Қазақ халқының мінез­құлқы, ойын­ сауықтары және рухани тіршілігі

Әлемде өзгермейтін, қозғалмайтын еш нәрсе жоқ. Бәрі өзгерісте, қозғалыста. Бірақ, тез өзгеретін немесе тез өзгермейтін құбылыстар да бар. Өте баяу өзгеретін құбылыстарға мінез­құлық, тіпті адамның бет әлпеті, дене құрылысы да жатады. Мәселен, соңғы мың жылдықта қазақ халқының негізін құраған ру, тайпалардың антропологиясы біраз өзгерістерге ұшырады. Ұзын бойлы, аққұба болып келетін қыпшақтар тапалтақ қысқа мойынды, жалпақ бетті монғол типтес болып өзгерді. Тіпті, соңғы 50­70 жылда бұрын атқа ұдайы мінгендіктен аяғы доға болып келетін еркек жынысты аяғы түзуленді, бойы ұзара бастады. Солардың бәрінің себептері бар. Себепсіз еш нәрсе болмайды. Ол өз алдына әңгіме. Сол сияқты қазақ халқының мінез­құлқы да бірте­ бірте өзгеріп келеді. Адамның баяу немесе шапшаң қозғалуы, мінезінің ашық немесе тұйық болуы оның тұрған жеріне, өскен ортасына, саяси құрылымға т. б. жағдайларға байланысты. XVIII ғасырда өмір сүрген француз философы К.А. Гельвеций өзінің «Адам, оның ақыл ­қабілеті және тәрбиесі жайлы» деген еңбегінде: «Тәжірибеде дәлелденгендей, халықтардың мінез­құлқы мен ақылы, олардың өкіметінің түр ­ сипатымен бірге өзгереді, әр қилы өкімет турлері бір ұлттың мінезін кезекпен бірде көтеріңкі, бірде пәс, бірде тұрақты, бірде тұрақсыз, бірде батыр, бірде жасқаншақ етеді. Олай болса, адамдар не ешқандай мінезге бейімделіп тумайды немесе тіпті қарама­қарсы бұрыс та дұрыс мінезбен туады. Сондықтан, олар тек тәрбиенің жемісі»,­ деп жазды. Әрине, К.А. Гельвецийдің айтқандарын сол күйінде қабылдау қиын. Бірақ негізге алуға болады. Олай болса Гельвецийдің айтқандарының кейбір жақтарын қазақ халқына да қолдануға болады. Қазақ халқының мінез­құлқы оны қоршаған ортаға ­ кең далалық кеңістікке, географиялық жағдайға, баққан малға, оның шаруашылығына байланысты қалыптасты. Ғасырлап ен далада мал бағып, қысы­жазы тек мал соңында асықпай көшіп­қону арқылы қалыптасқан қазақтың мінез­құлқы төмендегідей. Біріншіден, ол ерекше бір жағдай болмаса, етек­жеңін жимай, кеңге салып, асықпай, байсалды өмір сүрген. «Асыққан шайтанның ісі» деп қараған. Бұл мінез қазақ әйелдеріне де тән болған. Қазақ әйелдері негізінде жәй, сылбыр қимылдайды. Үйді жүгіріп жүріп жинау, қонақты тез күтіп, уақытын алмау деген пиғыл оларда сирек кездеседі. Қонақ үйлерде жұмыс атқаратын кейбір қазақ келіншектерінің қолындағы шүберегі түсіп қала жаздап жүреді. Заттарды ысқылап тазарту, хлор сеуіп жуу күнделікті міндетті дағдыға айналмаған сияқты. Екіншіден, қазақ әңгімелескенде асықпай, әр нәрсенің мән­ жайына жетіп, түсінісуді қажет еткен. Сөйлескенде, ол қашан да әңгіменің түйінін іздеген. Мәселе көп немесе аз сөйлеуде емес. Сол көп сөздің тобықтай түйінінде. Қазақ елін әр дәуірде аралап, оның мінез­құлқы жөнінде пікір түйген жолаушылар, қазақ халқын көп сөзді («краснобай») деп түйіндеген. Мәселен, дәл осындай пікірді, басқа емес, В. И. Даль айтқан болатын. Әрине, қазақ халқы сөзшең екені белгілі. Бірақ бұл оның мылжыңдығы емес. Қазақ сөйлегенде әр сөзге мән беріп, ойлап сөйлеген. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болу керек» деп түсінген, әйтпесе, сөз мылжыңға айналады. Олай болса, мақсат ­ көп, не аз сөйлеуде емес, мәнді сөйлеуде. «Абай жолы» романында Мұхтар Әуезов «Қырт Жұманды» мысалға келтіріп, оның мылжыңдығын аз сөзбен суреттеп, дәлдік образ жасайды. Бір күні Жұманның үйіне бір топ адам, ішінде Абай бар, қонақ болады.

