Қалыбек батыр туралы

ХVІІІ ғасырға дейін Албанда өмірі, ерлігі кейінгі ұрпағына өнеге болған алты Халық батыры өтті. Қалыбек батыр сол алтаудың біреуі. Шамамен 1670(?)­ жылы туып, 1750 жылы өмірден өткен. Жоңғар империясы қазақ жеріне шапқыншылықты Ертіс, Алтайдан бастап, Алатауды бауырлай жүріп жорық жасағаны тарихтан белгілі. Албанның алты батырының атақ­даңқы осы Жоңғарлар шапқыншылығынан туған жерін қорғаған кезде шыққан. Негізінде бұл батырлардың қандай жерде туып, өмір есігін ашқанын дәл білдіретін дерек жоқ. Бірақ, қағазға емес, жерге жазылған тарих бар. Қазіргі Алматы қаласының желкесіндегі Медеу аңғарының күншығысында екі сай бар. Ертеде бірі «Албансай», екіншісі «Суансай» аталған. Ал Батысындағы қазіргі Қарағайлыны (кеңестік замандағы Чапаев кеңшары) «Дулат сайы» деген екен. Ендеше, Қалыбектің Алатаудың етегінде туғаны анық. Нарынқолдан бергі, қазіргі Райымбек ауданы отырған жер 1759 жылы Жоңғарларды жеңіп, Қытай мемелекетімен шекараға Сүмбедегі тарихи белгі Көктасты қойғаннан кейін әр атаға бөлгенде тиген. Сонда Шоған абыз балаларына «Шоған сай», Алжандарға Қарасаз, Сүйіндік пен Құрманға Сарыбастау, Қожбанбетке Шалкөде бұйырып, Досалы балалары Текес, Қайнарға қоныстанса, Қалыбектің үш баласы Аулай, Шөке, Тауасар Шалкөде жазығының терістігіндегі Бөдеті, Қысаң, Текес өзенінің аралығына орналасыпты. Қазір де сонда тұрады. Басқа аталар да осылай қоныстанған. Көпті көрген ел ағасы, өз заманының озық ойлы азаматы, жүз жасап 2010 жылы өмірден өткен Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаев ақсақал бірде үлкен жиында: «Өткен өмір өскен ұрпақпен өлшенеді. Біздің осы жерге бауыр басқанымызға екі жарым ғасырдан асып барады. Еңбектенгеніміз есікте отырған жоқпыз. Жер­Анаға рахмет. Сол қасиетті анамызды ренжітпелік», – деген еді. Енді ойласам, «дала акедемигі» атанған аға сөзінің мағынасы зор екен. Жер де адам секілді «қуанады» екен, «ренжиді» екен… Осы біздің атақонысымыз, Қытай қорғанынан бергі Үйсінтаудан басталатын Үйсін мемлекетінің жері болғанымен, қанша уақыт екені белгісіз, шапқыншылықпен келген Жоңғарларға да мекен болғаны рас. Жер­Анамыз сонда ренжіген шығар… Сол уақытта жер аттары да өзгерген. Айталық, Нарынқол деген сөз қалмақша «шағын сарбаздар (солдаттар) тұрған бекет» деген мағынаны берсе, Кеген дегені «діндарлар ауылы» дегенді, ал Қарақол «қалың сарбаз (солдаттар) тұратын бекет» деген түсінікті білдіреді. Бұндай қалмақша атауға ие болған жер аттары көп­ақ. Айтсақ, Павлодар облысының Баянауыл ауданында «Қалмақ қырған», Қарағанды облысында бұрынғы Егіндібұлақ Балқантауда «Едірей» деген секілді т.б. атаулар қайдан да болса кездеседі. Осы атақонысымыз, қазақтың кіндік қаны тамған қасиетті жері Жетісуды Жоңғарлардан қайырып алғанда Албан руының алты батырының қосқан үлесі зор. Атап айтсақ «Сегізсары», яғни Сүйерқұлдың балалары Қожбанбет батырды, Сүймендінің Айт атасы (Таңатар, Бидайшысы, Уанашы, Мамадайыры) Қалыбек батырды, бүкіл Бозым ұрпағы Әлмерек батырды, Қызылбөрік түгел Әжібай батырды, Қоңырбөрік Өтей батырды, Қыстық Ескене батырды ардақтап аспанға көтерді. Бұлар жайлы жазылған тарих жоқ (Ол қазақтың бар батырына ортақ жоқтық). Ұрпақтан­ұрпаққа жалғасқан зердеде сақталған аңыз бар. Оны көкірегі ояу, көзі ашық, парасаты жоғары азаматтар жоққа шығара алмайды. Әр заман өз батырын түлетеді. ХVІІІ ғасырда Райымбек батыр есімі бүкіл Албан ұрпағына