Айтылған тарих ғылыми­-зерттеу бағыты ретінде

Бұл ғылыми бағыттың ерекшелігі қазіргі аудио және видеотехниканы пайдалану арқылы жүргізілген белгілі бір тақырыпқа байланысты куәгерлердің естелік­әңгімесін жазып алып, оны құжаттандырып мұрағат қорына тапсыру болып табылады. Тарихи сұхбат аталатын бұл әдіс арқылы өткен кезеңдерде өмірде орын алған тарихи оқиға немесе тарихи процесске байланысты жеке адамның куәлігі, оны қабылдауы мәтінге түсіп дерек көзіне айналады. Айтылған тарих тарихи оқиға және процесстерді танып білуде зерттеушіге ресми құжаттарға тәуелділікте қалып қоймай, түрлі ұстанымдардағы жеке адамдардың куәлігі мен көрсетулеріне де сүйенуге мүмкіндік береді. Айтылған тарихтың ғылыми пән ретінде өзіндік зерттеу әдісі мен категориялық­түсініктемелік аппараты қалыптасқан. Халықтық тарихи тәжірибені тіркеу, сақтау, өңдеу, интерпретациялау сияқты т.б. методологиялық негіздемесі бар. Айтылған тарихта сондай­ақ, этнография, әлеуметтану және басқа ғылым салаларының әдістері де қолданысқа түседі. Белгілі бір мәселені зерттеу үшін айтылған тарихқа салыстырмалы­тарихи, тарихи­типтік, тарихи­психологиялық талдау сияқты арнайы зерттеу әдістерінің де маңызы зор. Соңғысы, мәселен дерек авторының жеке психологиялық ерекшеліктерін есепке алмай деректің өзіндік мазмұнын түсіну мүмкін еместігінен туындайды. Айтылған тарих материалдары тарихшылардың араласуымен жинақталатын естеліктер мен куәгерлердің өз заманы туралы берген мәліметтері ретінде қазіргі заман тарихының дерек көзі рөлін атқарады.

Мәселен, КСРО жағдайында түрлі экономикалық, саяси­ әлеуметтік реформалар мен өзгерістер басым түрде мемлекеттік аппарат қойнауынан шығып, мемлекеттік мұрағат қорларында шоғырланған ресми құжаттар негізінде қарастырылған болса, ендігі посткеңестік жағдайда аталған процесстерді талдауға алуда оларға тікелей атсалысқан куәгерлердің, яғни жеке адамдардың тарихи сұхбат арқылы берген тарихи куәліктері мен көрсетулерін қосымша тарихи факті ретінде тарту арқылы зерттеу мүмкіндігі туындайды. Ал айтылған тарих немесе тарихи сұхбат арқылы алынатын тарихи фактілер өмірбаяндық әңгіме әлде сол оқиға, процесс туралы көрген­білгендерін баяндаған әңгімелер арқылы берілуі мүмкін. Ғалымдар оған түрлі анықтама да береді: айтылған тарих – адамдардың өткен өмірі мен өздері куәсі болған оқиғалар туралы үнтаспаға немесе сандық техникалық құралдардың көмегімен жазылып алынған естеліктер ретінде қарастырылады; айтылған тарих – бұл өткен тарихи кезең және оқиғаларға қатысушылардың немесе олардың куәгерлерінің айтқан естеліктері, осы мақсатта ұйымдастырылған сұхбат түрі; өткен тарихи кезеңдегі оқиға куәгерлерінің немесе оған қатысушылардың есінде (жадында) сақталған ақпаратты жазып алу үшін ғылыми тұрғыдан ұйымдастырылған сұхбат түрі.

Читайте также:  ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Алғашқы сұхбаттар методологиясы фактографиялық көрсетулерді тіркеуге бағытталып, ұжымдық естеліктерді сол күйінде жазып алуға басымдылық берді. Д.Титтон, А.Невинс шәкірттерінен жазып алатын сұхбаттары арқылы мейлінше жоғары деңгейдегі мәліметтер алуды қамтамасыз ететін «адекватты сауалдар» қоюды талап етті. Тарихи сұхбат алу әдісі қазіргі заманғы шетелдік тарихнамада кең таралды және үлкен проблемалық алаңдарды қамти алды. Сұхбат тікелей зерттеу нысанына байланысты алынады. Сұхбат неғұрлым ұзақ жүргізілсе, соған сай өмір бейнесі көп қырлы, толығырақ шағылыс таппақ. Сұхбаттың түрлері: – стандартталған; стандартталмаған (еркін немесе арнайы бағытталмаған сұхбат); жартылай стандартталған немесе фокус сұхбат. Сұхбаттың ең кең тараған түрі – пікір алысу. Мақсаты – сұхбат берушімен алдын­ала, нақты дайындалған сұрақтар арқылы сұхбат жүргізу. Оқиға куәгерімен сұхбат. Мақсаты – белгілі бір оқиғаға, фактіге куәгер болған адаммен сұхбат жүргізу. Өмірбаяндық сұхбат – сұхбат жүргізудің жеке түрі ретінде кеңінен тараған. Мақсаты – жеке тұлғаның өткен өмірі туралы ақпарат алу. Өмірбаяндық сұхбаттың түрлері: лейтмотивті сұхбат; нарративті сұхбат; ашық сұхбат. Айтылған тарих бойынша ақпарат жинақтау құралдарының бірі тереңдетілген сұхбат болып табылады. Сұхбат адам өмірінің түрлі қырлары мен кезеңдерін қарастыратын бірнеше тақырыптық блокты (балалық шақ, жасөспірім кез, оқу, жұмыс және т.б.) қамтиды. Әр блок бойынша ақпарат алу үшін міндетті сауалдар немесе өзекті мәселелер тізімі болады. Ал қосымша сауалдар кейбір мәселелерді нақтылай түсу үшін берілуі мүмкін. «Өмір тарихына» байланысты сұхбат алудың үш түрі қалыптасқан, олар: толық «өмір тарихы», тақырыптық «өмір тарихы» және редакцияланған, яғни ғылыми өңдеуден өткен «өмір тарихы». Толық «өмір тарихы» субъектінің бүкіл өмір жолын кескіндейді.

