Қазақ ССР жоғарғы советі

Қазақ қашаннан ат қоюға шебер болған ғой. Сондайда ол жазушы Әбіш Кекілбаевша айтсақ қызына қоймаған жақсы есімді жеріне еншілеген. Және бір таңқаларлығы әрі қысқа, әрі нұсқа атауда сол жердің бүтін болмысы, кескін­келбеті дәл көрініс тапқан да қойған. Міне, соның бір мысалы Үстірт Атырау мен Аралдың арасындағы айлапат аймақ. Қысы суық, жазы аңызақ аптаптан көп арылып жатпайтын шөлейт айтса айтқандай бір қарағанда жайдақ, үстірт өңір. Ғасырлар тереңінен бізге там­тұмдап жеткен жазба деректерге, ауызша деректерге көз салсақ, қазақтар бұл жерге шамамен 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығы тұсында дендеп келіп қоныстана бастаған сияқты. Сол оқиғалар әсіресе маңғыстаулық сөз өнерінің көрнекті тұлғаларының бірі Аралбай Оңғарбекұлының 1910 жылы шығарған «Жұт ит» жырында былай деп тұжырымды түрде баяндалады: Алатаудың белінен Алғидың ала шөлінен Бұл жерге Адай келгелі Екі жүз екі жыл өткен. Мұндағы Алатау қазіргі Атырау, Ақтөбе облыстарымен шектесіп жатқан Доңызтау, Шошқакөл сияқты аласа тау сілемдері. Жергілікті ел оларды бір сөзбен осылай атаған. Ал «Алғидың ала шөлі» Аралдан Ақтөбеге қараған аймақ. Аралбайдың қыс қыстауы Айрақты аралы, жаз жайлауы Жем сағасы бір сөзбен айтқанда Солтүстік Үстірт өңірі болғандығын, ақыреттік мекені ата қойымдығы Қарашүңгіл зираты екендігін ескерсек ақынның аталған жырында тарихи ақиқаттан онша аулақ кетпегенін байқаймыз. Атақты Мұрын жырау жырлап жеткізген «Қырымның қырық батыры» атты эпостар желісінде де осы аймақтың өткеніне қатысты тамаша бір деректер шаң береді. — Осы мекенде отырған бейбіт ноғай елін ындыс қалмақтары келіп шапты, — дейді ол, — ел ағалары қырық би дұшпанмен ноғай елінің мүддесіне нұқсан келетін бітімге көніп екіжүзділік танытады. Оған тұлпардың тұяғы жас батыр Манашы қарсы шығып, елін азаттық ұрысына бастап ту көтереді. Манашының шешесі Күйкен күні кешегі күйеуінің төс қағысқан досы болып жүрген қырық бидің опасыздығына жаны күйіп биік тау шыңынан құлап өледі. Қазір Бейнеу поселкесінің Оңтүстік Батыс бетінде Күйкен шыңы мұнартып көрініп тұр. Үстіндегі мола Күйкен ананыкі, шыңның солай аталуы осы оқиғадан соң дейді ел аузы. Соның құбыла бетіндегі бұрынғы өзеннің орны — ащыағар Манашы делінеді. Ноғайлар бұл өңірден шамамен XIV—XV ғасырларда өкше көтерген. Бірсыпырасы қазақ руларының құрамына енген де, негізгі бөлігі Еділ өтіп Қап тауына асқан. Қазір ондағы ноғайлардың көбі өзін Жем бойлық, яғни Жем бойынан кеткен ноғаймыз дейді. «Қырымның қырық батыры» жыры оларда да айтылады. Қазақтың ауыз әдебиетіндегі белгілі батыр Естерек ұлы Ер Шобан осы Манашы батырдың бір ұрпағы еді делінеді. Естеректің тағы бір ұрпағы кейіннен орыс патшасының ордасына аманатқа кетіп, православие дінін қабылдаған. Орыс тарихындағы белгілі есім Естереков князьдар осы фамилиядан өрбиді. Демек, олардың атамекені кезінде Маңғыстау, оның ішінде Бейнеу болыпты. Осындай қилы­қилы қызыққа толы баба тарихтың тағы бір қатпарына үңіліп көрсек, бүгінгі Бейнеу өңірі бір замандардағы континент аралық желі Жібек жолының