Айтылған тарих деректерін қолдану және оны жариялау

Бүгінде жеке адамдардың өткен өмірі жөніндегі тарихи естеліктер білім, ғылым жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен қолданымға тартылып жүр. Әсіресе биылғы ҰОС­ң 70 жылдығының аталуына орай жыл бойы ардагерлерден журналистикалық сұхбаттар жүргізіліп, кездесулер өткізілді. Жекелеген авторлар өмірбаяндық естелік кітаптар шығарды. Тарихи оқиға куәгерлерінің естеліктерін айналымға тарту, ардагерлермен сұхбаттасу арқылы өткен өмірге қатысты дерек көздері толыға түседі. Айтылған тарих бағытында кәсіби сұхбат жүргізіп, әңгімені мәтінге түсіріп, рәсімдеп, оны мұрағаттау тарихшыларға жүктелетін маңызы зор іс. Аталған тарауда міне осындай ғылыми, танымдық мәселелер талдауға алынбақ. Бүгінде тарих ғылымы методологиясының жаңаруы тарихшы алдына жаңа міндеттерді жүктей бастады. Әсіресе айтылған тарих аясында жұмыс істеу – тарихшы маманның пәнаралық тоғыста, яғни әлеуметтану, экономика, психология, журналистика ж.б. ғылымдар тоғысында барынша эрудицияға бай болуын талап етуде. Себебі айтылған деректерді жинай білген және оны түсіндіруді меңгерген зерттеуші ғана жеке адамның әрекет ету алдындағы таңдауларын, оның ішкі себептерін анықтай алмақ. Айтылған тарих зерттеушілерінің бірі Бутько В.Н. әрбір адамды «ауызша мұрағат» (устный архив) санатында қарауға шақырады. Себебі қайсыбір жағдайларда жеке адам жадындағы естеліктер тарихи шындыққа апару мүмкіндігін көрсетеді. Айтылған деректер беретін ақпараттар екіге бөлінеді. Бірі, тарих айту дәстүрі беретін ақпараттар жалпыхалықтық жад сипатына ие, яғни кең ауқымды және ұзақ мерзімді қамтитын, батырлық эпостары мен тарихи жыр – елдің өткені. Екіншісі, мемуар, куәгерлер естеліктері мен жадтағы мәліметтері.

Бірінші дерек түріне Висконсин университетінің профессоры Ян Вансина өзі «ауызша дәстүр» деп атаған ұғымға бес күрделі категориялардан тұратын дерек түрлерін жатқызады. Біріншіден, бұл әр түрлі ғұрыптар, ұрандар мен титулдар, қанатты сөздер. Екіншіден, бұл географиялық атаулар мен адам аттары. Үшіншіден, тарихи, діни және жеке поэзия. Төртінші категория – тарихи, дидактикалық, көркем және жеке басқа қатысты әңгімелер. Ең соңында, бесіншіден, әдет­ғұрып заңдары және олардың түсіндірмелері. Ал айтылған тарихтың жалпы деректерін қолданысына қарай үш түрге топтайды: ертеден келе жатқан халықтың тарих айту дәстүрі, куәгерлер жадындағы тарих, түрлі қауесеттер. Әдетте, батыс тарихнамасы айтылған тарих деректеріне сұхбаттың және әңгіменің дыбыстық жазбасын, көпшілік алдындағы сөйлеген сөзді, оқиға орнынан берілген репортажды, радиохабарды жатқызады. Айтылған тарих мамандары Дж. Эварт Эванс, П. Томпсон, А. Портелли айтылған тарихтың дыбыстық нұсқадағы деректерін жоғары бағалады, себебі олар дерекпен жұмыс істеудің эпистемологиялық ерекшелігі ақпаратты жазып алу және сақтау формаларына тікелей байланысты деген қорытындыға келді. Біз қазір айтылған тарих деректері ретінде кең мағынада түрлі жолдармен жеткен ауызекі әңгімені, халық фольклорын, дыбыстық және аудиовизуалдық материалдарды қабылдаймыз. Тар кәсіби мағынасында кәсіби сұхбат не әңгіменің дыбыстық жазбасы және оның қағаз бетіндегі мәтіні айтылған дерек делінеді. Қорыта айтқанда: жеке адам өмірбаяны, мемуарлар, отбасылық мұрағат, құпия хабарлар (жасырын берілген хабар), баяндама, жеке есеп, айтылған ұжымдық деректер (яғни, фольклор, ән, халық аузындағы әңгіме, аңыз, мақал­мәтелдер, жырлар, терме, ертегі, дақпырт), ірікіші оқиғаларға тікелей қатысушылар мен куәгерлер сұхбаты, әңгімесі мен т.б.

