Қарақобыз туралы

Албан, Айт, Қалыбек, Бикелді бидің үрім­бұтағы Байқаңлы бақсы, емші болған, шамамен 1770 жылдары туып, 1845 жылдары өмірден өтіпті. Мен Тоғызақұлы Байқаңлы бақсы, балгер, тәуіп, емші жайлы ел аузынан көптеген әңгіме аңыз естідім. Бұл күнде жазба тарихы өте­өте аз сақталған халықтар сол аңыздың түбі ақиқат дегенге табан тірейді. Осы құпиясы мол, сыры терең, адам бойындағы бақсылық қасиет туралы менен бұрынғылар не жазып, не айтты екен деп, мүмкіндігім жеткенше біраз еңбекке көз жүгірттім. Жазылған дүние аз емес. Қазақ әдебиетінде талай­талай көркем шығармаға тұздық болған, ертегілерде де ешкімге зияны жоқ, қайта елдің ынтымағын, бірлігін нығайтатын жақсы қасиетімен, адамдардың жандүниесіне күш­қуат беретін бақсылық, тәуіптік ем­дом жайлы айтылған әңгіме жетерлік. Соның ішінде шоқтығы биігі атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың мына бір өлеңі: Ертеде ел бар екен аты найман, Қытайға қалың найман қанат жайған. Қалың найман ішінде бағаналы, Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан. Қойлыбай жын жүгендеп, пері мінген, Астында жорғалаған шашты сайтан­ Қойлыбай қобыз алса қалбалақтап, Қоқаман жетіп келер әлдеқайдан, – деп жыр толғайды. Осы жолдарды оқығанда Қара қобызымен қалың елге ақысыз еңбек етіп, ем жасаған бабам Байқаңлы бақсы көз алдыма келеді. Ал батыстық ойшылдар, жазушылар, саяхатшылар жазған еңбекте бұл халық емшілігінің тамырының тереңде екенін түсіндіру үшін қызықты деректер мен нақтылы мәліметтер келтірген. Халық арасындағы бақсы­балгердің іс­қарекеті өзінше мол қазына екен. Ірі мемлекет көсемдері, қолбасшылары арнайы көріпкел, сәуегей, балгерлар ұстап, олармен кеңес өткізіп ұсыныстарына зор мән, мағына бергенін баяндайды. Кейін солардың болжамдарының шындыққа айналғанын мысалға келтіреді. Байқаңлы Тоғызақұлы да сондай қасиетті күштің иесі екен. Жалпы, халықтық ем­домды ешкім жоққа шығармаған. Осы құпиясы мен сыры ашылмай жұмбақ күйінде сақталған табиғат құбылысына қазақ халқы ерекше көңіл бөліп, құрмет жасайтын секілді. Бұл құпияға, яғни бақсылық, балгерлік, тәуіптік, сәуегейлікке бізден бұрынғылар қандай пікірде болған екен деп еңбектеріне көз жүгіртсем, құпия құбылыс жайлы ХVІІІ ғасырда қазақ сахарасына саяхат жасаған П.С.Паллас, П.Рычков секілді көзі ашық, көңілі ояу шет елдіктер ерекше мән беріп, көңіл бөліп, естеліктер жазып қалдырған екен. ХІХ ғасырда Бурят ғалымы Доржи Банзаров (1823­55жж.), өзіміздің жарық жұлдызымыз, ғұлама Шоқан Уәлиханов та (1835­ 65жж.) кезінде толғаныспен ой толғаған екен. Сондай­ақ, 1960 жылы Мәскеуден жарық көрген Г.Иорданның «О происхождении и деяниях гетов» деген кітабында патшалардың жанындағы кеңесшілер болжамынан көптеген мысал келтіреді. Біздің әңгімемімізге арқау болған Байқаңлы Тоғызақұлының емшілігі де ерекше. Болашаққа болжам жасаған. Елдің өркендейтінін, бірақ ақырында ағайын­туыстың ара­ қатынасының суып, алыстайтынын айтқан екен. Сондай­ақ, күндердің күнінде, жылдардың жылында елді басқарған патшаның ашкөзденіп, ақырында жерден айрылатынын, халыққа қайырымсыз болатынын болжап уайымдаған екен. Байқаңлы ХVІІІ ғасырдың аяғында ХІХ ғасырдың бел