Алашорда үкіметінің төрағасы

Өз қызметінде таптық және пролетарлық интернационализм принціптерін негізге алған большевиктер партиясы билікке келген әуелгі күннен­ақ ұлттық мүддені негізгі мұраты санаған Қазақстан сияқты шет аймақтардағы қозғалыстар мен партияларға пролетарлық революцияның салтанатты шеруі жолындағы кедергі есебінде қарады. Бұл позиция оның ішкі және сыртқы саясатында (халықаралық коммунистік қозғалысқа қатысты) бірдей көрініп, әсіресе Сталиннің жеке билігі кезінде жетекші үрдіске айналды. Соның нәтижесінде бұрынғы империяның шет аймақтарында дами бастаған ұлттық қозғалыстарға үзілді­кесілді түрде жұмысшы табының позициясына өту ұсынылса, БК(б)П басшыларының ықпалында болған Коминтерн жетекшілері халықаралық ұлт азаттық ағымдарға да дәл сондай мазмұн таңуға тырысты. Мәселен, Никарагуа ұлт азаттық көтерілісінің басшысы генерал Сандино кезінде Коминтерннің осы сипаттағы әрекетіне байланысты мынадай пікір айтқан болатын: «Ұлттық мүддені қорғауды мұрат тұтқан біздің қозғалысымызды алған бағытынан тайдырып, оған әлеуметтік (таптық — М.Қ.) мазмұн беруді көздеген бірнеше әрекеттер жасалынды. Мен оған бар мүмкіндігіммен қарсылық көрсеттім. Біздің қозғалысымыз ­ антиимпериалистік бағыты бар ұлттық қозғалыс» 37 . Ретіне қарай айта кетелік, қоғамдық дамудың антиимпериалистік күрес сатысында тұрған елдерде құрылған компартиялар өз қызметінде таптық мүддені бірінші кезекке қоя отырып, бұқараның басым көпшілігін соңынан ерте алған жоқ. Оның негізгі себебі туралы Дж. Нерудің айтқан пікірі шындыққа жақын. Ол былай деп көрсеткен: «…коммунистік партия… өзін ұлттық сезімнен алыс ұстап, халықпен түсініксіз тілде сөйлеседі. Сондықтан да ол қуатты болғанымен, халық арасында тамырын жая алмаған шағын топ дәрежесінде қалып отыр» 38 . Большевиктер партиясы Қазақстанда «жолына көлденең тұрған» ұлт­ азаттық қозғалыс интеллигенциясын ығыстырып, еңбекші бұқараның таптық сезімінде ойнау арқылы оны өз жағына қаратып бақты. Бірақ ол жергілікті халықтың тарихи қалыптасқан ерекшеліктерін терең меңгерген, өзінің әлеуметтік саясатын соған негіздеген саяси күшке айнала алмады. Ол, Дж. Нерудің сөзімен айтқанда, Россияға пайдалы нәрсенің бәрі де міндетті түрде империяның шет аймақтағы халықтары үшін де пайдалы болуға тиіс деп түсінді. Сондықтан да орталықта жүзеге асырылған шаралар асқан асыра сілтеушілікпен және анайылықпен Қазақстанда да іске асырылып жатты. Мұндай қызметтің «ұлы нәтижелерін» біз, әрине, білеміз. Ал, осы сорақы қателіктер әдебиетте қалай баяндалды? Тоталитарлық тәртіп жағдайында ғылым — саясаттың құралы. 20­жылдардың екінші жартысынан бастап­ақ тарихтану ғылымына Қазақстандағы өзгерістерді объективті тұрғыдан баяндау емес, партиялық аппарат шешімдері мен қызметінің дұрыс екендігін теориялық дәрежеде негіздеу міндеті жүктелді. Осы мақсатқа қызмет ететін тарихшылардың алғашқы буыны да қалыптасып үлгерді. Үлкен өкінішке орай, зерттеушілердің бұл буыны ғылым ретінде тарихтануға тән кәсіптік әдістемелік талаптарды аса құрмет тұтқан жоқ. Зерттеу жұмысында бірінші кезекте объективті шындық емес, идеологиялық, тар партиялық мүдделер тұрғанда солай болуы да заңды еді. Сондықтан да олардың еңбектерінде көзге ұрып тұрған принциптік кемшіліктер жеткілікті болатын. Солардың біріне тоқтала кетелік. Кез келген тарихи үрдісті ғылыми тұрғыдан баяндаудың алғышарты ­ сол процеске қатысты фактілердің мейлінше толық қамтылуы. Сондай­ақ фактінің де фактісі бар. Ұлт азаттық қозғалыс мәселелерін баяндауда, әсіресе оның ішкі динамикасын беруде сол қозғалысты жүргізуші халықтың тілінде өмірге келген деректерде берілген фактілердің орны ерекше. Анығырақ айтқанда, ол фактілерсіз қозғалыстың табиғатын түсіну тіпті де мүмкін емес. Тарих ғылымымен бірге жасап келе жатқан осы қарапайым шындық жалпы қазақ тарихын жасауда, әсіресе Алаш қозғалысына келгенде аяқ асты болып келді. Біз бұл арада Алаш интеллигенциясының қолынан шыққан басылымдар мен еңбектердегі әлеуметтік­экономикалық және саяси фактілерге нұсқап отырғанымыз рас. Сонымен бірге біз сырт көзге, басқа мәдениет өкіліне сыр аша бермейтін рухани өмір фактілеріне баса назар аудару қажеттігін айтқымыз келеді. Қазан революциясы қарсаңындағы және одан кейінгі кезеңдегі қазақ қоғамының рухани болмысын дәл және терең бейнелеген М.Дулатұлы, О.Қарашев, С.Торайғыров, М.