Айтылған тарих материалдары дерек көзі ретінде

Тарих – тарихи фактілер негізінде қалыптасады, жазылады немесе айтылу арқылы жалғасын табады және танылады. Шынайы тарих жазуда деректердің маңызы мен ерекшелігі, оны қолдану әдістерінің алатын орны зор. Деректердің қатарына археологиялық, этнографиялық, антропологиялық, лингвистикалық, жазба, заттық, айтылған тарихтың деректерін жатқызуға болады. Өйткені бұл деректер белгілі бір заман мен қоғам, онда өмір сүрген адамдар туралы тарихи таным қалыптастыруға ықпал етеді. Жазба және айтылған тарих деректерінің өзара сипатында принципті айырмашылық жоқ, егер бұдан жүз немесе мың жыл бұрынғының бәрі есте (жадта) сақталып өмір сүрсе, кейіннен ғана жазба нұсқа арқылы жеткен. Жазба дерек пен айтылған тарих деректерінің бір­біріне ұқсамайтын екі түрлі болмысы бар екенін байқауға болады. Оларға ортақ бір мәселе, олардың екеуі де өмірлік шындықты танып білудің өзіндік құралы және ұрпақтан ұрпаққа өткен тарихта не болғанын және қалай болғанын жеткізеді. Алайда, жазба тарихтың ерекшелігі ол деректерді дер кезінде тіркеп сақтап қалуында және кейін оның өзгеріске ұшырамауын қамтамасыз етуінде. Ал, айтылған тарихтың ерекшелігі, «барлық қабылдауларды барынша қарапайым, айқын, өрнектей отырып түсіндіруінде» болып табылады. Айтылған тарихтың сонысымен де артықшылығы байқалады. Барлығы да алдымен есте (жадта) сақталады ал кейінірек айту арқылы сыртқа шығарылады, жазба дерек тек оның сыртқы түрі ғана. Айтылған тарих – бұл қазіргі заманда пайда болған жоқ, айтылған тарих дыбыстық жазба құралының пайда болуымен қатар қайта жаңғырту сәтін басынан кешіруде.

Сондықтанда белгілі бір уақыттық үзілістен соң ХХ ғасырда тарих ғылымы маңызды дерек көзі ретінде айтылған тарих фактілеріне қайта оралды. Ол бірнеше себептерге байланысты: біріншіден, ХХ ғасырдың басында болып өткен тарихи оқиғалар тарихты жасау ісіне тек жеке тұлғалар ғана емес, сонымен бірге бұқараның да қатысы бар екендігін тағы да бір кезекті рет көрсетті. Екіншіден, «күні кеше» ғана болып өткен процесстерді, соған атсалысқан қатардағы қарапайым адамдардың куәлік көзқарасы арқылы жаңа қырынан ашуға болатындығын ғылымның даму барысы байқатты. Міне осы жағдайлар айтылған тарихтың қайта жаңғыруына мүмкіндіктер беріп, оның өзіндік зерттеу әдістері бар ғылыми бағытқа айналуына ықпал жасады. Айтылған тарихтың нысанына тарихи оқиғаларды (әсіресе соғыстар, революциялар, реформалар, т.б.) соған қоса күнделікті өмір тарихын қайта құру үшін көбіне қатардағы қарапайым адамдардың естеліктері пайдалынылады. Осыған байланысты мамандар айтылған тарих ақпараттарындағы фактілердің екі тобын бөліп қарайды. Біріншісі – өткенге терең бойлайтын тарихи дәстүрді және өзіндік әлеуметтік тәжірибелерді беретін көне түрі. Екіншісі – жақында ғана болған оқиға куәгерлері мен қатысушыларының естеліктері арқылы алынатын жаңа түрі. Айтылған тарихтың жаңарған әдісі бойынша зерттеулер жүргізетін тарихшылар қоғам мүшелерінен ақпарат алу (сұхбат алу, әңгімелесу) арқылы материалдар жинақтайды және сол материалдар негізінде келешектегі ғылыми зерттеулер үшін жаңа деректер көзін түзе алады. Тарихи деректерге кеңестік тарихтану саласында шамамен: «Тарихи деректер – тарихи үрдістерді тікелей бейнелеп, адамзат қоғамының өткенін зерттеуге мүмкіндік беретін, яғни осыған дейінгі адамзат қоғамы жасаған және бізге дейінгі материалдық мәдениет пен жазба ескерткіштер, идеология, әдет­ғұрып, салт­дәстүр және тіл түрінде жеткеннің бәрі» – деген анықтама берілген.

Читайте также:  ӘЛЕУМЕТТІК­ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ­ САЯСИ ТАНЫМНЫҢ "ОБЪЕКТИВТІЛІГІ"

Сондай­ақ, «…тарихи дерек зерттеу объектісі мен субъектісін жалғастыратын буын. «Тарихи дерек» деген түсініктің мәнін дұрыс ұғынудың өзі тарихи танымның объективтілік мәселесін дұрыс шешуге әсерін тигізеді. Ал тарихи деректің ішкі мазмұнын ашу тарихтың сұлбасын (реконструкциясын) жасауды білдіреді. Яғни, өмірде орын алған тарихи құбылыстардың деректерде баяндалуы объективтілік пен субъективтіліктің диалектикалық бірлігі болып табылады. Осы ретте, айтылған тарих деректеріне қатысты теориялық­ методологиялық тәсілдер қатарында неміс ғалымы И.Г.Дройзеннің тұжырымдары назар аудартады. Оның жасаған тұжырымдары тарих ғылымында бірнеше бағыттар мен әдістердің өзара байланыста дамуына әсерін тигізіп феноменологиялық, психологиялық, микротарих, айтылған тарих және интеллектуалды тарихтың қалыптасуына ықпал еткен. Айтылған тарихтың тиімді методологиялық әдістері ретінде И.Дройзен деректанулық зерттеуге жетекшілік орын береді. Бұл ретте, ол деректерді тура және жанама деп бөліп қарауға қарсы пікір білдіріп, «жанама» деректер зерттеу мәселесіне тікелей арналмауына байланысты «кінәлі» емес деген тұжырымға келеді. Ғалымның бұл тұжырымы XIX ғасырда­ақ тарих ғылымында деректанудың таным құралы ретінде қаншалықты маңызды рөл атқаратынын көрсетті және ол бүгінгі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Кейінірек оның бұл тұжырымдарын «Анналдар мектебінің» тарихшылары өз еңбектерінде кең түрде пайдаланған. И.Г.Дройзеннің пайымдауынша адамзат қоғамының өмір сүруі мен дамуының ішкі механизмдерін анықтауда әлеуметтік психологияға ерекше мән берген жөн. Бұл қазіргі феноменологиялық әдіске негізделеді, осылайша өткен уақыттағы адамдардың өмірін дұрыс түсінуге және сол арқылы тарихи құбылыстарға талдау жасауға мүмкіндік беріледі. Қазақ халқының тарихи санасының ерекшеліктерін, тамыры терең тарихынан сыр шертетін тарихи есін (жадын) құрайтын тарих айту дәстүрінің үлгілері: шежірелер, аңыз­әңгімелер, дастандар, батырлық жырлар, жыраулар поэзиясы барлығы бір­бірімен сабақтас, бірін­бірі толықтырып тұратын тарихи деректер жүйесінің бөлшектері. Оларда бар мәліметтердің толық болуы зерттеу нысаны жөнінде түсінік қалыптастыруға жол ашады. Қазақ халқының шежіре жазушылары мен айтылған әңгімелердің ақиқаттығы жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Шежіре жазушылар естіген – білгенін сол қалпында, шикі түрінде тізеді.

Тарихшылар құр естігенімен қанағаттанбай, рас – өтірігін тексеріп, расын ғана алады» – деп жазды. Айтылған тарих жанрларынан қоғамның тұтас рухани жәдігері ретінде қалыптасуы оны танып білуде пәнаралық әдістің ұтымдылығы айқындала түседі. Яғни, оның фактілік материалдарын пайдалану ісінде фольклортанудың, этнологияның, археологияның, антропологияның, әлеуметтанудың, тарихи психологияның және тарихи деректанудың жетістіктері мен зерттеу принциптері ескерілуі қажет. Деректану ғылымындағы аса маңызды мәселелердің бірі деректерді классификациялау. Бұл ретте, қазақ тарихына қатысты айтылған тарих материалдарына байланысты да түрлі сауалдар туындауы мүмкін. Өйткені, қазақ халқының өткен тарихы туралы мәліметтер осы уақыттарға дейін заттай, жазбаша және ұрпақтан ұрпаққа тарих айту дәстүрі арқылы жетіп, кейінгі кездері ғана ғылыми тұрғыдан кешенді түрде игеріле бастады. Сонымен қатар, халқымыздың есінде сақталған тарихи ақпаратты ғылыми тұрғыдан игеруге қатысты ерекше ұстаным қажет екендігі де байқалады. Сондықтан, отандық тарих ғылымы үшін айтылған тарих негізінде алынған мәліметтердің дерек ретінде қазақ халқы мен оның тарихы үшін құндылығы жоғары. Сондай­ақ қазақ халқының тарихи танымы мен тарихи санасында шежіренің де алатын орны зор болған. Тарих ғылымында шежірелік деректерге, басқа да айтылған деректерге қосалқы немесе жанама дерек көзі ретінде қарау үрдісі қалыптасқан. Айтылған тарих белгілі дәрежеде қазақ қоғамының дәстүрлі рухани мұрасы екендігі де дұрыс ескерілмей келеді. Оның тарихи деректік сипатына баға берушілер арасында оған барынша үміт артып немесе керісінше оны мүлдем елемеу, төмендету жайттары да кездеседі. Зерттеушілердің біреуі айтылған тарихтың деректік шынайылығына күмәнмен қарап, сақтық жасаса, енді біреулері айтылған тарих мәліметтерін сол қалпында қабылдап, деректанулық талдаусыз тарихты ғылыми тұрғыдан баяндауға ұмтылады. Бұл дегеніміз отандық тарих ғылымында айтылған тарих деректеріне деректанулық талдаудың әлі де болса өз дәрежесінде жүргізілмей келе жатқандығының көрінісі, яғни, деректерді классификациялау, категорияларға бөлу, зерттеудің тәуелсіз объективті өлшемдеріне қарай негізделуі, т.б сияқты маңызды шарттарының орындалмай отырғандығын көрсетеді. Айтылған тарих материалдары тарихи дерек ретінде алдымен классификациялау мәселесін шешуі керек. Өйткені, деректану ғылымындағы маңызды мәселелердің бірі деректерді классификациялау болып табылады.

Читайте также:  Кене ханның серігі Бұқарбай батыр

Осы орайда деректердің категорияларға бөлінуі, зерттеудің тәуелсіз объективті өлшемдерге негізделуі маңызды шарт және деректердің өзіне тән объективті қасиеттері айқындалуы қажет. Сондықтан, деректерді бөлу немесе классификациялау мәселесі тек жалаң әдіс­тәсілдер ретінде ғана емес, методологиялық проблема ретінде де сипатталады. Сонымен қатар, оның түрлі деректер арасында бағыт көрсету қызметін атқарып қана қоймай, зерттеу құралы қызметінде атқара алады. Тарих айту дәстүрі негізіндегі деректерді классификациялау ісі тарихшы Р.Айтбаеваның зерттеу жұмысында талдауға алынып, онда батырлық эпостар, тарихи жырлар, тарихи әңгімелер, авторлық дастандар мен шежірелер дәстүрлі тарих айту мұраларының қатарына жатқызылып, олардың әрқайсысына сипаттама берілген. Мысалы, «Алпамыс», «Қобыланды» сияқты батырлық эпостар туралы: «…бұл туындылардан сол дәуірдегі қоғамның ішкі жағдайын, әлеуметтік қарым­қатынасын, тұрмыс­салтын, сенім­нанымдарын түсінуде тарихи­этнографиялық мәліметтер алуға болады» деген пікір білдіреді. Ал қазақ халқының ХVІІІ­ХХ ғасырдың басындағы ұлт­ азаттық қозғалыстарына қатысты пайда болған тарихи жырларға байланысты автор оның эпостық мазмұны мен құрылыс жағынан ерекшелігін ескеріп, тарих айту арқылы таралу механизміне тоқталады. Зерттеуші тарих айту дәстүрінің қатарына тарихи әңгімелерді де (аңыздарды) жатқызып, ондағы тарихи мәліметтердің белгілі бір формаға енгізіліп, ертерек пайда болғандары көбінесе халықтың салт­ дәстүрімен байланысты болғанын, ал кейінгілері нақты тарихи кезеңдер туралы мәліметтер беріп еркін түрде жеткендігін көрсетеді. Осылайша, тарих айту дәстүрінің аталған түрлері өзін өмірге әкелген және оның қажеттілігін көрсеткен қоғамның тарихи зердесін қалыптастырып, оған деген әлеуметтік сұранысты қанағаттандырып, өзара үйлесімділікте өмір сүреді. Оның мәтіндік формасы мен мазмұны әртүрлі болғанымен негізгі мәні ұқсас болып келеді.

