АЙТЫСТЫҢ ЖАНРЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ

Айтыс – халық поезиясының биік шыңы саналатын, өзіндік табиғаты, қыр-сыры, ерекшелігі бар жанр. Осы ретте фольклорлық жанрдың табиғатын зерттеуші ғалым С.Қасқабасовтың сөзімен айтсақ: «Сонымен, біздің ойымызша, фольклордағы жанр ұғымын әдебиеттегіден өзгешелеу. … Демек, егер біз әдебиеттің эпос, драма, лирика тектері бар десек, онда фольклор орындалу мәнері мен ел арасында өмір сүру жағдайына байланысты өзінше текке және жанрға саралануы керек.

Осы тұрғыдан келгенде, фольклорды қара сөз (проза), өлең (стих) және сөйлесу (диалог) деп үш үлкен текке бөлуге болады. Қазақ фольклорында бұл үшеуінің алғашқы екеуі бар. Ол екеуін тек деп қарайтын болсақ, оларды жанрларға бөлуге болады. Прозалық фольклордың жанрларына миф, әңгіме, хикая, ертегі, шешендік сөздер жатса, өлең үлгісіндегі фольклордың жанрлары болып жыр, тақпақ, қара өлең, айтыс, мақал-мәтелдер саналады [1.14] –деп айтыс жанрын фольклорлық шығарма ретінде таниды.

Әр жанрдың қалыптасқан, тұрақталған белгілері болады. Және де оның өзге жанрлардан ерекшелейтін, дараландыратын өзгешеліктері де әр жанрдың табиғатын айқындаса керек.

Осы күрделі мәселеге методологиялық тұрғыдан қараған әдебиетші Б.Абылқасымов өз ойын былайша қорытады: «Айтыс, толғау, жоқтау сықылды жанрларда тарихи негіз анық көрінеді. Алайда, осы тарихи негіз дегеніміздің өзі не? Өмірде болған оқиғалар, құбылыстар, адамдар ғана ма? … Тарихи жыр, аңыздарда, айтыс, толғау, жоқтау, терме сияқты жанрларда бір қарағанда тарихи деректер дәлдігі көбірек сақталынады.

Себебі оларда нақты оқиғалар, нақты адамдар, нақты қоғамдық-әлеуметтік қатынастар молырақ орын алады. Бірақ методология мәселелерімен айналысып жүрген мамандардың пікіріне қарағанда, нақты тарихилық, яғни, поэзияның белгілі бір оқиғаларға бағытталуы жанрлық белгі емес. Бұл халықтық көркем сананың жалпы белгісі.

Ендеше тарихилық принцпті фольклор жанрының бәрін ортақ ұғым деп қарау керек. Болмысты бейнелемейтін бірде-бір жанр жоқ. Алайда, қай жанр болмыстың қай қырын қай тұрғыда бейнелейді, мәселенің тірелер тұсы осында» [1.4]. Бұл пікірдің ұстамдылығын құптай отырып, біздегі әрбір жанрдың өмірді бейнелеудегі өзіндік ерекшеліктері бар екенін, осыған орай айтыстың басқаларда қайталанбас белгі-сипаттары барлығын атап өткіміз келеді. «Әр жанрдың ерекшелігі неден көрінеді?

Ол үшін бірнеше факторды анықтап алу шарт: біріншіден, жанр қай заманды, дәуір мен қоғамды көрсетеді, екіншіден, қандай әдіспен, тәсілдермен, құралдармен бейнелейді; үшіншіден, бейнелеп отырған нәрсесіне қалай қарайды, оны қалай бағалайды; төртіншіден, осы өзінің бағасын, қатысын қалай, қандай түрде шығарады, көрсетеді; бесіншіден, ол жанр қандай мақсатта қызмет етеді, яғни жырдың функциясы қандай?» [1.17-18] деген пікірдің айтыс жанрына қатыстысы да бар.