Жұмабаев және басқа ақын­жазушылардың шығармалары жай көркем туынды емес­тін. Омар Қарашевтың: Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам, Жауынсыз, құр желдеткен шаңнан қорқам, Таң туды, мезгіл жетті деп адасып, Құрылған қараңғыда заңнан қорқам… Теңгеріп жарлы­байды, құрып ұжмақ, Теп­тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам, ­ деген жолдарының астарында, большевиктік идеологтар айтқандай, «социалистік революцияның салтанатты шеруін қабылдай алмаған қазақ буржуазиялық интеллигенциясының үрейі» жатқан жоқ, Ахмет Байтұрсынұлы дәл басып көрсеткендей, бұлыңғыр таптық азаттықтан гөрі ұлттық бостандықты күткен қазақ елінің қаупі жатты. Сөйтіп, қазақ тіліндегі құжаттарға менсінбей қараушылық, халықтың рухани өміріне қатысты фактілерді елемеу өз кезегінде теориялық деңгейі төмен таяз еңбектердің өмірге келуіне себепші болып қана қойған жоқ, сонымен бірге түрлі әлеуметтік жалған интернационалдық ұрандарды жамылған, ал іс жүзінде ұлыдержавалық шовинистік пиғылдағы «еңбектердің өмірге келуіне жол ашты. Тарих ғылымында қалыптасқан осындай жағдайдың нәтижесінде «қазақ бұқарасының таптық мүддесіне қарсы шыққан, тар буржуазиялық­ұлтшылдық мақсаттарды көздеген» Алашорда үкіметі туралы аңыз пайда болды. Ал шындық қандай еді? Бұл үкімет қандай тарихи жағдайда өмірге келіп еді және қандай мақсаттар үшін күресті? Тар таптық партиялық принциппен қаруланған кеңестік тарихтану Алашорда үкіметінің пайда болуын ең алдымен қазақ буржуазиялық­ұлтшыл интеллигенциясының кеңес үкіметі мен большевиктер партиясы қызметіне қарсы бағытталған әрекетімен байланыстырды. Ал, мемлекеттік бірліктің белгілі бір таптың белсенді саяси қызметі нәтижесінде ғана емес, сонымен бірге отарлық езгіге қарсы күрес жағдайында жалпы ұлттық сұраныс нәтижесінде өмірге келіп, белгілі бір кезеңге дейін ұлттық бірлік пен тұтастыққа, жалпы ұлттық мүддеге қызмет етуі табиғи құбылыс екендігі есепке алынбады. Бұл — біріншіден. Екіншіден, Алашорда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себепші болған жағдай уақытша үкіметтің басқа да шет аймақтардағыдай Қазақстанда да ең өзекті ұлттық мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархияға, зорлық пен зомбылыққа ұласуы еді. Қазақстанда жер мәселесінің шешілмеуі, қоныстанушылар легінің толастамауы, атты казак әскері, қарулы солдат пен қоныстанушылардың панасыз жергілікті халық үстінен жүргізген озбырлығының өрши түсуі соның айғағы болатын. Бір жағынан ұлттық еркіндік үшін күрес жаңа тыныс алып, халықтың өз бостандығы жолында шешуші майданға шығуға даярлығы анық байқалса, екінші жағынан, керісінше, отаршыл күштер (атты казак әскері) мен оның жергілікті сүйеніш­тіректері (переселендер, соғыстан қайтқан солдаттар) ұлт­ азаттық қозғалысты басып­жаншуға бейімділік танытты. Елдегі осындай жағдайдан хабар бере отырып «Қазақ» газеті 249­нөмірінде мынадай мағынадағы жеделхатты жариялады: «…Пішпектегі қазақ, қырғыз, сарт халықтарының тынышы кетіп тұр. Солдаттар, солдат қатындары, тағы да кім екені белгісіздер күндіз­түні демей ұрлап, талап, ұрып­соғып қатты жәбір беріп тұр. Теңдік заман туды десек те, біздің Жетісу ескі зорлықтан құтыла алмай тұр». Елдің түрлі аудандарындағы осы сипаттағы жағдайдан хабар беретін материалдар «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» және басқа басылымдарда жарық көріп жатты. Жергілікті халық пен орыс переселендерінің арақатынасының шиеленісіп кетуіне байланысты, Уақытша үкімет жергілікті қоғамдық ұйымдар мен билік орындарының талабы бойынша 1917 жылы қыркүйекте Жетісуда әскери жағдай жариялауға мәжбүр болды. Қазақ қоғамы үшін, әсіресе «кімде­кім бізді қолдамаса, ол — жау» деп ұран тастаған казак атты әскері қауіпті күш еді. Ол жөнінде сол кездегі тарихи оқиғалардың куәгері Асфендияр Кенжин: «Киргизия, охваченная в виде полумесяца землями казаков, настроенных контрреволюционно, не могла так или иначе держать себя нейтрально. Понятно, для такого нейтралитета ей нужно иметь солидный вес (воруженную силу), чтобы с Киргизией считались как с определенной величиной» 39 ,— деп жазды. Міне, осындай жағдайда ел қамын ойлаған саясаткерлер санасында ұлттық мемлекет туралы мәселенің пайда болуы толық негізді болатын. Тура осы ойды білдіре отырып, «Қазақ» газеті 1917 жылғы 26 қараша күнгі санында жарияланған «Ел қорғау» деген бас мақаласында: «Ел қорғау екі түрлі: халықтың құқын қорғау бар, мал­мүлкін, жер­суын қорғау бар. Қазақ орысқа қарамай тұрған шағында ел басына дау келсе, халық құқығын қорғайтын билер болған, елге тиер жау болса, халықтың мал­мүлкін, жер­суын қорғайтын батырларына ерген азаматтары болған. Россия қол астына кіріп, қолтығына тығылып, паналағаннан кейін біздің құқық, мал­мүлік, жер­суымызға Россияның өзі болмаса, басқалар батып тие алған жоқ… Қазірде бізге басыңды, мал­мүлкің, жер­суыңды қорғама деп тыятын да Россия жоқ, пана болып қорғарлық Россия да жоқ… Қазаққа өз жабдығыңды өзің ойлап, өлмес қамыңды істе деп отырғанымыздың мәні осы… Россияға паналамаған кезде қазақ едің: өлер ме едің, яки өлмес қамыңды істер ме едің? Өлмес қамыңды істер болсаң, істейтін шақ, міне, туды», — деп жазды. Бүкіл империя көлемін қамтыған саяси тұрақсыздық жағдайында сол тұстағы Орынборда шоғырланған қазақ оқығандары өзара кеңесіп, кезек күттірмейтін ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдап, оны