бір тармағының бойында жатыпты. Қазіргі Белеулі жолдың бойындағы керуендердің тынығып, көлігінің белін суытып өтетін бір бекеті, жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қамал. Ибн Фадлан, Ибн Батута сияқты көне дүниенің тарихшылары бұл түбек жайлы жазбаларын осы жол бойымен жүріп өткен кезінде қағазға түсірген. XIX ғасыр дүниеге капиталистік жаңа қарым­қатынастарды ғана әкеліп қойған жоқ. Сонымен бірге ол халықтардың томаға тұйықтық пен оқшаулық шеңберін ыдыратып көршілес елдердің бірін­бірі танып білуінде де жаңа бетбұрыс жасады. Бұл бетбұрыс әсіресе осының алдында ғана орысқа бодан болған қазақ халқының тарихы үшін де елеулі кезең болып қалыптасты. Қазақ «бір жаманның жақсысы болады» дегенде қалт айтпаған. Отарлық езгі қанша жеккөрінішті дегенмен оның белгілі бір дәрежеде жақсылығының да болғанын жоққа шығармасақ керек. 1717 жылы осы өңірмен өткен Черкасский экспедициясы, 1753 жылғы көпес Д.Рукавкин, 1793 жылғы Бланкеннагель, 1754 жылғы ағылшын көпестері Томпсон мен Гогг осы бір оқшау аймақ туралы ең алғашқы ғылыми зерттеудің әліппесін жасақтап еді. Енді осындай бір зерттеуге толығырақ үңіліп көрелік. Оның авторы поляк суретшісі Бронислав Залесский (1820—1880). Польшадағы отаршылдық езгіге қарсы көтеріліске қатысқандығы үшін айдалып келіп Орынбор корпусында қатардағы солдат болған. Сонда Т.Г.Шевченкомен достасқан. 1865 жылы айдаудан Парижге қайтадан оралған соң қазақтардың тұрмыс­тіршілігін, салтын, табиғатын бейнелейтін суретпен безендірілген француз тілінде «Қазақ сахарасына сапар» атты тамаша альбом кітап шығарды. Онда біз баяндап отырған Бейнеу өңірі туралы да шынайы көркем жолдар бар. 1991 жылы өнер баспасынан қазақ, орыс тілдерінде шыққан сол кітаптан бір үзінді мынау. Оқырмандарды бей­жай қалдырмас деген сеніммен соны мүмкіндігінше толық келтіруге тырыстық. ҮСТІРТ Даланың ең бір сүреңсіз де сұрықсыз тұсы — Үстірт. Бір кездері үстінде толқып жатқан теңіз бекер­ақ шегінген, себебі адам үшін бұл жер кәдеге аспайды. Жаратылысы әлі толық аяқталып болмағандай көрініп, жаныңды жабырқатар осынау көріністі көрген кез келген тіршілік иесі бұл маңнан безініп кетердей. Арал мен Каспий теңіздерін бөліп, төрт жүз шақырымдай кең жазираны алып жатқан бұл жер табиғаттың елсіз бір түкпірі іспетті. Ерте дәуірдегі білімдарлардың жазбаларына қарағанда, бұл жер теңіз табаны болған. Каспий теңізінің деңгейінен Арал теңізінің 110 футтай жоғарыда жатуы тиянақты түрде зерттеуге себепші болған ғажайып құбылыс. Қос теңіз әлдебір табиғат салдарынан бөлініп кеткен о бастағы бір теңіз емес пе екен? Бұл жердің геологиялық тарихы туралы әртүрлі теориялар ұсынылып жүр, бірақ екеуінің о бастағы тұтастығы туралы пікірге осында келіп, көзімен көрген адам еш күмәнданбайды. Бұл теңіз табаны, содан да Үстірт өзінің ерекше қасиеттерін күні бүгінге дейін сақтап келген. Үстірт дегеніңіз күн күйдіре бергеннен жарылып­ жарылып кеткен, анда­санда ғана қылтиып көрінген жусаннан басқа өсімдік атаулы өспейтін ақшылтым, одан гөрі сарғыштау деуге келіңкірейтін керішті жазира. Суы жоқ, бұл даланы жергілікті