Англияның мемлекеттік құрылымы туралы

Әрбір мемлекетте биліктің үш түрі бар: заң шығарушы өкімет, халықаралық құқық мәселесімен айналысатын атқарушы өкімет және азаматтық құқық мәселесімен айналысатын атқарушы өкімет. Бірінші өкіметке сүйеніп тақсыр немесе мекеме уақытша немесе тұрақты заңдар шығарады, әйтпесе қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізеді немесе күшін жояды. Екінші өкіметке сүйеніп ол соғыс жариялайды немесе бітім жасайды, елшілер жібереді немесе оларды қабылдайды, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, шапқыншылықтың алдын алады. Үшінші өкіметке сүйеніп, ол қылмысты жазалайды және жеке адамдардың арасындағы дауды шешеді. Соңғы өкімет қазылық өкімет деп, ал екіншісін жай ғана мемлекеттің атқарушы билігі деуге болады. Азаматтар үшін саяси бостандық дегеніміз өзінің қауіпсіз екендігіне сенімге негізделген жан тыныштығы. Мұндай бостандықта болу үшін бір азамат екінші азаматтан қорықпайтын басқару жүйесі болуы қажет. Егер заң шығарушы өкімет пен атқарушы өкімет бір адамның немесе бір мекеменің қолында шоғырланса, онда бостандық болмайды, өйткені бұл монарх немесе сенат тираниялық заң шығарып, оны тирандықпен жүзеге асырады деп қауіптенуге болады. Егер қазылық өкімет заң шығарушы өкімет пен атқарушы өкіметтен ажыратылмаса да бостандық болмайды. Егер ол заң шығарушы өкіметпен біріктірілген болса, онда азаматтардың өмірі мен бостандығы жүгенсіздік қолында болады, өйткені қазының өзі заң шығарушы болады. Егер қазылық өкімет атқарушы өкіметпен біріктірілсе, қазы қанаушы болу мүмкіндігін алады. Егер бір адамның немесе шонжарлардан, дворяндардан немесе қарапайым адамдардан құрылған мекеменің қолында сол үш өкімет: заң шығарушы өкіметі, жалпы мемлекеттік сипаттағы қаулылардың орындалуын жүзеге асыру өкіметі жөне қылмыскерлерге немесе жеке адамдардың дау­шарына үкім айту өкіметі біріктірілсе, онда бәрі құриды. Еуропалық мемлекеттердің көпшілігінде басқарудың ұстамды тұрпаты орнатылған, өйткені олардың тақсырлары алғашқы екі өкіметке не болып, үшінші өкіметті өзіне бағынышты халыққа беріп қойған.

Осынау үш өкімет сұлтан қолында біріктірілген түріктерде сұмдық деспотизм билеп­төстейді. Осынау үш өкімет біріктірілген Италия республикаларында да бостандық біздің монархиямыздағыдан аз. Сондықтан да оларда үкімет өзін сақтап қалу мақсатында түріктердегідей аяусыз шараларға мұқтаж, бұған мемлекеттік инквизиторлар және кез­келген бәлеқор өзінің айыптау арыздарын салып кетуіне арналған жәшіктер дәлел бола алады. Ойлап көріңіз, мұндай республиканың азаматы қандай жағдайда болады? Онда әрбір ведомство заңды орындаушы ретінде бүкіл билікке ие, өйткені заң шығарушы ретінде оны өзіне жасап алған. Ол ведомство міндетті заңдар пошымындағы өз ырқымен мемлекетті қирата алады; оған қоса, қазылық өкіметке не болып отырған ол, бір жолғы үкім пошымындағы өз ырқымен әрбір азаматты құртып жіберу мүмкіндігіне де ие. Өкіметтің үш көрінісі де мұнда бөлінбейтін бірлікте; онда деспот тақсырды ерекшелейтін сырттай сән­салтанат болмағанымен, оның рухы минут сайын сезіліп тұрады. Сондықтан да деспотизмге ұмтылған тақсырлар әрқашанда барлық өкіметті өз қолына жинақтаудан, ал Еуропаның көптеген корольдері өз мемлекетіндегі барлық басты мансаптарды өзі иемденуден бастаған. Әрине, италияндық республикалардың таза мұрагерлік аристократиясы азиялық деспотизмді тікелей қайталамайды. Мансап иелерінің көптігі оларда кейде мансаптың өзін жұмсартады; оларда бәрі бірдей өз ниеттерінде бірауызды бола бермейді; оларда бірін­бірі шектеп отыратын әрқилы соттар бар.