ұйымдастыру ісін бес адамнан тұрған комиссия өз мойнына алады. Олар ­ Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сағындық Досжанов, Елдес Омаров болатын. Комиссия «Қазақ» газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеумен қайырылып, артын ала қажет деп тапқан адрестерге жеделхат жолдайды. Газеттің 1917 жылғы 14 қарашадағы санында жарық көрген бұл үндеуде олар елде қалыптасқан төтенше саяси жағдайға байланысты 5 желтоқсанда Орынбор қаласында «қазақ­қырғыз болып бас қосатын бір жалпы съезд өткізіп, онда «анархиядан» өзін қорғау үшін қазақ­қырғыз айрықша милиция жасау» керектігі айтылады. Ал газеттің 26 қараша күнгі санында бұған қосымша съезде негізгі мәселе ретінде ұлт Кеңесін құру туралы мәселені қарау ұсынылады. Бұл іс жүзінде Қазақстанда саяси билікті қолына ала алатын мемлекеттік құрылым туралы мәселені ашық қою болатын. «Қазақ» аталған материалдарда ұлттық әскер мен үкімет құрудың қажеттігін жан­жақты дәлелдеп қана қойған жоқ, сонымен бірге оларды ұйымдастырудың нақты жолдарын да белгілеп, оларды съезде талқылауға шақырады. Мәселен, ұлт Кеңесін құру қажеттігі жөнінде газеттің пікірі мынаған сайды: «Россия іріп­шіріп жатыр, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде, не болары белгісіз, ортасына ойран түсіп, түп қазығы суырылып, әркім бетіне кетіп жатыр. Біреу өлмес қамын қылып жатыр, біреу бермес қамын қылып жатыр, біреу осы лайсаң бүліншілікке кірмес қамын қылып жатыр. Біз де қазақ­қырғыз болып бірігіп, қам қылмай қарап отыра алмаймыз. Мұндай лайсаң заманда закон жоқ. Жол жоқ, қорғалайтын пана жоқ. Әркім өзін­өзі қорғайды. Әуелі өлмеске, екінші мал­мүлкімізді талауға бермеске, үшінші осы лаңның ішіне кірмеске қолдан келген күшімізді, ісімізді сарп етерге керек. Данышпандар білімін, азаматтар қайратын ұлты үшін аямай жұмсайтын орын осы». Ал жаңадан құрылған үкіметтің атқаратын міндеті мынадай деп анықталды. «5 миллион халықпыз, өзімізді қорғайтын күш өзімізден табылады. Сол күшті реттеп жасайтын кеңес орындар керек. Барша қазақ бірігіп, әуелі «Ұлт Кеңесі» деген орын жасау керек. Мемлекет ісі күн сайын құбылып, түрлі күйге түсіп тұрған шақта, қазақ­қырғыз бас қосып дайым съезд жасап отыру мүмкін емес. Қазақ­қырғыз атынан басқа жұрттармен сөйлесетін, қазақ­қырғыз жұртына деген жұмысты ақылдасып атқарып отыратын жоғарыда айтқандай «Ұлт Кеңесі» болу керек. Ол Ұлт Кеңесінің әр облыста бөлімі боларға керек. «Ұлт Кеңесіне» халық сенімді адамдарын сайлап, іс жүргізбек. Сонымен, 1917 жылдың қарашасында Алаш басшыларының ұлттық мемлекет құру ісіне біржола бет бұрғанын, оны алдымен Ұлттық кеңес аталатын үкімет пен ұлттық әскер құрудан бастауға тоқтағанын байқаймыз. Сондай­ақ бүкіл империя көлемін қамтыған «лайсаң шақта» ұлттық мемлекет құру мәселесін қолға алған жалғыз Қазақстан ғана емес­тін. Қазан революциясы империяның ыдырау процесін одан әрі тереңдете түседі. Кеше ғана автономиялық еркіндік жөнінде ойлауға мұршасы болмаған халықтар да өз бостандығын талап ете бастайды. Совет үкіметі революциядан кейінгі алғашқы күндерден­ақ Польша мен Финляндияның тәуелсіздігін мойындайды. Бұдан бұрын, яғни 13 маусымда Украинаның Орталық Радасы Украина халық республикасының құрылғанын жариялайды. Желтоқсанның 17­сінен 18­іне қараған түні Белоруссияның ұлттық съезі Белоруссия тәуелсіздігін мәлімдейді. 1917 жылы 22 көкекте өмірге Закавказье сеймінде өз тәуелсіздігін мәлімдеген Закавказье Федеративтік Республикасы келеді. Осы жылғы желтоқсанда Финляндияның артын ала Литва мен Латвия, ал 1918 жылдың ақпанында Эстония өз тәуелсіздігін жариялайды. Россия империясының еуропалық бөлігіндегі бұл өзгерістердің Қазақстанның да саяси жағдайына ықпалы болғандығы сөзсіз. Дегенмен оның өміріндегі өзгерістер іргелес Түркістан, Сібір аймақтарындағы саяси оқиғалармен тығыз байланыста жүрді. Сондай­ақ тура осы тарихи сәтте метрополияның ғасырлар бойы қазақ елінің мемлекеттік­территориялық тұтастығына қарсы еппен, мақсатты түрде жасап келген әрекеті «өз жемісін» берді… ұлттық мемлекет құру міндетін мойнына алған қазақ саясаткерлері алдына Орынбор, Түркістан және Батыс Сібір губерниялары құрамындағы қазақ жерлері мен қауымдарын жинау сияқты күрделі мәселе көлденең тартылды. Қазан, қараша айларында болып өткен оқиғалар соны анық көрсетіп берді. 8­15 қазанда Том қаласында Сібір автономиясын құру шараларын талқылаған Жалпысібір съезі болып өтті. Оған Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Орал облыстары мен Бөкей ордасынан 9 өкіл қатынасып, олар қазақ қоғамының Сібір автономиясы құрамына уақытша енетіндігін мәлімдейді. Съезд бекіткен Экономикалық Кеңес, Негізгі Заңды дайындайтын комитет құрамына қазақ өкілдері де енеді. Съезд Сібір Кеңесін сайлап, оның құрамына облыстардан Халел Ғаббасов, Ережеп Итбаев, Сағындық Досжанов, ал жалпы қазақ жұртының атынан Әлихан Бөкейхан мен Мұхамеджан Тынышпаев енеді. Бұлардың бәрі де Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді. Ал осы Сібір автономиясы құрамына енудегі мақсатты қазақ делегациясының басшысы Ә.