ұран болды. Ұлы Райымбек рухы тұғырынан түспеді. Қазір де барша Албанның ұраны – Райымбек! Шығысындағы айдаһардай болып отырған Қытайдың біреуін ішке кіргізбей, шекарада отырған Албанның алғашқы алты батырының есімі ескіріп, уақыт ағысында кейде жан қиналғанда аты еске түсіп, рухынан демеу іздегенде санада жаңғырғаны болмаса, ұмытыла бастаған еді. Егемендігімізді алғаннан кейін елімен қайта табысты. Ел, жер аттары есімімен аталып, ескертіштер қойылды. Сол батырлар жайлы жазылған көркем туындыларды оқып, ән­ күйлерді естіп жүрсіздер… Құрметті оқырман, бұл тамыры тереңде жатқан жақсы тарих. Біз Сіздерге түсінікті болсын деген оймен батырлардың аты­жөнін сөзге тиек еттік. Қалыбек батыр сол ғасырдан­ғасырға зердеде сақталған алты батырдың бірі. Өмірге келген жері белгісіз болса да, жарық дүниеден өткен жері Райымбек ауданының Жалаулы елдімекені. Ал Қалыбектің ата қонысы Шарын өзенінің бойы Сартоғай, Қулық тауының күнгейі 1759 жылғы Жоңғарларды жеңгеннен кейінгі жер бөлісінде еншісіне тиген. Қазір Жалаулыда Қалыбек батырдың үш баласының, яғни Бағай, Нияз (Бикелді, Жиде), Бауыстың үрім­бұтағы тұрады. Қазақ қуана білген халық. Сол ғасырлар бойы армандаған Жоңғар империясын құлатқан жеңіс тойына, айналасындағы көршілеріне ат шаптырып шақырып (Біздің білетініміз Қырғыздар мен Ұйғырлар), Қалыбек батыр Жеңіс тойын осы қазіргі Жалаулыда өткізген. Бұл тойға жеңістен кейін олжасын алып еліне қайтқан қазақ батырлары түгел қатысқан. Сол кездегі жасы үлкені Шапырашты Қарасай батыр, Арғын, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Олжабай батыр (Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан мен әлемге аты да, атағы да мәлім ақын Олжас Сүлейменовтың ұлы атасы Олжабай батыр Қалмақ ханы Қатты Сыбанның (Цебан Рабтанның) қызы Лабаны алған). Ә.Марғұлан өз өмірдерегінде: «Олжакеңнің атақты балалары – Дулат, Бектен, Есенаман, Бұлан, Жалаңтөс. Бұлардың Бектеннен өзгесі қалмақ қаны Қатты Сыбанның (Цебан Рабтанның) қызынан туған. Аты Лаба. Алатауда Лаба деген тау аты бар, сонан қалған» дейді (Шығармалары, 1­том). Сол Лаба тауы Хантәңірі шыңының етегінде. Оны жергілікті ел «Лабасы» дейді. (Біздің осы дәуірдегі тарихты жазғыштар «Қазақ жерін Жоңғарлардан азат етуге Кіші жүз Жалаңтөс Баһадүр да қатысқан» деп жазып жүр. Есептеп қараса, Кіші Жүз Жалаңтөс батыр Ақсақ Темірдің заманында демек ХIV ғасырда әскер басы болған. Ал ХVIII ғасырдағы соғысқа қатысқан Жалаңтөс батыр Орта жүз Арғын Олжабай батырдың ұлы Жалаңтөс). Найман Қаракерей Қабанбай батыр, Шапырашты Қарасай батыр, Наурызбай батыр, Жалайыр Ескелді би, Балпық батыр, Айту би, Сіргелі Бердіқожа би бүкіл сарбаздарымен Қалыбек батырдың ауылында айлап жатып, жеңіс тойын атап өткен. Осы салтанатта батырлардың батыры Шапырашты Қарасай батыр (Бас олжаға төрт жүз жылқы, асыл тас, алтын, көптеген күң, құл алған). Сонда Сіргелі Бердіқожа би: «Япырай, осыншама байлық, сайгүлік батырдың маңдайына сыяр ма екен» депті. Сол Қарасай батыр Қулық тауының биік шоқысына Қалыбектің жалауын тіккен. Содан бері бұл жер Жалаулы атанады. Ал осы Жеңіс тойының өткенін дәлелдейтін, жоғарыда аты аталған батырлардан қалған тірі куәлар бар. Олардың үрім­бұтағы дәл осы күндері Айт, Бозым, Қыстықтың арасында жүр. Солардың бірі Арғын, Қанжығалы Бөгенбай батырдың бір сарбазы Бозым, Әлмерек батырдың баласы Бабаның сұлу қызына үйленіп, осы жерде қалған. Бұл