Мәселен, Венецияда Үлкен кеңес заң шығарушылық өкіметке, прагедия – атқарушы өкіметке, ал кварантия – қазылық өкіметке ие. Бірақ сорақысы ­ сол әрқилы трибуналдар бір ғана сословиенің өкілдерінен құралған, соның салдарынан шын мәнінде, олар бір билік өкілдері болып табылады. Қазылық өкіметті тұрақты жұмыс істейтін сенатқа емес, заңда көрсетілген тәсілмен жылдың белгілі бір мерзімінде сот құру үшін халықтан шақырылған адамдарға беру керек, ал олардың жұмысының ұзақтығы қажеттілік талаптарымен анықталуға тиіс. Осылайша, халық үшін соншалық қорқынышты қазылық өкімет белгілі жағдаймен де, белгілі кәсіптермен де маталмайтын болады; былайша айтқанда ол көрінбейтін және жоқ секілді болып шығады. Адамдар көз алдында үнемі қазыларды көріп отырмайды да, қазыдан емес, соттан қорқатын болады. Тіпті мынау да қажет: елеулі айып тағылған жағдайда қылмыскер заң бойынша өз қазыларын өзі таңдау немесе ең болмағанда, олардың көбісін жаратпау құқығын пайдаланатын болсын, сонда қалғандарын оның өзі таңдағандай қарауға болады. Басқа екі өкіметті мансап иелеріне не тұрақты мекемелерге тапсыруға болады, өйткені олар ешқандай жеке адамдарға қатысты емес, оның біреуі мемлекеттің жалпы ырқын білдіреді, ал екіншісі сол ырықтың атқарушы органы болып табылады.

Читайте также:  Устицалық және кутикулалық транспирация

Бірақ егер сот кұрамы өзгермеуге тиіс болса, онда олардың үкімдерінде, олар тек әрқашан заң мәтінін дәл қолдану ғана болуы үшін, өзгерместік рухы билеп­төстеуге тиіс. Егер оларда тек қазының тек жеке пікірі ғана көрінетін болса, онда адамдардың бүл қоғамда өздеріне сол қоғам қандай міндеттер жүктейтінін білмей өмір сүруіне тура келер еді. Тіпті қазылардың сотталғандармен бір қоғамдық жағдайдағы адамдар болғаны қажет, сонда сот оған өзін қыспаққа алғысы бар адамдардың қолына түскендей болып көрінбейді. Егер заң шығарушы өкімет атқарушы өкімет өзінің ақтығына кепілі жеткілікті азаматтарды абақтыға отырғызу құқығын берсе, онда бостандық жойылады, бұған адамды қылмысы үшін жауапқа тарту мақсатында дереу қамауға алу жағдайлары жатпайды. Мұндай жағдайда қамалғандар іс жүзінде бостан, өйткені олар тек заң күшіне ғана бағынады. Бірақ егер заң шығарушы өкімет мемлекетке қарсы астыртын қаскүнемдік немесе әлде бір сыртқы дұшпанмен әмпейлесу салдарынан қатерге ұшыраса, онда ол атқарушы билікке күдікті азаматтарды қысқа да шектеулі мерзімге қамауға рұқсат ете алар еді, ондай жағдайда ол адамдар бостандығын біржола сақтап қалу үшін, одан уақытша еркінен айрылар еді. Және бұл – эфорлардың тираниясы мен Венециядағы мемлекеттік инквизиторлардың дәл сондай деспоттық билігін бірден­бір парасатты алмастыру. Бостан мемлекетте бостан деп саналатын әрбір адам, өзін өзі басқаруға тиіс болатындықтан, онда заң шығарушы өкімет бүкіл халыққа тиесілі болуға тиіс.