Айтыстың жанрлық ерекшелігі- біріншіден, суырыпсалмалық; екіншіден, синкреттілік; үшіншіден, уәж бен дәлелге құрылған тартыс; төртіншіден, айқын эстетикалық қызметінен көрінеді. Сонымен қоса, біздің арнайы сөз еткелі отырғанымыз – айтыс жанрының өзге жанр салаларында көрініс табуы, дамуы, екеуінің айырмашылықтары, ортақ белгілері.

Читайте также:  Сакральді ғылым және қарабайырланған ғылым

Ақындар айтысының бәрі де жұрт бас қосқан ойын-сауық, үлкен жиын, ас тойларда халық алдында орындалады. Шаршы топта сөз сайысына түскен ақындар сөзін сарапқа салып, әділ төрелік айтушы-халық. Сол билік айтушы жұрттың өзі екі дай жарылып, іштей өз елінің намысын қорғаушы ақынның қарсыласына сөз есесін жібермей жеңіп шығуын тілейді. 88 Төрелік айтушылар да, айтысқа түскен ақындар да «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Аталы сөзге арсыз таласады» дейтін қағиданы берік ұстанған.

Осыған орай ірі айтыстарға топтан озған ірі жүлдегер ақындар қатысып отырған. Айтысушы ақындар суырыпсалмалық дарынымен қатар өз заманының тоқығаны мол, білімді, зерделі адамдары болуын талап етеді. Сол себептен де ақындар айтыстың қай тақырыпта болатынын білмесе де, ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бәрін тізіп, бұған алдын-ала іштей дайындалып жүреді.

Суырыпсалма айтыс өнерінің қысқаша сипаты осындай. Ал жекеленген ақынның шығармашылығындағы айтыс көрінісі сәл өзгешелеу. Көркем шығарма-айтыстарға тән сипат-бір автордың болуы және дәстүрлі айтысқа қарағанда құрылыс, мазмұнының ерекшелігі. Арғы түбі сонау М. Қашқаридың «Диуани лұғат – ат –түрк» еңбегіндегі «Жаз бен қыс» айтысы, Қ. Яссауидың «Диуани хитмет» туындысындағы «Бейіш пен тозақ» айтысы, С. Бақырғанидың «Рух пен нәпсі қағысуы», «Ұжмақ пен тозақ» айтысынан басталатын шығарма-айтыс әр ғасырларда өз жалғасын тауып, XX ғасыр ақындар шығармашылығында өз бейнесін бедерлеп, (С. Торайғыров «Айтыс» дастаны, С. Мұқанов «Ақ аю», С.Сейфуллин «Қызыл ат» поэмалары), бүгіндері Т. Жанғалиев, К. Әмірбек, Қ.Исалин, М. Айтқазыұлы т.б. шығармаларымен ұласты.

Бір автордың шығармашылығындағы көркем айтыс белгілі бір мәселе төңірегінде ғана өрбиді. Яғни оларға шектеулік қасиет тән деп айта аламыз. Мәселен, М. Қашқаридың «Қыс пен жаз» айтысы бір-біріне өз жақсылығын асыру және қарсыласының кемшілігін көрсету болса, «Мәшһүр Жүсіп пен Шабдар аттың» айтысында Жүсіптің үй иесіне деген көзқарасы, С. Сейфуллиннің шығармасындағы ақын мен қызыл ат айтысы – колхоз ісіндегі кемшіліктер турасында сөз етеді.

Ал осы екі түрге де тән қасиет-сөз жарысы, пікір тартысы. Осы айшықты ортақтық екі түрге де тән, өйткені мұнсыз олар «Айтыс» деп танылмас еді. «Айтыс» қазақтың төл сөзі, ежелден айтысу, сөз бәсекесі, пікір таласы деген ұғымда қолданылып келген. Шығарма айтысқа біз келесі «Айтыстың көркем туындыға тән белгілері», «Мысал айтыс», «Әдет-салт айтысы», «Өңделген айтыс», «Көркем шығармадағы айтыс» тарауларында арнайы қарастырамыз.

Айтыс өнерінің келесі бір ерекшелігі-синкреттілік сипаты. Айтыс дәстүрі ең алғаш әдет-ғұрыптарды орындау талабында туып қалыптасса да, кейін бұл сипат толыса дамып, ақындар өнер бәсекесі-айтыс жанрының туып, қалыптасуына жол салды. Айтыс өзінің туу, даму, қалыптасу кезеңдерінде өзі бастау алған эпикалық жырлар мен лиро-эпикалық туындыларын, шешендік өнермен, тағы басқа ұсақ жанрлармен тығыз байланыста дамып, өркен жайды, жеке жанр болып жетілді.

Читайте также:  Шыңғыс Айтматов. Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет

Осы тұста болгар ғалымы Ц. Тодоровтың жанрдың өзгеріске ұшырау жайындағы пікірін келтіре кетуді жөн көрдік: «Жанрдың тұрақты белгілері әр дәуірге сәйкес өзгеріп көптеген қосымша сипат қабылдайды. Бірақ, ол сипат аса маңызды деп танылмайды, сондықтан шығарманы белгілі бір жанрға саралауда оның айтарлықтай әсері болмайды.

Сол себептен тарихтың әр тұсында бір шығарманың өзі әр қилы жанр болып есептелуі мүмкін» [3.100]- дейді. Айтыс жанры өзінің даму процесінде халық шығармашылығын өзге де салалары мен қатар өмір сүріп байланысқа түскен. Фольклортанушы ғалым С. Қасқабасов жанрдың синкреттілігі жөнінде: «Еш бір жанр саф алтындай таза күйде болмайды.

Өйткені, ол жападан жалғыз өмір сүрмейді, ұзақ көркемделу процесінде жанрлар бір-бірімен тығыз байланысқа түседі, олар бір – біріне ықпал жасап, кірігіп, тіпті жаңа жанрға негіз де бола алады, бірақ олар қосылып кетпейді, әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Енді бір-екі ауыз сөз: ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің байланысы, дәстүр жалғастығы жайында.

Айтыстан халықтың көркемдік дүниетанымы өткен ұзақ жолдың іздерін, әрбір халықтың өзіне ғана тән көркемдік өсу, өрлеу соқпағын, тұрмыс – тіршілігінің бейнелі, образды шежіресін көреміз. Айтысты халықтың көркемдік ойының ғасырлар тізбегі арқылы қортылған, түйінделген эстетикалық нәрі, жинағы, өлшемі десе де болады.

Жалпы дәстүр, оның iшiнде поэзиядағы дәстүр де дамиды, өзгередi, өседi, жаңарады. Бiрақ бұл үшiн көбiнесе халықтың тiршiлiгiнде, өмiрiнде, санасында көркемдiк 89 дүниетанымында жаңа бетбұрыс, үрдiс дамуы болу қажет. Соның өзiнде де байырғы, төл дәстүр аз уақыттың iшiнде өзгере салмайды. Ұзақ процестiң, жалпы қоғамдық дамудың, сондай-ақ өмiрдi, табиғатты, адамдарды жаңаша тану, бейнелеудiң нәтижесiнде кем-кемдеп өзгередi, жаңарады, яғни байырғы дәстүрдiң iштей түлеуi, бiртiндеп жаңа сипатқа көшуi тәрiздi өзгерiстердi басынан өткiзедi.

Дәстүрдiң белгiлi бiр тарихи кезеңде өзгеруi мен жаңаруы жалпы ұлттық поэзияның табиғи сипатынан айрылуы немесе кенет өзгеше сипатқа ие болуы деп есептелмейдi. Абай халық әдебиетi мен қалыпты суырыпсалма дәстүрiне зер сала қарап, оған әр кез үлкен iлтипат бiлдiрiп отырған. Жас кезiнде өзi де суырыпсалуға машықтанып, «Көкбайға», «Қыздарға», «Қара қатынға», «Масақбайға», «Сап-сап, көңiлiм» тәрiздi арнау өлеңдерiн ауызша айтып отырғаны мәлiм.

