« АРБАКЕШ» РОМАНЫНДАҒЫ РЕАЛИЗМ КӨРІНІСТЕР

Кез-келген заманның қаламгері, егер ол шын талант болатын болса, өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын бедерлемей тұра алмайды. Егер шындықты айналып өтіп, өз жанын ғана күйттеп, жалғандыққа жол берсе, онда ол адамның қас талант, халық ұлы болмағаны. Бұл реттен келгенде, Лао Шы — өз дәуірінің бар шындығын көркем ой, кестелі тілмен өрнектеп берген ұлы тұлға. Ал Лао Шы өмір сүрген дәуірдегі түбірлі мәселелер — шетел империалистерінің езгісі мен қытай халқының азаттық күресі арасындағы майдан, ішкі әлеуметтік қарама- қайшылықтар еді. Жазушы шығармаларынан бұл келелі тақырып молынан орын алды. Әсіресе, оның шығармашылығындағы өнімді де өрелі кезең 1930 жылдардан басталғандай. Олай дейтін себебіміз, осы кезеңде Лао Шы шығармалары сан жағынан да, сапа жағынан да өсе түскендігі айқын аңғарылады. Реализм – суреткердің болмысты шыншылдықпен, өмір ақиқатын көркемдікпен танудан, болмыстың объективті заңдылықтарына бойлай аларлық бейнелеу әдісін меңгеруден көрінеді. Реализмнің негізгі мақсаты – адамның ойдан шығарылған емес, керісінше, нақты өмірдің қилы – қилы сыр сипатының заңдылықтарын түсінуге ұмтылудан туған. Яғни, қоғамдық дамудың бағытын, сондай-ақ адамның табиғаты мен оның қоршаған өмірмен нақты байланыстарын білуге ұмтылу. Реализмнің түп қазығы – нақты тарихи қоғамдық орта мен оның жемісі /1/. Өз шығармаларына реализмді арқау еткен қытайдың көрнекті жазушысы Лао Шы-ның қазіргі заманғы қытай әдебиетінде алатын орны ерекше. Ол табиғат сыйлаған парасат – пайымының, талантының арқасында өзі өмір сүріп отырған қоғамды, елдің тынысын өнердің биік шыңына көтере отырып бейнелеп бере алды. Лао Шы өзіне дейінгі ұлы сөз шеберлерінің құндылықтарынан нәр ала отырып, оны әрі қарай өзінше өрнектеп жалғастырды. Отан тағдырын терең сезіне алатын, көзі ашық, көкірегі ояу, ой-санасы азат жазушының шығармаларындағы реализм көріністерінің әдебиетте әрқашан шоқтығы биік тұратыны сөзсіз. Лао Шы шығармашылығының алғашқы он жылдығының алдында жазылған “Арбакеш” романы оны шебер суретші, талантты реалист жазушы ретінде танытқан болды. Ол өзінің “Мен «Арбакеш» романын қалай жаздым”атты мақаласын жариялайды. Онда жазушы өзінің бұл романды жазуды қашан бастағаны есінде қалмағанын айтады және бұл роман мен оның жазушылық өмірінің арасында үлкен маңызды оның бірнеше шығармалары жарық көрген болатын, алайда ол әңгімелер мен романдар жазу кезінде Лао Шы бір жағынан ұстаздық қызметті де бірге алып жүрді, ұстаздық қызметті басты деп санаса, жазушылықты тек қосымша мамандық ретінде таныды. “Лао Жаң философиясынан” бастап “Ню Тянь өмірбаянына” дейін осылай ойлап келді. Мектепте сабақ беріп жүргенде ол бар ынтасын дәріс беруге жұмылдырды, тек кезекті демалыс уақыттарында ғана шығарма жазумен айналысты. Осы жолы Лао Шы ешкіммен ақылдаспастан, енді ұстаздық қызметті тастап, әңгіме жазумен айналысуға бел байлады /2/. “Арбакеш” менің жазушылық қызметіндегі алғашқы шығарма. Әлі есімде, 1936 жылы көктемде “Шандалық” бір досым екеуіміз әңгімелесіп отырып, әңгіме үстінде ол Бэйпинде бір арбакештің арбасына отырғанын айтып қалады. Ол бұл арбакеш әңгімелескенде, ол өзінің өте кедей екенін, сатып алған арбаларынан қайта – қайта айырылып қала бергенін айтады. Осы бір қысқа да қарапайым әңгімені естіп, мен сонда досыма: “Бұдан бір әңгіме жазуға болады,”–дедім. Ол артынша, “Тағы бір арбакешті әскерлермен ұстап алып кетеді, бірақ ол орайын тауып, қамаудан қашып шығады, сонымен қоса үш