Читайте также:  ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫ

Мемлекеттік қайраткерлердің сөйлеген сөздерінің мәтіні, журналистердің жүргізген сұхбаттары, телефон және т.с.с. сымсыз байланыс әңгімелері айтылған тарихтың қосымша дереккөздері болып саналады. Айтылған тарих деректерін жинау белгілі мақсатты көздейді. Басты мақсат – деректерді ғылыми тұрғыдан қорытып, жарыққа шығару көпшіліктің назарына ұсыну. Айтылған тарих деректерінің ғылыми басылым түрлері қандай? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрелік. Басылымдардың өзі бірнеше түрлерге бөлінеді. Оларды негізінен: ғылыми, ғылыми­көпшілік, публицистикалық мақсатта жариялау түрлері құрайды. Айтылған тарихи деректерді жариялаудың мақсатына қарай мазмұны мен құрылымы да әр түрлі болады. Шетелдік тәжірибеде айтылған тарих деректерін сұхбат түрінде жариялау кең етек алған. Сұхбат алушы мен сұхбат берушінің диалогы түрінде, яғни сұрақ­жауап формасындағы мәтіндерді жариялайды. Мұндай жарияланымдардың ақпараттық кеңістікте алуан түрі кездеседі. Көп кездесетін түрлері – түпнұсқалық (оригинал) материалдар түріндегі жарияланымдар. Одан кейінгі кезекте редакцияланған материалдар түріндегі жарияланымдар. Зерттеушілер бұл екеуінің де өзіндік кемшіліктері мен жетістіктері бар екенін көрсетеді. Оларға төменде кеңірек тоқталамыз. Біріншісін, түпнұсқалық тарихи сұхбат­диалогтары жөнінде талдау жасайық. Мұндай жарияланымдар көп жағдайда ғылыми ортада орын алған. Түпнұсқалық тарихи сұхбат­диалогты жариялау дегеніміз – аудиожазбаны сол қалпында қағаз бетіне түсіру, яғни сұхбаттың транскрипцияланған мәтіні болып табылады. Түпнұсқа мен мәтін бір­біріне дәл келіп, айна қатесіз бірдей болуы талап етіледі. Демек сұхбаттың алғашқы мәтіні өзгеріссіз жарияланатын еңбектер.

Мұндай нұсқаларда оригиналға тән тарихи, лингвистикалық, психологиялық және антропологиялық мәліметтер тұтастығы, кешендігі сақталады. Мәтін боямасыз беріледі. Шынайылығы (аутентичность) сақталады. Осылардың барлығы – түпнұсқалық сұхбат жарияланымдарының артықшылықтары. Ал оның кемшілігі, аталған басылымдардағы мәтіндерді оқу, оларды түсіну қиындық туғызады. Артық сөздер, тақырыптан ауытқулар, түсініксіз және бұлыңғыр жеткізілген ойлар, ақпарат берушінің түрлі диалект сөздерді қолдануы т.с.с. негізгі ойды қабылдауды қиындатады. Аталмыш мәтіндердің бұл кемшілігін ескере отырып, авторлар мәтінмен қатар, сұхбаттың аудио­видео жазбаларын (көбіне дисктер түрінде) бірге қосып береді. Мұндай қосымшасы бар кітаптар қолға түссе, зерттеуші үшін үлкен табыс болмақ. Әсіресе, диск түріндегі қосымшалары бар жарияланымдар тарихшылар, этнографтар, лингвистер үшін аса қажет. Редакцияланған материалдар түріндегі жарияланымдарға келер болсақ, бұл қатардағы еңбектердің де жариялану нұсқалары әртүрлі. Біріншіден, олар қарапайым оқырманнан бастап, академиялық ортаға дейінгі кең аудиторияға арналған. Мәселен, құжаттар материалдарының жинақтарында, хрестоматияларда, практикумдарда оқу материалдары ретінде жарияланған сұхбат­деректер, әңгімелер кездеседі. Екіншіден, басылымға ғылыми­анықтамалық және түсіндірме мәліметтер қоса берілсе, айтылған тарих материалдарының құндылығы артады және көпшіліктің қолдануы мен түсінуін оңайлатады. Редакцияланған материалдар жарияланымы көбіне тақырыптар бойынша сұхбаттардың үзінділерінен құрастырылады. Жоғарыда атап өткеніміздей, мұндай жарияланымдарда айтылған деректерге редакторлық түзету жүргізіледі. Осы қатардағы еңбектерге ғылым, қоғам және саясат қайраткерлерінен алынған толық мәтінді сұхбаттар жатады. Ондай еңбектер негізінен биографиялық сипаттағы сұхбаттардан тұрады.

