Айрықша құқық туралы

Заң шығарушы және атқарушы өкімет әр қолда болатын (барлық қанағатшыл монархиялар мен дұрыс ұйымдастырылған үкіметтерде орын алатынындай) жерде, қоғам игілігі кейбір нәрселердің атқарушы өкімет иелерінің ақыл­есіне сеніп берілуін талап етеді. Өйткені заң шығарушылар бәрін бірдей күнілгері көре алып, қоғамдастыққа пайдалы болуы мүмкін барлық жағдайларға арнап тиісті заңдар шығара алмайды ғой, міне сондай кезде, заңдарды орындаушы, қолында билігі бар болғандықтан, табиғаттың ортақ заңы негізінде оны, муниципиялық заң ешқандай нұсқау бермейтін көптеген жағдайларда, заң шығарушы органды жинап, тиісті заң қабылдауға ыңғайлы болғанға дейін, коғам игілігі үшін пайдалану құқығына ие болады. Заң күні бұрын қайтсе де көздей алмайтын көптеген нәрселер бар; оларды атқарушы билік кімнің қолында болса, соған, ол қоғам игілігі мен пайдасы қалай талап етсе, солай жұмсауы үшін, оның ақыл­есіне сеніп беру қажет; ол­ол ма, кейбір жағдайларда, қоғамның барлық мүшелері мүмкіндігінше сақталуы үшін заңдардың өздері атқарушы өкіметке, яғни дұрысырағы, табиғат пен басқарудың осынау негізгі заңына орын беруі қажет. Өйткені заңдарды қатаң да бұлжытпай сақтау зиян тигізетін (мысалы, көрші үй өртеніп жатқанда, өртті сөндіру үшін кінәсіз адамның үйін бұзып тастауға болмайтыны сияқты) толып жатқан жағдайлар туындауы мүмкін ғой, кейде адам марапатталып, кешірілуге тиісті қадамы үшін адамдарды ажыратып жатпайтын заңдардың күшіне ұшырауы мүмкін; билеушінің көптеген жағдайларда заңның қатаңдығын кемітіп, кейбір қылмыскерлерге кешірім жасау билігі болуы керек, өйткені үкіметтің мақсаты мүмкіндігінше барлығын сақтау болып табылады, және егер жазықсыздарға нұқсан келтірмейтін болса, тіпті жазықтыларды да аяу керек. 160.

Айрықша құқық деп аталатын нәрсеңіз қоғам игілігі үшін, заңның нұсқауларына сүйенбей, кейде тіпті оған қарсы өзіңнің ақылыңа сай қарекет жасауға мүмкіндік беретін дәл осы билік. Кейбір басқару жүйелерінде тұрақты жұмыс істейтін заң шығарушы өкімет болмайтындықтан және әдетте тым рабайсыз үлкен болып, сондықтан тым ебедейсіз қимылдайтындықтан, ал заңды атқару үшін жылдамдық керек етілетіндіктен және сондай­ақ бәрін күнілгері болжап, қоғамға қатысты барлық қажетті жағдайларға арнап тиісті заңдар жасап қою, немесе барлық жағдайларда және ол қатысы бар барлық адамдар жөнінде бұлжымайтын қатаңдықпен орындалғанда зиян тигізбейтін заңдар жасау мүмкін еместіктен, сондықтан да атқарушы өкіметке заңда көзделмеген көп нәрсені өз қалауымен істеу бостандығы беріледі. 161.

Осынау билік, ол қоғам игілігі үшін және үкіметтің жауапкершілігі мен мақсаттарына сәйкес пайдаланылатын кезде, сөз жоқ айрықша билік болады да, ешқашан күмән туындатпайды. Өйткені адамдар барлық нәрсенің бүге­шігесіне дейін мұқият және бұлжытпай орындалуын өте сирек талап етеді немесе тіпті ешқашан талап етпейді; олар айрықша құқық өзі арналған мақсат үшін, яғни халыққа анық зиян тигізетіндей емес, оның игілігі үшін белгілі бір ыңғайда пайдаланылып отырған кезде оны зерттеп тексеруден аулақ тұрады. Бірақ атқарушы өкімет пен халықтың арасында айрықша құқық деп аталатын нәрсеге қатысты күмән пайда болса, мұндай айрықша құқықты халықтың игілігіне немесе оған зиян келтіріп қолдануға бейімділік осы күмәнді оп­оңай шешеді. 162.

Читайте также:  Маркстың мәселе қойысы

Үкіметтің нәресте шағында, мемлекеттер адам саны жағынан отбасылардан онша көп ерекшеленбейтін кезде, олар заңдарының саны бойынша да олардан аса өзгешелене қоймағандығын түсіну оңай. Билеушілер халыққа оның өзінің игілігі үшін қамқор әкелеріндей болған соң, басқару толықтай дерлік айрықша құқық болатын. Аз ғана белгіленген заңдар жетіп жататын да, қалғаны билеушінің ақыл­есі мен қамқорлығына берілетін. Бірақ қателік пен жарамсақтық әлсіз тақсырларды бұл билікті ортақ игілікке емес, өздерінің жеке мақсаттарына пайдалануға жетелеген кезде халық айрықша құқықты өздеріне нұқсан келетін тұстарда белгілі бір заңдар арқылы шектей бастады. Міне осылайша, халықтың өзі және оның ата­бабалары бұрын бүл айрықша құқықты тек қана әділет жолымен, яғни, өз халқының игілігіне пайдаланған тақсырлар естілігіне толық шешімдер бостандығын берген жағдайлардағы айрықша құқыққа енді шектеу енгізу қажет деп тапты. 163.

Демек, айрықша құқықтың белгілі бір заңдармен белгіленген қандай да бір бөлігін шектегенде, халық оған қастандық жасайды дейтіндердің басқару туралы түсінігі тым ауа жайылу ғана. Осылай істегенде халық тақсырдан оған құқық бойынша тиесілі ештеңені тартып алмайды, тек халық оның қолында немесе оның ата­бабаларының қолында, халық игілігіне пайдалансын деп шектеусіз қалдырған билік, тақсыр оны өзге бірдеңеге пайдаланған кезде, ол халық берген билік болудан қалатынын мәлімдейді. Өйткені басқарудың мақсаты қоғамдастықтың игілігі, және осы мақсат үшін онда жасалатын барлық өзгерістер әлдекімге қастандық бола алмайды, өйткені өкімет басындағылардың ешқайсысы қандай да бір өзге мақсат үшін пайдаланатын құқыққа не бола алмайды; ал қастандық тек қоғам игілігіне нұқсан келтіретін немесе оған кедергі жасайтын нәрсе. Ал басқаша айтатындар, егер тақсырдың қоғамдастық игілігіне ешқандай қатысы жоқ жеке мүдделері болатын және өзі сол үшін жасалмаған секілді ойлайды; ал мұның өзі монархиялық басқаруда орын алатын барлық қасіреттер мен тәртіпсіздіктердің тамыры мен қайнар көзі.шынында да, егер солай болса, мұндай тақсырдың қоластындағы халық өзара игілік үшін біріккен парасатты тіршілік иелерінің қоғамы болып табылмайды; демек, осы игілікті қорғап, оған жәрдемдесу үшін өздерінің үстінен қарайтын билеушілерді олардың өздері қоймаған; керісінше, оларды өзінің қызығы немесе пайдасы үшін асырап, билеп­төстейтін қожайынның қол астындағы төмен тіршілік иелерінің табыны деп қараған жөн. Егер адамдар мұндай талаптармен қоғамға кіретіндей соншалық парасатсыз және хайуан тектес болатын болса, онда айрықша құқық шынымен­ақ сондай, кейбіреулер иеленгісі келетіндей – халыққа зиян тигізуге бағытталған деспоттық өкімет болып шығар еді. 164.

Бірақ парасатты тіршілік иесі бостан бола тұра, өзіне зиян тигізіп, басқа біреуге бағына бастады деп ойлауға (адам жақсы әрі дана билеуші тапса, ол, оның билігін дәл шектеуді қажет деп те, пайдалы деп те санамауы мүмкін болса да) қаншалық айрықша құқық соншалық халықтың өз билеушілеріне, заң үнсіз қалған кезде, кейбір нәрселерді өз қалауы бойынша, ал кейде, қоғам игілігі үшін, заң талабына қарсы жасауға рұқсаттан өзге ештеңе де емес; және де осылай жасалған кезде халық онымен келіседі. Өйткені өзіне көрсетілген сенімді есінде ұстайтын және өз халқының игілігін ойлайтын жақсы тақсыр тым көп айрықша құқыққа, яғни, жақсылық жасау үшін тым көп билікке не бола алмайды ғой; ал өзінің ізашарлары заңның міндеттеуінсіз пайдаланған билік өзіне шені бойынша тиесілі, бұл халықтың мүддесінен өзгеше мүддені көздеп немесе жүзеге асырып, өз қалауына қарай пайдалана алатын айрықша құқық болып табылады деп білетін дәрменсіз әрі жаман тақсыр халыққа өзінің құқығы туралы мәлімдеп, өзінің игілігі үшін жүзеге асырылған кезде үнсіз жол беріп келген билікті шектеуге ілік береді. 165. Англия тарихына көз жүгірткен адамның ең зор айрықша құқық әрқашан біздің ең дана да ең үздік тақсырларымыздың қолында болғанын көретіні сондықтан, өйткені олардың қарекеттері тұтастай алғанда ортақ игілікке бағытталғанын аңғарып отырған халық осы мақсат үшін заңнан тыс жасалған нәрселерге немесе бұл мақсаттан кейбір шамалы ауытқуларда адамның әлдеқандай әлсіздігі немесе қателігі байқалса (тақсырлар да басқалар сияқты ет пен сүйектен жаратылған адамдар ғой) олар жөнінде дау шығарған жоқ, дегенмен олардың құлқы негізінен халық жөніндегі қамқорлыққа негізделетіні сезіліп тұратын. Сол тақсырларға риза болуға негізі бар халық олар заң бойынша істемеген немесе заңға қарсы істеген жағдайларда жасалған іспен келісіп, титтей де шағым жасамастан, олар барлық заңдардың негізі мен мақсаты – қоғам игілігіне сәйкес істеп, мұнысымен заңдарға нұқсан келтірген жоқ деп әділ санап, олардың өздерінің айрықша құқықтарын қаншалықты болса да ұлғайтуына мүмкіндік бергені тап содан. 166.

Читайте также:  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДАҒДАРЫСТАН КЕЙІНГІ ДАМУЫ

Егер, абсолютті монархия әлемдегі ең үздік басқару, өйткені алла­тағаланың өзі ғаламды солай басқарады деп дәлелдейтін уәжді пайдаланатын болсақ мұндай құдай сынды тақсырлардың, шын мәнінде деспоттық өкіметке біршама құқығы бар; өйткені мұндай корольдердің бойына оның даналығы мен рахымының бір бөлігі қонған ғой. «Жақсы тақсырлардың басқаруы өз халқының бостандықтары үшін қашанда ең қауіптісі болған» деген мақал соған негізделген, өйткені олардың ізбасарлары, тек қана халық игілігі үшін жасалған нәрсе, өздеріне халыққа қалай болса солай зиян келтіруге құқық беретіндей, билікті басқа пиғылдармен қолданып, сол жақсы билеушілердің қарекеттерін үлгі етіп, оны өздерінің айрықша құқығының өлшемі деп санаған. Бұл халық өзінің бастапқы құқығын өзіне қайтарып, ешқашан айрықша құқық болмаған нәрсенің солай деп жарияланбауына қол жеткізгенге дейін жиі­жиі дау туғызып, кейде қоғамдық тәртіпсіздіктер де туындататын, өйткені, қоғамда әлдекімнің халыққа зиян тигізу құқығына ие болуы мүмкін емес нәрсе, дегенмен халықтың қоғамдық игілік шекарасынан өздері де аттап өтпеген корольдердің немесе билеушілердің айрықша құқықтарының шегін белгілеуге ұмтылмауы әбден мүмкін де есті тірлік болатын. Өйткені айрықша құқық дегеніміз қоғамдық игіліктерді заңнан тыс жасау құқығынан басқа ештеңе де емес. 167. Англияда парламентті шақыру құқығы, уақытына, орны мен мерзіміне қатысты, еш күмәнсіз корольдің айрықша құқығы болып табылады, бірақ ол халық игілігіне уақыт пен жағдай талап ететіндей пайдаланылу шартымен ғапа. Өйткені парламенттің қай жерде, қай уақытта жиналғаны жақсырақ екендігінің алдын ала көзделуі мүмкін емес қой, сондықтан бұл жерде таңдау атқарушы билікке беріледі, бұл қоғам игілігіне барынша жақсы жәрдемдесу және парламенттің мақсаттарына сәйкес келу үшін жасалады. 168. Айрықша құқыққа қатысты: «Сонда осы биліктің қолданылуының дұрыстығын айқындайтын қазы кім болмақ» деген ескі сұрақ қойылатын болады. Жауабым мынадай: осындай айрықша құқығы бар атқарушы өкімет пен оған шақырылу жағынан тәуелді заң шығарушы орган арасында жер бетінде қазы болуы мүмкін емес; дәл сол секілді егер атқарушы яки заң шығарушы орган билікті өз қолына алып, халықты құлдыққа салғысы немесе жойып жібермек болса, яки соны жүзеге асыра бастаса, заң шығарушы өкімет пен халықтың арасында қазы болуы мүмкін емес.

Читайте также:  Құрылымдық, структурализм және құрылым

Халықта бұған қарсы ол үшін жер бетінде қазы жоқ барлық өзге жағдайлар секілді, көкке жүгінуден басқа ешқандай амал жоқ. Өйткені билеушілер, осының бәрін жасауға тырысқан кезде, халық ешқашан олардың қолына бермеген билікті пайдаланады (әлдекімнің өзіне зияны тиетіндей етіп басқаруына халық келіседі деп санауға болмайды ғой), демек, құқығы жоқ нәрсені жасайды. Ал адамдардың бір тобы немесе әлдебір жеке адам өзінің құқығынан айырылып немесе биліктің қысымымен құқықсыз қалса және олардың жер бетінде жүгінетін жері болмаса, онда олар, егер ілік орынды деп санаса, көкке қол жаюға ерікті. Демек, сол қоғамның конституциясы бойынша халық бұл жағдайда пәрменді үкім белгілеп, шығаратын жоғарғы билігі бар қазы бола алмаса да, дегенмен ол адамдардың барлық оң заңдарының ізашары және үстемі болатын заң бойынша, жер бетінде жүгінетін ешкім жоқ жағдайларда, бүкіл адамзат ие болатын түпкілікті анықтау құқығын, яғни өзінде көкке жүгіну үшін жеткілікті ілік бар­жоқтығын таразылау құқығын сақтап қалады. Және мұндай таразылаудан халық айырыла алмайды, өйткені басқа біреудің өзін жойып жіберуіне бостандық берерліктей деңгейде өзгеге бағыну адам дәрменінен тыс нәрсе; құдай мен табиғат адамның өзін­өзі сақтауға мән бермейтіндей деңгейде алжасуына ешқашан рұқсат бермеген, және ол өзін­өзі өлтіре алмайтындықтан, басқаға да мұндай құқықты бере алмайды. Осы арқылы мәңгілік тәртіпсіздіктерге негіз қаланады деп ешкім де ойламасын: қолайсыздықтың шектен шығып кететіндігі соншалық, оны көпшілік сезініп, ауырсынатын деңгейге жетіп, сол көпшілік бұл жағдайды түзету қажет деп санағанша ол күшіне енбейді ғой. Бірақ атқарушы өкіметтің немесе кемеңгер тақсырлардың бұл қауіпке ешқашан жол беруінің қажеті жоқ, олар бәрінен бұрын нақ осыдан қашуы керек, және ол барлық басқа қауіптердің ішіндегі ең тажалдысы.

Оставить комментарий