Бірақ үлкен мемлекеттерде бүл мүмкін емес, ал шағын мемлекеттерде үлкен қолайсыздықтармен байланысты болғандықтан, халық өзінің істей алмайтынының бәрін өз өкілдері арқылы істей алатын болуы қажет. Жұрт басқа қалалардікінен гөрі өз қаласының мұқтаждарын әлдеқайда жақсы біледі; олар өзінің басқа отандастарының қабілетінен гөрі, өз көршілерінің қабілетін жақсырақ біледі. Сондықтан заң шығарушы жиналыстың мүшелерін жалпы ел халқының барлығынан сайламау керек; әрбір ірі елді мекеннің тұрғындары оған оз өкілдерін сайлауға тиіс. Сайланған өкілдердің зор артықшылығы – олар істі байыпты талқылай алады. Халық бұған мүлдем жарамайды, демократияның ең әлсіз тұсы да осы. Өздерінің сайлаушыларынан жалпы нұсқау алған өкілдердің, Германияның сеймдерінде жасалатындай, әрбір жеке мәселе бойынша олардан жеке нұсқау алып жатуының қажеті жоқ. Рас, соңғы жағдайда депутаттың сөзі ұлт үнінің шын жаңғырығы болып табылар еді; бірақ бұл шексіз сөзбұйдаға жетелер еді, әрбір депутатқа барлық басқалардан жоғары түру мүмкіндігін берер еді, және аса шұғыл жағдайларда халықтың бүкіл күші әлдебіреулердің әздектігінен сал болып қалар еді. Голландиядағыдай депутаттар белгілі сословиелердің өкілі болса, олар өздеріне өкілеттік бергендердің алдында үнемі есеп беріп отыруға тиіс деп Сидней әбден дұрыс айтады, ал олар Англиядағыдай қалалардың, елді мекендердің өкілі болса, әңгіме басқа. Өз округінде өкілдерді сайлау үшін өз дауысын беру құқығы барлық азаматтарда болуға тиіс, тек жағдайының төмендігі соншалық, оларға өзге жұрт өз ырқына өзі ие бола алмайтын бейшаралар деп қарайтындар ғана бұл санатқа кірмейді.

Ежелгі республикалардың көпшілігінің бір ірі кемшілігі болды: оларда халық атқарушы қызметке байланысты белсенді шешімдер қабылдауға хақылы болды, бірақ ол оған мүлдем қабілетті емес еді. Оның басқаруға бүкіл қатысуы өкілдер сайлаумен шектелуге тиіс. Бұл оның қолынан әбден келеді, өйткені адам қабілетінің шегін дәл аңғара білетін адамдар аз болса да, әрбір адам өзінің таңдаған адамының басқалардың көпшілігінен қаншалықты қабілетті де құлағдар екендігін пайымдауға қабілетті. Өкілдер жиналысын ол сондай­ақ ол қандай да бір белсенді шешімдер қабылдау үшін емес (мұны ол мүлтіксіз орындай да алмайды), заңдар жасау немесе өздері жасап үлгерген заңдардың қалай орындалып жатқанын бақылау үшін сайлау керек, ол, тіпті сол ғана өте жақсы орындай алатын іс осы. Кез­келген мемлекетте тумысынан байлығының немесе сый­сияпатының артықшылығымен ерекшеленетін адамдар бар; егер олар халықпен араластырылып жіберсе, егер олар басқалар сияқты бір ғана дауысқа ие болса, онда ортақ бостандық олар үшін құлдыққа айналар еді де, олар мұндай бостандықты қорғауға мүдделі болмас еді, өйткені шешімдердің басым көпшілігі соларға қарсы бағытталған болар еді. Сондықтан олардың заң шығаруға қатысу үлесі олардың мемлекеттегі басқа артықшылықтарына сәйкес болуға тиіс, ал бұған олар өз алдына ерекше жиналыс құрып, бұл орган халықтың шешімін бұза алатын болса ғана қол жетеді, сондай­ақ халықта да оның шешімін бұза алу құқығы болуға тиіс. Осылайша, заң шығарушы өкімет игі жақсылардың жиналысына да, халық өкілдерінің жиналысына да тапсырылар еді, олардың әрқайсысының бір­ бірінен бөлек кеңестері, өздерінің бөлек мүдделері мен мақсаттары болар еді.

Читайте также:  Ахмет Жұбанов - ұлттық музыка өнерінің негізін салушы

Біз сөз еткен үш өкімет ішінде қазылық өкімет белгілі бір мағынада өкімет те емес. Сонда екеуі ғана қалады; олар шектен шығып кетпес үшін реттеуші билік қажет; бұл міндетті заң шығарушы корпустың игі жақсылардан тұратын бөлігі ойдағыдай атқара алар еді. Игі жақсылардан тұратын заң шығарушы корпус мұрагерлік болуы тиіс. Ол өзінің табиғаты жағынан қазірдің өзінде солай. Мұның үстіне, бұл корпустың өзінің айрықша құқықтарын сақтап қалуға өте мүдделі болуы қажет, бұл құқықтар қарадан­қарап жеккөрінішті және бостан, мемлекетте оларға сөзсіз үнемі қатер төніп тұрады. Бірақ мұрагерлік билік халық мүддесін ұмытып, өзінің бөлек мүддесін күйттеуге тартылуы мүмкін болғандықтан, мына нәрсе қажет: оны аздыруға, мәселен салық туралы заңдар жөнінде болғанындай, маңызды себептер бар деп қауіптену туатын барлық жағдайларда, оның заң шығаруға бүкіл қатысуы қаулы алудан емес, бұзу құқығынан ғана құралғаны жөн. Қаулы алу құқығы дегенде мен өзіне бұйрық беруді немесе басқаға берілген бұйрықты түзетуді айтып отырмын. Бұзу құқығы дегенде мен басқа біреулер шығарған шешімді түкке тұрмайтын етуді айтып отырмын, Рим трибундарының билігі осындай құқыққа негізделген болатын.

Бұзу құқығы бар адамдарда мақұлдау құқығы да болғанымен, алайда бұл мақұлдау мына жағдайда өзінің бұзу құқығын пайдаланудан бас тарту жөніндегі мәлімдемеден басқа ештеңе емес және сол құқықтан туындайды. Атқарушы өкімет монархтың қолында болуға тиіс, өйткені басқарудың қашан да шұғыл қимылдауды талап ететін бұл жағы көптің емес, бірдің қолымен жақсырақ орындалады; керісінше, заң шығарушы өкіметке тәуелді нәрсенің бөрі біреуден гөрі көптің қолымен жақсырақ жасалады. Егер монарх болмаса және егер атқарушы өкімет заң шығарушы жиналысқа мүше адамдардың белгілі бір санына берілсе, онда бостандық жайына қалар еді: екі өкімет біріккен болып шығар еді, сөйтіп бір ғана адамдар кей­кейде екі өкіметті де қосарлап пайдаланар еді, тіпті үнемі пайдалана алар да еді. Егер заң шығарушы жиналыс ұзақ уақыт бойы жиналмаса да бостандық болмас еді, өйткені онда төмендегідей екі жағдайдың бірі орын алар еді: не заң шығарушылық қызмет мүлдем тоқтап, мемлекет анархия ахуалына душар болар еді, пе бұл қызметті атқарушы өкімет өз қолына алып, соның салдарынан ол абсолютті өкіметке айналар еді. Заң шығарушы жиналыстың тұрақты жиналып отыруының да ешқандай қажеттігі жоқ. Мұның өзі өкілдерге ыңғайсыз болар еді және атқарушы биліктің жұмысын тым қиындатар еді, мұндай жағдайда ол өз міндетін атқару қамын күйттеу орнына, өзінің айрықша құқықтары мен атқарушы қызметке құқығын қорғап қалуды ғана күйттер еді. Мұның үстіне, егер заң шығарушы жиналыс тұрақты жиналып отыратын болса, оның адамдар құрамындағы өзгеріс дүниеден өткен депутаттың орнын жаңасымен алмастыруға ғана саяр еді.

