Айтылған тарих зерттеу әдісі ретінде

Айтылған тарих зерттеу әдісі ретінде қазіргі кезде сұхбат жүргізу арқылы өткен тарихи заман мен оқиғалар туралы жеке тұлғаның субьективті пікірі жазылып алынатын – өзіндік әдісі бар ғылыми пән ретінде түсіндіріледі. Айтылған тарих – адамдардың жеке жадының куәліктері мен өмірлік тәжірибелерін жазып алу және сақтау мақсатында ұйымдастырылған сұхбаттың түрі. Айтылған тарих әдіс ретінде: – тарихи оқиғаларға қатысқан немесе көзімен көріп куәсі болған ресми деректерде тек статистикалық бірлік ретінде ғана көрініс табатын, кейде тіпті ұмыт қалатын «кішкентай адамдардың» куәліктерін (айтқан естеліктерін) жазып алып, жинақтап сақтауға мүмкіндік береді; – тарих ғылымының – антропология, тарихи психология, тарихи герменевтика сияқты салаларына тың деректік материалдар береді; – ұрпақтан­ұрпаққа мәдени­семантикалық код және құндылықтар жүйесін жеткізуді қамтамасыз етеді. Айтылған тарих – ғылыми пән ретінде өткен ғасырдың ортасынан бері қалыптасқан, бірақ оның тамыры тереңде жатыр. Айтылған тарих адамнан адамға, ұрпақтан ұрпаққа ақпарат берудің көне тәсілдерінің бірі. Бүгінгі таңда айтылған тарихқа жаңаша сипат берілген. Ол ХХ ғасырдың екінші жартысы айтылған тарихтың қайта жаңғырып жеке ғылыми пән ретінде қалыптасу кезеңі болды. Кейде тарихшылар мұны тарих ғылымының «ренессансы» немесе «қайта өрлеу» кезеңі деп те атайды. Айтылған тарихтың өріс алуына мынадай жағдайлар түрткі салды. Ең алдымен сұхбат­естеліктерді жазып алу технологиясының, аудио­визуалдық ақпаратты сақтаудың пайда болуы және олардың жетіле түсуі. ХІХ­ХХ ғасырларда дыбыс жазып алушы аппараттардың пайда болуы, ХХ ғасырдың ортасынан бастап магнитофондардың жаппай өндірілуі, ал осы ғасырдың соңына қарай сандық және аудио­видеотехниканың қолжетімді болуы айтылған тарих куәліктерін тіркеу ісіне сенімділікті күшейтті.

Замануи техника және технология жетістіктеріне сүйенген айтылған тарих үрдісі батыс елдерінде тарихи ойға жаңа мазмұн, жақсы серпін беріп, гуманитарлық ғылым салаларының мүмкіндігін кеңейте түсті. Келесі жағдай, әрине, ол тарихи зерттеулердің пәнін, әдісін, принциптерін, методологиясын және дерек көзін заман сұранысына лайық қайта қорытуға алып келген пәнаралық (лингвистикалық, социологиялық, антропологиялық және т.б.) зерттеулердің пайда болуы. Академиялық ғылымның назарына ендігі уақытта бұрын теріске шығарылған өткен өмірдің көріністері – адам өмірінің бейнесі, олардың мінез­құлқы, ділі (менталитеті), бірегейлігі, халықтығы, өмірлік ұстанымдары, көзқарастары, оқиғаларға олардың берген бағалары, қауесеттер, күнделіктілік және т.б. ілікті. Айтылған тарих әдісінің жетіле түсуі құжаттар негізінде жазылған тарихтың да өзіндік кемшілігі болатынын, сол сияқты тарих жазудың ескі принциптерін қайта қарауға тура келетіндігін, яғни ол ылғида «жоғарыдан қарау» арқылы жазылып келсе, ендігі уақытта «төменгі әлеуметтік топтардың» пайымдауы тұрғысынан да қорытылуы мүмкін екендігін көрсетіп берді. Айтылған тарихтың анықтамасын беруге байланысты түрлі пікірлер де бар. Кейбіреулер «айтылған тарихты» түрлі формадағы қауесет пен естеліктер ретінде айтылған ақпарат деп қабылдаса, біреулер оны тарихи зерттеудің жаңа әдісі ретінде мойындайды, ал енді біреулер оған дербес жаңа тарихи пән деп қарайды. Дегенменде, қазіргі зерттеушілер айтылған тарихқа нақты анықтама берген. Айтылған тарих – тірі адамдардың естеліктерін жинау арқылы іске асатын тарихи зерттеудің дерек көзі және әдісі. Заман куәгерлерінен немесе белгілі бір оқиғаға қатысушылар мен оның куәсі болған адамдардан, әсіресе қарапайым адамдардан алынған мәліметтер – қазіргі және келешектегі тарихшылар үшін құнды мұрағат болып саналады. Айтылған тарих мәселесі тарихтың әлеуметтік мақсаттарымен тығыз байланысты. Айтылған тарих мәліметтеріне баға беру және оларды интерпретациялау ісіне сақтықпен қарау қажет. Сонымен бірге айтылған тарихты әдіс ретінде мүлдем жоққа шығару немесе оның мәліметеріне тек сенімсіздікпен қарау қателікке ұрындырар еді. Айтылған тарих әдісі – бұл сұхбат түрінде айтылған ақпараттарды жинақтау және ол материалдарды тарихты зерттеу мақсатында қолданылатын өнімге айналдыру үрдісі.

Читайте также:  Бүгінгі заман мифтері

Айтылған тарих әдісін қолдана отырып жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде жарық көретін ғылыми еңбектер тек мамандарға ғана емес, сондай­ақ қарапайым оқырмандарға да қызықты болып келеді. Өйткені кейіпкерлердің ойын тереңдету, олардың эмоциялық көңіл күйін аша білу аталған жұмыстарды оқуды жеңілдетіп оны тез түсініп қабылдауға ықпал етеді. Жүргізілген сұхбаттардан ақпарат беруші адамның жеке сөйлеу мәнерін, эмоциялық ерекшеліктерін сақтай отырып ұқыпты өңделген үзінділер келтіру ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен әлеуметтік топтардың арасындағы тәжірибесін олардың өкілдерінің тәжірибесі арқылы қабылдап түсінуге көмектеседі. Айтылған тарих әдісі тарихшы­ғалымдар үшін ерте кездерден­ақ методологиялық құрал ретінде адамдардың өмірі туралы мәліметтер жинақтауға, олардың денсаулығы, отбасылық өмірі, жұмыс тәжірибесі, саяси өмірге араласуы сияқты т.б. элементтерді топтастыруға қызмет атқарып келеді. Бұл әдіс адамдардың жазба құжаттарда кездесе бермейтін сезімдерін, эмоцияларын, ес (жад) пен бірегейлік мәселелерін ашып жазуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ресми деректерде берілген мәліметтерді толықтырып, тіпті кейде оған түзетулер де енгізе алады. Бұл әдіс зерттеушінің сұхбат берушіден ақпарат алу қабілетіне сүйеніп, одан ақпарат берушіні бар зейінімен тыңдауды, айтылған ой мен фактіні қабылдай білу қабілетін қалыптастыруды, ең соңында алынған фактілерді саралай білу тәжірибесі болуын талап етеді. Сонымен қатар бұл әдіс тарих, әлеуметтану, антропология, құқық, журналистика сияқты т.б. бірқатар ғылыми пәндердің өзара байланысына негізделеді. Аталған пәндердің әрқайсысы сұхбат жүргізу өнеріне маңызды идеяларын қосып, тарихшылар пайдаланатын айтылған тарих әдісін байыта түседі. Ақпарат берушіден жазып алынған сұхбаттар тарихи деректік материалдар ретінде айтылған тарихтың ғылыми талаптарына сай рәсімделіп мұрағаттандырылады және дыбыстық жазба мұрағатының қорында сақталады. Айтылған тарих әдісі үшін негізгі деректік материал ретінде сұхбаттың аудио немесе видео түрінде жасалған түпнұсқасы алынады. Оның қосымша деректік материалдарын қағаз бетіне түсірілген (транскрипцияланған) сұхбат мәтіні, стеннограммалар, өңделген деректі фильмдер, түрлі веб – сайттар мен кітаптар, тағы басқаларда болуы мүмкін.