күнде өсіп­өніп үлкен ауылға айналған атақты Көшкіновтар әулеті, ғасырлар бойы емін­еркін ғұмыр сүрген Найманның үрім­бұтағын Қыстық руының арасынан табасың. Солардың бірі Кіші жүз екені де, Қожа екені де белгісіз (өздері «Арғынбыз» дейді). Ол Қалыбектің Бауысының бір қызына үйленіп, Жалаулыда қалған Нүсіпбек Қожаның балалары. ХІХ ғасырдың аяғында ағасы Нүсіпбек қожаның ұрпағын іздеп келіп, өзі де Жетен батырдың қызына үйленіп, Жалаулыда қалған қазақ әдебиетінде аты мәлім, тарихи жыр дастандардың жарық көруіне заманында үлкен үлес қосқан 1928 жылы Кеңестік заман қудалағанда Жалаулыдан Қытай асып кеткен, сол жерде өмірден өткен Жүсіпбек Қожа Шайхисламұлы. Біздің бұл әңгімені қозғаудағы мақсатымыз Қалыбек батырдың ғасырлар бойы созылған Жоңғар шапқыншылығына соққы беріп, жерін азат етудегі қуанышының ақиқаттығын анықтау болатын (Бағзы біреулер осы дерекке соқыр көзбен қарап, ауыл үйдің өсек­аяңын бықсытады). Парасатты оқырман түсінді деп ойлаймыз. Демек, Қалыбек өз заманында халық қадірлеген батыр. Тарихи тұлға. *** Сондай­ақ, Қалыбек қолбасшы да, ел басшысы да болған. Бәйбішесі Қарашаш Шапырашты, Қарасай батырдың ортаншы баласы Түрікпеннің Нұрабайының қызы. Сол анамыз ақылды болған екен. Өзі үш ұл туған. Бағай, Долай, Толай. «Батырдың тұқымы көп болсын» деп төркіндеп барып, өз сіңлісі Шаханайды қосқан. Одан Нияз туады, балалары Бигелді, Жиде өмірге келгеннен кейін Нияз жиырма бес жасында өмірден өтеді. (Қандай жағдайда өмірден өткенін Нияз батырдың өз өмірдерегінен оқыңыз). Дәулетті батыр халықтың тұрмыс­тіршілігіне ерекше көңіл бөлген. Бірде бар жағдайды өз көзімен көрмек болып билерді, ақылшы ақсақалдарды ертіп елін аралайды. Кешке тарта үйіне келе жатқанда жол бойынан бір жүргінші жүдеу әйелді кездестіреді. Атының басын бұрып жөн сұрайды. Жолаушы жайын айтады. Таяу арада елдің жоқтығын білген батырдың жанындағы ел ағалары: «Бүгін біздің ауылға қон, ертең баратын жеріңе жетерсің» – деп ұсыныс айтады. Жолаушы әйел келіседі. Батырдың атқосшылары ауылға әкеліп, ортадағы оңаша тігілген батырдың он екі қанат ақбоз үйіне түсіреді (Ол кезде де халық қолбасшыларын қорғаған. Күзетшілер бір шақырым қашықтыққа үйлерін тігіп, ортадағы батырдың үйіне келгенді де, кеткенді де бақылаған). Қарашаш анамыз қонағын күтіп алып, ас­суымен сыйлап, іргелес қонақ үйіне төсек салып береді. Ұзақ күнге жол жүрген жолаушы ерте ұйықтап қалады. Батыр үйіндегі ел аралағандар көрген­білгенін ортаға салып, кімге қандай көмек керек екенін ақылдасып жай жатады. Қонақтарын шығарып Қалыбек батырдың соңында келе жатқан Қарашаш анамыз жолаушы әйел түнеген үйден бұрын­соңды көрмеген ақ сәулеге көзі түседі. Он екі қанат ақбоз үйдің айналасын бақылаған болып, «бұл не?» деп қараса, айсыз күздің қараңғы түнінде қонақ әйелдің аппақ нұрға оранып ұйықтап жатқанын анық көреді. «Бұл бір қасиетті адам болды. Ертең тағы қонақ жасайын. Тағы бір байқайын» деп шешеді. Ертеңгі ас үстінде қонағынан жай сұрап, жағдайын білген соң: «Ұзақ жолда келеді екенсің. Барар жерің де алыс секілді. Асығыс емес сияқтысың. Бірер күн тынық. Бұйырған дәм­тұзды жаның аман­сау болса татарсың», – деп ақыл­кеңес береді. Қонағы тілегін орындайтын ыңғайын білдіреді. Ол күні арнайы мал сойғызып, абысын­ажынын қосып сыйлайды. Жолаушы әйел бәйбішенің пейіліне риза көңілін білдіреді. Сырға берік ханды да, қараны да теңдей сыйлаған Қарашаш анамыз