АРАБ ТІЛ БІЛІМІ ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ АРАБИСТИКАДАҒЫ САЛҒАСТЫРМАЛЫ ТИПОЛОГИЯНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ АСПЕКТІЛЕРІ

Арабтар — дүние жүзі ғылымы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан халықтардың бірі. Олар тіл ғылымының дамуында да елеулі рөл атқарды. Араб тіл білімінің дәстүрі — УІІ-ХІУ ғғ. Араб халифаты мәдени аймағында туып қолданылған тілді зерттеу дәстүрі. Араб халифатындағы тіл білімінің пайда болуы, қалыптасуы және дамуы 632 жылы әскери- діни сипаттағы Халифат мемлекетінің құрылуынан басталады. Араб тіл білімі дәстүрінің негізі тек араб тілінде жазылып, классикалық араб тіліне арналған ғылыми трактаттарда салынған. Бұл — бүкіл Аравия жарты аралындағы тайпалар үшін ортақ тілдің (койне) қажеттегі күшейген, Құран тілін оқыту, оның тазалығын сақтауға ерекше көңіл бөлінген кез еді. Зерттеушілердің пікірі бойынша, араб лингвистикасының пайда болуы мен дамуының екі практикалық негізі бар: 1) Құранның халыққа түсініксіз болып бара жатқан тілін және араб тілінің диалекті- лерінің арасындағы айырмашылықты жақындату, 2) Басып алған елдерге мұсылман дінін енгізіп, араб тілін сол елдердің ресми және ғылыми тілі ету /1, 30/. Арабтарда тіл туралы ғылымдардың дамуына шынында да себеп болған нәрсе ертедегі Индиядағы сияқты, діни тіл мен ауызекі сөйлеу тілінің айтарлықтай алшақтай бастауынан болу керек. Бұған қоса, мұсылман дінінің әсері ерекше болды. Арабтар көрші елдерді өздеріне қаратып, ислам дінін күшпен таратып отырды. Ал ислам дінінің құралы — Құран. Оны басқа ел адамдарына үйретіп, оқыту үшін де тіл ғылымын дамыту керек болды. Мұның үстіне араб тілінде диалектілер көп еді. Әдеби тіл мен ауызекі сөйлеу тілінің арасындағы алшақтықтың негізгі тарихи себептерін талдай келе мынаны есте ұстаған жөн: жазба тілдің нормалары жасалған дәуірде-ақ ауызекі тіл жазба тілге негіз болған исламға дейінгі поэзия тілі мен Құран тілінен айырмашылығы болатын. Одан басқа жазба тіл ауызекі тіл сияқты тез дамыған жоқ. Араб диалек- тілерінің дамуы тоқтамады, ал арабтың жазба тілі арасындағы алшақтық ұлғая түсті. Ақырында жазба тіл мен ауызекі тілдің айырмашылықтарын одан әрі тереңдете түсуге себеп болған нәрсе — араб елдері жаулап алған елдер тілдерінің ықпалы. Жаңадан бағындырылған елдер-дің тілдері әртүрлі болатын. Бұл тілдер бірінші кезекте диалектілердің граммати- калық жүйесінде айтарлықтай із қалды- рып, әр елдің ішінде территориялық диалектілердің одан әрі ерекшеленуіне әкеліп соқтырды /3, 24/. Сондықтан классикалық араб тілін диалектілерден де, басып алынған басқа елдер тілдерінен де қорғау, оны таза сақтау қажет болды. Бұл жағдайлар араб филологиясының дамуына әсерін тигізді. Арабтар гректер мен үнділіктердің грамматикалық жүйеле- рін де пайдаланды. Сонымен бірге араб тілі туралы ғылымды жасауға арабтардың тек өздері ғана емес, оларға бағынышты басқа да халықтардың өкілдері қатысты. Әсіресе, араб халифатына кірген парсылар, гректер, сириялықтар, еврейлер, коптылар, берберлер, түркі т.