Бөкейхан былайша түсіндірді: «Біз ойладық, әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып көшіп кетелік: жіп жалғап зор мемлекет күрмеуінен құтылып ап, отау болып соңынан бөлінелік деп». Бірақ көп ұзамай ортаға араласқан ағымы бұл ойдың іске асуына біржола тосқауыл қойған еді. Осы жылғы 22 қарашада Ташкентте Түркістан жұмысшы, солдат және жұмысшы депутаттары Кеңестерінің ІІІ съезі өз жұмысын аяқтайды. Съезд «Кеңес билігінің орнағанын, соған байланысты Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғанын, өлкедегі биліктің соның қолына өтетіндігін мәлімдейді. Бірақ бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының өкілі болған жоқ. Араға төрт күн салып, 26 қарашада Қоқан қаласында мұсылмандардың төтенше ІV съезі ашылады. Съезд 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы (Түркістан мухтариат) деп жариялап, Түркістан құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігін мәлімдейді. Іргелес аймақтарда қалыптасқан осындай жағдайларды есепке ала отырып, «Алаш» басшылары ұлттық автономия жариялаудан басқа жол жоқ, саяси тұрақсыздық жағдайында тек біртұтас ұлттық мемлекеттік құрылым ғана қазақ елін апаттан құтқарып, бостандық жолына алып шыға алады деп түсінді. Осындай қорытынды жасай отырып, олар қазақ қоғамының толық қолдауынан үміттенгендігі де анық. Оған негіз де бар еді. Өйткені қарашада болып өткен Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Қазақстаннан депутаттар сайлау барысында ең көп дауыс алған партиялардың қатарында Алаш партиясы да болды. Мәселен, Жетісу облысында сайлаушылардың 57,5%­ы, Семей уезінде — 85,6%­ы, Торғай және Орал губернияларында — 75%­ы Алаш партиясының өкілдеріне дауыстарын берді. Сөйтіп, қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қараған жалпы қазақ­қырғыз съезі 1917 жылы 5 желтоқсанда Орынбор қаласында ашылды. Оған Қазақстанның барлық облыстарынан, сондай­ақ одан тыс жерде тұратын Алтай губерниясы, Самарқанд облысы қазақтарынан және Қырғызстаннан — барлығы 82 өкіл қатысты. Соңғы жылдарға дейін жарық көрген еңбектерде Алашорда үкіметін құру туралы шешім қабылдаған желтоқсандағы жалпы қазақ­қырғыз съезінің әлеуметтік құрамы туралы шындықтан алыс пікірлер бар. Мәселеге таптық тұрғыдан келген авторлар съезд құрамынан тек байлар мен ауқатты топтардың өкілдерін көріп, бұл съезд қазақ байлары мен буржуазиясының, буржуазиялық интеллигенцияның съезі болғандығын айтады. Съезд делегаттары құрамын талдай отырып, бұл пікірдің тым қарабайырлығын байқау қиын емес. Делегаттардың үлкен бөлігі ел ішінде ісімен беделге ие болған ауыл ақсақалдары мен ұлттық интеллигенцияның сол тұстағы ең белсенді өкілдерінен тұрды. Олардың белсенді әрекетінсіз съездің күн тәртібіне қойылған мәселелерді қажет дәрежеде талқылап және белгілі бір шешімдерге келу, әрине, мүмкін емес­тін. Съездің күн тәртібінде мынадай мәселер тұрды: «1. Сібір, Түркістан автономиясы һәм юго­восточный союз туралы. 2. Қазақ қырғыз автономиясы. 3. Милиция. 4. Ұлт Кеңесі 5. Оқу мәселесі. 6. Ұлт қазынасы. 7. Муфтилік мәселесі. 8. Народный сот. 9. Аулный управление. 10. Азық­түлік мәселесі». Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе, әрине, ұлттық автономия мәселесі еді. Ол бұл мәселе бойынша Ә. Бөкейханның баяндамасын тыңдап, талқылаған соң қазақ автономиясы, милиция және Ұлт Кеңесін құру істері бойынша бес кісіден тұратын комиссия сайлап, комиссия атынан сөйлеген Халел Ғаббасовтың сөзін негізге ала отырып, арнайы қарар қабылдады. Қарарда мынадай деп көрсетілді: «Октябрь аяғында Уақытша үкімет түскенін, Россия мемлекетінде халыққа сенімді һәм беделді үкіметтің жоқтығын, әкімшілік жоқ болған соң халық арасы бұзылып пышақтасып кететіндігін, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен­күнге халі нашарлауын һәм бұл бүліншілік біздің қазақ­қырғыздың басына келуі ықтималын ойлап, бүкіл қазақ қырғызды билейтін үкімет керектігін ескеріп, съезд бір ауыздан қаулы қылды: I. Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ­қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық­жерлі автономия құруға. II. Қазақ­қырғыз автономиясы Алаш деп аталсын» 40 . Съезд делегаттары қазақ автомониясы құру қажеттігін бір ауыздан қолдағанымен, бірақ оны жария ету мерзіміне келгенде бөлініп кетті. Делегаттардың біразы Қазақ автономиясының құрылғандығын бірден жария етелік деді. Ал екінші бөлігі автономияның құрылғанын ресми жария етуді Алашордаға тапсыралық, өзі қажет деп тапқан уақытта жарияласын деді. Айтыс бірнеше күнге созылды. Ең соңында бұл мәселені шешу үшін өкілдердің аттары аталып, тас салынды. Бірінші бағытты қолдап отыз үш өкіл, ал екінші ұсынысты жақтап қырық екі өкіл дауыс берді. Дау мұнымен де аяқталған жоқ. Азшылықта қалған өкілдер көпшілік дауыс берген пікірге тоқтамастан, егер автономия съезде ресми түрде жария етілмесе, онда өздері өкілдік етіп отырған облыстардың Түркістан автономиясы құрамына қосылатындығын мәлімдеді. Съезд өзіне жүктелген тарихи міндетті тура ұғына отырып, егер қазақ қоғамы бірігуге қолайлы сәтін жіберіп алса, енді қайтып қосылу жеңілге түспейтіндігін түсіне отырып, ымыралы қаулы қабылдады. Ол туралы келесі тарауда айтылады. Съезден кейін араға бірнеше күн салып «Қазақ» газеті «жалпы қазақ­ қырғыз» съезіне жиылған өкілдер автономия туралы тоғыз күн толғанып, жүрегі дірілдеп, буындары қалтырап, бір айдан соң автономия жариялауға әрең қаулы қылысты» деп жазды. Әлихан Бөкейхан Қазақстан жағдайында автономия алудың қиындықтарына тоқталып, былай деп көрсеткен еді: «Қазақ болып автономия боламыз десек, алдымызда шешуі қиын бір жұмбақ бар. Орал, Торғай, Ақмола, Семейде көп мұжық бізбен қоныстас; бұл облыстарда мұжық пен қазақ қым­қиғаш аралас. Мұжықпен аралас қазақты тастап, ылғи қазақ болып шығамыз десек, қазақ орыста қалады; қазақты бұл жерден көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата қонысынан көшпес; көшсе ақылсыздық болады; қазақ жерінің ең жақсысы, осы мұжықпен аралас отырған жер. Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт. Біздің қазақ ұлтының автономиясы енді тұрмыс халда туысқан автономиясы болар емес; жерге байлаулы автономия болмақ. Ішіміздегі орыс мұны мақұлдайтын көрінеді». Қазақ автономиясын жариялауды кейінге қалдыруды жақтаған Әлихан Бөкейхан бастаған топты қинаған жағдай осы еді. Олар ешқандай да даярлықсыз автономия жариялай қалған күнде іштегі қарулы қарашекпенділер мен төңіректі қоршаған казак атты әскерінің наразылығына қалып, қарусыз қазақты қырып алудан қауіптенді. Сондықтан да бұл топ автономияны иғлан етерден бұрын Түркістан қазақтарының келісімін алумен бірге, ұлттық әскер құрып және сонымен бір мезгілде іштегі өзге халықтармен келісім жүргізіп, оларды жаңа жағдайға даярлауды мақұл көрді. Бұл сөзсіз өмір талабынан туған астарлы, көрегендік саясат болатын. Съезд белгілі дәрежеде жаңа құрылған үкіметтің ұлтаралық саясаттағы негізгі бағыттарын да белгілеп берді. Оның қаулысында былай деп көрсетілді: «V. Қазақ­қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген елдердің бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының қол астында жерсіз халықтар болса, оларға ұлт һәм мәдени автономия беріледі». Бұл жай белгілі бір арзан мақсаттарды көздеген саяси мәлімдеме емес­тін. Оны мынадай фактіден байқауға болады. Съезде құрылған Ұлт Кеңесі — Алашорда үкіметіндегі 25 орынның 10 орны қазақ­қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылды 41 . Съезд Алашорда үкіметіне тез арада Алаш автономиясының құрылтайын шақыруын міндеттеп, онда Алашорда автономиясы низамын қарап бекітуді, ұлт қазынасын ұйымдастыруды, сол мақсатта қарыз ақша алуды ұсынды. Сондай­ақ съезде қаралған үлкен мәселелердің бірі — халық милициясын, яғни ұлттық әскер құру еді. Съезд қарарында: «осы күш мемлекет ішінде бассыздық, талан­ тараж, қарбалас, талас болып жатқанын ескеріп, қырғыз­қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін… ешбір тоқтаусыз милиция түзуге кірісу қажеттігін айтып, нақты шаралар белгілеп, бекітті. Жалпы қазақ­қырғыз съезі «Алашорда» болсын деді. Жаңа құрылған үкіметтің құрамына мына кісілер енді. 1)Бөкейліктен ­ Уәлидхан Танашев, 2)Оралдан ­ Халел Досмұхамедов, 3)Ақмоладан ­ Айдархан Тұрлыбаев, 4)Торғайдан ­ Ахмет Бірімжанов, 5)Семейден ­ Халел Ғаббасов, 6)Жетісудан ­ Садық Аманжолов, 7)Сырдариядан ­ Мұстафа Шоқаев. Облыстардан тысқары: 8) Ғалихан Бөкейхан, 9) Жаһанша Досмұхамедұлы, 10) Әлімхан Ермекұлы, 11) Мұхаметжан Тынышбайұлы, 12) Бақтыкерей Құлманұлы, 13) Жақып Ақбайұлы, 14) Базарбай Мамытұлы, 15) Отыншы Әлжанұлы. Бұл аталған Ұлт Кеңесі мүшелеріне орынбасарлыққа мына кісілер сайланды: Ғайса Қашқынбайұлы, Нүсіпбек Жақыпбайұлы, Ережеп Итбайұлы, Сатылған Бабатайұлы, Есенғали Қасаболатұлы, Батыр Қайырниязұлы, Мұқыш Боштайұлы, Сейілбек Жанайдарұлы, Сәлімгерей Нұралыханұлы, Ғұмыр Алмасұлы, Сейдәзім Қадірбайұлы, Асфандияр Кенжеұлы, штабс­капитан Бекімұлы, Есен Тұрмұхамедұлы, Жәнек Солтанайұлы. Бұдан кейін съезд демократиялық негізде Алашорда Халық Кеңесі Төрағасын сайлады. Бұл қызметке үш адамның кандидатурасы ұсынылды. Олар: Әлихан Бөкейхан, Бақыткерей Құлманов және Айдархан Тұрлыбаев еді. Жабық дауыс беру нәтижесінде Бөкейхан — 40, Б.Құлманов — 19 және А.Тұрлыбаев 20 дауыс алды. Сөйтіп, көпшілік дауыспен Алашорда Халық Кеңесінің Төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланды. Сонымен съезд орталық билік — Халық Кеңесі — Алашорда үкіметін, халық милициясын және ұлт қазынасын құру ісіне жете көңіл аударды. Мемлекеттік жүйе алдымен осы мәселелерді шешуден басталатындығы түсінікті. Бірақ сонымен бірге съезде ең негізгі мәселе ретінде оқу­ағарту ісінің де қаралғандығын айтпасақ, онда съездің саяси маңызы мен көздеген мақсатын толық түсіне алмағандық танытар едік. Съезд бұл мәселе бойынша Міржақып Дулатұлының баяндамасын тыңдап, талқылап және ол бойынша қаулы қабылдап, бес адамнан тұрған комиссия құрды. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бұл комиссияның құрамына Мағжан Жұмабайұлы, Елдес Омарұлы, Биахмет Сәрсенұлы және Телжан Шонанұлы сияқты кейіннен бұл салада сіңірген еңбегімен елге аты мәлім болған адамдар енді. Съезд комиссияға қазақ­қырғыз елінде оқу ісін жүргізу тұжырымдамасын жасап, талқыға ұсынуды, сондай­ақ тез арада қазақ мектептері үшін оқу бағдарламасын дайындауды және жедел түрде оқулықтар жазу ісін ұйымдастыруды жүктеді. Тоғыз күнге созылған жалпы қазақ­қырғыз съезінің басқа да мәселелерді қарап, олар бойынша қаулы қабылдағаны белгілі. Дегенмен оның негізінен тоқтаған мәселелері осылар еді. Бұл арада оқырманның көңілінде съезд неге жер мәселесін қарамады деген сауалдың ұялауы әбден мүмкін. Съезд ұйымдастырушылардың бұл мәселенің ең негізгі және зәру мәселе екендігін білгендігі сөзсіз. Бірақ олар сондай қарбалас кезеңде мұндай даулы мәселені съездің күн тәртібіне қойып, көрші жұрттың, сыртқы күштің үлкен наразылығына қалуды жөн көрмеді. Дегенмен Алашорда үкіметінің бұл саладағы ұстанған бағытын анықтау қиын емес. Ол Алаш партиясы бағдарламасының жобасында, өкіметтің төрағасы Ә.Бөкейханның мақалалары мен сөйлеген сөздерінде ашық айтылды. Егер қысқартып айтсақ, оның мағынасы мынаған саяды: — қазақ автономиясында жерсіз қазақ бұқарасы жер еншісін алып болғанша переселендердің келуі тоқтатылуы тиіс. Жер үлесін алдымен патша заманында ата қонысынан ығыстырылған жергілікті халық алуы керек; — адамға, әрбір ошаққа тиетін жер үлесі шаруаға, жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болсын. Сондықтан да барлық облыс, аудандарда жер үлесін, нормасын жергілікті жер комитеттері белгілейтін болсын; — қазаққа жер кесілгенде ауылға, ұлысқа, руға, өздерінің тілегіне қарай бөлінсін. Жерді бірге алған ру, ауыл, болыс өз ішінде өздері тәртіп орнатып, әділдікпен пайдалансын; — атты казактардың жерге ерекше құқықтары біржола жойылсын. Жер сыбағасы жергілікті халыққа бұрынғы тұрған жерінен, яғни ата қонысынан берілсін (Ертіс бойындағы даулы жерге байланысты Ә.Бөкейхан былай деп көрсетті: «Ертіс бойындағы «он шақырымнан» қазақ жер алсын. Атты казак бермеймін дер, біз Ертістен кетпейміз, жер алмай қоймаймыз. Жерді жолмен, законмен аламыз»); — жерді сатуға тыйым салынады. Үлестен артылған жер мемлекет қазынасы аталып, мұның билігі жұрт мекемесі қолына өтеді; — Алаш автономиясының жері үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болып табылады. Әрине, мұндай үлкен міндеттерді іске асыру өз қызметінде бес миллионға жуық қазақ елінің, миллионнан астам басқа халықтардың талап­тілегін, өмір салты ерекшеліктерін негізге алған үкіметтің ғана қолынан келетіндігін Алашорда басшылары тура түсінді. Мәселен, Ә.Бөкейханның пікірі бойынша, Ресей — көп ұлтты, үлкен мемлекет. Оның құрамындағы әрбір ұлттың төл тарихынан, күнделікті тіршілігінен туындап жатқан өз ерекшеліктері бар. Ал сол халықтарды тек бір ортадан, бір халық өкілдерінің басқарамын деуі сөзсіз қателікке ұрындырмай қоймас еді. Демек, жаңа үкімет бұл халықтардың еркіндікке деген табиғи құқығын мойындауы керек. Әрбір халықтың өмір сүру тәртібін сол халықтың өзі сайлаған Ұлттық кеңесі ғана анықтай алады. 1918 жылғы 5 қаңтарда Бүкілресейлік құрылтай жиналысының күшпен таратылуы Алаш автономиясын құру мүмкіншілігін мүлдем тарылта түсті. Сондай­ақ бұл оқиға жаңа билік үшін ұлт мәселесі белгілі дәрежеде өзінше дербес, жалпыдемократиялық негізде шешілуге тиіс үлкен мәселе емес, екінші кезектегі мәселе екендігін көрсетіп берді. Бүкілресейлік құрылтайдың таратылуы белгілі дәрежеде қазақ қоғамының (тек оның ғана емес) 1917 жылғы ақпан революциясынан бергі өзінің әлеуметтік­экономикалық, саяси және басқа мәселелерін өз бетінше шешуге мүмкіндік беретін біртұтас ұлттық­ демократиялық даму жолына түсу үмітіне шек қойып, Қазақстанның бұдан былай да орталық биліктің дөңгелегіне мықтап байлаулы күйінде қалғандығын көрсетті. Құрылтай жиналысының таратылуына Алашорда үкіметінің қатынасын оның төрағасы Ә.