Загрузка…

ҚАЗАҚ АНТРОПОНИМИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ МӘН-МАҒЫНАСЫ

Ономастика қазақ тіл білімінде жаңадан зерттеле бастаған, тіл білімінің негізгі салаларының бірі болып саналады. Ономастика – жалқы есімдердің жиынтық атауы, термин ретінде кеңінен орын алды. Оның негізгі бөлімдерінің бірі — антропонимика. Антропонимика – адам аттарын зерттейтін ғылым [1, 3]. Жер жүзі халықтарының бәрінде әрбір кісінің өзіне тән аты-жөні бар. Адамзат қоғамында есімі, аты жоқ адам кездесуі мүмкін емес. Адамға ат қою дәстүрінің сонау рулық қоғамнан барын, сол заманның өзінде-ақ әркімнің атының болғандығын Морган өзінің еңбектерінде дәлелдеген. Қазақ есімдері де санаулы жыл ішінде тосыннан пайда бола қалмаған. Оның да өзіне тән тарихы, шығу, пайда болу жолдары бар. Өмірге келген жас бөбек, сәбиге жарасымды ат қойып, есім беру – ертеден келе жатқан ата дәстүр, дағдылы әдет. Есімдердің әдетте адамды екінші адамнан ажырата білу үшін қойылатыны белгілі. Ұлы Гомер: «Есім дегеніміз алуа-шекер сыйлық. Ал сыйлық пен 201 тарту адам үшін зор қуаныш» деген екен [2, 6]. Қазақ халқында ат қоюға байланысты азан шақыру дәстүрі де қалыптасқан. Әрине, адам үшін өмірлік, шексіз қуаныштың бірі – уақыт, дәуір талабына, өз талғамына сай келетін айшықты да сұлу, мәнді де мәнерлі есім иемдену екені даусыз. Ескіліктен келе жатқан өмірлік маңызы зор бұл мәселе өз мәнін бүгін де жойған жоқ, әлі де маңызды, аса өзекті қалпында қалып отыр. Есім беруде сәбидің ата-анасы ғана емес, туған-туыс, дос-жарандарымен қатар Азаматтық хал актілері мекемелерінің қызметкерлері де мүдделі. Өйткені адам есімі қоғам өмірімен, оны қоршаған ортамен тығыз байланысты. Қоғам өміріндегі көптеген тарихи оқиғалар мен әлеуметтік өзгерістер ірі тұлғалар есімдерімен байланысты болса, көпшілігі есте жоқ ескі заманнан бүгінге жетіп отыр. Иә, антропонимия тіл тарихын зерттеуде құнды да бағалы мұра. Мысалы, қолданудан әлдеқашан шығып қалған тілімізге тән жалпы есім сөздер антропонимияда сақталып отыр. Мәселен, Ардақ, Байсал, Ораз, Жора, Жекен, т.б. Бұдан шығатын дәлел есімдер дамуының бір түрі жалпы есімдердің жалқы есімдерге айналуы [2, 6]. Антропонимдер адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын және материалдық әрі мәдени өмірдің құбылыстарын да көрсете алады. Олардың кейбір топтары қазақ ауылының ертедегі тіршілік, іс-әрекетінен және шаруашылық күйінен мағлұмат береді. Мысалы, төрт-түлік малға, шаруашылық, тұрмыстық сөздерге байланысты есімдер. Шындығында бұлай болудың өзіндік сыры бар. Өйткені әрбір кісі аты өзінің шыққан заманы мен дәуіріне, оның тілдік заңына тікелей байланысты [3, 22]. Соған орай олардың шығу себебін дәлелдейтін алуан түрлі тарихи жайлар мен сан қилы оқиғалар бары аян. Халқымыздың ғасырлар бойы басынан кешірген өмір жолында табиғат пен аңға, құсқа сыйыну, ай мен күнге табыну, хайуандардан