ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕГІ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ ПУБЛИЦИСТИКА

Жанр французша «genre» – ерекше қасиеттерге ие пішін мен мазмұннан біріккен шығарма түрі. Жүйе «система» грек тілінде «systëma» – бөлшектерден құралған бүтін, яғни «біріккен» деген мағына береді, жалпы бір бүтіндікті құрайтын, өзара байланыстағы көптеген элементтердің жинынтығы. Автордың мақсат қоюы, құжаттарды толтыруы, публицистикалық сөз саптаушының мазмұны мен сипаты оның пішінін, яғни жанрын анықтайды. Жанрды дұрыс таңдау материалдармен жұмыс, фактілерді жинау, құбылыстарды түсіндіру кезінде көмек береді. Журналистика жанрлары аудиторияға әсер ету мақсатында, шынайылықты беруде, көркемдік құралдарды қолдануда және сараптама жасау тереңдігі мен топтастырылуы арқылы өзара жіктеледі. Осыған байланысты, олар үшке бөлінеді: ақпараттық, сараптамалық және көркем – публицистикалық. Жанр түсінігі әдеби шығармашылықтың, сонымен қатар журналистиканың негізгі түсінігі болып саналады. Журналистикадағы жанр түрлерінің әдебиеттанудан біршама айырмашылығы бар. Бұл ерекшелік журналистиканың әдебиеттанудан айрықша міндеті мен мақсатымен түсіндіріледі. Журналистика әдеби шығармашылықтың негізінде құрылып, одан туып отыратынын ұмытпағанымыз жөн. Бірақ журналистика беллетристика мен сыннан жоғары тұрып, кей уақытта олармен шекараласа отырып бөлек құбылыс ретінде дамығанын ескеруіміз керек. Қазақ баспасөзіндегі эпистолярлық публицистиканың қалыптасуы мен дамуы тікелей баспасөздің өркен жаюымен байланысты. Егерде әлемдік деңгейдегі осы жанрдың қалайша баспасөз беттерінде көрініс тапқаны мен әлемдік әдебиетке белсене аралас-құралас болғанына аздап тоқталатын болсақ онда ең алдымен эпистолярлық публицистика немесе эпистолярлық әдебиет деген терминдерге айрықша назар аударуымыз керек. 40 «Эпистолография» термині грек тілінің «epistole» деген сөзінен алынған. Яғни жолдау, хат деген мағынаны білдіреді» [1,320]. Бір сөзбен айтқанда хат түрінде жазылған шығарма. Эпистолярлық публицистикаға ірі қоғам қайраткерлерінің өзара жазысқан, тарихи мәні бар, әдеби мұраға айналған хаттар жатады. Эпистолярлық публицистика жанр ретінде көне дәуірден басталады. Цицеронның, Горацийдің, Сенеканың хаттары эпистолярлық публицистиканың негізін қалады. Эпистолярлық жанр түрінде жазылған шығармаларлдың қатарында эпистолярлық романдар да көптеп кездеседі. Эпистолярлық романдар көбінесе жауынгерлік пен махаббат сезімінің жеткізілу сипатында жиі жазылады. Себебі, эпистолярлық жанрдың өзге жанрларға қарағанда үлен ерекшелігі, ол – шығарма кейіпкерлер эмоцияларының қажетті деңгейде жеткізілуі. Дүниежүзі әдебиетіндегі, соның ішінде Еуропа әдебиетінде эпистолярлық жанрдың алғаш рет пайда болуы «Португалиялық хаттар» шығармасымен тығыз байланысты екен. Алғаш рет эпистолярлық жанрға қалам тартқан еуропалық жазушы Габриэля Жозефа Гийерага болды. Ол өзінің алғашқы хат түріндегі еңбегін 1669 жылы бұқараға таныстырған болатын. Бұл еңбегінде Мариана Алькофорадо есімді португалиялық монах әйелінің махаббат сезімін хат түрінде өзінің ғашығына жеткізілгені жайында жазылады. Эпистолярлық роман түріндегі екінші шығарма XVII ғасырда, яғни 1684 жылы «Дворян мен оның әпкесі арасындағы махаббат хаттары» атты Афра Беннің еңбегі болған. Эпистолярлық жанр XVIII ғасырда әдебиеттегі ең көп қолданатын, әрі ең әйгілі жанр болып шыға келді. Бұл жанрды әсіресе сентименталистік жазушылар, яғни мінез-құлық туралы нақыл сөздерді жазатын жазушылар көп пайдаланған екен. Уақыт өте келе хат түріндегі жазылған романдар күллі әлемге тарай бастады. Әр елдің белгілі жазушылары осы жанрда көптеп шығармалар жазуға кіріскен болатын. Мысалы орыс жазушысы Н.М. Карамзиннің 1789 жыл мен 1792 жылдар аралығында жазып шыққан «Орыс саяхатшысының хаттары» [2,20]. атты еңбегі эпистолярлық әдебиеттің тамаша үлгісі. Қазақ әдебиетінде Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсариннің орыс достарына, Абайдың өз туыстарына жазған хаттары – эпистолярлық қымбат мұра болып табылады. Эпистолярлық әдебиет 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты халық поэзиясынан кең көрініс тапты. Мәселен, Құбаша ақынның Әбдірахман Иманқұлұлына жазған хатын қарауға болады. Бұл жыр-хаттар ақ патшаның бұйрығына наразылық, ыза-кек білдіріп, тікелей көтеріліске шығуға, Амангелді Иманов бастаған топқа қосылуға үндейді. Майданнан жазылған хаттарда жауыздық пен әділетсіздікке қарсылық білдірсе, майданға жазылған хаттарда ел-жұрттың сағыныш сезімі, амандық-саулық баяндалады. Эпистолярлық әдебиет кеңестік дәуірде кең көрініс алып, айырықша дамыды. Қазақ қоғамының барлық марқасқа жазушылары мен ғалымдары осы жанрда көп қалам тарқаны олардың өз шығармаларынан белгілі. 1916 жылғы сәлем хат жырлары екінші дүниежүзі соғысы жылдарында туған эпистолярлық әдебиетке келіп ұласты. Бұл кезде жазылған хаттар патриотизм, отанды қанқұйлы жаудан қорғап қалу, дұшпанға деген өшпенділік сезімі басым болды. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Аманжолов, Мұхтар Әуезов жазысқан хаттар эпистолярлық әдебиеттің көрнекі үлгілері болып табылады. Қазақ зиялыларының публицистикасын, соның ішінде эпистолярлық жанрдың кең етек жаю «Қазақ» атты қоғамдық-саяси, әдеби газеттің дүниеге келуімен тығыз байланысты қараймыз. Газет ХХ ғасыр басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайына, жер мәселелеріне, басқа елдермен қарым- қатынасына, оқу-ағару, тәрбие, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шеіреге үн қосты. Онда Әлихан Бөкейхановтың, Шәкәрім Құдайбердиевтің, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Сәбит Дөнентаевтың, Бейімбет Майлиннің ғылыми, әдеби шығармаларына арқау болатын хаттары жиі жарияланып жатты. Қазақ жазба әдебиетіне орасан зор үлес қосқан Абай мұрасында да эпистолярлық жанрдың кең көлемде пайдаланылғаны ерекше білінеді. Ол туралы профессор Шериаздан Елеукенов өз зерттеулерінде нақты айта кетеді. Абайдың эпистолярлық туындысын жалпы 41 қазақ романы тарихының көшбасшысы етінде қарастырады. Ғалымның зерттеуі бойынша Абай мен Пушкин оқырманынан өз тұсындағы қазақ оқырманының ұғымына неғұрлым етбауыр жақын жағын іздеген. Абайға бәрінен де күші әсер еткені Татьянаның Онегинге жазған хаты еді. Қыз елден ерек әрекетке барып, сүйген жігітіне асықтығын бірінші боп білдіреді. Дәл осы хат эпистолярлық формаға жүгінуге түрткі болды деп топшаласа керек. Қазақ бұрынғы өмір салтында хатқа түскен жазуға айрықша мән берген. «…Ғалымның хаты өлмейді» деген мәтелді еске алсақ та жеткілікті. Ауыл жігіттері сүйіспеншілік сезімін хат арқылы жеткізуге ұмтылған. Абайда «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегин сөзі» деген бөлімдерде хат түрінде беріледі. Петербург салонында Татьянамен жүздескендегі Онегиннің әр жауабы «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Татьяна сөзі» боп тағы да хат формасына түсіріледі. Хатқа жатпайтын «Онегиннің сипаты», «Ленский сөзінен» және «Онегиннің өлердегі сөзі» атты үзінді бөлімдер шығарманың эпистолярлық өрнегін біржолата анықтады. Қазақ туындысының орыс түпнұсқасынан жанрлық айырмашылығын алғаш аңсаған кісі – Мұхтар Әуезов. «Абай Құнанбайұлы» атты монографиясында: «Көбінше, Абайдың аударуында хаттармен баян етілген роман, эпистолярлық роман қалыптасқан тәрізді» [3,120]. -деп жазады. Жалпы жанр деген сөздің өзі айтып тұрғанындай, жанр дегеніміз шығарманың белгілі бір тегі, түрі. Түрі өзгерсе туындының бүкіл көркемдік болмысы өзгермек. Абайдың эпистолярлық романының түпнұсқадан ауытқу себебі, Мұхтар Әуезов пікірінше, Абайдың аударма жөніндегі түсінігіне байланысты. Эпистолярлық әдебиеттің ішінде романнан бөлек өлеңмен жазылған эпистолярлық роман Шығыс поэмаларымен жең ұшынан жалғасқан. Соның анық дәлелі Абай шығармаларынан анық аңғаруға болады. Абайдың жан жүрегі туғызып өрнектеген лирика. Абай қазақ романның эпистолярлық түрінен өрнектеді. Абайдың эпистолярлық туындысының қазақ романы тарихындағы орны күні бүгінге дейін анықталмай келгені адамның қарнын аштыратын жайт. Жанрлық тектіліктің әдеби дамуға тіке қатыстылығына жөнді мән берілмей, қазақ прозасының жетекші жанрының өсіп- өркендеуіне Абай туындысының тигізген шарапаты тиісті дәрежеде сөз етілмей жүр. Абайдың эпистолярлық деңгейде жазылған еңбегінің көпшігі кезінде «Қазақ» газеті беттерінде де белсене көрінді. Эпистолярлық жанр – еркін жанр. Мұнда нақтылық та, еркіндік те кездеседі. Бір ерекшелігі хатта сезім, көңіл-күй бар. Эпистолярлық жанр — публицистиканың негізгі жанрларының бірі. Ертеден бері хат біреудің біреуге деген жолдауы деген мағынаға ие. Алайда, хаттың авторы мен адресат атақты адам болған жағдайда және мәтін әлеуметтік меселеге байланысты болса, хаттар қоғамдық мағызы бар мәнге ие бола отырып, саяси талдаудың құралына айналады. (Отандық тарихтан – Шоқан Уәлихановтың орыс достарына жолдаған хаттары, қазіргі хат жанрының үлгісіне К.Смайылов пен Ш.Мұртазаның бір-біріне жазған хаттары). Осындай хаттар мерзімді баспасөз пайда болғанға дейін де болғаны белгілі. Эпистолярлық шығармалардың баспаға басылуы арқылы ғана публицистиканың жанрына айналатындығы белгілі. Эпистолярлық публицистика – бұл белгілі бір автордың адресатқа үндеу ретінде жазылған саяси-әлеуметтік, мәдени, экономикалық, тұрмыстық мәнге ие публицистика жанрларының бір түрі. Хаттардың авторлары жеке азаматтар, топтар, кәсіпорындардың ұжымдары мен олардың жетекшілері, қоғам қайраткерлері бола алады. Әдебиеттер 1 Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1985. 2 Карамзин Н.М. Полн.собр.соч. 4 том. М.: 1968. 3 Әуезов М. Абай Құнанбайұлы.Монография. – Алматы: Мектеп. 1985

Читайте также:  СОҒЫС АХУАЛЫ ТУРАЛЫ

Оставить комментарий