Загрузка…

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ КЕНЕСАРЫ БЕЙНЕСІ

Кенесары Қасымұлы (1802-1847) — мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Қазақ хандығының соңғы ханы. Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан- Сереннің туысы — Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген. Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, ғажайып дипломат, данагөй де болған тарихи тұлға. [1, 5б.] Азаттық үшін шайқаста Кенесары хан қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған қырғыздар оған мойынсұнбады. Кенесары хан оларға шабуыл жасады. Өз жақтастарының опасыздық салдарынан Кенесары мен Наурызбай дұшпандардың қолына түседі. 1847 жылы Кенесары хан Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында осылайша айуандықпен өлтіріледі. Абылай ханның ұрпағы Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісінде қандай қолбасшы, тарихта қандай ұлы тұлға болғандығы туралы орыс тарихшысы Н.Н.Середа өз зерттеулерінде: «Кенесары хан өз жасақтарының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары хан ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қаракет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады»,-деп жазды [2, 33б.]. Ал енді ағылшындық Томас Аткинсон Кенесары Қасымұлы туралы былай деп жазды: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты 80 әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән». Ресейдің әскери тарихшысы В. Потто кезінде Кенесарыны қазақтардың Шамилі деп те атаған [4, 128б.]. Кенесары Қасымұлының өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын- жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары — Наурызбай дастаны» 1875 жылы сұлтан Жантөриннің тәржімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды. ХХ ғасырдың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын, 60-жылдары И.Есенберлин «Қаһар» романын жазды. 1888 жылы Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес үкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Кенесары Қасымұлы тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке жеткеннен кейін ғана қолға алынды [6, 128-132бб.]. Кенесары мен көтеріліске қатысқан батырлар туралы жырлардың біразының авторлары ел жадында сақталған. Олардың қатарында Нысанбай, Досқожа, Күдері, Көкбай т. б. Ақындар айырықша орын алады. Бұлардың жырлары ауызша дәстүрдің үлгісінде шығарылып, ел арасында ұзақ жылдар бойы төгілте жырланып келген. Бір ғажабы: осы ақындар мұрасына ауыз әдебиеті үлгісінің аясында қарағанымызбен, олардың өзіне ғана тән қолтаңбасын көрмеу мүмкін емес. Ондай өзгешелік – ең алдымен ақындардың өзі жырлап отырған оқиғаны, жалпы ел басына түскен қасіретті өз басынан кешіруімен байланысты. Шығармалардың енді бір тобы – Кенесары көтерілісіне байланысты шағын өлеңдер. Олардың жанрлық сипаты түрліше. Арасында жоқтау (Наурызбайдың Саржанды жоқтауы), естірту (Саурықтың естіртуі), қоштасу (Наурызбайдың өлердегі сөзі) сияқты тұрмыс-салт жырының нақтылы тарихи ситуациямен толысып, салт пен өмір шындығының нақтылы ұштасқан түрін де кездестіреміз [3,14б.]. Кенесары — Наурызбай туралы әдебиет қазыналарының басында атақты Нысанбай жыраудың «Кенесары — Наурызбай» дастаны тұр. Бұл — романға бергісіз аса шебер жазылған, ішінде соғыстың ғажайып суреті, батырлардың мінездемесі мен іс-қимылы, ең аяғы қару- жарағы, атына дейін толық сипатталған. Көз алдыңнан бейне кино лентасындай өтіп жататын жанды қимылға толы, кей жерде сағынышы, мұңы, өкішші мен жоқтауы араласып жататын психологиялық, драмалық қасиетке бай шығарманың біздің кезіміздегі алмағайып саясатқа байланысты көрмеген қорлығы жоқ. Кенесары атына тиым салған да, оған да тиым салған, құлыптаған. Ықпалы күшті ер еді, Киімді бала тудырған. Абылайлатып aт қойған Дұшпанды көрсе, Көп сағынтып келместей Кенекем, саған не болды? Кенекемді жауға қалдырып Көк бурыл саған не болды? — деп сағынады Нысанбай. Дастанды кейінгі, осы күнгі бір басылымда жырым-жырымын шығарып берген. Оның себебі түсінікті. Алайда шындықтың аты — шындық. Оны бүркегеннен ешкімге пайда жоқ. Нысанбай дастанынан соңғы бір үлкен шығарма — «Наурызбай — Қаншайым» шығармасы. Бұл поэмада Наурызбайдың сүйген жары Қаншайыммен кездесіп, қосылу тарихы баяндалады ғой. Біздің бала кезімізде осы дастан хрестоматия, оқулықтарда басылып жүрді: Абылайдан ару Қасым туған, Еңсесі жауларынан басым туған, Туғанда анасынан қан шелгелдеп, Қызартып екі көзін ашып туған. 