ит, қасқыр, бұқа сияқтыларды – тотем ету – бәрі кісі аттарының қойылуына әсер етпей қоймады. Тіпті аты арқылы адамдардың тіршілігі мен кәсібі, қоғамдағы алатын орны, кім болғаны, қай жерде өмір сүргені жайлы толық мәлімет ала аламыз. Бір қызығы, қазақ тұрмысында, оның үй –іші отбасында таңдау, есім беруде ешқандай шек, қатаң меже болмаған. Яғни, есімдер көптеген жағдайларға, оқиғаларға, заттарға да байланысты туа берген. Яғни, қазақ тілі кісі аттарына соншалықты бай, тіпті оның нақты санын атап көрсету қиын. Есімдердің түрлі тәсілдер арқылы дамуымен қатар жаңа есімдер пайда болып үздіксіз құрамы толығып отырады. Дегенмен, соңғы жылдары жарық көрген сөздіктердің бірінде «50 мыңға жуық дербес қазақ есімдерінің жинақталғаны» туралы мәлімет бар. Антропонимдердің тілдік табиғаты туралы ғалымдардың пікірлер айтып, жан- жақты сөз болуына себеп Т.Жанұзақовтың еңбектері. Тек Т.Жанұзақовтың арқасында есімдер түрліше топтарға жіктелініп, жалпы қазақ ономастика саласы біршама зерттелінді. Т. Жанұзақов өз еңбектерінде «қойылу ерекшеліктеріне, сипатына қарай қазақ тіліндегі кісі аттарының топтарын атап көрсетті». Қазақ антропонимдерін зерттеген ғалымдар тарапынан мағыналық топтарғажіктелуіне сүйене отырып, қазақ есімдерінің классификациясына мен де тоқталғым келеді. 1. Мұсылман дінін қадірлеп, исламға сенген қазақтар дінге байланысты ат берген. Мысалы, Мұхаммед, Әли, Фатима, Айша, Зейнеп, Әмина (Мұхаммед пайғамбарымыздың қыздарының, әйелдерінің есімдері) 2. Әйгілі адамдардың, билеушілердің, құрметпен қарайтын адамдардың есімдерін қою. Мәселен, Ескендір, Шыңғыс, Тимур, Әл-Фараби, Абай 3. Жер-су аттары, географиялық атуларға, ру аттарына байланысты: Алтай, Әлтай, Дулат, Алатау, Еділ, Орал 4. Апта күндеріне, ай атауларына, бір мерекеге немесе қандай да бір күнге байланысты қою: Жұма, Жұматай, Қадір, Айткен, Айтпай, Айтбала, Жеңіс 5. Қазақтар мал шаруашылығын құрметтеп, оған аса көңіл бөлгені үшін, сәбилерін еркелетіп, жануарларға байланысты да қойған: Бота, Бұқа, Аққозы, Жанқозы, Құлыншақ, Жылқыбай 6. Аңдар мен үй хайуанаттарына, құстарға байланысты: Арыстан, Түлкібай, Лашын Асыл металдар, қымбат заттар атауларымен: Алтын, Болат, Маржан 8. Өсімдік атауларына қарап: Қызғалдақ, Райхан, Раушан, Гүлжан. 9. Жеміс-жидектерге байланысты: Алма, Анар, Мейіз, Жаңғақ 10. Туыстық аттарға байланысты: Атабек, Баба, Туғанбай, Жеңгебай 11. Үй жиһаздары, мүлікке, тұрмыстағы қолданылатын заттар атауларымен байланысты: Шара, Табақбай, Айнагүл 12. Түрлі тағам атауларына сүйеніп: Айранбай, Шырынбай, Шекер, Сүттібай 13. Көз тиюден, жын шайтаннан сақтасын деген мақсатпен: Итбай, Күшікбай, Жаманбай 14. Сан есімдерге байланысты: Бірбай, Біржан, Елубай, Жетібай [3]. 