Читайте также:  БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ЖІКТЕЛУІ

Мұндай жағдайда, заң шығарушы жиналыс өзінің міндетіне сай болмай шығып, оған ештеңемен көмектесуге болмас еді. Заң шығарушы жиналыстың құрамын басқасымен алмастыру тұсында қолдағы заң шығарушы жиналысқа көңілі толмайтын халық өз үмітін негізді түрде оның орнына келетін жиналысқа артады, ал бұрынғы жиналыс алмастырылмайтын болса, оның азғындағаны көзге ұрып тұрған жағдайда халық оның заңдарынан ешқандай жақсылық күтпей, ашу­ызаға немесе немқұрайдылыққа бой алдырады. Заң шығарушы жиналыс өзінің қалауымен жиналуға тиіс, өйткені кез­келген саяси организм жиналған кезде ғана өзінің ырқын білдіре алады деп танылады. Егер ол ауызбірлікпен жиналмаса, онда оның қай бөлігі шын мәнінде заң шығарушы жиналыс екендігін шеше алмас едік: жиналғандары ма, әлде келмегендері ме. Егер ол өзін таратуға хақылы болса, ол ешқашан ондай қаулы қабылдамайтындай жағдай тууы мүмкін, ал мұның өзі ол атқарушы билікке қарсы әлдене қастандық ойлаған жағдайда қауіпті болар еді. Мұның үстіне, заң шығарушы жиналыстың қызметі үшін бір кез екінші бір кезге қарағанда неғұрлым қолайлы болады; сондықтан бұл жиналыстарды шақыру мен отырыстардың қаншаға созылатындығын өзіне белгілі жағдайларға қарап атқарушы өкіметтің анықтағаны қажет. Егер атқарушы өкіметте заң шығарушы өкіметтің қызметін тоқтату құқығы болмаса, заң шығарушы өкімет өзі ғана қалайтын кез­келген билікті алу мүмкіндігін пайдаланып, барлық басқа өкіметті жойып жібереді. Керісінше, заң шығарушы өкіметте атқарушы өкімет қызметін тоқтату құқығы болмауы тиіс. Өйткені өзінің табиғатында атқарушы өкімет шектеулі болғандықтан, оны қалай да бір тағы шектеудің қажеті жоқ; мұның үстіне, оның қызметінің нысанасы ­ шұғыл шешуді талап ететін мәселелер.

Рим трибундарының билігіндегі бір басты кемшілік ­ олар заң шығарушы өкіметтің ғана емес, атқарушы өкіметтің қызметін тоқтата алатын еді, ал мұның өзі зор қасіреттерге ұшырататын. Бірақ бостан мемлекеттерде заң шығарушы өкіметтің атқарушы өкіметті тоқтату құқығы жоқ болса да, ісіне онда өзі шығарған заңдардың қалай орындалып жатқанын қарау құқығы бар және қарауға тиіс; космдар мен эфорлардың өз басқаруы жөнінде есеп бермеген криттіктерде жөне Лакедемонда болған басқарудан артықшылығы да осында. Бірақ осынау тексеру қандай нәтиже берсе де, заң шығарушы жиналыста атқарушы өкімет жұмысын атқарып отырған адамға, демек, оның іс­әрекетіне қазылық ету билігіне ие болмауға тиіс. Атқарушы өкімет адамы ұлық болуға тиіс, өйткені мемлекетке ол заң шығарушы өкімет тиранияға айналып кетпес үшін қажет; атқарушы билікке айып тағылған немесе сотқа тартылған бойда, бостандық та ғайып болар еді. Мұндай жағдайда мемлекет монархия емес, бостандық «жоқ республикаға айналар еді. Бірақ атқарушы өкіметке ие болып отырған адам заңдарға адам ретінде пана болса да, министрлер ретінде оларды жек көретін кесепат болғандықтан ғана қолындағы өкіметті кесепат іске пайдаланса, онда сол кеңесшілер жауапқа тартылып, жазалана алады. Бұл тектес басқарудың Гнид басқаруынан артықшылығы да осында, Гнид басқаруы тұсында заң амимондарды, тіпті олардың басқару мерзімі аяқталған соң да сотқа тартуға рұқсат етпейтін, соның салдарынан халық өздеріне жасалған қиянатқа шағынса да, әділетке қол жеткізе алмайтын. Жалпы қазылық өкіметті заң шығарушы өкіметтің ешқандай тармағымен матастырмау керек болса да, бұл ереже сотқа тартылғандардың ерекше мүддесі болатындығына негізделген үш айрықшалыққа жол береді.

Оставить комментарий