Ақын жас шағында мұнымен де қанағаттанып қалмай, әзiл қалжыңы мол, жеңiл-желпi айтыстарға да қатысып жүрiптi. Соның бiрi — Сабырбай ақынның қызы Қуандықпен айтысы. Алайда бұл айтыс бiзге жетпеген. Бұл туралы М.Әуезов: «Ақын Абай ол кездегi қазақтың барлық басқа ақындарының үлгiсiмен ауызша айтатын, соған машықтанған ақын болады. Тегiнде ақын емес кiсi бұрын аты бар жүйрiктермен өлеңмен айтыспайды.

Читайте также:  Шәкәрімдегі руханият көзі

Ал, Абайдың жаңағы iсi (Қуандықпен айтысы) оның бiр емес, талай жерде жеңiл айтысқа батыл кiрiсе жүргенiн дәлелдейдi. Шешендiк айтыстың қатарында ақындық айтыстың iлесе жүргенiн сездiредi. Ол, тiптi, жазушы ақын болған кезiнде, ертеңгi уақытта да талай ұзақ өлеңiн осылайша қолма-қол суырып салып айтатын. Көптеген эпиграмма, әзiл- өлеңдерi жазушы Абай емес, фольклор көлемiндегi Дулат, Шөже сияқты ақын боп жүрген кездерiн, әсiресе, жастық кездерiн айқын танытады» [4.17]-деп жазды.

Мұның бәрi ұлы Абайдың ақын болып қалыптасу, жетiлiп толысу жолындағы үлкен бiр мектебi болғанын танытса керек. Абайдың өлеңдi қажеттi тұстарда суырыпсалып айтуға төселген шеберлiгiн ақынның замандасы, әрi әрiптесi Көкбай Жанатайұлы да әр кез еске алып, әңгiмелеген. Ол өзiнiң құрбылас ақыны Әрiп Тәңiрбергенұлымен бiр жолғы айтыс-қағысын келтiре отырып, Бұл ақындарыдың таласын артынша Абай естiп қалып, Көкбайды шақырып алғанын айтады.

Абай: «Сен не дедiң, ол не дедi?»- деп тәптiштеп сұрай келiп, сөз түйiнi бiр ауыз өлеңмен шешiп, қолма-қол шығарып айтыпты [4.272-273]. Бұдан тыс М.Әуезов Абайдың өз үйiнде өтетiн әр алуан басқосуларды жұртты сынау үшiн, оның өзi бастап екi жол өлең айтып, аяғын «сен жалғастырып жiбершi» деп отыратын болғанын да жазады. Сөйтiп, осы арқылы ол жиналған көптiң өлеңге деген бейiм қабiлетi мен ақындық ой-қиялының өрiсiн байқап, сынап отыратын болған.

Осыдан ұлы ақынның жас шағында ел iшiнде кең тараған импровизаторлық дәстүрден еркiн сусындап өсiп, тiптi кезi келгенде әзiл-қалжыңды айтыстарға қатысу арқылы өзiнiң ақындық өнерiн де ұштап, жетiлдiрiп отырғаны аңғарылады. Бұл жәйттер айтыс өнерiнiң ұзақ ғасырлар бойы дәстүр ретiнде кең қанат жайып, ел өмiрiмен бiте қайнасқан халықтық сипатын да ашып дәлелдесе керек.

Сонымен, айтылып кеткен мәселелерге орай ойымызды қорыта айтсақ, айтыстың жанрлық ерекшелiгi-ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр негiзiнде көрiнедi. Атай кетсек, олар-синкреттiлiк сипаты, көркем шығармаға тән белгiлерi арқылы көрiнедi. Айтыс әр жанр салаларында көрiнiс тауып, осы ерекшелiктерiмен халқымыздың өмiрiнде қайталанбас, мақсат тұтарлық сипаттары бар халықты өнер дәрежесiне көтерiлдi.

Әдебиеттер

1. Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы.-Алматы:Жазушы,1982.-350 б.

2. Абылқасымов Б. Телқоңыр.- Алматы:Атамұра-Қазақстан,1993.-174 б.

3. Тодоров Ц. Поэтика. Кітапта: Структурализм, ―за‖ и ―против‖.- Москва.1975.-253 б.

4. Әуезов М. Абайдың өмірбаяны. Кітапта: Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ.- Алматы:Қазмемкөркемәдеббас,1940.-320 б.

Оставить комментарий