Читайте также:  БЕЙІНДІ ОҚЫТУДАҒЫ ПƏНДЕРДІ МОДУЛЬДІК ЖОБАЛАУ МҮМКІНДІКТЕРІ

Келесі басылым түрін, тарихи сұхбаттың ең бір маңызды, айшықты және бояуы қанық деген тұстарынан алынған сұхбат үзінділері құрайды. Ол редакцияланған, қысқартылған сұхбаттардың немесе сұхбаттың іріктелген үзінділерінің немесе қысқа сұхбаттардың мәтінінен тұрады. Мұндай айтылған тарих материалдарының жинақтары негізінен көпшілік қауымға арналып жарияланады. Бұл үзінділер автордың толық сұхбат материалдарының ішінен мазмұнды деп іріктелген бөліктерінен алынады. Аталмыш нұсқадағы басылымдардың артықшылығы мәтін мазмұнын қабылдауды жеңілдетеді, эмоционалдық толғаныстар туғызады, оқу үшін қызық әрі түсінікті болады. Мұндай жарияланымдар белгілі тақырып төңірегіндегі сұрақтар мен олардың жауаптары ретінде басылады. Бір сұрақ әр түрлі сұхбат берушілерге қайталанып қойылып отырады. Сонымен қатар, әңгіменің жүру ауанына, жағдайына қарап сұрақтағы ой сақталып, құрастырылуы өзгеріп отыруы мүмкін. Сұхбат үзінділерін жариялауды тереңінен талдап көрелік. Ол тек сұхбат материалдарын қысқартуды немесе редакциялау дегенді білдірмейді. Оған дейін тақырыпқа қатысты сұхбат бөліктерін белгілі бір тәртіппен іріктеп жинақтап алу қажет. Әсіресе, этнографтар мен фольклористер осындай тәсілді кең қолданады. Жиналған барлық материалдарды тақырыптарға шашып тастап, сосын бір тақырып немесе бір ой төңірегінде айтылғандарды әңгіменің басында, ортасында не соңында орналасқанына қарамай мазмұндық сипатына қарай сұрыптап біріктіреді. Мысалы, егер респондент балалық шағы туралы әңгімесінің басында айтып, сосын басқа тақырыпқа ауысып, ортасында балалық шағы туралы әңгімеге қайта оралатын болса және т.с.с., оның балалық шағы туралы барлық айтқандары модельденіп біріктіріледі, сосын редакцияланады. Қайталанған ойлары немесе оқиғалары болса алынып тасталады.