Ет турап отырған Жұман әңгіме бастайды. Романда бұл көрініс былай суреттелген: «Осы қазақ иттің не оттайтынын білмеймін. «Жұман қырт», «Жұман қырт» деп маған ат қойып, айдар айтып алды. Соңымнан бір қалсайшы. Егер көп сөйлейтін кісі қырт болса, кешелер дүйім елді жиып алып, күні бойы Құпекең жалғыз өзі сөйлеуші еді. Абай тап бір ет асым жапа­жалғыз өзі сөйледі. Көп сөйлеген қырт болса, анық қырт осылар емес пе? Менде осы не ақысы бар «қырт» деп қыр соңымнан қалмайтын!» ­ дегенде, Абай қолын жуа алмай, өне бойымен селкілдеп, қатты сықылықтап күледі. Екі көзінен жас аққанша күлген. Бұның күлкісіне сыңғырлаған Әйгерім күлкісі де қосылады. Абай әл жия бере, Жұманға оқыс бір жауап айтты: ­ Уәй, ақсақал! ­ деп күле түсіп, ­ қырт атану үшін көп сөйлеп әуреленудің керегі жоқ. «Қатын, алғаным ақыл болған екен» деген сөз де жетеді!» дегенде, үйдің іші ду күлді. Бұның есіне Жұманның соңғы қыста өз үйінде отырып айтқан бір сөзі түскен еді. Жұман қысты күні таңертең дәретке шығып келді. Аздан соң күн бұзылып, қатты жел тұрып, ақ түтек боран болып кетеді. Сонда Жұман терезеге қарап, қатынын шақырып алып: ­ Уәй, қатын, сен білдің бе? Бағана ұлы жарықта отырып алғаным қандай ақыл болған, э! ­ депті». Бұл келтірілген мысал қазақтың бос сөзді, мәнсіз, сөлсіз сөзді жақтырмайтынын байқатады. Қазақтың сөзге мән бергені сонша, ол қашан да уәжге тоқтаған. Сондықтанда қазақ елінде дәлелдеп, уәжден сөйлеген кісіні сыйлаған. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сондай шешендер қатарына жатқан. Қазақ арасында қандай да бір дау болмасын, қашанда уәжге тоқтаған. Бұл да оның сөз парқын мән бергенін көрсетеді. Үшіншіден, қазақ көп жағдайда қойылған сұраққа тез жауап қайтармаған. Түсінбеген, естімеген адамдай үнсіз қала берген. Сырын білмейтін адам оның бұл мінезін естімеді, тыңдамады деп те ойлаған. Шынында олай емес. Әрбір айтылған сөзді талдап, пайымдап барып жауап қайтаратын болған. Төртіншіден, қазақ жерін жиһангез жолаушылар жаз кезінде аралап, қазақтарды ойын ­сауықшыл, жұмыс істеуді ұнатпайтын, жалқау халық деп ойлап, солай жазып кеткен. Бұл пікір, әрине, негізсіз де емес.

Қазақ халқының сауықшыл болғаны да, жұмыс істемей, қыдырымпаз болғаны да рас. Көшпелі тұрмыста мұның бәрі орынды құбылыс. Елде мал бағудан басқа еңбек жоқ, ол үшін 4­ 5 адамның жеткілікті екені де рас. Қалғандары теңселіп, ауылдан ауылға қыдырып, әңгіме, сөз іздеуден басқа амалы болмаған. «…жұмысы жоқтық аздырар адам баласын!» деп Абай тегін айтпаған. Абай халқын кәсіп ет, білім ізде, шаруашылықпен айналыс деп шақырды. Бірақ ол сөз қалың бұқараға жетпеді. Ол да шындық. Ал енді әлгі жиһанкездерге қайта келетін болсақ, олар қазақ халқының қыстағы азабын, ақ түтек боран тозағында киіз үйде тұрып, мал соңында ығып, көшіп жүргендігін кермеген. Қыстан аман шығу қазақтың аса басты мұраты еді. Сондықтан қазақ Наурызды ағынан жарылып қуана қарсы алып, бірімен­бірі көрісіп амандасқан. Бесіншіден, қазақ жаяу жүргенді кемістік деп санаған. Сондықтан барар жері ауыл ­ арасы бір сағаттық жол болса да, өріске кеткен атын кісі жіберіп алдырып, түске дейін сайлап, ерттеп мінін, баратын болған. Ал егер барар жеріне ертемен кетпек болса, атын жайылысқа жібермей, тұсап, не арқандап, үй маңында ұстаған. Қазақ жылқы малын аса жоғары бағалап, қадірлеген. Мінсең ­ көлік, ішсең ­ ашытқан сүті қымыз, мейірің қанады, жесең ­ тамақ, кисең ­ киім. Қазақ қашаннан жылқы малының тұқымын жақсартып отырған. Жүйрік ат, жақсы қатын, құмай тазы, қыран бүркіт қашанда ер жігіттің арманы болған. Егер «Жібек жолы» үшін керуеншілерге жоғарыда айтылғандай жылда түйе беріп отырған болса, шет елдерге (Қытай, Индия) қазақ елі жылда 70 мыңға дейін жылқы айдап, сатып отырғанын айттық. Қазақ жасынан атқа мініп үйренген. Баланы енді жүре бастаған кезден бастап атқа мінгізген. Оны арнайы тойлаған. Ол тойды «тоқым қағар» дейді. Біздің заманымыздың IV ғасырында өмір сүрген Рим тарихшысы Аммиан Марцеллин сол кездегі Азия көшпелі жөнінде: «Олар жаяу соғысты ұнатпайды. Ат үстінде өте күшті, аттары құйындай ұшады, ат үстінде барлық мәселелері шешіледі, өмірі жаяу жүрмейді, жаумен соғысу да атпен жүргізіледі, ат жалында ұйықтайды, ат үстінде түнейді, сатады, сатып алады, тамақ ішеді» деп жазды. Сондай­ақ қазақта ер жігітті қартайтатын үш нәрсе бар: «Шабан ат, жаман қатын, өтпес пышақ» деген де мақал болған. Алтыншыдан, қазақ халқының әйелдері басқа отырықшы Орта Азия халықтарына қарағанда қоғамдық жиындарға, ойын­сауық, айтыстарға қатысқан. Қазақ әйелдеріне шектен тыс қызғаншақтық, тықыра көрсетпеген. Қазақ әйелдері көп жағынан еркіндік жағдайда өскен. Бүкіл шығыс әйелдері ішінен Отан соғысы жылдарында Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметовалардың Кеңестер Одағы Батыры болуы тегін емес. Қазақ әйелдері арасынан ел басқаратындары да шыққан. Жетіншіден, қазақ кешірімді, кең пейілді болған. Ол ешқашан тарығып, таусылып сөйлемеген. Әр нәрсенің ақырын күткен. Әрине, қылмыс түріне қарай қазақ елінде жазаның әр түрі болған. Айып мал санымен есептелген. 1684­1685 жылдары дүниеге келген Тәуке ханның «Жеті жарғысында» былай деп жазылған: Ердің құны, мәселен ­ 100 түйе, немесе 1000 қой, әйелдің құны оның тең жартысы ­ 50 түйе, немесе 500 қой (Балама ретінде келтіре кетейік, бір түйе ­ үш жылқы, не ­ 10 қойға тең). Төре мен қожаның құны қарашадан жеті есе артық. Жазалар түрі туралы қосымша айтпақ болсақ: жазым болған бас бармақ үшін ­ 100 қой, шынашақ ­ 20 қой, бір көздің құны ­ одан да қымбат. Қылмыстың ауырлығына қарай өлім жазасына әйелдерді де кескен. Мәселен, әйел күйеуін өлтірсе немесе күйеуінің көзіне шөп салу үстінде ұсталса т. с. с. Бірақ өлім жазасын хан шешкен. Сегізінші, қазақ халқының мінезіндегі тағы бір ерекшелік ­ ол ешбір халықты жатырқамайтыны. Мәселен, кім болса да үйіне келіп түссе, ол бай ма, әлде кедей ме, тани ма, жоқ танымай ма, оны жоғарыда айтқандай «қонақ» деп қарап қабыл алған. Қазақ негізінде бауырмал халық. Ол ешбір халықты алаламаған. Әзіл­сықақ ретінде қазақ кейбір көрші халықтарды сынап күлкіге айналдырған болса, оған да көршілері солай қарап, әзіл айтқан, бұл өмір, бірақ көршілерін жамандаған емес. Қазақтың кең пейілдігі арқасында елге кім келсе де сіңіп, сіңісіп кеткен. Сонымен қатар біріне­бірі өкпелегіш халық.

Читайте также:  ТЫНЫС ДЕМІКПЕСІМЕН АУРҒАН НАУҚАСТАРДАҒЫ РЕПАРАЦИЯ ГЕНДЕРІНІҢ ПОЛИМОРФИЗМІ

Өкпенің негізі кейде бір атым насыбайда болған. Сондықтан да Ғабит Мүсіреповтың «кең далаға симай жүрген жоқпыз, сиыспай жүрміз ғой» дегені дәл келеді. Тоғызыншы, қазақ арасында да жетім­жесірлер болған. Бірақ, олар жаппай бір қатер болмаса, ешқашан тентіреп, ел аралап, қайыр сұрамаған. Өйткені, қазақтар өз жетім ­жесірлерін өздері қамқорлығына алған, қаңғыртпаған. Қазақтағы қайырымдылық оның ақыл­парасатының бір қырына жататын болған. Қазақ жасы үлкен кісілер кім болса да, оларды силаған, сөзін бөлмеген, жолын кеспеген. Келіндер қашан да иіліп сәлем берген. Дәл осындай әдет әлі күнге дейін жапондарда кездеседі. Қазақ арасында жетімдер, асырайтын, қарайтын адамдары жоқ кемпір­шалдар үйі деген атымен болмаған. Сірә, бұл басқа халықтарда да бұрын болмаған тәртіп болса керек. Оныншы, көшпелі тұрмыс құрған қазақ отырықшы елдер сияқты қала, село, қыстақ болып, бір жерде тұрақталып тұрмағандықтан, кең сахараны жайлаған ел бірін­бірі ажыратып, білу үшін, ол үш (Ұлы, Орта, Кіші) жүзге бөлінген. Ол жүздердің жалпы тұрған аумағы, оған кіретін рулар білетін кісілерге айқын. Сондықтан, кездескен кісімен танысуда қазақ «қай туған боласың?» деп сұраған. Сол арқылы кез келген адамды адресі арқылы қай жерден келгенін білетін сияқты, руын білу арқылы оның алыс­жақындығын аңғарған. Бірақта қазақ араласып жатқандықтан, руын білу адамды қашықтатпайды, қайта жақындатады, әйтеуір, бір жағынан алыс емес, жақын боп шығады. «Қазақ бірін­бірі сұрай келіп, қарын ­ бөле боп шығады» ден халық бекерге айтпаған. Он бірінші, XX ғасырдың 30 жылдарынан бастап мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қазақ өміріне үлкен өзгерістер енді. Ол қала, село, ауылдарда тұратын отырықшы халыққа айналды. Көшпелі тұрмыс құрып, еріп жүріп мал өсіру келмеске кетті. Өндірісте жұмыс істеу, оны уақытпен есептесуге үйретті. Егін шаруашылығымен айналысу, малды ұстап бағу, шоп дайындау жайбарақаттықты, селтеңдеп бос жүруді, селқостықты көтермейді. Онымен ұдайы айналысып, уақытпен есептеспей, жұмыс істеу керек. Нарықтық экономикаға көшу қазақ халқының өмір сүру тәсілін, мінез­құлқын, әдет­ғұрпын күрт өзгертуге әкелді. Нарық қатынасы жайбарақаттыққа жол бермейтін, есепсіз, тегін еш нәрсе жоқ екенін түсіне бастады. Ондаған ғасырлар бойында қазақ елі, оның ата­бабалары бес­алты жылда қайталанып отыратын жұттан, аракідік аштықтан зардап шеккеніне қарамастан нақты қорытындылар шығармай келген болатынды. Нарықтық экономика халық алдына қатаң талап қойды. Пайдасы аз, шығыны көп нәрсемен айналыспау керек екенін ұқтырды. Керек десеңіз колхоз, совхоз тұрмысы да қазақ психологиясын (жан дүниесін) онша өзгерте алмаған болатын­ды. Нарықтық қатынас бұл жөнінен де үлкен бет бұрыс болды. Ешкімнің сырттай нұсқауысыз, адам іштей, өздігінен өз жан дүниесін өзгертуге мәжбүр бола бастады. Қорыта айтқанда: 1) Қазақ халқы табиғатынан қарапайым. Киген киімі қашанда мол, етек­жеңі кең болып келеді. Бұл оның көшпелі тұрмысына, атқа мініп, түсуіне, жерге малдас құрып отыруына ыңғайлы. Шапанының, тонының етегі отырған орнына төсек, ердің үстіндегі көпшігі жастық, шапанын көрпе етіп, кез келген жерге, төсек таңдамай керек болса жата кететін. Мінезі де ен даласындай кең, жазық, ашық, жайдары. Қазақ ешқашан қысылып, қымтырылмаған. «Қалауын тапса қар жанады» дегендей, қазақ не айтса да қисынын тауып айтуға тырысқан. Сөзге мән берген. Сөзіне қарай кісіге құрмет көрсеткен.

Уәжге тұрған. Бұл оның ерекше қимыл ­ қасиеті. 2) Қазақ кекшіл емес. Іштарлық та басқа халықтарға қарағанда, қазақта бәсеңдеу. Көп ішінде біреу мінеп, мінезінің кемістіктерін, шыққан тегін кемсітіп, бетіне басып, өлеңге қосса, шамасы келсе ол табанда жауап қайтарған. Уәжі күшті болса ­ жеңген болып есептелген. Жөнеліп қалса кек сақтамаған. Сыртқа шығып, айналаға көз салып, көңілі жадырап кететін болған. 3) Қазақ кімнің кім екенін бір ауыз айтқан сөзінен, былайша айтқанда «сөз саптауынан» байқаған. Орыста «по одежке встречают, по уму провожают» деген нақыл сөз бар. Кісінің ақылын бірден байқау қиын. Ол тереңде жатады. Бірақ оны байқау үшін көп сөйлеудің керегі жоқ. Оны қазақ бір ауыз сөзден байқаған. Орыстарда малға (сиырға, жылқыға, шошқаға) адам аттарын қойған. Қазақтар адам атын малға қойғанды ерсі көріп, ұнатпаған. 4) Қазақтың түсі суық емес, жайдары, беті ашық, бас киімін көзіне түсіріп кимеген. Қазақтың ішкі кең табиғи ақылдылығы, жайдарылығы оның бетінен байқалған. Қазақта бас кесу, дарға асу, зынданға салу деген жаза болмаған. Қазақтағы барлық жаза ­ айып төлету. Әрине, өлім жазасы да болған, бірақ ол өте сирек және кесектеп өлтірілетін болған. Қазақ халқының ойын­сауықтары. Оның түрлері көп болған. Мақсаты да әр қилы. Ең алдымен уақытты көңілді өткізу, жастардың басын біріктіру, бірімен ­ бірін таныстыру. Сонымен бірге әрбір ойын­ сауықтың жастарды сергітуден басқа, белгілі тәрбиелік мәні де болған. Әрине, ойын­сауықтың әр халықта да болғаны да, бары да рас. Қашанда еңбек пен ойын­сауық қатар өмір сүреді. Жақсы жұмыс істеу үшін мазмұнды дем алу керек. Енді қазақ арасындағы ойын ­ сауықтардың кейбір түрлеріне тоқтамақпыз. 1) Ойын­сауық алдымен елді сергітіп, көңілін көтеруге қажет. «Көтермесең көңілді кір басады» дейді қазақ әндерінің бірінде. 2) Ойын­сауық жастардың талантын саралау үшін де қажет. Кім неге ыңғайлы, кімнің қабілеті өнердің қай саласында, ойын­сауық арқылы соны байқауға болады: өлең айту арқылы кімнің әншілік қабілеті қанша дамыған, дауысы қандай т.б. 3) Ойын­сауық жастарды пайымдаушылыққа, тапқыштыққа үйретеді. Мәселен жұмбақ айту. Тіпті орта ғасырларда дүниеге келген «Кодекс Куманикус» мынадай жұмбақтар болған. Олар әлі күнге дейін айтылып келеді. Айталық: «Ертемен тұрдым» (етік); «Ертемен тұрып, екі аяқ жолға түстім» (шалбар); «Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап (ошақтағы қазан мен от); «Аяғы жоқ, қолы жоқ, киімі ­ жоқ, қарны тоқ» (Ұра) т. б. Жастар арасында кең дамыған ойындардың бірі ­ жаңылтпаш айту. Ол арқылы тіл ширатылған. «Аңға шықтым. Сөйтіп, ойды дамыту үшін жұмбақтар, тілді шынықтыру үшін жаңылтпаштар тапқан. Адамның байқау, пайымдау қабілетін дамыту үшін «ұшты ­ ұшты» сияқты ойындар болған. Мәселен «ұшты, ұшты, тырна ұшты», ­ деп хабарлайды ойын жүргізуші. Отырғандар: жүргізушінің айтқаны дұрыс болса, орындарынан ұшып тұрулары керек. Ойын тәртібі бойынша, мұнда тұрмаған кісі ұтылады. Ал егер, жүргізушінің айтқаны әлгі мысалдағыдай емес, бұрыс болса, айталық, «ұшты ­ ұшты, тырма ұшты» десе тұрған ұтылады. Өйткені тырна ұшады, ал тырма ұшпайды.

