай ана, Әлімнің жүйрігінің алақандай жерінде ащы тері кетіпті­ау, әйтпесе бірінші бәйге соныкі еді» ­ деп бармақ тістеген Қосжан… Бағзы бабаларымыздың.осылай екі шұқып, бір қарап сұрыптаған бас кетер жерде де, ақын Есенғали Раушанов жырлағандай тұқымын үйірімен де, жалғыз­жарымдап та, ала қашып сақтаған көкмойнақтардың тұқымдары Маңғыстау топырағында шүкір баршылық. Атбегілік өнерді кейінгіге аманаттап үлгерген Алданов Өрісбай, Мұқырбай Тілепиев, Бекқожа Дәулеталы, Серікбай Мұрат, Есболай Сағындықұлы, Тасқара — күні кеше арамыздан кеткен сейістер. Тасқара Сағындықұлы баяғы елуінші жылдары Алматыдағы аламан бәйгеде екінші орын алатын шабдар аттың иесі. Әттең, шабдар ат тағасыз екен, сонысы бөгет болып, ипподромда бауырын көселіп, шаба алмай екінші келіпті. Алматының мамандары сол жолы шабдарды қайтармай алып қалған. Осы арада өлкеміздегі көнекөз қарттардың бірі — С.Нұрмағанбетов ақсақалдың деректеріне жүгіне кеткеннің де артықтығы болмас. Маңғыстау ауданынан сол кездегі ең жоғары Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған жалғыз­ақ адам Нұрсейіт Бейнеуовтың Адай тұқымды сәйгүліктердің тұқымын сақтау мен асылдандырудағы еңбектерін баяндай келіп, оның сейістік өнеріне де жоғары баға береді: «Нұрекең өзі өсірген адай жылқысының ішінен небір сәйгүлік мықтылары мен сұлуларын, Москва қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне апарып, көрменің бағалы сыйлықтары мен грамоталарын алып қайтқанын сол уақыттары жас та болсақ көре қалдық. Москваға апарған әдемі сәйгүліктер армия қолбасшыларының атымен аталды: «Чапаев — көк қасқа арғымақ» «Буденный — жирен қасқа арғымақ» «Ворошилов — шағыр көз қара қызыл айғырдың» жүрістері әлі күнге көз алдыма елестейді… Күні кешеге дейін спорт алаңында шабыстың салтанатын көрсеткен Орпа қоңыр айғыр, Сындыбек торы солардың ақтығы десек қателеспейміз. 1960 жылы Гурьев қаласында өткізілген республикалық фестивальдің жүлдегері Сындыбек торы «Қазақстан» киножурналына түсірілді. Сонда гурьевтік ағайындардың шеңгелдеп күміс ақша шашып, «қасиет дарыған Адайдың аруағынан айналдым» деп көздеріне жас алғандарын көрген едім» — деп жазады Секең Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1991 жылғы 18­маусымындағы нөмірінде… Бағаналы бері отырғандары түрегелісіп, тұрғандары ұшып кетердей қиқуласып, мынау қалың жанкүйер неге дүрлігісіп барады? Е, бәсе аттар аламан бәйгенің жетінші айналымына тұяқ іліктірген екен ғой. «Алуан­алуан жүйрік бар әліне қарай шабады» аттар да іріктеліп бірқатары топтан шығыпты, бес­алты айналым бойы алдыңғы лекте тіпті оза шауып келе жатқан түрікменстандық ағайындар қосқан ақалтекелер кейіндеп, төл тұқымды жүйріктеріміздің мойны оза бастапты. Сол озғаннан қарқын алған адай сәйгүліктері соңғы екі айналымда өзара жарыстың қым­қуыт қызығын қыздырып, еліргендерінің екпініне, үстіндегі шабандоздарының епсекті қимылдары жымдасып, ат пен адамның күш­жігері біртұтас күйге айналған сәтінде алды көмбеге жетті. Қасиетті Ата асының аламан бәйгесі соңғы жылдары талай топта ақалтеке жүйріктерінің құйрығын тістеп қалып жүрген адай сәйгүліктерінің тұсауын шешіп, бағын ашты! Қайран көкмойнақтардың тұқымы шөжіп бара ма деген күпті көңілдердің күдігі тарқады. Құдайға шүкір, атбегілік ата­дәстүрдің мұрагерлері де аз емес екен. Мынау аламан бәйге жүлдегерлерінің дерегі соның айқын дәлелі.

Читайте также:  Адам ақыл - парасаты туралы

Оставить комментарий