ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ АРҚЫЛЫ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТƏРБИЕ БЕРУДІҢ МАЗМҰНЫ

Қазіргі заман талабынан туындайтын мəселелердің бірі –жас ұрпақты жаңа қоғам мүддесіне лайықты жан-жақты дамыған парасатты адам ретінде қалыптастыру, оның бойында ұлттық психология, ұлттық сананы орнықтыру, əлеуметтік ортадағы, өзін қоршаған дүниедегі табиғат, адам өміріндегі, əдебиет пен өнердегі тұрмыстағы, салт-дəстүрдегі сұлулықты, жақсы мен жаманды ажырата білуге тəрбиелеу. Олай болса, ата- бабаларымыздың салт-дəстүрлерін,əдет- ғұрпын, əдеби, мəдени бай қазынасын баланың зердесіне орнықтырып, парасатты, эстетикалық талғамы жоғары азамат eтіп тəрбиелеп өсіру баршаның міндеті. Ал эстетиканың ғылым ретінде жеке философиялық пəнге айналу кезеңі XVIII ғасырдан басталғаны белгілі. Яғни эстетикалық тəрбие- қоғамдық дамудың əрқилы кезеңдерін бастан өткізіп келе жатқан тарихи құбылыс. Ал фольклор- тарихи оқиғалар ізімен қиялдау, образдау тəсілі арқылы жасалған көркем сөз байлығының басты бір саласы. Қазақ халқының мəдени жəне рухани байлығын игеруде фольклор жанрларының орны ерекше. Өйткені, жастарға дəстүрлі дүниетанымды түсінуге мүмкіндік беретін халық даналығының қайнар көзі. Егер фольклористика ғылымының тарихи қалыптасуына көз жіберетін болсақ онда оның дамуы мен өсу жолы шартты түрде 3 кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең-20-30 жылдар аралығы. Екінші кезең- Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары. Үшінші кезең- Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдар. Қазақ фольклористикасы 20-шы жылдары айырықша бой көрсетті. Əрине бұл кезеңде Х.Досмұхамедов ,М.Əуезовтың қатысуымен қазақтың батырлық жырлары, басқа да фольклор туындылары жарық көрді. Ал 1930 жылдары қазақтың эпостық жырлары жарық көре бастады.«Батырлар жыры», М.Əуезов тапқан « Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының жаңа нұсқасы, айтыстың бірінші кітабы ( С.Мұқановтың сөз басымен) басылды. «Қазақ ертегілері» мен « Алпамыс» , «Қамбар», «Қобыланды» сияқты озық үлгілері орыс тіліне аударылып осы кезеңде жарық көрді. 1940 жылдан бастап, фольклористика саласындағы арнаулы зерттеулер өсе түсті. Қ.Жұмалиев пен М.Ғабдуллин ауыз əдебиетіне байланысты оқу құралдарын жазса, Ə.Марғұлан қазақ эпосының түп тегіне қатысты көптеген этнографиялық мақалалар жариялады. Ал сол 1945 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде С.Орловтың «Казахский героический эпос» деген зерттеу жұмысы жарық көрді. Сол жылдары Қазақстанның көрнекті ғалымдары М.Əуезов, Ə.Марғұлан; Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Б.Кенжебаев, Ə.Қоңыратбаевтар қазақ фольклористикасының дамуына елеулі үлес қосты. Кейін 1948 жылы «Қазақ əдебиеті тарихының» алғашқы томы қазақ фольклорының жанрларын қамтыған үлкен еңбек жарық көрді. Ал кейін 1956 жылдан бастап қазақ фольклоры жақын зерттеле бастады. Кейін М.