түйені ұрлап жетектеп әкеледі” – дегенді қосты. “Бұл екі арбакештердің есімдері кім? Қай жақтың адамдары? Мен бұл сұрақтардың ешқайсысын да сұрамадым. Мен тек арбакеш пен түйе дегенді есімде жақсы ұстап қалдым. Міне, “Арбакеш” романының негізгі ядросы осы”, -дейді жазушы /3/. Сол бір жолдасының айтқан әңгімесінен кейін, Лао Шы іштей кішкене ғана оқиғаны қалайша кеңейтіп, он мыңдаған иероглифтен тұратын романға айналдыруды ойлап жүрді. Ол алдымен Цзи Тэ мырзадан түйе туралы сұрап, хат салады. Цзи мырза Бэйпиннің батыс жағындағы таулы аймақта туып өскен, сол тау етегіндегі көптеген тұрғыдан түйе бағумен айналысады. Сондықтан да бұл мырзаның түйе туралы жетік білетінін күмән келтірмеді. Одан жауап хат алған соң, Лао Шы романға арбакешті негізгі рольде, ал түйені оған әр беріп тұру үшін қолдануды шешті. Өйткені, егер түйені негізгі етіп алса, оған арнайы барып, өз көзімен түйені, оның өмір сүру қалыбын, жайылымды көріп, зерттеуге тура келді. Ал, егер арбакешті негіз етіп алса, оған ешқайда да барудың қажеті болмайды, тек жан – жағына жақсылап қарап алу керек болды. Осылайша, Лао Шэ арбакеш түйені біріктіріп, өзара байланыстырып шығарма жазуға кіріскенін айтады. Романды жазу барысында Лао Шы арбакештердің қанша түрі болатынын егжей–тегжейлі зерттейді. Сяңзының нақты орнын белгілеген соң, арбакештердің басқа түрлерін де сипатай бастайды, оларға да белгілі бір орын бере отырып, романға жан кіргізе түседі. Сонымен қатар Сяңзы қандай арбаны жалға алу керек, қандай адамдарды айдауы керек деген сияқты мәселелерді де қамтып, Сяңзымен байланысты, яғни оның қожайындарын, қоғамдағы ауқатты адамдарды да таныстыруды ұмыт қалдырмайды. “Бірақ бұл кейіпкерлер Сяңзы болғандықтан ғана әңгімеге еніп отыр. Мен Сяңзы ролін ешкімге бермеуге тырыстым.”/4/ Романның алғашқы беттерінен–ақ Лао Шы-ның адам еңбегін жоғары бағалайтын қасиетін көруге болады және адам еңбегінен жоғары нәрсе жоқ екенін де көрсетеді. Оны төменгі тап өкілдерінің тағдыры қатты толғандырады. Оның дәлелі ретінде кейіпкері Сяңзының өмірін алуға болады. Ол он сегіз жасында әке – шешесінен айырылып, ауылдан қалаға ақша табуға келген жастардың бірі. Сыртқы сипатында ол өте қарапайым, бойында күші бар, әділ, ақкөңіл, оның басқа адамдармен жақсы қарым – қатынасы көрінеді. Ол алғаш қалаға еңбек етуге келгенде өне бойы адамгершілік, адамзаттық қасиеттерге толы болғанын көреміз. Оның ешбір туысы, жақыны, тіпті фамилиясы да жоқ болатын, алайда Сяңзы өзі өмір сүріп отырған қоғамға көндігіп, барлық күш – жігерін еңбек етуге арнады. Оның барлық арманы жекеменшік арба сатып алу болды. Сол үшін ол ертеден кешке дейін тынбастан арба айдайды. Жекеменшік арба сатып алғанға дейін Сяңзы өзінің адам екенін де ұмытты. Арба сатып алған күні ол жұмысты ертерек аяқтап, ең жақсы асханалардың біріне барып, ыстық бәліш жеуді де ойлап қойды /5/. Дәл осы кезде онда өзіндік бастама күшейеді. Оны, бір арба алған соң, тағы бірнешеуін сатып алып, арбаны жалға беретін орын ашсам деген армандар жетелейді. Алайда ескі қоғам оның бұл армандарының күл- талқанын шығарып, барлық адамгершілік қасиеттерінен айырады. Лао Шы бұл романында отызыншы жылдардағы Қытай қоғамдық өмірін суреттейді. Қытайдың капитализациялануын жазушы шаруалардың кедейленіп, жаппай қалаға ағылыуымен, қалада оларды пролетарлық әскердің қысымына түскен оқиғалар арқылы көрсетеді. Романды оқып отырып қоғамдағы жіктелу құбылыстарында анық көруге болады. Мысалы, жүргізушілер шайханадағы арбакештермен сөйлесуді ұят санап, менсінбей қараса, жас арбакештер өздерінің күшіне сүйсініп, қарт арбакештерге мұрындарын шүйіре қарайды. Лао Шы Сяңзыны мысалға ала отырып, шаруалар психологиясына тереңдей енеді. Романдағы барлық оқиға осы Сяңзының айналасына шоғырланған, ол арқылы жазушы “кішкене адамның” оны қоршаған ортамен, ащы шындықпен күресін бейнеледі. Сяңзы образында Лао Шы оқырмандары жұмысшы хайуанның бейнесін емес, қоғаммен бетпе-бет күресте жеңіліске ұшыраса да, түсінуге, қайғысына ортақтасуға және қолдау көрсетуге тұрарлық адамзат бейнесін көреді. Кедейшілік, әділетсіздік, өтірік, қорлау сияқтылар Сяңзының ізінің қайда болса да қалмайды. Оқырмандардың көз алдында ол өзгере бастайды. Алғашында ол қарапайым ғана, әділ әрі күшті, қайратты ауылдық жігіт болса, ауыр еңбек пен ауру оны барлық күш – жігерінен, сенімінен айырады. Өмірдің ауыр тұрмысы оны моральдық жағынан аздырып, барлық нәрсеге немқұрайлық сезімін тудырады, ол өмірге деген қызығушылығын, құштарлығын жоғалтады. Сяңзының мінез – құлқы романның соңына қарай тіпті қатты өзгереді. Ол өзімшіл, жалқау, әдепсіз, дөрекі, ішімдік пен темекіге үйір бола бастайды. Ол өзінің бұл құлдырауын былайша ақтайды: “Өмір осыншама күңгірт, ауыр және саңылаусыз. ” /6/. Лао Шы бұл романында адамның игі қасиеттерін сипаттауда шеберлік танытады. Қоғам Сяңзыны аяусыз жазаласа да, жүрегі әрқашан қайырымдылыққа тұнып тұрады. Ол жақсылық жасаған кезде мүлдем өзгеріп кетті. Рақымдылық, мейірімділік сезімдері де оның бойынан әрқашан табылып отырды, тіпті өзін алдап–арбаған Ху-нюды да кешіруге дайын болды. Оның жүрегінің бір түкпірінде өмірге ұмтылыс, екпін жасырынып жатты, алайда Сяңзы оны жарыққа шығара алмады, өйткені ол жақсы ұмтылыстардың барлығын басып- жаншыған қоғамда өмір сүрді. Оның әділдігі де, адалдығы да оған қоғаммен күресте көмектесе алмады. Романда идеялық жағынан маңызды орында Сяо Фу цзы образы. Ол арбакеш Эр Цзян цзының он тоғыз жастағы қызы болатын, екі жүз юаньға бір әскери адамға сатылып кете барады. Сяо Фу цзы сияқты көптеген жас кедей қыздардың қатал тағдыры жайлы автор былай дейді: “Әскери бөлімшені басқа орынға көшіргенде ол (әскери адам) әйелі мен төсегін тастап кете беретін. Бір екі жүз юань бір жарым жыл рахаттану үшін мүлдем қымбат емес!” /7/. Сяо Фу цзы да осылайша қоғамның құрбаны болды. Бірақ өзін — өзі құрбан ете отырып, ол өз туыстарының өмірін жақсарта алмады Сяо Фуцзы өлімі қытай әйелдерінің қайғы-қасіреттен құтылудың бір ғана жолы болғанын көрсетеді. Бұл көрініс тек “Арбакеш” романында ғана емес, Лао Шының басқа да көптеген шығармаларында көрінеді. Қытай әйелінің қатал тағдыры, құқығы жоқтығы, дәрменсіз күйі, ақыры соңында өзін-өзі өлтіруге баратын жағдайы Лао Шы-ның бірнеше шығармаларында көтерілген маңызды мәселе. Сяңзының жартылай аштық күйде өмір сүруі, оның өмірге жеккөрушілік сезімі, Сяо Фу цзы жанұясының сіңірі шыққан кедей күйіннен қоғамды кінәлау көрініп тұр. Жануарлар әлемінде жыртқыштардың күресі әдетте күштінің жеңісімен аяқталатыны сияқты, Ху нюдың әкесімен күресі де, оның жеңілуімен аяқталды. Бейшара Сяңзы өзінің ең соңғы тиынын әйелін аман алып қалуға жұмсағанымен, одан ештеңе шықпайды. Ху ню өлімін көрсете отырып Лао Шэ жанамалай былай айтып өтеді: “Бұл оқиғада өзінің белгілі бір себептері бар, ақымақтық пен қайырымсыздық элементтері бар.” /8/. Автор ол себептерді атап айтпаса да жобалауға болады, ол-ескінің сарқыншақтары, онымен күрес жүргізбеген қоғамдық құрылыс, бұл қоғамдық құрылыс керісінше түрлі қара элементтердің гүлденуіне тікелей ықпал етіп отырған секілді. Романның тағы бір жағымсыз кейіпкері Ся мырзаның Лю-Сы дан ешбір айырмашылығы жоқ болатын. Ол да “сараңдығымен ерекшеленеді, әрбір тиын үшін қалтырайтын”. /9/Автор оны жолбарысқа емес, сұмырай маймылға теңеді. Оның әйелі мен балалары Баодинде тұрады және бес ай бойы оларға ақша жібермейтін, өзі болса жаман ауру жұқтырған нақсүйерімен бірге тұрды /10/. Өздерінің нәпсісін қанағаттандыруды ғана білетін, сол үшін өмірдегі барлық қымбатты, қасиетті нәрсені құрбан ететін сараң, ашкөз адамдар әлемі міне осындай. Лао Шы Сяңзыны оны қоршаған адамдар сияқты өте пассивті етіп көрсетеді. Бірақ сол бір реакцияның күңгірт әрі ауыр жылдары өз шығармасына ең ауыр және қиын мамандықтағы адамды басты рольде қойғаны үшін, ерекше көңіл аударуға тұрарлық. Әлемнің революциялық қайта құру үшін күреске шықпай тұрып, Лао Шы капиталистік қоғамда адам еңбегінің физикалық және моральдік жойылуына қарсы дауыс көтерді. “Арбакеш” романы арқылы Лао Шы Пекин қаласының тұрмысы, халықтың өмірі мен халықтың тілі жағынан білгір маман екенін көрсете білді. Романдағы оқиғаларда ешқандай ойдан шығарған дүние жоқ. Әңгіме асықпай өрбиді. Лао Шы күнделікті өмірдің шындығын терең әрі әсерлі көркемдік әдіспен жеткізгені соншалық, роман оқырмандары ондағы басты кейіпкерлердің тағдырына немқұрайлы қарай алмады. Жазушы бұл романы арқылы қаншама еңбексүйгіш, табанды, әділетті, қарапайым ғана адамды қорлаған қоғамға соққы берді. Алайда бір кемшілігі, Лао Шы романды жазу барысында, кейіпкерлерін күрес жолына қалай апаруды, тұйықтан қалай шығаруды ойламады. Ол өмірдің қиындығын, “кішкене адамның” қоғамда өз орнын табуда қиналысын жақсы түсінгенімен, осы қысымшылықтың езіп-жаншу мен қанаушылықтың, кедейлік пен аштықты тудыратын негізгі себептерді түсіне бермегені анық. Лао Шы Сяңзы үшін бақытқа жетер жалғыз жолды көрсетіп бере алмады, ол жол — оның ақыл-сезімін, таным-түсінігін оятып, өзінің адамзаттық құқығы үшін күресу жолы болатын. Романға сәттілік алып келген оның тілі ғана емес, сонымен қатар Лао Шы-ның қарапайым халық тұрмысын жақсы білуі, жарқын әрі есте тез қалатын детальдарды көрсете білуі. 30-шы жылдардағы қытай әдебиетіндегі шығармалардың қаһармандарына көбінесе оқымыстыларша өзін-өзі ұстап, оқымыстыларша ойлау тән болса, Лао Шы- ның кейіпкерлері-арбакештер, ой өрісі бойынша да, дүниетанымы бойынша да арбакеш болып қалды. Ол арбакешке тән қалай сөйлеу керек болса солай сөйлеп, арбакеш қалай ойласа, ол да солай ойлайды. Лао Шы-ның пекиндік кедейлер өмірінің жетік білгірі болғандықтан да Сяңзы мен басқа да төменгі тап өкілдерінің күйзелісі мен ойлау немесе тереңдей еніп, образға кіріп кетеді. «Мен өзім кедей отбасынан шыққанмын, сондықтан да болар, кедейлердің жағдайын өте жақсы түсінемін. Өз мамандығымның барысы бойынша мен әдетте оқымыстылар арасында жүргенмен, менің достарым тек профессорлар, ғалымдар мен жазушылар ғана емес, бокселер, көше әншілері мен арбакештер де менің достарым. Олармен қарым қатынаста мен өмірлерінің тек сыртқы жағын ғана емес, сонымен қоса олардың рухани әлемін танимын.» /11/. Сезімі сергек, ұлттық санасы жоғары, жалынды жазушы өзі өмір сүрген қоғамның, заманның, елдің тынысын қадағалап, одан түйгені мен сезгенін өз тілімен халқынның алдына тастап, ой бөлісіп отырған, оны өнердің биік шыңына көтере отырып бейнелеген. Оны осы бір ғана «Арбакеш» романы арқылы да байқауымызға болады.

Читайте также:  В нынешнем году ЕНТ будет проводиться семь дней - МОН РК

Оставить комментарий