Осы тұрғыдан, дәстүрлі тарих айту деректері өз кезегінде қоғам өмірін сан қырынан көрсете алатын тарихи дерек көзі және қазақ қоғамындағы тарихи ойдың нақты белгісі ретінде сипатталады. Айтылған тарихтың ерекше дерек түрі екені, оның бітім­болмысы мен жаратылысы жазбаша деректерден өзгеше екені белгілі. Осы орайда отандық тарих ғылымы бұл жағдайға қатысты маңызды методологиялық, деректанулық, тарихнамалық мәселелерді шешіп, оның зерттеу мәселесін өзекті етіп, жан­жақты кешенді зерттеулер жүргізген жағдайда ғана мәселенің тиісті арнасына түсіп дұрыс шешімін табары хақ. Сонымен бірге, осы ретте тарих айту дәстүрі мен бүгінгі ғылыми айналымда өз орнын анықтаған айтылған тарих белгілі дәрежеде өзара сабақтас ұғымдар болғанымен, олардың өзара принциптік айырмашылықтары бар екендегін ескерген жөн. Тарих айту дәстүрі – бұл бұрынғы дәстүрлі қазақ қоғамына тән ақиқат. Ал айтылған тарих бүгінгі замандағы технологиялық жетістіктердің жемісі. Айтылған тарих бағыты бойынша қоғамның қатардағы қарапайым адамдарынан сұхбат алып олардың айтқан естеліктерін жүйелеп жинақтау, оны осы ғылыми саланың талаптарына сай рәсімдеп қор жасау ғылыми айналымға жаңа мазмұндағы, жаңа сападағы деректер тобын енгізуге мүмкіндік туғызады. Бұл өз кезегінде тарихымызды жаңа қырынан түсініп, жаңа мазмұнда баяндауға жол ашады. Сонымен қатар, бұл топтағы деректердің ерекшелігі, олар бізге көп жағдайда белгілі бір оқиға жайлы ақпарат беріп қана қоймайды, ол оқиғаның мән­мағынасы туралы да ақпарат береді. «Айтылған деректер бізге тек адамдардың не істегенін ғана айтып қоймайды, сонымен бірге не істегісі келетіндігін де, өткенде олар қалай істеуді ойластырған еді және қалай істеді, ал қазір ол өткенде істегені жайлы не ойлайтынын да айтады», – деп жазады А.Портелли. Ақпарат берушілердің неге сенетіндігі, белгілі дәрежеде ондағы шынайы оқиға сияқты тарихи факті болып табылады. Тарихи фактісіз тарихи дерек жоқ, ал тарихи дерексіз тарихнамалық факті сақталмайды. Осы тұрғыдан, тарихи деректерді зерттеудегі күрделі мәселелердің бірі айтылған тарихи фактілердің жалғастығы мәселесі туындайды. Бұл мәселеге келгенде зерттеуші деректану саласының сұрыптау мен салыстырмалылық принциптерін ескеруі тиіс.

Читайте также:  Ежелгі Мысыр өнері

Сол арқылы айтылған тарих материалдарындағы хронологиялық сәйкестікті нақтылай отырып деректердің өзара байланысын анықтауға болады. Айтылған тарих деректеріне оны жинақтаушының да бұрмалаушылық енгізуі мүмкін. Ақпарат берушілер оларға не естігісі келеді, қалай ойлайтыны туралы әңгіме айтады. Көп жағдайда құнды ақпарат оны берушінің не айқанында емес, сонымен бірге нені айтқысы келмей немесе толық айтпай қалған фактілерінде болуы мүмкін. Айтылған тарих материалдары – тарихи деректер қоры. Айтылған тарих материалдарын зерттейтін мамандар үшін естелік­әңгімелер, оқиға куәгерлерінің мәліметтері түрінде сақталған деректерді жинау, әсіресе оларды жүйелей отырып қолдану тәсілдерін жасау, айтылған тарих талабына сай рәсімдеп реттеу, түсіндіру жолдарын дұрыс атқара білу де маңызды.

Оставить комментарий