«Айтылған тарихтың» ғылыми бағыт ретінде алғашқы қадамдары

XX­-шы ғасырдың 40­шы жылдарында ғылыми айналымға енген «айтылған тарих» зерттеу әдісі ретінде әлеуметтік тарих бағытында кеңінен қолданысқа ене бастайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары қоғамда орын алған әлеуметтік сипаттағы өзгерістер батыс елдерінде гендерлік тарих, еңбек тарихы, өлке тарихы сияқты тақырыптарды зерттеу ісінде «айтылған тарих» әдісін қолдану үрдісіне біршама серпін берді. Әр елде «айтылған тарих» қоғам өміріне лайық сипатта өзіндік ерекшеліктерімен дамыды. Жеке ұлттық контекстер аясында тарихшылар «айтылған тарих» бойынша материалдар жинау, зерделеу және сақтаудың түрлі жолдарын ұсынды. Айтылған тарих әдісі қолданылған жобалардың мақсаттары да әртүрлі болды. Тарихты зерттеуде қоғамдық санаға жақын тұрған әдістердің бірі болып табылатын айтылған тарихты пайдалану негізінен жоғары оқу орындарында өріс алды. Студенттер мен ізденуші жастардың тарихқа қызығушылықтарын ояту мақсатында ЖОО орындаған айтылған тарих бойынша тәжірибелік жобалар қатары күн сайын толығып жатты. Жүзеге асырылған бұл ғылыми жұмыстар негізінде жинастырылған материалдарды танымдық тұрғыдан таратуға бағытталған тарихи мазмұндағы деректі фильмдер мен коллекциялық вебсайттар онлайн мұрағаттардың кең таралуына себепкер болды. Өлкетанушылар өз кезегінде туған өлке тарихына қатысты мағлұматтар қалыптастыру және зерттеу жолында қарт тұрғындардың көрген – білгендерін жинау үшін «айтылған тарих» зерттеу әдісін пайдаланды. Өлке тарихын зерттеу және жазумен айналысушылар саналы түрде айтылған тарихты дамытуды мақсат етпесе де, олардың ізденіс нәтижелері тарихтың жаңа зерттеу әдісін, өрістетуге жағымды ықпалы болары хақ.

Алайда, жергілікті кәсіби тарихшылар, кітапхана және мұрағат қызметкерлері немесе қарапайым тұрғындардан тұратын ерікті ізденушілер болғандықтан өлкетанушылар күшімен жинастырылған бұл материалдардың дереккөз ретінде маңыздылығы ғылыми – сыни талдау барысында ғана анықталады. Қоғамдағы өмір сүру деңгейі немесе өмір сүру салтымен ерекшеленетін түрлі әлеуметтік топтарға қатысты мәселелерді арнайы ғылыми жобалар арқылы қарастырған әлеуметтанушылар да айтылған тарихтың жетіле түсуіне өз үлестерін қосты. Осы сипатта атқарылған жобалар нәтижесінде отбасы тарихы, миграция тарихы сияқты бағыттарда айтылған тарих материалдарының қорларға жинақтала түскенін байқауға болады. Жоғарыда аталған зерттеулерге «айтылған тарих» материалдарын кеңінен тартылуы бүгінгі тарих ғылымында бұл зерттеу әдісінің халықаралық сипат алуына ықпал жасады. Тарихнамалық еңбектерде «Айтылған тарихтың» қалыптасуы мен даму тарихы төрт кезеңнен тұрады: – XX ғ. 50­60 жж. – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің өмір жолын зерттеу мақсатында ақпарат жинау кезеңі; – XX ғ. 60­70 жылдарының ортасы – баламалы тарих, жазу­сызуы болмаған халықтар және қоғамның маргиналдық топтарының тарихын зерттеуге байланысты айтылған тарих әдісінің қолданысқа түсуі; – XX ғ. 70 жылдарының екінші жартысы 90­шы жылдардың басы – «Айтылған тарихтың» жаңа ғылыми бағыт ретінде орнығу кезеңі; – техникалық сандық­ақпараттық құралдардың шығуына байланысты төртінші кезең XX ғасырдың 90­шы жылдарынан қазіргі уақытқа дейінгі аралықты қамтиды. Америка Құрама Штаттарында айтылған тарих ғылыми бағыт ретінде қалыптасу кезеңінде­ақ үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Алғашқы он жыл көлемінде ғана «Нобель сыйлығы иегерлерінің ғылымдағы орны», «Америка тарихшылары» сияқты ауқымды ғылыми жобалар жүзеге асырылды. А.Невинс салған жолмен жұмыстарында айтылған тарих әдісімен жинастырылған естеліктерді пайдалана бастаған тарихшылар қатарының артуы халықаралық сипат алды. Мәселен, неміс тарихшысы Я.Мехра 1952 жылы 1920­1930 жж. кванттық механиканы жасау ісіне ат салысқан физиктерден айтылған тарих әдісімен сұхбат алу мақсатымен бүкіл Еуропа елдерін қамтыған экспедиция ұйымдастырды.