халықтың Үстірт дейтін себебі ол бір жазықтықтың үстіне орналасқан екінші жазықтық сияқты көрінеді. Екеуінің ұқсастығы соншалық, оларды Арал теңізінің жағынан Каспийге дейін көлденең тартылған қос түзу сызық арқылы бейнелеуге болады. Жоғарғы Үстірттің өзі дала — толқыны шайып тұратын шығанаққа ұқсас қос жарты шеңбер сияқты, оған қоса шеңбердің тұмсығы мүйіс сияқты дала төсінің біраз жеріне дейін сұғынып кіріп жатыр. Осынау мүйістер бір­бірінен айырғысыз, сонша ұқсас, екеуі гипс қосындысымен араласып, керіш болып қатып қалған. Ақ сары топырақ бетінде шашылған ұсақ тастан басқа қылайған ештеңе жоқ. Олардың әрқайсысының Ақжұрткөл, Қосақжұрткөл деген атаулары бар». Аталған кітаптың 94­бетінде Залесскийдің «Үстірт» дейтін суреті берілген. Автор оған «суреттің алдыңғы жағынан Аралбай шығанағын көруге болады, бәлкім бұл маңда су бертінге дейін болып, шығанақ атауы содан сақталып қалуы» деген түсінік береді. Осы кітаптың 86­ бетінде «Айрақты тауы» деген де сурет бар. Ескерте кету керек, өлке зерттеушілеріміз соңғы кезге дейін бұл атауды тек Шетпе поселкесіне жақын жердегі оқшау тауға ғана теңеп келді. Шынында да Маңғыстауда Айрақты екеу. Соның бірі Бейнеу ауданының территориясында — қазіргі Төлеп теміржол станциясының тұсындағы Айрақты. Қазіргі карталарда ол Жаманайрақты деп көрсетіліп жүр. Бұл Айрақты 1930 жылдарға дейін ежелден ел қонысы болып келген жер. Тұрғындары балықшылықпен, егіншілікпен, аңшылықпен айналысқан. Соның ізі осы кезге дейін сақталған. Бөлебай қажы (1918 жылы өлген), Дүзкен қажылардың мешіттері, тұрғын үйлердің қирандылары, кеме жабдықтары, пристань ізі көрініп жатыр. Б.Залесский осы Айрақтыда болып, соның суретін салған сияқты. Оны анықтау жергілікті өлкетанушылардың міндеті. Жалпы біздегі бір кемшілік, қолда бар аз бейне, кескін деректерді қай жерден салынғандығын айқындап, қазіргі көрінісімен салыстыра отырып зерттеу жағы жоқ. Соның салдарынан көп деректер бірсыпыра әдебиеттерде қате және өзге авторларға телініп беріліп жүр. Келешекте одан арылуымыз керек. Б.Залесский жазғанына қарағанда Үстіртке шілде айларында келген сияқты. Бұл өңірдің жәндіктерінің күндіз көрінбей, ең азы тасбақа екеш тасбақаның да жер бетінен жоғалып кететін кезі. Ал шөптің көбі қурап қалады. Сондықтан оның жолжазбасында түбектің флорасы мен фаунасы туралы ете аз жазылған. Тек күн ысығанда шытынап жарылған топырақ арасына кіріп кететін кесіртке мен итсигек туралы ғана айтылып өтеді. Оның олқысын кезінде «Солтүстік Үстірттің Жемге дейінгі аралығының топографиялық сипаттамасы» деген тамаша еңбек жазған зерттеуші. Бас штабтың офицері А.С.Алексеев толтырған. Мұнда 130­ға жуық бұталар мен шөптесін өсімдіктер өседі дейді ол. Олардың кейбіріне қысқаша анықтама береді. Әсіресе Б.