ортасында қазіргі Ұйғыр ауданы Сартоғай мемлекеттік қорығында дүниеге келіп, сол жерде өмірден өткен. Асыл сүйегі сол Қалыбек батырдың атақонысы Сартоғайдағы Шарынға қосылатын Темірлік өзенінің күнбатыс қапталындағы қорым зиратқа жерленген. Байқаңлы жайлы хатқа түсірілген мәлімет жоқ. Халық жүрегіне жазылған, ердесінде сақталған аңыз, тарих бар. Ол екі ғасыр бойы өшкен жоқ. Кешегі бір ғасырға жуық аталарымыздың атын ататпай, рухани кемтарлықта тіршілік етуге мәжбүрлеген комунистік қоғамның идеясы зерде арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ата­бабаларымыздың ерлік даңқын, болашақты болжайтын данагөйлігін санамыздан өшіруге тырысып, қолдарынан келген жауыздығын жасады. Сонда да халық Байқаңлысын ұмытқан жоқ. Өйткені Байқаңлы қара қобыздың үнімен құпиялы тылсым дерттің құлпын ашып, неше түрлі қатерлі ауру­ сырқаттың емін тауып, халқына адал қызмет жасаған. Оған Тәңірі сыйлаған Қара қобыз көмектескен. …Байқаңлы бүгін де ерте оянды. Оны алыстан, иә алыстан естілген қобыздың сарыны, мұңлы үні оятты. Өйткені оны сонау Тастықарашарында екі дүниенің арасында жатқан пенденің жанашыры іздеп келе жатқан. «Әй, бейшара­ай, қиналып жатыр екен­ау» деп ойлады. Алты қанат боз үйдің іші алакөлеңке. Таң алдындағы алакөбеңде кереге басына ілген аққу кеуде қобызына көз тастады. Ол осыдан ширек ғасыр бұрынғы, түсінде ақ сақалды қария берген қара қобыз емес, Сартоғайдан басқа қазақ жерінде өспейтін Ерен (Ясин) ағаштан өзі жасаған аққудай ақ қобыз еді. Ел ішіне «Қара қобыз»деген атағы жайылып кетті. Әлгіндегі өзін оятқан сыры құпия осы қобыздың үні. Алыстағы сырқаттың: «Дертіме шипа бола ма?» деген зарын, үмітін алып келе жатқан хабарды Байқаңлыға осы қобыз жеткізген. Табиғаттың тылсымы шығар, қара қобыздың үнін Байқаңлыдан басқа ешкім естімейді. Байқаңлы ғана естиді. Жаратушы Алласы оның тағдырын осы қасиетті қара қобызға байлаған. Содан бері жұбын жазбай келеді. Қайсы ғасырда, қандай заманда екені жайлы жазылған тарих жоқ, бір Құдай тағала ғана біледі, ата­бабасы керегесін керіп, уығын қадап, шаңырағын көтеріп, киіз үйін тіккен Сартоғайдағы Шарын өзенінің бойын (Бұл күнде Шарын шатқалы дейді) сонау да сонау дәуірден бері Албан, Айт, Қалыбек батырдың үрім­бұтағы мекендейді. Енді кезек Қалыбек батырдың жетінші буыны – Бикелді, Жиде, Бағай, Бауыс балаларының еншісіне тиіпті. Сөйтіп ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді… Қысы жылы. Төрт түлік мал күнгей беткейдің торғай отымен, бетеге, жусанымен, жыныс тоғайдың шалғын шөбімен қылшығы қисаймай қыстап шығатын жайлы мекен­жай. Биыл да көктеуге ерте көтерілді. Көктеуі Алатау мен Алтайды жалғайтын Жоңғар Алатауының дәл төбесіндегі«Бұғыкөлдің» етегі. Елдің айтуында Бұғыкөлге күзде маралдар күйлеп, бұғылар үйірге түскенде табиғат сыйлаған тәтті сәттен құмарын қандыру үшін жылына бір­ақ рет жиналады. Халық сондықтан да «Бұғыкөл» десе керек. Ұлы таудың тізбегі күнбатысындағы кең қолтық Қарадаланы қаусыра құшақтап, «Тұйық сайға» тіреледі. «Тұйық» десе – тұйық шатқал. «Тұйықсай» Қоңырбөрік руының Тама атасының еншісіне тиген… Оу бір заманда Албандар осы таудан темір, кен қазып, оны қорытып тіршілігіне пайдаланыпты (Кеңес заманында кенішін қазып, машинамен Текеліге тасып өңдеді). Сол темірін қазып, өндірген Тұйық сайдан аққан жолбарыстың жалындай бұйралана жөңкіген асау өзенді «Темірлік» дейді. Осындай қазыналы тау құшағындағы тынысты, ырысты топырағынан май тамған Қарадаланың рахатын негізінде Албанның Айт, Қоңырбөрік, Қожбанбет, Жарты рулары көргелі де ықылым заман… Кейін ХІХ ғасырдың 1861 жылғы Құлжадағы Ұйғыр­Дүнген көтерілісінен кейін Қытай мемлекетінен қысым көрген ұйғырдың – 2000, дүнгеннің 900 отбасы «Қазақтар өз еркімен қосылды» деген желеумен иелік еткен Орыс императорынан баспана сұрап несиеге жер алып, осы Қарадалаға қоныстанған (мемлекеттік мұрағатта бар). Содан бері қазақ, ұйғыр, дүнгеннің төскейде малы араласып, төсекте басы қосылып келеді. Албандар іргесіндегі Қытай мемлекетімен Алатау тізбегінің Қорғас, Қалжат қақпасы арқылы шектесіп, қазір де қатынас жасайды. Бұл күнде Қорғас, Қалжат кедендік бекеті орнады. Қарадаланың шұрайлы пұшпағы «Бұғыкөлдің» етегі бұл уақытта, яғни көктемде керемет құлпырады. Қызғалдағы мен сарғалдағы жайнаған Қарадаланың жусаны бұрқырап, қырат­ қырқа, бел­белесте жайылған төрт түлік малдың қозы­лағы қоңыраулата маңырап, құлын­ тайы күмбір­күмбір кісінеп, боз жусанға тойған бұзау мен боталардың ойнақтағанын көргендердің киелі де, иелі де жер екен дейтіні анық. Байқаңлы бозбала шағында көктемде қырға шығуға құмар еді. Болашақта жүйрік болады деп үміт күткен сұлу сүйріктей құла құнанмен бас жылқышы Бектемістің жанына келіп боз жусанға шалқалай жатып әңгіме тыңдайтын. Сол шақта ой теңізінде малтып, талай жерді шарлайтын. Солай да солай қиял қызығына балқып бірде маужырап көзі ілініп кетіп, түс көргені әлі есінде. Қас қаққандай сәтте көрген сол түс бүкіл болмысын өзгертті. Түсінде шудасы желпілдеген боз бураға мінген ұзын бойлы, ақ сақалды ашаң қараторы өңді қария кездескен. Әуелде ақсақалдардың айтқанынан естіген Ұлы атам Нияз екен деп қалған. Нияз батыр ат жалын тартып мінген сәттен бастап Қытайдың Хансулықтарымен талай шайқасқан. (Хансу деген сөз қытайдың байырғы тілінде «бойдақтар» деген мағананы білдіреді. ХХ ғасырдағы Кеңес үкіметінің «тың игерушілер» дегені секілді). Қытай мемлекеті Іле дариясының бас жағын, Үйсінтаудың етегін Үйсін­Қаңлылардан жаулап алғанда императоры: «Іле дариясының жағалауын игерген бойдақ жігіттерді таңдаған қызына қосып, күніне бір ділда (июань) төлеймін» деп жар салыпты. Қаптаған қалың қара қытайдың бойдақтары бүгінгіден де көп болу керек, жан­тәнімен қолдапты. Содан сол бойдақтар Іле дариясына қоныстаныпты. Бұл күнде оларды «хансу», яғни «бойдақтар» деп ешкім айтпайды. Қытайлар дейді). Байқаңлының тұқым­тұғианы (бойдақтармен) хансулармен бірде амал­айла жасап достасып, бірде саясатпен құдандалы болып, орайы келгенде бірін бірі барымталап, ХХІ ғасырға дейін жауласып өткен екен. Сол соғыстың бірінде Ұлы атасы Нияз үлкен ұлы Бикелдінің бір жасында, Жиденің үш жасында шейіт болыпты. Түсіндегі боз бураға мінген, ақ сақалды адуанды карияны өзіне аңыз болып жеткен сол Нияз екен деп қуанған. «Сен менің шөберемсің» деп айтар деп күткен. Олай болмады. Жақындап келгенде