Читайте также:  Әл-Фараби іліміндегі метафизика ұғымы

Ойын тәртібі бойынша пайымдауы баяу адам ұтылады. Оған қалғандары ду күліп, айыбына өлең айтқызады. Сонымен бірге табанда кемінде бір ауыз өлең шығаруды дамыту үшін «орамал тастау» ойыны болған. Ойын, тәртібі бойынша, қолында бір ұшы түйілген орамалды қыз болса, отырған топ ішіндегі бір жігітке, ал жігіт болса, соны бір қызға тастайды. Орамал түскен адам орнынан тұрып, бір ауыз өлең айтып, орамал тастаған кісіден оның күміс теңгесін алады. Ертеде бұл ойынның реакциялық жағы болды. Ол былай болатын: орамал тастаған кісі теңгені тістеп тұрады, ал орамал түскен адам, өлеңін айтып болған соң, әлгі теңгені ауызға тигізіп, тістеп алады. Мұның денсаулыққа зиянды жақтары да болды. Сондықтан, өлеңді кейін былай айтатын: «Орамал келіп түс иығыма, көзіңнің қайдан түстім қиығына, шынымен көңіліңіз бізде болса, теңгеңді аузыңда, қолыңмен бер». Немесе: «Теңгеңді қолыңдағы аузыңмен бер» деп сүйіскендей етіп алған. Елде құрт ауруы көп болған кезде, бұл ойын арқылы оның жұқпауы кім кепіл еді? Бір кездерде қазақтарда бұрын «би» өнері болмаған деген ұғым тарағанды. Бірақ ол пікірдің теріс екендігіне археологтардың Шолақ тауда, Тамғалы тас сайындағы тасқа салып қалдырған қыз бен жігіттің биін, сондай­ақ қоршауда тұрып қол ұстасып, көп адам боп билейтін, биін бейнелеген суреттерді тапқаны айқын дәлел болады. Адам баласы тарихында қашанда еңбек пен сауық, қасірет пен қуаныш, қайғы мен ойын­күлкі қатар жүргені белгілі. Соның бір дәлелі өлең­жырмен қатар қазақтарда «Қара жорға», «Әр теке», «Қаз қатар», «Қоян, бүркіт», «Өрнек би», «Насыбайшы», «Тепең көк», «Аю би» сияқты билер болған. Қазақ билерінде олардың аты айтып тұрғандай, күнделікті өмірді бейнелеуден туындаған аңға шығу, жүн сабау, ұршық иіру, кілем тоқу, киіз басу сияқты еңбек тәсілдерін бейнелеген. Оны биден анық байқауға болады. Олар қазақ опералары мен балеттерінде қолданылады. «Би» деген сөздің этимологиясы да дене қимылымен ел басқару арасында тығыз байланыс болғанын байқатады. Мәселен, «би» деп музыка ырғағына сай дене қимылын жасаумен қатар елге шешім айтатын адамды да «би» деп атады. Өйткені, олардың негізі бір ­ искусство. Ерте замандардағы тыйымдар, айталық аңға шығу адам өміріне қауіпті болғандықтан, аңшылар дем алсын, күш жинасын деген талаптан туындаса, аңнан олжалы қайтқанда, от жағып, алау маңына жиналып өлең айтып, билейтін болған, көңіл көтерген. Тастағы суреттер содан хабар береді. Өмірдің бір тыйымы, бір еркіншілігі бар, өйткені олар аралас өмір сүрген. Жастардың бірімен­бірі кездесіп, жарасуы үшін ойынның басқа да түрлері болған. Мәселен «Алты бақан». Қыздар мен жігіттер тербетіліп ойнап, қосылып ән салған. Бұл ойынды көбінесе жаздың, күздің кешкі салқынында ойнаған. Қыздар үйде, балалар сыртта ойнайтын тағы бір ойын «Асық». Асықты тізіп қойып, қорғасын құйған сақа асықты шүйіріп лақтырып, қалған асықтарға тигізіп, қоршаулы сызықтан шығару. Бұл балалар ойынының ең ерте, ең алғаш шыққан түрі болса керек. Бірақ ойынға салынып, құмар боп кетпес үшін, қазақ одан қорғануды да жастардың құлағына құйып отырған. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, көтен жеген озар» деген соның айғағы. Қазір де біреу бильярдты ермек, машықтану үшін ойнаса, енді біреулер, ақша тігіп ойнайды. Асық ойынына да соны айту керек. Әлгі мақал осыны ойға салады. «Күзет» ­ Ауыл жігіттері мен қыздары түнде таң атқанша от жағып жылынып ойнайды. Сонымен бірге малды қыста да, күзде де күзетеді, өздері де бірімен­бірі кездесіп, мауқын басады. «Белбеу» ­ Жігіттер мен қыздар дөңгелектеніп турады. Біреу оларды айналып жүріп, қалаған біреуінің сыртына белбеу тастап кетеді. Оны қарап көруге болмайды, сезу керек. Сезбеген жігітті, не қызды белбеумен соғады, айналып орнына жеткенше.

