Атағозы батыр туралы

Белгілі ақындар ерлігіне айырықша мән беріп, жырға қосқан Маңғыстау елінің аты аңызға айналған батырларының бірі және белгілілерінің белгілісі Атағозы батыр. Ел батырларын еш уақытта ұмытпаған. Атағозы, Бердібек Ерлік қылған белгілеп, — деп жырға қосқан батырлар шын мәніндегі қазақтың қамал қорғаны болған көш бастар серкелері еді. Жеке батырларды айтқанда Тама Есет, Қанжығалы Бөгенбай, Қара Керей Қабанбай, Адай Есек батыр, Назар ұлы Шотан, Бегей батыр, Атағозы, т.б. сияқты батырларды көбіне айырықша атаймыз. Тарихта батыр атанып, аңызға айналғандар көп. Себебі, олардың артында жазбаша да, ауызша да аңыз, деректер қалғандығымен айырықша аталады. Қазақ елінің әр түкпірі өз жерін шетелдік басқыншылардан қорғай білді. Кіші жүз елінде қалмаққа, патшалық Ресейдің көрсеткен озбырлығына, Хорезмге қарсы тұрған батырлар көптеп саналады. Кешегі Сырым, Исатай, Махамбет, Иір мойын Есет Көтібарұлы, Адай Құдабай мен Дәуімшар, Сүйінғара, Шабай, Қонай, Төлеп, Қармыс, Балуанияз, Беріш Құлбарақ, т.б. батырлар халық аузында ерекше сақталған. Дегенмен тарихын жазбаған көшпелі елге бұл күндері әрбір тарихи оқиғаның арасын айырып, түрін түстеп, тесігін жамап, барын бағалап жазу қиынның қиыны. Соңдықтан да бірлі­жарым ауызша аңыз әңгімеге, болмаса ақын­ жыраулардың артына мұра етіп қалдырған өлең­жырларына сүйене отырып, батырлардың ерлік істерін сол қолда бар шежірелер арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі ұрпақтың борышы болмақ. Елін жаудан қорғап, ұрпақ үшін жанын қиған ата­бабаның ерлік рухы сонда ғана өтелмек. Ақын­жыраулары көп болды ма, әлде отырықшылыққа жақындау болды ма Орта жүз, Ұлы жүз батырлары туралы дастан, толғаулар молырақ ұшырасады. Және дастан жеке батырлар ерлігіне арналады. Ал бірақ Маңғыстау елінде батырлар жөнінде дастан жазған белгілі ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы өзінің Досан батырға арнаған еңбегінде: Тарих қылып тастайын, Әңгіме кеңес бастайын. Бұрынғы өткен ерлерді. Ертеде ерлер көп болған. Көк сүңгісін өңгерген, Көңілі көшіп желденген. Сол күнде болған батырлар: Атағозы, Бердібек Ерлік қылған белгілеп, Әлібай, Төкеш, Құлыбек Балуанияз, Қармыс, Ер Төлеп, Шотан, Шабай, Ер Қопай, — деп ондаған батырларды бірге еске түсіріп кетеді. Қазір Қазақстан бойынша тарихи оқиғалар туралы, батырлар туралы көп жазылып жатыр. Біреу біліп жазады, біреу аңыз бойынша жазады, біреу бөлініп жазады, біреу дақпыртқа жазады. Кейбіреуінің еңбегінің суы бар, сорпасы жоқ. Табан тірейтін жазба дерек қалмаған соң, жазғаннан не пайда, не қайыр. Қазақ жерін сырт жаудан қорғауда бабаларымыз көп еңбек сіңірді. Егер солар қорғамаған болса Қазақстандай ұлан­ғайыр жерді қазақтар мекендемеген болар еді. Батыстан орыс пен қалмақ, Шығыстан Жоңғар, терістік шығыстан Қалмақ­Қытай, Оңтүстіктен Хорезм қапыдағы қазақ еліне көз алартқаны құдай түгілі адамға аян. Бұл тарихи шындық, себебі сонау зар заманнан қалған Қожаберген жыраудың «Елім­ай» дастанының қазақ даласының батысы, шығысы, оңтүстігі, солтүстігіне бірдей тарауы бүкіл қазақ халқының сол бір күндерде жауына қарсы бірігіп бас көтергенінің, болмаса