Бөкейхан былайша білдірді: «5 қаңтарда Россия құрылтайы жиылды һәм большевик күшімен қуылды… 1905 жылы 9 қаңтарда астанадағы неше мың жұмысшы бостандығын бер деп Николайға барған. Николай бұларға пулемет бостандығын көрсеткен еді. Большевик Николайдың аяғын құшты. Николайдың да, мұның емшектес інісі большевиктің де пулеметтеп жатқаны жалпы жұрт, екеуінің де сүйенгені қараңғы солдат. Құрылтай алдымен жұртқа беделді өкімет сайламақ еді. Құрылтайға сүйенген күшті үкімет босаған тізгінді жиып ап, тежеп ұстап, тентек бастықты тыйып, жұртқа пайдалы тәртіп шығарып, елді билемек еді. Құрылтай өзі Россия мемлекетіне негізгі закон шығарып, мемлекет көшін түзетіп, жұртқа пайдалы бітім қылып, жақсы сапарға жұрт тілегін тартпақ еді. Бұл мақсаттың бәрі 5 қаңтардағы пулемет оғымен құйын соққан күлдей ұшты…» 42 . Жалпы алаштық интеллигенция арасында большевиктер бағдарламасы әуел бастан­ақ қолдау тапқан жоқ. Олардың түсінігі бойынша, большевиктер ұстанған бағыт Қазақстан емес, тіптен Ресейдің өзіне де азапты болашақ әкелетін бағыт болатын. Алаш қайраткерлері ең алдымен большевиктер бағдарламасындағы қоғамдық меншікке көшу туралы пікірді үзілді­кесілді қабылдаған жоқ. Өйткені олардың ойы бойынша, қазақ қоғамы жайында мұндай шаруаға бару мүмкін емес­тін, тіптен ондай әрекет, біріншіден, оны қабылдауға мүлдем даярлығы жоқ қазақ бұқарасы арасында түсінбеушілік туғызса, екіншіден, әлеуметтік теңдік орнатудан бұрын, әлеуметтік апатқа апаруы толық мүмкін еді. Дәстүрлі шаруашылық түрінің бұзылуы, қазақ шаруаларының, жалпы қоғамның қоғамдық меншікке негізделген шаруашылық жүргізуге қай жағынан болса да даярлығының жоқтығын осындай нәтиже бермей қоймайды деп түсінді. Қазақ зиялылары большевиктердің тап күресі туралы теориясын да қолдамады. Олардың түсінігі бойынша, қазақ қоғамы Ресейдегідей таптық жіктелу деңгейінен алыс жатты. Ал сол тарихи кезеңде отарлық езгідегі қазақ жұртына қандай да болсын жіктелуден гөрі ортақ ұлттық мүдде негізінде бірігу ауадай қажет болды. Жіктелу, керісінше, оны әлсіретеді, негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік бермейді деп түсінді. Бүкілресейлік құрылтай таратылғаннан кейін, сол арқылы ұлттық автономия алудан үміттенген Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Егер «Алаш» партиясына біріккен ұлттық интеллигенция большевиктерге қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені зорлап танушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін жан ұшыра қорғайтын контрреволюциялық күш есебінде қарады. Мәселен, төртінші армияның қолбасшысы М.В.Фрунзе қазақ халқына үндеуінде: «Поднимайтесь же, товарищи, устраивайте Советы по волостьям, аулам и уездам. Сбростье скорее буржуев — Досмухамедовых, возьмите власть в руках самих трудящихся. Действуйте смело и решительно, не как рабы, а как вольные люди. Знайте, что помощь вам уже подошла», 43 — деп, қазақ бұқарасының таптық сезіміне тие отырып, оны ұлттық мемлекет туын көтерген Алаш қозғалысына қарсы қойды. Өз ретінде Алаш басшылары большевиктердің таптық жіктеу саясатына ұлттық тұтастық, бірлік саясатын қарсы қойды. Мәселен, Ә.Бөкейхан: «Біз қарап отырсақ, қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» соң, 200 жылда, басыңа бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!» 44 . «…Россия мемлекеті енді жақын арада үйірге қосылмайды. Бірліктен айрылсақ, мына орысша қаңғып кетеміз. Көш бастаған ақсақал аға, зиялы іні, жергілікті жұрт қызметін таза атқар. Жалпы жұртқа мұрындық бол», — деп, бостандыққа апаратын жалғыз жол — ұлттық ынтымақ қана деп түсіндіруге тырысты 45 . Бірақ 1918 жылы көктемде басталып кеткен азамат соғысы ұлттық тұтастық мәселесін біржола келмеске жіберді. Енді ғана ұлт­азаттық күрес арнасына түскен қазақ қоғамы бүкіл Россия империясын қамтыған тап аралық соғыс орбитасына тартылды. Қазақ қоғамы болашақ мемлекеттік құрылыстың түрлі нұсқаларын жақтап (алаштық және кеңестік) екіге бөлініп кетті. Сөйтіп, кеше ғана отарлық езгіге қарсы күресте саяси тұтастық туын көтерген қоғам мүлдем басқа сипат алып, таптық жіктелу жолына түсуге тиіс болды. Бұл іс жүзінде жаңа ғана бой көтерген ұлт­азаттық қозғалыстың өзінің қисынды шешімін таппай жатып­ақ таптық күреске ұласуы еді. Ақпан революциясынан кейінгі кезеңде өз бостандығы үшін күреске шыққан отарлық езгідегі халықтарға большевиктер партиясы тек кеңестік негіздегі автономия беретіндігін мәлімдеді. В.И.Ленин Түркістан кеңестерінің съезіне жолдаған жеделхатында: «Халық Комиссарлары Кеңесі сіздердің өлкелеріңіздің кеңестік негіздегі автономия болғандығын қолдайды», — деп көрсетті. В.И.Лениннің бұл ойын сол кезеңдегі ұлт істері бойынша халық комиссары И.В.Сталин және басқа қайраткерлер белгілі бір ұлттың автономия алуы емес, кеңестік билікті қолдайтын жұмысшы және шаруалардың автономия алуы деп түсінді. В.И.Ленин мұндай тұжырымға үзілді­кесілді қарсы шығып: «…ұлттардың өзін­өзі билеуін алып тастап, еңбекшілердің өзін­өзі билеуі мүлде теріс, өйткені мәселені бұлайша қою ұлттардың ішіндегі жіктелудің қандай қиыншылықтармен, қандай бұралаң жолдармен жүріп жатқанын есепке алмайды», — деп көрсетті. Ол еңбекші бұқараның өзін­өзі билеуі туралы айту тек пролетариаттың өзінің таптық мүдделерінің буржуазия мүдделерімен ешқашан да сәйкес келмейтіндігін, сондықтан да мұндай деңгейге әлі жете қоймаған халықтар өзін­өзі билеу құқығын талап етсе, онда мұндай талаптың толық заңдылығын мойындаудан бас тарта алмаймыз деп кесіп айтты. В.