Загрузка…

ҚАЗАҚ-АҒЫЛШЫН ТІДЕРІНДЕГІ МАҒЫНАЛАРЫ СӘЙКЕС ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР

Ұлт мәдениетінің қай түрінде болмасын, онда сол ұлттың бүкіл таным болмысы мен тұрмыс-тіршілік сипаты сақталған. Белгілі бір ұлттың тарихынан, мәдениетінен, таным болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен хабардар ететін тілдік бірліктерге, ең алдымен, тілдегі фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер жатады. Себебі бұлар белгілі бір ұлттың рухани дүниетанымдық, салт-дәстүр т.б. ерекшеліктерін көрсетеді, ұлттың өмір көріністерінің айнасы іспеттес. Біздің елімізде қазақ тілі мен орыс тілін салғастыра зерттеуге арналған еңбектер құрылымы әр түрлі тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеудің үлгісі болды. Қазіргі отандық тіл білімінде енді ғана бой көтеріп, кейінгі жылдары ғана тұсауы кесілген саланың бірі- қазақ және герман, қазақ және роман тілдерінің фразеологизмдерін кешенді түрде тіл біліміндегі жаңа бағыттардың ұстанымдарына сүйене отырып зерттеу. Осындай тың, қиын, өзекті мәселелердің бірі- қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық бірліктердің салғастырыла зерттелуі. Қандай да бір тіл болмасын оның фразеологиялық қоры ұлт мәдениетін, менталитетін, ұлттың психологиясын барынша қамтиды. Сондықтан да қазақ және ағылшын тілдерінде фразеологиялық бірліктерді жүйелеп, салыстырмалы-салғастырмалы талдау жүргізіп, баяндау арқылы осы ерекшеліктерді анықтауға деген қызығушылық тудырады. Діні, мәдениеті, тарихы, әлеуметтік және саяси даму жолдары бөлек ағылшын және қазақ халықтары тілдеріндегі тұрақты тіркестерді салыстыра-салғастыра зерттеу арқылы оларға тән ұлттық-мәдени ерекшеліктерді айқындау, сәйкес тұстарын табу бүгінгі күннің өзекті мәселелері болып табылады. Тіл мен мәдениет – халық дамуындағы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын ұлттық құндылықтар жиынтығы. Әр ұлттың ана тілінде оның бүкіл өмірі, тарихы, тыныс-тіршілігі, рухани дүниесі көрініс табады. Тіл мен мәдениет-қоғам дамуының әлеуметтік азығы. Тілдің әлеуметтік маңызы, табиғат тіл мен мәдениетті, тіл мен қоғамды тұтас алып қарағанда ғана айқындалады. Адамның жан дүниесі мен болмысының, мәдениетінің қалыптасуына зор үлес қосатын халықтың баға жетпес байлығы – оның тілі. Тіл – мәдениеттің, ұлт өмірінің айнасы. Тіл қоғамнан, мәдениеттен тыс өмір сүрмейді, себебі ол қоғам мен мәдениеттің көрінісі болып табылады. Қоғамда болып жатқан өзгерістер арқылы бейнеленіп, сипатталып, тілдің кумулятивтік қызметі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі. Қоғамдағы саяси, мәдени өзгерістер тілде де өз ізін қалдырып отырады. Тіл білімінің басқа салалары сияқты фразеология саласы да бүгінгі таңда терезесі тең, дербес пәнге айналып отыр. Фразеологиялық бірліктердің танымдық қызметі зор, ең көне бірліктер қатарына жатады, әрі қарапайым, тілде жиі қолданылады. Олар белгілі бір заттың көркемдік сипатын бейнелі түрде суреттейді. Ал, фразеологиялық теңеулер – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затпен салыстыру арқылы олардың арасындағы сәйкестіктерді анықтауға көмектеседі. Фразеологиялық теңеулер фразеологизмдердің басқа түрлерінен өзінің құрылымы, мағынасы мен стильдік қызметі арқылы ерекшеленеді. Фразеологиялық теңеулер табиғатын зерттеуде фразеологиялық теңеу мен метафораның өзара байланысы, ұқсастығы мен айырмашылықтарына тоқталу қажет. Теңеуде салыстырушы теңеу заты және оған қажетті 9 негіз бар. Ал метафораға ондай негіз қажет емес. Фразеологиялық теңеулер екі затты салыстырудың нәтижесі болса, метафоралар – олардың ұқсастығының нәтижесі She is a fox – ол түлкі; She is as sly as a fox – ол түлкідей қу, айлакер. Фразеологиялық теңеулерді лингвомәдениеттану және когнитивтік лингвистиканың негізгі ұстанымдарына сүйене отырып салыстырмалы-салғастырмалы зерттеу жүргізудің мәні ерекше. Себебі халықтың дүниетанымы, өмірге және қоршаған ортаға деген көзқарасы, салт-дәстүрі, көңіл-күйі әр халықтың жалпы фразеологиясынан, оның ішінде, әсіресе, фразеологиялық теңеулерден көрініс табады. Фразеологиялық теңеулер жекелеген өмір құбылысына нақты баға беретін, ғасырлар бойы атадан балаға мұра ретінде беріліп отыратын, әр халықтың өмірінен мәні зор деректерді өз бойына жинақтаған халық мұрасы. Сондықтан, туыстас, не туыс емес тілдердегі фразеологиялық теңеулерді лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан зерттеу әр тілдің өрнек бояуын, ерекшелігін танып білуге, олардың тілдік қолданыстағы қасиеттерін ашуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, туыстығы жоқ қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің ерекшеліктерін немесе кейбір сәйкестіктерін анықтау ерекше мәнге ие, себебі тілдік ерекшелік ұлттық ерекшеліктерден мағлұмат беруі әбден мүмкін. Фразеологизмдердің ішкі формаларының тасалануынан олардың мағыналарының күңгірттенуі шығады. Ондай фразеологизмдердің сырын, жасалу төркінін тілдің ішкі заңдылықтарынан, этимологиядан іздеу қажет. Мысалы, кәрі қойдың жасындай жасы қалды фразеологизмі қой түлігінің тіршілік ету мерзімін (10 шақты жылдай) бақылаудан туған. Осы жайт ауыспалы мәнде жасы ұлғайған адамға қатысты айтылатын бейнелі тіркестің тууына негіз болған. Ағылшын тіліндегі to fight like Kilkenny cats (Килкени мысықтарындай айқасу) — өлімге бас тігіп қырқысу деген мағынада қолданылатын фразеологизмнің қалыптасуына ХVII ғ. Kilkenny мен Irishtоwn қалалары арасындағы қантөгістің аяғы екі қаланың да қирап бітуіне әкелген тарихи уақиға негіз болды. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологизмдердің басым көпшілігі «Адам» атты мағыналық макротопқа жатады, олар негізінен адам мен оны қоршаған әлемнің өзара байланысын бейнелейді. Салғастырмалы зерттеу нәтижесінде әртиптес екі тілдегі осы топқа жататын фразеологиялық бірліктердің төменде көрсетілген мағыналық-тақырыптық топтары анықталды: 1. Адам мінезі мен ақыл-ой қабілетін сипаттаушы тұрақты тілдік бірліктер: to speak unceasingly- аузы- аузына жұқпау; happen to be head over heels- аяғы аспаннан келу; to take by ruse- айлаға басу; to become ingraied- сүйекке сіңген; to make lie truth- өтірікті шындай қылу; thunder is strong, but there is no rain- күркіреуі бар да, жауары жоқ. 2. Адамның жағдай-күйіне байланысты тұрақты тілдік бірліктер: to be grateful- разы болу; to be on the alert- сақадай сай болу; to be blood- stained- қан- жоса болу; to be smashed- күл- талқан болу; to break iron by nick- тепсе темір үзу; his eyelids are swollen- көзіне шел біту; to raise up to heavens- төбесіне көтеру, ұшпаққа шығару; wisdom likes silence- үндемеген үйдей бәледен құтылады; fix one‘s eyes- тесірейе қарау. 3. Адамның сыртқы келбетін сипаттаушы тұрақты тілдік бірліктер: perfectly beautiful, without defect- тал бойында бір мін жоқ; bulging eyes- бөкен қабақ; doe- eyes- құралай көз. 4. Адамның өмірі мен қызметін сипаттаушы тұрақты тілдік бірліктер: to be determined- тәуекелге бел байлау; to be a sponger- ас ішіп аяқ босату; to be on pins and needles- тыным таппау; to listen attentively- құлақ түру; to run after two hares- екі кеменің құйрығын ұстау. 5. Адамның эмоциялық жағдайын сипаттаушы тұрақты тілдік бірліктер: he can‘t hold his joy in his bosom- қуанышы қойнына сыймау; take heart, hearten up-еңсесі көтерілу; blood drips from his sabre- қылышынан қаны таму; to have one‘s heart in his mouth, to break into a smile all over the face- екі езуі екі құлағында. 6. Адамның басқа бір адамға немесе затқа қатынасын сипаттаушы тұрақты тілдік бірліктер: to differ from other people- елден ала бөтен; to shake out a soul- ит сілікпесін 10 шығару; his eyes papped out of their sockets- көзі ұясынан шығу; to make wait for beestings of a dry cow- қашпаған сиырдың уызына қарату; gladden the eye- көздің жауын алу. 7. Арақашықтықты сипаттайтын тұрақты тілдік бірліктер: at the end of the world- ит арқасы қиянда; close range- қарға адым жер. Қорыта айтқанда, құрылымы әр түрлі ағылшын және қазақ тілдерінің сөздік қорындағы өте жиі қолданылатын, мағынаға бай, қолданыс ауқымы кең тілдік бірліктердің бірі – тұрақты тіркестер екендігі анықталды. Тұрақты тіркестердің мағынасын олардың құрамындағы ұлттық-мәдени элемент білдіреді. Ұлттық-мәдени элементке әр халықтың өзіне ғана тән бейнелеу образдары жатады. Белгілі бір ғана тілде кездесетін тілдік образдар басқа тілдерде қайталанып келмесе, олар әрқашан ұлттық болып табылады. Екі тілдегі фразеологиялық бірліктерді салғастыра талдау барысында олардан ұлттық дүниетаным ерекшеліктері мен ұқсастықтары бар екені анықталды. Тілдік бірлікке тән коннотацияның ұқсас не сәйкес келуі ұлттық дүниетаным деген түсінікпен ұштасады, ал бұл халықтар туыстығы дүниетанымының ортақтығына немесе ұқсастығына әкелуі мүмкін. Ал ұлттық дүниетанымның ерекшелігі, оның тілдегі көрінісі тіл иелерінің өз даму тарихына, табиғи ортасы, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілік, шаруашылық түрлері т.б. жағдайларына байланысты деп білеміз. Әдебиеттер 1. Б.Н. Ағабекова Aғылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің ұлттық мәдени сипаты. — Алматы, 2010. -30б. 2. В.Ю. Франк Орысша- қазақша- ағылшынша пәндік тақырыптық сөздік. – Алматы, 2004.- 200б. 3. І. Кеңесбаев Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы, 1977. -711б. 4. А.Қ. Қыпшақбаева Қазақ және ағылшын тілдеріндегі қарсы мәндес фразеологизмдердің семантикалық парадигмасы. – Қызылорда, 2010. -19б.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar