Қазақ даласында қалыптасқан тарихи топонимия

Қазақстан бойынша географиялық нысандар атауларын толық жинау, оларды есепке алу шаруасы әлі іс жүзіне асқан жоқ. Жағырапия мамандарының шамалауына қарағанда жер-су аттарының саны орта есеппен 1 км2 жер мен бір атауға ие деп есептегенде, кемінде 2,5 миллионға жуық көрінеді. Атаулардың мұншама көп қойыла беруінің себебі әр алуан – бір жағынан, жер көлеміне байланысты болса, екіншіден, негізгі кәсіп – мал шаруашылығының жай-жағдайына тікелей қатысты. Өйткені көшпелі өмір мал күтіміне сай жердің ой-қырын, шөбінің шүйгіндігін, суының ащы-тұщысын, қорған болар тауының биік-аласалығын, көшіп-қонар жер жағдайының ыңғайлылығын білуді талап еткен. Ащыкөл, Ащықұдық, Атқырылған, Ешкіөлмес, Батпақкөл, Жаманбұлақ, Жамансор, Жамантұз, Көлащы, Бетпақдала деген атаулар көл мен бұлақ, сор далалардың малға жайсыз әрі қонысқа жарамсыз, сусыз, нусыз, шөл дала екендігін білдірсе, Жақсытұз, Жылой, Қорғанжар, Қорғантас, Салқынбел, Сұлутөр, Байқоныс, Мыңжылқы, Кеңсу, Кеңбұлақ тәрізді атаулар сол жердің малға да, адамға да жайлы екендігін аңғартып отырған. Бірсыпыра топонимдер (Бәйгекүм, Биесойған, Нарсойған, Аққойсойған, Қарындыағаш, Аманөткел, Итемгенкөл, Кемпірсай, Кемпірөлген, Кіндіккеске, Балатуған) этнографиялық, яғни этномәдени жағдаяттармен тығыз байланысты болса, көптеген топонимдер қоғам өміріндегі тарихи оқиғалардың куәгері іспетті: Аңырақай, Қалмаққырылған, Қалмаққырған, Қарауылтөбе, Ойрантөбе, Ордатөбе, Шоқанасуы, Үйсінтауы, Қыпшақкөлі, т.т.). Қазақтың ұлан-ғайыр жерін Шығыс пен Еуропа, Орта Азияны жалғастырған әйгілі Жібек жолы да басып өтті. Сөйтіп әртүрлі наным-сенімдегі халықтар мен ұлыстар бұл өлкеге келіп, сауда-саттық жүргізіп, өз тілдерінде сөйлеп, мәдени қарым-қатынас жасады. Бұл жағдай жергілікті халық тіліне әсер еткендей, жер, адам, ел аттарының қойылуына да ықпал етпей қоймады. Осы жайттарды ескерер болсақ, сан мың атаудың бір тобы шығу тегі бойынша көне дәуірлерге сайса, екінші бір мол легі орта ғасырға (ерте және кейінгі орта ғасырлар) қатысты, ал соңғы тобы жаңа заман – ХІХ-Х ғасырларға тән. Осы атаулардың ішіндегі ең көнелері де, көп өзгеріске ұшырамай, берік сақталғандары да – ірі өзендер мен көл, теңіз және тау аттары [1, 8-9]. Еліміздегі географиялық нысандардың сыр-сипаты мен бет-бедерін, сол жердегі өмір сүрген халықтың тұрмысы мен тіршілік тынысын бейнелейтін төл сөздерімен қойылған атаулар. Алатау, Қаратау, Алтай, Көкшетау, Ақтау, Ұлытау, Баянауыл, Қарқара, Қарқаралы, Бурабай, Оқжетпес, Жайық, Зайсан, Жетікөл, Әулиекөл, Майтерек, Маржанбұлақ, т. б. атаулар ол жерлердің езіне ғана тән табиғи көркемдігі мен сұлулығына орай қойылғаны байқалады. Республикада көне заманның сәулетті ғимаратындай, көздің қарашығындай сақталған: Алтай, Алатау, Қаратау, Каспий, Ертіс, Есіл, Іле, Тобыл, Ойыл, Сырдария, Айтағы, Ақсан, Анқаты, Рақа, Арыс, Асы, Балқаш, Бақанас, Бүйен, Дегерес, Текес, Жеменей, Жем, Қарқара, Талғар, Қаскелең, Маңғыстау, Орал, Өзкент, Тараз, Талас, Байқоңыр, Күрті, Қордай сияқты атаулар мыңдаған жылдардың қарт куәсі ретінде біздің заманымызға жетіп отыр. Бұл тәрізді жүздеген атаулардың көнеріп, ескіріп кеткендігі соншалықты, көбінің мағынасы, сыр-сипаты түсініксіз, құпия-қатпарлары мол. Олардың кейбіреулерінің шығу тегі мен мән-мағынасы туралы айтылған пікірлер де баршылық. Әйтсе де, олардың көпшілігі көптің көңілінен шықпай жатады. 1996-2005 жылдан бергі жерде елімізде тарихи атауларды калпына келтіру, өзгерту, жаңадан ат беру, жаңарту барысында бірталай жұмыс атқарылды. Ондай атаулар Казақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының ұйғарымына сәйкес Республика Президентінің Жарлығымен бекітіліп отырды. Ол атаулар 1996 жылы “Қазақстан Республикасы облыстары, қалалары, аудандары мен ауылдарының және басқа елді мекендерінің жаңа атаулары мен олардың орыс тіліндегі транскрипциясының анықтамалығы” атты кітаптарда жарияланды. Ежелгі тарихи атаулардың қайтадан қолданысқа енуі. Республика Министрлер кабинетінің, Мемлекеттік ономастиклық комиссияның қорытындылары негізіндегі Қаулысына сәйкес халықтың ежелгі тарихы мен рухани мәдениетінің маңызды куәсі болып табылатын ұлттық топонимдер мен әкімшілік-территориялық бөліністер атауларын қалпына келтіру Оңтүстік Қазақстан аймағында да жүйелі түрде жүзеге асырылды. Облыс орталығы — Чимкент қаласы ендігі жерде Шымкент атауына ие болды. Глинково селосы Ақбастау (Алғабас ауданы) аталып, Атабай селосына ежелгі Қарнақ атауы қайтадан берілді (Түркістан ауданы). Обручевка селосы Қараспан деп аталып, Амангелді селосы ендігі жерде Нұртас ауылы атала бастады (Нұртас Дандыбайұлы Оңдасынов көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым). Ономастика саласындағы осындай жағдайларды ескере отырып, облыста ономастикалық бағыттағы жұмыстар негізінен үш бағыт жүргізілуде: біріншіден, ономатикалық кезінде өзгертілген жер-су аттарын байырғы тарихи атауларымен алмастыру; екіншіден, транскрипциясы бұрмаланған немесе қате жазылған жер-су атауларын калпына келтіру; үшіншіден, отаршылдық-тоталитарлық сипаттағы елді мекендер, білім, мәдениет ұйымдарының атауларын қалпына келтіру жүргізіліп жатқан жұмыс жалғаса бермек [2]. Тәуелсіздік кезді кескіндесек, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы Декларация жарияланды. Шын мәніндегі тәуелсіздікті жариялау үшін әлі бір жылдан астам уақыт қажет болды. 25-қазанда «Республика күні» деп атайтын себебіміз орталыққа бағынышты Қазақстандағы өнімнің 90 пайызын беретін ірі өндіріс орындары мен жер астындағы байлықтар халқымыздың игілігіне қайтарылды. Алайда, орталық басқа республикалар сияқты Қазақстанды өздерінің тегеурінді шеңберінен босата қоймаған еді. Сол кезеңде империялық психология аясындағы Ресейдің отарларынан айрылып қалуына жол бергісі келмеген шовинист саясаткерлері ішкі саясатымызға қол сұғып, Қазақстанды бөлшектеуге тіпті азамат соғысын тұтандырып жіберуге күш салғандығы белгілі. Бұл «Бөлшекте де, билей бер» құйтұрқы империялық саясат сілемдері еді. 1991жылы 16 желтоқсан Қазақстан Республикасы үшін тәуелсіздік күні болып есептелінеді. Бұл халқымыздың үш мың жылдық бостандықты көксеген күрестің жемісі іспеттес еді. Осыдан бастап, бұрынғы ата-бабаларымыздың яғни халықтық ойконимдердің қайта жаңғыру (ренессанстық) кезеңі басталды деп айтсақ болады. Өз ұлтымыздың материалдық және рухани байлығының қайта оралуы, тарихи, ұлттық және мәдени санамыздың өзгере бастауы ұлттық ономастикаға қозғау салды. Бізбұл мәселе бойынша қазақ зиялы қауымның бастамалары мен тәуелсіздік саяси идеологияның бағыттары, тарихи ойконимдерімізді қайта қалпына келтіруге даңғыл жол ашты. Бұл мәселе Жамбыл облысында өз жалғасын тапты. Соның бірі ежелгі қаламыз – Тараз. Оны 1207-1210 жылдары Хорезм шахы Мұхаммед, ал 1219-1220 жылдары монғолдар, 1307 жылы шағатайлықтар жермен жексен етті. ХVI ғ. біржола қиратылды. Ақсақ Темір заманында Тараз қаласы Жаңа Талас аталады да, ХVI-ХVIІ ғасырда қалада аздаған үйлер сақталып, ХІХ ғасырда оның орнына Әулиеата шаһары салынады. Сонымен Тараз қаласы өзінің 2000 жылыдық дәуірінде атауы тоғыз рет өзгерген: 1) Талас; 2) Тараз; 3) Янги Тараз. Ежелгі Тараз өзара қырқысу соғыстарын, қарақытай (ХІІ ғ. аяғы) және монғол шапқыншылықтарын (1220 ж.) басынан өткере отырып, тарих сахнасынан шет қалды. Бұл кезеңдерде Жаңа (Яны), Жаңа Талас деген аттарымен Франция королі Людовик ІХ елшісі монах Вильгельм Рубрук жазбаларында кездеседі. Монғолдар дәуірінде Тараздың оңтүстігінде Янгинің болғанын білеміз. Аламри бірінші рет Янгинің Тараздан бөлектігін көрсеткен. М.Х.Дулатидің баяндауынша Янги – Тараздың монғолша аты, онда өзеннің арғы бетіндегі янгиліктер тұрған [3, 166]. 4) Долос; Қытай тарихшыларының қол жазбаларында қаланы Долос деп те атаған. 5) Наманган көше; 6) 1826 жылы Аулие-Ата; 7) 1936-1938 жылы Мирзоян; 8) 1938 жылы Джамбул; 9) Тараз 1997 жылы Президенттің жарлығымен (08.01. 1997ж. №3315а) ежелгі тарихи аты қалпына келтірілді [4, 98-141]. Қостанай облысының 1926 жылы жарық көрген жағрапиялық картасын қарайтын болсақ, тек қана Қостанай қаласының айналасында (айналса елу шақырым жерде) – Бақай, Садырбай, Халық, Бекберген, Байтерек, Танабай, Байсалбай, Ағатай, Мезгіл, Жаппас, Ыбрай, Бұлтыңбай, Ақсуат, Байшақ, Төлеміс, Рыспай, Балықты, Бақай, Бегжан, Сағымбай, Кетебай, Тұрымбай, Екі шоқ, Күрлеуіт, Әбдікей, Көбен, Бүлікбай тағы да басқа елу шақты қазақ ауылдары, елді мекендер болған екен. Бұл ауылдар негізінен ел сыйлайтын аталар мен жұртқа ұйтқы болған жандардың есімдерімен аталған. Жоғарыда атап өткен саясаттан соң бұл ауылдардың да, атаулардың да ізі қалмаған. Ал осы мекендерде қанша ел тұрды? Қаншама адам туған ауылын тастап, басқа жаққа, бөтен жерге көшіп кетті. Ал ол ауылдардың өзіндік қалыптасқан салт-санасы, белгілі бір тәртібі, дәстүрі, ел сыйлайтын адамдары, тек сол ауылдарға ғана тән ұстанымдар болған. Бас-аяғы 70-80 жылдың ішінде солардың барлығының тамырына балта шабылды. Ел жан-жаққа тарап кетті. Салт-дәстүр ұмытылды, ауылдармен бірге бабалар есімдері де ұмыт болды. Мұны XX ғасырдағы ақтабан шұбырынды деуден басқа амал жоқ. Бұл тек Қостанай маңы ғана емес, облыстың барлық дерлік жерінде орын алды. Бүгінгі күні ономастиканың басты міндеті сол ғасырлар бойы қалыптасқан атауларды, бәрін болмаса да ең бастыларын қалпына келтіру, ел мен жерге өзінің тарихи атауларын қайтару, сол арқылы елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің туын биіктеу. Бұл ретте, әрине, ауызды құр шөппен сүртуге болмас. Тәуелсіздік алған жылдары біршама жұмыстар атқарылды. Көңілге демеу етеміз Ұзынкөл, Меңдіқара, Қарабалық, Әулиекөл, Сарыкөл аудандарына өздерінің бұрынғы атаулары қайтарылды. Өздеріне ертеде қалыптасқан аттары қайтарылған елді мекендер ондап саналады. Қалалар мен аудан орталықтары көшелерінің аттарыда қазақшаланып, оларға ұлыларымыз бен ұлықтарымыздың есімдері берілуде. Мысалы, әл-Фараби, Абай даңғылдары, Ахмет Байтұрсынов атындағы университет дегендей. Бүгінде облыстың елді мекендерінен Шоқан Уәлиханов, Амангелді Иманов, Міржақып Дулатов, Ғафу Қайырбеков, Манаш Қозыбаев атындағы көшелер мен мектептер, мәдениет ошақтары, спорт кешендері жиі кездеседі. Ежелгі Тауқала алдымен Коряков (қазақтар Кереку атаған), одан соң Павлодар аталса, көне Үйшік 1640 жылы орыс көпесі Гурий атына ауысып, Гурьев аталды. Ал, тарихта ежелден белгілі Қызылжар 1807 жылы Петропавл аталды. Аталғандарды жалғастыра берсек, қазіргі Мақпал — Екатериновка, Матай — Евгеновка, Малдыбай — Ново-Николаевка, Көшқұл — Нелюбинка, Бекібай — Асенкритовка (Қостанай облысы), Мүсін — Явленка, Кіндікті — Оседлое, Қаратал — Муромское, Бозат — Новопетровка, Сарыбие — Черуновка (Солтүстік Қазақстан облысы), Арқабай — Дмитриевка, Кунту – Николоаевка, Шыбындысай — Бутаковка, Ақкөпір — Покровка (Алматы облысы) және т.б. Ал, атамекен атауларына – «ерекше өзгеріс» әкелген екінші кезең – тың және тыңайған жерлерді игеру немесе «Хрущевтің он жылдығы» (1954-1964) кезеңі. Бұл кезде қазақ халқына ертеден белгілі Ақмола қаласы Хрущевтің әмірімен Целиноград аталса, тың өлке елді мекендер біріңғай «ьскийлер» мен «ныйлардан» тұратын 3500 – дей жаңа атаулар пайда болыпты. Қазақ жері кең етек алған жаңа атаулардың бір тобы – Қазан төңкерісінен бастау алды, партия және мемлекет саяси қайраткерлер есімін қою, партия, комсомол сьездерінің атымен аталатын болған. Егер 1989 жылы шыққан «қазақ КСР – інің әкімшілік- аумақтықтық бөлінісі» анықтамалығына қарасақ, республикада 14 Ворошилов, 31 Калинин, 23 Чапаев, 10 Куйбышев, пен Фрунзе, 6 Дзержинский есімінде елді мекендер болса, көше, мәдени орындар атауларын айтпағанда, Ленин аты 70- тен аса, Карл Маркс – 16, Энгелс 7 рет қайталанады екен. Бұл тізімге республикамыздың селолық елді мекендердің ғана атаулары келтірілген. Ал, елді осындай атаулардағы жергілікті Кеңестер мен кеңшар-ұжымшарлар (совхоз-колхоздар) қаншама! Республикадағы елді мекендердің екісінің бірі- «Социализм», «Коммунизм», «Дружба», «Интернационал», «Октябрь», «ХХ, ХХІІ партсьезд», «Вторая пятилетка», «Первомайка», «Ұлы Қазанның — 50, 60 — жылдығы», «Большевик», және т.б. болып келеді. «ҚР-ның «Тіл туралы» Заңының 4 тарауының 27-бабы: «Қазақ КСР-де әрбір елді мекеннің, көшенің, алаңның және өзге территориялық нысананың бір ғана дәстүрлі аты- негізінен қазақ тіліндегі аты болады» — деп таға таңба басқандай анық жазылған. Ал, ел жер-су, елді мекендердің атаулары орысшаға толық немесе жартылай аударылып, өздерінің ұлттық немесе табиғи қалпынан бұрмаланған. «Жетікөл – Семиозер, Нарынқұм – Рынпески, Көкшетау – Синигорье немесе Кокчетав, Шортандыкөл – Шучье, Аққукөл – Лябяжье, Жеке батыр – Спящий рыцарь, Шайтантас – Чертово колесо, Медеу- Медео, Шиелі – Чили, Семізбұғы – Сеизбугу, Имантау – Алма-Ата, Семей – Семипалатинск, Жаңақорған – Яныкурган, т.б. Дәл осы сияқты «жасанды» атауларға басы «Ж»-дан басталатындарға орысша «Дж» арқылы жазуды да жатқызуға болады. Джамбул, Джезказган, Джезды, Джетысу, Джусалы, Джалагаш, Джандосов, т.с.с. толып жатыр. Өткен кездегі отаршылдық, тоталитарлық жүйе зорлап таңған атаулардан арылу аса маңызды мәселе ретінде қолға алмады. Соңғы кездері Республика Үкіметінің қаулысымен көптеген жер-су, елді мекен, колхоз, совхоз, аудан және қала, облыс атаулары өзгертіліп, байырғы немесе ұлттық бейнесі қалпына келтірілді. Мәселен, бұрынғы Гурьев облыс пен қала Атырау, Шевченко қаласы – Ақтау, Никольск (Жезқазған) – Сәтбаев, Панфилов – (Талдықорған) – Жаркент, Орал облысын Батыс Қазақстан, Шымкент облысын — Оңтүстік Қазақстан, Целиноград облысы мен қала атауын Ақмола және Ақмоладан Астана болып өзгертілді. Көптеген аудандар мен елді мекендердің атаулары төмендегідей болып өзгерді. Ақтөбе облысында бұрынғы Исатай ауданын қайта қалпына келтіріп, әкімшілік орталығы – Ақыраб ауылы, Комсомол ауданындағы Урожайное селосы – Ақтасты ауылы аталды. Алматы облысы Қаскелең ауданындағы Интернационал селосы жергілікті халыққа есімі әйгілі тұлға Әйтей ауылы аталды. Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының орталығы Бурное селосы Бауыржан Момышұлы ауылы. Новопокровка селосы – Ақтөбе, Кременевка селосы – Шақпақата, Кантемировка селосы – Қошқарата, Некрасов селосы – Ақтасты, Алексеевка селосы – Көлтоған ауылы. Луговой ауданының әкімшілік орталығы Луговое селосы Құлан ауылы, ал аудан Т. Рысқұлов атындағы Луговой ауданындағы Жеңістің 40 жылдығы селосы – Байтелі. Свердлов ауданының әкімшілік орталығы Михайловка селосы тарих атауы – Сарыкемер, ал Свердлов ауданы – Байзақ. Шу ауданының әкімшілік орталығы Новотроицкое селосы – Төле би ауылы. Шу ауданындағы Жаңатұрмыс селосы – Сауытбек, Меркі ауданындағы – Кузьминка селосы Сарымолдаев, Жамбыл ауданындағы Головачевка селосы – Айшабибі ауылы. Шығыс Қазақстан облысындағы өзгерістер: Самар ауданындағы Новообухово селосы – Қарақол, Тарбағатайдағы Крупская селосы – Қабанбай ауылы. Қарағанды облысында: Қарқаралы ауданындағы Пригородное селосы – Ақжол ауылы. Бұқаржырау ауданы. Приозерный ауданындағы Озерный поселкесі Шашубай ауылы. Ақмола облысында: Шучье ауданындағы Боевое селосы – Жаңатоған, Александровка селосы – Кенесары, Уәлиханов ауданындағы Придорожное селосы Ақбұлақ, Ленинград ауданындағы Куйбышев селосы – Дәуіт ауылы. Павлодар облысында: Ермак қаласы – Ақсу, Май ауданының әкімшілік орталығы Белогорье селосы – Көктөбе ауылы. Семей облысында: Мақаншы ауданындағы Воронцовка селосы – Жарық, Засимовка селосы – Қызылқайың, Шар ауданындағы Громовка селосы – Ұзынжал, Перьятинка селосы – Үкілі, Таскескен ауданындағы Ақсәуле селосы – Ақшаулі ауылы. Алматы облысында: Сарқанд ауданындағы Ағарту селосы – Кәкімжан, Талдықорған ауданындағы Өтенай селосы – Бақтыбай ауылы. Шымкент облысында: Ленгір ауданы — Төлеби ауданы, осы аудандағы Красный боец селосы – Балдыберек, Успеновка – Алшалы, Подгорное – Сарқырама. Опыт – Алтынбастау, Красное – Ынтымақ, Новостройка – Алатау, Доңызтау – Қорған, Михайловка – Маятас ауылдары. Бұрынғы Қызылқұм ауданы Отырар ауданы деген жаңа атқа ие болды. Алғабас ауданындағы Гликово селосы – Ақбастау, Төменгі Боролдай селосы – Тайманов, Леонтьевка – Жарықбас, Китаевка – Бәйдібек, Орловка – Алмалы, Михайловка – Қошқарата ауылы болып өзгертілді [5, 180]. Батыс Қазақстанның жер-су, елді мекен атауларында түрік араб-парсы, моңғол, орыс тілдерінен енген сөздермен қазақтың байырғы ру-тайпаларының аттары және адам есімдері жиі кездеседі. Көпшілігі жер-судың өзіндік ерекшелігіне, жер бедері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне, тұрғындар тұрмыс-тіршілігіне, елдегі тарихи және саяси- әлеуметтік құбылыстарға және т.б. көптеген оқиғаларға байланысты. Теректі, Қисық- қамыс, Жусандыой, Құралай, Өлеңті атаулары географиялық объектінің өсімдік әлемінен дерек берсе, Аққозы, Балапан, Маштексай, Ешкітау, Теке, Ақбақай бұл жерлердің қандай жан-жануарларға, құс, жәндіктерге мекен болғанын аңғартады. Ал Жалпақтал, Тасқала, Ақжайық атаулары 70 жылға жуық үстемдік құрған кірме атаулардың (Фурманов, Камен, Чапаев) жойылып, бұрынғы тарихи атаулардың қайтадан қолданысқа оралғанын көрсетеді. Эвфемизм мен діни наным сенімге байланысты атаулар. «Эвфемизм» — гректің «жақсы айтамын» деген сөзі. Мешіт, Шайтанкөл, Дәдената, Әулиесор, Әулиеата бейіті, Шайтанкөпір т.б. сол жерге құрмет көрсету, табиғат сырына табынудан шыққан. Әлеуметтік, тарихи оқиғаларға байланысты атаулар, Халық ішіндегі әр түрлі аңыз- әңгімелер, шежіре-деректерді білдіреді. Дәуқара, Сырымтөбе, Қылыштау, Қарауылтөбе, Ханкөл, Тарғын, т.б. Кеңестік дәуірде қалыптасқан ұлттық атаулар. Қазан төңкерісі мен азамат соғысы, социалистік құрылыстың орнығу, партия, мемлекет қайраткерлерінің, соғыс кезінде батырлар мен еңбек ерлерінің құрметіне берілген атаулар: Бостандық, Төңкеріс жолы, Қызылтаң, Бірлік, Жұлдыз, Алғабас, Мұратсай, Бисен, О.Исаев, С.Меңдешев, т.б. Орыс, украин, казактарыдың осында келіп қоныстанғанда жергілікті жер-су атаулары өздерінің тілдеріне ыңғайлау [7] үдерісі жүрді. Облыстағы сан-мыңдаған атаулардың әрқайсының өзіндік ерекшелігі, қасиеті, тарихы бар. Жер-су атауларының қайсысы болсын халық өмірімен, оның өткендегісімен тығыз байланысты. Сондықтан, географиялық атауларды байлығымыз ретінде қорғап, жинап, қастерлеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Пайдаланылған әдебиеттер 1. Қазақтар. VIII том. -Алматы: Атажұрт, 1998.- 480 б. 2. Әзбергенова Ә. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» // Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ Хабаршысы. — № 1. 2007 ж. 45-46 б. 3. Дулати М.Х. Тарихи-и-Рашиди (Хақ жолындағылар тарихы). –Алматы: Ғылым, 2003. -616 б. 4. Құлманова З.А. Жамбыл облысының елді мекен атаулары. –Тараз: Сенім, 2005. -141 б. 5. Рысбергенова К. Историко –лингвистическое исследование топонимов южного Казахстана. –Алматы: Ғылым, 2000. -280 б. 6. Қойшыбаев Е. Қазақстан жер-су аттары сөздігі. –Алматы: Мектеп, 1985. -223 б. 7. Рыспай К. Орыс шаруаларының өлкемізде қоныстануы // «Ақ жол» 23 ақпан 2006 ж. Редакцияға 31.08.2009 қабылданды.

Читайте также:  ИСЛАМ ДІНІНДЕГІ МОРАЛЬДЫҚ ЭТИКАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Оставить комментарий