ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ СТУДЕНТ-ЖАСТАР ӨМІРІ

Опубликовано Июль 22, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

«Қызығы да», «шыжығы да» қатар жүретін адам өмірінің ең бір қайталанбас, әсем шағы- ол, әрине, студенттік кезең. Балалық еркелікті, мектеп қабырғасындағы аттай он бір жылды да артқа тастап, жаңа кезеңге, студенттік өмірге қадам басу қиын да, қызықты. Ата-анадан жырақта, жатақханада жаңа достармен, жаңа ортада өтетін студенттік өмірдің төрт жылы әр адамның есінде ерекше қалатын жылдар деп есептеймін. Осы бір қайталанбас шақты әркім өзінше жырлайды, өзінше толғайды. Атақты жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Мен қазіргі қазақ жастарының өмірін жырлаған жазушылардан екі адамды ерекше бағалаймын. Олар — Саттар Ерубаев пен Мұқан Иманжанов…» — дейді [3,417].Қазақ прозасындағы студент-жастар өмірі бұрын да, қазір де аз көтеріліп жүрген тақырып емес. Бұл мақалада Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» және Сафуан Шаймерденовтың «Болашаққа жол» («Инеш») романдарының желісі негізінде қазақ прозасында қаламгерлердің студент-жастар өмірін суреттеуін, олардың көзқарасындағы студенттік шақ пен қазіргі студенттік өмірді қарастырамын. Студент-жастардың әрекеті, студенттік жылдардың қызықтары мен қиыншылықтары, адал махаббат, шынайы достық секілді тақырыптар төңірегінде өрбімек. Алдымен көркем сөздің жұлдызы атанған Сафуан Шаймерденов шығармашылығына, «Болашаққа жол» романына талдау жасасақ. Қазақ әдебиетінде біртуар тұлға атанып, өзіндік орнын қалыптастырған жазушы Сафуан Шаймерденовтың бір ерекшелігі- әрдайым өмір, достық, махаббат тақырыптарына қалам тербегендігі. «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» секілді туындыларды дүниеге әкелген. Мақалада нысанаға алып отырғанымыз «Болашаққа жол» романы болғандықтан, бірден осы роман жайына көшейік. Соғыстан кейінгі кезеңде жарық көрген бұл туынды соғыс туралы әңгіме мен повесттерден шаршап, бейбіт өмірді аңсаған халықтың жүрегіне жол тапқан шығарма болды. Жазушы қарапайым адамдар, яғни студент-жастар, олардың ата-анасы, достары арқылы адамның сезімін дәріптейді. Басқа шығармаларындағыдай, бұл романда да өмір, достық, махаббат тақырыбы романға ең негізгі арқау болды. Жоғарыда айтқанымыздай, студенттік жылдар- әр адамның есінде қалатын ерекше жылдар. Жазушы Сафуан Шаймерденов те студенттік жылдарын қимай, қайталанбас кезеңнің ерекше естеліктерін құнды шығармаға айналдырды. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді». Расымен де, оқырман жылы қабылдаған роман әдебиетімізде биік те берік орынды иеленді. «Болашаққа жол» қазақ прозасындағы жаңа серпін болды. Олай дейтініміз, «ішіне кірсе, шыққысыз салынған үйдей» көркем, айтары көп, тәрбие-тағылымы мол дүние бұл туынды. Әдебиетіміздің жан-жақты толыққанды көркемдік сапаға көтерілуіне жол ашты. «Болашаққа жол» автордың небәрі отыз бір жасында, 1953 жылы баспадан шыққан. Студент- жастар өмірінен сыр шертетін туындының мәнін ашып, талдау жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Шериаздан Елеукенов былай жазады: «Роман сюжеті мичуриншілер мен антимичуриншілер (генетиктер) арасындағы ғылыми тартысқа құрылған. Біріншілері жеңіп, жағымды, екіншілері жеңіліп, жағымсыз көрінеді. Міне, осындай жасандылығына қарамастан, шығарманың жастарға берері әлі де мол. Образдық жүйесінің тоқылуы, әсіресе шыншылдығы баурайды. Сафуан кейіпкерлерін мінездеуде бірыңғай ақ, қара бояулардан бойын аулақ салған. Мұның бас кейіпкер Инешке де тікелей қатысы бар. Инеш-күрделі характер. Зада деген студентка қыз орысшалап, оны «мещанка» дейді. Инеш қоғамдық жұмысқа салғырт. Оның үстіне «биологиядағы космополит» Белгіғұловты жақтайды. Қай сөзін 73 де содан бастайды. Оның ақылымен Мичуринди жоққа шығаруға әрекеттенеді. Ал қусирақтау Белгіғұлов зайыбының көзіне шөп салып, Инештің намысын аяққа таптап, Мәскеу жаққа докторлық қорғауға рұқсат алып, зытып береді. Инеш қай жағынан да опық жейді. Университет бітіргендерді жұмысқа орналастыратын комиссияға, оның ішінде министрдің орынбасарына дейін жеккөрінішті көрініп, аурулы-сырқаулы шешесін күтуге мұрсат ала алмай әрі сүйгені Мәуленнен «қош бол» деген сөз де естімей, алыстағы ауылға мұғалімдікке аттанады…» Міне, романның жалпы желісі, мазмұны осындай. Көкірегі ояу әр жанға ой салатын кесек туынды. Оқиғалармен таныса отырып, ол жерде өзің жүргендей әсерде қалдырады. Инештің кей мінездері «қарын аштырады», өзіне де сол керек деп ойлайсың. Дегенмен, оқиғалар әрбір студент басынан өткізетін оқиғалар болғандықтан ба, әлде жазушының ойды жеткізудегі шеберлігі ме, роман соңына қарай онымен біте қайнасып кеткендей боласың. Роман биология факультеттері студенттерінің өмірі жайлы, көбіне ғылым жағын, биология саласының терминдерін қамтығандықтан, қызықсыз да сияқты (себебі, биологияға қызықпайтын оқырмандар да бар ғой). Дегенмен, астарына мән беріп, тереңіне үңілсең, айтары көп туынды. Бір ғана Инештің жағдайы: оның қиын мінезі, ұстазымен жақын қарым- қатынасы романның біршама ауыр жүгін арқалап тұрғандай. Әрине, студент болғасын, жатақханада тұрғасын, адам көп ортада түрлі мінез де бар. Біреуге жағасың, біреуге жақпайсың. Шындықты тура айтып қақ жаратын, ойымдағыны айтамын деп опық жейтін кездер де болады. Сондықтан Инештің осы тік мінездерін көрсете отырып, көпшіл, бауырмал, кеңпейіл болуды үлгі етеді. Инеш өзімен-өзі жүретін, қоғамдық жұмыстарға салғырт студент, ал Гүлшат- белсенді, қай ортада, қандай жағдайда болмасын жігіттердің өзін қақ жарып, топ бастайтын қыз. Алдамшы, қыз намысын қорлап, «қолымен істегенді мойнымен көтеруге де жарамай», зым-зия жоғалған Белгіғұлов ұстаз бен ұстазын жақтап, соның сөзін сөйлеп, ақыр соңында өшпес өкінішке жолыққан Инеш қыз тағдыры, кешегі майдангер, болашақ философ Мәулен арасында өрбіген оқиғалар- тек романда ғана емес, өмірде де кездесетін жағдайлар. Осы тақырыптарды шығарманың темірқазығы етіп алған жазушы шеберлігін оның жаңашылдығы деп түсінеміз. Жарыққа шығысымен-ақ оқырман ықыласына бөленіп үлгерген «Болашаққа жол» романы студент-жастар өмірін суреттеп қана қоймай, тәрбиелік-тағылымдық мәнге ие екендігімен де ерекшеленеді. Роман, аты айтып тұрғандай, әр жас өскінге «болашаққа жол» көрсетер ақылшы деп есептеймін. Бір «әттеген-айы»- романды орысшаға аударғанда, «Инеш» деп аталып, сол күйі қалуы. Әрине, сырты өзгергенмен, ішкі дүниесі сақталды дегенімізбен де, бұл романның айтар ойы, бар сипаты «Болашаққа жол» деген тақырыбына сыйып тұрғандай. Сондықтан төл дүниеміздің «тереңі, тұңғиығы, айтары» оқырман қолға ұстаған сәтте сыртынан-ақ көрініп тұруы тиіс деп ойлаймын. Жұртшылық алғашқы сәттен-ақ жақсы қабылдаған роман алдымен орыс тіліне, кейін өзбек, тәжік, башқұрт, татар, якут, неміс, венгр, т.б. тілдеріне аударылды. «Болашаққа жол»- өлмейтін, өміршең шығарма екендігі осыдан-ақ көрінетіні даусыз. «Болашаққа жол» студент-жастар өмірін көбіне ғылыммен, ұстаздармен байланыстыра суреттесе, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы студент-жастар өмірін достық, махаббат тақырыптарымен түйіндестіре суреттейді. «Болашаққа жол»- расымен де болашаққа беттеп бара жатқан студенттер бейнесі. Үнемі ізденісте, саяхатта жүретін кейіпкерлер болашаққа жол салып бара жатқан жандарды елестетеді. Ал «Махаббат, қызық мол жылдар» студент-жастар өмірін өзінше суреттей отырып, ондағы әр кейіпкер арқылы өмір шындығын жазады. Адал достық, шынайы махаббат секілді сүйіспеншілік сезімдердің студент- жастар арасындағы көрінісін дәл, нақты көрсетеді. Соғыстан келген солдат Ерболдың, Меңтайдың, олардың айналасындағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы шығармада қатыгез, арам ойлы адамдарды кездестіріп, одан бөлек сүйгеніне адалдық, берген сертте тұру секілді сезімдерге куәболасың. Жазушы шеберлігі сол- студенттер өмірін суреттеуде ұтымды тәсіл қолдана білген. Яғни, Ербол мен Меңтайдың махаббаты, оларға кездескен қиыншылықтар мен аз болса да, сүйгеніңмен бірге кешкен бақытты да бал ғұмырды шығармасына тиек етеді. Жастарға, әрине, махаббат тақырыбы жақын екені айдан анық. 74 Роман оқыған адамды еріксіз баурап, кейіпкерлердің жағымды әрекетіне қуанып, жағымсыз әрекетіне күйініп, оқиғаға бел шешіп кірісіп кететіні рас. Шығарма тілі аса көркем болмаса да, қарапайым, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей» жазылған. Роман көптеген тақырыптарды қамтиды. Мәселен, ескі салтты да («ағасының аманатын» арқалап, тұрмысқа шықпақ болған Меңтай), адал достықты да, шынайы махаббатты да, оқуға ынтық жастардың бейнесі, жатақханадағы өмір, т.б. Әр кейіпкерден табылатын мінез-құлық та бар. Романды оқи отырып, ондағы әр кейіпкердің бойындағы қасиетті өзіңнен де, жаныңдағы жолдастарыңнан да іздейсің, салыстырасың. Мақаланың негізгі айтпағы студент-жастар өмірі болғандықтан, «Махаббат, қызық мол жылдардың» негізгі өзегіне айналған көптеген жағдаяттарды атап көрсеткен жөн шығар. Романда, жоғарыда айтып өткеніміздей, негізгі оқиғалар махаббат мәселесі төңірегінде өрбиді. Бір-бірін сүйген Ербол мен Меңтайдың махаббатына, сүйгені үшін ештеңеге де қарамайтын Ерболдың ерлігіне, Меңтайдың кіршіксіз адалдығына сүйсінесің. «Жазушы» баспасынан жарық көрген Әзілхан Нұршайықовтың «Төрт томдық шығармалар жинағында» романды жазушылар толықтай талдайды. Романның жазылуы, кейіпкерлер бейнесі, олардың прототиптері, романға арқау болған оқиғаларға шолу жасалған. Шығармада, әсіресе, бізге таныс оқиғалар өте көп. Топырлаған қыздардың арасында бір-екі жігіт қана оқуы (әсіресе филологияда оқитындар), жатақханадағы өмір, студенттік өмірге қоса отбасылық өмірдің де жүгін арқалап жүргендер, бәрі-бәрі- бізге жат емес, таныс жағдайлар. «Махаббат, қызық мол жылдар» бізге не берді десек, бұл шығарма, ең бастысы, шынайылығымен ерекшеленеді. Сезімнің шынайылығы, Ерболдың әрекеттерінен көрінетін анаға, Отанға деген махаббаттың, студент-жастар арасындағы бауырмалдықтың шынайылығы осындай таза, кіршіксіз дүниенің жарыққа шығуына әсер етті деп ойлаймын. «Болашаққа жол» да, «Махаббат, қызық мол жылдар» да студент-жастар өмірін негізге ала отырып, сол арқылы әр адамға тән қасиетті, одан тереңірек бір елдің ұлттық болмысын көрсететін шығармалар. Студент қауымының бәрі тегіс ғылым жолына кетпейтіні анық, бәрі тегіс қоғамдық жұмысқа араласпайтыны да белгілі. Екі шығарма екі түрлі топ студенттерінің өмірін суреттеген. «Болашаққа жол» ғылымға құмар, жаңалық ашуға етене жақын жастарды бейнелесе, «Махаббат, қызық мол жылдар» қоғамдық жұмыстардың белсенділері, шығармашылыққа жаны жақын студенттердің өмірін суреттеген туынды деп есептеймін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қоғамның жалынды да, белсенді мүшелері студент-жастар, осы жастардың ықыласына бөленген бұл екі шығарма да өлмейтін, өміршең туындылар екені ақиқат.

Оставить комментарий

Загрузка...