Айтылған тарих деректерін түсіндіру: әдістері мен ерекшеліктері

Тарихи интерпретация (лат. interpretatio – түсіндіру, түсінік беру, мәнісін ашу) – тарихи танымның базалық зерттеу процедурасы; тарихи фактіні түсіндіру, мазмұн беру болып табылады. Тарихи фактіні интерпретациялаудың методологиясын жасағандардың қатарында неміс тарихшылары И. Г. Дройзен (1808­1886), Э. Бернгейм (1850­1942). И. Г. Дройзен тарихи интерпретацияның төрт қырын анықтап берді: прагматикалық интерпретация – дерек негізінде тарихи құбылыс көрінісін реконструкциялау; сол уақыттағы жағдайды интерпретациялау – анықталған фактінің тарихи контексін ашып беру; психологиялық интерпретация – зерттеліп отырған мәселені туғызған әрекетті анықтау; идея интерпретациясы – әрекеттің адамгершілік тұтқаларын түсіндіру. Айтылған тарих деректерін түсіндірудің кеңінен пайдаланылатын әдістері қатарында нарративтік немесе семантикалық және реконструкциялық тәсілдерді атауға болады. 1970­шы жылдары тарих ғылымы лингвистикалық бетбұрысты басынан кешіргені белгілі. Сондықтан нарративті талдау тарихшыларға біршама таныс. Жалпы, нарратология ХХ ғ. 60­70 ж.ж. жазба әңгімелерді, көркем мәтіндерді зерттеудің структуралистік әдісі ретінде пайда болды. Оның негізгі міндеті әңгімелеудің астарында жатқан «терең құрылымдар» мен «әмбебап грамматиканы» іздеу деп белгіленді. Нарративті тарих аясында оқиғалардың мағынасы түбегейлі негізделген тарихи процесс деп емес, оқиға туралы әңгіменің контексінде туындайтын және интерпретациямен ішкі байланыста болады деп түсіндірілді. Нарративтік талдаудың көмегімен фактілер, оқиғалар іріктеледі және түсінік беріледі.

Олар белгілі бір «сюжетке» айналып, оқиғалар неге дәл осылай болу мәнісі ашылады. Нарратив шындықты түсіндіру моделін жасайды, тәртіпке келтіреді, ұйымдастырады, сендіреді. Ол аудитория назарын бір құбылыстарға аударады, ал екіншісін тасада қалдырады. Нәтижесінде құбылыстар әлеуметтік және коммуникативтік контексте мән­мағынаға ие болады. Нарратив арқылы субъект өзін әлеуметтік аудиторияға белгілі бір қоғамның, мәдениеттің өкілімін деп таныстырады. Нарративтің ерекшелігі де осында, өйткені когнитивтік практикасын түсіндіруші субъект таным процесінің «ішінен шыққан». Нарратив 6 элементтен – тезис (қысқаша мазмұны, резюмесі), бағыт­бағдар (болған уақыты мен жері, кейіпкерлері), оқиға реттілігі, бағасы (айтушының оқиғаны бағалауы), резолюциясы (оқиға немен бітті), коды (айтушының қазіргі уақытқа қайтуы) – тұрады. Нарративтік талдау барысында сұхбат материалдары мазмұндық ғана емес, мәтін формасына қатысты да сарапталады. Яғни сұхбат берушінің жеке басына қатысты немесе белгілі бір оқиғаны субъективті қабылдауына байланысты өз еркімен, өз қалауымен қандай оқиғалар мен өмірінің жайттарын бөліп көрсететінін өзі шешеді. Сонымен қатар сұхбат беруші қандай категорияларды, ұғымдарды, сөздер мен сөз тіркестерін пайдаланатыны да маңызды. Нарративтік талдау биографиялық немесе тақырыптық сұхбатты сапалы түрде талдауға жетелейді. Ф. Шютц, В. Фишер, Г. Розенталь, Дж. Брунер – нарративтік талдаудың методологиялық негіздерін жасаған ғалымдар. Айтылған әңгімелерді (нарратив) оқу, түсіндіріп беру және талдау бір­біріне тәуелсіз холистикалық тәсіл немесе «категориялық versus» және мазмұндық тәсіл немесе «формалдық versus» өлшемдерімен жүреді.

Читайте также:  Қазақстанда социализмді қайта құру идеясының қалыптасуы

Бұл екі өлшемнен нарративті интерпретациялаудың төрт моделі туындайды: холистикалық­ мазмұндық, холистикалық­формальдық, категориялық­мазмұндық және категориялық­формалдық. Категориялық тәсіл толық мәтінді не түрлі респонденттерден алынған бірнеше мәтінді секцияларға бөлу және ондағы сөздерді категориялармен байланыстырып талдауды білдіреді. Холистикалық тәсіл материалды тұтас қарастырып мәтіннің әрбір бөлігін басқа бөліктердің контексінде түсіндіреді. Категориялық тәсіл белгілі бір мәселені не феноменді түсіндіруге ыңғайлы. Тұлға өмірін тұтас зерттеуге холистикалық әдіс қолайлы. Мазмұндық тәсіл оқиға туралы әңгіменің фактілік ақпаратын талдайды: тұтас оқиғаның не оның бөліктерінің мәні мен маңызын, мүдделердің көрінісін, информанттың тұлғалық ерекшелігін, т.с.с. Формалды талдау әңгіме сюжетінің құрылымын, оқиғалар реттілігін, уақыттық сәйкестігін, көңіл­күй мен сезімдерге қатысты сөйлеу стилін, қолданылған метафоралар, т.б. анықтау үшін қолданылады. Нарративті зерттеп жүрген ғалымдар «кездейсоқ оқиғалар» тәжірибесін баяндайтын жағдайлармен жиі ұшырасатындарын айтады. Мысалы, Лабов пен Валецки [Labov, Waletzky, 1967] жұмыстарында нарратив өмірге қауіп туған сәттер туралы әңгімелерден алынған. Соғысты, жақындарынан айрылуды, қатерлі ауруды басынан өткеру жағдайы немесе өміріндегі ең бақытты және ең бақытсыз кезеңі туралы әңгімелегенде интервьюерлер өздерінің сол уақыттан бастап басқа адамға айналғанын айтады. «Бетбұрыс сәтінде» сенімінің, пікірінің, көзқарасының түбегейлі өзгеру себебін түсіндіреді.

Нарративтің бұл ерекшелігін «өзін­өзі идентификациялау зақымы» деп те атайды. Өмірін «дейін» және «кейінге» бөліп әңгімелеуші өзінің өзгеріс сәтін (транформациялануын) ашып береді. Зерттеушілер өмірбаяндық нарративтердің тағы да мынадай ерекшелігін анықтады. Жүргізілген зерттеулерге қарағанда, әңгіме барысында барлық етістіктердің 70 пайызы ғана өткен шақта қолданылады екен. Нарратив өткенге баға беріп түсіндірумен байланысты болғандықтан, ненің дұрыс, құнды екендігі туралы пікірлер айтылады. Өз заманының «Жақсы өмірі» туралы нормативті идеяларын басып көрсетеді. Яғни, мұндай әңгімелерде психологиялық, әлеуметтік, талғамдық және этикалық бағамдар пайымдалады. Дегенмен, мәтіндік, лингвистикалық талдау ролін тым асыра бағалауға да болмайды. Себебі ол зерттеу субъектісі мен объективті шындықты ашу мақсаты мәселесінен басқа жаққа бұрып кетуі мүмкін. Қазіргі айтылған тарих лингвистика техникаларын сұхбаттасу мәтініне сапалық сараптама жасауға тиімді пайдаланады. Бұл техниканы біз «контент­анализ» (контент­сараптама) деп атап жүріз. Контент­анализ сұхбат материалдарында кездесетін сөздер, сөз тіркестері жиілігін анықтайды. Аталған тәсіл адамның белгілі бір кезеңдегі өмір тәжірибесін сипаттауға жақсы көмектеседі. Дегенмен, сұхбат мазмұнының жалпы контексін сақтау қажет және ол маңызды. Сондықтан бір сұхбатты автоматты түрде екінші сұхбатпен немесе басқа контекстпен салыстырып қарауға келмейді. Осындай қиындықтар ауызша айтылғандарды жазбаға айналдырғанда да, оны түсіндіру­талдауда да туындайтынын ескеріп отыру қажет. Айтылған деректерді талдаудың тағы бір маңызды мәселесі – жасырынған (латентті) ақпаратты анықтау әдісі.

Читайте также:  Тарих және тарихқа дейінгі кезең

Сұхбат беруші кейбір мәселелерді ашық айтқысы келмеуі мүмкін. Оның саяси, ұлттық немесе жеке басқа қатысы болуы әбден мүмкін. Мәселен, кеңестік кезеңдегі репрессия саясатына қатынасы, дінді және діни қызметкерлерді қудалау мәселесі т.с.с. Кезінде тоталитарлық жүйе қатаң бақылауда ұстаған осындай мәселелер төңірегінде партия саясатына ашық не қарсы пікір айту көптеген куәгерлер үшін жеңіл тимейді. Сондықтан ол тақырыптарды қозғаудан өзін аулақ ұстайды. Зерттеуші­тарихшы осы тақырыптарды орынды қозғап, сөйлете білсе, сол жылдардағы адамдардың ішкі ойын, оның көзқарасы мен танымын ашуға айтарлықтай үлес болары сөзсіз. Енді айтылған тарих деректерін талдаудың реконструкциялық әдісіне тоқталсақ. Бұл әдіс айтылған тарих деректерінің жарияланымдарында көп қолданылады. П.Томпсонның пікірінше, бұл әдіс Даниел Бертонның «этносоциологиялық әдісіне» жақын. Берто «Les Récits de vie» («Өмір туралы әңгімелер») еңбегінде сол әдісін кең пайдаланады. Биографиялық сұхбаттың міндеті әлеуметтік контекстің және оның жеке элементтерінің қалай әрекет ететінін, өзгеретінін детальдар арқылы қайта қалпына келтіру болып табылады. Мысалы, еңбек жағдайы, жалғыз басты аналар жағдайы, ажырасқан әкелер мәселесі, үйсіз адамдар тіршілігі және т.б. Бұл міндеттер ауызша дерек­айғақтар негізінде әлеуметтік тарихты зерттеуші көп мамандар ізденісінің объектісіне айналғанына батыс елдерінде жарты ғасыр болған екен. Сол себепті әлеуметтік­тарихи және социологиялық талдау әдістерінің арасында көп ұқсастық бар. Айтылған тарих деректерін талдағанда әрбір сұхбат беруші өзінің субъективті шындық көрінісін ұсынатынын ұмытпаған жөн. Айтылған тарих дәуір оқиғалары туралы әркімнің жеке танымын, басынан өткізген оқиға туралы түсінігін береді. Сондықтан оның субъективтілігі ескерілуі тиіс.

Зерттеудің сапалы әдістерін қолдану, әсіресе тарихи сұхбатты дұрыс ұйымдастыру және жүргізу көп факторлы, көпбейнелі әлеуметтік өмірді суреттеуге мүмкіндік береді. Айтылған тарих деректерін талдаудың, түсіндірудің әдістерін пайдалана отырып зерттеу нәтижелерін қорытындылай білу өте маңызды. Қайсыбір отандық әдебиеттерде айтылған деректерді типологизациялауға, жүйелеуге келмейтіндігі, сонымен қатар, өңдеу мен сараптау жұмыстарының қиындықтары алға тартылады. Әйтсе де, бұл жөнінде шетелдік жақсы тәжірибелер баршылық. Тіпті, сұхбаттар бойынша сапалық сараптамаға құрылған тәп­тәуір кесте үлгілерін де кездестіруге болады. Дәстүрлі тарихнамада қоғам туралы қорытынды пікірлер ауызша деректер негізінде жасалмайды. Айтылған тарих деректерін қосалқы немесе жанама дерек көзі ретінде қарау үрдісі қалыптасқан. Не болмаса оны дерек ретінде қабылдаудың белгілі шарттары орындалғаны талап етіледі. Олардың қатарында деректердің репрезантивтілігі (көрнекілігі), респонденттердің іріктеліп алынуы, деректердің басқа түрлерін де қатар тарту қажеттігі. Алайда сұхбат берушілер мен олардың куәлендіру жауаптарының қандай мөлшері қорытынды пікір жасау үшін жеткілікті болатынын ешкім де анықтаған емес. Ауызша деректерді сараптағанда тағы да бір есте сақтайтын мәселе – алдын­ала кешіп­пісілген бір пікірлерді дәлелдеу мақсатында мәтінді талдауға ұмтылмау. Бұл – мүлдем қате жол. Зерттеуші өз ортасында қалыптасқан түсініктер мен көзқарастардан кетіп, респонденттің ұғымындағы, көкейіндегі мазмұнды ашуы тиіс. Ол үшін сұхбатты толық оқып шығу қажет.

Читайте также:  Демократиялық халықтар қандай деспотизмнен қауіптенуі керек

Содан кейін талдау жұмыстарының кезегі келеді. Контекстен жұлып алынған үзінділер арқылы өзінің ұстанған гипотезасын дәлелдеуге ұмтылу дұрыс емес. Қазір зерттеушілер сұхбаттан үзінділер бергенде мынадай талапты ұстанған орынды деп есептейді. Бір мәселеге қатысты әңгіменің басталған жерінен бастап біткен жеріне дейін толық берілуі тиіс. Яғни сұхбаттың жалпы мағынасын бұрмаламау, оның негізгі ой жүйесі аясының сақталуын қадағалау фрагменттер мен үзінділерді пайдаланғанда басты назарда болуы қажет. Қазақстанда айтылған тарих деркқорын құру енді ғана қолға алынып, бұл жолда біршама тақырыптармен жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта еліміздің зердесінде сақталған жад мұрағатын хатқа түсіру, оны болашаққа жеткізу баршаға ортақ іске айналғаны жөн.

Оставить комментарий