Əуезов атындағы « Əдебиет жəне өнер институты алғаш құрылғаннан бастап, «Айтыс» (3 томдық), «Үш ғасыр жырлайды», жинақтары шығарылды. « Қазақ фольклористикасы» (1972ж.) , «Қазақ фольклористикасының тарихы» (1988ж.), «Фольклор шындығы» (1990 ж.), «Бес ғасыр жырлайды» (1985 ж.) , «Қисса- дастандар» (1986 ж.) көп томдық ертегі , айтыс, батырлар жырына арналған ғылыми зерттеулер мен еңбектер шықты. Жалпы фольклордың негізі ертеде қалыптасқаны белгілі. Сонау замандағы ұлы ғұламалар ( Əл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Махмұт Қашқари), атақты ақын- ағартушылар ( Шоқан, Ыбырай, Абай) сынды ғұламаларымыз адам бойында адамгершілік қасиеттерді жоғары бағалаған. Ал сол сара жол деп таныған фольклорды одан əрі дамытқан, елеулі еңбек еткен аға буын өкілдерімізді де айтқанымыз жөн. Айтар болсақ, М.Əуезов, С.Мұқанов, Ə.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншəлиев, Н.Келімбетов, А.Қыраубаева сынды ғалымдарымыздың есімдерін ерекше деп айтуымызға негіз бар. Негізінде ғылымда халық ауыз əдебиет туындыларын «фольклор», ал оны зерттейтін ғылымды фольклористика деп атайды. Жалпы фольклор ұғымын басында халықтың рухани, кейде материалдық мəдениеті деп түсінгенімен, уақыт өте келе оның ауқымы кеңейіп, ел арасындағы аңыздар, ертегілер, өлең жырлар жатқызылды. Қазақ фольклоршылары М.Əуезовтың, М.Ғабдуллиннің еңбектерінде фольклорға «ауыз əдебиет» ұғымы берілгені, қазақ фольклоршыларының көбі фольклорды «əдебиет» деп танығаны белгілі. Демек, ғалымдардың «фольклор» ұғымдарына байланысты айтылған пікірлерін саралай келіп атадан балаға мирас болып жеткен, көркем сөз, сахна өнері: əн, күй, би, қолданбалы өнер, халық ойындары, тұрмыс-салт жырлары олардың ерекшеліктерін фольклор ұғымына жатқызамыз. Сондықтан да «ауыз əдебиет» деген ұғымнан гөрі ауқымы кең «фольклор» терминін қолдану ғылымда нақтырақ секілді. Ал осы фольклордың ішінде балалар фольклорына зер салайық. Ал балалар фольклоры дегеніміз- ол мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшелігіне сəйкес, балалардың өзіндік қиял-армандарын, талаптарын, ой- пікірлерін, айналадағы құбылысты эстетикалық тұрғыдан қабылдау, сезіну мүмкіндіктерін қалыптастыратын халқымыздың ғасырлар бойы жинаған асыл мұрасы болып табылады. Демек, балалар фольклоры балалардың қызыға да сүйсіне тыңдайтын, шығармашылық қасиеттерін арттыратын, логикалық ойлау қабілеті мен сөздік қорын дамытатын құнды жанр екені анық. Бүгінгі таңда кейбір ғалымдар балалар фольклоры өздері ойлап құрастырған шығарма десе, ал кейбіреулері балаларды тəрбиелеуге арналған шығарма деп жазады. Яғни балалардың психологиялық ерекшеліктеріне сəйкес білім беретін, дамытатын мазмұнды шығармаларды балалар фольклоры деп айтуымызға болады. Атақты ғалым А.Байтұрсынов мəдени мұрамыздың құнды қазыналарын бір жүйеге келтіріп ғылыми тұрғыда негіздеген. Оның ертегілері, мақал- мəтелдері, өсиет сөздері, қисса- дастандары бүгінгі жас өспірімдерді педагогика негізінде тəрбиелеуде аса құнды. А.Байтұрсынов өз еңбектерінде «өтірік өлең», «жұмбақ», «жаңылтпаш», «тақпақ», «бесік жыры» тəрізді жанрларының мəнін түсіндіріп, эстетикалық тəрбие саласына да ерекше тоқталды. Сол сияқты атақты ғалымдардың біразы атап айтсақ ( С.Сейфуллин, Ш.Ахметов, Қ.Матыжанов т.б.) сынды ғалымдар қазақ балалар фольклорын арнайы зерттеу оъектісіне айналдырып жан-жақты қарастырып зерттеген. Сол қазақ балалар фольклоры зерттеулеріне ғылыми тұрғыда зерттеп талдау жасаған, өзіндік табиғатын тұтас құбылыс ретінде саралаған тұңғыш тəжірбие жасаған Қ.Матыжанов. Ғалым өз еңбегінде: «Ең алдымен балаларға арналған халық шығармалары- балалар психологиясын, көркемдік талғамын, шығармашылық мүмкіндіктерін танытатын асыл мұра. Ол өзінің бала қабілетіне лайықтылығымен , логикалық жүйелілігімен , тілінің нəрлілігімен, музыкалық сазымен, өнегелі мазмұнымен, жеңіл формасымен, балалардың рухани азығына айналған бағалы тəрбие құралы»,-деп фольклордың жас жеткіншектер тəрбиесіндегі құндылығын анық көрсетеді. Ал бүгінгі көрнекті жазушыларымыз Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, Т.Кəкішов, М.Əлімбаев сынды ағартушылардың мұраларын одан əрі жалғастырып, ұлттық рухани қазынаны жас ұрпаққа жан-жақты түсіндіріп, елеулі орын беріп келеді. Мысалға қазақ ертегілерін алайық, бұдан керемет поэзияның желі еседі, көркемдік шеберліктің тамаша үлгісі көрінеді. «Халық ертегілері əрқашанда жастарды тəрбиелеудің тамаша құралы болып, əділдік жолына бас байлатып, зұлымдықтан жирентеді»,-деп жазушы Т.Кəкішов өзінің «Қазақ əдебиеті сынының тарихы» атты еңбегінде ауыз əдебиетінің болашақ ұрпаққа эстетикалық тəрбие берудегі маңызына тоқталса, М.Қаратаев «Əдебиет жəне эстетика» деген еңбегінде: «Адамның эстетикалық мəдениеті оның жалпы мəдениеттілігінің жарқын бір көрсеткіші. Бұл деген өскен ортаға, айналадағы ортаға, білімге, тəрбиеге, қызметке сол сияқты басқа да факторларға əсер ететін қасиет. Адамның асыл, нəзік қасиеттерінің бірі- эстетикалық сезімді оятып өсіретін, эстетикалық талғам мен көзқарасты қалыптастырып, кісінің эстетикалық мəдениетін дамытатын , жетілдіретін факторлардың ішінде ең үлкен орын алатын, шешуші роль атқаратын əдебиет пен өнер екенінде дау жоқ»,- деп əдебиеттің эстетикалық тəрбиелік мəнін ашып береді. Нақтылай келгенде балаларды фольклор жанрларымен таныстыру, тыңдағанын қайта əңгімелеп беруге, мақал-мəтелдерді, жаңылтпаштарды, жұмбақтарды мəнерлеп айтуға үйрету мен сөздік шығармашылықтың бастапқы формаларын дамытуға эстетикалық тəрбие мүмкіндіктерін шешуге көмектеседі. Демек, қазақ балалар фольклоры- ұлттық мəдениеттің ұдайы дамуы мен жаңаруының негізі. Ол-өмір сүрудің мəні мен мазмұнын, ұлттық өркениеттің тарихи тағдырын, болмысын, дүниетанымын айқындайтын өшпес мұра. Бұл орайда, «Аяз би ертегісіндегі» ақылы мол Аяз биді, «Ер Төстік» ертегісіндегі өзінің ақылды, білгірлік ісімен айнымас