Ең сәтті, анық тілмен суреттелген ойлары іріктеліп алынады. Көптеген қазіргі жарияланып жүрген естеліктер жинағы осы негізде орын алып жүр. Оған шетелдік және отандық осындай жарияланымдардан көптеген мысалдар келтіруге болады. Ресейдің Европа университеті Йоенсуу университетімен (Финляндия) біріккен 2000­2003 жылдардағы дала экспедициясының материалдарын, яғни сұхбаттарын үзінділерге бөліп, тақырыптарға біріктіріп жариялады. Тақырыптық сұхбат үзінділері диалог формасында берілді. Елішілік экспедицияларда бір өңір адамдарының ортақ тағдыры мен ортақ өмір жолын көре аламыз. Олардың осы тарихи тағдырларының негізгі кезеңдері және оның мазмұны жарияланымның да тақырыбын және құрылымын анықтайды. Мысалы, жаңа жерге қоныс аударылғандарға ортақ тақырыптар көші­ қон тарихы, жаңа жерді игеру және жаңа жағдайға бейімделу барысы, олардың бір­бірімен және жергілікті халықпен қарым­қатынасы, әлеуметтік қызмет көрсету және рухани мәселелері т.с.с. болып табылады. Немесе нақты тарихи оқиғаларға қатысушылардың (мысалы, желтоқсан көтерілісіне қатысқандар) өмірлерінің ортақ арқауы, желісі болады. Жақын шет елдерде, Ресей тарихнамасында осындай іске асқан жобалар көп. Мәселен, Карелия тұрғындарының айтылған деректері бойынша жарық көрген ғылыми мақалалар мен деректер жинақтарын айтсақ жетіп жатыр.

Читайте также:  Жаңа ғасырдың тұрғын үй ғимараттарының энерготиімділігі

Бірнеше шығарылымдардан тұратын бұл жинақтардың бірінші томында 1930­ шы және 1945­1956­шы жылдарда Петрозаводск университетінде қызмет жасаған 4 адамның сұхбаты берілген. Солардың негізінде Карелия тұрғындарының күнделікті өмірі туралы тұжырымдар, қорытындылар жасалған. Бұл шығарылымдар, екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде мақалалар, екінші бөлімінде деректер жинақталған. Жарияланымның тағы бір түріне мысал келтірсек. Мәселен, жинақтың 4­ші шығарылымында Карелия (Петрозаводск мемлекеттік университеті) мен Беларуссия (Беларуссия мемлекеттік университеті мен Ғылым академиясы) ғалымдарының біріккен жобасы аясындағы соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі кезеңдердегі күнделікті өмір тәжірибесі материалдары жарияланған. Оған 5 беларусс ұлтының (1915­1924 жылдарда туылғандар) берген сұхбаты және 1922­1936 жылдары дүниеге келген 8 карелиялық респонденттің сұхбаты кірген. Сұхбаттар әр түрлі географиялық ортада өмір сүрген адамдардың тағдырын салыстыруға мүмкіндік беретіндігімен ерекше. Екінші бір ерекшілігі, екі жақ ғалымдары екі түрлі әдісті қолданған. Беларуссия ғалымдары биографиялық әңгімелер әдісіне басымдық беру арқылы респонденттің өз өмірі туралы еркін сөйлеуіне мүмкіндік берген. Бұл әдіс айтылған тарих деректеріндегі әлеуметтік, мәдени жад түрлерін зерттеуге қолдануға ыңғайлы.

Ал Ресей ғалымдары сұхбаттарын сауалнама арқылы жүргізген. Бұл әдістің артықшылығы бай фактілік мәліметтер алуға және оларды сұхбат барысында нақтылап отыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба тәжірибесі қазіргі зерттеушілер үшін ескеруге тұрарлық деп ойлаймыз. Отандық тарихнамадан сәтті ғылыми басылымдар қатарында соңғы жылдары жарық көрген екі кітапты атап өткіміз келеді. Бұлардың бірі – А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының, А. Бектұров атындағы химия ғылымдары және Д. Сокольский атындағы органикалық катализ бен электрохимия институттарының жетекші ғалымдарымен «Менің ғылымдағы өмірім» тақырыбында жүргізілген 21 тарихи сұхбаттардың жарияланымы. Бұл сұхбаттар өмірбаяндық принципті басшылыққа алатын терең диалог­ баяндаулардан тұрады. Ғылымның әр түрлі саласындағы ғалымдар өз өмірі, өз уақыты және ғылыми ортасы туралы ой толғайды. Қазақстан ғылымының ішкі өмірін терең түсінуге жол ашатын бұрын мәлім болмаған тың деректермен және жаңа пікірлерімен бөліседі. Ғылыми басылымда сұхбат жүргізілген институттар туралы қысқа тарихи анықтамалардың берілуі де оқырманның тақырыпты меңгеруін оңайлатады.

Оставить комментарий