15. Ырымдарға сенген қазақ халқы, баласы өле берген үйлерде: Тоқтар, Тұрсын, Тұрар 16. Ұлдары жоқ үйлерде, ұл тілеп қойған Ұлтуған, Ұлжан, Ұлболсын деген аттар кездеседі, тіпті ұлды күтіп қыз туған жағдайда қызға ұлдың атын берген жағдайлар да кездеседі. Әр ата-ана баласына ат таңдағанда тек жақсы ниетпен, айшықты ат таңдасғысы келеді. Қазақтар да түрлі тілектерге байланысты тілек-есімдер қойған: 1. Бала дәулетті де бай, ауқатты болсын деген тілекпен: Байбол, Дәулетбай, Алтынбай, Малбай 2. Күшті, батыл, ержүрек болсын деп: Арыстан, Батыр, Тарғын 3. Сұлу, көрікті, ажарлы болсын деп: Айсұлу, Әсем, Ботагөз, Нұрсұлу 4. Денсаулығы мықты болсын, ұзақ жасасын деп: Ұзақ, Өмірзақ, Мыңжасар 5. Ақылды, тапқыр болсын деп: Ақылбай, Ақылбек, Данышпан, Дарын 6. Бала мырза да жомарт болсын деп: Жомарт, Мырзабек, Мәртай 7. Батырлардай болсын деп: Қобыланды, Алпамыс, Қамбар 8. Жырларға сүйіспеншілік білдіріп: Жібек, Төлеген, Қарлығаш, Баян, Қозы, Сұлушаш, Ләйлі аттарын қойған. Балаларға бүгінгі жарқын өмір бақытты дәуір талабына сай жарасымды да лайықты есім қою халық діттеп отырған мүдделі де маңызды мәселенің бірі боп саналады. Түркі халықтары тарихына байланысты, әлеуметтік өзгерістерге, қоғамға байланысты антропонимияға да жаңа есімдер қосылып, өз әсерін тигізген болатын. Мысалы, қазақ антропониямясында, сөз қорында да түркі халық аттарымен қатар, араб, парсы мәдениетінен келген аттар жеткілікті. Қазір болса ескі заманнан, тарихтан қалған аттар үдеріске еніп отыр. Мәселен, Айғаным, Бибіжан, Нұржамал, Аңсаған, Ақтоты. Сонымен қатар бүгінгі күні Линара, Аруна, Еңбек, Азамат, Фараби аттары көп қойылып, Әсел сияқты есімдер мүлдем кездеспейтін болды. Олар қайда кетеді деген сұрақ туып отыр. Әрине, антропология да жаңарып отырады. Есімдер тарихына тереңірек үңілетін болсақ. түркі халықтары ерте кездерде аспанға, «тәңірге» табынып, күн, ай, жұлдыз, жер, суларды құдай санаған. Тіліміздегі Тәңірберген, Тәңірберді, Айжарық, Айсұлу, Күнтуар тәрізді есімдердің болуы осыдан. Жеке менің ойымша қазақ халқы өте еліктеуіш халық. Мысалы, 30-ыншы жылдары жұмысшы қозғалыстарына байланысты қайраткерлердің есімдері жиі қойылған болатын. Олар: Мэлс, Маркс, Марлен, Октябрина, Совет, Социал аттары. Бірақ неге қазақтар бұл есімдерді қойды? Орыстарда бұл есімдер кездесе ме? Қазан социалистік төңкерісінен кейін қазақ антропонимиясының құрамы интернационалдық есімдер есебінен тағы да байи түсті. Мысалы, Артур, Марат, Роза, Жанна, Дина, Элеонора, Анжелла, Индира сияқты аттар. Мәдениет пен әдебиет, ғылым мен экономика, шаруашылықтың дамуына байланысты да жаңа аттар қосылды. 