Айтылған тарих дереккөздерін құжатқа айналдыру

«Айтылған тарихта» түпдерек ретінде қарастырылатын рекордтік сұхбат* материалдары зерттеу жұмыстарында қолайсыздығымен ерекшеленеді. «Айтылған тарих» саласында дереккөздердің мәтіндік нұсқасын көрсету үшін «транскрипт» термині ғылыми айналымға енгізіліп, рекордтік жазбалардың мәтіндік нұсқасын – транскрипция жасауды жобаны жүзеге асыру сатыларының біріне айналдырған. Сонымен, транскрипция дегеніміз аудио немесе бейне форматтағы тасымалдаушыға жазылып алынған сұхбаттың рекордтік күйден сөзбе­сөз жазбаша мәтінге көшірілуі. Транскрипция керекті материалдарды еш қиындықсыз тез табу, материал мазмұнымен танысу процесін жылдамдату сияқты артықшылықтарға ие. Мәселен, сұхбат мазмұнынан қандай да бір деректік маңызы бар фрагментті қарау үшін рекордтік жазбаны арнайы техникалық құрылғы арқылы қосу керек және оны қайталап тыңдау арқылы іздеу уақыт пен күш­жігер жұмсауды талап етеді. Ал, транскрипция мәтіндік құрылымының арқасында бір сағаттық жұмысты бір мезетте орындауға мүмкіндік береді және материалды мұрағатта сақтау сапасын қамтамасыз етеді. Себебі, мұрағат қызметкерлерінің пікірінше, қандай да бір құжатты кепілді сақтаудың ең тиімді түрі оны қағаз бетіне түсіру.

Мәселен, күн сайын жаңа қарқын алып, үнемі жетілдіру үрдісіндегі рекордтік жазбалар 1990­шы жылдарға дейін таспалы магнитофондар мен видеокамералар форматында белгіленді. Ленталық және кассеталық тасымалдаушылар магнитсізденіп, дыбыс сапасы төмендеу қаупі жоғары болғандықтан бұл таспалар материал сақтаушы ретінде сенімсіз құрал екендігі мәлім болды. Ал цифрлық дәуір жемісі болып табылатын заманауи аудио және бейне тасымалдаушылардың да уақыт кеңістігіне төтеп беретін мүмкіндіктері аса жоғары емес. Сұхбат транскрипциясы екінші деңгейлі дереккөзі болып саналады. Өйткені, транскрипцияланған мәтін респондент сөзінің айтылу мәнерін немесе аса нәзіктікпен байқалатын ым–ишараларды рекордтық түпнұсқада берілгендей көрсете алмайды. Сонымен қатар, транскрипция мен техникалық мүмкіндіктердің болмау себебінен сұхбатты қағаз бетіне жазып алу нәтижесінде құжатталған зерттеу материалымен шатастырмаған жөн. Рекордтік материалдар мен транскрипцияланған мәтінді ғылыми­ анықтамалық тұрғыда рәсімдеу құжаттандыру үрдісімен аяқталады. Айтылған тарих бойынша ғылыми жобаны жүзеге асыру барысында мәтінді транскрипциялау қажырлы еңбек пен жігерді қажет ететін үрдіс. Орта есеппен алғанда, сұхбаттың бір сағаттық дыбыстық жазбасын мәтіндік формаға айналдыру, яғни транскрипциялау үшін 3­6 сағат уақыт жұмсалады. Бұл сұхбаттың дыбыстық жазбасы мен транскриптцияланған мәтінін салыстыру жұмысына жұмсалатын уақытты қоспағандағы көрсеткіш. Сондықтан, айтылған тарих саласында зерттеу жобасын жоспарлауда транскрипциялау кезеңін жүзеге асыру үшін қосымша көмек немесе қаржылай қолдау керек болатындығын ескеру қажет­ақ. Әлемдік тәжірибеде, әсіресе батыс елдерінде «айтылған тарих» орталықтары бұл мәселеде транскрипция жасауды кәсіпке айналдырған шағын кәсіпорындар мен мекемелердің ақылы қызметтеріне жүгінеді.

Читайте также:  Адаев Имангали биография

Немесе, қосымша қаржы табуға ықыласты гуманитарлық мамандықтар саласындағы студенттердің көмегіне жүгіну кең таралған әдістердің бірі болып табылады. Өйкені, мәтін мен дыбыстық жазбаның мағыналық сәйкестігін талдау үшін жауапты зерттеуші ғалымдар жаппай транскрипциялау науқанын уақыт тапшылығына байланысты өзгелер үшін «тиімді тапсырысқа» айналдырады. Сараптамалық дерек көздеріне сүйенетін болсақ, бір сағаттық транскрипция дыбыстық жазба сапасы мен сұхбат берушінің сөйлеу мәнеріне байланысты 15 $ ­30 $ бағаланады екен. Әрине, бұл АҚШ және Еуропа елдері үлгісінде берілген мәлімет. Отандық тәжірибеде транскрипциялау шығармашылық ынта негізінде зерттеушінің борышы ретінде қарастырылып келеді. Тек қосымша көмекті кәсіби қызығушылық тұрғысынан тәжірибе алуға ниетті жас ізденушілер, яғни студенттер тарапынан табуға болады. Алайда, бір таспаны қайталап айналдыра тыңдап, таспадағы жазбаны мәтінге айналдыру арқылы тәжірибе жинауды қалайтын еріктілерді табу мүмкіндігі әрқашан болмайтындықтан, бұл амал да толық сенімді емес. Сондықтан да, транскрипция жасауға кететін уақыт пен көмектің жеткілікті екендігіне көз жеткізу ең басты тапсырмалардың бірі. Жоба орындаушыларының мүмкіндіктеріне байланысты сұхбат алушы міндетіне транскрипция жасау тапсырылған жағдайда зерттеуші ғалым үшін сұхбат жазыла салысымен, алынған ақпараттардың әлі де есте жаңа қалпында сақталып тұрған кезінде транскрипциялау өте ыңғайлы болады. Сондай ақ бұл реттік әрекеттің сұхбат алу дағдыларын қалыптастыруға көмектесетіндігі хақ. «Айтылған тарих» бағытында зерттеу жобасын жүзеге асыруда транскрипция жасаумен нақты кім айналысатындығы нұсқаулық стандартта көрсетілмеген: зерттеуші ғалым, яғни сұхбат алушы ма? немесе сұхбат алу ісіне қатыспаған, бірақ жобаға қатысушы болып табылатын көмекші ізденуші­практиканттар ма? Әлде ақылы қызмет көрсетуші ме? Бұл туралы біріңғай қабылданған пікір жоқ.

Транскрипциялау – айтылған тарих жобасының уақыт және қаржылық мүмкіндігіне байланысты зерттеу тобының ұйымдастырумен жүзеге асырылатын жұмыс үрдісі. Транскрипциялау нәтижесінде айтылған субъективті дерек көзінің қате берілу қаупі жоғары болғандықтан атаулы үрдісті сұхбат алушының өзі жүзеге асырса мағыналық тұрғыдан бұрмалаушылыққа жол беріле қоймайды. Әрине, бұл сұхбат көлемі аз болғанда ғана мүмкін жағдай. Сұхбаттың көлемді болуы қосымша көмек күшін тартуды қажет етеді. Транскрипциялауды жұмыс тобынан басқа нысандарға тапсырған жағдайда кез келген ұжымнан транскрипциялаудың ортақ стандартын басшылыққа алуды талап ету міндетті. Өйткені, ресми рәсімдеу, белгілер жүйесі, сөздерді қысқартудың ортақ ережелері мәтінді дыбыстық түпнұсқамен салыстыру және ғылыми өңдеуді жүзеге асыруда жұмысты жеңілдетеді. Ең бастысы, ресми дерек көзі ретінде сұхбат мәтінін пайдалану мүмкіндігіне ие болу үшін берілетін келісімді алу мақсатында сұхбат берушіге оқып шығуға дайындалатын рәсімделген материал – транскрипция екенін ескерсек, біріңғай стандарттың маңызы зор. «Айтылған тарих» ұжымының мақсаты жинастырылған материалдарды жоғалтып алудан сақтау болғандықтан транскрипциялауды кәсіби даярлықпен жүзеге асырған жөн. Транскрипция жасау қызметін көрсететін орындар кәсіби деңгеймен, ал жалдамалы студенттер грамматикалық сауаттылығымен ерекшеленгені жөн. Мәтінді рәсімдеуде тыныс белгілерінің дұрыс қойылуы мағыналық нақтылықты қамтамасыз етіп вербалды және визуалды ақпаратты белгілеп жазып алуға мүмкіндік береді. Сұхбат мәтінінің жазбаша нұсқасының сапасы транскрипциялаушының кәсіби деңгейіне тәуелді. Сондықтан, айтылған тарих дереккөзін құжаттауда үш адам авторлық жауапкершілікте болады: ақпарат иесі ретінде респондент, ғылыми­ әдістемелік құралдарды дайындаушы әрі сұхбат алушы – зерттеуші ғалым және жазып алынған ақпаратты қағаз бетіне түсіруші, яғни сұхбатты транскрипциялаушы. Айтылған тарих дереккөз сапасы транскрипция жасаушының грамматикалық, лингвистикалық және визуалды ақпаратты қодтау шеберлігіне байланысты болмақ. Респондент сұхбат беру барысында мәліметтік (даталық, цифрлық, көрсеткіштік және т.с.с.) қате жіберген жағдайда транскрипцияланған материалға түзету немесе толықтырулар енгізуге арнайы уақыт беріледі. Мәтінді респонденттің жеке өзінің тексеруі егер транскрипциялау ақылы қызмет түінде жүзеге асырылса, онда міндетті түрде тәжірибеге енгізілгені жөн. Бұл сақтандыру шарасы істің сапалы аяқталуы үшін маңызды. Респондент түзетулер мен толықтырулар енгізгеннен кейін міндетті түрде қол қойып, мерзімін жазғаны жөн.

Читайте также:  Үйлену оңай... немесе елімізде ажырасушылар саны неге көп?

Халықаралық стандарт бойынша сұхбат құжатын респондент өзі қол қойып бекітуі аса маңызды, себебі дұрыс естілмеген немесе транскрипциялаушы дұрыс түсінбеген ақпаратты респонденттен басқа ешкім түзете алмайды. Заманауи техникалық мүмкіндіктерге сәйкес қазіргі уақытта берілген сұхбат материалдарын қол қою негізінде растау міндетті емес. Диктофон, аудио­ немесе видеотаспаларға жазылған респонденттің сұхбаты заңды түрде оның тұлғалық даралығын растау қағазын алмастырады. Айтылған тарих жобасын жүзеге асыруда мұрағаттау кезеңі қарастырылса сұхбаттың құжаттандырылған қағаз нұсқасымен қатар таспалық немесе цифрлық нұсқалары сақтауға тапсырылады. Сондықтан, респонденттің тұлғалығын растау мақсатымен оның қолын жергілікті әкімшілік (ауылдық, аймақтық, аудандық, қалалық және т.с.с. мемлекеттік мекемелер) мөрімен куәландыру талап етілмейді. Айтылған тарих түпдерек ретінде респондент сұхбатының аудио (немесе видео) жазбасының толық нұсқасы қарастыратындықтан транскрипциялауды құжаттандыру тәртібінің маңызды бөлігі ретінде қабылдау міндетті ме? деген сұрақ туындауы заңды. Әрине, айтылған тарих жобасы бойынша арнайы жинастырылған материалды мұрағатқа өткізгенде транскрипциясы болмаса да құжаттауға болады. Бірақ, бұл жерде бірнеше мәселені ескеру қажет: біріншіден, құжаттау стандарттық талаптардан ауытқиды. Екіншіден, дереккөзі ретінде транскрипт болашақ зерттеушілер үшін қолжетімді бола алмайды, онымен жұмыс жасау процесі қиындай түседі. Жалпы, техникалық себептерге байланысты сұхбат қандай форматта сақтауға берілсе де (мейлі ол цифлық тасмалдаушыда немесе, таспалық жазба күйінде болсын) оның жойылу қауіпі әрдайым жоғары болғандықтан құжаттандыру процесі транскриптеу арқылы ғылыми­анықтамалық материал жасаумен аяқталғаны орынды болмақ.

Респондентке транскрипцияланған сұхбат мәтініне қайта – қайта түзетулер енгізуге ерік беру нәтижесі басым жағдайда оңды болмайтындықтан, мүмкіндігінше бірінші реттен кейін­ақ тоқтамға келуге тырысқан жөн. Транскрипцияланған мәтіннің әрдайым сұхбат берушінің көңілінен шығуы мүмкін емес. Өз әңгімесінің жазбаша нұсқасын көріп, респондент сұхбатта берілген көптеген пікірлерінен бас тартуы ықтимал: әлеуметтік­саяси жағдайларға, қоғамдық пікір, цензуралық сескену және т.б. себептерге байланысты респонденттің өткен оқиғаларды қайта бағалау мен ой елегінен өткізу нәтижесінде. Сонымен қатар, пенделік психология респонденттің өзгелер алдында өзі туралы жақсы пікір қалдыруды еріксіз мақсат ететіндіктен сұхбаттың мәтіндік мазмұнына толықтырулар мен түзетулер, өзгертулер енгізуге ниеттендіреді. Өз кезегінде бірнеше түзетулерден өзкізсе сұхбат мазмұны түбегейлі өзгеріске ұшырауы хақ. Сол себепті транскрипцияның бірінші нұсқасымен тоқтамға келу екі жақты тиімділігімен ерекшеленеді. Алайда, респондент тарапынан сұхбат транскрипциясына енгізілген бұл өзгертулер тарихшы, саясаткер, әлеуметтанушы, мәдениеттанушы және т.с.с. зерттеуші ғалымдар үшін қызықты дерек болып табылуы мүмкін. Транскрипцияланған мәтіннің алғашқы және түзетулер енгізілген соңғы нұсқасы арасындағы айырмашылық – адамның тұлғалық көзқарасы мен ұстанымдарының өзгергендігін, саясат, идеология, қоғамның ықпал ету әсерін байқатады. Мәтін мазмұнында не өзгеретіндігінен және оның себеп­салдарын анықтау арқылы айтылған тарих жобасы барысында салыстырмалы талдау негізінде түзету енгізілген транскрипцияны зерттеу нысанына айналдыруға да болады. Дегенмен, кәсіби этика мұндай жолға барудың жағымсыз салдары болатындығын ескеруді талап етеді.

Читайте также:  Жаңа дүниежүзілік тәртіп

Сұхбат берушінің мәтіннің құрылымы мен мазмұнын өзгерту мүмкіндігі көп болған сайын оның құндылығы азайып, ресмилік сипаты арта түседі, соған сай сұхбатты пайдалануға шектеулер енгізу ықтималдығы күшейеді. Қандай жағдайда болмасын зерттеушілер баяндалған артықшылықтар мен кемшіліктерді ескере келе жұмыс жоспарын қажетті тәртіп және жүйеде жүзеге асырады. Рекордтік материалды транскрипциялау кезінде вербалды және визуалды мәтінмен қатар жасырын контекстің болатындығын назарға алған жөн. Шетелдік ғалымдардың пікірінше, негізінен көзбен көргенді сөз категориясына аудару зерттеушіні жаңа ақиқатқа көз жеткізуге жетелейді. Респонденттің қосымша ым­ишараты арқылы ауызша берілген сөзді транскрипциялау барысында бастапқы шынайы мағынасының мүлдем өзгеруі ықтимал. Сол себепті құжаттандырылған сұхбаттың толық нұсқасын қалыптастыру кезінде екі түрлі ақпаратты – вербалды және визуалды ақпаратты қатар беру ұсынылады. Ортақ жиынтық зерттеушінің қойған сұрағына берілген нақты жауап ретінде қабылданады.

Оставить комментарий