Залесский айтқан итсигек бұтасына айрықша тоқталып, оны жергілікті халықтың малдың аусыл ауруларын емдеп жазуға көннен тігілген қауғаның төзімділігін шыңдайтын сілті дайындауға пайдаланатынын, өртелген күліне ит майын қосып сабын қайнататынын суреттейді. Енді бүгінгі ұрпаққа жұмбақ болуы себепті әрі ғасырлар бойы көшпелі елдің шаруашылық мұқтажын өтеуге пайдаланылып келген итсигекті қалай әжетке жарату жолдарына тоқтала кетелік. Үстірт шөл дала болуы себепті онда ең бірінші бағалы байлық шыңырау құдықтар. Ол шыңыраулардың тереңдігі кейде тіпті жүз метрден де асады. Ал одан су тартып шығару шығыр көмегімен, оған жегілген түйе, ат күшімен жүзеге асады. Арқан ұшына байланған ыдыс сиымдылығы кемі 60­70 литрлік етіліп мал терісінен тігілген қауға. Қауға тігуге көбінесе төзімділігі себепті ешкі, түйе, жылқының сауыр терілері қолданылады, Үнемі су тартылып, құдық қабырғасына соғылатындығы себепті қанша төзімді дегенмен тері қауға ғұмыры қысқа. Соны ұзарту үшін итсигек күлі пайдаланылады. Күндіз су тартылған соң күл езілген сілті ішінде түнімен тұрған қауға шіріп босау орнына шынығып, қатая береді. Ал сабын қайнатқанда итсигектің суға езілген күлі ошақ үстіне жайылған шөп арқылы сүзіледі де аққан су арнайы ыдысқа жиналған соң иттің не арам өлген малдың майымен қосып қайнатылады. Бірнеше сағат сарқылдап қайнаған сұйық қойылған соң бөлек­-бөлек иленіп кептіріледі. Міне сабын дегеніміз осы. Ауызекі тілде қара сабын деп аталатын бұл сабынмен жуыну қышыма, қотыр, таз сияқты әртүрлі тері ауруларынан сақтанудың бірден бір емі де екен. Әртүрлі кезде Үстіртке келген саяхатшылардың тағы бір таңғала жазатын мал емдеу тәсілінің бірі мынау. Жылқы түлігінде сақау деп аталатын бір қауіпті індет бар. Ол шықшыт безінің ісінуі. Үстірт тұрғындары сондай жағдайда ауырған жылқының ісігіне кәдімгі құрбақаны түн асырып таңып тастайтын болған. Содан кейін ісіктің ішіндегі іріңді сорып алған бақа өліп, жылқы құлан таза жазылып кетеді екен. Қатігез өлкесі — қаталдау анасы болған халқымыз міне осылай өмір сүріп, осылай шаруашылығын күйттепті. Бұл өлкенің байырғы тұрғындарының негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Соның қамымен қыста Асмантай, Матай құмдарын, тау ернектерін қыстап ерте көктемде сонау Мұңалжар тауларының сілемдеріне, Жем, Сағыз өзендерінің бастау алар маңайына дейін көшетін болған. Сол есеппен олар жыл он екі айдың жартысын атан қомында, ат үстінде өткізіпті. Бұлай еткенде олар бір жағынан мал жағдайын күйттесе, екінші жағынан жер жарықтықтың берерін шаруақорлықпен пайдалануды да, яғни бүгінгінің тілімен айтқанда экологиялық проблемаларды да ескерсе керек. Соның қарапайым мысалы қысы жазы тұяқ кесті болған өріс тез тозады. Оны жыл маусым аралатып тыңайтып отыру керек. Сәл нәрсенің өзіне ертеңнің көзімен қараған бабаларымыз тіпті отындыққа сексеуіл екеш сексеуілдің өзінің қурағанын шапқан. Қазіргідей трактордың шынжыр табанымен таптап темір арқанмен шырмап отаушылықтың ақырының оңбайтындығын олар сол кездің өзінде солай ескертіп кетіпті. Біздің зерттеушілеріміз соңғы кезге дейін аң аулауды саятшылық деп біржақты түсіндіріп келген сияқты. Оның солай екендігіне дауымыз жоқ. Бірақ аңшылық маңғыстаулықтардың бір күнкөріс кәсібі болғандығын да айта кеткіміз келеді. Ана бір жылы Солтүстік Үстірттен табылған құпия сызықтар ғылыми әлемді бір сілкінтті. Артынша жазушы Ақселеу Сейдімбеков «Үстірт үстіндегі құпия сызықтар» деген тамаша мақала жазып, кейіннен ол жазушының «Күңгір­күңгір күмбездер» деген кітабында жарияланды. Сөйтсек мұнда ешқандай да құпиялық жоқ екен. Бақсақ ол бабаларымыздың кәдімгі құлан, қарақұйрық, киік сияқты жүйрік аңдарды қуып қамап аулайтын араны болып шықты. Маңғыстауда соңғы құландарды көргенін саяхатшы Г.С.Карелин 1832 жылы жазған. Аранға үйірімен қамалып ұсталған құлан еті азық, ал терісінен киім, ат әбзелдерін тігетін болған. Осы өңірдің байырғы тұрғындарының сөздік қорында көксауыр кебіс, көксауыр жона деген сөз әлі де бар. Мұндағы көксауыр — арнаулы өңдеуден өткен соң ніл көк түске енетін құлан терісі екен. Сол көксауыр кебіс, жона тіккен шебердің бізге сәні жетпесе де әні жеткен соңғы ұрпағы Қайып Қорабайұлының туған жері қазіргі Бейнеудің күншығыс жақ сырты. Кезінде Қорабай жидесі деп аталған тепсең жер аты осы күнге дейін сақталған. Өкінішке орай, «түлкінің соры терісінің қызылдығы» демекші, құланның еті мен терісіне деген осындай құмарлық оның ақыры құрып кетуімен тынған. Түз тағыларын араннан кейінгі аулау құралы мылтық пен қақпан. Мылтық беріге дейін кентті жұрттардан сатылып алынған да кейінірек жергілікті шеберлердің өздері соққан. Сол шеберлердің соңғы буыны Кенже Қайшыбай Боқанұлы біздің замандасымыз дерлік осы бертінде ғана дүние салды. Оның оқпанын сүймен темірден таптап, орап соққан мылтықтарының тигірлігін көне көздер әлі аңыз қылады. Қақпанның да негізі темірден соғылады емес пе? Әйтсе де ол кезде темірдің қаттылығына орай қақпанға да көптің қолы жете бермеген. Аңқұмарлар сондайда көнқақпанды пайдаланған. Ол туралы, осыған дейін ешбір жазылғанды кездестірмегендіктен білетіндерімізді қағазға түсіре кетуді жөн көріп отырмыз. Көнқақпан құрылысы тіпті қарапайым. Әуелі аң соқпағынан, немесе суат басының ұрымтал жерінен тереңдігі 30­40 сантиметр етіліп шұңқыр қазылады да беті ортасы шаңбақталып тілінген кәдімгі көңмен жабылады. Содан соң көң бетіне қылдан мықтап есілген жіп тұзақ салынып көміледі. Тұзақтың ұшы қазықталады. Сонда беті белгісіз етіліп көмілген шұңқырға көннің жымдасып тұрған тесігі арқылы түсіп кеткен аң аяғын қайта суырғанда тұзаққа ілігеді. Адамнан айла артылған ба? Оның үстіне жоқшылық пен саятшылыққа әуестік неге үйретпейді. Түбектің аңшылары бұған қоса жер қақпанды да пайдаланған екен. Онысы кәдімгі шіл, қарабауыр сияқты құстарға суатқа келетін жерінен беті жұқа етіліп көмілген шұңқыр. Соған қысқа аяғын тығып алған құс қанатымен шұңқыр жиегіне кептеліп аңшының олжасына айналады екен. Маңғыстаулықтар әрине мұнымен қоса құспен, жүйрік тазымен де аң аулаған. Аңшылықтың бұл түрі туралы оқырмандар хабарлырақ болуы себепті оған тоқталып жатпай­ақ қоялық. Тек қаперге бере кетеріміз — осы бір сараң өлке тұрғындарын қашан да төзімділікке баулыған, қиыншылығымен шыңдаған, тынымсыз харекетке үндеген. Бір сөзбен айтқанда перзентіне жөргегінен­ақ талабы қатты анасының мейірі тәттілігін ұқтырумен болған. Өткенсіз бүгін жоқ дейді тарихтың бір тағылымы.

Читайте также:  Қазақстанның тұңғыш сенаторы

Оставить комментарий