Тақырыптық «өмір тарихы» субъектінің белгілі бір кезеңіне немесе оның қатысы болған белгілі бір оқиға, процесске байланысты сұхбатпен шектеледі. Ал редакцияланған, ғылыми өңдеуден өткен «өмір тарихы» алғашқы екеуі сияқты толық немесе тақырыптық түрде алынуы мүмкін. Бірақ, оның басты ерекшелігі алынған тарихи сұхбат зерттеушінің мақсатты түрде қойған сауалдарына алынған жауап ретінде редакциялық өңдеуге ұшырауы мүмкін. Зерттеу барысында алынған мәліметтерін талдау және фактілік материалдарды интерпретациялау күрделі міндеттерді жүктейді. Өмірбаяндық мәліметтер зерттеуші тарапынан талдауға алынып, зерттеушінің білімі және жеке тәжірибесі тұрғысынан игерілгенде ғана ғылыми фактіге айналмақ. Алынған сұхбат материалдарын жалпықоғамдық мәні бар факті ретінде көрсету үшін зерттеушінің тарихи және қоғамдық контекст туралы, жалпы өмір туралы мүмкін болғанша бай тәжірибесі, көзқарасы, ұстанымы болғаны жөн. Ғылыми әдебиетте өмірбаяндық материалдарды өңдеудің әдіс­ құралдары жасала қоймағандығы байқалады. Соған байланысты өмірбаяндық сұхбаттардың мәліметтерін пәнаралық зерттеу әдістеріне сүйене отырып пайдалануға тура келеді. Пәнаралық әдістер зерттеушіге оның алдында тұрған міндеттерді шешуге көмектеседі. Айтылған куәліктер бастапқыдан­ақ субъективті болып келеді. Олар адамдардың өткен өміріне, күнделікті тіршілігіне жақындауға, ділдік (менталитеттік) ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік беретіндігімен маңызды және оның басты қасиеті де осында. Түрлі шенеуніктердің, іс жүргізушілердің араласуымен жасалатын деректік материалдар өкіметтік ұстаным тұрғысынан жазылады және адам онда билік ырқын орындаушы субъект ретінде ғана көрсетіледі.

Читайте также:  Этнологиялық әдістер туралы

Айтылған тарих зерттеуінің барысында зерттеушінің рөлі арта түседі. Бастапқыда тарихшы сұхбат жүргізу туралы шешім қабылдайды, ал алынған ақпараттың салмағы көп жағдайда зерттеушінің диалог барысында көрсеткен икемділігіне, оралымдылығына тәуелді. Бір айтылған сөзді екінші мәрте қайталау немесе бір ақпаратты өзгермеген күйінде екі рет айту әңгіменің берекесін алады. Тіптен екі зерттеушінің бір адамнан әртүрлі ақпарат алуы да мүмкін. Айтылған тарих саласында жұмыс істеу үшін ең болмаса психология саласынан бастауыш білімінің болуы шарт және адамдармен қарым­қатынаста сауатты болудың маңызы зор. Сондай­ ақ айтылған тарихтың коммуникативтік мүмкіндіктері білім мен ғылымның өзара бірін­бірі байыта түсуін арттырады. Елдің әр өңірінде зерттеуге лайық түрлі тақырыптар, соған сәйкес тиісті ақпарат берушілер де табылады. Ол өткеннің көзі, тірі куәгерлерден бұрын ескерусіз күйде қалып келген мәліметтерді алуға мүмкіндіктер туғызып, ал зерттеушілер болса құнды деректер жинау үшін қызықты шығармашылық үрдіске араласады. Айтылған тарихтың осындай артықшылықтары жөнінде зерттеушілер аз айтпаған. Айтылған тарих әдісінің қоғамдағы өзара түсінушілікке, ұрпақаралық сабақтастыққа қызмет жасау мүмкіндігі жоғары. Тарихи сұхбат сәтінде екі ұрпақ өзара диалогқа түседі. Аға буын өз тарапынан келесі жас буынның өткенге деген көзқарасын түсіну мүмкіндігіне ие болады. Өткен өмірін, жастық шағын есіне түсіреді, жастарда сол тарихи кезеңге байланысты объективті түсінік қалыптастыруға ықпал жасау мүмкіндігіне ие болады. Айтылған тарих бұл ретте өткен заман мен бүгінгі уақыт арасындағы көпір міндетін атқарады. Соның нәтижесінде өткен өмірді қорыту, аға ұрпақ пен жас ұрпақ көзқарастарының өзара үйлесімділікке ұмтылысы арқылы жүреді.

Оставить комментарий