дос, Кенжекейді мысалға келтіруге болады. Яғни халық ауыз əдебиеті жанрларын тəрбие құралы ретінде пайдаланып балаларды ақылдылыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке баулап жауыздық пен күресіп жеңе білуді уағыздаған, əділдікті үйреткен. Тіліне, дініне берік болып, ұлттық мəдениетті көтеруге жетелеген. «Фольклордың қай туындысын алсақта ғибрат айтарлық , жөн-жоба мен үлгі-өнеге көрсетерлік қасиеті мол. Мұның бəрі де халық пікірі, келешек ұрпақты тəрбиелеудің эстетикалық құралы деп тануды қажет етеді. Өйткені, көркемдіктен лəззат алу, əсемдік пен сұлулықты ардақтау, озық мəдениетке бастап, жамандықтан жирендіріп отыру- халықтың талап-талғамының жемісі, сыншылдық көзқарасының нышандары»,- деп жазушы Т.Кəкішов фольклор жанрларының жастар тəрбиесіндегі маңызын ашып көрсетеді. Егемендігімізді алғаннан кейін 1992 жылы баланың жеке тұлғасын, халқымыздың асыл мұрасы қазақ фольклорын, дəстүрін құрметтеу, елін-жерін сүю, адамгершілік жəне эстетикалық сезім əрекеттерін бекіту мақсатында тұжырымдама жасалды. Академик –жазушы М.Əуезов: «Біз ауыз əдебиетін зерттей отырып, халық санасындағы Отаншылдық сезімді, халық ұғымындағы адамгершілік гуманизмді, эстетикалық мəдениет пен рухани байлықты сол халықтың өткендегі өмірін, аңсау-арманын, əдет-ғұрпын, халық тəрбиесінің жемісін көреміз»,- деп балалар фольклорының тəрбиелік мəнін айқын ашып береді. Фольклор тəрбиелеу, білім беру жұмысының барлық саласымен ұштасып, сабақтаса жалғасады. Қазақ фольклорының өзіне тəн ерекшелігі-балаға айналасындағы бай мұраның əсемдігі мен əсерлілігін түсінікті етіп жеткізе отырып, ұлттық еңбектің нəтижесін сезінуге, қоршаған дүниеге, салт-дəстүрге, ой-қиялын дамытуға əсер ететіндей негізгі тəрбие құралы болуында. Яғни фольклор баланың танымын кеңейтеді, оны өмірді сəулелендіретін бейнелердің бай дүниесіне ендіреді, танымдық іс-əрекетін, өмірге деген бейімділігін дамытады, ата- баба мұрасын қастерлеуге тəрбиелейді. Саралап келгенде қазақ фольклоры жанрларындағы табиғат, қоғам, өнер, өмір жайлы ұғымдар мен түсініктер мазмұны жағынан өрістей келе халықтық асыл қазынаға айналып, ұлттық санаға тереңдей енді. Ата-бабаларымыз күнделікті тұрмысқа қажетті қарапайым нəрседен бастап, күрделі əлемдік құбылысқа дейінгілерді шығармашылық пен ертегіге, аңыз əңгімеге, эпостық жырларға, мақал-мəтел мен жұмбақтарға жəне ауыз əдебиеті жанр түрлеріне қосып, өз ұрпағын адамгершілікке, азаматтыққа тəрбиелеу мен қатар тылсым дүниенің əсемдік сырын бейімдеген. Қорыта айтқанда, ананың əлдиімен, əженің ертегісімен, отбасында айтылған мақал-мəтелдер бала бойына дарытады. Əрбір адамның туған анасынан басқа төрт анасы, туған тілі, туған жері, туған дəстүрі, туған тарихы болуы керек деп М.Шаханов ағамыз айтқандай, өз елінің тілін, дінің, рухани мəдениетін білген адам, біртіндеп əлемдік мəдениетті үйренеді.

Читайте также:  Англияның мемлекеттік құрылымы туралы

Оставить комментарий