б. халықтар араб тіл туралы ғылымды дамытуға ат салысты /4, 10/. Араб тілінің теориялық дәстүрі Басра, Куфа, Бағдат, Андалус, Египет-Сирия филологиялық мектептерінде жасалған. Арабтардың тіл туралы алғашқы еңбектері Евфрат пен Тигр бойындағы Басра және Куфа қалаларында шықты. Бұл екі қалада грамматикалық екі мектеп – екі бағыт пайда болды. Олар өзара бір-бірімен түрлі мәселелер жөнінде айтысқа түсіп, пікір алысып отырды. Кейіннен грамматикалық ғылым орталығы Араб Халифатының сол кездегі астанасы Бағдатқа көшті. Араб тілінің алғашқы грамматикасын құрастырушы, араб лингвистикасының негізін салушы УІІ-ғасырда басралық Әбул-Асуада-ад-Дуали. Әбу ад-Дуалиді грамматика мәселелерімен айналысуға мәжбүр еткен, біріншіден, араб тілінің ережелерімен таныс емес адамдардың әдеби тіл нормаларын бұза бастауы, екіншіден, әсіресе, Құранды дұрыс оқымаудан «қасиетті жазудың» мазмұны бұрмаланатын немесе түсіндірілмейтін болды. Ол араб тілінің грамматикасын: сөздерді есім, етістік және жалғаулықтар деген сөз таптарына бөледі, орфография- ның кейбір мәселелері және флексия мәселері деген бөлімдерге бөліп қарастырды /1, 31/. Ол араб жазуына дауысты дыбыстарды белгілейтін графика- лық таңбалар енгізді. Осы кезде араб графикасындағы ұқсас таңбаларды айыру үшін диакритикалық қосымша таңбалар жасалған. Өкінішке орай, Әбу ад-Дуалидің еңбектері Х ғасырдың ортасында жоғалып кеткен. Араб тілі филологиясын тыңғылықты зерттеу сегізінші ғасырдың бірінші жартысынан, Басраның филологиялық мектебінен басталады. Оның негізін қалаушы Абу-Амр Иса Ибн Умар ас- Сакафи. Ол араб тілінің алғашқы толық грамматикасының авторы Сибавейхидің ұстазы. Басраның грамматикалық мектебінің өкілдері өз еңбектерінде араб тілінің негізгі грамматикалық жүйесін түсіндіруге алғаш рет талпыныс жасаған. Араб халифатындағы тілтану ілімі дами келе, УІІІ ғасырдың 2-жартысында филология ғылымының дербес саласы ретінде араб тілінің теориясы қалыптасты. Осы кезде басралық грамматист Сибавейхи (өз ұлты парсы) классикалық араб тілінің бізге жеткен бірінші грамматикасын, «әл-китаб» трактатын жасаған. Ғалым бұл кітапта араб тілін бірнеше тарауға бөліп, қарастырған: фонетика (әл-асуат әл-люғауийя), морфо- логия (ас-сарф), синтаксис (ан-наху), Құранды оқу (әл-қираат әл-қуранийя) және поэтика (ад-дарура аш-шарийя). Орта ғасырдың үлкен ғұламаларының бірі Сибавейхи бізге мәлім «әл-Китаб» (кітап) атты еңбегінде Басралықтардың грамматикалық зерттеулерін қорытынды- лай келе, сөз табының бірнеше белгілерін көрсеткен. «әл-Китаб» араб тілінің грамматикасының зерттелуінің негізі болды десек қателеспейміз. Сибавейхи жасаған араб тілінің классикалық (дәстүрлі) жүйесі: ан-нахв (учение о восхождении), ас-сарф (учение об изменении) және ат-таджвид (учение о происхождении частиц). «әл-Китаб» сөз таптарына анықтама беруден басталады: اسم — есім сөз, فعل — етістік, فعل — көмекші сөз. Сибавейхи синтаксис пен морфологияны зерттеумен айналысқан және оларды бір- бірінен ажырата білген. Ол флекция теориясын морфологиялық форма және сөз мағынасымен байланыстыра қарастырған. Оның еңбегі өзінен кейінгі арабтың лингвистикалық ғылымына үлкен әсерін тигізді. Сибавейхидің еңбегі араб әдеби тілінің құрылымын алғаш зерттеген іргелі зерттеу болып табылады. Куфалық мектептің негізін қалаушы Абу Джафар Мухаммад ар-Руаси -араб тілінің алғашқы синтаксисі жазылған «әл- Файл» атты кітаптың авторы. Тілге сипаттама беру және талдау принципі жағынан басралықтар мен куфалықтар арасында айтарлықтай алшақ- тық жоқ. Сипаттаманың негізі ретінде екі мектеп те жоғарыда көрсеткен ан-нахф, ас-сарф, ат-таджвид ұғымдарын алған. Айырмашылық — ережелердің берілу тәсілінде ғана басралықтар үшін грамматиканың ең негізгі бірлігі — сөз, ал куфалықтар үшін — предикативті сөз тіркесі. Х- ғасырдың аяғында грамматиктерді