Қаракерей Қабанбай

Қазақ халқы өзінің қалыптасу дәуірінде басынан талай­талай қилы замандарды кешіргені мәлім. Соңдықтан да елін, жерін сыртқы жаудан сақтап қалудағы халық батырларының ерлік істері жөнінде халық жырларынан аңғаруға болады. Біз қазақ халқының батырлық жырларының түп­төркінінің әріде жатқанын білеміз. Сондай батырлардың бірі Қаракерей Қабанбай туралы жыр­әңгімелер де баршылық. Биыл сол ел қорғаған батырлар, хандар жөнінде елімізде ірілі­ұсақты бірқатар шаралар ұйымдастырылып жатқаны газеттерден белгілі. Жуырда ғана Абылай ханның – 280, Бөгенбай батырдың — 300 жылдық мерей тойларын бүкіл Қазақстан болып тойладық. Қаракерей Қабанбай батырдың да 300 жылдық, торқалы тойы тойланатындығын естіп жүргенбіз. Осыған орай жақында Талдықорған облыстық Кеңесі төрағасынан біздің облыстық Кеңес төрағасының атына шақыру хат келді. Талдықорған облысының Алексеевка ауданының «Лепсі» совхозының жеріндегі «Үйген тас» Жетісудың ең шеткі өзені Қытаймен шекаралас Жоңғар Алатауынан бас алатын «Тентектің» жағасына орналасқан. «Үйген тастың» осылайша аталуы да Қабанбай батырға байланысты екен. Жоңғар қалмақтары қазақ жеріне толассыз шабуылдайды. Ел азады, тозады. Осы кезде Қабанбай батыр үш жүзден әскер шақырып, осы Тентек өзенінің бойына келеді. Қабанбай аттанар алдыңда әскерінің шамасын санап біле алмайтын болған соң әр сарбаз бір түйірден тас әкеліп осы жерге үюін сұрайды. Тас үйіндісі кішкене төбешік болады. Мысалы, біздің Үстірттегі Бәйтіннің үйігіндей. Осы соғыста қазақтар қолы жоңғарларды ойсырата жеңіп, елге қайтқанда «Үйген тасқа» келіп демалады. Батыр қанша қол қалғандығын білгісі келіп, манағы үйген тастан бір­бір тас алып анадай жерге апарып қайта үйуін сұрайды. Сонда әуелгі жиналған әскерден үштің біріндей қалғандығын аңғарады. Қабанбайды халық ардақ тұтқандығынан болар, тірісінде оған бірнеше ат қойыпты. Олар: Ерасыл, Ізбасар, Дарабоз, Қабанбай. Бұл атаулардың өзі жеке­жеке әңгіме. Бір аңызда былай делінеді екен: Қабанбайдың әкесі өліп, ізін басар ма екен деп ізбасар қояды. Жетім бала нағашысының қолында өседі. Бір күні нағашысының аулы жайлауға көшеді, бір көлдің жағасына келгенде көшке жабайы шошқа­қабандар шабуыл жасайды. Осы кезде ізбасар қолына найза алып, қалың қабанмен айқасады. Оларды қырып салып, көшті бастап аман­есен өтеді. Бала жиенінің батырлығына риза болған нағашысы «Қабаным­ай, қарағым­ай» деп, содан Қабанбай атанып кетеді. Көп аңыздың енді бірі мынадай: Қабанбай елінен аулақ сапарда жүргенде ежелден өштесіп, ішіне кек сақтап, қапысын таба алмай жүрген қырғыздың Аманалы деген батыры Қабанбайдың ауылын шабады. Қызын қатын, қатынын жесір, баласын жетім етіп, ел намысын аяққа басып айдап алып кетеді. Бұл қорлық батырға қатты батады. Қарт батыр қапаланып, халыққа хабарлап, халық батыр туының астына жиыла бастайды Қабанбайдың батыр інісі, ту ұстаған Дәулетбай, Найманнан Жантай батыр келеді. Қазақ халқының қол бастаған батырлары, топ бастаған көсемдері, сөз бастаған шешендері бәрі­бәрі түгел жиналады. Өкінішке орай, дастанды шығарған ақындар Кіші жүз батырларының атын атамайды. Ертістің арғы жағы күлдір самай, Мылтығы Қабекеңнің күлдір мамай. Жиылды тамам батыр дегеннен соң, Аттанды жұртқа бас боп хан Абылай. Қабанбай сан жорықта сыналған жан серігі, ер қанаты Қубас атын мінеді, өз қасына жолдастыққа Шағалақ батырды алады. Ерлер аттанып, қатар салып келе жатып көшке кездеседі. Бұл Қабанбайдың елін шапқан Аманалы батырдың көші болады. Аманалы батыр інісімен араздасып, бөліне көшкен екен, абайсызда кездеседі. Аманалы да қайсар ер, қамал бұзған батыр, жекпе­жекке шығып, қазақ батырларын жуытпайды. Қанжығалы Бөгенбайды да, Көкжал Барақты да жуытпайды. Бұхар жырау сексен сегізде екен, ол да ұмтылады. Кәрі байғұс сені бейнет айдады деп, оны да іліп тастап жүре берді, — дейді. Тура шапқан Бердіқожа батыр да ештеңе істей алмайды. Қабанбайдың інісі Дәулетбай батыр да найза ұшында кетеді. Ту ұстаған Қабанбай бұдан артық тұра алмайды Қабанбай батырсынған Аманалыны найзамен іліп алып, басынан тоғыз айналдырып жерге ұрды. Аманалының бала дегенде жалғыз қызы болады. Жылаған зары дүниені күңірентеді. Әкесінің елімен араздасып, ақыры жаудан өлгенін айтып еңірегенде етегі толады. Қабанбайдан әкесінің сүйегін және бас бостандығын сұрайды. Қабанбай қызды азат етіп, әкесінің сүйегін береді. Қыз жол ретінде батырға бір түйе сыйлайды. Сол түйені Қабанбайдан інісі Дәулетбай сұрайды. Ағасы бермейді, інісі өкпелеп бөлек көшеді. Арада жылдар өтеді. Қабанбай батыр ауыр науқастанады. Өлім халіне жеткен кезде Бұхар жырау інісіне хабар жібермек болады. Мұны естіген Қабанбай: «Дәулетбайға бармаңдар. Тірі де көрмеймін деп ант берген», — дейді. Бірақ келіні Қабанбайға қатты ұнайды екен, сол келер деп үміттенген еді. Бұхар Шағалаққа Қубасты, Шыңқожаға Бөрте атты мінгізіп Дәулетбайға шапқызады. Бұлар Дәулетбайға хабарды айтады. Сонда келіні күйеуін еркіне қоймай көше жөнеледі. Ашу билеп адасқан Дәулетбай қойшының сөзінен кейін, «ағакем» деп күңірене ауылға шаба жөнеледі. Қубас аттың дүбірін таныған Қабанбай бір сәт қайраттанады. Дәулетбай ағасын бас сала құшақтап, еңірейді. — Не айтайын, жалғыз серігім, мына иесіз қалған малға қоса түйеңді ал, — деп інісіне дүниенің опасыздығын айтады. Дәулетбайға, келініне елге бас болуды, ұйытқы болуды тапсырады. Қанды көйлек жолдасы Шағалақ елге тағы жау келгенін айта алмай қиналып тұрғанын сезіп, оның жөнін айтқызады. Жайсыз хабарды естіген Қабанбай жастықтан басын жұлып алады. Алладан тілек тілеп, әл бер деп, Қубас атты алдырып, қалың жауға қарсы шабады. Аманалының інісі Жасбатырмен жекпе­жекке шығады. Қайратына мінген қас батыр жауын жеңеді. Сауытын киген күйінде ат үстінде ажал келеді. Иә, бізге берген газет­кітапшалардағы деректер осылай дейді. Оларды оқи отырып, біздер Қабанбайдың XVII—XVIII ғасырлардағы қазақ халқының Жоңғар жорығына қарсы күресін ұйымдастырушылардың бірі, сол кездің ірі қолбасшысы екеніне одан әрі көз жеткіздік. Қабанбай ұрпақтарының көбі Шыңжаң өлкесінде екен. Батыр туралы аңыз, әңгімелер, дастандар сол өлкеде көбірек тараған дейді. Қабанбайдың есімі өз кезінде қазақтармен қатты жауласқан жоңғарлардың жүрегінде сұрапыл күш пен сесті айбардың жойқын ізін қалдырған. Кезінде жоңғарлар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Атқа мінді дегенде Жұртыңды тастап қаша бер, — дейді екен. Сөз соңында айтарымыз, Қабанбай Жоңғарға қарсы соғысқан дәуірдің алыбы, халқымыздың мақтанышы. Оның есімі ел жүрегінен өшпес орын алған. Қабанбай жөнінде әлі де айтылар сөз көп болмақ. Енді біз жүріс­тұрысымыз жөнінде айта кетелік. 13 тамыз күні түс қайта ұшып, түнгі сағат бірде Талдықорғанға аттандық. Қонақ үйіне орналасып, 14­і күні сағат он екіде қалалық парктегі Қабанбай батырдың обелискісінің ашылуына және болашақ ескерткіш орнататын жерді белгілеу рәсіміне қатынастық. Кешкі сағат сегізде әр облыстан келген қонақтарға жеңіл қонағасы берілді. 15­ші тамыз күні барлық қонақтар таңертеңгі сағат онда «Үйген тасқа» жеттік. Бізді Кербұлақ ауданының жігіттері қарсы алды. Көрсеткен құрметтеріне айтып ауыз жетпейді. Бізді облыс партия ұйымы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Байғанасов Болатхан 14 тамыз күні өзінде қабылдап, тойға бірге барды. Кербұлақ ауданы Кеңесінің төрағасы Садықұлов Тілеужан, оның орынбасары Қабаудинов Бақытбек Бисенбекұлы, аудандық атқару комитетінің іс басқарушысы Сұраншиев Есенбай Әбдірахманұлы, Сарбұлақ асыл тұқымды қой заводы партия ұйымының хатшысы Дәулетбақов Өмірбай Омарқұлұлы, «Арқарлы» совхозының шопаны, Социалистік Еңбек Ері Аязбаева Мариям, Мемлекеттік ұлттық паркінің бас директоры, әрі «Гвардия» жылқы заводының директоры, Қазақ ССР халық депутаты Тұрғанбаев Ғалым, тағы басқа жолдастарға деген ілтипатымыз ерекше. Қонақ күткен азаматтар бір тігісін білдірген жоқ. Бәрі де өз орнында. Жалпы аудан басшысы Садықұлов Тілеужанның өзі басқаратын аудан көлеміндегі беделі айырықша екендігін байқадық. Іскер басшылар осындай болуы керек деген ортақ пікір түйдік. Ол кісінің кісіге қарағандағы жұп­жұмсақ күлімсіреген келбеті, сөйлегендегі іші­бауырыңды елжіретіп жіберетіндей қазақы сөзі кімді болса да өзіне тартатыны сөзсіз. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дейді халқымыз. Біз өзімізді күткен аудан басшысы жөнінде осындай сыр түйдік. Ал оның орынбасары Б.Қабзудинов бізді Алматыға әкеліп самолетке отырғызып салды. Талдықорған облысының жер атаулары да қызық. «Малайсары» совхозы, Жоламан батыр атындағы, Сәмен батыр (Қыз батыр), Дос батыр, Матай батыр атындағы совхоз, колхоздар. Бәрі де сол ел есіндегі батырларға байланысты. Кербұлақ ауданындағы «Шоқан» совхозында ағартушы ғалым Шоқан Уәлихановтың мавзолейі мен музейіне бардық Тойға 400­450 киіз үй тігілді. Түрлі спорттық ойындар, ақындар айтысы, тарихи көріністер, ән­күй жүрекке жылы әсер қалдырды. Тойға бірнеше ұлт өкілдері қатынасты. Нағыз интернационалдық халық тойы, халықты елдікке шақыратын той болды. Тойға Монғолиядан, Қытайдан, Омбыдан көптеген қонақтар келді. Ат бәйгісінде бірінші орынға «Жигули», екінші орынға «Москвич», үшінші орынға «Запорожец» автомашинасын сыйлады. Жорға бәйгеге бірінші орынға «Орал» мотоциклін берді. Орал облысынан келген Қатимолла ақынға ат мінгізді. Шымкенттік халық ақыны Әселханға кілем сыйға тартты. Бір қызықты жой, Қазақ ССР ­ ның және Совет Одағының халық артисі Асанәлі Әшімов өз жанынан бәйгіге бірінші келетін атқа үш мың сом мөлшерінде бәйгі беретіндігін жариялады. Соны бәйгі соңында Асанәлінің ұлы бірінші келген ат иесіне тапсырды. Оған жұрт риза болып, рахметін айтты. Қабанбай тойында үйренерлік істер көп болды. Алда Қашаған ақынның 150 жылдық мерей тойын тойлаймыз деп жатырмыз. Қонақ қабылдайтын, күтетін мекемелер, совхоздар, аудандар осы бастан дайындық жұмыстарына кірісе бергені жөн.

Читайте также:  Қазақтың «Жарғы» заңдарының қалыптасу ерекшеліктері

Оставить комментарий