танымады. Тіксіне қарап: –Ей, сен кімнің баласысың? – деді Байқаңлы. «Бір жасында сенің өң­түсіңді танымай қалған Бикелдіңнің жетінші ұрпағымын» дегісі­ақ келді, бірақ даусы булығып шықпады. Қария уәжін тоспады: –Мен алыстан келемін, біз біргеміз. Елді, жерді ұмытпаймыз. Ұлы нағашы бабаң саған мына қобызды мұраға беріп жіберді, – деп мойнындағы қара қобызды ұсынып тұрып: – Кірлетпе, таза ұста. Дертке дауа, көңіліңе сәулесін түсіреді. Кел, мә, ал! Сенімді ұрпағыңа аманатта! – деп қолына ұстатқан сәтте ақ бураға мінген ақ сақалды қария ізім­қайым жоқ болды. Байқаңлы айғайлап жанталаса бұлқына ұмтылғанда жанындағы Бектеміс құшақтап ұстап үлгерген. Егер тұрып кеткенде не боларын кім білсін… Ұлы нағашысы Шапырашты Нұрабайды біреу әділ би болған дейді, ал енді бірі Жетісудағы Үйсін тайпасының ең соңғы ханы дейді, қалай болғанда да қасиетті адам екені рас сол Нұрабайдың қызы, ұлы әжесі Шанханайдың зираты Талдықорғандағы Кербұлақтың маңында екенін білетін. Ол жердің бұл күнде «Шанханайдың ауылы» атанатынын да елден естіген. Булығып бұлқынған Байқаңлы әлі де өңім екен деді ме: –Ұлы нағашым жіберген қобызымды бер! Қобызымды бер! – деп Бектемістің жағасына жармасып жатып әрең тынышталған. Қара терге малшынған Байқаңлы көзін ашып, өзін құшақтап отырған бас жылқышыға қарағанда ғана түсі екенін сезген. Нақ өңіндегідей түс болады деп ойлап па, жо­жоқ, ойламайтын. Бұндай әңгіме жата ма, жатпайды. Елге тез тарады. Әртүрлі мазмұн, мағынада тарады. Біреулер: «Байқаңлыны пері қағыпты. Барлық көрген, білгенін әжуа, мазақ ететін өткір тілді, алғыр ойлы, тапқыр, тақуа Байқаңлы емес, сүлейсоқ. Түсінде көрген қара қобызды іздеп, ешкіммен сөйлеспей дала кезіп кетіпті. Бикелдіге тартқан қара қылды қақ жаратын әділетті би болар еді, амал не? Алланың жазуы солай болған шығар» – десе, екінші біреулер: «Ой, оны жын соғыпты. Көктемде жын­сайтандар сырнайлатып­кернейлетіп дала кезіп жүреді ғой, соған кез болған, оңала қоймас. Енді ақын, әнші, сері болмайды. Шалық болып қаңғырып кетеді. Көп білгеннің арты жын болады деген осы», – деп желдетті. Бұларды түсінгендер күйінгендіктен айтты. Жақсы азамат бола ма деп үміт күткен бозбаланың айдалада айғайлап жылап оянуы жандарын жабырқатқандықтан айтты. Ал шындығында ол есінен ауысып, бәлдір­батпақ бәтуа айтып сандырақтаған жоқ. Далақтап ел де кезген жоқ. Бірақ, иә, бірақ бозбалалық әзіл, қалжың, ойын­сауық күлкімен тез қоштасты. Рас, Байқаңлы ойын, той­думанда от боп шалқитын. Елдің көркі еді. Сартоғайдан басқа жерде жоқ Ерен (Ясин) ағаштан өзі шапқан ақ домбыраны шертіп­шертіп жіберіп, әдемі қоңыр даусымен ән салатын. Енді оңаша отырып тиекті түзеп, қос ішектің астыңғы саласын сәл босатып, өзінен басқаға жұмбақ әуез шертетінді шығарды. Арық, қаршығадай қараторы Байқаңлы айналасындағы адамдарға бұрынғыдай еркелемейді, ойлы, саналы үлкен қара көздері мұңға толып, өткір жанарымен бәрінің­бәрінің жандүниесін шолып шығатын болды. Шарын өзенінің бойындағы жеті жүз жыл жасаған киелі Ерен ағаштың дүниежүзінде екі­ақ жерде – Шарын шатқалында және Америкада өсетінін Сіз жаңа білдіңіз. Байқаңлы оның қасиетін осыдан үш ғасыр бұрын біліп, соны емге