И.Ленин тура осы мәселеге байланысты Орта Азия халықтарында қалыптасқан нақты жағдайға тоқталып, «Осы уақытқа дейін өз молдаларының ықпалында қалып отырған қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен сияқты халықтар жөнінде біз не істей аламыз?» — деп сауал қойып, артынша: «Біз осы халықтарға барып: «біз сіздердің қанаушыларыңызды лақтырып тастаймыз!» деп айта аламыз ба? Біз мұны істей алмаймыз, өйткені олар бүтіндей өз молдаларына бағынышты. Бұл арада халықтың дамып жетілуін күту керек, ол болмай қоймайды» 46 . Міне, осы айтылған ойлардан В.И.Лениннің ұлттардың өзін­өзі билеу құқығын талап етуі толық табиғи құбылыс екендігін, демек оны қанағаттандыру ұлт мәселесін шешудің алғышарты деп түсінгендігін аңғару қиын емес. Бірақ бұл теориялық бағытты іске асырушылар мәселенің егжей­тегжейіне мұқият қарап, оның қазақ сияқты халықтар үшін үлкен тағдырлы мәселе екендігін терең түсініп, қызметінде басшылыққа алды деп айтсақ, шындыққа қиянат жасаған болар едік. Керісінше, олар ұлттық теңсіздікке таптық қанаудың жалғасы, содан туындайтын құбылыс ретінде қарап, яғни оның біржола жоғалуын пролетариат диктатурасының орнауымен байланыстырды. Дегенмен құжаттармен танысу арқылы 1918 жылдың көктемінде Алашорда мен Кеңес билігі арасында өмірлік шындықтан бастау алатын, екі қуатты қоғамдық қозғалыстың (ұлттық және әлеуметтік­таптық) табиғатынан туындаған өзара түсінушілікке кішкене болса да ұмтылушылықтың орын алғандығын аңғару қиын емес. Оған кезінде «Сарыарқа» газетінде жарық көрген екі өкімет арасында жүрген келіссөз мәтіні куә. 1918 жылдың наурызында Оралдан Мәскеуге Алашорда өкіметінің тапсырумен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар аттанып, барған бетте Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы В.И.Ленинмен және ұлт істері бойынша Халық Комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға екінші жалпы қазақ­қырғыз съезінің (Орынбор, 1917 ж., желтоқсан) қаулысын табыс етеді. И.Сталин қаулымен танысқаннан соң, 19 наурыз күні Семейге телеграфпен хабарлап, Ә.Бөкейхан және оның орынбасары Х.Ғаббасовты телефон арқылы келіссөзге шақырды. Ертеңіне, яғни 20 наурыз күні Сталинмен телеграф арқылы келіссөзді Халел Ғаббасов жүргізді. Әңгіме Алашорда автономиясының статусы жөнінде болады. Газетте Сталиннің пікірі сөзбе­сөз аударма түрінде берілген. Біз де сол күйінде оқырман назарына ұсынамыз. «Россиядағы халықтардың құқықтары туралы, Халық Комиссарларының шығарған белгілі ережесі бұл күнге шейін ұлт мәселесі тақырыбын совет үкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші Советтер съезі осы ережені жайғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып отырған жалпы қазақ­қырғыз съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға муафиқ келеді. Бірақ жалғыз­ақ шарт қоямыз: егер біздің съездің қаулысы, өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаы. Үшінші Советтер съезі советский федерация мизамын жасап һәм бұл мизам Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда, енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни һәм бір тұрмысы, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерация алу, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ­қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінеміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен. Адрес: Мәскеу, Креміл, Халық Комиссарларының бастығы Ленинге һәм Халық Комиссары Сталинге. Ұлт жұмысын басқарушы Халық Комиссары Сталин 47 . Бұл берілген Сталин сөзіндегі ең елеулі нәрсе оның жалпы қазақ­қырғыз съезі қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның өзара үндес екендігін мойындауы еді. Міне, осы үндестік Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіріп, Сталин тек жалғыз ғана шарт қояды. Ол өз ретінде Алашорданың Кеңес үкіметін мойындайтындығын мәлімдеуі болатын. Сондай­ақ Сталин сөзінде екіұштылық та бар еді. Ол ­ Алашорда үкіметін құрған жалпы қазақ­қырғыз съезінің шешімдерінің заңды екендігін құптай отырып, сонымен бірге «автономия, федерация алу» немесе түбінде «басыбайлы бөлініп кету» секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығару үшін Қазақстандағы Кеңес өкіметін мойындап және сонымен біріге отырып жалпы­ қазақстандық съезд шақырып, ортақ тұжырымға келіп, оны орталыққа табыс ету. Бұл іс жүзінде Қазақстанда қос өкіметтің орнағанын мойындату болатын. Мұндай тактикалық қадамның негізінде қандай мақсаттың жатқанын мәселені толық түсінуге көмектесетін қосымша құжаттар табылмайынша кесіп айту қиын. Қалай болғанда да Сталин сөзінің Алашорданы қиын жағдайға қойғаны анық.

Читайте также:  НАСЫР ХОСРОУДЫҢ ПОЭЗИЯЛЫҚ МҰРАЛАРЫ

Оставить комментарий