Читайте также:  Теориялық және терминологиялық симбиоз

Ал айтылған тарихтың құжаттандырылған өнімі тарихи құнды деректіктер қатарына жатады. Айтылған тарих материалын жинақтаудың журналистика жанрынан ерекшелігі алынған өнімнің ғылыми талаптарға сай рәсімделіп мұрағатта сақталуға бағытталуында болып табылады. Айтылған тарих бойынша зерттеу жүргізуші тарихшы­ғалым журналистер сияқты зерттеу жүргізіп, құрылымдық сұхбат алып, белгілі болған мәліметтер негізінде есеп жазудан басқа, тарихшының ұстанымы тұрғысынан жазылып алынған деректік материалдарды мұрағаттандыру жұмысын іске асырады. Айтылған тарих әдісі бойынша жеке дара жұмыс жүргізу үшін зерттеуші негізгі сауалдардың тұжырымдамасы мен тақырыптар тізімін алдын­ала даярлайды. Ал егерде топпен жұмыс істеу қажет болса онда сұхбат жүргізудің толық жоспарын жасап оны жетілдіріп отырған жөн. Егер мұндай жоспар икемділікпен әрі тапқырлықпен қолданылса, онда ол пайдалы болады, себебі зерттеуші қай сауалды неге байланысты қою қажеттігін неғұрлым жақсырақ білсе, соғұрлым кез­келген сұхбат берушіден көбірек ақпарат алу мүмкіндігі туады. Сонымен қатар тарихшылар сұхбат алуға барғанда басты назарды сұхбат беретін адамға аударады. Сұхбат жақсы деңгейде жүріп сәтті аяқталуы үшін ол зерттеушіден кәсіби біліктілікті, сонымен бірге өзара адами түсіністікті талап етеді. Сол себепті, «елішілік зерттеулер жүргізу» барысында тарихшылар көп жағдайда өзінің кәсіби білімі мен тәжірибесін сақтай отырып, адамдармен әңгімелесу, сұхбат жүргізу процесін, қарым­қатынас мәдениетін дұрыс ұйымдастыра білуі тиіс. Айтылған тарих «ақиқатты» әрбір баяндаушының айтуы бойынша анықтауға тырысады, басқа деректермен салыстырады, яғни ақиқатты салыстырмалы түрде анықтауға болатындығына тағы да бір рет көз жеткізеді. Екі адамның «ақиқатқа» қатысты пікірлері екі түрлі болуы мүмкін. Біреуі белгілі бір тарихи кезең немесе адамға байланысты пікір білдіргенде «Ол кез керемет еді немесе ол ұлы адам болған» десе, екіншісі оны теріске шығарады. Ал біреулердің рахаттанып айтатын оқиғасы, келесі бір адам үшін нағыз «тозақ» болуы мүмкін. Олардың қандай да болмасын бір оқиғаны, сол кезде болған жағдайларды есте сақтаулары да әртүрлі болып келеді. Ал егер, екі адамның басынан өткерген тәжірибелері мен айтқан естеліктері бір­ біріне ұқсас болған жағдайда ғана оны басқаларына қарағанда ақиқатқа жақын нұсқа ретінде қабылдауға болады.

Читайте также:  Қола дәуіріндегі қоныстар мен үй­-жайлар

Ұмыт болған оқиғаларды қайта баяндаудағы қарама­қайшылықты әр түрлі нұсқалардың екеуі де шындыққа жанасуы мүмкін. Дегенмен, айтылған тарих әдісі үшін фактіні тексерген өте маңызды. Өйткені кейде сұхбат беруші адамдар оқиға болған орынды немесе оқиғаның уақытын шатастырып жатады. Кейбір қателіктерді жөндеу қажет болғанымен айтылған тарихтың басты назары баяндаушылардың естеліктеріне емес, ақиқатқа қол жеткізуге бағытталады. Айтылған тарих міндетті түрде өзгеріс құралы ретінде қабылдануы керек деп қатып қалған қағида жоқ. Айтылған тарих ғылымда түбегейлі өзгерістердің құралы болмауы мүмкін, мәселе оның қалай қолданылуына байланысты. Зерттеушілердің айтылған тарихқа деген құштарлығының арта түсуі, оның «халықтығында» болса керек. Өйткені, басым бөлігі ресми, жазба деректерге сүйенген тарих академиялық тарих болып табылады. Бұқаралық сипат алған айтылған тарихтың тарихты жазу, оның мазмұнын тереңдету ісіне қосатын үлесі зор. Осыған байланысты тарихшы Джон Тош: «…Айтылған тарих – бұл тарих ғылымының тың саласы емес, жазба деректермен және материалдық объектілермен қатар деректердің жаңа категориясын талдаудың жолы, жаңа әдістемесі» – десе, айтылған тарихтың жаңа ғылыми әдіс ретіндегі мақсаты мен маңызына байланысты осы саланың мамандарының бірі, ағылшын тарихшысы Пол Томпсон: «Айтылған тарих» тарихтың мақсаты мен оның мазмұнын қайта қарайтын тәсіл болуы мүмкін. Оның көмегімен тарих ғылымының ұстанымын өзгертуге, зерттеудің жаңа бағытын жасауға болады.

Ол ұрпақтар арасындағы, ұстаз бен шәкірт, білім беру мекемелері мен сыртқы әлемнің арасындағы кедергіні бұза алады» – деп көрсетеді. Айтылған тарих әдісі арқылы жүргізілген зерттеулер ұрпақтар арасындағы байланысты тереңдетіп, жастарға аға ұрпақтың өмірлік, адамгершілік, рухани, т.б. тәжірибелерінен тәлім­тәрбие беретін құрал. Айтылған тарих зерттеу әдісі ретінде қоғамның қарапайым мүшелеріне, егде тартқан қарт кісілерге өздерінің әлі де қоғамға қажет екенін, өмір сүруінің мәні бар екенін көрсетсе, жас ұрпақтың ой­ өрісін кеңейтіп, оларға ар­ұят, намыс, жауапкершілік, ұқыптылық, достық сияқты, т.б. адами қасиеттерді бойына сіңіруге үйретеді. Қорыта айтқанда, айтылған тарих ғылыми әдіс ретінде дыбыстық жазба мен бейнелеуде көрініс тапқан қоғамның жүріп өткен жолын, қарапайым адамдардың күнделікті өмірін, олардың озық тәжірибелерінен мол мәлімет беретін тың тарихи деректік материалдарды келер ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік тудырады.

Оставить комментарий