81 Анасы Наурызбайдың бөлек еді, Қатардан өзі туған зерек еді. Дүниеден қайран ерлер өтіп кетті Қазақтың баласына керек еді. [3, 111б.] Осыдан қарапайым соңғы жол, әсіресе «керек еді» деген сөз қандай азынап тұр десеңізші. Поэманың авторы белгісіз. Мұнда Қаншайым оң жаққа келін болып түскен сәтте қайынағасы Кененің көзі тиіп өлді дейді ғой. Кененің көз сұғы сұрапыл өткір болса керек. Наурызбай бақытсыздығы Қаншайым өлімінен басталады. Аяғы белгілі, не үй, жар, бала жоқ, қыршын боздақ жиырма бес жасында мерт болған. Осындай авторлары белгісіз жеке-жеке өлең-жырлар ел аузында өте кәп сақталған. Үшінші бір үлкен шығарма — тұңғыш қазақ журналисі әрі тамаша ақын Мұхамеджан Сералиннің «Топжарған» («Жауыр торы») поэмасы. Мұнда сол жылдарда Торғай өлкесін жайлап отырған Кене хан ордасын, онда болған бір оқиғаны, яғни топ жарған атап кеткен тұлпардың Кенеге қалай келгені жайыңда айтылады. Оқығандарға белгілі шығар, халық осы кезге дейін жатқа айтады. Осы дастанда — «Топжарғанда» Кененің өз тұлпары Көкбурылдың қайдан шыққанын да айта кетеді: Артқада Көкбурырдай жүйрік бар ма? Болыпты би Наурызбай деген нарда. Көкбурыл би Наурызбайдан ұрлап алып, Кенеге тарту еткен Ұры Қарға [7, 208б.], — дейді. Қарға — Нұрхан Ахметбековтың атақты «Ұры Қарға» поэмасының кейіпкері. Нұрхан демекші, енді бір төртінші, Кене жайындағы үлкен шығарма Н.Ахметбековтің «Жасауыл қырғыны» поэмасы. Мұның баяғыда ел ішінде айтып жүрген нұсқасы өзгертіліп, елуінші жылдардағы саясатпен мүлде қайта жазылған. Ондағы оқиғалар өңі айналдырылып, тапсырыспен керісінше жазылып еді. Оған өзім куәмін. Болған оқиғадағы кейіпкерлер де сол Әлім ауылының адамдары еді. Торғайда «Байтабын соры» деген жер әлі бар. Бертін келе бәрімізге мәлім, Мағжан Жұмабаевтың «Көкшетау» поэмасы, ондағы: Арқада Көкшетауға жер жетпейді, Басқа жер көңілді ондай тербетпейді, Арқада Көкшетауға жер жетпесе, Қазақта Кенекеме ер жетпейді [4, 218б.], -дегенін жұрт қазір әнге қосып айтады. Одан бері келгенде қазақтың тағы бір ұлы ақыны Ілияс Жансүгіров осы Кенесары тақырыбында «Күйші» дастанын жазды. Оған Кенесарының Жетісу өлкесіне ауған кезінде болған. Бұл көпке мәлім ғажайып шабытты дастанның бір жерінде Кененің екі-ақ жолмен берілген портреті бар: Жанжалды үй арасы ұшасынып, Арыстан отыр төрде тісі ақсиып, дейтін. Үй арасы дегені қазақ арасы, ол оған араласпайды. Оның қиял-арманы алыста жатыр [2, 182б.]. Ілияс Жансүгіровтен кейінгі буында Қалижан Бекхожин «Батыр Науан» поэмасын жазды. Бірақ, көп ұзамай, соғыстың аяғын ала Кенесарыға қарсы науқан қайта басталып кетті де, алдында ғана жазылған Мариям Хакімжанованың «Мәншүк» поэмасының алғашқы нұсқасымен бірге катты сынға ұшырады. «Мәншүкте» Бопай қыз туралы сөз болған. «Мен алпысыншы жылдардың ортасында Қызылжар қаласынан — жалпы солтүстік өлкесінен оралып, бір топ өлең жаздым. Соның ішінде «Абайдың ақ үйі» деген өлең бар еді. Цензураның қалай өткізіп жібергенін білмеймін, кітап жарыққа шыққан соң, сөзге, жазғырғандарға қатты ұшырағаным бар. Сондықтан сол өлеңнің ішіндегі бір шумақ Әлі күнге бір сұрақ — мен аңғарман, — Сұрап келем әліде адамдардан. Өзге жұртың хандары жақсы болып, Біздің хандар қалайша жаман болған? — деген сауал еді. Ол кезде ол сұраққа жауап бермек түгілі, «олай» деп сұрап не шаруаң бар? дегенге қалғанбыз [3, 124б.]. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қазақ жерінде үш жүздің халқын түгелге жуық қамтыған және ұзақ уақыт бойы жүргізілген көтеріліс еді. Оның патша 82 өкіметінің отарлау саясатына қарсы бұқаралық сипатымен және қазақ халқының тарихында ірі прогресшіл бағытымен айқындалды. Бүгін дербес мемлекет, қазақия қағанаты болып тұған шақта — оның мөңгі шежіре кітабы әулие дұалығы — Көкшетауды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Қолданған әдебиеттер тізімі 1. А.Ф. Рязанов. Кенесары. Алматы, 1993 2. Ақжолтай Ағыбай батыр. -Алматы, 2002. 3. Тарихи жырлар. Үшінші том. Кенесары – Наурызбай. Алматы, 1996. 4. Валиханов Э. Кенесары хан — Алматы, Арда, 2007. 5. Қасымбаев Ж. Кенесары хан. –Алматы, Қазақстан, 1993. 6. Ыбырай Е. Кенесары бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық күресі (1837-1847жж). 7. Қасымбаев Ж. Кенесары Қасымов. – Алматы, Аруна, 2005.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar