Айтылған тарих Аустралияда

Аустралияда «Айтылған тарихтың» алғашқы бастамасы ретінде Бэттэй кітапханасының қызметкері Молли Лукистің Еуропа және Солтүстік Америкаға жасаған экспедициясы аталады. Карнеги қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылған тоғыз айлық экспедиция нәтижесіне қанаттанған М. Лукис 1961 жылдан бастап қарамағындағы қызметкерлерімен бірге кітапхана қорын байыта түсу мақсатында біртіндеп сұхбат алу ісін қолға алады. Осылайша, Аустралияның ең ірі кітапханаларының бірінде «айтылған тарих» бастау алып, келесі он жылдықта түрлі ұйымдардың қолдауымен қоғам және өнер қайраткерлерінен сұхбат алу жобаларын жүргізумен шектеледі. 1970­ші жылы зейнеткерлікке шыққан журналист Мэл Пратт Ұлттық кітапхананың арнайы тапсырысымен даярланған тізім бойынша сұхбат алып, көлемді мәтіндер коллекциясын қалыптастырады. Бэттэй кітапханасының арнайы бағдарламасы бойынша материалдар қорын жасақтау 1974 жылғы сайлау компаниясы барысында либералдар партиясының «көзі тірі қоғам қайраткерлерінің естеліктерін жинау » идеясын іске асыруға ұласады. Атаулы партия көшбасшысы Чарльз Корт премьер­министр қызметіне тағайындалғаннан кейін «Айтылған тарих» бағдарламасы мемлекеттік кітапхана жұмысының құрылымына енгізіліп, Бэттэй кітапханасының бастамасы сәтті жалғасын тапты. Мемлекет деңгейінде қолдау көрсетілген ғылыми жобалар легі қоғамдық сұранысқа жауап бере алатын тақырыптарды қолға алу арқылы жүргізілді. «Айтылған тарихты» ғылыми зерттеулерде қолданушылар қатары көбейіп, қауымдастықтар мен өзара ынтымақтастықта жүзеге асырылған жобалар басым түрде тарихи­әлеуметтік тақырыптарды қамтыды.

1973-­1976 жж. аралығында мұрағаттар мен кітапханаларда жекелеген «Айтылған тарих» коллекциялары мен қорлары ашылып, олардың материалдық базалары үнемі толықтыру үрдісінде болды. 1973 жылдың қараша айында Сидней университетінде өткен Аустралия фольклортанушыларының бірінші конференциясында халық ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдар мен айтылған тарих өкілдері күні бүгінге дейін түрлі пікірталастарға қозғау салып келген екі салаға да ортақ мәселелерді талқыға салды. Конференцияда алғаш рет кәсіби деңгейде фольклор туралы ғылым аясында қарастырылатын салт­ дәстүр, халық әндерін жинау ісі мен белгілі бір тарихи оқиғаны зерттеуде немесе өмірлік және қызметтік тәжірибесі бай айтары көп көрнекті қоғам қайраткерлерінен сұхбат алу ісінде айтылған тарих әдісін пайдалану мәселелері қарастырылды. 1974 жылы Ла Троб университетінің аға оқытушысы, Ph.D доктор Джоан Кэмпбеллдің ұйымдастыруымен Аустралия тарихындағы алғашқы «Айтылған тарих» бойынша ғылыми конференция өтті. Мельбурн қаласында орналасқан Ла Троб университетінде 1974 жылдан бастап тарих мамандығының үшінші курс студенттерінің оқу бағдарламасына «Айтылған тарихтың» жеке пән ретінде енгізілуі соған байланысты көптеген мәселелерді талқылау қажеттілігін туғызды. Өз кезегінде пән оқытушысы Джоан Кэмпбелл конференция шеңберінде ғалымдар қауымына айтылған тарих, этнотарих, сұхбат алу мәселелеріне қатысты күн тәртібінде тұрған мәселелерді талқылауды ұсынды. Айтылған тарих бойынша алғашқы конференцияны ұйымдастыру шаралары мемлекеттің қолдауымен жүргізілгенімен қатысушылардың басым бөлігі негізінен Виктория штатының ғалымдары еді. Ал, 1975 жылы ақпан айында ұйымдастырылған «Айтылған тарих» бойынша екінші конференцияға қатысушылар қатарында Канберра, Квинсленд және Оңтүстік Аустралия ғалымдары болды.

Читайте также:  Газ тәріздес отындардың құрылымы

Бағдарлама шеңберінде әдіснамалық мәселелермен қатар иммигранттық қауым тарихы және халықтың салт­дәстүрлері, сияқты тақырыпта орындалған зерттеулерге ден қойылды. Аустралияда айтылған тарих бағытының қалыптасуы барысында маңызды рөл атқарған бұл екі конференцияда академиялық мүдде тұрғысынан ғылыми талқылаулардың орын алуы және мақалалар жинақтарының шығуы 70­ші жылдары бұл елдегі тарих ғылымына айтарлықтай өзгерістер әкелді. Жаңа ғылыми зерттеу саласын қолдаушы ғалымдар тобы қалыптасып, мемлекеттің барлық аумағынан шыққан айтылған тарихшылар мен зерттеу ұжымдарын бұл саланы өрістету мақсаты төңірегіне біріктіру үшін айтылған тарих қауымдастығы құрылады. 1978 жылы 26 шілдеде заңды түрде негізі қаланған. Аустралияның айтылған тарих қауымдастығы тарапынан бұл жұмысты бастаған Бэттэй кітапханасының «Айтылған тарих» бағдарламасы бойынша интервьюер ретінде арнайы тағайындалған екі қызметкердің бірі Джин Тисдейлдің еңбегі ерекше атап өтілді. Қауымдастық өз қызметінде негізінен британдық моделді ұстанғанымен өзге елдердің де тәжірибелеріне сүйене отырып айтылған тарихтың осы елге лайық өзіндік бағытын қалыптастыруға қол жеткізді. Халықаралық деңгейдегі алғашқы қарым­қатынастар Ұлыбритания, АҚШ, Индонезия, Малайзия, Тайланд, Кения, Папуа Жаңа Гвинея сияқты елдермен орнатылды. 1970­ші жылдардың соңы мемлекеттің жекелеген аймақтарында қауымдастықтың филиалдарының ашылуы және көптеген еңбектердің жариялануымен, жыл сайын шығатын «Айтылған тарих журналының» ұйымдастырылуымен сипатталады. Аустралияның Ұлттық кітапханасында «Айтылған тарих және фольклор» коллекциясының негізі 50­нші жылдары қаланған.

Бүгін онда 45000 сағаттық рекордтік жазба сақталған қорда қоғамның мәдени, интеллектуалдық және әлеуметтік өміріне қатысты материалдар жинақталған. Коллекцияның үлкен бөлігін атақты ғалымдар, жазушылар, суретшілер, саясаткерлер, спортшылар сияқты Аустралияның көрнекті қайраткерінен, сондай­ақ мемлекет тарихына қатысты әлеуметтік маңызды процесстерге тікелей атсалысқан тұлғалардан алынған сұхбаттар хронологиясы 1938 жылдан бастау алады. Коллекция қоры мемлекеттің қаржылай қолдауымен жүзеге асырылатын айтылған тарих бойынша жобалар арқылы үнемі толықтырылып отырды. Мәселен, 1970­ші жылдарға дейін жүргізілген мемлекеттік саясатқа сәйкес «Ұрланған ұрпақ» құрбандары болып табылатын аустралиялық аборигендер балаларының естеліктерін жинау 1998­2002 жж. қолға алынған. Төрт жылға созылған «The Bringing Them Home» («Оларды өз үйлеріне қайтарамыз») атты жобаны жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан Аустралияның Ұлттық кітапханасына 1.6 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінді. Науқан нәтижесінде атаулы саясаттан зардап шеккен Аустралияның байырғы және жергілікті тұрғындарының тарихы, олардың қазіргі жағдайға бейімделу үрдістері, жергілікті халықтың гендерлік тарихы сияқты тақырыптарда көптеген жобалар жүзеге асырылып, іргелі зерттеулер орындалды.

Читайте также:  Делигитимация туралы қазақша

Ал, 2004 жылы басталып өз нәтижелерін 2012 жылы қорытындылаған «The Forgotten Australians and Former Child Migrants Oral History» («Ұмытылған Аустралиялықтар және мигранттық балалық шақ») атты жобаға қатысушы тарихшылар айтылған тарих әдістемесі бойынша арнайы дайындықтан өткізілді. Нәтижесінде жинақталған 200­ден астам сұхбат Аустралияның Ұлттық кітапханасынан «You Can’t Forget things Like That» («Ұмыту қиын өмір қырлары») деген атпен коллекция түрінде орын алды. Аустралия тарихында орын алған саясат нәтижесінде балалық шақтарында зорлықпен «әлеуметтендіруге» ұшыраған 500 000 балалардың тағдыры тарихи зерттеулер тақырыбына айналды. Бұл ащы өмір сұранысынан туындаған аса маңызды жоба еді. Бүгінгі таңда Аустралияда айтылған тарих әдіснама, ғылыми пән, әлеуметтік және мәдени тарих деректерін жинау әрі сақтау құралы ретінде қалыптасып, әлі де даму үстінде. Қырық жылға жуық тәжірибесі бар «Аустралияның айтылған тарих журналы» шығады. Құрлықта ірі институт ретінде қызмет атқаратын «Айтылған тарих қауымдастығы» жұмыс жасайды. Қауымдастық қызметі оның ірі алты филиалдары арқылы басқа аймақтарды да қамтиды.

Оставить комментарий