Читайте также:  "Ораза кезде мұздай сумен ауыз шайса ораза бұзылады ма"

О.Хеншел қорының қаржыландыруымен жүзеге асырылған бұл ғылыми зерттеу жобасының нәтижесінде физика ғылымының даму тарихы үшін құнды ақпараттарға толы жазбалар қоры құрылып, бүгінде Берлин қаласында тарихи зерттеулерге қызмет етуде. 1960­шы жылдары АҚШ­та тарихи зерттеулерде пәнаралық бағыт кең таралды. Экономиканың жаңа тарихы, жаңа саяси тарих, жаңа әлеуметтік тарих, психология тарихы және т.с.с. түрлі мектептер мен бағыттардың қалыптасуы айтылған тарих әдісі арқылы материалдар базасын жасаумен қатар жүрді. 175 сұхбат жазбаларынан тұратын «Кванттық физика тарихының мұрағаты» атты екі жылдық жоба сияқты көптеген ауқымды жұмыстардың орындалуына ықпал етті. Ал, 1970­ші жылдары Америка Құрама Штаттарында ғылыми­ техникалық даму тарихына қатысты зерттеулер жүргізу мақсатында құрылған 24 айтылған тарих орталықтары космосты игеру тарихы, әуе ұшуларының шежіресі сияқты зерттеу жобалары нәтижесінде 375 сұхбат мұрағат қорларына тапсырылды. Мұрағат қорларынан орын алған бұл айтылған тарих сұхбаттары ғылыми зерттеулерде кеңінен пайдаланылатын дереккөздері болып табылады. Сондай­ақ, медицина, психиатрия, биология, ботаника, физика тәрізді ғылым салалары тарихын зерттеуге құрылған айтылған тарих орталықтары 1960­1970 жж. азаматтық құқық теңсіздігі мен Вьетнам соғысына наразылық немесе феминизм сияқты әлеуметтік қозғалыстарды зерттеу ісіне бет бұрды. Жоғарыда атап көрсетілген сұхбаттар негізінде жүзеге асырылған ғылыми зерттеулер қоғамдық сұраныстарға ие жұмыстарға айналып, бестселлерлер қатарын толтырып жатты. Тарихшылар тарапынан қоғамның ғылымға деген қызығушылығы мен қолдау сезімін оятатын кәсіби тұрғыдан орындалған көптеген жобалар ұсынылды. Мәселен, 1978­1981 жж. аралығында Массачусетс штатының Кларк университетінің профессоры А. Баттимер халықаралық деңгейде жүзеге асырылған «Путь в географию» («География ғылымына жол») аталатын зерттеу жобасы география саласындағы түрлі ғылыми мектептердің ерекшеліктерін анықтауды көздеді.

АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Швеция, Норвегия, Финляндия, Нидерландия сияқты елдеріндегі география ғылымының көрнекті өкілдерін біріктірген зерттеуде ғалымдардың кәсіби өмір жолдарын таңдау себебін ортақ тақырыпқа айналдырған автор сұхбат бағдарламасын негізгі төрт бөлімге бөлген: шығармашылық және орта; географиялық теория мен практиканы қоғамның қабылдау деңгейі; қолданбалы географиядағы «қиял және шынайылық»; «идеяны дәлелдеу амалдары»*. Құрылымдық бағдарламасы мазмұнды әрі ауқымды болып келетін жобаны орындауда А.Баттимердің сұхбат алу үрдісінде диктофонмен қатар видеокамераларды қолдануы сол кездегі айтылған тарих үшін кезекті жаңалық еді. Шетелдік ғалымдар арасында А.Баттимердің зерттеу үлгісінде айтылған тарих әдісімен жобаларды жүзеге асыру бұл әдістің ғылыми тұрғыдан маңыздылығын арттыра түсті. Мысал ретінде, Будапешт технология және экономика университетінің профессоры, Венгрия Ғылым Академиясының мүшесі И. Харгиттаи жобасына назар аударуға болады. Қорытынды нәтиже ретінде ғылыми қауымдастық үшін құнды ақпарат беретін «Candid Science: Conversations with Famous Сhemists» («Шынайы ғылым: Химия ғылымдарының көрнекті өкілдерімен әңгіме») атты жарияланған еңбек оқырманға қазіргі заманғы химия ғылымы бойынша өз еңбектерімен әлемдік деңгейде мойындалған ғалымдармен 36 сұхбат ұсынды. Кітапта құрамында Нобель сыйлығының иегерлері де бар ғалымдармен өткізілген ашық сұхбат мәтіндерінің берілуі, сондай­ақ, олардың отбасылық мұрағаттардан алынған фотоматериалдармен толықтырылуы оны мазмұндық тұрғыдан қызықты ете түсті. Еңбектің ғылыми сыншылар тарапынан оңды пікірге ие болуы және академиялық материал ретінде кеңінен таралуы жобаны сериялық сипатта жалғастыруға ықпал етіп, ізін ала жарық көрген биохимия, биомедицина, физика саласының қазіргі замандағы көрнекті өкілдерінің ғылымдағы жолы туралы берген сұхбаттармен толықты.

Читайте также:  КӨМІР ӨНЕРКӘСІБІНДЕГІ АЗ ҚАЛДЫҚТЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ЕНГІЗУ

Бүгінгі таңда өз елінің ғылыми институттары мен көрнекті ғалымдарының кәсіби өмір жолын айтылған тарих әдісімен зерттеу ісін қолға алған тарихшылар басқа да мемлекеттерден шығып отыр. Мәселен, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасының бір бөлімі ретінде жұмыс жасайтын «Устная история» («Айтылған тарих») гуманитарлық зерттеулерді дамыту қоры арқылы химия, философия, геология, әлеуметтік ғылымдар, экономика, физика, биология, география, медицина, математика, филология салалары бойынша алынған мемуарлық сипаттағы сұхбаттар негізінде ғылым тарихын даярлады. Отандық тәжірибеде атаулы үлгіде жүзеге асырылған жоба Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті жанынан 2012 жылы құрылған «Айтылған тарих» ғылыми зерттеу орталығының еншісінде. Орталық 2014 жылы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған жоба негізінде «Менің ғылымдағы өмірім: ғалымдармен 21 сұхбат» атты ғылыми еңбекті жариялады. «Айтылған тарих» арқылы елімізге еңбегі сіңген ғалымдардың бай тәжірибесін зерттеу мақсатында қолға алынған жоба нәтижесінде өткен кеңестік заманда ғылым жолына түсіп, белсенді де нәтижелі еңбегімен танылған ғалымдардан сұхбат арқылы Қазақстан ғылымының жүріп өткен жолына жаңа тұжырым берілген. Сондай­ақ, алынған сұхбаттарды білім беру саласында пайдалану мақсатында «Менің ғылымдағы өмірім» атауымен 20 минуттық оқу фильмі даярланған. Айтылған тарих әдісі арқылы алынған сұхбаттар негізінде жарыққа шыққан еңбектерді үш топқа бөліп қарастыруға болады: – айтылған тарих бойынша жүзеге асырылған жобалар және сол жобалардың орындалуына байланысты тәжірибелік сипаттағы ақпарат алуға болатын еңбектер; – айтылған тарих сұхбаттарының мәтіндеріндегі фактілерге сүйеніп жүргізілген зерттеулер немесе сұхбат мәтіндері берілген жарияланымдар; – теориялық­әдістемелік еңбектер. Ғылымның қалыптасу үрдісіндегі жаңа бағыты ретінде «Айтылған тарих» бойынша зерттеулерді жүзеге асыруда басшылыққа алатын теориялық­әдістемелік еңбектер қатарының көп әрі алуан түрлі болуы бұл тақырыпқа толығырақ тоқталу қажеттігін тудырады. Әрине, айтылған тарих бағытын ғылыми айналымға енгізген АҚШ ғалымдары бұл әдісті зерттеу еңбектерінде пайдалануға қатысты өз тәжірибелерімен де бөлісті.

Читайте также:  ПРАГМАТИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАҒЫ АНТРОПОЛОГИЯ

Бұл ретте сұхбат мәтіндерін транскрипциялау техникасы, ғылыми­ақпараттық аппарат жасау, зерттеу материалдарын жариялауға дайындық сияқты кезеңдерін қамтыған еңбектерден академиялық ортада жоғары баға алған жарияланымдарға ғана тоқталайық. Мәселен интервью жанрының шебері, ұзақ жылдар бойы Колумбия университеті жанындағы «Айтылған тарих» орталығының директоры қызметін атқарған Рональд Дж. Г. және тәжірибелі журналист С.Теркелдің редакторлығымен 1975 жылы жарыққа шыққан «Envelopes of Sound. Six Practitioners Discuss the Method, Theory and Practice of Oral History and Oral Testimony» («Дыбыстық таспа: айтылған тарих әдісі, теориясы мен практикасы жайлы тәжірибелік алты дисскуссия») атты кітапта тарихшылардан алынған сұхбаттар мен 1973 жылы Чикаго қаласында өткен американдық тарихшылар ұйымдарының жыл сайынғы съезінде айтылған тарих тақырыбына қатысты пікірталастар мәтіні берілген. Бүгінгі таңда айтылған тарих саласында жұмыс жасайтын ең ірі ұйымдардың бірі болып есептелетін Ұлыбританияның «Айтылған тарих қауымдастығының» және «Айтылған тарих» журналының негізін қалаушы, Эссекс университетінің профессоры Пол Томпсон 1978 жылы жариялаған «Голос прошлого: Устная история» атты еңбегінде теориялық­әдістемелік нұсқаулар мен практикалық мәселелермен ғана шектелмей, тарих ғылымының басқа бағыттарымен салыстыра отырып айтылған тарихтың алатын орнын анықтап беруге тырысады. Ғалым еңбегінің нәтижелі болғандығын оның айтылған тарих саласында классикалық сипатқа ие болып, үлкен сұранысқа сай бірнеше тілдерге аударылғандығынан байқауға болады. Кейінгі кездері теориялық­әдістемелік сипатта жарыққа шыққан еңбектер арасында мазмұндық жүйелілігі және тұжырымдылығымен ғылыми қауымдастық назарына ие болған еңбектер қатарында Дональд Риччидің «Doing Oral History: a practical guide» («Айтылған тарихты жүзеге асыру жолында»), Валери Иовтың «Recording Oral History: a guide for the humanities and social sciences» («Айтылған тарихты жазу: гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар үшін нұсқауша»), ағылшын тарихшылары Робер Перкс пен Алистар Томсонның редакторлығымен жарық көрген «The oral history reader» («Айтылған тарих оқырманы»), Стейнар Кваленің «Interviews: an introduction to qualitative research interviewing» («Зерттеу сұхбаты: сапалы зерттеу сұхбатына кіріспе») атты еңбектері бар.

Алессандро Портелли өзінің теориялық және әдістемелік сипаттағы жұмыстарында айтылған тарих жазбаларын транскрипциялау нәтижесінде орын алуы мүмкін мағыналық бұрмаушылықтардың себеп­салдарын зерттеуге зейін қойды*. Жоғарыда аталған еңбектер қазіргі уақытта айтылған тарих бағытында қолға алынған жаңа зерттеулер үшін үлгі тұтарлық жұмыстарға айналды. Жаңа зерттеулердің басқа да тілдерде жарық көретіндігі қалыпты жағдай ретінде қабылданатын болды.

Оставить комментарий