АРАБ ЕТІСТІК КАТЕГОРИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ АТАУЛАРДЫҢ ҚАЗАҚШАЛАНУЫ

Қазіргі таңда қазақ халқының араб тіліне қызығушылығының нәтижесінде араб тілін оқыту жүйесі біршама жолға қойылды. Алайда араб тілін меңгеруге негізделген оқу үдерісінде араб грамматикасына қатысты терминдердің атауларын қазақша қалыптастыру қажеттілігі туды. Араб тіліне арналған қазақ тіліндегі алғашқы оқу құралдары негізінен орыс оқулықтарындағы грамматикалық терминдерді қазақшалап ұсынды. Бұл тұрғыда араб тілін оқушы қосымша орыс грамматикасының терминдерін меңгеруге мәжбүр-тін. Қазақ арабтанушыларының қатары көбейіп, оқулықтар жазылып, тарала түсуі ендігі грамматикалық терминдердің атауларын бір жүйеге келтіру талабын алға қойып отыр. Жалпы термин дегеніміз, ғылым, техника, өнер саласындағы белгілі бір ұғымды нақты белгілейтін сөз не сөз тіркесі болып табылады. Терминді аударуда оның негізгі белгілері қатаң сақталуы тиіс: нақтылық, сәйкестік, бір мағыналылық. Сонымен қатар термин баламасының қысқалылығы оның ықшамдылығын белгілейді. Терминге балама табуда оның әуезді, яғни естілуі құлаққа жағымды, бөтен, ұнамсыз ассоциация тудыратындай болмауы қажет. Араб тілі грамматикасының терминдерін қазақшалауда мына мәселелерді ескеру қажет: араб тіліндегі грамматикалық терминдерді қазақ тілінде қолдану аясының сәйкестігі, өзге тілдердегі терминдердің қазақ тіліндегі аудармасын білу, оқулық не оқу құралдарының авторлары не құрастырушылары қолданған терминдерді зерделеу. Осы мәселелерді ескере отырып, терминдерді аударудың мына түрлерін қолдану жөн: 1. Қазақ және араб категория атауларының толықтай сәйкес келетіндерін сол қалпында қалдыру. Мысалы зат есім, сын есім, жалғау, септік, етістік т.б. 2. Терминдердің мағынасына сай аудармасын беру, мысалы бос етістік, қосарланған етістік т.б. 3. Араб тіліндегі үлгісін сол күйінде қалдыру. Мысалы, масдар, нақыс етістік, хамзалы етістік т.б. Алайда араб тілі мен қазақ тілі жүйесінің өзгешелігі кейбір терминдердің баламасын беруде қиындықтар туғызатыны сөзсіз. Осы мәселені қарастыруда араб тілінің етістік категориясына қатысты терминдерді нақтылай қарастырайық. Араб етістігі «баптар» деген категорияға ие: «Араб тілінде баптар дегеніміз етістіктің алғашқы мағынасының өнімділігі мен бағыттылығы жағынан өзгергенін көрсететін ерекше құбылыстары» /1, 14/. Б.Тасымов бұл құбылыстардың атауына «бап» деген термин қолданады. Жалпы білім беретін мектепке арналған араб оқулықтарында баптар «туынды етістік» деп аталған. Алайда «туынды етістік» қазақ тілінің грамматикасында басқа грамматикалық құбылысқа мегзейді. Сондықтан оқушылар үшін шатасулар болатыны сөзсіз. Б.Жұбатованың «Араб тілінің теориялық курсы» деген еңбегінде бұл категория «етістіктің туынды тұлғалары» деп аталған: «Етістіктің негізгі тұлғасына суффикстер, префикстер жалғау арқылы, түбір әріптердің қосарлдануы арқылы, түбірге созылыңқы дауыстыларды енгізу арқылы — осындай түрлі жолдармен етістіктің туынды тұлғалары жасалады» /2, 69/. Атау анықтамаға сай. Алайда «етістіктің туынды тұлғалары» деген атау тым күрделі. Сондықтан да Тасымовтың қолданысындағы «бап» термині әрі сіңісті, әрі араб грамматикасына тиесілі екені көрініп тұрады. Араб тілі грамматикасында етістік қазақ тіліндегідей қимыл-әрекет, жай- күйді білдіретін сөз табы. Араб етістігі негізінен үш дауыссыздан тұрады. Етістік құрамындағы үш дауыссыздың сипатына қарай араб грамматикасында етістік صحیح فعل» фиъл сахих» — дұрыс етістік және معتل فعل» фиъл муъталл» — бұрыс (сөзбе-сөз: әлсіз) етістік деп екіге бөлінеді. Грамматикаға қатысты «сахих» сөзі «дұрыс, толық» мағыналарын береді. Яғни бұл етістіктер жіктелгенде, түбір әріптері сақталып, өзгерістерге түспейді. Ал «фиъл муъталл» деп түбіріндегі бір не екі әріптері әлсіз «уау», «йа» әріптерінен құралған етістіктерді атаймыз. Бұл әріптердің әлсіздігі не тиянақсыздығы олардың