Ойын сақтыққа үйретеді. Жастар ойынының тағы бір түрі ­ «Ақ сүйек». Қойдың жілігін тазалап, оның бір жағын тесіп, оған қырғауылдың құйрығын тығып, лақтыруға ыңғайлы етеді. Ойынды айлы түнде жазда, күзде ойнайды. Бір топ жастар жиналып тұрғанда әлгі сүйекті, оны «Құс бек» дейді, бір жігіт қалыңға қарай лақтырады. Қалған қыз­жігіттер жаппай бәрі соны іздеуге лап қояды. Оны іздеп табуға 15­20 минуттай уақыт кетеді. Ғашықтардың бірін­бірі табысуына бұл ақылмен табылған қолайлы жағдай. Ал жігіттер арасындағы ойындары ішінде жылқы малына байланысты «Бәйге», «Көкпар», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Қыз қуу» сияқты түрлері болған. Үлкен тойларда, ас беру кезінде сәйгүліктердің жасына қарай «Қунан бәйге», «Дөнен бәйге», «Бесті бәйге» деп бөліп 15, 25, 40 км жарыс ұйымдастырылған. Оған жан­ жақтан ел жиналып, сәйгүліктерін бәйгеге қосқан. Атқа отыратын, әрине, 12­13 жасар жас балалар болатын. Бәйге де, егер той үлкен болса, пәлен жүз аттан қай ат келеді, озып келген ат үстінде отырған бала руының уранын айқайлап айтқанда, аты озған ру үлкен қуанышқа бөленген. «Көкпарды» спорттық ойынның ең ауыр, күшті түрі десе де болады. Әрине, көкпарды бір үй серке сойып, жиналған атты адамдарға береді. Алғашқы бастамада ең ауыры дода басталады. Көкпарға бәрі бірдей тартысып, бір күшті, аты мықты адам алып шығып, аты жүйрік болса ала қашады. Қалғандары қуа жөнеледі. Қуып жетсе тары тартыс басталып, аяғы додаға айналады. Дода кезінде қамшы тиіп, көзі шығып, не басы жарылып, қолы сынатындар да, тіпті жазым болатындар да болған. Көкпарды алып қашқан кісі оны бір үйге әкеп салады. Көкпар түскен үй әлгі жігітке сыйлық береді. Этимологиясы: «Көкпар» ­ көк бөрі деген сөзден туындаған. Мақсат ешкіні көк бөріден тартып алу, содан «ағайын» деген сөздің «аға­іні» деген сөздерден туындағаны сияқты «көкпар» деген сөз пайда болған. Көкпар үлкен кәде. Пәленше көкпар беріпті, оны түгеншенің үйіне әкеп салыпты дегенді ел мақтап, айтып жүретін. Келесі жолғы көкпарды әлгі көкпар түскен үй беретін болған. Жамбы ату мергендікке баулыса, шауып келе жатқан ат үстінде отырып жерде жатқан орамалды іліп кету машықтыққа баулыған. Аударыспақтың да өзіндік мәні болған. Ол күш сынасуға да, ептілікке де байланысты. Ойынның қалған түрі «күрес», «жаяу бәйге», «доп ойнау», «қыз қуу» деген сияқты. Күреске әдісқой, палуан жігіт түгіл, әйел де шыққан, доп ойнау көктемде наурыз кезінде болған. Допты сиырдың асығынан жасап, жігіттер басы имен таяқпен ұрып ойнаған. «Қыз қуу» ойынында шабандоз қыз жүйрік атпен жігітті қамшымен тартып жіберіп шаба жөнеледі. Жігіт атпен оны қуып жетіп, бетінен сүю керек. Оған жете алмаған жігітті ел күлкіге айналдырған. Бұл ойындар біріншіден, халықты бірлікке, жарысқа шақырып, машықтыққа, ерлікке баулыған. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақал ауылдас адамдардың бір­біріне жақын болатындығын көрсетеді. Екіншіден, ол ойындар дене мен бойды шынықтырып, шыңдап, жалпы елге қозғау салған, рухын көтерген. Қазақ халқының рухани өмірі аса бай, әсіресе ауыз әдебиеті кең тараған. Табанда жанынан бір­екі шумақ өлең шығара алмайтын қазақ кемде­кем десе болады. Көшпелі халықтардың ондай ерекшелік қабілеттерін кезінде Шоқан Уәлиханов та айтқан. Қазақ кез келген құбылысты өлеңге айналдыра білген. Бірінші кісі өлең ұйқасын бастаса, екінші кісі оның жалғасын табанда тауып іліп әкететін болған, немесе табанда бірінші кісіге жауап қайтарған. Сондықтан да болса керек, қазақта суырып салма, айтыс, шешендік сөз кең тараған. Айтыс өнері ғажап нәрсе. Табанда өлеңмен айтылған сынға өлеңмен жауап қайтару, мүмкін болса, одан асып түсу қажет. Бұл компьютер машинасына да келешекте мүмкін бола ма, жоқ болмай ма, әйтеуір әзірше, қол жетпейтін бізге ғана тән ерекше құбылыс. Сонда адам миы ­ компьютерден асып түскені. Қазақ арасында құрдас адамдардың ойыны, бірін­бірі кекетіп сынауы, әзіл­күлкі түрінде кемістіктерін бетіне басу, оны елдің көзінше айтып жариялау, бұл өркениеттіліктің үлкен бір көрінісі десек те болады. Керек десеңіз Бұхар жырау Абылайханның да кемістіктерін бетіне басып, халыққа жария еткен. Бұл өзара сынның ең күшті көрінісі еді. Сол сын арқылы халық өз кемістіктерін көріп, жөндеуге тырысты. Абайдың қара сөздерінде де қазақ халқының кейбір кемістіктері баса айтылады. Алтайдан Атырауға дейінгі мыңдаған шақырым алқапты қамтып жатқан көшпелі тілінде диалекті болмаған дедік. Олардың әдет­ғұрпы, салт­санасы, қисса ­ ертегілері бірдей болған. Елдің бір шетіне жау тисе, жан­жақтан жиылып, бірге қорғаған, бас қосып жиын, той өткізген, ас берген.

Читайте также:  ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 20 ЖЫЛЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ

Қазақ жұрты бір­бірімен тез әрі тығыз байланыс орнатып отырды. Мәселен, арасы алты айлық жердегінің бір өңірге болған оқиға жөнінде шыққан хабар кешікпей екінші шетіне жетіп отырған. «Ұзын­құлақ» деген сөз де содан қалған. Кейін ғылыми техникалық прогресс кезінде осындай тәсілмен жеткен хабарды «шуда жіп телефон» деп күлетін болдық. Қазақ халқында әр түрлі әдеттер, нышандар мен кәделер болған және олар ел ішінде бұлжытпай орындалған. Қазір солардың бір түрі сұраулар жөнінде әңгіме қозғамақпыз: 1) Базардан қайтқандардан, алыс жолдан оралған адамдардан ауылдастары, жақындары, әсіресе келін­кепшіктері мен бала­шағалары базарлық сұраған. Оның мәнісі, мағынасы жайлы ілгергі тарауда айттық. 2) Сарқыт сұрау ­ үйге келген қонақ сыйлы, беделді, елге аты шыққан жақсылардан болса ілгеріде айтқандай «Жақсыдан шарапат» дегендей, ырым етіп, сарқыт сұраған. Сарқытты әдетте келіндер тіліп, сәлем беріп алады. Төрде отырған кісі бұл сәлемді қабылдап: «Көп жаса!», «Бақытты бол!» немесе «Ұл тап!» деп ризалығын білдіріп, тілек айтқан. 3) Бұйымтай сұрау. Қазақ үйіне келген қонақтан «Неге келдің?», «Қанша боласың?» деп сұрамаған. Қонақ қанша жатамын десе өзі біледі. Ал сол қонақ кетуге жиналып, атқа мінер алдында үй иесі не үйдегі әйелі «Не бұйымтайың бар?» деп сұраған. Қонақ сұрауын үй иесі мүмкіндігінше орындауға тырысқан. Міне, осында қаншама шыдамдылық, сабырлылық жатыр! Бұл да базарлық сұрау сияқты тек көшпелі тән көрініс. 4) Сүйінші сұрау. Жақсы хабар жеткізіп, тыңдаушысын қуантқан адам сүйінші сұраған. Жақсы хабардан соң әліне, мүмкіндігіне қарай үй иесі хабар жеткізген адамның сүйіншісін берген. 5) Бастаңғы жасау. Тойға кеткен ата­ аналарынан соң үйде қалған жастар бастаңғы жасаған. Оның мәнісі, мақсаты жөнінде біз жоғарыда айттық. 6) Көңіл сұрау. Бір кісі ауырып, төсек тартып қалса, оның жақын достары, туыстары келіп, көңілін сұраған, әңгімелер айтып, аурудың көңіл­күйін аулап, сергіткен. Ал ауыр қайғыға душар болған кісіге көңіл айтып, түрлі нақыл сөздермен оны жұбатқан. 7) Ақыл ­ сұрау. Басқа іс түскенде, шым­шытырық даулы әңгіме көтерілгенде ауыл ақсақалдарынан, байсалды кісілерден не істеу керек, мына мәселелерді қалай шешуге болады деп ақыл сұраған. Мұндай жағдайда ақыл беруші өзінің білгенін, көргенін айтып кеңес берген. 8) Жөн сұрау. Ақыл сұраудың бұл түрі ­ жолаушыдан баратын жөнін сұраған. Бір жерге барғанда, жөнсіздік көрсетпеу (айталық құдалыққа барғанда), кәдені бұзбау үшін қалай еткен дұрыс болады, қайткенде күлкіге қалмаймын, ісім он болады деп жөн сұраған. 9) Бата сұрау. Бұл әлгі екеуіне жақын. Алыс жолға шыққанда, айталық ертеде Меккеге «қажылыққа» сапар шеккенде (ол кез¬де жол ауыр, кейде барғандар қайтып орала алмайтын жағдайлар да болған), не жас жігіт ел қорғауға аттанарда ауыл ақсақалына келіп, оның батасын алған. 10) Бата беру ­ тілек тілеу. Әлі күнге дейін дастарханға, не мал союға бата сұрайды. Осы әдеттер қазақты бауырмал еткен, бірін­біріне жақын тартқызған. Сондықтан да индивидуализм, қатыгез, менмендік қазақта өте сирек кездескен. 11) Сыр сұрау. Жақын құрбы ­ достар, немесе бой жеткен қыз, жаңа түскен келін өзінің жақсы жеңгесінен сыр сұраған. Кейде сыр сұрау үлкен адамдар арасында да болған. Сыр сұрау бірін­бірі түсініскен, әңгімелері жарасқан адамдар арасында болатын жақсы дәстүр. 12) Рұқсат сұрау. Баласы не қызы әке­шешесінен сүйгеніне күйеуге шығуға, не қалыңдығын көрсетуге рұқсат сұраған. Кейде басқа да іс ­пен айналыспас бұрын ата­анасынан рұқсат сұраған. Бұл өте әдемі, әрі әдепті тәртіп. Мәселен «Қыз Жібек» жырында Төлеген алыстағы Жайық жеріндегі Қыз Жібекке аттанар алдында әкесі Базарбайдан рұқсат сұрайды. Бірақ, әкесі оған келісім бермейді. Төлеген дегенмен қалыңдығына аттанар болғанда, Базарбай оған теріс батасын береді. Оның жырдағы қайғылы нәтижесі белгілі. 13) Ашуын сұрау. Бір кісі басқа біреуге қатты ренжіп,одан кегін алмақ оймен белін бекем байлағанда, істің ақырын күтпей, сойқанның алдын алып, жақындары, достары одан ашуын беруді сұрайды. «Бір ашуыңды маған бер» дейді.