қорлық­ зомбылық, басқыншылықты бірдей көргендігінің бұлтартпас айғағы емес пе? Мысалы, Маңғыстау елінде «Адайлар Сауран айналыпты» деген сөз бар. Олар неге айналыпты десек, көбі жауап бере алмай қалады. Біреулер «Адайлар Сауранды үш айналыпты» дейді. Неге айналыпты десең, тағы да үнсіздік басады. Тарихи деректерді оқып отырсақ, Сауранды төрт жағы құбыла болғандықтан айналмаған көрінеді. Тарихи деректерде алшындар Үлкен Ноғайлы мемлекетінің құрамына кіреді. Орыс ғалымы, тарихшы Соловьевтың жазуынша, Ноғайлының (біздің Алшындардың) бір бөлігі, орыстарға пейілі құлаған Ысмайыл өзінің туған ағасы Жүсіпті өлтіргеннен кейін, 1555 жылы қазақтарға келіп қосылады. Ақыр соңында соңғы Орманбет би өлген соң (1600­ші жылдары) қазақтың құрылымына кіреді. Арада 10­ 20 жыл өткен шақта шығыстан жаңа жау — жоңғарлар пайда болады. Олар Сібірді көктей өтіп, XVII — XVIII­ші ғасырлардың алғашқы ширегін осы аймақта өткізеді. Қалмақтардан күйрей жеңілудің белгісі — Алшындар жадында қалған «Сауран айналған» деген атау осы кезеңге қатысты дейді. Бұл дерек – сол Сауран айналудың бірінші куәсі. Біз, Адайлар, Жетісудан көшіппіз деп жүргенімізде де осы тұстарды меңзейтін сияқты… Ғалым Әбдікәрімовтың 1992 жылғы 7 ақпанда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаласында «Бұл жойқын шабуылда жоңғардың қаһарлы ханы Цебан Рабтан 70 мыңнан астам әскерін қазақ даласына төгумен болады. Еділ­Жайық арасындағы кіші қара қалмақ хандығы 30 мыңға тарта қол жасақтап, қазақ хандығының батысына бас салыпты. Кіші жүз халқы орыс шекара бекінісінен пана іздейді, көбі Сауран айналып босып кетті», — дейді (XVII­XVIII қазақ поэзиясы. А., 1982, 222­6.). Бұл жалғыз Адай емес бүкіл Кіші жүздің Сауран айналуы еді. Ал енді соңғы айналуы 1750 жылы Есек Есенғұлұлы батырдың дәуірлеп тұрған кезіндегі Сауран айналуы еді. Бұл тұста Ұлы жүз хандығының астанасы Сайрам, Орта жүздің астанасы Түркістан, Кіші жүздің орталығы Сауран қаласы еді. Бұл үш жүздің басы қосылмай «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген әңгімелерден қалған тұстар еді. Еділ қалмақтарының қазақтарды ығыстырған кезі еді. Өткен жылдары Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің «Мұра» атты арнаулы санында «Атағозы батыр» деген мақала жарияланды. Жарияланған деректе батыр 1732 жылы туып, 1792 жылы өлді дейді. Жақша ішінде бұл жорамал ғана деген сөз бар. Яғни 60 жасында дүниеден өткен. Біздіңше, тарихи деректерге сүйенсек, Атағозы батыр одан әріректе туған. Себебі, 1723 жылы 12 желтоқсанда Аюке хан ордасына Ресей шекара өкімет орындары хабар жеткізеді. Онда қазақ, қарақалпақтың 40 мың қолы қалмақ хандығымен соғысуға келе жатқанын хабарлайды. (В.А.Моисеев. Джунгарское ханство и казахи XVII­XVIII вв. А., 1991. 84­85­бб.). Сөз жоқ, осы соғыстың дәл ортасында жас батыр Атағозы жүрді. Бұған дәлел Бегей, Атағозы, т.б. батырлар әкеліпті дейтін қалмақ қызы — Аюкенің қызы екен деген шешелеріміз жөніндегі аңыз­әңгімелер дәлел болатын сияқты. …Қазақтар бірігіп, Сәмеке, Әбілқайыр, Барақ, Есім султан бастаған 10 мың қазақ жасағы 1726 жылы Церен Дундук хан мен Доржи Назаров иеліктеріне басып кірді. Егер аңызға сенсек, онда Кіші жүздің батырлары және Адай батырларының ішінде Атағозы, Өмір, Темір, Есек, Есен, Табынай, Шотан, Бегей, Сабытайлар болды. Осындай тарихи деректерді баяндай келіп Ә.Хасенов өзінің «Үш ғасыр иінінде» атты еңбегінде «бізге жеткендердің аты­жөнін анықтап, оған құрмет көрсетіп есте қалдыру бүгінгі ұрпақтың парызы» дей келе, қадірлеп, қастерлеуге, аруағына бас июге тұрарлық, ұрпағы мақтан тұтарлық ата­баба, ару аналардың әйгілер мыналар деп, Адай елінен Шотан, Назар, Есенғұл, Есек, Сабытайлардың есімін атап өтеді. Ал Атағозы, Бердібек, Бегей, Табынай, Қармыс, Қонай, Шотан, Шабай, Өмір, Темір, Сабытай, Назар, Есек, Есенғұл, т.б. батырлар аралары жақын, көбі бірін­бірі көрген батырлар. Олардың біразы бірге соғысты десек қателеспеуіміз мүмкін. Бұл да зерттей түсуді керек ететін мәселе. Тағы бір мысал Атағозы батырдың ерлік ісі бүкіл Кіші жүзге, тіпті исі қазаққа белгілі болды деуге болады. Батыр туралы белгілі ақын Мұрат Мөңкеұлы Жылқышы ақынмен айтысында: Өтіпті Атағозы, Өмір, Темір Бірінен бірі өткен ақсұңқардай, ­ десе, әйгілі Аралбай ақын: Артық кімдер бар еді, Ертеде өткен Есектен. Қасиетін көрсеткен Атағозы мергеннен. Ақсүңгісін өңгерген, Аламанға жел берген, Азын көпке теңгерген. Адырнасы ақырған. Қол оғы нардай бақырған, — деп жырлады. Батырды дәріптеуде мұнан артық қандай теңеу, дерек керек?! Аталмыш ғасырда Маңғыстауда болған Әбілғазының айтуы бойынша, түбекте 700 үй шамасында ғана түрікпен болады. Қалған өрістің бәрін қалмақтар жайлапты. Бұл өлкені мекендейтін елдер Шәудір, Сүйінші рулары (Сүйініш болар) 1­ші Петр заманында қалмақ ханы Аюкенің (1670­1724) қарауына ауып кетеді (В.В.Бартольд. Шығармалары. 2­т., 1 бөлім, 609, 613­66.). Халық арасындағы көп айтылатын адайлардың қалмақтарды шабуы, жесір алуы дейтін аңыздар осы тұстарға дөп келетін сияқты. «Шығысқа қарай жөңкілген қалмақтар, Жем мен іле арасындағы қазақтардың шапқыншылығына ұшырап, қатты қырылды, кері көшкен 30909 үйдің Жоңғарияға аман жеткені шамалы. Жоңғарияға босқан қалмақтар 1771 жылы 18 қаңтарда Жайық өзенінен өтіп, Жем бойыңда Кіші жүз қазақтарының шапқыншылығына ұшырайды. Оған Еділ ­Жем бойы қалмақтарының ақсүйектерінің арасындағы алауыздық себепші болды,» — дейді Ә. Кекілбаев. (Ұйқыдағы арудың оянуы. Алматы, 1979). Орынбор, Москва, Ленинград архивтерінен алынған осы деректерді ақылға жүгіндірсек, бұл оқиғалардың қалың ортасында Атағозы батыр жүрді. Тағы бір дерек Сырым Датұлының қызын, Алаша Байсал би қалың мал беріп баласына айттырады. Бұдан бірнеше жыл өткен соң, Байсалдың баласы Сырымның қызын алмайтын болады. Байсал Сырымға кісі жіберіп: «Балам қызыңды алмаймын дейді, менің берген малымды қайырып берсеңіз екен», — дейді. Сырым: «Мен Байсалдың малын бағып беруге алғаным жоқ, алса қызымды алсын, алмаса өзі білсін», — дейді. Содан кейін екеуі хан алдына барып жүгініспек болады. Жолда келе жатып кеңеседі: «Ханның ауылында жақсы да, жаман да жиналған. ел көп болуы керек. Екеуміз барып ханға жүгінуіміз жараспас. Біз жасы үлкен адай Атағозы батырға барып, соған жүгінейік, соның үкіміне риза болсақ қайтеді», — дейді. Мән­жайды естіген соң Атағозы: «Сіз екеуіңіз белгілі Сырым мен Байсалсыздар ғой, сіздер ұзақ дау айтпай, екі­үш сөзбен қысқаша қайырыңыздар»,­ дейді. Сонда талап иесі Байсал би: — Қозеке, мен Сырымға құда болып едім даңқыменен. Бес жиырма мал бердім, бұрынғы ата­бабаның салтымен. Қалы кілем қара нарға жауып бердім, арғымақ жылқының асылын тауып бердім. Алтын дегенім мыс болды, күміс дегенім жез шығып, сондықтан малымды іздеп келген талапкермін, — дейді. Сонда Сырым айтады: — Байсалдың менімен құда болғаны рас даңқымменен, араласып сыйласты да халқымменен. Бес жиырма мал бергені де рас бұрынғы ата­баба салтыменен. Мұның баласы менің қызыммен үш жыл қалындық ойнады, құлындай байлады, тайдай жайлады. Бар мақсаты біткен соң, енді алмаймын деген қиял ойлады. Мен онысына көнбедім. Сіздей әділ биді іздедім, осы еді алдыңызға келгенім. Атағозы дауды Сырымның пайдасына шешеді. Мұны хан естиді. Хан ашуланып, Атағозыны шақырады. Келсе, хан үйінің алдында жүр екен. Атағозының қолын ұстап тұрып: «Ойда орысты, қырда қалмақты, түстікте түрікпенді олжалап жүрсең де шыр бітпеген сорлы екенсің ғой», — дейді. Сонда Атағозы: «Айтқаның рас, тақсыр. Бұрынғыдан келе жатқан сөз бар еді, өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді, қаралы сында қатын семіреді, халқының қамын ойламаған хан семіреді. Сіз семізсіз ғой, семіздігің халқыңның қамын ойламағандығың. Мен қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп, қазақтың жалғыз тайын жауға алдырмаймын деп бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанамын, маған неғып шыр бітсін», — дейді. Хан жұмғанда аузын ашпай, үйіне кіргізіп, қонақ етіп аттандырған екен, дейді. Атағозы батыр қартайған шағында Нұралы ханның баласы Қаратай сұлтанға кезігеді. Ол Кіші жүзді аралап жүр екен. Орынбордан оқу бітіріп, патшадан аға сұлтан шенін алған бойы екен. Батырдың қартайып, өңі солып, арыңқыраған тұсы екен. Батырдың атағына қазіргі түрі сай келмей отырғанын көрген жас сұлтан: «Уә, нағашы еке, жауыңды ойсыратып ойып алып, үйір­үйір жылқысы мен қора­қора қойын алып, ойда орыстың, қырда қалмақтың сыйын алып, көнбесе басын алып жүрсең де, алғаның бойыңа жұқпаған екен­ау», — депті. Сонда Атағозы: «Е, шырағым, осы сұрақты бұрында сенің әкең де қойып еді, әкеңнен сұрағаның ұят болар, өзім айтып жіберейін, есіңде жүрсін: Өлеңді жерде өгіз семіреді, Өлімді жерде молда семіреді. Қаралы үйде қатын семіреді, Халқын қадірлемеген хан семіреді. Кешегі жас күнімде қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп бір күнде тоғыз оянып, тоғыз толғандым. Мен арық болмай, кім арық болсын, балам», — депті. Қаратай үндемепті. Жолда оның қасындағы бір биі: «Өз жөнімізбен жүрмей, үйдегі қатын­балаға да зиянымыз тиіп кетті­ау», — деген екен. Атағозы батыр бірде бір қысылтаяң шаруамен Айшуақ ханның ордасына келеді. Үйге беттеген батыр таңғы намаз оқу үшін дәрет алуға шығып келе жатқан Айшуаққа бетпе­бет келіп қалып, түйісіп қала жаздайды. Ертелетіп қапылып жүрген батырды жақтырмаған хан: «Таң атпай қаңғып қайдан жүрсің», — деп ақырады. Көңіліне келіп қалған батыр қынабынан қылышын суырып алып: «Басыңды шабайын ба осы», — деп ханға оқталады. Батырдың бұл жүрек жұтқандығына таң қалған, әрі риза болған хан: «А, батыр, тасып жүр екенсің­ау», — дейді, бұрынғысынан даусы жұмсаң қырап. — Жоқ, хан ием, қазақтың басын қоса алмай сасып жүрмін, — дейді Атағозы батыр. Бұл аңызды әркім әр түрлі айтады. Кім қалай айтса да Атағозы батыр ерлігінің куәсіндей осы аңыз ғасырлар бойы ұрпақтан­ұрпаққа тарап жалғасып келеді. Осыларды сөз еткендегі айтайын деген ойымыз: Атағозы батыр Адайдың ғана емес, бүкіл Кіші жүз Алшынға ортақ тарихи тұлға. Оның ерлігі, билігі қай тарихи тұлғалардан да артық болмаса, кем емес. Оның ерліктерін Қабанбай, Бөгенбай, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Тама Есет, Жанғожалармен қатар қоюға болады. Шындығын айтсақ, Маңғыстау батырлары өзінің тарихи бағасын әлі ала алмай келе жатыр. Қазіргі кезде кейбіреулер той көбейіп кетті деген сөздер айтады. Әрине той көбейеді. Тойдың көбеюі ұйқыдан оянудың, сілкінудің белгісі. Кешегі аштан өліп, құлаған жерде жан тәсілім еткендерді ешкім білмейді. Олардың басында құлпытасы да, белгісі де жоқ. Ал ата­ бабаларды дәріптеу, ас беру, солардың бәрін де еске түсіру, көптеген тарихи тұлғалардың қазір қайда жатқанын анықтау қиынның қиыны. Мысалы, Өмір, Темір, Шотан, Шабай, Табынай, Бегей, Бердібектер қайда жерленді? Көбінің жерленген жерлерін білгенімізбен, қай құлпытас немесе қай сағана екенін білмейміз. Атағозы батыр Бейнеудегі Бекет Ата жер асты мешітінің құбыла бетінде 1­2 шақырым жерде Көне тарихтары бар ескі қорымның солтүстік бетінде шетте оқшау жатыр. Шамасы, батыр Бекет Ата мешітінің маңына адам жерленбей тұрғанда өмірден өткен сияқты. Егер ата мешітінің маңына одан бұрын адам жерленсе батыр да сол жерге жерленген болар еді. Батырдың жалғыз жерленуі осы ойларымызды растай түседі­ау, сірә. Ал біз шынында да сол атышулы Атағозы батырға құрмет көрсете алып жүрміз бе? Жоқ, ұлы жолдың бойында бізді осы күнге жеткізуге теңдесі жоқ ерлік көрсеткен Атағозыдай батыр бабамыз арқасын жел тесіп, Бейнеудің ақ көбік тесік­тесік боз тасының астында ескерусіз жата бермек пе? Қарақалпақстандағы адай таңбалы құлпытасы бар Қосай кесенесін жаңартып, Орта Азияны дүрліктірген қызу қанды Қосай атаның ұрпақтары қайда? Біздің дерегіміз бойынша, Атағозы батыр 1704 жылы туып, 1794 жылдары қайтыс болған. Атағозы батыр жаудан өлді деген дерек жоқ. 90 жыл өмір сүрген, 1994 жылы батырдың туғанына 290 жыл толады. Біздің пайымдауымызша, Атағозы батыр 1722 жылы «Ақтабан шұбырындыда» бар адам. Және 1726 жылы Церен Дундуюса қарсы соғысқа қатысқан. Тағы бір дерек «Родоплеменной состав и расселение казахов» (конец XIX — начало XX вв.) кітабында (Алматы, 1968. 87­6.). Есенғұлдың Есегі — Қосайдың немересі бастаған адайлар. Кіші жүзбен бірге Сауранды айналып, қайтадан Арал теңізін жағалай Жем өзеніне бет алды. Бұл жерге келіп қалмақтардың жерді алып қойғанын білді. Соғыса жүре адайлар XVIII ғасырдың аяғында Үстірт — Маңғышлақ бағытына қоныс тебе бастады, ­дейді. Автор бұл деректерді жазғанда 1928 жылғы шыққан М. Ищенконың «Особенности сельского хозяйства Адаевского уезда» (М.— JL, 1928. 100­6.) және «Материалы экспедиции Института истории, археологии и этнографии АН КазССР в 1957 г. на Мангышлаке» кітаптарының деректеріне сүйенгенін айтады. Осы деректер Атағозы батырдың Маңғыстауға қарай елді бастағанын растай түседі. Атағозының туғанына 290 жыл толады деуіміздің де жаны бар. Себебі, жоғарыда жуық арада ақтөбеліктер Тама Есет батырдың 300 жылдық мерейтойын тойлап, басына кесене салды. Бейнеу ауданының Тоқсанбай бағытына жүргенде Ырғызбай—Қарасайдың тұсынан оңтүстік­шығысқа қарағанында адамның имек тұмсығына ұқсас «Тама Есет батырдың тұмсығы» деген имиген таудың тұмсығы көрінеді. Қалмақтардың Үстірт — Маңғыстауды билеп тұрған кезі болса керек. Қазақтар қолы таудың астындағы жауды ала алмайды. Таудың асты бұлақ, шұрқыраған көкалалы жылқы су ішіп шығып бара жатады. Алдындағы таудан түсіп кеткен аттылардың қайдан түсіп жүргенін білмей аң­таң болған әскер сол таудың үстіне түнеп, таңертең ерте қарап тұрса, шұбырып таудан шығып бара жатқан құландарды байқап қалады. Келіп көрсе бір аяқ қия жол. Сол арқылы құлап, қалмақтарды тас­талқан етеді. Енді бір аңыз бойынша, Кіші жүз әскері Маңғыстаудағы қалмақтармен қазіргі Шетпе елді мекенінің Бозашы бағытындағы «Иір» жерінде соғысады. Соғыстың қатты болғандығы сондай, ой қанға бөгіпті­міс. Есет батыр шатырын Айрақтының үстіне тігіп, ара­тұра демалады екен. Осы соғыстан кейін Есет батыр ауырады да, өлетінін біліп өсиет айтады. Есеттің қосын артатын ақ атаны бар екен. Мен өлгесін сол атаныма артып Жемнен жоғары бағыттаңдар. Ақ атанның шөккен жеріне жерлерсіңдер дейді. Осы қаралы керуенді Атағозы батыр бастап барып жерлепті деген аңыз бар. Бұл да зерттеуді керек ететін дүниелер. Ал орыс саяхатшыларының кітаптарындағы деректерді әңгіме қылып отырғанымызда Әбекең (Ә.Кекілбаевты айтам) Есет батырды орыстардың «Есет Айрахтинский» деп атағанын айтқан еді. Мағжанның мынадай сөзі бар: Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас, Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас. Ел үшін жанын қиып, жауды қуған, Ерлерді ұмытса да ел. шел ұмытпас. Ел үшін төккен ерлер, қанын жұтқан, Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас. Олай болса, Атағозыдай батыр бабамыздың аты ешқашан ұмытылмақ емес. Оның атағы қазақ батырларының қай­қайсысынан да кем емес. Сондықтан да Атағозы батырдың 290 жылдық мерейтойын өткізу, басына кесене орнату туралы ұйымдастырушылар алқасын құру керек. Батырдың басына Маңғыстаудың мәрмәр тасынан ескерткіш кесене салу жағын қарастырып, Бейнеу ауданынан есеп шотын ашу бірінші мәселе. Осы мәселені қолға алуды батыр ұрпақтары – Айтқұл атам балалары ұйымдастырады деп сенеміз. Жеке азаматтар, өндіріс орындары, совхоздар, мекемелердің демеуші болатындығына күмәніміз жоқ. Ал кесенені салуға Маңғыстаудың атақты сәулетшісі Мақсат Нұрқабаев құлшыныс танытып отыр. Мақаланың артық­кем жері болса, оқырманнан алдын­ала кешірім сұраймын. Атағозы батыр туралы дерек білетіндер «Маңғыстау» газеті арқылы елге, оқырмандарға көрінеді ғой деп ойлаймын.

Читайте также:  Айтылған тарих деректерін түсіндіру: әдістері мен ерекшеліктері

Оставить комментарий