морфологиялық қатынасқа түскенде, түсіп қалып не созылыңқы «а» дыбысына айналып кетуімен белгіленеді. Араб грамматистері дұрыс етістіктің өзін үшке бөледі: سالم فعل «фиъл салим» (дұрыс етістік), مهموز فعل «фиъл маһмуз» (хамзалы етістік), فعل مضاعف» фиъл мудаъъаф» (қосарланған етістік). «Фиъл салим» тіркесі «дұрыс етістік» деген мағына береді. Алайда бір атауды екі рет қолдануға болмайтынын ескерсек, бұл терминге басқа балама қолдану қажеттігі туады. «Араб тілі» оқулығының авторы Б. Тасымов «фиъл сахих», «фиъл муъталл» деген бөліністі аттап өтіп, бірден سالم فعل «фиъл салим» — толымды етістік және فعل سالم غیر» фиъл ғайри салим» — толымсыз етістік деп бөлген. Толымсыз етістікті құрылысы жағынан үш топқа бөледі: қосарланған, хамзалы және тиянақсыз етістік /1, 96-97/. Бұл бөлініс Шагаль В.Э., Мерекин М.Н., Забиров Ф.С. авторларының оқулығындағы сыныптауға келеді /3, 155/. Қарап отырсақ, Тасымов та, Шагаль бастаған «Араб тілі» оқулығының авторлары да араб грамматикасындағы алғашқы топтауды аттап өткен. Бұл аттаудың себептері мынада: араб грамматикасындағы хамзалы етістік деп құрамында хамза дыбысы — [ ء [ бар етістіктердің атауы болып табылады. «Хамза» дыбысы тиянақты болғанымен, оның әріптік көрінісі жазуда үш түрлі болып келеді. Мысалы: أصل , بئر , مسؤول , جاء , تساءل , شيء , إجلس , آكل Сондықтан араб тілін шет тілі ретінде меңгерушілер «хамза» дыбысы бар етістіктерді дұрыс емес етістік қатарында көреді. Осыдан оны толымды етістік деп атау оқушыны қателестірер деген тұжырым басшылыққа алынған сияқты. Қосарланған етістік деп, түбіріндегі соңғы екі әріптің бірдей болған етістікті атаймыз. Араб тілінің ерекшелігіне қарай бірдей әріптер бірігіп, арасындағы харакат түсіп қалады. Осы бірігудің нәтижесінде етістіктің жіктелуі дұрыс етістіктен Әріптердің مدد — مّد .өзгешеленеді барлығы орнында болғанына қарамастан, осындай өзгешелігіне сәйкес Тасымов және орыс арабистері бұл етістікті толымсыз етістіктер қатарына жатқызған. Хамзалы және қосарланған етістіктердің атаулары қазақ тілінде тура аударылған. Және де бұл термин аудармалары терминге қатысты барлық талаптарға сай деп тұжырымдай аламыз. Б.Тасымовтың оқулығында тиянақсыз етістіктерге толымдыға ұқсас, бос және нақыс етістіктер жатқызылған. Толымдыға ұқсас етістіктер Шагаль оқулықтарында «подобноправильные глаголы» деп аталған. П.В.Чернов, Н.В. Юшманов бұл терминді «глаголы подобые правильным» деп аударған /4, 67/. Ал Б.М. Гранде бұл етістік туралы мынадай түсінік береді: «Термином «подобный» или «уподобленный» арабских грамматистов или «подобные правильным», «подобноправильные», принятым в наших грамматиках, называют глаголы с первым слабым коренным. Наиболее удачный термин «уподобленный»» /5, 215/. Бұл араб тіліндегі مثال فعل» фиъл мисал» терминінің тура аудармасы. Қазақ оқулықтарында бұл етістіктер «дұрыс етістікке ұқсас етістіктер» деп те аталады. Мағынасы тура келіп тұрғанымен, атаудың шұбалаңқылығы байқалады. Егер де қысқартып «ұқсас етістіктер» деп атасақ, «неге ұқсас?» деген сұрақ бірден қойылатыны сөзсіз. Біздің ойымызша, бұл етістіктерді «мисал етістіктер» деп атаған жөн сияқты. Араб етістік түрлеріне қатысты басқа атаулар ( бос, нақыс етістіктер) еш дау туғызбас. Араб тіліндегі етістік түрлері атауларының сәйкестігін не сәйкессіздігін тану үшін мына кестеге назар аударайық: Кестеден көріп отырғанымыздай, терминдерді белгілеуде қайталаулар бар. Бұл мәселені шешуде орыс арабистері етістікті екі топқа дұрыс және бұрыс деп араб грамматистерінің сыныптауын қысқартқан. Ал қазақ арабистері сыныптауда әлі бір шешімге келмегендіктен, «дұрыс етістіктерді» белгілеуде «дұрыс», «толымды», «тиянақты» терминдерін қолдану үстінде. Қазақ оқулықтарының аздығына байланысты бұл терминдер тек ұсыныс ретінде беріліп жатқандай. Осы терминлдерді нақтылау кезегі келгендей.

Читайте также:  Антропологияның пәндік саласы

Оставить комментарий