Ашу сұрау қазақ арасында кең тараған гуманистік кәде. Мұндай жағдайда кек аламын деген кісі райынан қайтып, ақылға тоқтаған. 14) Кешірім сұрау. Қандайда бір қылмыс болмасын қылмыскер, немесе өзін айыптымын деп есептейтін адам екінші жақтан, не көптен немесе жиналған халықтан, әдетте Ел басынан кешірім сұраған. Жақында Индонезияда 32 жыл президент болған халық көтеріліп, үкіметтен құлатқанда ол халықтан кешірім сұрады. Ұят іс үшін кешірімді халықтан Билл Клинтон да өтінді. Кешірім сұрау барлық халықта қашаннан бар тәртіп. Мұсылман елдерінде кешірім сұрау ертеден келе жатқан қайырымды әдет. 15) Сауға сұрау. Ертеде екі жақ боп бір­біріне қарсы соғысқа шыққанда, алдымен өздерінің батырларын жекпе­жекке шығарған. Бұлар гладиаторлар сияқты жанталасып соғысқан. Соғыс тәртібі бойынша жеңген батыр жеңілгеннің басын кесіп алған. Кейде соғыс осымен аяқталған, ал кейде бұл қырғынның бастамасы ғана болған. Әлгі жекпе­жекте жеңілген батыр сауға сұраған, яғни өлтірмеуін өтінген. Екі жақ бір­ біріне қатар тізіп, қарсы тұрғанда, бір жағының алдымен ат ойнатып шыққан батыры: «Жекпе жек! Жекпе жек!» ­ деп айқайлайтын болған. Екінші жақтан ешкім шықпаса, ол да жеңіліс деп есептелген. 16) Тәбәрік сұрау. Бұл діни ырымға жатады. Бір кісі әулиелі жерге барып қайтса, не басқа бір қасиетті орыннан келсе, одан тілектестері тәбәрік сұраған. Тәбәрік базарлықтың бір түрі, діни мәнісі бар ырым. 17) Сыбаға дәмету. Оны айттық. Қонаққа шақырылған кісі себеппен келе алмай қалса, сыбаға дәметкен. «Тойдан сарқыт, соғымнан сыбаға» дейді халық. Соғым қараша аяғы мен желтоқсанның басында болады. Соғымда ауыл жиналып сойылған малдың етінен ауыз тиеді. Келе алмаған кісіге оның сыбағасын қалдырады. 18) Жылу сұрау. Кейбір үйлер түрлі себептен күйзеліске ұшыраса, айталық қысты күнгі «жұттан» кейде малы қырылып, таяқ ұстап қалса, не басқа апатқа ұшыраса, ел болып, мал, дүниесін жинап беріп, оларды қатарға қосқан. Осы айтылғандар сияқты қазақта басқа да жақсы гуманистік әдеттер болған. Мұндай әдепті әдеттер адамдарды бір­біріне жақындатқан, қауымдас еткен. Сондықтан да 1919 жылы И.В. Сталиннің қабылдауында болған А. Байтұрсыновтың қазақ арасында тап күресі жоқ, қазақтар бір­біріне жәрдемдеседі. Өйткені, олар сол коммунизм негізінде өмір сүреді дегенде осыны еске алған болатын­ ды. Бұдан келіп, қазақтарда да бай, кедей таптары болғандығын А. Байтұрсынов байқамаған деген ұғым тумаса керек. Олар болған, бірақ қазақтар туыстасып, қауымдасып өмір сүрген. Дәл осыған ұқсас өндірістік қауымдастық, жоғарыда айтылғандай, қазір жапондар елінде бар. Одан ешкім ұтылмайды. Қайта бірлесіп, ынтымақтасып, күш біріктіріп еңбек етеді, экономикасын дамытады. Қазақ арасындағы қауымдастықтың тағы бір көрінісі ­ ол, сонау 1928 жылы ірі байлардың малын тәркілегеннен кейін, ауыл болып ол байларға тағы мал жиып бергенді байқаған большевиктер бұл әдетке қарсы шығып, ол үшін де байларды кінәлап айыптаған. Біздің егемендігін қолына алған елімізде көп ұлт уәкілдері тұрғанмен Елбасымыз негізгі халық қазақтардың қауымдастық дәстүрін негізге алып, елді бірлікке, ұйымшылдыққа шақырған үндеуі бір ауыздан қолдау табуда. Бұл айтылғандар қазақ халқының рухы таза, қауымшыл, жеке меншіктен туындаған әділетсіздіктің зардабын көп көрмегендігін байқатады.

Оставить комментарий