пайдаланыпты. Ол сол Ереннен өзі түсінде көрген нағашы атасы сыйлаған қасиетті қара қобызды қолымен жасады. Ол заманның мұң­зарын немесе қуаныш­шаттығы мен тарихын шерткен, сөйтіп ғасырдан ғасырға мәңгі жас күйінде көшіп халықтың қазынасына айналған Қорқыт бабасындай күй шығарып, жолын қумады. Оның қара қобызы адам жанының шипагері болды. Қобыздың ғажайып үні алдында отырған жарық дүниені аурусыз, сырқатсыз көріп, жан азабын тартпай ғұмыр сүруге ынтызар адамның жүрек тамырының соғысымен үндестік тауып, сырқаттың алпыс екі тамырының шипасын Байқаңлыға қара қобыз баяндайтын. Бірақ, иә, бірақ ол емшімін деп ешқашанда ойламайтын. Бірде есік пен төрдей, құйрық­жалы төгілген қара қасқа аттың еріне алып денелі, бұлқынғанда бұлшық еті бұлт­бұлт ойнап, ақырғанда екі көзі шарасынан шыға алақ­жұлақ етіп алпарысқан жас жігітті қыл арқанмен таңып, бірі жетелеп, екіншісі терін сүртіп жанталаса қозғалған үркердей топ Үйсінбай бидің жайлауда отырған ауылының шетіне күн көкжиекке тірелгенде ілінді. Бұрын­соңды бұндайды көрмеген ел дүрлігіп жапырлай: –Қарақтарым­ай, сендер кімсіңдер? Бұл не жүріс? Жау тигеннен аман ба? – деп жөн сұрады. Олар: –Қазақпыз, Үйсін әулетінің жиеніміз, Алтайдың арғы қапталындағы қалың Қызай руынанбыз. Байқаңлы емшіні іздеп келеміз, – деді. –Неге? Жөнін айт! –Несін айтайық, ағайындар, елімідің сыйлы ақсақалының жалғыз баласы осындай қалге түскелі жарты ай болды. Әкесі түс көріпті. Түсінде Байқаңлы емші ғана емдейді деп аян беріпті. Сол Байқаңлыны іздеп келеміз. –Ол адам емдемейді. –Құдай тілеуіңді берсін, Байқаңлының үйі қайда? –Анау төрдегі боз үй. Осылай абың­күбің жөн сұрап жеткен топты үйден шыққан қара қобыздың зарылдаған үні қарсы алыпты. Қобыз әуезін естіген сәтте буырқана алпарысып, астындағы тұлпардай атын теңселткен жігіттің буын­буыны босап, сұлық түсіп жалпақ ердің қасына кеудесін тіреп қара қасқа аттың жалын құшақтай жата кетіпті. «Жынданып кетті» деп шошынған достары апыл­ ғұпыл ерге шандыған қыл арқанды шешіп, сұлық жатқан жігітті таңдана аттан түсіріпті. Нар тұлғалы жігіттер ауруды көтеріп үйге кіргенде Байқаңлы қара қобыздың үнін дірілдетіп тас мүсіндей қатып оң жақтағы орнында отыр еді. «Төрге жайған көрпеге жатқызыңдар» деген талабын Байқаңлы ишаратпен білдіріп, аналарға үйден шығуды бұйырады. Боз үйге іңір қараңғылығы толғанда қара қобыздың үні өшіпті. Байқаңлы сыртқа шығып жұлдызға жаңа толған көгілдір аспанға қарап сәл аялдап, қырға беттей бере қалт бөгеліп, қайта оралды. Сонан соң күтпеген қонақтарына сойылған қойдың құйрығын алдырып, жігіттің бүкіл денесіне ысқылап отырып жақтырып, жылылап жауып жатқызуды талап етіпті. Үш күннен кейін сырқат орнынан тұрды. Баласының жазылғанын естіген Алтайдың арғы жағындағы он екі мың жылқы біткен Қызай руының парасатты байы екі тайтұяқ алтын құйма бастатқан сый­сияпат жіберіпті. Байқаңлы рахметін айтып, бар сый­сияпатты қайырып, тек жазылған батыр жігіт ұсынған Қара қасқа атты Үйсінбай биге мінгізіпті… Бізге осылай аңыз болып жеткен Байқаңлы өлер­өлгенше халқына жасаған қызметі үшін ақы алмай, адал болып өтіпті.

Читайте также:  Алаш азаматтарының ақталуы

Оставить комментарий