Қасым дәстүрі туралы

Опубликовано Июль 12, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Қазақ әдебиетінде өзінің бет-бағытын анықтаған, стилін тапқан ешкімге ұқсамайтын, өз мәнер-машығына өзіндік үнімен жеткен, әдебиетімізге қайталанбас мәнер, сөз қолданудағы айнымайтын тәсіл, тасқындай аққан сөз нөпірімен, тіліндегі бейнелілігімен, астарлы ойы арқылы логикалық тереңдікке жеткен қаламгердің бірі — Қ.Аманжолов. Қандай да болмасын қаламгер шығармашылығының ұлттық сипатына, бедеріне тоқталғанда айтылар ойдың негізгісі оның тілі. Елдікті сақтағысы келген халық, қарымды қаламгер ұрпақтан ұрпаққа мұра, мирас боп келе жатқан асыл қазынасы ана тілін келер буынға «бөбегіндей мәпелеп», қастерлеп ұзатып салуы тиіс. Тылысым табиғаттың сырын ұққан түйсікшіл бабаларымыз ана тілдің, баба тілдің құдірет-қуатына бас иіп, небір алмағайып замандарда аздырмай-тоздырмай, асқақтата әлдилеп, қасиеттеп, қадір тұтты. Осынау ұлы дәстүрді Қасым Аманжолов та берік ұстанды. Оның асау, тарпаң жырларында қазақтың тілдік қоры, асыл сөзі көркем көрініс тауып, құлпыра түсті. Академик З.Қабдоловтың «Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болу керек. Бұл – қалам иесіне қойылатын бұлжымас талап. Тіл байлығы сөз өнеріндегі мазмұн байлығына әкеледі. Ал халыққа қажет шығарма – мазмұнды шығарма» [1, 199], -деген пікіріне сүйенер болсақ, Қасым Аманжолов осы тұжырымға толық жауап бере алатын талант иесі. Көркемдеу құралының не түрлі жақсысын, соны да құнарлысын тауып, қолданып, өзінен бұрынғы ақындық дәстүрді ілгері дамытқан, қазақ поэзиясында ақындық тілдің жетілуіне Абай, Мағжан, Сұлтанмахмұттан кейін, зор үлес қосқан, жаңалық әкелген ақындардың бірі Қасым болды. Оның поэзияға қосқан жаңалықты іліп әкетіп, өз шығармаларында кеңінен, мейлінше молынан қолдана алған ізбасар шәкірттері болды. Т.Айбергенов, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаев, К.Мырзабеков, С.Ақсұңқарұлы да Қасымның дәстүрін жалғастырып, дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра білген, өлең-жырларында қазақтың оралымды бай тілінің көркемдік құралдарын мол да шебер пайдалана алған тіл қолданыстары ерекше ақындар. Бұл ақындардың поэтикалық тілі бүкіл бір әлем деуге болады, олардың өлең жүйесі немесе өрімі болсын, ырғағы мен ұйқасы, бунағы мен буыны болсын, яки ажарлау, айшықтаулары болсын, бәрі де тек аманжоловтық сипатта құбыла құлпырып тұрады. Табиғат құбылысының қайсысын тіліне тиек етсе де, Қасым өлеңдері жанданып, оқырман бейне жансыз нәрсенің өзімен де тілдескендей болады. Ақын суреттеген әр нәрсе күледі, сөйлейді, сырласады, ойланады, қимылдап жүреді, тіршілік дүниесінде неше алуан динамикалық күйге түседі. Шығарманы бұлайша көріктендіріп тұратын құбылтудың бір түрі – кейіптеу. Т.Әбдірахаманова: «Қ.Аманжоловтың көркемдеу құралдарының өзге түрлері тәрізді кейіптеуді қолдануында да жаңалық мол. Табиғатында шешен, тапқыр ақын нені айтам десе де, өз стилін, өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қиыннан қиыстырып, екінің бірі айта бермейтін ой айтады. Көркем сөз тауып қолданады» — деп талдаған болатын [2, 190]. Қ.Аманжоловтың кейіптеу тәсілін қолданып жазған өлеңдерінің бәрінде де, жанды зат жансызға немесе жансыз құбылыс жанды құбылыста сипатталып, бейнеленсе де, бәрінде де өмір, бәрінде де іс-әрекет, қимыл, қозғалыс жатыр. Басты ерекшелік — Қ. Аманжоловтың нені бейнелеп жырласа да қоғамдық құбылыстың, адам әрекетінің, қоғам өмірінің аясында, сонымен бірлік, тұтастықта жырлайтындығында. Дүрс етсе бомба алыс бір жақта, Түршігер мұнда денесі жердің. Түн сырын ұрлап, жүгіртіп саққа, Сөйлейді мезгіл тілімен желдің [3, 106]. 521 № 3 (76) 2010 Қ.Аманжоловтың кейіптеуді қолданып өлең қиыстыруындағы тағы бір артықшылығы — суреттілік. Ақын қандай құбылысты жазса да табиғат көрінісінен эмоциялық әсерге толы бір сурет жасайды да, оған адамға тән әрекет береді. Осының өзінен суреткердің заттың айна-қатесіз сыр-сипатын бейнелеудегі дәлдігі көрініп отырады. Өлеңге ерекше әсер дарытатын кейіптеу тәсілі Т.Айбергенов шығармаларының көбінде дерлік қолданлып, оның қарымды да қуатты қалам құдіретінің шеберлік сыр-сипатын жарқырата көрсетеді. Т.Айбергеновтің кейіптеуді кең түрде пайдалануы – Қасым дәстүрінің поэзияда үнемі даму үстінде екендігінің жарқын мысалы. Сақ құлақты орман да тұр ойда қап, Ақ бұлақты арман жатыр аймалап. Сырға толқын сылдыратып тоғандар, Сыбызғысын тартып жатыр бағандар [4, 124]. Бұл үлгіден байқалып тұрғандай, Төлеген кейіптеуді Қасым сияқты түрлендіріп, оны өлеңнің бір ғана жолына кіргізбей, тұтас шумақтың бойына жайып жібереді. Сол сияқты Ж.Нәжімеденов өлеңдерінен де кейіптеудің сан сипатын кездестіруге болады. Кейіптеу мүсіндері оның алғашқы жинағында-ақ өлең сүйгіш қауымды тамсандырған болатын. Ол жансыз нәрселерді адами әрекеттерге ие қылуға шебер. 1961 жылы алғаш рет жарық көрген «Балауса» жинағыннан бастап, Жұмекен құбылтудың бұл түрін жазу стилінің басты белгісіне айналдырады. Бұл өтімді тәсілді ол қазақ жырының саңылағы Қасымнан үйренді. Жатыр жақпар… Қарағайды аралайды жел ескен, Жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен. Тау сулары таусылмады, сыңсыптұрып ағады. Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады [5, 5]. Немесе: Жүйрік жел баса алмай аптығын, Бұтаға сүйенеді солықтап [5, 5 ]. Мезгіл — әже көтереді күн табағын, Кесте сәуле жапырақты пышақтап [5, 7 ]. Бұл келтірілген мысалдарда жансыз табиғатқа көз алдымызда жан бітіп, ғажайып әрекеттерге ие бола кетеді. Ақын кейіптеулерінің енді бірсыпырасы әрекетке әлі ие болмаған, бірақ оған болашақта жететіндігін білдіретін мүсіндеулер. Автор кейбір кейіптеулерді жансыз затпен тілдесу арқылы жасайды. Дала, дала, сайран дала, сал-дала, Кейде саған қараймын мен таңдана. Көз тігейін көжиектен әрірек – Дала, адал, сағымыңмен алдама [5, 13]. Ал кейбір өлеңдері түп-түгелімен бастан-аяқ кейіптеумен жазылған. «Қарбалас қам жасасып жатыр бәрі», «Көк аяз кернейлетті», «Бұталардан шөптерге ыршып қонып», «Тез өтші, жаңсақ айлар, қате түндер», «Ала толқын , ойнақташы, ойнақта» және т.б. өлеңдерінің бәрі тұттас кейіптеу тәсілін қолдану арқылы жазылған. Ж.Нәжімеденов көбінесе табиғатты кейіптейді, сондықтан да Қасымнан кейінгі табиғатты жандандыра суреттеудің үлкен шебері деп айту артық емес. Қайсы ақын болмасын, Қ.Аманжоловтың тау өзеніндей тасқынды, табиғаттай таңғажайып тұнық поэзиясымен тыныстады. Сол себептен де олардың табиғат мінезін, атқан таңды, шыққан күнді, батқан кешті, күллі тыныс-тіршілікті, өмір құбылысын кейіптеу тәсілі арқылы жырлауда қалауын тауып, құдіретті күшке, дәлдікке, бейнелілікке жете алғандықтарын жоғарыдағы келтірілген мысалдардан аңғаруымызға болады.

Оставить комментарий

Загрузка...