жан пендеге сездірмей, екінші түні бірнеше рет тұрып барып бақылайды. Қайдан түскен ақ сәуле екені белгісіз аппақ нұрға оранып жатқанын көреді. Әбден өзіне өзі сенген соң Қалыбекке айтпақ болып шешеді. Батыр екеуі оңаша қалғанда бәйбіше өтінішін айтады. «Сен екеумізді бүкіл халық сыйлайды. Құдайдан ұрпағыңның көп болуын тілеудей­ақ тілеп едім. Өкінішім жоқ, үш ұл берді. Жүз ұрпағың болса да дәулетің жетеді. Төрт түлік малда есеп жоқ. Ет бауырым жанымда жүрсін деп ата­ анама, алты ата Шапыраштыға қолқа салып, сіңілім Шаханайды сұрап едім, берді. Алланың жазғанынан артық болмайды екен. Ол жалғыз Ниязды сыйлап, екі немере көріп өмірден өтті. Арқарлының арғы жағынан мәңгілік орын тапты. Әлі де еңкейген кәрі емессің…» – дегенде Қалыбек кең кеудесін тіктеп: «Оу, Қарашаш, қатқан көңіл селін неге тереңнен қозғадың? Күн төбеден ауып барады емес пе?!. – деп бәйбішесіне ойлана қарады. «Жоқ, батыр, күн дәл төбеңде тұр. Көлеңкеңді әлі көрген жоқсың. Қайыс қамшыңды сілтесең, қара су қақ жарылып өткел береді. Өтінішімді орындайсың ба? Соны айт!» – деп қадала сұраған бәйбішесіне: «Қашан дүние, малды қолыңнан қағып едім. Қалағаның болсын», – деп орнынан тұра берген батырдың ақырын тізесінен басып қайта отырғызып: «Құдай қаласа, ол да орындалатын арман. Ал менің өтінішім басқа, иә, басқа. – Таңдана одырая назар аударған Қалыбекпен бетпе­бет келген Қарашаш «Сен үйленесің!» дегенде батыр тізесін басқан Қарашаштың қолын қағып жіберіп: «Мен саған тоқал ізде деген жоқпын. Егер тапсаң Тәңірдің жазғаны сол шығар. Өтінішің орындалды. Білгеніңді істей бер» деп, шалт қимылдап шалқалап ақбоз үйінен шығып кетіпті. Қарашаш анамыз Уәлият анамызды осылай Қалыбек батырға қосыпты. Ақылды анамыз алыстан шолған. Уәлиат анамыз қатар­қатар Аулай, Бауыс, Шөке, Тауасар деген төрт ұл сыйлапты. Ақылды Қарашаш анамыздың ақ тілегі орындалыпты. Ел аузындағы аңызда Уәлиат анамызды перінің қызы екен дейді. Батырмен тізе қосқанда «түнде бетімді, күндіз етімді көрмеңіз» деп тілепті. Жаугершілік заманда кімнің қай тілегі есте тұрады. Батыр таң алдында «Ел шетіне жау келді» деген суық хабар естіп, қамшысын іздеп асығыс үйге кіріп оң жақтағы шиден өрген пердені ашып жіберсе, Уәлиат анамыздың жез құманмен жуынып тұрғанын көріпті. Қайта айналып келгенде ауылдың жан пендесі көрмеген Уәлиат анамыз жоқ болып шығыпты. Екінші аңызда дүниеден өткен соң зираттағы қазылған көрге апарғанда қайда, қалай кеткені белгісіз табыт жататын бесіктегі мәйіті жоқ болып кетіпті деседі. Үшінші бір аңызда Қырғыздың Бұғы руының ұлы анасы Уәлиат екен дейді. Ал осы аңыздың бәрін шындыққа айналдыратын Қалыбек дүниеден өткен соң Уәлиат анамыз інісі Сүйіндіктің баласы Балтамен отбасын құрыпты дейді… Қазір Балтаның кіндігінен дүниеге келген Уәлиаттан тұған балалар өсіп, өнді, мәуелі бәйтерек болды. Райымбек ауданының Сарыжаз елдімекені тұсында Райымбек батырға қойған ескертіштен арғы кезеңнен өткен соң сол қаталдағы тау ішінде қай заманда ол атауға ие болғаны белгісіз «Уәлиат бұлағы» деген бұлақ бар. Егемендікті алғаннан кейінгі өтпелі аласапыранды пайдаланған Уәлиатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын пысықтар сол бұлақты жекешелендіріп алып, тәуіп болып жүр. Жақсылық жасаса да, қиянат жасаса да, бір жаратушы Аллаға аян.

Читайте также:  Бөгеуiлге орнықты кодтауды программалық жүзеге асыруда Java тiлiн қолдану

Оставить комментарий