Басралықтар мен Куфалықтар деп бөлу біршама тоқтала бастайды. Екі мектептің үлкен еңбектерін біріктіре бастаған жаңа ағым пайда болады. Грамматиканы оқудың, талдаудың ендігі орталығы Бағдат қаласына көшеді. Бұл мектептің көрнекті өкілі, түркі халықтарынан шыққан ғұламалардың бірі, Орта Азия халықта- рының мақтанышы — Замахшари. Ол араб филологиясы саласындағы ұлы ғалым. Бұл кісі ортағасырлық араб тілді мәдениет тарихында ең таңдаулы орын алады. Замахшари араб грамматикасы және лексикографиясы, стилистика, риторика, поэзия, экзегетика жөнінен тамаша еңбектер жазды. Мұсылман әлемінде оның беделінің жоғары болғаны соншалық, оның талантын идея жағынан қарсылас- тары да мойындаған, сол себепті оны «араб және араб еместердің ұстазы», «Хорезмнің мақтанышы» деп атаған /2, 31/. Замахшаридың «әл-Муфассал» атты трактаты мәтінді ғылыми зерттеудің ең алғашқы үлгісі. Аз-Замахшари сөздерді классификациялағанда алдымен морфоло- гиялық принципке сүйенді. Ол үш бөлімнен тұратын сипаттама кестесін ұсынады: есімдер туралы ілім, етістік туралы ілім, көмекші сөздер туралы ілім. Еңбекте сөздерді қолдану теориясымен қоса, сөзжасам принциптерін де көрсеткен. Бұлардан басқа да арабтың көптеген грамматиктерінің еңбектері бар. Айта кету керек, олар көбіне «әл-Китаб» және «әл- Муфассалды» түсіндірумен ғана шектелді. Дәстүрлі араб тіл білімінде жоғарыда көрсеткеніміздей, ең негізгі мәселе — сөзге морфологиялық талдау жасау болып табылады. Мұндай морфологиялық талдауда екі аспект көзге түседі: номинативтік- морфо- логиялық аспект, синтаксистік-морфоло- гиялық аспект. Грамматикалық талдаудың ең кіші бөлшегі сөзді айқындаудың өлшемі семантикалық аспект болса да, ол синтак- систік және синтакматикалық аспектпен тығыз байланыста қарастырылады. Сөз таптарын классификациялау дихотомиялық негізде жүреді: ең алдымен атауыш сөздер, содан кейін атауыш емес сөздер жіктеледі. Атауыш сөздерге есімдер мен етістік, атауыш емес сөздерге — көмекші сөздер жатады. Дәстүрлі грамматикалық теория үшін Сибавейхидің енгізген И’раба ұғымы өте маңызды. Бұл — күрделі морфологиялық конструкция құратын сөз тіркестерімен, синтаксистік процестермен байланысты сөздің өзгеру теориясы. И’раба бойынша негізгі сөздер — флективті, ал көмекші сөздер -флективті емес болып жіктелген. Сибавейхидің сөз формаларын талдауда сөздерді флективті және флективті емес деп бөлуі тілдік материалды топтастыру- дағы үлкен жаңалығы. Ол флективті сөздердің релеватты морфологиялық өзгерістерін анықтап, жіктеудің екі түрін формалды және функционалды деп даралап көрсетеді. Формалды классифика- цияға есім формалары мен ал-мудари етістіктері енеді. Функционалды классифи- кация болса формалды классификацияға негізделеді және сөздің морфологиялық ерекшеліктерін айқындайды, синтаксистік құрылымдағы позициясын көрсетеді. Сонымен, семантикалық және морфологиялық белгілеріне қарап сөз табына бөлу араб лингвистикасына тән. Соның негізінде араб тіліндегі барлық сөздер есім, етістік, көмекші сөз болып үш топқа бөлінеді. Жоғарыда көрсеткеніміздей, дәстүрлі сөз табына бөлу негізіне ең алдымен сөздің морфологиялық белгілері алынған, ал семантикалық, синтаксистік белгілер назардан тыс қалған. Бірақ осы морфологиялық классификацияның өзі жеткілікті дәрежеде болды деп айта алмаймыз. Өйткені «әл-исм» класы мынадай грамматикалық категорияларға ие: род (тек), число (сан-мөлшер), определенность, неопределенность (белгі- лілік, белгісіздік), склонение (септік). Есімдік-«дамаир» араб тілінде септел- мейді, сондай-ақ, артикль қабылдамайды. Есімдік тек семантикалық белгісіне қарап «әл-исм» тобына енгізілген және «әл- исмге» кейбір есімдіктермен қатар қазақ тіліндегі үстеуге сай келетін сөздер тобы да кіреді. Бұл топқа енетін сөздер — шақ категориясына, уақытқа байланыссыз, яғни етістікке қатыссыз сөздер. Сондықтан «әл- исм» тобына жататын сөздер әр түрлі грамматикалық белгілерге ие. Тіпті дәстүрлі араб тіл білімінде, бірінші топқа «ас-сифа» — анықтаушы, «әл-маусуф» — анықталатын есім сияқты синтаксиске қатысты терминдер де енгізілген. Дәстүрлі грамматиктер «әл-исм» тобына кіретін сөздердің ерекшеліктері ретінде мына белгілерді көрсетеді: 1) Уақытқа қатыссыз дербес ұғымды білдіреді; 2) әл артиклін және тануинді қабылдайды; 3) Басқа есімдерді өзіне ілік септік арқылы жалғайды; 4) Баяндауышты қабылдайды Алайда, «әл-исм» тобына кіретін сөздердің барлығы бірдей жоғарыда көрсетілген белгілерге ие деп айтуға болмайды. Сөйтіп, есім сөздерге араб тіліндегі барлық сөздер енеді, оның жартысынан көбі зат есім, одан кейінгілері сын есім, сан есім, есімдік. Бұлардың ішінде зат есім ғана өз талабына сай келеді, басқалары жарым-жартылай жауап береді. Тілдің пайда болуы жөніндегі теория ІХ-ХІ ғасырлар аралығында араб лингвистикасы мен мұсылман теология- сында ерекше сөз болып, ғалымдар екі лагерьге бөлінеді. Біріншісі – тілдің пайда болуын құдай атына таңушылар, екіншісі — тілдің шығуын қоғамдық келісім деп білетіндер. Араб лингвистері тілдің коммуникативтік және экспрессивтік қызметтері болатынын білді /2, 33/. Араб тіл білімі дәстүрінде грамматикалық талдаудың негізгі ұғымдары айқындалған. Олар: ан-нахв – есім мен етістіктің түрленуі туралы ілім, ас-сарф – грамматикалық конструкциялар- дың жасалуындағы сөзжасамдық және фонетикалық өзгерістер туралы ілім, махарадж аль-хуруф – дыбыстардың жасалуы туралы ілім. Көне араб тіл білімінің кемшілігі: әртүрлі тілдерді бір-біріне салыстыра зерттеу, тілді дамып, өзгеріп отыратын тарихи құбылыс деп есептеу бұларда жоққа тән /5, 11/. Семитология, семит зерттеу ғылымы – семит тілдес халықтардың тілін, әдебиті мен мәдениетін, тарихын зерттейтін ғылым. ХУІІ-ХУІІІ ғ-да голланд ғалымдары семитологияның жеке саласы – арабистика ғылымының негізін қалады. ХУІІІ ғасырда Ж.Бартемели (Франция) финикия жазуының кілтін тапты. ХІХ-да жалпы және салғастырмалы тіл білімінің жетістіктері семит зерттеу ғылымын толықтырып, байыта түсті. Қолжазбалар каталогы, грамматикалар, сөздіктер мен тарихы шолулар жарық көрді. Семитологияның кеңеюіне К.Броккельман (Семит тілдерінің салыстырмалы грамма- тикасы) елеулі үлес қосты. ХІХ ғ-дың аяғында Палестина т.б. Таяу Шығыс елдерін зерттейтін археологиялық және филологиялық қоғамдар құрылды. Арабистика – араб елдері мен халықтарының сан қилы қоғам өмірін, тарихын, тілі мен әдебиетін зерттейтін ғылымдардың жалпы аты. Бұл термин Еуропада жаңа дәуірде ғана пайда болғанымен, іс жүзінде шығыс ғалымдары араб тарихын Орта ғасырдың өзінен бастап-ақ зерттеген. Бұған 8-15 ғ-да араб тілінде жазылған тарихшылардың еңбектері куә. Еуропада араб зерттеу ғылымы 16 ғ. аяғы мен 17 ғ. басында жанданып, одан ары дамыды. Орталығы Рим, Париж болды. Оксфордта, Кембрижде т.б. университетте араб халықтарының тарихынан сабақ жүрді.

Читайте также:  Условия появления поселений и городов в Казахстане

Оставить комментарий