40-ыншы жылдары Ғалым, Мәдениет, Сайлау, Колхозбек аттары пайда болды [4, 135,146]. Отан соғысы мен жеңіске байланысты: Майданбек, Қайсар, Солдатбек, Жеңіс, Нұрлан, Бейбіт, Гүлмира, Мира, Замира есімдері пайда болды. Қазақ антропонимиясына Монғол үстемдігінің де аз да болса әсер еткендігін байқауға болады. Мәселен, Шағатай, Батый, Сыпатай, Ноян, Түмен аттарының кездесуі осыдан. Яғни, көрші елдермен байланыс жасау, араласу нәтижесінде тілімізге мыңдаған сөздермен қатар есімдер еніп, есімдердің қатарын байытты. Бұл басқа елге деген құрметімізді, сыйлаушылықты 203 білдіретіні анық. Яғни, қазақ халқының тек өзіне тән өзгешелігін бұдан да көруімізге болады. Қазақ халқының егемендікке қол жетіп, тәуелсіз мемлекет болып, әлеуметтік- саяси, мәдени өмірімізде елеулі табыстарға жетіп, ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы нәтижесінде сөздік қорымызға жүздеген жаңа сөздер мен терминдер қосылып отырса, антропонимиялық байлығы да артып отыр. Осыған байланысты қазіргі таңда жүздеген жаңа есімдер өмірге келген жас сәбилерге қойылуда. Тәуелсіз еліміздің тарихында болып жатқан соңғы оқиғалары бір жағынан антропонимиямызды байытса, біразы дау-жанжалдардың түрткісі болды. Қысқы Азия ойындарына байланысты еліміздің Орал қаласында Азиада атты сәби, ал ЕҚЫҰ-ға байланысты еліміздің азаматтар қатарына алты Саммитхан, бес Саммит және бір Саммита қосылды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда ер балалардың арасында ең көп қойылатын аттар Нұрсұлтан, Дінмұхаммед, Иманғали, Даниал есімдері екен. 90 жылдары балалардың есімдерін хан есімдерімен, тарихпен байланыстырса, бүгінгі күні бөбектерінің саясаткер болғанын қалап аталған есімдерді таңдауда. Көп жылдар бойы АҚАЖ-та жұмыс атқарған бір әйел есіне түсіріп отыр: «Бір күні баласының куәлігін алуға келген ата, қызымыздың атын қалай қоятынымызды әлі де білмейміз. Самира, Амин, Латиффа ма? Таңдай алмай отырмыз? — дейді. Мен бұл есімдердің қайдан келгенін бірден түсіндім. «Клон» атты сериалдағы ойыншылардың есімі екенін бірден еске түсірдім» деген екен. Соңғы статистикалық көрсеткіштерге жүгінетін болсақ, Қазақстанның Қазақпарат агенттігінің рейтингі бойынша 2010 жылдың қаңтар айынан тамыз айына дейінгі аралықта 244 292 сәби дүниеге келіпті. Оның ішінде: 1255 сәбидің аты Ерасыл, 880- Диас, 837- Нұрасыл, 771 – Алихан, 737 – Мирас болса, қыздардың ішінен 1709 қыз баланың аты – Аружан, 1098- Кәусар, 1087 – Аяулым, 905 – Диана есімдерін таңдапты. Яғни, 2010 жылдың ең таңдаулы аттары Ерасыл және Аружан есімдері. Антропологияның тағы бір ерекшелігі, Ислам діні бойынша Құраннан, я кітаптан қойылған есімдерді қазақылап, еркелетіп, қысқарта айту. Мысалы, Ибраһим – Абай, Мұхамметқанафия – Шоқан, Сәдуақас, Сейфулла – Сакен, Шаймерден, Шәкәрім – Шакен, Әбдірахман, Әбділдә — Әбіш, Бәдігүлжамал – Бәдеш, Гүлбаһрам – Күлпаш, Күләш. Жеке қазақ антропонимиясына сай ерекшелік, тілімізде кеңінен тараған екі-үш сөздерден құралған күрделі тұлғалы есімдердің көбірек кездесетіндері бай, бек, хан, сұлтан, төре, шах, ханым компоненттерінің кездесуі. Тілімізде ресми шын аттармен қатар, лақап аттар да бар. Лақап ат адамдардың дене бітім, пішін-тұлғасына және психологиялық ерекшелігіне сай, кейде істейтін кәсібіне лайықты қойылып отырады. Баланың өңі қара болса, кішкентай кезінен Қарабала, Қарақыз, Қаратай, ал көзі қара я көк болса – Қаракөз, Көккөз деп атап кету болған. Лақап аттар ауыз әдебиетінде де кеңінен орын алған. Ертегіде кездесетін Алдар көсе, Жиренше шешен, Асан қайғы, Аязби сияқты лақап аттар. Айшықты да сұлу, мағынасы жарасымды, айтуға оңай, ықшам есімдерді талғап, таңдап қою – жұрт санасынан берік орын алған, жалпыхалықтық дәстүр. Осымен байланысты көптеген тарихи оқиғалар атақты адамдардың іс-әрекет, белгілі есімдері арқылы бүгінге жетіп, ұрпақтар санасынан берік орын алуда. Ондай мыңдаған есімдер тіліміздегі мағыналы сөздер сияқты ұзақ ғасырлар өмір сүріп ескіріп, оның орнын жаңа есімдер алып ауысып отырады. Көне заман жәдігерлері сияқты оларда да өткен ғасырлардың үні сақталады. Әлбетте, атақты батырлар мен ақылгөй даналардың, белгілі ақындар мен тілмар шешендердің, хандар мен сұлтандардың, билердің есімдері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, жалғасын табуда. Қазіргі қазақ есімдері құрамы мен саны жағынан орасан бай да көп. Олардың көпшілігі ұлттық болмыс, салт-сана, тарихи дәстүр, әдет-ғұрып, өмірлік тұрмыс-күйіміз бен тірлігімізді бейнелегендіктен мағыналары ашық, айқын болып келеді. Алайда, олардың ішінде мән-мағыналары белгісіз, құпия сырға толы ескі, көне дәуірдегі түркі – қазақ тілдеріне және Х ғасырлардан бері араб, иран, арамей, моңғол, орыс, украин, батыс Еуропа тілдеріне тән есімдер де кездеседі. Өйткені әрбір дәуірде өмір сүрген адамдардың есімге деген көзқарасы айрықша болса, есімдердің қоғамдық қызметі де алуан түрлі болған [5, 6]. 204 Антропонимияны халқымыздың асқақ қиялы мен ұшқыр ойынан туған, тарихымен біте қайнасып, бірге жасап келе жатқан бай ауыз әдебиеті мен мәдениетінің сарқылмас мұрасы іспетті мол қазынаның бірі деп түсінгеніміз абзал. Әрине, әр ата-ана баласына есім таңдаған кезде ең айшықты, құлаққа жағымды есім таңдағысы келетіні айғақ. Бірақ, бұл үшін батысқа еліктеп, жаңа бір есімдер ойлап табу қажет емес. Астрологтардың айтуы бойынша ат адам өміріне әсер етуі әбден мүмкін. Тіпті, Ислам діні бойынша ата-анаға жүктелген негізгі парыздардың бірі – балаға әдемі ат қою екен.Сондықтан да балаға есім қояр кезде ең басты мән беретін жәйт — мағыналы ат таңдау. Осы тақырыпты зерттеу барысында қазақ халқында мағынасы терең, әдемі естілетін, сырға толы нағыз қазақтың аттары жеткілікті екендігіне көз жеткіздім. Әдебиеттер 1. Жанұзақ Т., Қазақ есімдерінің тарихы (Лингвистикалық және тарихи этнографиялық талдау), — Алматы: Ғылым, 1971. 2. Жанұзақ Т.С. , Қазақ ономастикасы, — Алматы: Дайк-пресс, 2007. 3. Смағұлов А., Қазақ есімдері, — Алматы: Атамұра, 2006. 4. Жанұзақ Т., Есімдер сыры, Алматы, 2004. 5. Жанұзақ Т., Есбаева К., Қазақ есімдері (анықтама сөздік), — Алматы: Ғылым, 1988.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar